ШЕКТЕУ ҰЗАРТЫЛАДЫ

Қарагөз Сімәділ
«Ana tili»

Мемлекет басшысы еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға қатысты түйткілді мәселелер жөнінде кеңес өткізді. Премьер-Министр Асқар Мамин Президентке 5 шілдеден бастап елімізде қатаң карантин шаралары енгізілгеннен кейін індет жұқтырушылардың саны 29 пайызға төмендегенін баяндады. Бір күнде індет жұқтыратын адам саны 1500-1600 аралығында тұрақтаған. Стационарлардағы емделушілердің қатары 43 пайызға, оның ішінде, реанимациялық палаталардағы науқастар саны 27 пайызға азайған. Сауығып шыққандардың саны 63 пайызға дейін өскен. Жедел-жәрдем шақыру жағдайы төмендеген. Осылайша денсаулық сақтау жүйесінің негізгі жүктеме көрсеткішін төмендетуге қол жеткізілген.

Сонымен қатар Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа дертке шалдығу және адам өлімі, меди­циналық көмектің қол жетімділігі мен сапасы, халықтан тест сынамасын алу деңгейі, интенсивті терапия және реанимация палаталарының қажетті дәрі-дәрмектермен, медицина­лық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі секілді негізгі көрсеткіштер бойынша өңірлердегі ахуалға жүр­гі­зілген күнделікті мониторинг жайында мәлімет берді.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Мемлекет басшысына инфрақұрылым нысандары­ның эпидемиологиялық ахуалға және экономикаға әсерін ескере отырып, карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету жолдарын баяндады.
Мемлекет басшысы коронавирус індетіне шалдығушылардың және соның салдарынан болатын өлім-жітім көрсеткішін одан әрі төмендетудің аса маңызды екенін атап өтті.
Шілде айында енгізілген шектеу шараларының оң әсерін одан әрі арттыру мақсатында, ­сондай-ақ, Қазақстандағы және шекаралас мемлекеттердегі эпидемиологиялық жағдайдың күрделене түсу ықти­мал­дығын ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік комис­сияға карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету арқылы екі аптаға ұзартуды тапсырды.
Айта кетейік, күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыс әкімдері өңірлердегі санитар­лық-эпидемиялық ахуал жайын баяндаған еді. Аймақ басшыларының мәліметіне сенсек, өңірлерде коронавируспен ауырғандардың қатары азайып, сауығып шыққан науқастардың саны көбейген.
Президент ахуалды қатаң ба­қылауда ұстап, аталған міндетке басым бағыт ретінде мән беруді тапсырды. Ол карантин шараларын әлі де сақтаудың маңызын атап өтті және халыққа түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізудің басым­дықтарына тоқталды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Николай

    Здесь подобрано наиболее качественное из оного, что я лично смотрел

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.