«Көркіндей өмірімнің көркем гүлім…»

d0bcd183d0b7d0b0d184d0b0d180Қазақта Мұзағаңды, Мұзафар Әлімбаевты білмейтін жан жоқ. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін десек те, әсірелегеніміз емес. Кейін қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдеріне айналған ақын-жазушылардың біразы осы абыз ақсақалдың алдынан өтіп, батасын алса, бала біткен Мұзафар атасының мақал-мәтелін майын тамыза айтып, жұмбағын жатқа біледі. Бір өзі бүтіндей бір ұрпақты тәрбиелеген атаға біз де амандаса бардық. Есікті Шапау апа ашты. Жүзіне мейірім тұнған әжейдің соңынан еріп, ата отырған бөлмеге ендік. Орындықта бо­йын тіп-тік ұстаған күйі отырған жан бізбен жылы амандасты. Жаныма ере барған фототілші әлдеқайда асыққан соң алдымен суретке түсіріп алғымыз келетінін айттық. «Апа, ата екеуіңізді қатар түсірмекпіз» деп едік, Шапау апа балаша мәз боп, «қазір, қазір…» деп ана бөлмеге қарай елпеңдей жөнелді. Сөйтсек, заты әйел емес пе, басындағы жаулығын әдемі ақ орамалға ауыстырып үлгеріпті. Келе салып атаның түймелерін, жағасын жөндеп әлек. Сол сәтті «ұқыпты пайдаланған» атамыз да жарының ақ маңдайынан ақырын ғана «Ақмаңдайлым…» деп сыбырлай иіскеп қойды. Ал біз жарты ғасырдан астам уақыт жұптары жазылмай келе жатқан жұбайлар жарасымына қызыға қарап тұрдық.

«Мен замандастарыммен мақтанамын…»

Бүгінде тоқсанға таяған Мұзафар аға да – қиындыққа мойымаған, қайта шыңдала түскен ұрпақтың өкілі. Жас­тай жетімдік пен жоқшылықты көрді, ашаршылықтың ащы дәмін де аяусыз-ақ татты. Жасы жиырмаға жетпей сұм соғысқа аттанды. Ел басына күн туған зұлмат заманды өз көзімен көрді…
Ертеректе «Ұлан» газетіне берген сұхбатында: «Мен 1923 жылы 29-қазанда Павлодар облысы Шарбақты ауданындағы Маралды атырабының Қызылағаш ауылында тудым. Әкеден сегіз жасымда, шешеден он үш жасымда қалып, жүдеп-жадаған жетіммін. Жетім жетелі боп өседі екен. Елдегі елеулі оқиға атаулыға елеңдеп, өзімше түйін түйіп өстім, енжарлықтан, сүлесоқтықтан алыс болдым, интернатта тәрбиелендім. Алғашқы тырнақалды өлеңім 15 жасымда облыстық «Қызыл Ту» газетінде 1939 жылы жарық көрді. Павлодардың педагогикалық училищесін бітірген кезімде, Отан соғысы басталып кетті. Содан 1941 жылдың аяғынан бастап, ақырына дейін сол соғысқа қатыстым. Одан мен әртүрлі қызмет бабымен жүріп, 1948 жылы елге оралдым. 1948-1956 жылдар аралығында «Пионер» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде әуелі көркем әдебиет бөлімінің меңгерушісі, іле бас редактордың орынбасары қызметін атқардым. 1958 жылы шілде айында балабақша бөбектері мен бастауыш мектеп шәкірттеріне арналып алғаш ашылған «Балдырған» журналынның бас редакторлығына тағайындалып, оны 1986 жылдың аяқ шеніне дейін атқардым» деп қысқа қайырыпты. Төрт жасынан әріп танып, ауыл кітапханасын түгел тауысқан баладан «Балдырғанның» бас редакторына дейінгі аралықта Мұзафар ағаның басынан өткергені – үлкен тарих. Күллі бір ұлттың тарихы. Тарихы емей немене, өткен ғасырдың басында ел басына бірнеше мәрте төнген жұт – ашаршылықты да, ел зиялыларын қойдай қырған қуғын-сүргін қиянатын да, еркек кіндік атаулыны ерте есейткен екінші дүниежүзілік соғысты да өз көзімен көрді һәм оны айна-қатесіз қалпында жазып қалдырды.
«Біздің буын – қиындыққа еш мойымаған, қайта шыңдала түскен, қырлана түскен ұрпақ. Мен замандастарымды мақтана айтамын. Бұл даңғойлық емес. Бұл – ұлылықты бағалау. Шын мәнісінде солай. Біздің буын көп қиын-қыстау заманды бас­тан кешірді. Елдің тарихы – біздің бастан кешкен тарихымыз. Біздің тарихымыз бұл – елдің тарихы. Осы біртұтастық бүтіндей бір ұлттың болашағына үлгі болды дей аламын» дейді аға сәл күрсініп…

«Шапау 4-сыныпта оқитын
балауса қыз еді…»

Балалық шақ, сол кездегі балалар дүниетанымы, соғыстағы қан­ды­көйлек жолдастары жайында біраз әңгімелескен соң біз де өз тақыры­бымызға қарай ойыса баста­дық. «Апамызбен қалай танысып едіңіз» деген сауалымызға салған жер­ден Мұзафар аға «Әй, бала, оның саған не керегі бар?» деді. «Біздің тақыры­бымыздың өзі сіз сияқты өнеге­лі жандар мен олардың үлгілі отбасылық өмірі жайында ғой…» деп қиылып қоймаған соң ғана әңгімесін бастады.
«Мен бұл қызды 4 сыныпта оқып жүрген кезінен білемін. Қалай дейсің бе? Оның себебі, бұл қыздың ағасы Төлеутай Қазиұлы Ақшолақов – менің мұғалімім. Павлодар педагогикалық училищесінде оқып жүргенімде маған әдебиет пәнінен сабақ берді. Кейін педагог-ғалым, әдіскер-ұстаз атанып, педагогика ғылымының докторы, профессор болды. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының тұңғыш редакторы болған да сол кісі еді ғой. Көптеген әдістемелік оқу құралдары, зерттеу, монографиялардың авторы атанды. Ол кісінің өзгелерден ерекшелігі сол, кейбір оқытушылар секілді зуылдатып лекция оқушы емес, ең алдымен тәлімгер әрі талантты шыңдаушы еді. «Жастар бойындағы ұшқынды көре алатын, қамқор қолын соза алатын аяулы жан» деп сол кісіні айтар едім. Мен ол кісінің еңбегін еш ұмытпаймын. Ол туралы көп естеліктер жаздым. Төлеутай Қазиұлы КазПИ-ді бітірісімен, жасы жиырмалар шамасында болса керек, баспагерлер оны оқулық жазуға таңдапты. Сол кезде ол тоғызыншы сыныптың «Қазақ әдебиеті» оқулығын бір өзі жазып шықты. Әлі күнге дейін сол оқулық қолданыста жүр. Тек қазір ол кісінің жанына бір басқа автордың аты қосылыпты.
Міне, мен осы ұстазымның үйіне жиі баратынмын. Алғаш Шапауды сол кезде көрген едім…»
Әрі қарай әңгімені Шапау апа жалғай жөнелді: «Ағаларыңмен Павлодар педучилищесінде бірге оқыған жастардың бәрі шетінен дарынды еді. Кейін есімдері елге танылған Манап, Кәкен, Ерғали сынды жастардың бәрі біздің үйге жиі келетін. Сол педучилищеде әдеби үйірме жұмыс істеді. Соның құрамындағы жастар үйімізде жиі бас қосып, ағаммен еркін пікірлесетін. Соның бірі Мұзафар болатын. Мен ол кезде баламын ғой. Бүгінде қарап отырсам, ол кезде бұлар да өрімдей жас екен-ау. Педучилище деген не тәйірі… Кейін менің ағам да әскерге алынып, Мұзафарлар да соғысқа аттанды. Содан есейіп, ес жиып оралды ғой. Ол кезде мен де бойжетіп, бұрым қойған жаста болдым…».
Иә, кейін араға жылдар салып екі жас тағы кездесті. Бұл жолы тағдыр бұларды бұрынғыдан да есейген шағында жолықтырды. 1948 жыл болатын. Шапау апа ол кезде КазГУ-дің тарих факультетінің студенті еді. Сол кездері университетте түрлі жыр кештері, кездесулер ұйымдастырылатын. Ақын Аманжол Шамкенов, Нүтфолла Шәкеновтер де осы жиындарға жиі келіп тұрды. Жаны жырды қалайтын Шапау апа да осы кештердің бірін жібермей, қалмай баратын. Сондай бір жиында залдан әркери киім киген бір жас офицерді көзі шалады.
«Әдеміше келген офицер жігіттің жүзін шырамыта бердім. Дегенмен «анықтап алайын, ұят боп жүрмесін» деп Нүтфолладан «анау Мұзафар Әлімбаев емес пе» деп сұрадым. Ол жұлып алғандай «оны қайдан танып қойдың» деді күліп. Мен «бұрын үйге жиі келіп жүруші едіңдер ғой. Содан таныдым» дедім. Сол жолы бірді-екілі кездестік. Бір жағынан біз жерлеспіз ғой. Менің бір құрбым ағаларыңа туыс болып келетін. Сол қызбен еріп олар­дың үйіне барып таныстым. Кейін оның демалысы аяқталып, кетіп қал­ды. Сөйтіп біраз уақыт хабар-ошарсыз қалдық» деп еске алады сол шақты.
Шындығында бұл кездесу Мұза­фар аға үшін бұрынғы кездесулерден бөлек-тін. Сол кеткеннен кейін Шапау апамызға хат жазуды үдетеді. Алайда жауап келмейді. Үміт үзбестен қайта-қайта хат жазады. Бірақ жауап жоқ. Есесіне өзінің хаты өзіне қайтып келе береді. Сөйтсе, жас жігіт сүйіктісінің тегін де «ағасы секілді Ақшолақова шығар» деп ойлап, «Ақшолақова Шапауға» деп жазып жолдайды екен. Ал Шапау апамыз әкесінің атына жазылғандықтан, Сүлейменова еді. Күн сайын поштасын тексеретін ол тек «С» әрпін сүзіп шығып, өзіне келген хаттарды алатын көрінеді. Осы жайында Шапау апа айтып отырған кезінде Мұзафар аға маған қарап «ал мен Ақшолақова деп жазып жүрдім ғой» дейді балаша ақталған кейіпте.
Кейін КазГУ-ді тамамдаған бойжеткен Еңбекшіқазақ ауданы Есік ауылындағы мектепке тарих пәнінен мұғалім болып жұмысқа орналасады. Ол ауылда Төлеутай ағасы тұратын. Сол ағасы мен сұлу татар жеңгесінің қолында тұрып жатты. Бірақ әлі тұрмыс құра қоймаған шағы. «Ағамның қолында есейгендіктен, жеңгем мен үшін идеал болды. Әдемі, шашы тілерсегін соғатын сұлу жан еді. Аппақ көйлек, қызыл туфли киетін. Соларға қызығып, еліктей жүріп бой түзедік. Әрине, біз де жас болдық. Әр нәрсеге әуестендік. Біздің кезімізде де кино, театр, би алаңдары болатын. Одан қалды, көп уақытымыз көркем әдебиет оқуға кететін. Ағам кейін «Жұлдыз» атанған журналды үйге жаздырып алатын. Сонда жарық көрген әңгімелер оқи жүріп, кейін үлкен-үлкен романдарға «ауыз салдық». Сөйтіп, кейін оқуға ты­йым салынған ақын-жазушылардың да шығармасын жасырынып оқитынбыз. Осыны байқап қойған ағам қолымнан жұлып алып, тығып қоятын» деп еске алады апаның өзі сол шақты. Сол кезде бұл үйге есімі елге белгілі ақын-жазушылар Қуандық Шаңғытбаев, Қайнекей Жармағанбетовтер жиі келіп, қонақ болатын. Мұзафар аға да бұрынғы ұстазының үйіне қайтадан келіп тұрды. Сөйтіп, тағдыр екі жасты жиі-жиі жолықтырып, ақыры мәңгіге бастарын қосады.«Үйленейік» деп шешкен соң, той да өтеді. Дүрілдетіп өткізетін дәурен қайда, үйде шағын той болады. Шағын дегенмен оған да аты танымал азаматтар қатысыпты. Төлеутай ағаның жора-жолдастары, ұстаз-оқытушылар, әдебиетшілер бас қосқан қуаныш болған екен. Сол меймандардың арасында Мұса Дінішев те бәйбішесімен болып, бата беріпті. Тойдан кейін Алматыға оралған жас жұбайлар біразға дейін Мұзафардың ағасының үйінде тұра­ды. Ол кісі ҚазКСР-нің еңбек сіңірген дәрігері Ғ.Сұлтанов деген азамат еді. Бүгінде Павлодардағы облыстық аурухана сол кісінің атын иеленген.

«Бізге алғаш
есік көрсеткен Ғабит Мүсірепов болатын…»

«Қаламгердің жары болу оңай емес. Бірақ базбіреулер айтатындай қиын ­да емес. Бір ұққаным – шы­ғарма­шы­­­лық адамының үйдің тұрмыс-тіршілігі­­­мен аса шаруасы болмауы керек екен. Ағаларыңның осы отырғаны отыр­­­ған. Жазуын жазады. Оның ойы бөлін­беуі шарт. Таза творчествоның адамы. Ал қалған үй тіршілігі әйелдің мойны­­на артылады. Ол солай болуы керек. Сен ақынға я жазушыға сүйіп қосыл­ған екенсің, алдағы тірлігіне де солай мойынұсынуың керек. Ал ерің елге сыйлы болсын десең, оның абыройы үшін аянбауың тиіс. Атына кір келтірмеу­дің амалын жаса. Қонағы келді ме, күт. Қас-қабағына қара. Әйелі жаман үйге жан жоламайды. Құт дарымайды. Бір жағынан өзім жаман атты атанғым келмейді. «Әйелі жаман» деген әңгіме кімге ұнасын. Кім келсе де қарсы аламыз. Бұл – дәстүр. Ал дәстүрден аттауға бола ма? Өз қазағымызды былай қойғанда, өзбектен де, қырғыздан да, татардан достарымыз көп болды. Оның барлығы осы үйден дәм татты. Мәселен, қарақалпақтың Кепебаев деген қаламгері болған. Елге келген сайын үйімізде мейман болатын. Қарапайым еді. Анау барахолка базарын бірге аралайтынбыз. Оны-мұны алатын.
Қазақтың дәстүрі, кішіге ізет көрсе­ту дегенде ылғи да көз алдыма бір оқиға келеді. Алғаш рет Сырбай Мәулен­ов, Сафуан Шаймерденовтер­дің жас отбасын, сосын бізге алғаш есік көрсетіп, дастарқанына дәмге шақыр­ған қазақтың қабырғалы қаламгері Ғабит Мүсірепов еді. Бұл отбасының өзі бір мектеп болатын. Осы кісілерге еліктедік. Солардай болсақ дедік. Ке­йін, күні кешеге дейін, Сәбит Мұқанов ағамыздың отбасымен араласып өттік. Ол кісі туған еліне барарда Мұзағаң ылғи сапарлас болды. Мәриям апай да өмірден өткенше біздің үйдің қадір­лі қонағы боп кетті. Міне, осы отбасыларға барынша ұқсап бақтық» дейді Шапау апа ағынан жарыла.
Иә, бұл отбасының жазу­шы­лар­дың отбасымен аралас-құралас бол­уы балаларына да ықпал етті. Қазақ­тың белгілі сыншы-жазушысы Тұрсын­бек Кәкішев – Мұзафар ағаның туған құ­да­сы. Қос қаламгердің кенжелері де бір-бірін ұнатып, бас құраған екен. Бүгінде орталарында ортақ шөбере бар.
«Достармен де, соңымыздан ерген қламгер бауырлармен де тату-тәтті тонның ішкі бауындай араластық. Олардың арасында Аманжол Шамкенов, Баламер Сахариев, Әнуарбек Дүйсенбиев, Жақан Смақов сынды азаматтар дос-бауыр болып кеткен жандар еді. Осы Алматыда бәріміз көшіп-қонып жүрсек те көңіліміз жасыған емес. Біз бір кездері Байза­қов көшесінде тұрдық, ал көшенің қарсы бетінде Аманжол Шамкенов жұбайы Раисамен қоныс тепкен. Тағы бір көше кейін Нығмет Ғабдуллиннің үйі болатын. Өмір бойы жалдамалы жер үйлерде тұрдық. Сөйте тұра бір-бірімізді өзімізше шайға шақырып, дәм татырып мәз болатынбыз. Жоқшылықты көре тұра аузымыздан «жоқ» деген сөз шығып көрген емес. Барға – риза, жоққа қанағатшыл болып есейдік. Тіпті, бір кездері мына ағаларының костюмінің жеңі қырқылып қалған кезі болды. Сонда да еңсемізді түсірмей жүрдік. Өйткені біз соғыс уақытының перзенттері едік қой. Сондықтан, шетімізден небір қиындыққа төзімдіміз. Ол кездегі Алматы да тым көрікті еді. Алма мен өріктің исі танауды жаратын. Біз анау жалдамалы үйдегі аулаға көрпе төсеп, алма жеп, кітап оқитынбыз. Үйдің орыс қожайындары ұрыспай, қайта «Жеңдер, жеңдер, бірақ қалдығын лақтырмай жеңдер» деуші еді. Арықтарда ағатын тау суы да тым мөлдір еді. Алматы сондай ғажап қала еді! Сондықтан қазіргі жастардың барға тасымауын, жоққа жасыма­уын қалар едім. Біз алтын-күміске қызыққан жандар емеспіз. Міне, құлағым да әлі күнге тесілген емес».

«Көркіндей өмірімнің
көркем гүлім…»

Шапау әжейдің әсерлі әңгімесін тыңдап, дәмді шайын сораптап отырған менің ойымды саңқ еткен ағаның даусы оятты. (Байқағаным, Мұзафар ағаның әр сөзі нық, әрі саңқылдай шығады екен. Құдды бұйрық я рапорт беріп тұрған командир секілді. Кейін ғана ағаның соғысқа қатысқаны, командир болғаны есіме түсті). Саңқылдаған даусымен мені өзіне қаратқан аға заулатып өлең оқи жөнелді. Әп дегеннен ұға алмай қалған мені Шапау апа өзіне арнаған өлеңін оқып жатқанын ыммен түсіндірді:
Көркіндей өмірімнің көркем гүлім,
Есімде сені алғаш көрген күнім.
Сағынса, сайға келмей, шайға келмей,
Романнан оймақ жырын терген күнің.
«Махаббат деген не» деп балалықпен
Деп сенің аңқау сұрақ берген күнің
Өзім де білмеп едім не дерімді,
Махаббат сен екенсің, сенгін мығым.
Білсемші сол күндерді, бір күндерді
Боларын менің ұлым – сенің ұлың…
«Әп, бәрекелді!» деп бір көтеріліп басылдық. Шапау апа әңгімесін әрі қарай жалғай жөнелді: «Қызым, егер сенсең, мен қазір сексеннен асқанда ғана сөйлеп отырмын ғой. Бұған дейін, міне, көзі отыр, әйел боп жақ ашқан емеспін. Тәрбиеміз солай болатын. Қаламгерлер бас қоса қалса, әйелдер өзіміз бөлек шүйіркелесетінбіз. Онда да жасы үлкен абысындар сөйлейтін де, біз зейін қойып тыңдаушы едік. Мәселен, Мәриям, Құсни, Зейнел апайлардың зерделі сөздерін тыңдаудың өзі бір ғанибет болатын!..» деп бір қайырды. Бағанадан үнсіз отырған аға есіне әлдене түскендей: «Бір көргеннен «ғашық болдым» деп, ертеңіне енді көрместей боп кетіп жататындар да бар екен. Олай болмайды, балам. Әбден танып, өз сезімін сыннан өткізіп барып қана бойжеткенге сөз айтуы керек. Тек сөз ғана емес, өзінің ықыласының түзу екенін жеткізіп қана қоймай, үйленіп, үйлі-баранды болулары тиіс. Жалпы, әр азамат өзінің әр ісіне есеп бергені жөн. Күнделік жүргізсе деймін. Міне, тоқсанға таяған менің өзім әлі күнге күнделік жүргіземін. Бұл – ой күнделігі» деп қосып қойды. Осы арада «Бүгін сендердің келіп-кеткендеріңді де ағаларың күнделігіне түсіріп қояды» деген Шапау апа ағамыздың тағы бір әдетінен құлағдар етті. Кейде тосыннан келетін ойды ұмытып қалмас үшін қолына түскен нәрсеге жаза салатын қасиеті бар екен. Мәселен, басқа бір үйде үстел басында отырғанда дастарқанның шетін қайырып жазып кеткен жырлары да сол үйлердің қымбат бұйымдарының қатарында әлі сақталып келеді.

Періштедей
пәк көңілдің иесі

Мұзафар аға 28 жыл балалар басылымын басқарды. Иә, біздің буын үшін «Балдырғанды» Мұзафар ағасыз елестету де мүмкін еместей көрінетін. Бүтіндей бір ұрпақты тәрбиелеген «Балдырған» журналының орны ерек екені сөзсіз. Қала берді, ағаның балаларға арнап жазған дүниелері бір төбе. Осыдан соң Мұзафар ағаны балажан емес деп көріңіз. «Балдыр­ғанды» күні кешеге дейін бас­қар­ған, таяуда ғана дүниеден өткен Тұманбай Молдағалиевтың мынадай естелігі бар. «Бүкілодақтық комсомол  комите­тіндегі кеңестерден өткен соң “Балдыр­ғанға” бас редакторлыққа бекі­дім. Мұзағаң маған “Балдырған” жур­налы­ның мөрін беріп тұрып: “Ең алды­мен баланы жақсы көр. Мен бұл жур­налда 28 жыл, үш ай, 10 күн жұмыс істе­дім, сенің де осындай мерзімде жұмыс іс­теуі­ңе тілектеспін. Мен бұл журналды жа­нымдай жақсы көрдім. Сенің де жақ­сы көруіңе, жақсы болуыңа тілектес­пін” деп құшақтап, бетімнен сүйді. Мен бүгінге дейін осы асыл ақын ағам­ның өзіме деген сенімін ақтауға тыры­сып жүрмін. Осы жұмысқа жібер­ген ағалардың, жолдастардың үмітінен шығуға бойдағы барымды аяп қалған емеспін. “Балдырған” журналының екінші басшысы оның бірінші басшысының бір сөзін де жерге тастап көрген емес, тас­тамайды да. Ағамның осынша жасқа жетуіне “балдырғандықтардың” да сәбилік тілегінің, жыршыл жүрегінің үлесі бар екенін айтпасам да болады» деп жазған екен. Иә, аға «алдымен баланы жақсы көр» депті. Шындығында баланы жақсы көрмей бала жайлы қалай жазуға болады?! Бала боп ойламай, бала боп сөйлемей, қалай баланың жан дүниесін түсінбек? Міне, балалардың сүйікті атасының ізін басқан бауырына осындай тілек білдіруі тегін еместей. Тұмағаң демекші, өзінің қос қанатындай болған Тұманбай мен Қадыр ақынның өмірден қатар өтуі Мұзафар ағаның қабырғасына қатты батты. Әлі күнге осы кісілердің есімі аталса, көңілі босап, кемсеңдеп қалады.
Бүгінде шөберенің қолынан су ішіп отырған аға өмірде үш ұл сүйді. Бір ұлы – мүсінші, бірі – сәулетші деген­дей, өнерден алыс кетпепті. Мүсін­ші де­мек­ші, Шапау апа бүгінде үйлері мұ­ра­жайға ұқсап тұрған бала­сы Жан­нұр мен келіні Пернегүлдің өнерін бағалап жатқандар жоқтығына налиды. Ленинградтан оқыған екі жастың қолынан шыққан бұйымдар тым тартымды. Оған қоса елдің тарихынан сыр шертеді. Томиристің түр кескіні дей­сіз бе, Әл-Фараби дейсіз бе, хан мен бектердің, билердің түрлі мүсін­дері көздің жауын алады. Өкініштісі сол, оның біразы үйдің сәндік бұйы­мына айналса, біразы шетелдік ту­рис­тер­дің қоржынында кетті. Егер көрер көз бен өнерді бағалар жандар болса, бір мұражайды толтырарлық жәдігерлер жетерлік. Қала берді, қолы шебер жұбайлардың жеке шеберха­наларынан қаншама шәкірт тәрбиеленіп шығар еді. Бұл – Шапау апаның арманы. Ал үлкен ұлдары Арнұрдың мамандығы – энергетик болса, кенже ұлы Баламер – сәулетші. Баламердің есімін Баламер Сахариевтің құрметіне қойған екен. Ал Баламер Сахариев болса, ұлының атын Мұзафар қоймақ болыпты. Алайда ол үйдегі жеңгеміз «Мұзафар ағамның атын қалай атаймын? Одан да ол кісінің үлкен ұлының атын қояйық» деп ақыры ұлдарын Арнұр атапты.
Бала дегенде ауызға оралады, Шапау апа ағамызбен отасқаннан кейін үш жылға дейін бала көтере алмапты. Дәрігерлер болса, «курортқа бару керек, өйту керек, бүйту керек» деп түрлі тәсілді айтқан болады. Оған жаңа үйленген жарын жанынан кім жібере қойсын?! Қала берді, жағдай да жоқ. Кейін Павлодар жаққа, туған елге барады. Сол жердегі бір енесі Шапау апаны тұзды көлге түсіреді. Бұрын мүлде терлемейтін Шапау апа борша-борша боп терлеген екен. Сосын астауға түсіріп, аппақ құммен көміп, «жүрегің шыдағанша жат» деп, арада біраз өткен соң үйден ала барған қымызды ішкізеді. Сөйтіп, осы тәсілді бірнеше рет қайталайды. Тұзды көлдің қасиеті сол, суға төрт рет түскеннен кейін-ақ бойы жеңілдеп сала береді. Алматыдан апарған қытайдың қымбат матасынан тігілген су жаңа халаты сол төрт күннің ішінде селдіреп, түсі оңып, әбден тозып, тілініп түседі. Сөйтіп, Алматыға оралады. Арада ұзақ уақыт өтпей бойына бала біткен апамыз тұңғыш ұлын дүниеге әкеледі. Әрине, бұл, бір жағынан, көптен бала күткен жас жұбайларға Алланың жәрдемі болса, екінші, әйел-ананың бойын аурудан айықтырған тұзды көлдің қасиеті еді. Сөйтіп, бірер жылда бұл үйде бір-біріне тете үш бірдей ұл бала болды. Тұзды көл демекші, балық аулағанды жаны сүйетін Мұзафар аға туған жерге барған сайын Маралды көліне соғады екен. Сол жерде балалық шағын еске алып көзіне жас алатыны бар. Осы жердегі тұзды көлдің тағы бір ерекшелігі һәм байлығы дерлік бір қызыл жәндік бар екен. Көлдің беті қып-қызыл болып тұратыны содан деседі. Сол қызыл жәндіктің бір грамының өзі 10 долларды құрайды екен-міс. Бүгінде соның бағасын білетін қытайлықтар оны тонналап әкетіп жатыр екен. Мұны бізге әңгіме арасында Шапау апа айтты.
Бүгінде үш ұл үш бәйтерекке айналды. Бірақ балажан болғанымен, Мұзафар аға ұлдарын шектен тыс еркіне жіберген емес. Бұл жайында ол кісінің өзі былай дейді: «Бала кезімізде үйге келген мейманға «ертегі айтып беріңізші!» деп өтінетінбіз. Ақыры, қояр да қоймай есінде қалған ертегісін немесе аңызын айтқызып барып ұйықтайтынбыз. Өзім үлкендерден қандай үлгі көріп өссем, үш ұлымның санасына да соңы сіңіріп өсіруге талпындым. Менің ұғымымда бала тәрбиеленуші ғана емес, өзінен үлкендерді тәрбиелеуші де. Үйге ересек адамдар қонаққа келгенде үшеуі анадай жерде үлкендердің сөзіне араласпай, тойған қозыдай томпиып отыратын. Дұрысы – отырғызып қоятынмын. Ондағы ойым – біріншіден, балаларым үлкендердің әңгімесін тыңдап, ерте жастан елгезек боп өссін дегенім, ал, екіншіден, бала отырған жерде үлкендер бейәдеп сөз айтпайды, арақ ішпейді, баладан қымсынады. Бір сөзбен айтқанда, әдептен озбайды. Бұл жағынан баланың өзі де – тәрбиелеуші. Содан шығар, үш баламның үшеуі осы жасқа дейін жаман сөз есіттірген емес».

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.