Біз өз тағдырымызға немкетті қарай алмаймыз

Елбасымыздың әлемдік өркениет­тің құрамдас бір тармағы түркі өрке­ниеті екенін дәлелдеп «Түркі өркениеті, оның мәңгі өш­пестей болып, тура мың жарым жылға жуық уақыт бұрын Еуразия құрлығының төсінде бедерленген көне жазбалары – жалпы адамзат өркениетінің үлкен қазынасы…» деп толғануы көп ойларды аңғартса керек. «Тарих толқынында» атты кітабында «Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн» деді. Халқымыз мекендеген ұлан-ғайыр аймақтағы руханияттың алты мың жылдық тарихи дамуын 12 кезеңге бөліп көрсетті. «…Ұлттық мәдениетімізді ұлықтап, бар мен жоғымызды түгендеп, жүйелеп, келер ұрпаққа аманаттау – «Мәдени мұра» бағдарламасының басты мақсаты болуы тиіс» деген тарихи пікірі зиялы қауымның басты қағидасы болып отыр. Сайып келгенде тәуелсіз мемлекет тарихын жасауда Нұрсұлтан Әбішұлының қаламынан туған дүниелер уақыт өткен сайын тарихи жәдігерлікке айналары сөзсіз.

Ататүрік 1932 жылы 12 шілде күні «Түрік тілін зерттеу» қоғамын құрды. Кейін «Түрік тіл» институты деп аты өзгерген бұл институт қазіргі таңда тіл саласында маңызды жұмыстарды атқарып келеді. Ататүрік ана тілді қорғауды саяси тәуелсіздікті қорғаумен бірдей дәрежеде қоя білді. Ол кісінің тіл турасындағы мынадай қанатты сөздері біздер үшін жол сілтер шамшырақ іспеттес. Мәселен, «Түрік Республикасын құрған – түрік халқы, түрік ұлты. Түрік ұлты деген сөз – түрік тілі деген сөз. Түрік тілі – түрік ұлтының қасиетті қазынасы. Өйткені түрік ұлты өткен­дегі бақытсыздықтардың ішінде өзінің адамгершілі­гінің, салт-дәстүрінің, естеліктерінің, мүдделерінің, қысқасы, бүгін өзін ұлт ретінде қалыптастырған өмір­дегі барлық нәрсенің осы қасиетті тілінің арқасында сақталғанын көріп отыр. Түрік тілі – түрік ұлтының жүрегі және ақыл-ойы.
… Ұлттық сезім мен тіл арасындағы байланыс өте күшті. Тілдің ұлттық деңгейде және бай болуы – ұлттық сезімнің дамуына әсер ететін басты құбылыс. Түрік тілі – ең бай тілдердің бірі. Оның тек саналы түрде қолданылғаны ләзім. Елін, мәртебелі тәуелсіздігін қорғай білген түрік ұлты тілін де шет тілдердің мойынтұрығынан құтқаруға тиіс.
Түрік тілі – бай да ауқымды тіл, әр ұғымды беруге оның қабілеті бар. Тек оның бар игіліктерін іздестіру, табу, жинастыру, олармен жұмыс істеу керек. Түрік ұлтын және түрік тілін өркениет тарихынан және мәдениет тілдерінен тыс деп қараудың қандай жаман қате екенін бүкіл әлемге әлі көрсетеміз.
– Ұлттың ең белгілі ерекшеліктерінің бірі, ең құнды негіздерінің бірі – тіл. «Мен – түрік ұлтынанмын» дейтін адам бәрінен бұрын және міндетті түрде түрік тілінде сөйлеуге тиіс. Түрік тілінде сөйлемейтін адам өзінің түрік қауымына және түрік мәдениетіне жататынын қаншама қайталаса да, бұған сену дұрыс болмайды…».
Ататүріктің тіл реформалары жақсы нәтиже берді. «Түрік тілін зерттеу» қоғамы түрлі ғылымдарға қатысты түрік тіліндегі терминдерді бір жүйеге келтірді, түрік тілі араб, парсы тілдерінің ықпалынан арылды, жалпыхалықтық тіл мемлекеттік тіл болып қалыптасты.
Біздің елімізде осы бағытта біршама жұмыстар атқарылды. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жарияланды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. ҚР Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті қалыпты жұмыс жасап тұр. Қазақстан Республикасы Үкіметі жанынан Терминологиялық комиссия белсенді әрекет етуде. Мемлекеттік тіл порталы ашылды. «Біз барша қазақ­стандықтарды біріктірудің аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілді одан әрі дамыту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауға тиіспіз» деп Президентіміз Н.Ә.Назарбаев атап көрсетті.
Десек те, қазақ тілі мемлекеттік мәртебе иеленген 1989 жылдың 22 қыркүйегінен есептесек, содан бері 22 жыл уақыт өтіпті. Осы жылдарда шекарамызды бүтіндедік, мемлекеттік нышандарымызды белгіледік, Конс­титуциямызды қабылдадық. Бірақ мемлекеттік тілге қатысты негізгі мәселелер өз шешімін тапқан жоқ. 20 жылдың ішінде мемлекеттік тілді үйренуге барлық жағдай жасалды. Миллиондаған қаржы бөлінді, тегін тілдік курстар ұйымдастырылды, оқу-әдістемелік кешендер, оқулықтар, электрондық әдістемеліктер көптеп шықты. Мыңдаған қызметкерлер қазақ тілін оқып сертификат алды. Қазақ қазақпен ғана емес, басқалар қазақпен қазақша сөйлесетін уақыт болса да, мемлекеттік тіл мемлекеттің төріне шыға алмады, төрге озуына заңды талап қойылмады. Үкіметтік заңнамалық құжаттар бірінші ресми тілде жазылып, қазақ тілі екінші тіл – аударма тіл дәрежесінде қалып отырғаны өтірік емес. Жиырма жыл бойы мемлекеттік тіл туралы қаншама жиындар өткізілді, қанатты, әдемі сөздер айтылды, бағдарламалар қабылданды. Алайда сол бағдарламалардың орындалу, орындалмауына ешкім жауап бермеді.
Үстем тілге бауыр басып қалған жа­ғымпаз элита мен жаңа іскер қауым мем­лекеттік тіл мәселесіне оң көзбен қарағысы келмейді. Ұлттық мүддеден бойын аулақ салған ұрпаққа табыс көзі, күнкөріс тілі ретінде орыс тілі мен ағыл­шын тілі бірінші кезекте қажет болып шықты. Бұл туған тілімізді табыс көзіне айналдырмай жұлдызы жанбасы анық екенін көрсетеді. Мемлекеттік органдар тарапынан заңды негізде қазақ тіліне қажеттілік туғызып, мемлекеттік тілді білуді міндеттеуді, алдымен, мемлекеттік қызметкерлерден бастау қажет.
Конституцияның 7-бабында «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай анық жазылып тұрса да, екінші тармағындағы «орыс тілі ресми түрде мемлекеттік тілмен тең қолданылады» деген сөз ана тілдің адымын аштырмай келеді. Ресми тіл түрде қолданылатын тілдің мемлекеттік тіл бола алмайтынын Конституциялық кеңес дәлелдеп берсе де, сол бір 7-баптың екінші тармағы ана тілін менсінбейтін өгей ұлдарға, қазақ тілін үйренгісі келмейтін өзгелерге сылтау болып тұр. Сондықтан Конституцияның 7-бабының екінші тармағын алып тас­тау уақыты жетті. Бұдан орыс тілінің мәртебесі түсіп, қолданыс аясы тарылып қалмайды, керісінше, мемлекеттік тілдің құқықтың негізі беки түсетіні анық.
1997 жылы 11 шілдеде қабылданған Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» Заңы бүгінгі күн талабына жауап бере алмай отыр. Саяси және қоғамдық ұйымдар мен зиялы қауым өкілдерінен құрылған жұмысшы тобы «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа Заң жобасын әзірлеуде. 2012 жылы қоғам тарапынан күтіліп отырған «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа Заң қабылданса, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеруге сеп болар деп үміттенеміз. Заң жобасының қабылдануына билік те мүдделілік танытуы қажет.
Мемлекеттік тілдің тағдыры – біздің тағдырымыз. Біз өз тағдырымызға нем­кетті қарай алмаймыз. Мемлекеттік тіл – біздің елдік намысымыз, елдік сана­мыздың шыңы. Ғасырлар бойы тағдыр талайына ұшыраған халықтар­ды құшағына сыйдырған Ұлы Дала көптеген ұлыс пен ұлттың құтты қонысына айнала білді. Бұл Қазақстан халқының белгілі бір дәрежеде ортақ тарихы да бар екенін көрсетеді. Ал тарих ортақ, қазақ жерінің байлығы, мұнайы, газы ортақ болса, онда қазақ тілі де ортақ. Ендеше, мемлекеттік тіл тағдырына қазақ ұлты ғана емес, Қазақстанды елім, жұртым деп мекендеп жатқан басқа да этностар мен диаспоралар бірдей жауапты. Қазақ ұлты ұғымы мен Қазақстан азаматы деген түсінікті біріктіруші фактор – мемлекеттік тіл. Осы тұста мемлекеттік тіл ғылым тілі, білім тілі, бизнес тілі, экономика тілі, ұлтаралық қатынас және сыртқы қарым-қатынастар тілі ретінде өркендеуі керек. Ондай қызмет атқаруға қазақ тілінің байлығы да, құдіреті де жетеді. Кезінде ұлы орыс ғалымы С.Е.Малов: «Түркі халықтарының ішіндегі ең суретшіл, бейнелі тіл – қазақ тілі. Қазақтар өзінің шешендігімен, әсем ауыз әдебиетімен де даңқты» деп тегін айтпаса керек-ті.
Елбасының өзі «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қана қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» деп ескертті. Тарихта тілін төрге шығарған елдер кейін кемелденген елдерге айналып жатты. Осы құбылысты туысқан түрік халқының бойынан көруге болады. ХХ ғасырдың басында «османлымыз», «түрікпін» деп айтуға ұял­ған түрік­тер бүгінде тамырын кеңге жайып, жетілген. Сексен миллион түріктің басын «бір милләтқа, бір отанға, бір байраққа, бір дінге» біріктіріп тұрған – түрік тілі. Бізге де ана тіліміздің мәртебесін арттыру керек, ағайын!

Мұрат САБЫР,
Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының проректоры, профессор, филология ғылымдарының докторы

Батыс Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.