ГҮЛ ПАТШАСЫ – ҚЫЗҒАЛДАҚ

Қаратау мен Алатаудың түйіскен тұсында орналасқан Шұбайқызыл шоқысында жылдағы дәстүрге сай «Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл жалауы!» аты қызғалдақтар фестивалі басталды.
Түркістан облысы Түлкібас ауданы Шұбайқызыл шоқысы – еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген Грейг қызғалдағы ең көп өсетін аумақ. Бұл қызғалдақтар Қазығұрт, Төлеби, Бәйдібек өңірлеріндегі таулы аумақтарда кездеседі. Жылына бір рет, небәрі 10-15 күн ғана гүлдейді. Тіршілік жаңарған шақта 15-20 гектардай жерді алып жатқан алқап қызыл кілемге оранғандай әсем түрге енеді.

2018 жылдан бастап табиғаты­мыз­дың көркем сыйларының бірі қыз­ғал­дақты дәріптеп, кейінгі ұр­паққа бар маңыздылығын жеткізу мақсатында «Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл жалауы!» атты қыз­ғалдақтар фестива­лін өт­кізу Түркістан өңірінде дәстүрге айналған.
Айтулы шарада алғаш болып сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев жиылған жұртты биылғы қызғалдақ фестивалінің ашылуымен құттықтады.
– Елбасымыз Нұрсұлтан ­Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында Қазақстан алма мен қызғалдақтың Отаны екенін айтты. Тіпті қызғалдақ Қазақ даласынан Еуропа елдеріне Ұлы Жібек жолы арқылы жетті деген дерек бар. Бұл – біз үшін мақтаныш әрі үлкен жауапкершілік. Бүгінгі іс-шараның мақсаты – қоршаған ортаны, соның ішінде қызғалдақты қорғауға шақыру, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы туған жерді түлету, туризм мен тарихи орындарды насихаттау бағытындағы міндеттер­ді орындау. Ендеше сұлулықтың символындай қызғалдақтарымыз мәңгі құлпырып, Түркістан облысы гүлдене берсін! – деді Мәлік Нұржанұлы. Ал танымал жазушы «Алаш» сый­лы­ғының иегері Мархабат Байғұт Шұбайқызыл шоқысын сақтап, оны ерекше қорғауға алу керектігін айтты. Жұртшылыққа гүлді жұлмау керектігін ескертті.
Дәстүрлі шара барысында «Шұ­бай­қызыл – Қызғалдақтың Отаны» театр­ландырылған қойылымы мен «Шұбай­қызыл Қызғалдағым» сазды-хореографиялық көріністері қойылды.
Фестиваль аясында «Шұрайлым, Шұбайқызылым» атты жас қалам­герлер мен композиторлардың бай­қауы жаңа форматта өткізілді. Шара барысында аталмыш байқау­лардың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Смайыл Базарбай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.