• Руханият
  • 02 Тамыз, 2012

Сағынтады сол бір кез

Өмірімнің ең қызықты, бақытты шақтарын еске түсіруге тура келіп отыр. Ол күндер Әлмұханмен бірге өткізген күндер еді. Қайта оралмас сағым болып өте шыққан күндерімді, сағыныш сөздерімді Әлмұханға бақилық болғаннан соң жазамын деп ешуақытта ойламаған едім? Өмірімнің аяғына дейін бірге жүреміз деуші едім. Енді, міне, ол күндер елес болып қалды...

Әлекеңе 52 жыл серік болған рия­сыз күндерім көз алдымда. Екеуміз түйдей құрдас едік. Алланың бұйры­ғына амал жоқ екен ғой. 1959 жылы медицина институтына түсіп тұрып, кенеттен нілдей бұзылып құжаттарымды жалма-жан ала сала КазГУ-дің филология факультетіне соңғылардың бірі болып қағаздарымды өткіздім. Сөйтіп Әлмұхандармен емтиханды бірге тапсырыппыз. Тағдыр мені Әлмұханмен осылай таныстырып та, табыстырып та еді. Биыл қол ұстасқанымызға жарты ғасыр толатын. «Келер жылы дүрілдетіп алтын тойымызды тойлаймыз» деуші еді Әлекең, қайтейін арманына жетпей кетті-ау! Әлмұханнан айырылғанда жүрегім сыздап, бауырым езіліп, көзімнің жасы көлдей аққан сәттерде жақындарым, жолдас достарымыз жанымнан табылып иыққа түскен ауыр салмақты бөлісті. Соның бірі Әлмұханның досы, жас болса да ел азаматы атанған, облыс басшыларының бірі Олжабаев Елубайдан 40 жасында жесір қалған құрбым, әрі 22 жыл іргеміз бірге болып, болашақ мұғалімдерді бірге тәрбиелеген әріп­тесім Ермеккүл: «Шүкір де, Әлекеңмен қол ұстасып Лаура мен Ләйләдай қыз, Талғат пен Болаттай ұл өсіріп, өніп-өсіп 70-ке келдің, жас емессің. Басымыздан өтті ғой, болған іске болаттай берік бол!» деп әрі қайрап, әрі жұбатқаны қиналған сәтте үлкен демеу екен. Елубай мен Әлмұханның достығы өзгеше еді, ойлары да, бойлары да, әзілдері де, әңгімелері де жарасып тұратын. Ермеккүл екеуіміз зейнетке де бірге шықтық. Содан кейін де ұстаздықты жеті жыл жалғастырдық. Директорымыз Сәу­ле Адамбекқызы бізді бағалап, әлі де колледжде болып жатқан іс-шаралардан қалдырмайды. Өзі гүл ұсынып, құттықтап тұрады. Жаңа жыл, Наурыз, мұғалімдер күндері біз оқу ордасы ұжымының құрметті қонақтарымыз. Екеуміз де «Оқу ізінің озатымыз». Сәуле Адамбекқызы Әлмұхан ағасын қатты сыйлайтын. Екеуі қатар облыстық мәслихаттың депутаттары болды. «Ағайдың айтатын ақылын, жымиып күлгенін сағынып жүрміз» деп жиі хабарласып тұрады. «Жақсыда жаттық жоқ» деген осы да. Өмірдің ауыртпалығын шеккен жан ерте есейеді екен. Әкеден 9 жасында жетім қалған Әлмұхан 32 жасында жесір қалған анасы мен жетпістегі әжесіне, жалғыз қарындасына қалқан, әрі қамқоршы болып, 17 жасында білегін сыбанып еңбекке ерте араласқан екен. Ә дегенде алған мамандығы автокөлік айдаушысы болып, «шопырлық право» алған кезде қуанышы қойнына сыймапты. Күн сайын 7 шақырым жерге жаяу барып-келіп оқу оңай емес қой. Оның үстіне қаржы жоқтың қасы. Оқуды тауысқан соң жанұядағы жалғыз ұл колхозда шопыр болып істейді. Жақсы жұмысымен көзге түскен жігітке жаңа машина беріпті. Қаршадай бала рөлге жармасып колхоз шаруасымен Жезқазған, Қарағандының шетіне дейін барған кездері болыпты. Өмірдің жастайынан кермек дәмін тат­қан адамның орны бөлек екен. Мек­­теп бітірісімен оқуға түскен курстастары­ның арасында Әлмұханның шоқтығы биік болды. Оқуда оқ бойы озық жүрді. Лениндік стипендиат ретінде суреті университеттің Құрмет тақтасынан түспеді. Стипендиясын үнемдеп Әлекең ауылдағы үйіне барған сайын қант-шай, қарындасына көйлек-көншек алып баруды да ұмытпады. Қоғамдық жұмысқа деген қабілетін ерте танытты. Курстың комсоргі болды. Ән айтуға құмарлығы оны КазГУ-дің 100 адамнан тұратын хорына алып келді. Баритон дауысымен «Шәпибаяу», «Аққұм», «Сырымбет», «Жиырма бес» әндерін шырқағанда кұлақ құрышын қандырушы еді. Рашид Бейбутовтың айтатын әндерін сүйіп тыңдайтын, жұрт қолқа салса нақышына келтіріп орындап беретін. Орыс тіліне жетік, неміс тілінде жап-жақсы сөйлей алатын. Мәскеудегі Жоғарғы партия мек­те­бінде оқу озаттарының алды болды. Саяси жағынан шыңдала түсті. Ол де­малысқа келгенде үйімізде шағын той болушы еді. Әлмұхан әлі оқуын тауыс­паған кезде сырттай аудандық партия комитетінің бюро мүшесі етіп сайлап, қысқы үзіліске келгенде аупарткомның екінші секретары етіп сайлап жіберді. Сол күннен бастап Әлмұхан партия қызметінің тізгінін уыстан шығарған емес. Ол облыс жұртшылығына, рес­пуб­ликалық жоғарғы органдарға бел­гілі басшылық қызметтің тұғырынан түспеді. Құдай қосқан қосағым Әлмұханның жаны да, жүрегі де кіршіксіз таза еді. Өзіне де, өзгеге де талапшыл, әділ әрі адал, ұстамды болды. Асып-тасқанды білмеуші еді, оның табиғатына ондай қылық жат еді. Қызмет бабын пайдаланып біреудің көңіліне қаяу түсірген, салмақ салған кезін білмеппін де, естімеппін де. Қандай іс бастайтын болса да, асықпайтын, саспайтын, ойланып барып кірісетін. Кейінгі уақытта көп оқыды, көп жазды. Оны әртүрлі тақырыптармен пікір бөлісуге, лекция оқуға, саясат жөнінде жастарға түсіндіруге, теледидардан тікелей хабар жүргізуге жиі шақыратын. Кейде бір күнде екі жерге барып кездесу-әңгіме өткізген кездері де болды. Ол елімізде дүркіреп өткен дүбірлі дода VII Қысқы Азия ойындарының алаң­гері де болды. Шығыс Қазақ­станға барып президенттік мерзімді ұзарту жөнінде референдум өткізуге бастамашыл болған жиынға қатысып қайтты. «Менің жұмысым 70-ке келгенде қайта басталды-ау» деп жымиып қоятын. Кішіпейіл, біреуге жасаған жақсылығын міндет етпейтін. Жұмысқа ынтасымен беріліп кірісетіні сонша, өзін де ұмытып кететін. Сондықтан болар Әлмұханды жұрт жақсы көрді, Елбасы да бағалай білді. «Құрмет» орденін омырауына қадады. Бірде үйге ерекше көңіл-күймен оралғаны әлі есімде. ... 2010 жылдың күзінде Елбасы Бауыр­жан Момышұлының 100 жыл­ды­ғы­на орай арнайы Таразға келді. Президент­ті қарсы алуға қала жұрт­шылығы, студент жастар, ардагерлер жиналып Елбасыға ыстық ықылас, жылы шырай танытушылардың алдыңғылар сапында Әлекең де тұрады. Елбасы ардагерлермен амандасып келе жатып Әлмұханды танып, жанына тоқтайды. – Е, мұнда көзкөргендер тұр екен ғой. Қал қалай? Жұмыс істеп жүрсің бе? – деп сұрайды. – Нұреке, қайдағы жұмыс, қартайдық қой, – десе, Елбасы: – Қайдағы қартайған, шашың әлі қап-қара ғой – деп қолын қысып қойыпты. Құрдастар еді ғой. Келесі күні ескерткіш жанында тағы кездеседі. Президент Әлмұханға: – Немен айналысып жүрсің? – Саясатпен, – дейді Әлекең. – О, соның дұрыс, халық игілігі жолындағы атқарылып жатқан қыруар істерден елді хабардар ет, саясатымызды жастардың зердесіне жеткіз, – деп Президент Әлмұханға риза кейіппен қолын тағы да алыпты. Бұл кездесулер теледидардан көрсетіліп, газеттерге де жазылды. Әлекең екі рет Нұрсұлтан Назарбаев­тың президенттікке сайлауын­да сенімді өкілі болды. Былтырғы Прези­дент сай­лауында республикалық штабтың мүшесі ретінде үгіт жұмысына қатысып, ұлықтау рәсіміне баруы керек еді, амал не, ауру меңдеп жібермеді ғой. ХДП «Нұр Отанның» кезектегі съезіне барып келісімен ертеңіне, 14 ақпан күні, ауруханаға түсті де, содан тұра алмады. Тағдырдың жазуы солай болған шығар, амал нешік! Әлмұхан ақылды, білімді, ойын жүйелеп маңызды сөйлейтін адамды бағалайтын. Адамның адалдығын тани білетін. Ондай кісілерді сырттай бағалап, мақтап отыратын. Оның пікірлерінен, сөздерінен өзінің де адалдығы, пәк адами қасиеттері көрініп тұрушы еді. Жаны ізгіліктен жаралған адам өмірден өтсе, оның тіршілікте жасаған еңбегі ескерткішке айналады екен. Оған көптеген азаматтардың лебіздері куә. Осы күнге дейін менің өмірімде қандай да бір сәулелі күндер болса, ол – Әлекеммен бірге өткізген сәттерім. Екеуіміз ұл-қызды болдық. Немере, шөбере сүйдік. * * * Қолынан іс келеді деп, Болатқа үлкен сенім артып, аппарат жетекшісіне көтерген, Әлмұханды барынша әспеттеп шығарып салуға көмек көрсеткен облыс әкімі Қанат Алдабергенұлына айтар алғысым шексіз! Өркені өсіп, халықтың алғысына бөлене берсін деймін. Талабы алда, әлі бұдан да жоғары биіктерден көреміз деген сенімдеміз. Болатты қолдап, тәрбиелеп, қам­қорлық жасаған, іні тұтқан ағаларының бірі – Әзімхан Әбілқайырұлына дән ризамын. Әр игілікті істеріңіз туған елді өркендетуге арналсын! Бастарыңыздан бақ кетпесін! Әлекең о дүниелік болғалы бері оның асыл бейнесін, ардақты есімін ұрпаққа өнеге ретінде қалдыруға ат салысқан, өзімен қызметтес болған азаматтарға, қызмет жүзінде бір-бірін жақсы түсініп, туғандай болып кеткен іні-қарындастарына, ардагер ағаларға үлкен рахметімді айтамын! Өзінің туып-өскен Меркісінің, Сапар­ғали әкім басқарған ауданның азаматтарына, туыс-бауырларға Әлмұхан әулетінің атынан ризашылығымды білдіремін. Таусылмас бақыт тілеймін! Аман жүрулеріне тілектеспін! Өмірлері ұзақ болсын! Әлекең жайлы кітаптың жарық көруі­не аямай тер төккен, материалдарды сұрыптап, құрастырып, хаттап, редакция­лап баспаға берген, облыстық партия комитетінде Әлекеңмен ұзақ жыл бірге жұмыс істеп, әріптес болған, КазГУ-де қатар оқыған, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының екі дүркін депутаты, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, досымыз Жандар Кәрібайұлына, жұбайы Халимаға Әлмұхан әулетінің атынан ақ тілеу алғысымызды білдіреміз. Дендеріне саулық, ұзақ өмір, отбасыларына жақсылық тілейміз. Көп жыл отбасымызбен араласып, бір шайды бөлісіп ішкен достарға да ауыр тиді бұл қайғы. Олар үшін Әлмұханның орны ойсырап қалды. Ол кеткеннен кейін де күн құрғатпай келіп, менің жанымнан табылып, ақыл-кеңесін айтқан дос-жолдастарға: Саттар Жанабиловке, Жүсіп Сүлейменовке, Мұрат Жұмаділдаевқа, атақты кардиолог Сейітхан Жошыбаев пен жұбайы Салқынға, құдамыз Сағынхан Әміреқұлұлына, бір туған әпке-сіңлідей болып кеткен Құралай, Ермеккүл, Халима Шәкірқызына, Санияш, Марта, Сәуле, Күлжамила, Нәзипаға үлкен ризашылығымды білдіремін. Әлмұхан 6 кітап жазып қалдырды. Адам өмірі көп жасағандығымен маңыз­ды емес, артында қалған мұрасымен, ұлағатымен, өзіне өлшеп берген өмірді қаншалықты пайдалана алғандығымен маңызды болса керек. Әлекең өмірінде ұлағатты істер қалдырған қайраткер, ұстаз, сүйікті жар, ардақты әке, қамқор ата болды. Аллаға шексіз ризамын! Адам баласы жер бетінде қонақ екен ғой. Күнделікті тіршілікпен, әртүрлі жағдайлармен өмірді қадірлей білмейді екенбіз. Өмірде «сіз, біз» десіп, әр күніңізді қуанышпен карсы ала беріңіздер демекпін, осы естелікті оқып отырған тілектес адамдарға! «Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ, Өлу үшін туғансың, ойлан шырақ» – деген екен данышпан Абай атамыз. Тағдырдың салғанына көнбеске шара жоқ. Сенің жарқын бейнең, нұрлы жүзің, жымиып күлгенің біздің көз алдымызда, жүрегімізде... Тұрағың жаннаттың төрінен болсын, айналайын Әлекем – жаным, қосағым менің! Қош! Қош! Гүлдірайхан Сейітқызы ТАРАЗ

3209 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6120

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5666

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3407

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2788

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2752

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2729

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2459

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2445

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы