• Cұхбаттар
  • 18 Сәуір, 2024

Еділхан ӘМІРҒАЛИЕВ, техника ғылымының докторы, профессор: Технологиялық өркениет заманы басталды

Газетіміздің өткен санында «Жасанды интеллект: жаңа бәсеке» атты материал жарық көрген еді. Адамның ақыл-ойын қажет ететін қызметтердің бәрін жасанды интеллект атқарып отырғанын айта келе, қазіргі уақытта өзекті деген сауалдың жауабын іздеген болатынбыз. Жасанды интеллект және роботтехника зертханасының меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының академигі, техника ғылымының докторы, профессор Еділхан Әмірғалиевтің де біз көтерген тақырыпқа қатысты айтары бар екен. Ғалымның шағын әңгімесін оқырманға ұсынып отырмыз. 

 

– Еділхан Несіпханұлы, жасанды интеллект дегеніміз не және оның ғылым саласы ретінде дамуы қалай жүзеге асты?
– Жасанды зерде – ақпараттану саласының адам зердесін қажет ететін есептерді орындауға (шешуге) арналған саласы, яғни адамның ойлау, зерделеу қабілетін компьютерлік жүйелерге енгізу арқылы күрделі зерделеу есептерін шешуге жол ашады. Мысалы, табиғи тілдегі мәтіндерді және сөйлемдерді, кескіндерді тани отырып әртүрлі диагностикалық есептерді шешу, үдерістерді автоматты жоспарлау, машиналық оқыту тағы сол сияқты бағыттарды қамтиды. Жасанды зерденің негізгі мақсаты – ағымдағы жаңа шарттарға бейімделіп алдыңғы кезеңдерде алынған нәтижелерді зерделей отырып, жекеленген есептерді дербес шешуге мүмкіндігі бар технологиялар жасау. 
Жасанды зерде жеке ғылым саласы ретінде даму жолында мына бағыттарды қамтиды. 
Машиналық оқыту және терең оқыту – осы бағыттағы жүйелер жасанды зерденің алгоритмдік негіздерін құрады, деректер қорын оқу негізінде алгоритм­дердің нәтижелігін, жүйелердің дәлдігі мен өнімділігін арттырады. 
Когнитивтік жүйелер – табиғи тілді түсіну, сөйлеу сияқты адамның ойлау қабілетін бейнелейтін жүйелер құруға негізделеді.
Роботтар – жасанды зерденің роботтарға енгізілуі олардың мүмкіндігін күнделікті тұрмыстағы мәселелерді шешуден өндіріс жағдайында дербес жұмыс істей алатын жүйелерге дейін арттырады. 
Әрине, бұл жағдайларда этикалық мәселелер және қауіпсіздік мәселелері ескерілуі қажет. 
– ЖИ біздің өмірімізді қалай өзгертті? Адамзаттың, өркениеттің белгілі бір деңгейде дамуына айтарлықтай ықпал етті ме?
– Әрине, жасанды зерде алгоритмдік, техникалық және бағдарламалық жасақма жағынан дами отырып, қазір өмірдің көптеген саласына енгізіліп жатыр. Сол салада жаңа білім алуға әсер етіп отыр. Бұрын тек қана адамның қатысуымен іске асатын жұмыстарды жасанды зерделі жүйелер, роботтар атқарып отыр, олар шаршамайды және қателеспейді. Қоғам дамуында жасанды зерделі жүйесінің әсерін қысқаша сипаттап көрейік. 
Экономика саласы. Жасанды зерде өндіріс процестерін автоматтандыруға, ал ол, өз кезегінде, қызмет нарқын қайта құрылымдауға, жақсартуға, жаңа мамандықтарға қайта оқыту үдерісін дамытуға жол ашады. 
Жасанды зердемен жұмыс істейтін, оларды құрылымдайтын жаңа форматты мамандардың және деректерді талдау мамандарының пайда болуы заңды құбылыс. 
Денсаулық сақтау – жасанды зердені көп тұтынатын сала, ЖИ көмегімен жаңа диагностикалық жүйелер, ауруларды терең зерттеу жүйелері, дәрі-дәрмек жасау, оны сынау жұмысы атқарылады. Әрине, мұнда жасанды зердені түсінетін үлкен деректер қорын талдай білетін жаңа форматтағы мамандар қажет. 
Білім саласы. Бұл сала жасанды зердемен қоян-қолтық жұмыс істеуі қажет. Қазір жаңа инновациялық жоғары білім жасанды зерде мүмкіндігіне байланып тұрғандай. Жасанды зердеге негізделген жаhандық іздеу жүйелері, білімді саралау жүйелері, көне жазуларды және табиғи құбылыстарды тану және түсіну жүйелеріне сұраныс өсіп отыр. 
Транспорт саласы. Бұл саладағы жаңа трансорттық жүйелердің мүмкіндігін еңбектеген баладан еңкейген шалға дейін байқап, таңғалып отырғаны сөзсіз. Аспан, жер, судағы көліктердің және пилотсыз ұшу аппараттарының жасанды зерде жүйе­сімен жабдықталуы олардың мүмкіндігін күннен-күнге арттырып келеді.
Ақпараттық қауіпсіздік жүйелерінде жасанды зерде мемлекеттің ақпараттық кеңістігін қорғауға, кибернетикалық шабуылдардан қорғануға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Халықаралық деңгейдегі қарым-қатынас та жасанды зердеге тіреліп тұрған мәселе, жасанды зердеге негізделген әртүрлі дербес аудару жүйелері, кескіндерді тану жүйелері адамдардың еркіндігіне мүмкіндік береді. 
Жасанды зерденің қоғамға әсері көпжақты және бұл үдеріс әрі қарай жалғаса береді. 
– Болашақта адам қызметін роботтар атқарып, адамзаттың жұмыссыз қалу қаупі бар ма?
– Жасанды зерденің дамуы адамзаттың жұмыссыз қалуына ықпал етеді деген мәселеге ұдайы кезігеміз. Сөз жоқ, кейбір салаларда еңбек нарыққа қайта құрылымдалуы мүмкін. Кейбір мамандықтар мүлде жоғалар, орнына жаңа мамандықтар пайда болады. Жоғары оқу орындарында кейбір мамандықтар алынып тасталуы мүмкін. Жалпы, білім беру форматы да жаңа жүйеге өтетін шығар. Бұл мәселелер қоғамның жаңашылдығына, мемлекеттің инновациялық даму деңгейіне, жаңа технологияларды қабылдау мүмкіндігіне байланысты. Бұл сұрақ бойынша екі мәселені айту қажет. 
Біріншіден, жұмыс орындарын сақтау. Жаңа шарттарға бейімделу және жаңа қайта оқу арқылы жаңа жұмыс алаңын меңгеруге болады. Жасанды зерде жүйелері де адам қолымен жасалады және ешқашан толығымен адам жұмысын жоққа шығара алмайды, ендеше осы жүйелермен жұмыс істей білу керек. Жасанды зерделердің күннен күнге қарқынды дамуымен қатар жаңа мамандықтар, жұмыс орындарының ашылуы әбден мүмкін. 
Екіншіден, жасанды зерде кейбір салада адамға қарағанда бір типті жұмыстарды әлдеқайда тез, арзан істеуі мүмкін; мысалы пошта саласында хаттарды сұрыптау т.с.с. жұмыс орны қысқаратын болар. Жасанды зерде қолданылған өндіріс орындарында жалпы пайданы бөлу жұмысшылардың қысқаруына алып келуі де ықтимал. Жасанды зерде жүйелерін оқу, қайта оқу, меңгеру кейбір адамдарға қиын тиер. 
Сонымен, жасанды зерде дамуы барысында жұмыс орындарының сақталуы немесе қысқаруы көптеген факторға байланысты. Әрине, біртіндеп ауыспалы кезеңнен өтеміз. Мемлекет әлеуметтік салаға көңіл аударып, арнайы бағдарламалар құрып, жасанды зерденің қарқынды енгізілуінен туатын кейбір қолайсыз жағдайлардың алдын алуға тырысады деп ойлаймын. Бұл бір күнде не бір айда өзгеретін жағдай емес. 
– Қазір жаңа технологиялық өркениет­пайда болды. Олар бізден дамып кетуі мүмкін бе?
– Сөз жоқ, технологиялық өркениет пайда болады. Көптеген салада еңбек өнімділігі артады; денсаулық сақтау саласының адам өміріне ықпалы күшейеді, адам ауыр жұмыстан арылады, отбасылық құндылықтарға көңіл бөлінеді. 
Сонымен қатар жасанды зерде жүйе­лері күн сайын кең көлемді жұмысты атқара отырып, бұрынғы қарым-қатынас мәдениетін бұзуы мүмкін деген болжам да айтылады. Адам қоғамда елеусіз қалып қоя ма деген күдік те бар. Жасанды зерде қаншалықты қуатты болса да, ол қоғамның дамуын, мемлекеттің саясатын айқындай алмайды. Білім берудегі, әлеу­меттік саладағы, экономикадағы қоғам атынан қойылатын талаптар, өзгерістер қоғамның негізгі бағыты болады деп ойлаймын. 
– Жасанды интеллект саласымен көптен айналысып келесіз. Қазақстанда сәтті шыққан технологиялық жобалар бар ма? Сәтті шығып, адам өмірін жеңілдетуде не адам өмірін сақтауда қандай да бір салада адамзатқа қызмет етіп жүрген қазақстандық жобаларды атай аласыз ба?
– Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институтындағы біздің ғылыми зертханамыз «Жасанды зерде және роботтехника» деп аталады. Өзінің аты айтып тұрғандай, әртүрлі есептерде жасанды зерде технологияларын әзірлеп қолданамыз. Жасанды зердеге тікелей қатысы бар біздің зертханада соңғы 4–5 жыл ішінде кейбір орындалған жұмыстарды атап өтейін. 
Бірінші, қазақ тіліндегі мәтіндерді және сөйлеулерді тану жүйесі; екінші, сөйлеу­шінің (диктордың) цифрлық портретін жасау; үшінші, вербалды интеллектуалды роботтық жүйе құрастыру; төртінші, қазақ тіліндегі сілтеме тілді құрастыру және өңдеу; бесінші, Оңтүстік Қазақстан территориясындағы тұздалған егістік жерлердің картасын және порталын жасау.
Бұл жобалардың әрқайсысы үшжылдық мерзімде орындалған, көптеген мәселелер қарастырылған. 
– Ал Қазақстандағы жасанды интелектіні қалай дамытамыз? Қандай мәселеге назар аударуымыз керек?
– Қазақстанда жасанды зердені қалай дамытамыз деген сұрақ Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жасанды зердені ғылым дамуының басты бағыттарының қатарына қосуы және Қазақстанды аймақтық технологиялық хаб жасау ойы арқау болады. Ақпараттық, коммуникациялық және ғарыштық зерттеулер ғылыми басымдығы бойынша мемлекеттік байқауға ұсынылған ғылыми жобалардың басым көпшілігі өз зерттеулерінде жасанды зерде технологиясын пайдаланған. Жоғары оқу орындарында жасанды зерде оқу бағдарламасы инженерлік мамандарды даярлау оқу үдерісіне қосылған. Жеке тәжірибеме сәйкес, студенттердің бітіру жұмыстарының тақырыптарының басым көпшілігі осы жасанды зерде мәселесіне байланысты болып отырғаны қуантады. Оның үстіне, мектеп, колледж қабырғаларында роботтехника пәні қосымша енгізіліп, үйір­мелер қосылды. Қазақстан ғалымдары өз зерттеулерін жасанды зерде технологияларына негізделген инновациялық экожүйелер жасауға арнауы, ауыл шаруа­шылығында, геология, гидрогеология ауыр өнеркәсіп саласында инновациялық жобалардың көбеюуі елімізде жасанды зерде қозғалысының дұрыс жолда екенін білдіреді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

1318 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5642

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5380

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3120

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2509

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2468

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2446

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2178

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2164

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы