• Ақпарат
  • 25 Сәуір, 2024

Табиғатпен санасатын уақыт

Табиғат тосын мінез танытып, адамзат пен қоршаған орта қатынасы ушыққан қазіргі уақытта ғылыми білімнің қажеттігі күн сайын артып барады. Адам өмір сүретін жер беті мен оның табиғатын, шар­уашылықты зерттейтін география ғылымы Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен Түркі әлемі елдерінің 
І Халықаралық география конгресінде басты тақырып болды. Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Башқұртстан және Саха (РФ) елдерінен келген географ-ғалымдар мен мұғалімдер қазақ әріптестерімен бірге үш күн бойы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасты. 

 

Биыл Түркі мемлекеттері ұйымына Қазақстан төрағалық ететіні белгілі және бұл маңызды міндет «TURKTIME» ұранымен өтіп жатыр. Түркі елдерінің бауырластығына елеулі үлес қосып келе жатқан Ахмет Ясауи университеті ұйымдастырған алғашқы географтар жиыны осы бастамамен үндес келді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Республикалық география атаулы мектебі, География және су қауіпсіздігі институтының қолдауымен ұйымдастырылған ғылыми-тәжірибелік жиынға Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейдегі түркі тілдес елдерден 200-ге жуық ғалым мен зерттеуші, Түркістан облысындағы мектептердің мұғалімдері қатысты. 
Университет ректоры Жанар Темірбекова конгрестің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Түркі мемлекеттерінің өзара байланысы қоршаған орта мәселесінде де маңызды екенін атап өтті. «Біздің мақсатымыз – Еуразия құрлығындағы ұлан-ғайыр аймақты қоныстанған түркі тілдес елдердің ғалымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, географиялық зерттеулердің дамуына ықпал ету», – деді ректор. Бұдан соң қонақтар сөз алып, Эскишехир Османгази университетінің зерттеушісі Еюп Артвинли, Анкара университетінің профессоры Юсуф Каған Кадыоғлу және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Актымбаева жиынға қатысушыларға жылы лебізін жеткізді. 
Бірнеше пәнді тоғыстырған география өлкетанумен де шектесіп жатыр. Өскелең ұрпақты отаншылдыққа баулуда география­ның рөлі зор. Түркі тілдес елдер арасында жер көлемі жағынан алдыңғы орынды алатын, климаты алуан түрлі Қазақстанның әр аймағы туралы жеке-жеке оқулық жазуға болады. Оған қоса, туған жеріміздің табиғат сырларын ашатын, оның болмысын сипаттайтын ана тіліміздегі оқулықтарға зәрулік бар. Осы орайда, жиында «Түркістан облысының географиясы» атты оқу құралының тұсаукесері өтті. Қазақстан географиясы туралы оқу құралдарын әзірлеу жөніндегі жобаның ғылыми жетекшісі, педагогика ғылымының докторы, профессор Ұлжалғас Есназарова география тұнып тұрған патриотизм екенін атап айтты. Ғалым отандық білім беру саласындағы шалағай реформалардың салдарынан орта білім беретін мектептерде «Қазақстан географиясы» пәнінің бағдарламадан алынып тасталғанына қынжылысын білдірді. Әйтсе де әдіскер-ұстаздар мен ғалымдар қол қусырып отырған жоқ, салалық оқулықтар мен оқу құралдары әзірленіп жатыр. Осы тұрғыда, Ұ.Есназарова Түркістан облысына арналған оқулықты жазуға қолдау көрсеткен Ясауи университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы Мұхитдин Шимшекке ризашылығын білдірді. 
Соңғы жылдары елімізде тарихи география саласы жанданып, Қазақ мемлекеттілігінің сан ғасырлық тарихы бар екені нақты деректермен дәлелденіп келеді. І Халық­аралық география конгресі аясында Ясауи университетінде «XI–XIX ғасырлардағы Еуропалық және шығыс карталарындағы түркі мемлекеттері» атты тұңғыш галерея ашылды. Бұл көрме белгілі картограф-ғалым, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың 18 жылдық тыңғылықты зерттеулерінің нәтижесі ретінде Бельгиядағы баспадан үш тілде шыққан «Қазақстанның тарих толқынындағы үздіксіз мемлекеттілігі. Қазақ мемлекеті XVI–XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталарда» атты кітабының негізінде ұйымдастырылды. Көрмеге орта ғасырлардағы қазақ, қырғыз, өзбек, башқұрт, татар, түрікмен елдерінің Еуропа және Шығыс зерттеушілері мен картографтары сызған карталардағы көрініс­тері қойылды. Сондай-ақ Мұхит-Ардагер Сыдықназаров географтар мен университет студенттеріне арнап, «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы көне карталарда» атты дәріс оқыды. 
«Қазақстанның және күллі түркі тілдес елдердің тарихынан сыр шертетін карталар галереясы алғаш рет Ахмет Ясауи университетінің базасында ашылып отыр. Жалпы, қазақ елі туралы әзіргі ең көне карта 1450 жылы сызылған. Деректерді іздестіру барысында Еуропа мен АҚШ-та Қазақ мемлекеті бейнеленген жүздеген ортағасырлық карта табылды. Бұл карталар – қазіргі Қазақстанның ұзақ та үздіксіз мемлекеттілігі болғанын растайтын аса құнды дереккөз», – деді картограф-ғалым Мұхит-Ардагер Сыдықназаров. 
Халықаралық география конгресі барысында ғалымдар мен мұғалімдер 6 секция бойынша жұмыс істеді. Ыстанбұл техникалық университетінің ғалымы Ержан Кахия Түркиядағы су ресурстарын басқару жөнінде айта келіп, Қазақстандағы су тас­қынының жағдайына тоқталды. 
«Табиғи апаттардың алдын алу және оларға тосқауыл қою өте күрделі үдеріс, оған жан-жақты дайындық жасау қажет. Су тасуына бірнеше фактор әсер етеді, оның ішінде тәуекелі көп аймақтардағы жауын-шашын мөлшері, түрлі аномалиялар сияқты себептер бар. Осы ретте географ, гидролог мамандарды қатыстыра отырып, егжей-тегжейлі карталар жасау өте маңызды. Облыстық, мемлекеттік саясатты тиімді жүргізу арқылы су тасқыны сияқты апаттардың экономикалық зардабын азайтуға болады», – деді Ержан Кахия. Ғалым өзен арналарын тұрақтандырудың әдіс-тәсілдеріне тоқталып, Түркиядағы 100 жылдық су тасқыны туралы мәліметтер негізінде жасалған картаны көрсетті. Мұндай зерттеулер жүргізу арқылы табиғи апаттардың алдын алуға болады дейді ғалым. Ержан Кахия СТУ ғалымдарының осы салада Қазақстан мамандарымен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. 
Ыстанбұл техникалық университеті – Түркиядағы жетекші оқу орындарының бірі. Қорғаныс саласындағы әйгілі «Bayraktar» – ұшқышсыз ұшатын әскери әуе аппаратын осы университет түлегі жасағанын айта кету орынды. Географтар конгресіне СТУ-ды екі мерзім басқарған Мехмет Караджа сарапшы ретінде қатысып, «Өңірлік климаттың өзгеруі және оның болашақ әсері» жөнінде Қазақстанды мысалға ала отырып баяндама жасады. Ғалым индустрияландырудың қарқынды әсерінен климаттың өзгеруі қайтымсыз процесс екенін айта келіп, адамзат түрлі техногендік және табиғи апаттарға да­йын болуы керектігін айтты. «Мұздықтар жылдам еруде, аномалиялық құбылыстар көбейді. Бүкіл әлемде суға, азық-түлікке, қуат көзіне сұраныс артып жатыр. Сондықтан табиғатқа бейімделуіміз керек, өмір сүру салтымызды үнемдеу тұрғысынан өзгерткеннен басқа жол жоқ», – деп түйіндеді Мехмет Караджа. 
Конгрестің екінші күні географ-ғалымдар Ұлжалғас Есназарова және Амангелді Темірбеков жазған «Түркі тілдес елдер географиясы» атты оқулықтың төртінші басылымының тұсаукесері өтті. Кітап авторы Ұ.Есназарова бұл оқулықтың 1999 жылы Ахмет Ясауи университеті басшылығының қолдауымен жарық көргенін, Түркістан қаласының 2000 жылдық мерейтойына арналғанын жеткізді. Оқулық осы уақыт ішінде өзбек, қырғыз тілдеріне аударылып, осы елдерде де оқытылып келеді. Кітапта түркі елдерінің әрқайсысының табиғаты мен шаруашылығына сипаттама берілген. 
Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің профессоры, қырғыз делегациясының басшысы Тұрғынбек Ниязов І Халықаралық география конгресінің соңғы 30 жылдағы тәжірибені түйіндеп, алдағы міндеттердің көкжиегін айқындап бергенін айтты. «География ғылымы «табиғат – тұрғындар – шаруашылық» дейтін үштікті қамтиды. Қазақстан – түркі елдерінің арасында ең үлкен аумаққа ие ел, сондықтан гидрологияға, өзен-су жүйелерін зерттеуге баса назар аударып, проблемаларды айқындап алуы қажет. Біз қазақ әріптес­терімізбен тығыз байланыстамыз, әсіресе географиядан Ұ.Есназарованың атаулы мектебі бұл салада көп іс тындырды», – дей келе, Т.Ниязов конгрестің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына ризашылығын білдірді. 
Халықаралық жиын түркі елдерінің тарих, мәдениет саласында ғана емес, қазіргі сын-қатерлерді еңсеруде де бірлікте әрекет етуге кіріскенін көрсетті. Табиғаттың бермесін тартып алатын кез өтіп, табиғатпен санасатын уақыт келді – ғылыми-тәжірибелік жиынның тағылымы осындай.   
 
 

Дина ИМАМБАЙ

1138 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6341

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5782

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3522

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2904

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2865

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2845

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2575

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2560

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы