• Cұхбаттар
  • 02 Мамыр, 2024

Алишер Сатвалдиев, Парламент Сенатының депутаты: Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады

– Президент Ұлттық құрылтайда: «Тағы бір іргелі құндылық – бірлік және ынтымақ. Біздің күшіміз – бірлікте. Жұртымыз басына түскен тау­қыметтің бәрін мызғымас бірліктің арқасында жеңіп келеді», – деп атап көрсетті. Су тасқыны әсіресе малмен күнін көріп отырған ауыл жұртына ауыр тиіп жатыр. Осы қиындықты қаншалықты еңсере алдық? Қолдау күткен халыққа шын мәнінде қолдау көрсете алдық па? 
– Иә, табиғаттың бұл тосын мінезі  – жүз жылда, ғасырда бір келетін нәубет бұл күндері қазақ даласына келіп тұр. Оны халық болып бәріміз көріп, бойымыздан өткізіп, бұл қиындықты жүйкемізбен көтеруге тура келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының отыз үшінші сессиясында Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы бұл мәселеге басты назар аударды. Жиынның толықтай осы нәубетті еңсеруге қатысты болып, мәселелердің күн тәртібіне көтерілуі соған себеп. 
Бүгінгі таңда әлемде болып жатқан оқиғаларға назар аударсақ, оларға да оңай тиіп жатқан жоқ. Солтүстіктегі көршіміз Ресейдің көптеген өңірлері су астында қалды. Бұл, әрине, Қазақстанмен шекаралас аудандар, елімізге келіп жатқан судың да көп бөлігі сол жақтан келіп жатыр. Дамыған қалалардың қатарына жататын Дубай шаһарының өзінде де осындай тасқын болып, көптеген жерді су алып жатқанын көріп отырмыз. Соңғы кездердегі табиғаттағы өзгеріс, катаклизм, жаһандық жылыну табиғатқа күрт өзгеріс алып келді. Мұны қазір айқын аңғарып отырмыз.
Қазақ даласына тасқын судың келуі соңғы сексен жылда қайталанбаған, алғаш рет орын алып отырғанын күн райын зерттеушілер айтып отыр. Ол кезде жағдай мүлде басқаша болған. Қазір халық көбейді. Ол жерлерде көпқабатты үй салынды. Бұрын жай, жатаған үй көп болды немесе бір үй құлап қалатын болса, басқа жерден барып баспана салуға мүмкіндік болды. Болмаса, қазақы киіз үйдің өзін көшіре салу қиын емес. Соғыстың кезі. Сондай ауыртпалық болғанымен, халық оның барлығын еңсерді. 
Адамзат тарихына қарайтын болсақ, табиғи апаттардың орын алуы келесі жолы сол апатты болдырмауға, себеп-салдарын тұжырымдауға, даярлық жасауға, табиғи апаттардың алдын алуға әрекет жасауға итермелейді. Негізінен, шүкір, тәубе деп айту керек. Бұл жерде ел де, жан да, мал да аман. Монғолияда табиғаттың тосын мінезінен миллиондап мал қырылып қалды. Бізде «он мыңдай малдың басы кетті» деген болжам бар. Түркия еліндегі өткендегі жер сілкінісінен елу мыңға жуық халық қырылды. Бізді  Құдай сақтады. Мұндай қиындық, қиыншылықты басқа салмасын. 
Ал «біз көмек бере алдық па» деген мәселеге келетін болсақ, қолдау бар, көмек көрсеттік деп ойлаймын. Ең алдымен, Қазақстан халқы жұмылды. Одан кейінгісі мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып отыр. Бұл жерде Қорғаныс министрлігі, Төтенше жағдай министрлігі, басқа да құзыретті органдардың барлық базасы материалдық, адами база сол жерге жұмылдырылды. Біздің мобилизациялық базамыз бар. Олардың барлығы сол жерде жеткілікті түрде пайдаланылып отыр. Ең бастысы, халық беріп жатқан көмекті бәріміз көріп отырмыз. Жергілікті тұрғындардың өзі дамбалар тұрғызып, қапшыққа құм толтырып, оны тасып, орналастыру жұмыстарымен айналысты. Апаларымыз, келіндеріміз – олардың барлығы сол жерде жұмыс істеп отырған ер-­азаматтарға, жұмысшы күштеріне тамақ дайындап, жағдай жасап жатыр. Бұл – мемлекеттік идеологияның дұрыс жүргізіліп отырғаны, сол жерге жете көңіл бөлініп, атқарушы органдардың дұрыс алгоритм бойынша жұмыс атқарып отырғанының бір көрінісі. Енді қай жерде бір адами фактор болып, кемшілік орын алатын болса, оның барлығы, әрине, тексеріледі. 
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Үндеуінде осы мәселенің барлығын айтты. Бүгінгі таңда құқық қорғау органдары тарапынан тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Су тасқыны кезіндегі атқарушы органдардың қызметкерлерінің білікті жұмыс атқармауы, өзінің функциясын тиімді орындамаған фактілері анықталатын болса, жауап беретін болады. Мұның барлығы қараусыз қалмауы керек, өйткені келесі жолы осындай олқылықтарды болдырмау үшін әрекет жасауымыз қажет. Ал, негізінен, Мемлекет басшысы айтқандай,  бүгінгі таңда мұның бәрінің алгоритмдері қарастырылған. Барлық шығын өтеледі, барлық үй тұрғызылатын болады, бірақ оның барлығы саналы түрде қайта сол су таситын жерлерге емес, географиялық жағынан ыңғайлы жаңа бір коллаборациялар пайдаланатындай, ескеріліп салынады. 
Қазақта жақсы бір мақал бар, «Басыңа іс түссе, жақсы көмек етеді, жаман күліп кетеді» деген. Біздің жағдайда ешкім күліп кеткен жоқ. Барлығы көмек қолын созып отыр. Тіпті көмекті көрші қырғыз бауырларымыз бастап берді, одан кейін Өзбекстан, Тәжікстан елдері және Монғолиядан көмек керуендері келді. Одан бөлек жекелеген азаматтар, өткенде Дағыстан елінің бір азаматы елу мың қапшықпен елге келді. Өзбекстанның бірқатар азаматы су тасқыны орын алған өңірлерге барып палау басып, қолынан келген қолдауын жасап жатыр. Мұның бәрі – ағайынның қарап жатпағанын көрсетсе, екінші жағынан, басымызға келген нәубеттің оңай шаруа емес екенін және басқа елдер де соны пайымдап, дұрыс баға беріп жатқанының бір көрінісі деп айтуға болады.
– Сіз Ассамблея мүшесісіз. Тағы да Президенттің сөзіне жүгінсек: «Мемлекет те, қоғам да көмекке шын мұқтаж адамдарды қолдауға қашан да дайын. Біздің еріктілеріміздің ерен еңбегі – жанашыр болудың шынайы үлгісі», – деді. Ассамблея мүшелері елдегі қандай қиын-қыстау кезде де бұқпантайлап қалмай, жанашырлық таныта алып жүр ме? Бірауыз жылы сөзге, мейірімге зәру қоғамда өмір сүріп жатқанымызды ескерсек, бауыр­малдығы мен қамқорлығын көрсетіп, елдің ортасына, ағайынның арасына барып қолдау көрсетіп жүрген Ассамблея мүшелері бар ма? Бар болса атап өтіп, еңбегіне тоқталсаңыз?
– Су тасқынынан зардап шегіп отыр­ған ағайынға көмек қолын созу мәселесі бойынша кешегі Қазақстан халқы Ассамблеясының жиынының өтуі бекер емес. Өйткені Қазақстан халқының Ассамблеясы және осы Ассамблея тарапынан құрылған республикалық және өңірлік штаттар өзінің қолдауын көрсетті. Өйткені Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастыруының аясында көптеген шаруалар атқарылды. Соның ішінде 1 700 тоннадан астам гуманитарлық көмек су тасқынынан зардап шеккен ағайындарға, өңірлерге жеткізілді. Оның ақшалай құнына келетін болсақ, 800 миллион теңгеден астам қаражат. Осының барлығын орталықтағы және өңірлердегі облыстық, қалалық, ауылдық этномәдени бірлестіктердің өкілдері жинап, орталыққа жеткізді. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда өңірлерде ешқандай гигиеналық заттарға немесе азық-түлікке, киім-кешекке зәрулік байқалған жоқ. Олар дер кезінде көмек қолын созды деп айтуға болады. Мен штабтың өкілі ретінде күнделікті жағдайды көріп жүрмін. Өңірлермен байланыс кезінде осы қажетті заттардың барлығы жеткізілгенін, алдағы уақытта олардың қажет емес екенін айтып отыр­ғанының өзі толық қолдаудың белгісі деп ойлаймын. 
Бүгінгі таңда осы штаб-бөлімшелер жаңа жұмыс кестесіне көшіп отыр. Жаңа жұмыс кестесі дегеніміз не, бұл жиналатын гуманитарлық көмектің түрі ауысты деген сөз. Енді біз ол жерге азық-түлік, санитарлық заттарды емес, құрылысқа қажетті заттарды, құрылыс материалдарын, сырлау, әрлеуге қажетті материалдарды жинайтын боламыз. Оған азық-түлікпен қоса, осы уақытқа дейін шатырлар, мотопомпалар, қа­йықтар, беріліп отырды. Негізінен, бұл жерде тек қана гуманитарлық көмек емес, одан бөлек 50-ге жуық арнайы техникалар, экскаваторлар, КАМАЗ-дар, жүк көліктері жіберілді. Міне, соның барлығы Ассамблеяның демеушілігімен жүзеге асты.
Енді тікелей сол жерде қызмет атқарып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері кімдер? Бүгінгі таңда республикалық штабты Тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Ақмаржан Исмаилов басқарып отыр. Оның жанында «Ассамблея жастары»  ұйымының жетекшісі Тимур Жұмарбаев тағы басқалар бар. Одан қалса, біздің Сенаттағы әріптестеріміздің барлығы осы істерге бір кісідей атсалысты. Соның ішінде Геннадий Шиповских көптеген облыстарда, өзім Ақмола облысының су басқан аудандарында болдық. Елге гуманитарлық көмекті жеткіздік. Ал  өңірлерде өздері жұмыс істеп жатқан азаматтар көп. Бұл орайда республикалық, облыстық, қалалық, ауылдық этномәдени бірлестіктердің төрағаларын қаһарман ретінде көрсетуге болады. Өйткені олар көп ауыртпалықты өз мойнына алып, қиындықты еңсеріп, осы жұмыстарды атқарып отыр.
Бір қуанышты жағдайды ерекше атап өтуім керек. Өңірлердегі азаматтармен байланысу арқылы ешқандай ұйымдас­тырусыз жұмыс істеп жатқан адамның көп екенін көріп отырмын. Олар жеңіл көліктерімен гуманитарлық көмегін көрсетіп, бір-екі күнде кері қайтып келіп отыр. Осылайша, жақсылық жасап отыр­ған азаматтар есепсіз көп. Мұның бәрі бекер емес. Қазақта керемет бір сөз бар: «Жақсылық қылсаң жасыр, жақсылық көрсең асыр». Көп азаматтарымыз осы атқарып отырған жақсылығын жасырады, әрине. Ол азаматтардың қазір TikTok-та, басқа әлеуметтік желілерде көптеген видеолары жүр, осы жеткізілген көмекке ағайынның алғыс айтып отырғанын көріп отырмыз. Бұл саналылықтың, даналықтың бір белгісі деп ойлаймын. «Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады» деген сөз бекер емес. Тасқын су қайтады. Сол кезде өңірлерде құрылыс жұмысы немесе сол судан кейінгі зардаптарды жою жұмысы басталады. Сол кезде де Қазақстан халқы Ассамблеясының еріктілері өз еркімен іске құмбыл кіріседі. Олардың саны бүгінде 12 мыңнан астам жасты құрап отыр. Сол кезде студенттік құрылыс отярдтары немесе басқа да құрылыс бригадаларының қосылатынын ескерсек, қолдау білдірушілердің саны еселеп артады деп ойлаймын. Мұндай істе ешкім бейжай қалмайды. Бәрі өзінің көмегін береді. Ал сол өңірден сайланған депутаттардың барлығы өз аймағында жұмыс атқарып, қаржылай да көмегін көрсетіп отыр.   
– Сұқбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен 
Бағдагүл Балаубаева  

3012 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №20

23 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 10627

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 5446

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 5095

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4455

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Әділетті қоғам құру – парызымыз

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4424

Еділхан ӘМІРҒАЛИЕВ, техника ғылымының докторы, профессор: Технологиялық өркениет заманы басталды

  • 18 Сәуір, 2024
  • 4238

Алишер Сатвалдиев, Парламент Сенатының депутаты: Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 3012

Назипа Шанаи: Ана мектебі арқылы ұл да, қыз да дұрыс тәлім алады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 2966

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы