• Cұхбаттар
  • 11 Сәуір, 2024

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

Алматыда 3–5 сәуір аралығында Қазақстанның бірінші балет мектебінің 90 жылдығына арналған «ӨРЛЕУ» VI Халықаралық хореографиялық оқу орындарының фестивалі өтті.  Үш күнге созылған шарада кәсіби балет бишілері сахна көрігін қыздырып, саланың майталман мамандары тәжірибе алмас­ты. Алтыншы рет өткізіліп отырған фестивальға Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Беларусь, Башқұртстан, Бурятия, Якутия, Ресейден барлығы 8 хореографиялық  өнер ордасының талантты шәкірттері қатысты. Халықаралық деңгейде өнер көрсетіп жүрген балеттің би шеберлері де форумнан бой көрсетті. Фестивальдың құрметті қонақтары қатарында Түрксойдың бас хатшысы Сұлтан Раев, Түркияның Мемлекеттік опера және балет театрлары бас басқармасының Бас директоры және бас көркемдік жетекшісі – Тан Сагтюрк, Жапония меценаты және импрессариосы Тошихико Такахаси болды. 
Фестивальдың бағдарламасы бойынша 3 сәуірде ашылу салтанаты өтті. Мұнда келген қонақтарға А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі оқушыларымен бірге, қатысушылары мерейтойлық концерт ұсынды. Ал 4 сәуірде өз ісінің хас шеберлері – жетекші хореографтардың, фестиваль қонақтарының, қазақ балет өнеріндегі танымал тұлғалары мен тіс қаққан майталмандарының шеберлік сыныбы өткізілді. 5 сәуір шараның соңғы күні балет мектептерінің презентациялары бойынша дөңгелек үстелмен қорытындыланып, онда Түрксойдың бас хатшысы Сұлтан Әкімұлы Раевтың жетекшілігімен «ТҮРКСОЙ хореографиялық оқу орындарының қауымдастығын» құру туралы шешім қабылданды. Іс-шараның ресми жабылу салтанаты «Балет жұлдыздары» атты гала-концертімен атап өтілді. Бұл концерт «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының, Мемлекеттік академиялық би театрының жеке орындаушыларының, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт», «Самұрық» заманауи би театрларының, «Гүлдер», «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің, «Наз» мемлекеттік би театрының, Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театрының, «Астана Балет» театрының қатысуымен өтті. Осы орайда халықаралық іс-шараның өтуіне мұрындық болған, Қазақстандағы балет өнерінің қара шаңырағы Александр Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы, Мәдениет саласының үздігі Әли Бекталиевпен сұқбат құрудың орайы түсті.

 

– Сұқбатымыз Александр Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесіне 90 жыл толуына орай болғандықтан, ең бірінші осы оқу орнының тарихына, түлеп ұшқан түлектеріне тоқталып өтсеңіз. 
– Александр Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі – еліміздегі ең бірінші кәсіптік оқу орны. Ол – 90 жылдан аса уақыт бойы базалық хореографиялық білім беретін алғашқы қазақ балет кәсіптік мектебі. 1934 жылы негізі қаланған училище Қазақстандағы ірі өнер ордаларының басты кадрлық базасына айналған. Олардың қатарында еліміздегі танымал өнер ордалары Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының балет труппалары, Мемлекеттік академиялық би театры, К.Байсеитова атындағы Ұлттық опера және балет театры, «AstanaBallet» мемлекеттік театры, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры, сондай-ақ «Салтанат», «Алтынай», «Наз», «Гүлдер» және басқа да халықтық би ансамбльдері бар. Училищенің ашылуына еңбек сіңіргендер арасында дарынды бишілер, қазақ кәсіби хореографиялық өнері мен білімінің негізін құрушылар – Александр Селезнев, Шара Жиен­құлова, Сара Көшербаева сияқты тіс қаққан үздіктердің салып кеткен дәстүрлі жолы әлі де жалғасын тауып келеді. Түлектеріміздің арасында Ресейдің халық артистері – Наталья Чеховская мен Надежда Грачева, Дмитрий Тубольцев пен Алла Бураканова, Мәскеу үлкен театрының солистері, Қазақ КСРО-ның халық және еңбек сіңірген артистері – Д.Абиров, 3.Райбаев, Б.Аюханов, И.Манская, Р.С. Әжиева, А.Асылмұратов, С.Тулусанова, 3.Ақбарова, М.Мальбеков, Л.Ли, М.Төкеев, М.Қадыровалар бар. Оқу ордасы жемісті қызметі жылдарында танымал балет артистерінің ауқымды тобын дайындады, олардың ішінде 10-нан аса адам халық артисі, 50-ден астамы еңбек сіңірген артисі, көптеген түлектер «ҚР еңбек сіңірген қайраткері», «Білім беру үздігі», «Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағын иемденді. Сонымен бірге шәкірттеріміз Майя Плисецкая атындағы Халықаралық балет артистерінің (Ресей), Варнадағы (Болгария), «Арабеск» (Пермь, Ресей), «Prixde Lausanne» (Швейцария, Лозанна) Халықаралық балет артистерінің, «Ваганова-Prix» (Санкт-Петербург, Ресей) балет артистерінің, Серж Лифарь (Украина, Киев) атындағы Халықаралық балет артистерінің байқауы сияқты додаларда бақ сынап, жеңімпаз атанды. 
– Жалпы, өзіңіз балет саласына қалай келдіңіз?
– Бұрын Кеңес одағы кезінде ауыл-ауылдан таланттар іздейтін еді ғой... Мені де Шымкент облысы Түлкібас ауданындағы Балықты деген туған ауылыма өнердегі ұстаздарым іздеп келді. Олар Қуаныш Малиқызы мен Ишан Ахметқалиқызы  болатын. Талант іздеушілер ауылымыздың мектебіне келіп, оқушыларды іріктеп қарай бастады. Мен сол кезде гимнаст боламын деп армандайтынмын. Қазір балеттегі ұлдарға сабақ беріп жүрмін. Балетке 10 жасымда келдім, қазір 51-демін.
– Сіздің ойыңызша, балет маманының бір күндік режімі қандай болуға тиіс?
– Мұнда әсіресе ер балаларға ешқандай шарт қойылмайды. Кез келген  тамақ түрін жей береді. Арасында «нан жемеу керек» деген бұрынырақта айтылған шектеулер де бой көрсетіп қалатыны рас. Бірақ бала нан жемесе, қайтіп күш жинайды? 
– Үздік шәкірттеріңіз туралы айтып берсеңіз.
– Досхан Зайдин және Радмир Гумалиев деген шәкірттеріме тоқталсам деймін. Олар сабақ барысында бір айтқанды екінші рет қайталатпай, қағып алып отырды. Қазір Досхан «Астана Опера» балет театрында, Радмир Мәскеудегі үлкен театрда еңбек етіп жүр. Досхан ел ішілік балет жарыстарынан қалмады. Оның әрқайсысынан орын алып жүрді. Радмир халықаралық жа­рыс­тар­ға жиі қатысты. Мәселен, Мәс­кеу­де­гі бірнеше ел қатысқан балет сайысына қайта-қайта барып, бірнеше мәрте екінші орын алды. Мұның сырын да кейінірек түсіндік қой. Сөйтсек, онда қанша талантты болып тұрса да, басты орынды шетелдіктерге беруге тырыспайды екен. Радмирді сол кезде өздеріне оқуға шақырды. Кейін сонда оқуын жалғастырып, сайысқа сол елдің атынан қатысқанда барып бірден бірінші орынды иеленді. «ӨРЛЕУ» VI Халықаралық фестиваліне Елдар Бауыржанұлы деген шәкіртіміз қатысты. Елдар да болашақта талантты ағаларының жолын қуа­ды деп үміттеніп отырмыз.
– Осы алтыншы фестиваль барысында халық­аралық балет майталмандары келіп шеберлік сабағын өткізді, тәжірибе алмасты. Халық­аралық дәрежедегі шеберлерден біздің балет саласының мамандары үйрену керек қандай да бір дағды, ерекшелікті байқадыңыз ба?
– Шынымды айтсам, артық ештеңе байқамадым. Бізге бұрын ұстаздарымыз қалай үйретті, содан басы артық ештеңе айтыла қоймады. Демек, мұның өзі балет өнеріміз, ондағы ұстаздардың білімі әлемдік деңгейдегі мемлекеттермен терезесі тең  екенін  білдіреді.
– Қазір Қазақстандағы балет саласының жай-күйі қалай?
– Біздің балеттегі жас буын көбіне өзге елге кетіп, сонда тұрақтайды. Олай етпес үшін оларға мемлекет пәтер берсе, жалақысын көтерсе, қаламақысын беріп, шетелдік гастрольдерге жиі шығарса, жағдайын жасаса дейміз. 
– Бұл өнер түріне міндетті түрде кішкене кезінен машықтану керек пе, әлде мектеп бітірген соң, яғни бұғанасы қатқаннан кейін де айналысуға бола ма?
– Мұндай оқуға түсушілер біздің училищенің халықтық бөлімінде оқи алады. З жыл оқып, халықтық ансамбльдерде өнер көрсетеді. Бізде қазір екі бөлім ғой. Бірі – классикалық (балет), екіншісі – халықтық (ұлттық билер). Осы фес­тивальға қатысқан Ерқанат деген шәкір­ті­міз бі­рінші жылы ха­лық­тық бө­лімде оқып, қалған екі жылын классикалық бөлімде жалғастырды. Сондықтан балетті игеріп кету адамның бойындағы талпыныс пен талантына байланысты дер едім. Негізінен, балаларды бесінші сыныптан бастап қабылдаймыз. Мектептегі бесінші сынып, біздегі бірінші сынып болып есептеледі. Училищемізде балалар жатып оқитын мектеп-интернат та бар. 
– Қандай түйіткілді мәселе бар?
– Жүйедегі қағазбастылықтың қолды ұстайтыны рас. Сол уақытты шәкірттерге білім беруге арнасақ, олар қазіргіден де табыстырақ, мықтырақ болар ма еді деп ойлаймын. 
– Қазіргі буыннан осы А.Селезнев атындағы училищені бітірген жұлдызды шәкірттерден кімді айта алар едіңіз…
– Фестивальға қатысқан шәкірттерді айт­сам, Бақтияр Адамжан, Диас Құрманғазы, Ерқанат Ермағанбетов – бәрі біздің түлектер, бәрі әлемдік жұлдыздар. Яғни қазір осы салада Қазақстанды дүниежүзіне танытып жүргендердің барлығы – біздің шәкірттеріміз. Бақтияр Адамжанды қазір әлем таниды. Ол – біздегі тамаша ұстаз Ахмет Бүркітбаевтың шәкірті. Еркін Рахматоллаев деген түлегіміз де дүниежүзіне танымал. Дүниежүзінде қай жерде балет театры бар, сол жерден міндетті түрде біздің училищенің түлектерін табасыз. Кешегі фестивальға да өзге мемлекеттерден шақырылған құрметті қонақтардың ішінде біздің училищені бітірген Ресейдің Халық артисі Наталья Чеховская келді. Қазір Мәскеудегі үлкен театрда шәкіртім еңбек етіп жүр. 
– Кез келген мамандықтың қиын тұсы және жанға қуаныш сыйлайтын бақытты сәті болады. Балет өнерінде бұл қалай көрініс тапқан?
– Балет өнері адамының өмірі спортшылардың өмірі сияқты ғой. Аптасына қанша спектакль бар, соған күнде дайын тұру керек. Менің биді қойғаныма 20 жылдай болды, қазір мұғаліммін. Қанша уақыт өтті десек те, күнде қимылдап, бір нәрсемен айналыспасам, жұмыс істеп, қарын аштырмасам, тамақ ішуім қиын. 
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан 
Элеонора ЫБЫРАЙҚЫЗЫ

5097 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №20

23 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 10629

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 5447

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 5097

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4456

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Әділетті қоғам құру – парызымыз

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4425

Еділхан ӘМІРҒАЛИЕВ, техника ғылымының докторы, профессор: Технологиялық өркениет заманы басталды

  • 18 Сәуір, 2024
  • 4240

Алишер Сатвалдиев, Парламент Сенатының депутаты: Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 3013

Назипа Шанаи: Ана мектебі арқылы ұл да, қыз да дұрыс тәлім алады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 2967

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы