• Cұхбаттар
  • 08 Ақпан, 2024

Асхат Бекбаев, Ядролық физика институты, бас инженердің орынбасары, PhD: Бұл – Қазақстан ғылымы үшін тарихи оқиға

– Асхат Каусұлы, елімізде атом электр стансасын салу туралы ұдайы айтылып, талқыланып жүр. Мамандардың пікіріне құлақ түрсек, "салынуы керек" деп тұжырым жасайды. Осы тұрғыда бізді маман даярлау мәселесі ойландырады. АЭС саласына қатысты білікті кадрларды даярлау мәселесі қалай жүргізіліп жатыр? Атом электр стансасын салғаннан кейін ертеңгі күні кадр тапшылығына ұрынбаймыз ба? 
– МАГАТЭ сарапшыларының пікіріне сүйенсек, алдағы 10 жылда уранға сұраныс екі есеге дейін артып, 2030 жылы әлемде 160 атом реакторы, оның 135-і Азия елдерінде салынатыны айтылады. Соған орай атом саласы мамандарына қажеттіліктің артуы да заңдылық. Қазіргі кезде әлем елдері бейбіт атом өнеркәсіптің жоғары технологиялық ғылымға тәуелді әрі шикізаттық емес секторды дамытуға жол ашатын әлеуетті сала екеніне басымдық беріп отыр.
Реакторлар нарығын талдаумен айналысатын «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС мәліметінше, елімізде құрылысы жоспарланып отырған болашақ атом электр стансасына өнеркәсіптік-өндірістік мақсаттағы 2000 маман қажет. Осы орайда мамандардың 1800-ге жуығы Ядролық физика институтында даярланады. Олардың 1500-і оператор, инженер, жабдықтар мен жүйелерге қызмет көрсететін техникалық қызметкерлер болса, 300-і – жоғары білімді маман.
2030 жылға қарай әлемнің алдыңғы қатарлы зерттеу орталықтарының элитасына қосылуды мақсат етіп отырған атом саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулерді, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік конструкторлық жұмыстардың толық циклін жүргізіп отырған Ядролық физика институтының қазіргі кезде салаға кәсіби мамандар даярлауы көш басында тұр. Академиктер Қаныш Сәтбаев, Жабағы Тәкiбаев негізін қалаған ядролық технологиялар ғылымы осы институт базасында жалғасын тауып, атом саласында табысты еңбек етіп жүрген 300-ден аса ғылым кандидаты мен ғылым докторы даярланды.
Ядролық физика институты – атом саласының мамандарын сапалы даярлау үшін базасы бар Қазақстандағы жалғыз ұйым. Институт бірегей базалық қондырғыларға ие (алты мегаваттық зерттеу реакторы, сыни стенд және 6 үдеткіштен тұратын кешен), сондай-ақ институттың 20 корпусында талшықты-оптикалық байланысы бар аудиториялық қор, сала бойынша елдегі ең үлкен және ең үздік ғылыми кітапхана, 6 терапевтік кабинеттен тұратын медициналық бөлім бар. Теориялық және практикалық білім беру жағынан толық қарас­тырылған.
– Академиктер негізін қалаған ғылыммен жалғасқан институттың отандық, шетелдік жоғары оқу орындарымен байланысы бар ма? Қандай мамандықтар бойынша оқытылып жатыр?
– 2022 жылдың тамызында ЯФИ және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ консорциумдық келісімге қол қойды, бірлескен оқудан басқа, бірлескен білім беру бағдарламаларын, «Ядролық инженерия», «Ядролық технологиялар» және т.б. әзірлеуді, бірлескен диссертациялық кеңесті құруды көздейтін келесі мамандықтар: «Ядролық физика», «Материалтану және жаңа материалдар технологиясы» және «Радиациялық химия» және екі ұйымның ортақ инфрақұрылымын бірлесе пайдалану.
2023 жылдың ақпан айында Ядролық физика институты әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС арасында болған кездесуде мамандарды Ядролық физика институтындағы ССР-Қ ғылыми-зерттеу стационарлық реакторы, сыни стенд, түрлі типтегі үдеткіш, 23 ғылыми-зерттеу зертханасында даярлау мақұлданды. Сонымен қатар осы жылдың қаңтар және ақпан айларында Қ.Cәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті мен Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетімен атом саласында кадрлар даярлау мақсатында әріптестік орнатты.
Қазіргі кезде Ресейдің Ядролық физика саласындағы ең ірі зерттеу орталығы Біріккен ядролық зерттеу институтында (Дубна қаласы) елімізден барған 94 ғалым жұмыс істеп, атом өнеркәсібінің жетістіктерін меңгеріп жатыр. Олардың орта жасы шамамен – 29 жас. Ал кейінгі 10 жылдан бері Жапониядан келген ғалымдар институт базасында 4-буындағы жоғары температуралы газ салқындатқыш реакторлар саласында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен айналысу үстінде.
– Сала бойынша магистрлік, докторлық қорғағандар туралы не айтасыз? 
– Қазіргі уақытта ЯФИ-де 5 доктор және 50-ден астам ғылым кандидаттары мен PhD докторлары жұмыс істейді. Олар институттың әр түрлі зертхана, бөлімдерінде жұмыс атқаруда. Жалпы институт тарихында 300-ден астам ғылым кандидаты мен ғылым докторы өз ғылыми дәрежелерін ЯФИ-де қорғаған болатын.
– Шетелдік әріптестеріңізбен іскерлік қарым-қатынас орнатылған ба? Өзара тәжірибе алмасу жолға қойылған ба?
– Ядролық физика институты әлемнің 30-дан астам елінің жетекші ұйымдарымен әріптестік орнатқан. Мысалы, ғылыми-зерттеу бағыты бойынша  әлемнің ең үздік үш техникалық жоғары оқу оқындарының  бірі   Массачусетс технологиялық институтымен ядролық ғылымдар және технологиялар, материалтану бағыты бойынша әріптестік орнатқан. Меморандум аясында институт ғалымдары MIT базасында тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ өткен жылы Қазақстан ғылымы үшін тарихи оқиға Ядролық физика институты СERN-ның  NA62  экспериментіне кіру туралы ынтымақтастыққа қол қойды. Ал бұл  CERN-де Қазақстан қатысқан алғашқы эксперимент. Институт мамандарының тобы экспериментті техникалық қамтамасыз етуге, деректерді жинауға және талдауға қатысуда. Германияның ең ірі ғылыми-зерттеу мекемесі Карлсруэ технологиялық институтымен де (KIT) Ядролық физика институты өткен жылы термоядролық технология­лар саласы бойынша әріптестік орнатты. Оның аясында екі ұйым мамандары бірлескен зерттеулер мен ғылыми мақалалар жазып, тәжірибе алмасады. Сонымен қатар жоғарыда Біріккен ядролық зерттеу институтында елімізден барған 94 ғалым жұмыс істеп, атом өнеркәсібінің жетістіктерін меңгеріп жатқаны да айтылды. 
– Сұқбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен 
Бағдагүл Балаубаева

4969 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы