• Ақпарат
  • 25 Сәуір, 2024

Берекелі елдің баласы...

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ 

«Ana tili


Адам баласы жаратылғаннан жақсылыққа, байлық пен билікке ұмтылумен келеді. «Адамзат тарихы – материалдық игілік үшін күрес тарихы» екенін қоғамтанушылар әлдеқашан сан қырынан зерттеп, зерделеп қойды. Сол қым-қиғаш қайшылықта адамзат небір зұлматтардан өтіп, екшелді, ерекшеленді, Жер бетінің әр түкпірінде жан-жақты дамыған қоғамдар құрды. Басқадан бұрын ғылымды дамытуы, бүгінде ең алдыңғы қатарлы елдерді ұшпаққа шығарды десек болар. Бірақ ғылым әлі де қарқынды дамитыны, адамзат мүлде жаңа биіктерге көтерілері анық.

 

Бақытқа жету құралы 

Мұндай ұмтылысты адамзат есте жоқ ескі заманнан бері «бақытқа жетуге талпыныс» атады деуге негіз бар. Осыдан екі мың төрт жүз жыл бұрын, яғни біздің дәуірімізге дейін-ақ атақты афиналық ғұлама Платон «ізгілікті өмір салтын бақытқа жету құралы» деп түсіндіреді. Бұл оның «Филеб» атты кітабы арқылы бізге жетті. Ең қызығы – Платон және басқа да ғұламалардың еңбектерінен, осыдан жиырма төрт ғасыр бұрын да адамдар күні бүгінгідей бақуатты өмірге қалай жетуді армандағанын көреміз. Бақытқа соғыспен, қан төгіспен емес, жақсы амалдармен жетуді дәріптейді. Бейбіт, қайырымды, сыйластығы жарасқан қоғам құру, өмір салтын қалыптастыру мәселесі ол дәуірде де қазіргідей маңызды болғанын көреміз.  
Ал сол Платонды түсіндірген бабамыз Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлақ әл-Фараби ат-Түрки (870–950): «Адамның амалы ойындағы ниетімен бірге болады», – дейді. Бұл да дәл қазір айтылғандай сөз. Әркім өзінің ой-ниетіне қарай тірлік қылады. Немесе қазақ атам «не тапсаң да, ниетіңнен табасың» деп түйгені мәлім. Бақытқа жеткізетін өмір салтын қалыптастыру үшін жеке адамды, тұтас­тай қоғамды тәрбиелеу қажеттігін Әбу Насыр әл-Фарабиді оқыған сайын көз жеткізесіз. Әлемнің екінші ұстазының айтуынша: «Тәлім дегеніміз – халықтар мен қалаларға теориялық ізгіліктерді дарыту деген сөз. Тәрбиелеу дегеніміз – халықтардың бойына білімге негізделген этикалық ізгіліктер мен өнерлерді дарыту деген сөз. Тәлім тек сөзбен іске асырылады, ал тәрбиелеу кезінде халықтар мен қалалықтарға білімге негізделген қасиеттерден туатын іс-әрекеттер жасау дағдысы сіңіріледі». Яғни жай ізгілік емес, теориялық ізгілік, білімге негізделген этикалық ізгілік тіркестерін көріп отырмыз. Ғалым мұнда барлығы ғылым, білімге негізделуі қажеттігін баса айтқан. Сол арқылы дағды қалыптастырудың маңызын сөз еткен. Әрине, әл-Фарабидің мұрасы бізге аудармалар арқылы жетіп отыр. Сегізінші, тоғызыншы ғасырдағы дүниетаным да қазіргіден бөлектеу. Алайда «халықтар, қалалар» ұғымдарына түсіністікпен қарасақ, жеке адамға, тұтастай халыққа тәлім-тәрбие беру ісі қазір де әл-Фараби айтқан жолмен келе жатыр.    
«Адамның ойындағы ойшылдық ізгілігі неғұрлым жақсы болған сайын адамның амалдағы этикалық ізгіліктері де кемелдене түседі…» «Ізгі мақсатқа қажет және ізгі мақсаттағы ең пайдалы нәрсе – сол мақсаттағы ең әдемі нәрсе. Мұндай ойшылдық ізгілік – азамат­тық ізгілік. Бұл ортақ ізгілік ұзақ уақыт бойы қалпында қалып, өмір сүре алады және қысқамерзімді уақыт ішінде пайда болуы да мүмкін». «Бақытқа жету жайында» бабамыз осылай толғанады. Ой, әдеп адамды кемелдендіреді, ең пайдалы нәрсені мақсат ету, ізгі ой азаматтық ізгілікке ұласады, сөйтіп, ортақ ізгілік пайда болады, ол қысқа мерзімде қалыптасып, ұзақ сақталады, біздіңше, ғұламаның пікірі осыған саяды. Демек, бұл да біз күні бүгін айтып жүрген «кемел адам», пайдалы іс қылу, азаматтық, азаматтық қоғам, қоғамдағы ортақ құндылық мәселелері. 
Турасы – «Бақытқа жету жайында» әл-Фараби айтқан ұстанымдар бүгінде маңызды. Біз бақуатты өмірге ұмтылып келеміз. Оған біліммен, ғылыммен, ізгі амалдармен, яғни сыйластықпен, бірлік-берекемен, еңбекпен жетеміз.

Жағасы жайлау ол бір көл 

Рас, соңғы жылдарда тұтастай ұлт, мемлекет ретінде түрлі қиындықтармен бетпе-бет келудеміз. Бақуатты өмір жайлы армандағанымызбен, әлемді жайлаған індеттен кейін экономикада құнсыздану жоғары деңгейге жетті. Қаңтар қырғынын көрдік. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен», біресе өрт, біресе су жайлады. Оның бәрінде белгілі дәрежеде шығын болғанмен, ел ретінде, шүкір, аман өтіп келеміз. Дегенмен осындайда әлеуметтік желілерден одағай дауыстарды да естіп қаламыз. Қаңтарда қапы қалғандар әлі де апандарында айбат шегіп жатқандай.    
Мұндайда халқымыз сөзге тоқтаған, себебі бабаларымыз былай деп өсиет еткен: «Бетегелі жерге мал тоқтайды, берекелі елге бақ тоқтайды». «Берекелі ауылдың белгісін абысынның ас бергенінен байқа». 
«Берекелі елдің баласы –  
Бірі қанат, бірі құйрық.
Берекесіз елдің баласы – 
Бірі аманат, бірі күйік». Алдыңғы екі байлам түсінікті. «Абысын тату болса, ас көп» екені әбден дәлелденген. Соңғы мақалды түсіндіру қажет. «Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады», – дейді. Демек, «бірі қанат, бірі құйрық» дегені берекелі елдің баласы құс болып ұшады, берекесіз елдің баласы аманатпен көзге күйік болып жүреді. Сірә, халықтың мұндай тұжырымынан асырып айту қиын. Себебі ол – халықтың мыңдаған жылдық тәжірибесінен туған сөздер. Өмірден көрген-білгенінен  жасалған түйіндер.
Әл-Фарабиден, халықтық байламдардан кейін «Біріңді қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос» дейтін ұлы Абайға жүгінеміз. 
«Берекелі болса ел – 
Жағасы жайлау ол бір көл.
Жапырағы жайқалып, 
Бұлғақтайды соқса жел.
Жан-жағынан күркіреп,
Құйып жатса аққан сел,
Оның малы өзгеден, 
Өзгеше боп өсер тел.
Берекесі кеткен ел – 
Суы ашыған батпақ көл. 
Құс қаңқылдап, жағалап,
Сулай алмас жазғы төл. 
Оның суын ішкен мал,
Тышқақ тиіп, аспас бел.
Көл деп оны кім жайлар,
Суы құрсын, ол бір – шөл», – деп ақын берекелі ел мен берекесіз ел бейнесін көлге балап суреттейді. Себебі мал баққан халыққа бұл салыстыру өте түсінікті. Жеке адам мен қоғам кертартпалығын Абайдай мінеген ақын кемде-кем. «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық» деп түйрейтін кемеңгер, адамның ақыл-парасатын, мінез-құлқын сынай отырып, ғылым-білімді дәріптейді. Әл-Фарабимен табысатын тұсы да сол. Әлемнің екінші ұстазы әр әрекет теорияға, білімге негізделуі керектігін жиі ескерткенін ілкіде айттық. 
Ғұлама мен ақын ағартушылық тұрғыда жолдары түйіскенмен, ерекшеліктері де үлкен. Абайды ұлт ақыны ретіндегі тебіреністері даралайды. «Атадан – алтау, анадан – төртеу», төрт құбыласы тең ақынның «Ішім өлген, сыртым сау», «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым, тап шыным» «Қайран елім, қазағым, қайран жұртым» деп күңіренуі ұлтына жаны ашығаны деп түсінеміз. «Халқым надан болған соң, қайда барып оңайын» дейтіні содан. Абай мен әл-Фараби қалайда бірін-бірі толықтырып тұрған тұлғалар, сондықтан бүгін екеуін де оқу, зерделеу парыз дер едік.

Озық ойлы, сапалы ұлт 

Абай отарлаушылардың қазақ арасына аз ғана билік (болыстық) беріп, итше ырылдастырып қойған заманда өмір сүрді. Сөйтіп, билік үшін алты бақан алауыздығы қозған ұлт отарлаушылардың алдында нағыз құлға айналғанын сезбей қалған заман еді ол. (Сол кесепаттың кесірін бүгінге дейін тартып келеміз.) Шетінен еуропалық білім алған Алаш зиялылары ұлттың осы қасіретін қатты сезінді. Ұлтты ағартуға, оятуға барларын салды, өмірлерін арнады, сол жолда опат болды. Солардың арқасында 1920 жылы автономия алсақ, 1936 жылы республика атандық. Бодан болсақ та, одақтас республикалар санатына қосыла алмасақ, 1991 жылғы Тәуелсіздік те болмас еді. Қазіргі Ресей құрамындағы көп халықтың бірі ретінде қалар едік. 
Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған зиялылар Абайды ұстаз тұтқаны анық. Абайды күңіренткен тұйықтан шығу жолдарын іздеді. Дұрыс бағыт-бағдар сілтеді. Сөйтіп, ғасыр басында алаштықтар салған сара жолмен, ғасыр соңында Тәуелсіздігімізді қайта қалпына келтірдік. Бүгін де ұлт көсемі деп Әлихан Бөкейханды, ұлт ұстазы деп Ахмет Байтұрсынұлын ғана атайтын себебіміз содан.  Ұлт көсемінің «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» – деген сөзі бүгін де маңызын жойған жоқ. 
Өйткені беймаза әлем қазір де екі иінінен демалып тұр. Іштен ірісең, сырт­тан бас салу тіптен оңай. Қайталап айтамыз, қаңтарда қапы қалғандар қазір де қарап қалмауы ғажап емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қаңтар айының басында «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұқбатында түсінген адамға мән-жайды толық баяндады деп ойлаймыз. Аталған сұқбатта:  «Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек. Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс. Бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Тағы да қайталаймын, еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдық және үнемшілдік – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар. Халқымыздың қуатын арттырып, табысқа жетелейтін осындай қасиеттер мен құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру арқылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз», («Егемен Қазақстан». «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек»), – дегені ілкіде сөз еткен ұлыларымыздың пікірімен толық үндесіп тұр.  
Қысқасы, ғылым-білімге деген құштарлықты – әл-Фарабиден, әркім өзіне сын көзбен қарауды – Абайдан, ұлт үшін күрескерлікті Алаш зиялыларынан үйренсек, осынау бәсекеге толы ойпыл-тойпыл дүниеде кенже қалмаспыз деп ойлаймыз.

 

Айгүл Сәдуақасова, Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми сарапшылық кеңесінің төрағасы: 

 

Қиындықты бірлік арқылы жеңеміз

 

Ассамблея – қоғамдық келісімді, бірлікті нығайтуға, азаматтылықты тәрбиелеу мақсатына қызмет ететін ұйым. Жастарды тәрбиелеу, олардағы патриоттық сана-сезімді нығайту, қоғамдағы ауызбірлікті орнықтыру мүддесін де көздейді. 
Қазір өңірлерді су басып жатқан қиын жағдайда «Жүректен жүрекке» деген акция жалғасып жатыр. Судан зардап шеккен өңірлерге 1 000 тоннаға жуық азық-түлік, керекті заттар жіберіліп, 700 млн  теңге жиналды. Ассамблеяның 12 мың еріктісі елдің түкпір-түкпірінде көмек қолын созып жүр. Мұндай ізгілікті акция тек қазір басталып жатқан жоқ. Біздің ұйым маңайына белсенділерді және қоғамның дамуына үлес қосуды ниет еткен адамдарды жинады. Бұл азаматтар әртүрлі этностық топ өкілдері. 
Ассамблея Қазақстандағы барлық этномәдени бірлестіктердің басын қосады. Басты мақсат – біртұтас қоғамдық интеграциялану процесін жүргізу. Мемлекеттік тілді үйрену, ел дамуына үлес қосу, негізінен, біздің ұлттық мүдделерді қорғау – басты ұстанымымыздың бірі. 
Ассамблея аясында Ассамблея жастары жұмыс істейді. Бұл да бір қоғамдық жұмыс. Аналар кеңесі де бар. Аналар кеңесінің жұмысы суицидке қарсы ақыл-кеңес беру және әскерде жүрген сарбаздарға қаржылық көмек көрсету сынды жағдайларға араласып, мәселелерін шешуге көмектесе алады. Мысалы, кейбір жас жігіттер несие алады, содан әскерде жүргенде оны өтей алмайды. Сөйтіп, олардың мойнына қарыз ілінеді. Осы мәселені шешу үшін Аналар кеңесі мәселеге араласып, нәтижелі шешімдерге қол жеткізді. Нақтырақ айтсақ, жастар борышын өтеп жүргенде оларға айыппұл салынбайды, несиені өтеу уақыты ұзартылады. 
Ассамблея аясында Ақсақалдар кеңесі бар. Мұнда көбіне жастармен жұмыс істейді, үлкендер өмірлік тәжірибелерін бөліседі. Қазір Панфилов ауданында Аналар кеңесі мен Ақсақалдар кеңесі қосылып, мектептерде ата-­аналармен, балалармен, мұғалімдермен тәрбие, түсіндіру жұмысын ұйымдастырып жүр. 
Қоғамда қандай да бір әлеуметтік мәселе бар – Ассамблея оны шешу үшін интеллектуалды, гуманитарлық көмегін аянған емес. 
Ассамблеяда Ғылыми сарапшылық кеңес те бар. Он бес жылдан бері ғалымдардың басын қосып, арнайы отырыста қоғамда болып жатқан әлеуметтік  жағдайларды талқыға саламыз. Әрбір өңірде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеміз. 2020 жылы Қолданбалы этносаяси зерттеу институты құрылған. Институт жыл сайын этносаралық мониторинг жүргізеді. Зерттеу қорытындысы ретінде әрбір өңірдегі құзыретті органдарға ұсыныстар беріледі.
Қазір Ассамблеяның жұмысы нақты әлеуметтік жобаларға байланысты. Тағы бір айта кететін жұмыс – мемлекеттік тілді дамыту жолында бірнеше жоба іске қосылды. Соның бірі «Мың бала» жобасы. Яғни әр өңірдегі мемлекеттік тілді меңгеріп жүрген балаларға көмек көрсетеміз. Ассамблея жастары «Үйде сөйле» деген жобасын бастады, TikTok жобалары да бар. Осыны қолға алып, соңғы жылдары тіл аясын кеңейтуге атсалысып жүр. 
Ассамблеяда  жұмыс қоғамдық негізде жүргізіледі, яғни ақысыз жұмыс. Өңірлерде осы жұмысты ұйым­дастыру үшін «Қоғамдық келісім» мекемелері қалыптасқан және Достық үйлері бар. Достық үйлері қазір 34 аудан орталығында және қалаларда  жұмыс істейді. Көпэтностық және полиэтностық аймақтар орналасқан елді мекендерде де Достық үйлерін ашса жақсы болар еді. Өйткені Достық үйінде адамдар жобаларын жүргізеді, тіл үйренеді, мәдени құзыреттілігін арттырады. 
Достық үйлері төтенше жағдай болған кезде штаб ретінде жұмыс атқарады. Мысалы, өңірлерді су басқан жағдайда сол жерде Ассамблеяның қайырымдылық жұмыстары бір орталыққа ұйымдасып жұмыс істеді. Жақын арада «Жомарт жан»  орталықтары ашылайын деп жатыр. «Жомарт жан» деген арнайы марапат та бар. Енді сол атаумен орталық та құрылмақшы. Негізгі мақсаты – қайы­рымдылық. 
Президенттің Қазақстан халқы Ассамблеясының отыз үшінші сессиясы 2024 жылғы 24–25 сәуірде «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» күн тәртібімен өтетіні туралы өкімі 20 наурызда бекітілген. 
Биылғы жағдай елдегі болып жатқан жайттарға сәйкес ерекше болып тұр. Сондықтан Ассамблея отырысы онлайн өтеді. Әрбір өңірдегі тұрғындар көмек күтеді, оларға да жылы сөз айтып, қолдау көрсету керек. Ассамблея отырысына Президент қатысады. Су басқан өңірлерді қайта қалпына келтіру жұмыстарына қатысты мәселе көп қой. Соған тағы да  нақты бір жауап беріледі деп ойлаймын. Жылдағы әдеттегідей жағдай болса, онда делегациялар келіп, Астанада үлкен отырыс болушы еді. Пандемия кезінде бірінші рет сондай онлайн болды. Қазір енді өңірлерде жол жүретіндей емес, қарбалас тіршілік. Адамдардың, шаруашылықтың қамын ойлау керек. Ал осындай қиын жағдайды тек бірлік арқылы жеңуге болады. Демек, Ассамблея елдін бірлігіне, жасампаздыққа, өрлеуге қызмет етеді.

 

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, Мәжіліс депутаты: 

 

Бұл – қоғамның сұранысы 
 

Енді әйелдер мен балаларға қатыс­ты заңдардың нормалары 60 күнде күшіне енеді. Бұған қоса, Білім беру ұйымдарының лицензия нормасы 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді деп жоспарланып жатыр.
Менің ойымша, бұл заңды қабылдау барысында ең ұтымды болған тұстары жазаны қатаңдатумен қатар, зорлық-зомбылыққа жиі тап болатын қоғамның ең осал санаты әйелдер мен балаларды фундаменталды негізде құқығын, мүддесін қорғау, қауіпсіздігін сақтаумен қатар, осындай зорлық-зомбылық жасалған барлық азаматтардың құқығын қорғауға Заң нормалары жұмыс істейтін болады. Келеңсіз жайттарды болдыр­мау үшін зорлық-зомбылықтың алдын алу механизмдерін және сол үшін қабылданған нормалар туралы кеңірек тоқталу қажет. Өйткені бұл жерде отбасын қолдау орталықтары құрылатын болады. Отбасын қолдау орталықтары некеге тұратын жұбайларға отбасыдағы проблемалар туралы тренингілерден бастап психология­лық, әлеуметтік және құқықтық мәселелердің аясында қиын жағдайға тап болған отбасылар үшін ақыл-кеңес береді. Егер сот қажет деп тапқан жағдайда агрессорға психологиялық көмек көрсету бағдарламалары да заңда қарастырылды. 
Бүгінгі қаншама тағдыр, қаншама адамның көз жасы, құрбан болуы – мұның барлығы өте ауыр фактілер, жан ауыртар статистика. Заңның қатаңдатылуы – қоғамның сұранысы, заңгерлер мен сарапшылардың соңғы уақыттағы айтқан ұсыныстары негізінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Мәжіліс депутаттарының бастамашылдығымен әзірленді. Әрине, жаза қатаң болса, қоғамда зорлық-зомбылыққа мүлде төзбеу мәдениеті қалыптасады, кейін иммунитет ретінде орнығады. Мен кеше TikTok-та тікелей эфир өткіздім. Сол кезде әйелдер, көптеген азаматтар хабарласты. TikTok-қа тікелей хабарласып, сөйлескісі келетін адамдарға мүмкіндік беремін. Сол кезде қаншама әйел, «кезінде төрт баламыз бар, осылай таяқ жеп жүрдік. Бірақ, әйтеуір, аман қалдық. Сол кезде бізді қорғайтын заң болған жоқ», – деп, бүгінгі қабылданған, қол қойылған Заңды қолдайтынын жеткізді. Отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбандары проблемалармен жалғыз күреспеуі керек. Заң және сол заңның сапалы орындалуын жүзеге асыратын құзыретті органдар оларды қорғайды. Енді біз қоғам болып тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлде төзбеу мәдениетін қалыптастыруға еңбек етуіміз қажет. Ол, әрине, тәрбие жұмысынан бастау алады, яғни үйдегі тәрбие, мектептегі тәрбие, қоғамдағы этикалық нормалардың негізінде жүзеге асырылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатыгездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес. Жедел жәрдем және қоғамдық көлік жүргізушілеріне шабуыл жасалғанын білесіздер. Адамға әлімжеттік көрсету, қорлау дұрыс емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. «Ауруын жасырған өледі». Сондықтан біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіз ортада өмір сүруі керек. Заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғамда Заң үстемдігі болуы қажет. Ең бастысы, біз мейірімді әрі мәдениетті ұрпақ тәрбие­леуіміз керек», – деп нақты айтты.
Енді бөлек тоқталғым келетіні, біз осы заңның аясында «Неке және отбасы»  Кодекстің 2-бабына 9-шы және 10-шы жаңа тармақшаларды енгіздік. Бұл отбасы құндылықтарын сақтау және нығайту принциптерін тағы да нақтылап негіздейді. Мысалы, 9-тармақшаға неке және отбасы институтын, әке болуды, ана мен бала институтын нығайту құндылықтарының негізіндегі отбасылық құндылықтарды сақтау, нығайту, ілгерілету туралы нақты норма енгіздік. Ал 10-тармақшада Конституцияға, басқа да заңнамалық актілерге қайшы келмейтін бөлігінде жалпыадамзаттық, мәдени, ұлттық, отбасылық дәстүрлі құндылықтарды құрметтеу рухында балаларға тәрбие беру принциптері туралы нақты норма енгіздік. Бұл бүгінгі күнгі жаһанданудың тенденцияларына төтеп беретін, жаһанданудың ақпарат тасқынында ұлт ретінде сақталуымызға негіз болар темірқазық ұстанымдарымыздың заңнамада нақтыланған ең өзекті нормалардың бірі деп есептеймін.
 

Әсел Абдуллаева,әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, география және табиғатты пайдалану факультеті, метеорология және гидрология кафедрасының оқытушысы:

 

Суды үнемдеген ұтады

 

Су – адамзат үшін тіршілік көзі ғана емес, сонымен қатар экономикамызды, мәдениетімізді және қоршаған ортаны қамтамасыз ететін ең маңызды ресурс. Алайда климаттың өзгеруіне, урбанизацияның дамуына, халық санының өсуіне, өндіріс орындарының артуына байланыс­ты су ресурстары азайып келеді. 
Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі ысырапшылдыққа назар аударды. Ол өз сөзінде дамыған елдерде жарық пен суды үнемдеп пайдалану жоғары деңгейдегі қоғамдық мәдениетке айналғанын, ал біздің елімізде бұл мәселеге мүлде кереғар жағдай қалыптасқанын, сондай-ақ суды үнемдеуге байланысты қалыптасқан дәстүр жоқтығын және оның салдары су тапшылығының пайда болуына әкелгенін атап өтті. Президенттің үндеуі еліміздегі тұрақты болашақтың кепілі бола алатын су ресурстарын үнемдеу және оларды рационалды пайдалану қажеттігін көрсетті.
Өзен, көл, мұздықтар және жерасты сулары сияқты алуан түрлі су көзіне бай Қазақстан су ресурстарын басқару мен пайдалануда күрделі мәселелерге тап болып отыр. Еліміздегі су ресурс­тарының жалпы қоры орташа есеппен 100 км3 болатын жерүсті суларының жылдық ағындысының көлемімен бағаланады. Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, 2030 жылға қарай Қазақстандағы су ресурстарының көлемі жылына 76 м3-ге дейін азаюы мүмкін. Бұл елдегі су тапшылығы 8 жылдан кейін жылына шамамен 12–15 м3, яғни шамамен 15 пайыз құрайды деген сөз. Сонымен қатар Қазақстанның су ресурстары ел аумағы бойынша да, жыл мезгілдері бойынша да біркелкі таралмағанын атап өткен жөн. Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігі ұсынған мәліметтерге сәйкес, ел аумағының шамамен 60 пайызы су тапшылығына ұшыраған, ал соңғы жылдары климаттың өзгеруі мен антропогендік жүктеменің артуына байланысты жағдай тек шиеленісе түскен.
Қазақстандағы су тапшылығы – кешенді стратегияларды әзірлеу және алдыңғы қатарлы ғылыми әдістерді қолдану арқылы кешенді талдауды талап ететін күрделі мәселе. Ғылыми зерттеулер, инновациялық технологиялар, су ресурстарын тиімді пайдалану және оларды рационалды басқару су тапшылығы мәселесімен күресудегі және еліміздің тұрақты болашағын қамтамасыз етудегі маңызды құрамдас бөліктері болып есептеледі.
Соңғы жылдары суды ұтымды пайдалану және оны үнемдеу үшін ауыл шаруашылығындағы суаруды басқарудың интеллектуалды жүйелерінен бастап өнеркәсіптегі ақаба суларды қайта өңдеудің, күнделікті тұрмыста суды үнемдеудің әртүрлі инновациялық технологиялары мен әдістері енгізілді. Елінің әрбір жаңашыры «Судың да сұрауы бар» түсінігін санасына сіңіре отырып, тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру жолындағы талпынысын көрсету арқылы, тұрмыста пайдаланатын суды үнемдеуге қатысты заманауи технологиялар мен қарапайым тәсілдерді қолданғаны жөн. 
Тұрмыстық су тұтынуды азайтуға арналған қарапайым тәсілдерді оқырман назарына ұсына кету артық болмас. 
Атап айтқанда:
* Ваннаның орнына душты таңдаңыз;
* Тіс тазалау кезінде кранды жабыңыз. Краннан 1 минутта 15 литр, 6 минутта 90 литр су ағып кетеді. Тіс тазалаған кезде стақан қолдансаңыз, онда күніне 400 мл су жұмсалады (әрқайсысы 200 мл-ден 2 стақан). Осылайша, күніне тіс тазалау кезінде кранды жауып отырсаңыз, 89,6 литр үнемдей аласыз;
* Қолыңызды жуған кезде кранды толықтай ашпаңыз. Орташа есеппен кранды толығымен ашпаған жағдайда да су үнемдеуге болады: қолды тез (10–15 сек) жусаңыз, 3–4 литр су, стандарт уақытта (20–30 сек) 5–6 литр су, ұзақ (40–60 сек) жусаңыз, 8–10 литр;
* Крандағы суды ағызып қойып ыдыс жуудан бас тартыңыз. Шұңғыл ыдысты немесе бекітпесі бар раковинаны пайдаланыңыз. Бұл тәсілді пайдалану арқылы 150 литр суды үнемдей аласыз;
* Үйіңіздегі су құбырларында ақау, тесіктер болған жағдайда жөндеу жұмысын жүргізіңіз. Краннан су тамшыламаса (минутына 10 тамшы), жылына 2 000 литрге дейін су үнемдей аласыз.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығына жұмсалатын су қорын үнемдеу үшін мынадай заманауи технологияларды енгізу ұсынылады:
* Булану салдарынан судың жоғалуын барынша төмендететін тамшылатып суару сияқты тиімді суару жүйелерін енгізу;
* Топырақтың ылғалдылығын сақтауға көмектесетін жабындау және топырақты өңдеу әдістерін қолдану;
* Құрғақшылыққа төзімді және өсу үшін суды аз қажет ететін өсімдік сорттарын таңдау;
* Жерасты суларының деңгейін жүйе­лі бақылау және оларды пайдалануды оңтайландыру.
Ал өнеркәсіп орындарындағы су қорын үнемдеу және ластанудан қорғау үшін мынадай технологияларды атап айтуға болады:
* Өндірістік процестерде қолданылатын әртүрлі жүйелер мен жабдықтарды салқындату үшін жабық су айналымы жүйесін енгізу;
* Ақаба суларды тазартудың және қайта пайдаланудың заманауи технологияларын пайдалану;
* Суды тұтынуды барынша азайту мақсатында өндірістік процестерді оңтайландыру;
* Мамандарды суды тиімді басқаруға үйрету және өндірістік мақсатта суды тұтынуды азайту бағдарламаларын іске асыру.
Осылайша, жоғарыда аталған қарапайым тәсілдер мен заманауи технологиялар жүйелі пайдаланылса, суды айтарлықтай үнемдеуге және тұрақты болашақтың негізін құруға әкелетіні сөзсіз.
Су ресурстарын рационалды пайдалану жаһандық ынтымақтастықты және әрбір адамның саналы қарым-қатынасын талап етеді. Бұл – ғалымдар мен мемлекеттік органдардың ғана емес, жер бетіндегі тіршілік үшін судың маңызын түсініп, оны сақтау үшін үлес қосуға дайын әрбір азаматтың міндеті.

Әзірлеген 
Бағдагүл Балаубаева

 

 

1169 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6380

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5804

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3546

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2928

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2889

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2867

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2598

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2582

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы