• Руханият
  • 11 Қаңтар, 2024

Қапез Байғабылұлының «Тілші» газетіндегі тілшілік мұрасы

«Ana tili» газеті мен ҚР Ұлттық кітапханасының бірлескен жобасы

XX ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ тарихында саяси-әлеуметтік, мәдени-ренессанстық, рухани-ағартушылық сипат алған Алаш қозғалысына қатысып, ұлт дербестігі, елдігі, теңдігі жолында жазықсыз құрбан болған қайраткерлер қаншама? Олар халықтың бағзы замандардан бері жалғасқан ділі, діні, тілі, жері, тұғырлы тәуелсіздігі үшін күресіп, бүгінгі бейбіт күннің арайын қалыптастырды. Тұғырын тіктетті. Өрісін биіктетті. Сол себептен де бүгінгі Алаштану ғылымының алдыға қойған әуелгі мақсаты – есімі әлі күнге дейін белгісіз, ұлт дербестігі жолында құрбан болған қайраткерлердің мұрасын халыққа таныту, елдік, ерлік жолын болашаққа ұрпаққа таныстыру екені анық. Бұл мақсат қазіргі уақытта өз деңгейінде орындалып, ақтаңдақтар есімі жаңғырып келеді. Сондай ақтаңдақ тұлғалардың бірі, қайраткерлік, ағартушылық мұрасы толыққанды зерттеле қоймаған, бүгінгі таңда есімі әлі күнге дейін көпке белгісіз тұлғалардың бірі, Алаш қозғалысының бүтін бір бөлшегіне айналған қайраткер – Қапез Байғабылұлы еді. 
 

Қапез Байғабылұлы – өз заманының ағартушысы, саяси қайраткері, білікті ұстазы, талантты сазгері, көшелі көсемсөзшісі болды. Сан қырлы қайраткердің тұлғалық болмысы халықты темірқазықтай соңына ертіп, шолпан жұлдыздай қараңғылықты сейілттірді. Оның саяси қайраткерлігі, жаңашыл әдістемені қалыптастырған педагогикалық мұрасы, сазгерлігі бір-бірімен салыстыруға келмейтін бүтін бір тұлғалық қасиеттер еді. 
Қазіргі таңда халық және Қапез мұрасын зерттеуші ғалымдар арасында қайраткердің жоғарыдағы қасиеттері көп айтылып та, зертеліп те жүр. Десек те, тұлғаның белгісіз бір қыры – тілшілігі. Қапез Байғабылұлының 1922–1929 жылдары шыққан алашұранды ба­сылым «Тілші» газетіндегі тілшілік қызметі еді. 
ҚР Ұлттық кітапханасының 7 мил­лионға жуық қорының ішіндегі 40 мыңға жуық қоры сақталған «Сирек кітаптар мен қолжазбалар» қызметінде XX ғасырдың алғашқы ширегінде шыққан қазақ басылымдарының көбі сақтаулы («Еңбекші қазақ» 1924–1932 ж., «Ақ жол» 1922–1926 жж., Бостандық туы 1922–1928 жж., «Қазақ» 1913–1918 жж., «Қазақ әдебиеті» 1935–1940 жж., «Қазақ тілі» 1923–1928 жж., «Правда» (Верный) 1918–1920 ж., «Жетысуйская правда» 1922–1924 ж., «Жетысуйская искра», 1925–1929 ж., Социалды Қазақстан 1932–1945 жж., «Шолпан» 1922 ж., «Айқап» 1911–1917 ж.; «Абай» 1918 ж. т.б.). Солардың қатарында «Тілші» газетінің 1922–1929 жылдар аралығында шыққан 500-ге жуық санының түпнұсқалары бар. Газеттің шыққанына 102 жыл болса да, сирек қордағы басылымның әр саны сол қалпынша еш бүлінбей бүгінгі күнге жеткен-ді. 
Асылында «Тілші» газетінің тарихы Жетісу өлкесінде тұңғыш шыққан басылым – «Жетісу ісші халық мұхбыры» газетімен байланысты. Ол 1918 жылдың 21 маусымынан бастап шыға бастады. 1918–1921 жылдары газеттің ныспысы бірнеше рет өзгеріп, «Көмек», «Ұшқын», «Бұқара» және «Кедей еркі» деген атаулармен шығып тұрды. Бұл газеттердің барлығы да өлкедегі саяси-әлеуметтік, рухани-ағарту­шы­лық жаңалықтарды хабарлап, халыққа үгіт-насихат жүргізіп отырды. Десе де, басы­лымның өркендеген, гүлдеген тұсы – «Тілші» нәмін алған кезеңмен байланысты еді.
«Тілші» газетінің шығуы туралы басылымның 1922 жыл 18 тамызындағы №1 санында: «Кедей еркі» газеті тоқтатылды. Алматы қаласында Жетісудың облыстық ортақшыл партияның комитеті атағынан шығып тұратын «Кедей еркі» газетасы тоқталып, оның орнына «Тілші» газеті шығады» делінеді. Алғашқы сандарына Сәдуақас Оспанұлы, одан кейін Сара Есқызы, Досбай Нұрпейісұлы, Рақым Омарұлы, Сабыр Айтқожаұлы редактор болады.
Газет бетінде кең талқыланған тақырыптар: оқу-білім, шаруашылықты қалпына келтіру, егіндік-шабындық жерлерді бөлу, саяси-әлеуметтік өзгерістер, шет ел жаңалықтары, мәдениет, сауатсыздықты жою – осылардың бәрі де басылымның көтерген замана мәселелері, міндеттері болатын. Алайда басылымның ғұмыры 1929 жылдың аяғына дейін ғана болды. Ал бұл жылдар аралығында, жоғарыдағы әлеуметтік, ағартушылық мәселелер аясында Алаш қайраткері Қапез Байғабылұлының да мақалалары жарияланып тұрады. 
Qyr balasy ҚҚ Ә.Бөкейхан Алаш ҒЗИ жуырда ғана «Алаш кітапханасы» сериясы аясында әдебиеттанушы, жазушы, драматург Ә.Байбол, жас зерттеуші С.Айыпжанмен қайраткер Қапез Байғабылұлының шығармашылығын зерттеу барысында «Алаш қонған ақ боз үй» деген атаумен Қапез атамыздың тұңғыш шығармалар жинағын шығарған болатын. Шығармалар жинағында тұлғаның әдеби мұрасы, тілшілік мұрасы, Қапез Байғабылұлы туралы зерттеулер енген еді. Сол бөлімдердің ішінде ҚР Ұлттық кітапханасының «Сирек кітаптар мен қолжазбалар» қызметінде қайраткердің «Тілші» газетіне шыққан бірнеше мақалалары табылып, оны қазіргі қаріпке түсірген болатынбыз. 
Бізге кездескен мақалалардың қатарында: «Ескергені осы ма?», «Қосшы тіршілігі», «Аткезшімен күресу», «Жазықсыз 20 қара сойылды», «Мектеп мұғалімсіз ескерусіз қалатын болды», «Шаруа тіршілігі», «Болыстық сайлау жақсы өтті» сынды мақалалар газеттің 1923–1927 жылдар аралығында шыққан екендігі анықталған-ды. 
Мәселен, «Тілші» газетінің 1923 жылы №28 санында шыққан «Ескергені осы ма?» атты көлемі шағын мақаладағы көтерілген тақырып – ағарту ісіндегі жөнсіздіктер. Мақаланың уыты мынадай: оқу жұмысын жақсарту мақсатымен Жаркент үйезіне келген халық ағарту инспекторы Біләл Сүлейұлы ел ішінен мектеп комиссиясын сайлап, мектеп салығы ретінде жұрттан алым ретінде оқу жұмысын айлыққа бастыру керек дейді. Осы бұйрықтан соң елдегі кейбір «епті» азаматтар елден жылу жинауға кіріседі. Амалы не, жиналған жылу бай-жарлы деп айырмай, елден тегіс жиналады. Онымен қоймай, жиналған қойдың 20 шақтысын комиссия мүшелері сатып, көз қарғамас қып бір сыпыра «қарын­даш-қағаз» алғандай болады. Ал қал­ған ақшаны бармақ басты, көз қысты әрекетке салады... Әлбетте мақала авторы, әуелі, сол өңірдің ұстазы ретінде, содан кейін тілші болғандықтан мұндай бассыздыққа бей-жай қарамайтыны анық. Өйткені өңірдегі мұндай оқиғаға автордың өкініш, күйініші мақаланың өне бойынан сезіледі. Әсіресе, автордың түйінді сөзінде: «Мектеп керек, халықтан алым жинау керек, оқусыз жұмыс қиын деп, айды салатын адамдарымыздың сиқы анау, бәрі өз құлқынын ойлайды. Мектепті, оқуды ескергені осы ма?» («Тілші», №28. 1923 жыл, 20 март) деп түйіндейді. 
Қапез Байғабылұлының оқу-ағарту мәселесін көтерген енді бір көсемсөзі – «Мектеп мәселесі ескерусіз қалды» деген мақаласы. Бұл мақалада Жаркент үйезіндегі, Ақтоғай болысына қарай үш ауыл елдің оқу жағдайын сынайды. Негізі себеп – биліктегілердің ауыл мектебінің халіне назар аудармауы. Бұған автордың көзқарасы мынадай:
 «Күн болса жақындап, оқу жағы байлап келеді. Оқу жайын ескеріп, мектепті жасанды деген ауыл аткомдеріміз болса бұлар өзінің қу қарабасының қамы болмаса елге тиімді халық игілікті күн салмайды. Көбіміз көздеген мақсаты «болыс екен» деген атақ байлану келешегі заман адамы болма деген жас буындарымыздың тәрбие үлгі алатын дағдылары мектеп емес пе?
Мұны ескерген пенде жоқ. Жұрт мек­теп­тің шығынынан қашпайды. Ептеп жетуге ерініп бастайтын іскер қызметкер­леріміздің жоқтығынан ел адамы жайлау жатыр. Кеңес үкіметі орнағанына 8 жыл толып, 9-ға аяқ басқалы тұр. Бұл мезгілге дейін ешбір мектеп жоқ. Оқу орны дайынсыз басшыларымыздың ұйқыдан көз ашпай жүргені анау.
Бұл салақтық па, олақтық па? Жоқ жаңағы болыс болған кісі жұрт игілігіне көз салмай ма?» («Тілші», №196. 1925 жыл, 27 сентябрь) 
Жоғарыдағы мақаланың райындай «Қосшылар оқып жатыр» атты мақалада да мектеп, оқытушының жоқтығы есебіндегі мәселер көтеріледі. 
«Жаркент үйезі, Ақтоғай болысы, Ұзынбұлақ пен Жалағаштан қосшылар үшін екі мектеп ашылып еді. Осы күнде сол екі орнында 70-80 шамалы қосшы мүшелері үлкендер оқып жатыр. Оқулары көңілді. Оқыту жағы да жақсы. Қосшылардың әлді, сауатты болып оң-солдарын танып, сәйесі түсінік кіріп қалды. Бұларды көріп елдің басқа үлкендері де оқуға құмарланып, дұрыс оқытушы таба алмай жүр. Әр жерде де осындай қосшыларды сауатты қылуын мектеп ашылса, игілікті жұмыс болған болар еді. Қосшылар ұйымдасып, тап сезімі күшейіп, санасы ашылып, оң-терісті талғар еді» («Тілші», №155. 1925 жыл, 3 февраль) деп байсалды түйінмен қорытады. 
Қапез Байғабылұлының тілшілігін­дегі оқу-ағарту мәселесінен кейін көтерілген тақырып – шаруа жайы, халық тұрмысы. Мәселен, «Қосшы тір­шілігі» атты мақаласында – Ақто­ғай болысындағы 250-дей қосшы мүшелерінің әлеуметтік жағдайының нашарлығы, оның негізгі себептері мен шешу мүмкіндіктері туралы айтылған. Мақалада қосшы жайынан 3 түрлі мәселе көтерілген. Автордың жазған әуелгі мәселесі – мал шаруасының аздығының үстіне егін салатын жерлердің аздығы. Екіншісі – осы уақытқа дейінгі қосшылардың үкіметтен келген лау һәм кезекті шығындарға байлардың ынтымағына кіріп, алдауына еріп бірге тартып келуі. Егер де үкіметтен жеке қосшыларға келген тиісті шығындар болса, байлар жалт беріп шыға жөнеледі. Сөйтіп, қарапайым қосшылар байларға қосыламын деп бір төлеп, өзара келген тиісті шығынмен екі төлейді. Үшінші мәселе – жайлауға шыққан қосшы малының алымын жай адамдардан ажырату. Міне, осы мәселелердің түйінінде автор: 
«...Мұнан былай қосшы тіршілігі жанданып, шаруасы көтерілсін десек, қосшылардың алым-салық ретін жай адамдардан ажырату керек. Һәм тәуір жарамды жерге қосшыларды отырықты қылу үшін жер (шенеуші) комиссия шығарып, егін салыс жерін молайтуға бір шара істеу керек. Үшінші: бір жағы от жаққан тұяқ қатқа, бір қарадан шығып тұрғанда: қосшы тіршілігі қайтып жөнделеді. Бұған зер салып, бұл туарда бір шара жасау керек қой. Ал қосшылардың тіршілік жайы жоғарыдай. Бұл қалыппен тұрғанда қосшы тіршілігі қайтіп жөнделеді? 
Бұған облыстық, үйездік қосшы ұйымдары көзінің қырын салып, Ақтоғайдағы қосшылардың жоғары көрсетілген кемшілік істеріне бір шара істер деп сенеміз» («Тілші», №134. 1924 жыл, 13 сентябрь) деген түйдекті ұсыныс, талапен түйіндейді. 
Ал «Шаруа тіршілігі» атты мақалада автор Ақтоғай болысы, Торайғыр ауылын­дағы Бектеміс Есенұлы деген шаруаның үйіндегі «таңырқарлық» оқиғаны баяндай келе, білімпаздардан көмек сұрайды. Ол оқиға себеп: жо­ғарыдағы кейіпкеріміздің қора­сын­дағы қойлардың ауырып-сыр­қамай, бей-берекет өлуі. Өлгенде де ішегі шұбатылып барып белгісіз түрде өлуі. Және бұл өлімді қараңғы халық іш жарғыш тажал өлтіріп жүр деген қаңқумен байланыстыруы. Автор мақала түйінінде қойлардың өлуінің себебіне халықтың айтқанына да қарсы уәж келтіріп жатпай, бейтарап позицияда, білікті, оқыған мамандардан жәрдем сұрайды. Бұл ұстаным – автордың тілшілік, азаматтық көзқарасының жарқын көрінісі.
«Бұл өлімді: қараңғы ел әртүрлі ақылға сыймайтын іш жарғыш тажал кісі киік деген нәрселерге жориды. Басқа шаруаларда сауда, бір күні бізге де келіп қала ма деп? Бұл бөлімінің жайынан білімсіздерден сұраймыз. Газет бетінде жайын ақыр деп ел көңілін ашса екен. Бүйте берсе жалғыз Бектеміс емес талай шаруаны сорлататын көрінеді. Бұған мал дәрігерінен бір шара көрілсе тәуір болар еді». («Тілші газеті. №205(3 бет). 15 ноябр1925)
Елдегі қараңғылық, ғылым мен білім жаңалықтарынан жұрдай қоғамның көрінісі – Қапез тілшілігіндегі келесі бір тақырыптың бірі. «Жазықсыз 20 қара сойылды» атты мақалада бұл тақырып кеңінен көтерілген. Мақаланың қысқаша мазмұны мынадай: Алматы үйезіндегі халық арасынан ғайыптан тайып бір «әулие» пайда болыпты-мыс. Ол әулиенің әулиелігі соншалық, Құдаймен байланысқа емін-еркін түседі екен. Сол әулиенің айтуынша, әрбір түтін түтеткен үй түсі қызыл сиыр сою керек екен. Егер де бұлай жасамаса Құдайға қарсы шығады. Соған сенген қараңғы халық сиырларын шетінен бауыздайды. Соның әсерінен бір болыстың үйінде жазықсыз 20 қара текке сойылады. Автор бұл іріткі сөзге ашына отырып: 
«Аяғында бір болыстан ғана жиырма сиыр сойылды. Сөйтіп, ел бір жындының сөзіне еліктеп, жазықсыз сиыр малын қырып, оқыратып жүр. Пұшықтың сандырағын істеп сиыр сойғаннан жұртқа қанша пайда? «Орынсыз кеткен қайран мал» деп осыны айтуы ма? Мұны үкімет тыймаса, ел ондай-мұндай кішінің сөзін тыңдайтын емес» («Тілші», №163. 1925 жыл, 23 март) деп кесімді пікірін, өкінішін білдіреді. 
Қапез Байғабылұлының «Аткез­шімен күресу» атты мақаласында да көтерілген негізгі мәселе – халықтың қараңғылығы, сауда ісіндегі аткезшілік істер. Мақалада Қытай жеріне апиын, ал елге Қытайдың арзан матасын, дәмсіз шайын бір қойға сатып арам пайдаға құныққан «қызылқұлақ» саудагерлер туралы айтады. Автор мақалада: 
«Бұл көрсетілген көздерге жоғары үкімет мекемесіндегі жолдастар көзінің қырын салып, қатты тию салар деп күтіп тұрмыз. Ондай болмай қағаз бетінде ғана жазылып, бір шара істемей қалатын болса, жалпы қара халықтың көбі-ақ аткезші атанып, қызылқұлақ саудагер болатын көрінеді. Бұған облыстық, үйездің үкімет қатты зер салып, құритын шарасын көздесе екен» («Тілші», №145. 1924 жыл) деп бұл аткезшілік істің салдарын, күресу жолын анық көрсетеді.
«Болыстық сайлау жақсы өтті» атты мақалада Қапез Байғабылұлы Жаркент үйезіндегі, Ынтымақ болысындағы болыстық сайлаудың қалай өткендігі жөнінен хабар береді. 
«Ынтымақ болыстық 5 кеңес тобы жақсы өтті. Кедей тобы бір жағадан бас шығарып, болысқа өздерінің сүйген азаматтарын қойды. Талас тартысқа жол бермеді. Партия шар жинап, көк балық болған байлардың мойнынан су төгіліп, сайлаудың шеніне жолай алмады» («Тілші» газеті. №222 (3бет). 17 февраль.1926) 
Қапез Байғабылұлының «Тілші» газетіндегі тілшілік мұрасын зерттеу ая­сында газеттің 1927 жылдың 18 апрелінде №275 санының 4 бетінде Қапездің жары Байғабыл келіні Жібектің мақаласы да табылған болатын. Мақаланың тақырыбы – «Тілшіні күшейтелік. Тілшіні күшейту – бәріміздің борышымыз» деп аталады. Бұл мақаланы қазіргі қаріпке түсіре отырып автордың халық ішіндегі ағарту жұмыстарын белсенді қатыса отыра «Тілші» газетіне жазылуды оқырманға үндейді. 
 «Газет оқып отыру – әрбір хат білген адамға бес парыздың бірі. Газетті оқу қандай керек болса, оны алдырып оқушы болу, қалам көмегін беріп жазып тұру сондай керек. «Тілші» газетін көбірек тарату мақсатымен алты айға жазылып, 2 сом 32 тиын төлеп жалаңаштады. «Торайғыр» мектебіне жіберіп отырмын. Сонымен бірге бұл жөнде атсалысуға төмендегі жолдастарымды шақырам. 
Ақтоғайдан. 
Балабек келіні Жамилиа, 2 Ботбай келіні Қалима, 3 Әлімқұл келіні Балиша, 4 Әбдіреш келіні Айжан, 5 Жүніс келіні Күләй. 6. Жаталы келіні Үкіжан. 
Ынтымақтан. 
7. Мүмбекбай келіні Балкүміс, 8 Қасен келіні Мырза, 9 Тілес келіні Жәмилә, 10. Сәрсенбі келіні Қамза» («Тілші» газеті. №275 (4 бет). 18 апрель 1927)
Біздің ойымызша, бұл мақаладағы деректер «Тілші» газетінің тарихына байланысты маңызды дерек. Демек, «Тілші» газетінің өркендеуіне, халық арасында мол жайылуына Қапезбен бірге оның жары Жібек әжеміз де өз септігін тигізгені анық. Сонымен қоса, бұл әзірге табылған жалғыз мақала. Бұл әлі де болса газеттің басқа да сандарын жіті қарауды мақсат етеді (кестеде).
Қорытындылай келе, алаш қайраткері Қапез Байғабылұлының «Тілші» газетіндегі тілшілік қызметі, тілшілігі, әлі де терең зерделене түсуі керек. Өйткені біз шағын ғана зерттеу мақаламызда газеттен тапқан және қазіргі қаріпке түсірген көсемсөздер туралы ғана сөз қозғадық. Десек те басылымның 7 жылдық, одан бұрынғы «Жетісу ісші халық мұхбыры», «Көмек», «Ұшқын», «Бұқара», «Кедей еркі» газеттерінің уақытымен есептесек, 11 жыл ғұмырының бар екенін есептесек және Қапездің сол жылдары Жаркент, Ақтоғай өңірінде ұстаздық қызмет еткенін санасақ, біздіңше, Қапез Байғабылұлының «Тілші» газетіндегі мақалалары бұдан да көп болуы мүмкін деп ойлаймыз. Олай ойлайтынымыздың тағы бір себебі – Қапез Байғабылұлына газет редакциясынан келген хаттар еді. «Хабаршыларға» атты хатта: 
«Байғабыл ұлына: жіберген мақала­ларыңыз басылды. Ел шаруашылығына керекті қабарларды жазып тұрыңыз. («Тілші газеті. №195 (3 бет). 22 сентябр 1925) деген мәлімет берілсе, дәл сол тақырыптағы хатта: 
Байғабыл ұлына: 17 ноябрде жіберген 152. 210 номері поштадан алған квитанцияларыңыз алынды. Тиісті ақшасы сізден басқарманың есебіне кірді. Басқа қабарларыңыз айлығына қарап басылады. («Тілші» газеті. №210 (4бет). 11 декабр1925). Ал «Кімнен қанша алынды» атты хатта Қапезбен бірге бірнеше тілшілердің есімін айта отырып: 
«Тұрмашұлынан. Сізден 139-дәп­терден 14-ден 15 құлақ қағаз алынды. 
Қасенұлынан 39-дәптерден 27-ден 32-ге шейін құлақ қағаз алынды. 
Байғабылұлынан 14-дәптерден 46-дан 49-ға шейін құлақ қағаз алынды. 
Бақашұлынан 17-дәптерден 27-ден 29-ға шейін құлақ қағаз алынды. 
Белгібайұлынан 95 дәптерден 1-ден 7-ге шейін алынды. 
Дәрменқұлұлынан 146 дәптерден 17-құлақ қағаз алынды. 146- агенттен 25 құлақ қағаз алынды. 1-агенттен 13-15 құлақ алынды. 
76 агенттен 1-ден 3-ке шейін құлақ қағаз алынды. 
Бұлардың бәрінің де бірінші февральдан алдан арман қарай көрсетілген мезгілдеріне шейін газет жіберіліп тұрады» («Тілші» газеті. №261 (4 бет). 3 феврал. 1927) делінген хабар келеді. 
Мінекей, бұл деректердің барлығы да біздің жоғарыдағы пікірімізді қуаттайды. Сонымен қатар ҚР Ұлттық кітапханасындағы «Сирек кітаптар мен қолжазбалар» қызметінде сақтаулы «Тілші» газетіндегі Қапез Байға­был­ұлы­ның тілшілік мұрасы келешекте Қапезтанудың аясын кеңітетін, тұлғаның қайраткерлік, ағартушылық болмысын ашатын зерттеу нысаны болуы керек деп есептейміз. 

Ертай БІЛӘЛ,
ҚР Ұлттық кітапханасы 
«Сирек кітаптар мен қолжазбалар» қызметінің қызметкері

7656 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы