• Cұхбаттар
  • 08 Ақпан, 2024

«САРЫАРҚА» – ОРКЕСТРДІҢ ТӨЛҚҰЖАТЫ

Медет ҚУАНЫШЕВ, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің директоры

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрі – ұлттық музыкалық өнерді, ұлттың бірегей музыкалық аспаптарын, ұлттық әуенді дәріптеп келе жатқан музыкалық ұжым. Тоқсан жылдық мерейтойы қарсаңында оркестрдің директоры Медет Ермекқалиұлы Қуанышевпен кездесіп, аз-кем тілдескен едік. Әңгіме өзегі – оркестрдің тамыры, тарихи тұлғалары туралы.

 

– Әңгімемізді бастамас бұрын өткенге бір қайырылып алсақ. Құрманғазы оркестрі қалай құрылып еді? 
– Әрбір халықтың ұлт болып қалыптасуының қайнар көзі – тағылымға толы дүниетанымынан, салт-дәстүрінен, ұлттық мәдениеті мен руханиятынан бастау алары сөзсіз. Халқымыздың руханиятының шыңы – қазақтың аспапты-музыка өнері. Қазақ халқының ұлттық аспаптарына негізделген аспапты-музыка мәдениетін әлемге танытып келе жатқан өнер ордалары аз емес. Солардың бірегейі – қазақ музыка өнерінің қарашаңырағы, құрылғанына 90 жыл толып отырған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі. Қазақ музыка тарихындағы тұңғыш оркестр – ұлтымыздың аспапты-музыка мәдениеті мен өнері тарихында бірегей өнер ордасы дер едім. 
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің қалыптасуы ұлты үшін туған ұлт қайраткерлерінің есімімен тығыз байланысты. Ол – қайсар рухты Темірбек Жүргенов еді. Өз ұлтының мәдениеті мен руханиятына ғұмырын сарп еткен ұлт қайраткері 1933 жылы Қазақстан Өлкелік комитетінің халық-ағарту комиссары қызметіне тағайындалады. Жауапкершілігі жоғары қызметте бола жүріп, ел ішінде әлі бір жүйеге түспеген білім, әдебиет, өнер, мәдениет бағыттары бойынша арнайы комитетке төрағалық жасап, ұлттық өнер мен мәдениетті жаңа арнаға бұрады. Темірбек Жүргенов Қазақ өнерпаздары мен ақындары арасында алғаш рет I Бүкіл Қазақстандық слет өткізіп, қазақ өнерінің қайталанбас тұлғаларының басын қосады. 
Ұлттық музыкалық аспаптарға негізделген оркестр құру жолындағы асқан жауапкершілік қазақ музыка өнерінің қара нары, академик  Ахмет Жұбановқа тапсырылған. Ғ.Медетов, Ж.Қаламбаев, Л.Мұхитов, М.Бөкейханов сынды қазақ музыка өнерінің алыптары да осы оркестрдің құрылу ісінің басы-қасында жүрді. 
Академик С.Қирабаевтың мынадай естелігі бар: «Ахмет Жұбановтың естелігінде бір қызық эпизод бар. Ол жаңа ұйымдасқан оркестр ұжымымен сауат ашу жұмыстарын жүргізіп жатады. Ол үстелі жоқ жер еденді үйде, пешті тақта етіп сабақ өткізіп жатқанда Жүргенов кіріп келіпті. Ол үстелсіз, тақтасыз, қағаз-қаламсыз өтіп жатқан сабаққа таңырқап: «Оларың қайда? Маған неге айтпадыңыз?» депті. Ахмет Жұбанов қысылып: «Сіздің жұмысыңыз көп, мазаламайын деп шештік» деген. Сонда Темірбек Жүргенов: «Ахмет, сен білесің бе? Сен тарихқа қазақ деген халықтың жаңа заманға лайық ұлттық оркестрінің тұңғыш ұйымдастырушысы болып енесің. Мен бүгін наркоммын, ертең нарком емеспін. Мен сенің оркестріңнен үлкенмін бе? Бұдан былай кез келген мәселеде маған кел. Есігім ашық»...
Оркестр туралы айтқанда ұлт мәдениетінің қарашаңырағын құруға атсалысқан тұлғалардың аттарын атап, естеліктерін де қайыра еске алып жүрген дұрыс-ау деп ойлаймын.
– Оркестр тарихын қозғағанда оның алғашқы көркемдік жетекшісі әрі дирижері Ахмет Жұбановтың есімін қоса атаймыз... 
– Дұрыс айтасыз, ұлттық оркестрді академик Ахмет Жұбановтың есімімен байланыстырмау мүмкін емес. Ұлттық оркестрдің алғашқы көркемдік жетекшісі де, дирижері де Ахмет Жұбанов болды. Академиктің басты мақсаты – оркестрдің алғашқы қалыптасу кезеңінде бойында табиғи талантымен талайды таңқалдырған домбырашылардың музыкалық білімін жетілдіріп, академия­лық дәрежеге көтеру еді. Домбырашылардың қатысуымен бабалар аманаты болған Құрманғазы Сағырбайұлының күй мұрасын оркестрге түсіріп, ғылыми бағытта шығармашылық жұмыстар атқарған. 
1934 жылы Алматы музыкалық-драма техникумында Ахмет Жұбановтың жетекшілігімен 11 адамнан ғана құралған домбырашылар ансамблі дүниеге келеді. Ансамбль мүшелерінің халқымыздың дәстүрлі бай музыка мәдениетін дамыту жолындағы арманы асқақ, мақсаты айқын болды. Бастапқыда ансамбль болып құрылған шығармашылық топ қарапайым ғана домбыра, қобыз және сыбызғы аспаптарының дыбыс ерекшелігін жетілдіре отырып, ел жадында сақталған халықтық дәстүрлі музыканы дамытуға кірісті. 
Ұлттық оркестрді ұйымдастырып, іргесін қалаған А.Жұбановтың тағылымдық ісін жалғастырып, әр жылдарда оркестрдің тізгінін ұстаған ­­­­­­­­ Л.Хамиди, Л.Шаргородский, Н.Тілендиев, Ф.Мансуров, Ш.Қажығалиев,  А.Мырзабеков, М.Аубакиров сынды дарынды дирижерлер мен көркемдік жетекшілер оркестрдің шығармашылығын дамыту жолында аянбай еңбек етті. Осы алып тұлғалардың ішінде ғұмырының 42 жылын оркестрге арнап, өнер ордасын әлемдік мәдениеттің төріне шығарған КСРО және Қазақстанның Халық артисі  Шамғон Қажығалиев­­­­­­­ туралы да айта кетсем деймін. Ол оркестрдің бағдарламасына ұлттық және шетел халықтарының музыкалық шығармаларын енгізе отырып, оркестрде қолданылатын аспаптар құрамына да аса мән берді. Себебі оркестр бағдарламасындағы Құрманғазының «Сарыарқа», «Көбік шашқан», Түркештің «Көңілашар», Брамстың «Венгер биі», Н.Тілендиевтің «Махамбет», Е.Г.Брусиловскийдің «Исаның желдірмесі» т.б. сияқты жігерлі де қуатты шығармаларын орындау классикалық аспаптардың көмегін қажет етті. Осы мақсатқа сай Ш.Қажығалиев оркестр тарихында алғаш рет 1950–1951 жылдарда Мәскеудің аспаптар жасау шеберханасынан 50-ден аса аспап жасатып, әр әспапты дыбыстық ерекшелігіне қарай жаңғыртып, оркестрге енгізді.
Ш.Қажығалиев оркестрдің орындаушылық мәдениетін халықаралық деңгейде таныта білді. Нар тұлғаның атұстары Нарын Қажығалиев бүгінде әке жолын жалғастырып оркестрде дирижерлік қызмет атқарып келеді. «Әке көрген оқ жонар» деген халық даналығы осының дәлелі болар. Белгілі композитор Базарбай Жұманиязов өзінің «Серпін» атты шығармасын Шамғон Қажығалиевке арнаған. 2022 жылдың аяғында ұлттық оркестрдің ұйымдастыруымен атақты дирижер Ш.Қажығалиев­тің 95 жылдық мерейтойын «Серпін» атты еске алу кешімен атап өтіп, Алматыдағы тұрған үйінің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды.
Ұлттық оркестрдің қазіргі бас дирижері – «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, жалынды да жігерлі Абылай Тілепберген. Жас дирижердің оркестр бағдарламасына батыл енгізген тың да жаңа шығармалары көзі қарақты қалың көрерменнің ізгі ілтипаты мен зор ықыласына бөленіп келеді. Ұлттық оркестрдің дирижері Қазақстанның мәдениет қайраткері, талантты өңдеуші Жексен Айсынның орны ерекше. Дирижердің басқаруымен орындалатын әр шығарма көрерменді қуантып келеді. 
Ахмет Жұбанов естелігінде: «Алғаш­қы кезеңдерде халық шығармашылығы мен музыкалық халық аспаптарын зерттеп, оларды дамытуда түрлі қиындық болды. Домбыра, қобыз аспаптарының дыбыстық ерекшеліктерін акустика заңдылықтарына сай ретке келтіретін заманауи музыкалық шеберлер тапшы еді. Орыс музыкалық аспаптарын жетілдірген ағайынды Борис және Эмануил Романенколар халық аспаптарын зерделеуде аянбай қажырлы еңбек етті» деп жазады. Иә, Құрманғазы оркестрі туралы айтқанда ұлттық аспаптарды бүгінгі оркестрге лайықтап берген мамандарымыздың да есімін ұмытпаған жөн.
– Сөз орайы келгенде домбыра аспабының шебері Қамар Қасымов туралы да сұрай кетсек...
– Оркестрдің қалыптасу тарихында белгілі аспап жасаушы шебер Қамар Қасымовтың есімі де ерекше аталады. Темірбек Жүргенов оркестр жетекшісі Ахмет Жұбановқа аспап жасаушы шебер Қамар Қасымовты Алматыға алдыруды тапсырған екен. Аспап жасаушы шебер ұлттық оркестр үшін дайындалған аспаптардың үн ерекшелігін сақтай отырып, классикалық аспап деңгейіне дейін көтерді. Кәсіби деңгейде жасалған музыкалық аспаптар оркестрдің академиялық деңгейге көтерілуіне ықпал етті. Шебердің қолынан шыққан құндылығы жоғары музыкалық аспаптар еліміздегі және Ресейдегі музыкалық музейінде бүгінге дейін сақталып келеді. 
– Оркестрге күйші Құрманғазының есімі соғыс жылдарында берілді. Солай ғой?
– Иә, ол кезең әр ұлттың рухын жанып, жігерін қайрау үшін ұлттық батырлар мен ұлттық қайнарларды қайта тірілтуге рұқсат берілген жылымық уақыт еді. Осылайша, 1944 жылы, оркестрдің он жылдығы қарсаңында Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің арнайы қаулысымен музыкалық ұжымға қазақ даласын күйімен тербеген күйші-композитор Құрманғазы Сағырбайұлының есімі берілді. 
Қазір де Құрманғазы Сағырбайұлының әр туындысы ұлттық оркестрдің тұмары іспеттес. Күйшінің «Сарыарқа» күйі оркестрдің төлқұжатына айналып отыр. Оркестрдің әрбір концерттік бағ­дарламасын «Сарыарқа» күйімен аяқтау оркестр тарихындағы үзбей жал­ғасып келе жатқан дәстүрге айналды. 
– Оркестрдің қазіргі ұжымы туралы айтып берсеңіз...
– Оркестр ұжымында музыкалық білімі жоғары 80-нен аса кәсіби музыка мамандары, еліміздің мәдениетінің өркендеу жолында еңбек етіп жүрген ҚР мәдениет қайраткерлері, мәдениет саласының үздіктері, өнер-мәдениет саласы бойынша мемлекеттік стипендия иегерлері қызмет атқарады. Әр аспапты жоғары деңгейде меңгерген ұлттық оркестр артистері ұлттың рухын көтеріп, мәдениеттің беделін асқақтатып келеді.
Ұлттық оркестр 90 жылдығы қарсаңында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Еуропа мәдениетінің төрі Италия мемлекетінің астанасы Рим, Неаполь қалаларына халықаралық деңгейде ұйымдастырылыған «Көшпенділер әуені» концерттік бағдарламасымен гастрольдік сапарымен барды. 
Ұлттық оркестр бүгінде өнерсүйер қауымға тың жаңа музыкалық жобаларды ұсынып келеді. Ауқымды жобалардың бірі – «Оркестр түні» жобасы. Бұл жоба көрермен тарапынан жақсы қолдау тауып, ұлттық оркестрдің еліміздегі дәстүрлі және авторлық музыкалық жобасына айналып отыр. 2022 жылы Құрманғазы оркестрінің базасында алғаш рет «Шертпе күй» дәстүрлі музыка фестивалі, 2023 жылы ұлттық оркестр бірінші рет «Құрманғазы атындағы XII республикалық халық аспаптарында орындаушылар конкурсын» ұйымдастырды. Бұл ауқымды жобалар алдағы уақытта да еліміздегі дәстүрлі музыкалық мұрамызды дәріптеп жүрген жас таланттарды анықтау мақсатында өткізіліп тұрады. 
ҚР Мәдениет және ақпарат минис­трлігі мен «Freedom Holding Corp» компаниясының демеушілігімен ұлттық оркестрдің 90 жылдық мерейтойына орай, оркестр ұжымына арнайы 20 дана домбыра музыкалық аспабын табыстады. 
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Көнеден жеткен бұл аспап халқымыздың болмыс бітімін, салт-дәстүрі мен мәдениетін айшықтайды» деп атап өткендей, ұлттық аспаптарға негізделген қазақ музыка мәдениеті төрінен орын алған ұлттық музыка өнері мен мәдениетінің қарашаңырағы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі қашанда ұлт руханиятының көшбасшысы болып қала береді. 
– Әңгімеңізге рақмет! 

Әңгімелескен 
Элеонора Әзіржанова

5066 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы