• Ақпарат
  • 25 Сәуір, 2024

ҚАЗАҚТАНУ ІЛІМІ ҚАЛАЙ ДАМИДЫ?

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында «Тіл және мәдениет» лингвистикалық алаңы аясында академик  Әбдуәли Қайдардың туғанына 100 жыл толуына орай «Академик Ә.Қайдардың зерттеулеріндегі қазақтану ілімінің даму үрдісі» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. 
Ғалымның еңбектері жайындағы кең ауқымды конференцияны ұйым­дастыруға А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қызметкерлерімен бірге, Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті, Қазақстан халқы ассамблеясы атсалысты. 
Конференцияның алғы сөзін бастаған осы институттың директоры, ф.ғ.к. А.Фазылжан академик Әбдуәли Қайдардың ана тілінің асыл қазынасын  зерделеуге бүкіл саналы ғұмырын, адами-ғылыми тұлғалық қайрат-жігерін аямай жұмсап, халықтың биік рухын, бай руханиятын «тіл әлемі» арқылы дәйектеп, дәлелдеген еңбектері баға жетпес құндылығымен ерекшеленетінін атап өтті.
Ғалымның, жалпы, түркітану ғылымына, соның ішінде, әсіресе қазақ тіл білімі мен ұйғыртану саласына қосқан нақты үлесі мен сіңірген еңбегі оның өзі жариялаған 700-ге жуық ірілі-кішілі зерттеулерден, оларда көтерілген сан алуан (50-ден астам) лингвис­тикалық проблемалардың теория­лық өзектілігі мен практикалық қажеттілігінен де, тақырыбынан да айқын көрінеді. 
Академик Ә.Қайдар – тіл білімі бойынша ғылыми кадрлар дайын­дауға да ерекше көңіл бөлген ғалым. Оның ғылыми жетекшілігімен филология ғылымы бойынша диссертация қорғаған 16 доктор мен 75 кандидат Қазақстанның түкпір-түкпірінде, сондай-ақ елімізден тыс жерлерде жемісті еңбек етіп жүр. 
Конференцияда академик Әбдуәли Қайдар атындағы «Халық даналығы» атты республикалық мақал-мәтел байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқауға 14 оқу орнынан (Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Назарбаев университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті, М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Әлихан Бөкейхан университеті, Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университеті, №1 Алматы қазақ педагогикалық колледжі, Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, Алматы гуманитарлық экономикалық университеті, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті) 117 студент, магистрант, докторант қатысты. Марапат 3 деңгейде табысталды. Қайдаровтар отбасылық марапатқа 3 студент, Тіл білімі институтының негізгі марапатына 5 студент (жүлделі орын) және академик Әбдуәли Қайдардың шәкірттері атынан ұйымдастырылған ынталандыру марапатына 12 студент ие болды.

 

 

Қазақ әлемінің тілдік бейнесі
 

Академик Ә.Т. Қайдар – қазақ этнолингвистикасының негізін қалаушы, қазақ тіл білімінде этнолингвистикалық мектеп қалыптастырушы ұстаз-ғалым. Оның ғылыми мұрасы – «Ұлттың рухы тілде» деп толғанған В.Гумбольдттің т.б. көрнекті философ ғалымдардың ұстанған концепциясының қазақ топырағында «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының ұлттұтастырушылық идеясының тәуелсіздік кеңістігінде жаңғырып, жалғасып, тілі арқылы қазақ әлемінің жан-жақты танылуының ғылыми-танымдық көзі. Ғалымның өз сөзімен айтқанда: «Этностың инсандық болмысын һәм дүниәуи табиғатын, оның даму заңдылықтарын тіл феномені арқылы танып-біліп, этностаным мен тілтаным арасынан туындаған лингвистиканың жаңа да дербес саласы – этнолингвистика».
Бірақ «Этнос пен тіл» сабақтас­тығында тілдік тұғырдың мәнін ашатын этнолингвистиканың жоғарыда көрсетілген лингвофилософиялық, әлеуметтік, психологиялық т.б. сан алуан қырларының бір нүктеде тоғысып тұтасуы жеке салалық сипатта емес, кешенді кең арнада тануды қажет етеді. Бұл, сайып келгенде, академик Ә.Қайдардың этнолингвистикалық мектебін ерекшелейтін негізгі белгісі деуге де болады. Атап айтқанда, бұл пікірді осы салаға қатысты этнографиялық, мифологиялық ұғымдардың символдық қызметіне мән берген Э.Сепирдің АҚШ-тағы этнолингвистиканың баламасы ретінде ұсынылған «антрополингвис­тика» терминінің қолданысы, оны тек «көне дүниені» зерттеуші ғылым деп оның дерегін халық тілінен, жергілікті тіл ерекшеліктерінен іздеген ресейлік ғалымдар Н.И. Толстой, В.Н. Топоров т.б. және қазақ ескіліктеріне көбірек көңіл бөлетін Е.Жанпейісовтің еңбектеріне сүйеніп айтып отырмыз. 
Бұл пікірлердің бәрін де мойындай отырып, Ә.Қайдар этнос тілінде өз көрінісін табатын тек оның салт-дәстүрі, көне дүниелері т.б. мәдени артефакторлар ғана емес деп санайды. Себебі этностың тұтас бейнесі (материалдық және рухани мәдениетке қатысты), барша болмысы туралы толық мағлұмат оның тілінің тұтас қазынасында сақталады. Сондықтан академик Ә.Қайдар этносты танытудың қайнар көзі ретіндегі тілдік қазынаны зерттеу барысында «тіл әлемі» деп қолданады да, оны осындай бай тіл қазынасының мазмұнына бойлап, еніп оны игеріп танып-біліп және өзгеге таныту үшін «Қазақтар ана тілі әлемінде» атты этнолингвистикалық сөздігінде оларды үш макрожүйеге (Адам. Қоғам. Табиғат – 3 т.) жіктеп, жүйелеп қарастырады. Мысалы, «Адам» макрожүйесіндегі жинақталған тілдік деректерге сай, қазақ танымында адам болмысының «жақсы» қасиеттерінің этнолингвистикалық үлгісін көрейік: Ай ортақ, Күн ортақ, Жақсы ортақ – Жақсы деген кім? Ол – бәріне нұрын шашып, жарық беріп, жылытатын ай мен күн сияқты қолынан келген көмегін аямайтын, кең пейіл, дарқан, ақ көңіл адам. 
Жақсы әйел: қазақ ұғымында – тек сырты сұлу, сымбатты ғана емес, ақыл-парасатымен ерінің бағын ашатын, көркем мінезімен асыл жар, көргенді келін, ардақты ана, әже болатын әйел. 
Көңіл – қазақ танымына сай адамның психо-физиологиялық күйіне тән атаудан инсандық іс-әрекетін безбендік, жүрек сырының сипаты. Адам көңілі бір атым насыбайдан қалады; көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе? немесе оның этнотанымда жіктелуі: адал көңіл, ала көңіл, қам көңіл, дос көңіл, көңіл аумау, көңіл білдіру, көңілі түссе – көл, көңілі түпесе – шөл т.б. 
Мінез: қой аузынан шөп алмайтын.
Осы тілдік қазынаның ұлт болмысын танытушы, рухын жаңғыртушы мәнін ашуда, ардақты ұстазымыздың тәліміне сүйенсек,  тілдік мәліметтерді жүйелеп, жіктеп беру лингвистикалық бөлім жеткіліксіз. Ол үшін майдан қыл суырғандай танымда қалыптасқан ерекше интуиция, яғни «тіл тамыршысы» қасиеті, тілдік қабілеті болуы шарт. 
Сонымен, көріп отырғанымыздай, адам қызметінің кез келген түрін (жаңғыртушылық, бағалауыштық, танымдық т.б.) тілдің коммуникативтік қызметінсіз, ал оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу ісі тілдің кумулятивтік (мұрагерлік) қызметінсіз жүзеге асыру мүмкін еместігі, қазіргі тіл білімінде жан-жақты дәлелденіп отыр. Сондықтан тіл Аристотель заманының белгіленген қоғамдық-әлеуметтік мәніне байла­нысты. Қазіргі тіл білімінде адамдардың қоғамдастығындағы  тіл қызметінің психологиялық, әлеуметтік, рухани-символдық т.б. қырларын ашатын сөзтудырушылық үдерісте «ғаламның тілдік бейнесін» жасаушы өзек – адам, яғни тіл иесі деп белгіленген. Осы қағиданың үрдіс алып, қазіргі тіл білімінде заманға сай тілді интеграция­лық, тұтастық сипатта зерттеуді алға апарушы жаңа адамтанымдық парадигма дамып жатыр. Осыған орай, әр этностың қоғамдық санасында өзін қоршаған дүниені өзінше мүшелеп, бейнелеген тіл иесінің дүниетанымын анықтайтын дәйегі ретінде тіл мен мәдениет, тіл мен этнос сабақтастығында қарастыратын антропоөзектік парадигманың құнарлы саласы – этнолингвистика. 
Себебі төл мәдениетте бар нәрсенің бәрі тілде, оның, негізінен, номинативтік бірліктерінде, сонымен бірге тіл иесінің көркем ойлау жүйесіне тән коннотациялық сипаттағы лексика-фразеологиялық, паремиологиялық т.б. танымдық-ақпараттық жүйесінде бейнеленеді. Мысалы: қазақ санасындағы түстің танымдық мәні (ақ, қоңыр, көк т.б.) жылқының этномәдени контекстік мәні (түсі, жынысы, жасы, тек көлік емес) т.б.
Бірақ антропоөзектік қағида бойын­ша, тіл дүниенің айнада бейнеленген тура бейнесі деп қарамайды, адамның дүниені тіл арқылы түсіндірілуі деп қарайды. Себебі дүниенің сан қилы құбылысы бір-бірімен байланысты болғанымен, олардың әрқайсысының өзіндік ерекше белгілерін тану адамның сезім және ойлау мүшелері арқылы жүзеге асады. Соның бәрін тұтастырып, ортақ танымға әкелетін үрдіс ғылымда категориялау деп аталады. Ал оны жүзеге асырушы  – тіл. 
Міне, осы арада әртүрлі тілдердің тіл аясының дүниені тану категориялау дәрежесі ерекшеленіп, В.Гумбольдттің «Размечные языки – это размечные видения мира» деген белгілі тұжырымына ерекше назар аударамыз.
«Қазақ әлемінің этникалық тілдік бейнесі» деп бағалауға негіз бар. Аманатқа қиянат жасамаған ұстаз-ғалымның феномені де оның ғылыми-зерттеу үрдісінің жалғастығында. Ол, сайып келгенде, қазіргі  заманауи даму үрдісіне сай атқарылып жатқан ұлттық корпусты мәдени-семантикалық негізін дәйектеуші, жасанды интеллект санасын қазақ ұғымымен жасақтаушы қызметі тілдің мәнін зерттеу болашағына бағдар іспетті.

Жамал МАНКЕВА,
филология ғылымының 
докторы, профессор

 

ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛІКТЕР БЕЛГІЛЕНІМІ

 

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мамандарының ҚТҰК (Қазақ тілінің ұлттық корпусы) ішкорпус­тарын әзірлеуде тек мәтіндер базасын жинақтап қоймай, мәтіндердегі қазіргі қоғамға мағынасы көмескі, түсініксіз этномәдени лексикалық бірліктердің мағыналарын да ашумен айналысып отыр. Этнолингвистика саласының қазақ тіл білімінде тың сала ретінде қалыптасуына еңбек сіңірген академик Әбдуәли Қайдардың «Қазақтар ана тілі әлемінде» энциклопедиялық сөздігінде «Адам. Қоғам. Табиғат» деп бөлінген үш томында этномәдени бірліктер барынша жинақталып, мағыналары ашылған. Бұл жұмыстар институтта өз жалғасын тауып жатыр.
Этномәдени бірліктердің мол қоры көне, орта түркі жазба ескерткіштер тілінде қазақтың өте бай ауыз әдебиеті үлгілерінде (жыраулар, эпикалық, тарихи жырлар т.б.) сақталған. Әсіресе тарихи тұлғалардың, есімдердің, діни-мифологиялық ұғымдардың астарында этномәдени тілдік ақпараттар мол қамтылған. Халық болып қалыптас­қаннан кейінгі кезеңдердегі халық ауыз әдебиеті үлгілерінде қазақ халқына тән ұғымдармен қатар ерте дәуірден бері түркі дүние­танымына қатысты білімдер жүйесі араласып, сабақтасып келіп отырады, кейбіреулері трансформацияланып жеткен. Сонау көне дәуірден сақталған этномәдени бірліктердің мәдени коды үнемі ашық бола бермейді, яғни мағынасы түсінікті бола бермейді. Осыған байланысты  ҚТҰК аясында әзірленген мәдени-репрезентативтік ішкорпусы ескі жазба мұраларда жиі кездесетін діни-мифологиялық этнотаңбалардың жабық кодтағы семантикасын айқындап, интерпретациясын берумен айналысып жатыр. 
Мәдени ішкорпуста этномәдени белгіленімінің әзірленуі:
• компьютерленген сана пайда болған жаһандану заманында ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, қолданыс­тық кеңістігін кеңейтуге септігін тигізеді;
• пайдаланушылардың  лингвомәдени құзыреттілігі артады, сол дәуірде өмір сүрген түркі халықтарының таным-түсінігін анықтауға мүмкіндік болады; 
• білім беру жүйесінде: ЖОО мен мектеп мұғалімдері мен оқушыларға лингвомәденитанымдық бағыттағы пәндерді оқытуда, оқу құралдарын әзірлеуде пайдалы, дайын электронды материал бола алады.

Айнұр СЕЙІТБЕКОВА,
филология ғылымының кандидаты, Тіл тарихы және түркология 
бөлімінің меңгерушісі

1121 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6379

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5803

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3544

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2926

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2887

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2866

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2596

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2581

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы