• Cұхбаттар
  • 11 Сәуір, 2024

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Әділетті қоғам құру – парызымыз

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Сенатқа жіберілгенін білеміз. Заң жобасының барысын білу үшін Мәжіліс депутаты Елнұр Сабыржанұлымен тілдестік.
 

 

– Қазір ел назары «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында. Мәжіліс заңды екінші оқылымда қабылдады. Әрі қарайғы жағдайы не болып жатыр? Жалпы, заң жобасын ұсыну, талқылау, оқу жұмысына қанша уақыт кетті?
– Әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнамалық түзету туралы бастама көтеруіміздің мәні зор және бұл мәселе Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы бақылауында. Әйелдердің, балалардың құқығын қорғау мәселесі 2019 жылдан бері Президенттің әр Жолдауында да тұрақты көтеріліп келеді. Президенттің негізгі позициясы – қоғамда заң үстемдігін орнату, заңға мүлтіксіз бағынатын әділетті қоғам құру. Ауыр қылмыстар мен зорлық-зомбылық мәселесі қоғамды ерекше алаңдатып отыр. Сондықтан Президент мұндай қылмыстардың жазасын қатаңдатып, зорлықшыны барынша оқшау ұстауды тапсырды. Жаңа заң негізінде педофильдер түрмеден ешқашан шыға алмайды. Сондай-ақ өтелмеген жаза мерзімі қысқартылмайды немесе жазаның жұмсақтау түріне ауыстырылмайды. Педофильдер рақымшылыққа ілікпейді. Келесі аса өзекті мәселенің бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Статистикаға жүгінсек, әйелдер мен балалар зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайды екен. Қазақстанда жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан жүздеген азамат көз жұмады. Мұның алдын алуымыз керек. «AMANAT» партиясы әйелдер мен балалардың қауіпсіздігіне кепілдікті күшейте түсетін түзетуді қысқа мерзімде енгізу қажетін әркез қолдады.  Фракция депутаттары ағымдағы сессияның алғашқы күнінен бастап осы мәселені Балалар құқығы жөніндегі уәкіл Динара Зәкиевамен жүйелі пысықтап, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен Мәжіліс Фракциясының отырыстарында жан-жақты қарастырды. Әлемнің осы тектес заңнамаларын салыстырсақ, Қазақстан қабылдап отырған бұл заңды халықаралық  тәжірибеде, ТМД елдері ішіндегі ең қатаңдарының бірі деуге болады. Осылайша, жұмыс тобы  жаңа жобаны қарастыру барысында 14 отырыс және комитеттің кеңейтілген 2 отырысын өткізді. Қорытынды салыстырмалы кестелердің 58 позициясы қабылданды. Бұған Парламент мәжілісінің барлық комитеті оң қорытынды беріп, заң жобасы Сенатқа жіберілді. 
– Заң жобасындағы өзгерістер мен түзетулер туралы айтсаңыз. Қай тұсқа айрықша мән берілді? 
– Аталған заң жобасын – кешенді, жүйелі, тиімді әрі толыққанды пысықталған заң деп айтуға толық негіз бар. Осынау заң жобасын қабылдау арқылы «Әйелдер құқығы мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері» бойынша заңнаманы қатаңдатуды көздейтін түзетулер енгізу циклін аяқтаймыз деп ойлаймын. Олай дейтінім, заң жобасында денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, ұрып-соғу, суицидті насихаттау, он алты жасқа толмағандарға жыныстық сипатта тиісу, қорлау және басқа да іс-әрекеттер криминиализацияланды. Отбасын қолдау орталықтарының құзыреті нақтыланды. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіріп, ұрып-соққаны үшін қылмыстық құқықбұзушылық жасағандарды ұстау тәртібі реттелді. 16 жасқа толмағандарға жыныстық сипатта тиісіп, қорлағаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейді. Сондай-ақ құқық бұзушыларға жа­уапкершілік пен жазаны күшейтумен қатар, азаматтарды қолдаудың түрлері қарастырылған. Мәселен, психология­лық көмек, оңалту бағдарламаларын жүргізу көзделеді. Облыстағы, респуб­ликалық маңызы бар қалалардағы, елордадағы бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің қызметін регламенттейтін түзету де енгіздік. 
– Әйелдерге көрсетілетін зорлық-зомбылық, харассмент жайына ойыссақ. Мемлекет әйел құқығын қорғай  ала ма? 
– Ең бірінші, әйел – адам, әйел – жар, әйел – ана. Ұрпақтың дені сау болуы, ментальды сау болуы отбасыдағы жағдайға тікелей байланысты. Сондықтан заң да, ер-азамат та әйелді барынша қорғауы керек. Осы мақсатта ұсынысымызды жеткізіп, оны Мәжіліс депутаттары қолдап, әрі қарай Сенатқа жолдадық. Харассментке келсек, әйелге көрсетілген кез келген жыныстық сипаттағы қоқан-лоқы заң шеңберінде жазалануға тиіс.  
– Бишімбаев ісі бойынша өтіп жатқан сот отырысы қоғамда сілкініс жасағандай. Отбасыдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жайында ашық айтатындар көбейді. Осыған орай кризистік орталық пен аналар үйін көбейту керек пе, қалай ойлайсыз? 
– Иә, былтыр ұрып-соғудан көз жұмған Нүкенованың өлімі қоғамның ашу-ызасын туғызды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша жазаны қатаңдатуды қолдау бойынша арнайы онлайн-петиция іске қосылып, 150 мыңдай қол жиналды. Қасым-Жомарт Кемелұлы қаңтарда «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұқбатында петицияны қолдап, ел азаматтарының пікірі ескерілетінін айтқан-ды. Осының негізінде, бүгін заң тағы да қатаңдатылды. Енді ұрып-соғу мен денсаулығына жеңіл түрде зиян келтіру бойынша қылмыс түрі Әкімшілік кодекстен Қылмыстық кодеске ауыс­тырылды. Енді ұрып-соғу фактілері бойынша, тіпті жеңіл түрі болса да, қылмыскер Қылмыстық кодекспен жазаланады. Сондай-ақ азаптау бо­йынша жаңа бап қолданысқа еніп, 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қоғам бұл істі жіті назарда ұстап отыр. Сот отырысын онлайн бақылап отырғандар да жетерлік. Осы ретте құқықтық сананың оянып, сілкініс болғанын мойындау керек. Әр әйелдің құқығы үшін күресіп, заң жүзінде қолдау көретініне сенімі күшейді. Ал заң жобасында тұрмыс­тық зорлық-зомбылық көргендерге уақытша тұруға мүмкіндік беретін Отбасын қолдау орталықтары құзыреті нақтыланды.  
– Заң жобасында балаларға қатысты зорлық-зомбылық жөнінде қандай өзгеріс бар? Қазір ата-ана баласына қауіпсіз қоғам құру үшін жанталасып жатыр.
– Бұрындары 16 жасқа дейінгі балаға жыныстық сипатта тиіскені үшін 40 күнге дейін қамауға алу мен 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа жегу жазасы бар еді. Жұмыс тобы осы заңның қатаңдатылғанын, жаза күшейгенін қалады. Одан бөлек, педофилия үшін, кәмелетке толмаған баланы өлтіргені үшін өмір бойына бас бос­тандығынан айыру жазасы қарастырылды. Сондай-ақ интернат, балалар үйі, арнайы әлеуметтік-медициналық қызмет көрсететін ұйымдар, балалар лагерьлеріне кез келген уақытта бақылау жүргізуді ұсындық. Өйткені мұндай ұйымдарды тексеру үшін арнайы жоспар жасап, хабар береді, одан кейін ғана тексеру тобы барады. Бұл дұрыс емес. Ескертусіз-ақ барып, тексеріп, шынайы баға беру қажет. Қандай да бір құқықбұзушылық болса, кінәлілер заң шеңберінде жауап беруге тиіс. 
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан 
Айзат Айдарқызы

2123 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы