• Ақпарат
  • 25 Сәуір, 2024

Жүгі ауыр жүз күн

Айзат ЖОЛДАСОВА,

«Ana tili»

16 сәуір күні Ежелгі Олимпия жерінде  Париж oлимпиадасының алауы тұтанды. Демек, эмоция мен күш-жігер сынға түсетін аламанға үш ай уақыт қалды. Дайындықты түйіндер тұс жақын. Ал алау эстафетасы 68 күнге созылып, 26 шілдеде Париж төріне жетеді. Лицензиясы бар спортшылар дайындыққа кірісіп кетті. Жолдама үшін күресіп жүргендерде толқу мен үміт Олимпия алауымен қатар маздады. 

 

Жолдама санын еселеген турнир

Иә, жазғы олимпиада ойындарына аз уақыт қалса да, лицензия алу үшін күрес жалғасып жатыр. Ұзақ жылғы арман, дайындық пен жұмыстың көрінісі үш-ақ минутқа сыйып кетеді. Жанкүйер үшін бірер минут болып көрінгенімен, спортшы үшін сағатқа бергісіз уақыт. Нәтижесінде қалағаныңа қолың жетсе, эмоция бөлек. Ал қапы қалсаң, бармақ тістейтін сәт. Осы теңеу әйелдер күресінен 76 кг салмақта күрескен Жәмила Бақбергенованың белдесуін суреттейтіндей. Лицензия алуға қол созым жер қалғанда қытай спортшысы Жанг Вангқа жол берді. Сөйтті де жолдаманың жырын Ыстанбұл додасына қалдырды. 
Жалпы, Қазақстанда 46 жолдама бар. Атап айтсақ, бокстан – жетеу, байдарка және каноэде ескек есуден – cегіз, нысана көздеуден – төртеу, садақ атудан – үшеу, семсерлесуден – бесеу, велоспорттан – екеу, заманауи бессайыстан – екеу, таэк­вандодан – екеу, еркін күрестен – үшеу, грек-рим күресінен – төртеу, спорт гимнас­тикасынан – екеу, батут гимнастикасынан – біреу, жеңіл атлетикадан – біреу, бадминтоннан – біреу, академиялық ескек есуден – біреу. Естеріңізде болса, спортшылар Токио олимпиадасына спорттың 27 түрінен 96 жолдамамен барған еді. Осы нәтижені қайталай аламыз ба – әзірге белгісіз. Ал кейінгі мәлімет бойынша Өзбекстанда 13 спорт түрінен 37 жолдама, Қырғызстанда 2 спорт түрінен 9 жолдама бар. 
Әңгімені Бішкекте өткен Азия іріктеу турнирінен бастадық. Ары қарай жалғасақ, құрама Қырғызстаннан бес жолдама алып қайтты. Жалпы, додада күрестің үш түрінен 18 салмақ дәрежесінде 36 лицензия сарапқа салынды. Негізі, бапкерлер алты жолдама алуды көздеген екен. Нәтиже көрсеткендей, әйелдер күресінен құр алақан қайттық. Жалпы есеп бойынша жеті жолдама бар. Оның екеуін өткен жылы Азамат Дәулетбеков пен Нұрсұлтан Тұрсынов еншілеген еді. Қатарға грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали (60 кг), Демеу Жадраев (77 кг), Әлімхан Сыздықов (130 кг) қосылды. Еркін күрес шеберлері Әлішер Ерғали (97 кг) мен Юсуп Батырмұрзаев та (125 кг) лицензия еншіледі. 
Күрес түрлерінен Ұлттық құрамамен спорт журналисі Аслан Қаженов те Бішкекке аттанған-ды. Әдеттегідей, анализ жасап, кемшін тұстарды бірден айтты. Оның айтуынша, Азия іріктеу турнирінде жолдамаға ілікпеген Жәмила Бақбергенова, грек-рим күресінен Мейіржан Шермағамбетке сәттілік жетпеді. Ыстанбұлдағы додада екеуіне мүмкіндік берсе игі. Күрес федерациясы әуелден бірінші нөмірлі спортшыларды Азия іріктеу турниріне апарып, екінші нөмірлі балуандарды Ыстанбұлға апаруды жоспарлаған. Елена Кузницова мен Лаура Ғаниқызына мүмкіндік берген абзал. 
«Иә, олимпиадада медаль алу қиын. Әсіресе алтын медаль. Өйткені психолог жоқ, 2 массажист бар. Біздіңше, бұл аз.  Қызығы сол, балуандар психологті қажет етпейді. Балуандарда «психолог не керек, бапкеріміз бар» деген түсінік бар екен. Мұндай түсінікті өзгерту керек. Психологиялық көмек ауадай қажет. Спорт психологі керек. Федерация ескеріп, бір маманды жұмысқа алады деп ойлаймын. Өйткені жеребе тарату рәсімінен бастап, қарсыласы белгілі болғанда қыздар мен жігіттердің толқи бастағанын байқадым. Жарыс жолынан шығып қалғандағы түрін көрсеңіз, сол кездегі эмоциямен психолог жұмыс істеуі қажет. Жүйкелері жұқарды. Балуандардың екінші айналымда-ақ шаршап қалғанын байқаймыз. Қарқынын сақтап қала алмайды. Көбінесе, қарсылас екі ұпай алға шығып кетсе, психология тұрғысынан сынып қалады. Салқынқанды болып, соңына дейін күресуді құп көрмейді. Басқа елдің балуандары соңына дейін күресіп, беріспейді. Сондай мінез керек. Оған қоса диетолог, фармаколог деген маман бар ма? Спорттың айналасында қаншама маман бар. Соның бәрі түгел ме? Осы сұрақ мазалайды. Меніңше, күрес түрлерінен осы мамандарды қатарға қосу керек», – дейді Аслан Қаженов. 
Оның айтуынша, күрес түрлерінен қаншама талантты спортшылар іріктеліп алынғанымен, қара күшке сеніп отыратын заман емес. «Қазы жеп, қымыз ішеді» дегенді қойып, дамыған ғылым мен медицинаға сүйену керек. Спортшыларға боз кілемде емес, боз кілемнің айналасында көмектесуіміз керек. Журналист талантқа сеніп, тасада қалмайық деп отыр. 
Айтса айтқандай, әйелдер күресінен Эмма Тисина (57 кг), Ирина Кузнецова (62 кг) және Елена Шалыгина (68 кг) үшеуі жарысты ерте аяқтап, жолдамадан тыс қалды. Құрама бапкері Қайрат Сағадиев­тің айтуынша, екі іріктеу турнирінен екі лицензия алу міндеті жүктелген. Бішкекте Жәмила Бақбергенова жолдама алады деп болжаған екен. Дегенмен балуанымыз бір қадам қалғанда сүрінді. Ал 50 килода белдескен Лаура Ғаниқызы алғашқы екі белдесуін сәтті өткізгенімен, жартылай финалда Винеш Винешке есе жіберді. 
53 килодағы Жұлдыз Ешімоваға жеребе жолдас болғанымен, Солтүстік Корея балуанынан жеңіліп қалды. Бапкердің айтуынша, Жұлдызға да ерекше сенім артқан. Бапкердің сөзінше, 76 килодағы Жәмила Бақбергенова жақсы дайындалған. Қытайлық балуанмен екінші рет кездескен екен. Әлем кубогінде Жәмила жеңсе, Бішкектегі белдесуде қарсыласы басым түскен. Қайрат Сағадиев болса команданы қайта жинап, Ыстанбұлдағы жарысқа тас түйін дайындаламыз деп отыр. Аталған турнир 8–12 мамыр аралығында өтеді. 
Ал еркін күрестен құраманың бас бапкері Мадияр Құрамысов болса Ыстанбұлдағы іріктеу турниріне Яшар-Догу халықаралық турнирінде көзге түскен саңлақтарды апармақ. Оның айтуынша, Бішкекке барған Ерасыл Мұхтарұлы (57 кг) мен Маис Әлиев (65 кг) жас спортшылар, содан да болар тәжірибе жетпеген. Ал 74 келідегі Нұрғожа Қайпанов өте нашар күрескенін мойындап отыр. Балуанның соңғы жаттығу жиынында да босаңсып жүргенін де жасырмады. 97 келідегі Әлішер Ерғали ойдағыдай күрескенін, 125 келідегі Юсуп Батырмұрзаев батырлық жасағанын айтты. 

Әлі де мүмкіндік бар

Белдесулерді түйіндеп, боксқа ойыссақ, мұнда да жанкүйерлерді Тайландтағы турнир күтіп тұр. Өйткені құрамаға ерлер арасынан бір лицензия жетпейді. Әйелдер арасында 50 келі салмақта Назым Қызайбай, 54 келі салмақта Ұлжан Сәрсенбай, 66 келі салмақта Наталья Богданова, 75 кг салмақта Валентина Хальзова бақ сынайды. Кім олимпиада есігін айқара ашатыны әлі белгісіз. 
«Олимпиадаға дайындық қызу жүріп жатыр. Түркістанда бес елдің мықтылары жаттығу жиынын өткізді. Тәжірибе алмасып, шеберлік шыңдауға таптырмас мүмкіндік. Белгілісі, бокстан алты лицензия бар. Иә, жігіттерге бір лицензия жетпей тұр. Мұхамедсабыр Базарбайұлы 63 кг салмақта Тайландқа барып, лицензия алуға барын салады. Өз басым оп-оңай жолдама арқалап келеді деген ойдамын. Осылайша, бокстан ерлер құрамасы түгел олимпиадаға аттанады. Федерация тарапы төрткүл дүние күткен додада бір алтын, бір күміс, бір қола медаль алуға міндеттенді. Меніңше, бұл нәтижеге жете алады. Жігіттерге үміт артамыз. Токио олимпиадасында алтын-күміс алмадық. Осы олқылықтың орны толуы керек. Әйтпесе отандық боксқа үлкен сын. Мамандар мен спортшылар жауапкершілікті түсініп тұр. Ел сеніп отыр. 100 күнге жетер-жетпес аралық – өте қысқа уақыт. Меніңше, 51 келідегі Сәкен Бибосынов пен 80 келідегі Нұрбек Оралбай алтынға қол созады деп ойлаймын. Екеуі де алып жатса құба-құп», – дейді спорт журналисі Аслан Қаженов.
Ал дзюдо спорты бойынша ел намысын кімдердің қорғайтыны 23 маусым күні белгілі болады. Парижде ерлер арасында жеті салмақ, әйелдер арасында жеті салмақ бойынша медаль сарапқа салынады. Бір елден көп дегенде он алты жолдама алуға болады. Әзірге рейтинг бойынша сегіз спортшымыз Париж олимпиадасына жақын тұр. Олар: Нұрқанат Серікбаев, Ғұсман Қырғызбаев, Данияр Шамшаев, Абылайхан Жұбаназар, Нұрлыхан Шархан, Әбиба Абужақынова, Эсмагүл Кублова, Кәмила Берліқаш. Байқағаныңыздай, ел күткен Елдос Сметовті қатарға қоспадық. Себебі ойыншы барған турнирлерінде оза шаппай жүр. Бабы келмегені ме, әлде шаршап жүр ме – белгісіз. Оның орнына 60 келіде Нұрқанат Серікбаев жақсы өнер көрсетіп жүр. 20–23 сәуір аралығында Қытайдың Гонконг қаласында дзюдодан Азия чемпионаты өтті. Ерлер арасында ел намысын 7 салмақта 9 отандасымыз қорғады. Қыздар арасында да тоғыз спортшымыз сынға түсті. Нәтижесінде екі қола арқалап қайтты. 
Астана қаласындағы турнир де дзюдошылар үшін аса маңызды. Себебі олимпиа­даға баратын дзюдошылардың тізімі жасақталуы бек мүмкін. Өйткені Париж oлимпиадасының қарсаңындағы соңғы «Grand Slam» жарысы болғандықтан, дзюдошылар лицензияға қажет рейтингілік ұпай үшін таласқа түседі. І орын иегеріне – 1000, ІІ орын – 700, ал ІІІ орын алған спортшыға 500 ұпай қосылады. 
Теннис бойынша кімнің oлимпиадаға баратыны маусымдағы рейтингіге тәуелді. Әлемнің төртінші, Қазақстанның бірінші нөмірлі теннисшісі Елена Рыбакина oлимпиадаға баруға ниетті екенін айтқан-ды. Теннис сарапшысының айтуынша, теннисші үшін oлимпиада маңызды турнир санатына жатпайды. Оған Уимблдон, Австралия ашық чемпионаты сияқты турнирлерде бақ сынаған әлдеқайда тиімді. Мәселен, талайды қапы қалдырып жүрген Новак Джоковичте oлимпиада медалі жоқ. Сондай-ақ теннистің басқа да ньюансы жайлы Ерік Ильясов айтып берді. 
«Рыбакинаны фаворит ретінде көреміз. Өйткені Штутгарттағы жеңісі соған дәлел бола алады. Олимпиада биыл топырақ төсенішінде өтеді. Осы төсеніште әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швентекті жеңуі психологиялық жағынан болсын, физикалық жағынан болсын, үлкен сенім береді. Бірақ теннистен oлимпиада алдында шөп төсеніште өтетін Уимблдон турнирі бар екенін ескеру қажет. Себебі теннисші аталған турнирде жақсы ойын көрсетсе, екі аптадан кейін олимпиадада жақсы өнер көрсетуге тиіс. Бұл адаптация жағынан қиын болуы мүмкін. Ерлер арасында жұптық сын бойынша Недовесовте мүмкіндік бар. Ал Бубликтің ойнап-ойнамауы өзіне байланысты. Александр Бублик тек жекелей сында өнер көрсетемін десе, әңгіме басқа. Андрей Голубев екеуінің өнер көрсететін мүмкіндігі бар еді. Қазір Голубев теннис ойнамай жүр. Бірақ екеуі де қатысса болады. Ал oлимпиада жүлдесіне келсек, жеңіске жетеді деп айта алмаймын. Бірақ жоқ деуге де негіз жоқ. Өйткені кезінде Бублик пен Голубев Ролан Гаррос турнирінің финалына шыққан. Недовесов – жұптық сында тәжірибелі теннисші. Ал Бублик болса жойқын соққылары арқылы есте қалатын теннисші. Екеуі бірге өнер көрсетсе, үйлесімді жұп болар еді», – дейді теннис сарапшысы Ерік Ільясов.
Сондай-ақ сарапшы аралас жұп ретінде бір лицензия алуға мүмкіндік барын қосты. Өйткені мұндай жұптар oлимпиада басталған соң бір аптадан кейін таңдалады. Жеребе тарту арқылы анықталады. Яғни Рыбакина–Бублик жұбын көріп қалуымыз мүмкін. Егер аталған спортшылар қатысудан бас тартса, Недовесов қатысуы мүмкін.
Ал спорттық гимнастикадан Нариман Құрбановқа сенім артатынымызды бұдан бұрын жазғанбыз. Ол 13–21 сәуір күндері Дохада әлем кубогінде белгіленген межеге жетіп, oлимпиада лицензиясына қол созды. Жалпы есепте 70 балл жинап, әлем кубогі кезеңдерін екінші орынмен аяқтады. 
Нысана көздеуден әлі де жолдама жеңіп алуға мүмкіндік бар. Құрама мүшелері 1–12 мамыр аралығында Әзербайжанда, 31 мамыр – 6 маусым аралығында Мюнхендегі турнирге қатысады. Демек, үміт бар. Көркем гимнастикада да осы ұранды қайталаймыз. Өйткені 24–26 мамырда Ташкентте өтетін Азия чемпио­натында Элжана Таниева мен Ақбота Ербайқызы өнер көрсетеді. Юсупованың шәкірттері ел сенімін ақтауға міндетті. 
Жүз күннен кейін, 26 шілде – 11 тамыз аралығында, XXXIII жазғы oлимпиада ойын­дары басталады. Төртжылдықты түйіндер додаға әлемнің 205 елінен 10 мыңнан астам спортшы қатысады. Бақ пен бап қатар шабатын шақ жақындаған са­йын толқу басым. Жанкүйерлерде де маза жоқ. Содан болар, спортшы мүлт кетсе, сын садағына ілініп жатыр. Әлеуметтік желіде де болжам мен сыйлау-сынау қатар жүр. Десе де спортшы мен бапкер жүктің салмағын бағамдап, ел мен ердің додада шынығарын көрсетсе дейміз.

909 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6347

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5785

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3524

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2907

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2868

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2847

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2577

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2562

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы