• Cұхбаттар
  • 29 Ақпан, 2024

Ұлан Нұрғалиев, бас құтқарушы: Жұмысымызды бағалайтын ағайынға ілтипат бөлек

– Әскерден кейін құтқарушы боламын деп шешім қабылдадым. Жалпы, бұрыннан құтқару қызметінің жұмысы қызықтыратын. Оның үстіне жігіттер бала кезден қаһарман болуды қалайды емес пе?!
2015  жылдан бастап жедел құтқару жасағында жұмыс істеймін. Иә, бұл мамандықтың да өзінше қиындығы бар. Өйткені қандай жағдаймен бетпе-бет келеріңді білмейсің. Бірақ бәріне дайын болуың керек. Сондықтан «құтқарушы боламын» деген әрбірінің психологиялық тұрғысынан берік болғаны дұрыс. Себебі, осы қызметтің тосын жайтына шыдамай, орта жолдан басқа қызметке ауысып кететін азаматтар бар. Түркияда болған зілзаладан кейін ел назары құтқарушыларға ауғаны рас. Өзім Газиантеп және Нұрдағы қаласында құтқару жұмысына қатыстым. Түркиядағы жағдайдың ауырлығын көзбен көрген адам ғана түсінеді деп ойлаймын. Сондағы көрініс әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Бауырлас елдегі құтқару жұмысын аяқтап елге келген соң, халықтың, Президенттің алғысын алдық. Өмірде де, әлеуметтік желіде де «қалай құтқарушы атануға болады?» деп сұрайтындар көп. Құтқарушы болу үшін әскери билеттің маңызы зор. Оған қоса Көкшетау қаласында құтқарушыларды даярлайтын арнайы оқу орны бар. Оқу бір бөлек, физикалық-психологиялық дайындық тіптен бөлек. Құтқарушыға берік төзім, сақ қимыл, жылдам әрекет ету тән. Құтқарушы болуға ниетті азамат алдымен үш ай сынақтан өтеді. Содан кейін аттестацияны мүлтіксіз тапсырса, қызметке қабылданады. Аттестация жылына екі рет өтеді. Аттестация кезінде физикалық дайындық, теория, альпинизм бойынша сынға түсеміз. Оның үстіне жыл сайын Қапшағай қаласында барлық құтқарушы арасында республикалық жарыс өтеді. Ол да өзінше бір қызық оқиға. Осыдан төрт-бес жыл бұрын шетелде өтетін оқу-жаттығу жиындарына жіберетін. Қазір тоқтап қалды. Жалпы, ел ішінде ұйымдастырылатын оқу-жаттығу жиындарына қалмай барамыз.  Үш жыл сайын біліктілік санатын көтеруге мүмкіндік бар. Өз басым екінші санатты бас құтқарушымын. Қазір  Астана қаласындағы Жедел құтқару жасағында жұмыс істеймін. Бір тәулік жұмыс істеп, үш күн демаламыз. Мысалы, құтқарушының бір күнін баяндап берейін. Таңертең жұмысқа келген соң, сағат 10:30-ға дейін физикалық дайындық жасаймыз. Медбике күнделікті тексереді. Егер денсаулығың сыр беріп тұрса, жұмыс істеуге рұқсат жоқ. Одан кейін теориялық сабақ басталады. Түстен кейін түрлі жедел шақыруға барамыз. 112-ге хабарласу арқылы бізбен байланыса аласыз. Бір командада он төрт адам жұмыс істейміз. Оқиға орнына жылдам жету үшін үш топқа бөлінеміз. Мәселен,  күніне кем дегенде бес рет оқиға орнына барамыз. Рас, неше түрлі оқиғаға тап боламыз. «Қаншалықты жағдайға дайынмын» дегенмен, есеңгіреп қалатын сәт болады. Сондайда психолог жанымыздан табылады. Өліммен бетпе бет келгенде психологиялық сеанс өткізіп, тренингке қатысамыз. Жалпы, психолог тәулік бойы жанымызда жүреді. Көбінесе суға бату, жол-көлік оқиғасы кезінде жедел құтқару жұмысын жүргіземіз. Боран кезінде машинада қалып қойған адамдарды да іздейміз. Арнайы көлікпен барып,  көмек көрсетеміз.
 Осыдан үш төрт жыл бұрын Астана қаласындағы Сарайшық көшесіндегі жарылыс­та үйінді астынан бір қызды алып шыққанымыз есімде қалыпты. Жұмыстың ерекше тұсы – халықтың алғысын алғанда бойыңды кернейтін сезім. Біреудің өмірін сақтап қалу, көмек қолын созу қашан да бойға қуат береді.  Сондықтан да жұмысымды жақсы көремін әрі қызметімді абыроймен атқаруға барымды саламын. Өйткені құтқару жұмысы кезіндегі толқыныс, оқиға ішіне енгендегі таңданыс пен соңында еститін алғыс сені алға жетелеп тұрады. Кейінгі кезде құтқару қызметі жұмысы халық назарына ілігіп, жұмысымызға тәнті болып жатқандар бар. Жалпы,  Алғыс айту күні қарсаңында  Жедел шақырту жасағы атынан  қазақ еліне алғыс білдіреміз. Жұмысымызды бағалап, алғыс айтуға дайын тұратын ағайынға ілтипат бөлек.  Көктем шуағын сыйлап, күн нұрына шомылып, жаныңыз жадырасын!

5002 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №49

12 Желтоқсан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы