• Cұхбаттар
  • 09 Мамыр, 2024

Ерлік ұмытылмайды, ұлықталады

9 мамыр – Жеңіс күні. Тарихқа көз жүгіртсек, адамзаттың басына не келіп, не кетпеді. 1941–1945 жылғы Екінші Дүниежүзілік соғыстың залалы мен зардабы алапат. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде соғыс жылдарында 14 атқыштар дивизиясы, 4 ұлттық атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге жуық полк пен батальон жасақталған. Ал Қазақстаннан 1 млн 200 мың адам майданға аттанған, 394 мың қазақ боздағы қайтпай қалды. Соғыс кезінде 3,5 мыңдай қазақстандық партизан отрядты құрамында болып, 96 638 жауынгер ерлігі мен батырлығы үшін бірнеше рет орден-медальмен марапатталды. 497 жерлесіміз Кеңес одағының Батыры атанды, олардың 97-сі қазақ. 
Елімізде бүгінгі күні Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан 148 ардагер қалды, оның 43-і Алматы қаласының тұрғыны. Өкінішке қарай, олардың қатары жыл сайын азайып барады. Соғысқа қатысқан ардагердің барлығына жергілікті бюджет есебінен біржолғы ақшалай төлем, яғни 187 миллион теңге бөлінді. Әлеуметтік көмек көрсетудің қолданыстағы қағидаларына сәйкес, 9 мамырға орай берілген біржолғы төлем жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне және мәслихаттың шешіміне орай белгіленді. Демек, әр өңірде әртүрлі, орташа есеппен 1,5 миллион теңге. Мәселен, Ақмола облысында үш миллион теңге, Ақтөбе облысында екі миллион теңгеден астам, Абай, Алматы, Қарағанды, Павлодар облыстары мен Алматы және Астана қалаларында соғысқа қатысушыларға 2 миллион теңгеден төленді.
Алматы қалалық баспасөз қызметінің мәліметінше, Екінші Дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге – 100 мың теңге, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне – 100 мың теңге, Ауғанстандағы немесе соғыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттердегі ұрыс қимылдары кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасысына – 100 мың теңге, қайтыс болған соғыс ардагерінің әйеліне – 50 мың теңге, еңбек майданына қатысушыларға – 50 мың теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек төлемі берілді. 

 

Ғасыр жасаған ардагер

 

Екінші Дүниежүзілік соғыстың майдангері, оқ пен оттың ортасында болған ардагердің бірі Шәңгерей Жәнібекұлы санаулы күннен кейін 100 жасқа толады. Ғасыр жасаған қарияның үйіне бет алдық.
Біз кіргенде Шәңгерей Жәнібекұлы бойын тіп-тік ұстап, орындықта отыр екен. Тың. Отты жанары, өзін ұстауы нық. Сүйегі асыл адамның күтімі де көзге көрініп тұр. Амандық-саулық сұрасып, бірден әңгімеге кірістік. 
«Соғысқа 1942 жылы бардым» деп әңгімесін бастаған кейіпкеріміз сөредегі әр жылдары түскен суреттердің тарихына тоқталды. Әне бір суретті 40 жылдан кейін Мәскеудегі майдандастары мұражайдан көріп қалып, көшірмесін жіберіпті, екінші қатарда тұрған бозбала Шәңгерей Жәнібекұлы екен. Сәлден кейін шаршағанын айтып, «көп сөйлей алмай отырмын, бәрін сайрап айтып беруге шамам жоқ менің, сондықтан кешіріңіздер» деп, соңғы кезде есте сақтау қабілетінің сәл төмендегенін сөз арасында айтып қалды. Телефон шалғанымызда майдангердің қызы да «ата тез шаршайды, өздеріңіз келіп көрерсіздер» деп ескертіп, рұқсатын берген.
Әр сөзі алтынмен пара-пар, әр сөзі құндылыққа толы майдангердің жады өте мықты. Көкірек көзі сайрап, жанарынан от шашқан қарияның айтары көп. Ұмытып барады екенбіз, әлгінде әңгіме арасында қайдан келгенімізді, қайда жұмыс істейтінімізді сұраған еді (о баста, телефон шалғанда, айтқанбыз, тағы бір мәрте естігісі келген болар).
– «Ана тілі» газетінен келдік, ата! 
Жүзінде жылылық пайда болып, «Ана тілі» газетін естігенде өзгеше бір сезімге бөленді. Жанындағы үстелге бұрылып, әлденені іздеді. Осы сәтте күтуші: – «Кітап па?» – деп, үстелде тұрған кітапты қолына алып, – «Осыны бересіз бе, әлде жаңадан шыққанын әкелейін бе?»  – деді. Майдангердің көңіл қошын қимылынан аңғаратын күтуші әр сәтті қалт жібермей, қас-қабағынан бірден түсінеді екен. Кейіпкеріміз соңғы шыққан «О пройденном пути и добрых попутчиках» атты өзінің өмір жолына арналған қалың кітапты сыйға беріп: «Редакцияға апара ғой, бәріне сәлем айт. Бұл кітап қалып қоймасын, арасында оқып тұрыңдар», – деп аманаттады.
Ардагер қазақ елінің жастарына, ұл-қыз­дарына өсиетін айтып, батасын берді. «Бақытты болыңыздар! Өз елімізде жақсы қызмет істеп, қазақ елін көппен бірге алға қарай жылжытатын сіздер боласыздар! Осындай заманда қазағымның жастары еліміздің алға қарай жылжуына себепкер болыңыздар! Аман болыңыздар! Бала-шағаларыңыздың қызығын көріп, қазақ елі ілгерілей берсін!» деген баталы сөзіне қол жайып, әумин дестік. Кітапты қолтыққа қысып, «қандай жақсы адам еді, ғұмыры ұзақ болсыншы» деп іштей тілеп, жылы қоштастық.
Енді майдангердің өмір жолына үңілейік. Шәңгерей Жәнібекұлы 1924 жылдың 15 мау­сымында Қостанай облысы Денисовский ауданының Қарпық ауылында дүниеге келген. 1942 жылы Қостанай медицина училищесін бітіріп, әскер қатарына алынды. Әскери бөлімде 3-дивизияның әскери фельдшері болды.
Майданға 1943 жылдың жазында Тула облысында кірді. Кировоград артиллерия­лық дивизиясының құрамында Мценск, Орел бағытындағы шабуылдарға қатысып, Белгород пен Украинаның оң жағалауындағы қалаларды азат етті. Корсунь-Шевченков операциясына қатысты. Молдавия жерінде болды. Екінші Украина майданының алға жылжып келе жатқан бөлімдерімен бірге оның бөлімшесі КСРО-ның мемлекеттік шекарасына өтті. Қуанышты жеңіс хабарын Австрия-Чехословакия шекарасында естіді. 
1947 жылы елге оралып, Қостанай аудандық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, Қостанай облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, 1959–1963 жылдары Рудный қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, Рудный қалалық ағарту комитетінің төрағасы, ал 1963–1976 жылдары Қостанай қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қос­танай облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарды.
1976 жылдан құрметті демалысқа шыққанша Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары лауазымында еңбек етті. Зейнетке шыққаннан кейін шетелдегі қазақтармен мәдени байланысты дамытумен айналысатын «Қазақстан» республикалық қоғамын басқарды. Қазақ республикалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы болып сайланды. 2001 жылдың наурызына дейін осы Кеңес Президиумының мүшесі болды.
Өмір жолында талай белесті бағындырды. Еңбегі бағаланып, «Октябрь революциясы», Екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту» (төрт мәрте), «Халықтар Достығы», «Парасат», «Құрмет» сынды орден-медальдармен марапатталған. 

Бейбіт күннің тыныштығы қымбат 
 

Қанша жыл өтсе де, өткен күннің қасіреті ұмытылмайды. Көлбай Анафияевтің екі ағасы майданға аттанып, қайта оралмаған. Бүгінде өнегелі ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің арасында бақуатты өмір кешіп жатқан қария бейбіт күннің тыныштығын тілейді. 
Көлбай Анафияев 1926 жылы 13 маусымда Жамбыл облысы Меркі ауданы Сұрат ауылында дүниеге келген. Қостаған ауылындағы мектепте сегіз кластық білім алған ол 1941–1944 жылдар аралығында әртүрлі жұмыс істеп, елдің басына түскен қиындықты бір кісідей көрді. 1944 жылдың қазан айында соғысқа аттанғанда небары 18 жастағы бозбала еді. Семейде арнайы әскери оқу орталығында бес ай оқып, оқу-жаттығу тәсілдерін үйренеді. Екінші Беларусь майданы 12-гвардия­лық дивизиясының 197-полкінде минометші болды. «Алты ай Германияда болып, 1 100 шақырым жаяу жүріп, Брест қаласының оңтүстігіндегі әскери қалашыққа келіп орналастық. Беларусь әскери округіне қарасты 12-гвардиялық дивизия құрамында болдым. Кіші командир дайындайтын курсқа жіберді. Кейін кіші сержант атағын алып, бөлімше командирі, рота старшинасы болып қызмет еттім» деп еске алады майдангер. 1945 жылы Берлин қаласынан кейін, Ресейде бірнеше жыл коменданттық тәртіп сақтау үшін қызмет етті. 1949 жылы елге келіп, комсомол комитетінің бөлім басшысы болды, әрі ауыл шаруашылығын қалпына келтіру жұмысына да белсене кіріскен. 
II дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысында Гер­манияны жеңгені үшін», Кеңес одағының маршалы Г.К. Жуковтың медалімен, Жеңістің 25, 40, 50 жылдығы, «Еңбек ардагері» ордені және бірнеше медальдың иегері.

Ғалымның ғибратты ғұмыры

Майдангер Зұлхайнар Сейі­тов 1927 жылы 27 желтоқсанда дүниеге келіп, 1942 жылы 10-сыныпта оқып жүргенде әскер қатарына шақырылған. Ол арнайы үйретілген иттермен бірге маңызды әскери тапсырмаларды орындайтын аймақта қызмет атқарған. Өзінің төрт аяқты досымен бірге Сталинградтан бастап Белоруссия мен Польшаны жүріп өтті. Берлинді алуға қатысып, Потсдам сарайын минадан тазартқан. Майдангер 2-дәрежелі «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Сталинградты қорғағаны үшін», «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапатталған. 
Соғыстан кейін Омбыдағы ауыл шаруашылығы институтын тамамдап, елге келіп қызмет істеді. Ғылым жолында тер төгіп, биология ғылымының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі атанды. Қазақстан-Ресей медициналық университетінің профессоры Зұлхарнай Сейі­тов – 150-ден аса ғылыми еңбек пен монографияның авторы. Ғалымдар арасында тұңғыш рет биохимия оқулығын қазақ және орыс тілдерінде жазған. Оқулық кейін ағылшын тіліне аударылды. Биохимия саласы бойынша 14 патент және 8 авторлық куәліктің иесі. Ғылым саласына еңбек сіңірген қайраткердің сиыр мен бие, түйе сүтіндегі ақуыз, амин қышқылы, май қышқылы, дәрумендер құрамы мен оның технологиялық қасиетін химиялық тұрғыдан зерттегенін, сондай-ақ бие мен түйе сүтін, саумал, қымыз бен шұбатты молекулалық деңгейде кептірудің жаңа әдісін тауып, содан алынған құрғақ ұнтақтан табиғи қымыз бен шұбат өндірудің жаңа биотехнологиясын ұсынғанын көзіқарақты оқырман жақсы біледі.

 

Түйін

Біз бейбіт заманның, бейбіт өмірдің бақытты тұрғындарымыз. Халқымызға қаншама қасірет әкелген соғыстың ауыр тауқыметін әлі арқалап, қасіретін тартып келеміз. Қан майданда жан алысып, жан беріскен, ерлік көрсеткен майдангерлеріміздің жанқиярлық ерен еңбегінің құны өлшеусіз. Барымызды бағалап, еңселі елдіктің рухы өрлеп, тәуелсіз еліміздің Көк туы бейбіт заманда, ашық аспанда әркез қалықтап тұрсын! 

Бағдагүл Балаубаева

 

1487 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9302

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7372

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5114

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4496

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4460

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4419

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4156

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4148

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы