• Тарих
  • 02 Тамыз, 2012

«Алғыр жүйрік сұлтаным...»

Ақын Шәңгерей Сейіткерейұлы Бөкеев атақты Жәңгір ханның немересі. Алаш ардақтысы Ғұмар Қараш «Жиһангер ханның немересі Сұлтан Шаһангерей Сәйдігерейұлына» мадақ жырында «Алғыр жүйрік сұлтаным, Ақылың жетіп алысқа, Ілгеріні болжадың...» дей келе, тектілік тініндегі ұрпақтар сабақтастығын «Түпкі бабаң белгілі, Баһадүр Шыңғыс хан екен. Арғы атаң атақты, Әбілқайыр, Нұралы, Кіші жүздің елінде, Жарық бір жанған шам екен, Бабаң Бөкей бас болып, Көлденең жатқан Жайықтан, Көктей өтіп ен тастап, Қоныс алған хан екен» деп толғайды.

Мағжан «Ақанның өмірі – ертегі өмір. Судай сұлу, желдей екпінді, жалпақ жұртқа жат, жұмбақ өмір» деп толғайды. Сал-серілік поэзия сүлейінің жарқын өміріне сәуле түсірер толғамды Шәңгерей ақын өміріне де қатысты айтуға болады. Бабадан қалған құтты мекен Көлборсыда аң аулап, құс салуды ермек етіп қоймай, өзіне қарасты ата қонысында егін ектіріп, бау-бақша өсіруі, асыл тұқымды мал ұстауы далалық өмір үйлесіміндегі қазақы көзқарасқа тосындау көрінетін жайттар еді. Сондай-ақ меншігіндегі жерін жалға беру арқылы атадан жеткен бай-бағлан дәулетті еселеп отыруы заман ағысын дөп басқан бекзат болмысты Шәңгерей тұлғасына тән даралық қасиет болатын. Бұған қатысты М.Әуезов «ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» (1933) кітабында «...Самар губерниясындағы орыс дворян-ақсүйектерінің тізіміне жазылып, қазақтан шыққан бірінші дворян боп өмір кешеді. Алған жеріне 30-40 үйлі қазақ қоңсы әкеліп, ортасына алмалы тоғай, бау-бақшалар орнатып, көліне құс шүйгітіп, тоғайына тазы жүгіртіп ­– әрі қазақша бай-сері, әрі орысша дворян-ақсүйек боп, өз бетінше кең сайран-тіршілік етеді» деп жазады. Шәңгерей Сейіткерейұлының даңқты бабасы Жәңгір хан дәстүрінің желісін үзбей қазақ топырағында білім мектебін жаңғыртуы ерекше бағалауды қажет етеді. Алғашқыда өзі бастап шәкірттерге білім нұрын құйса, кейіннен кемел іске білімі мен білігі үйлескен зиялыларды жұмылдырады. Ұлттық мәдениет пен өнер құдіретін ерекше эстетикалық талғаммен таразылаған Шәңгерей төңірегіне әнші, домбырашы өнерпаз жандарды жинап, ақыл-кеңесімен шапағат нұрын төгіп әрі қаржылай демеушілік жасайды. Мысалға Ғұмар Қараштың білімін тереңдетуіне, ақындық мәдениет биігіне көтерілуіне Шәңгерейдің ағалық қамқорлығы ерекше болған. Шынайы достықтан туындаған сыйластық пен қамқорлық қадірін бағалай білген Ғұмар Қараш 1910-1912 жылдары Орынборда басылған «Шайыр», «Көкселдір» атты әдеби мұра жинақтарында ақынның бірер өлеңін енгізеді. Ал «Шәңгерей өлеңдерін оқығанда» өлеңінде ақын поэзиясының көркемдік-эстетикалық қуатын «Көріп ғажап бұ ғазалны қалдым қайран, Мафһумы неше түрлі алуан-алуан. Тіріліп Пушкин, Лермонд қылса баян, Айта алмас жүз мыңнан бірін ғаян» деген кіршіксіз сүйіспеншілікпен бағалайды. Шәңгерей Сейіткерейұлы Бөкеевтің қаржылай демеушілігімен 1911-1913 жылдар аралығында ұлттық рух жаршысы болған «Қазақстан» газеті жарық көрді. Басылым халық санасына оқу-білім, ғылым жарығын түсіруде, жатқа кеткен қасиетті жерімізге ие болып қалудағы отырықшылық тұрмыс игіліктерінің маңызын насихаттауда ауқымды істер атқарды. Газет атауында терең мән-мағына бар. Бұл «қырғыз-қайсақ», «моңғол» деп тұқыртылып, тарихи атауы шовинистік астамшылықпен бұрмалаған отаршылдар өктемдігіне деген ақын наразылығын көрсетеді. Басылымдағы «Баку» очеркінен «Қазақстан» газетін шығаруда Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин сынды Алаш зиялыларының қайтпас қайсарлық танытқан сом тұлғаларын танимыз. Ұлт керегі дегеннен бас кетсе де тартынуды білмеген текті Шәңгерей газетке қаржылай көмек берді, демеушілік жасады. Бүгінгі ұғымға жанастыра айтсақ ел игілігі үшін қазақ топырағында Есенқұл Маманов, Ахмет ишан Оразаев қатарында меценанттықтың негізін қалады. Қаржы мәселесі тіптен тығырыққа тірелген кезде түбі бір, тілегі бір әзірбайжан халқының жадитшіл азаматы, генерал, қажы Зейнел-Ғабиден Тағиевке Шәңгерей Ғ.Қараш пен Е.Бұйринді жіберіп, көмек қолын ұсынуды өтініп хат жолдайды. Ғұмардың аталған «Баку» очеркінде осы сапар туралы жазылған. Бұл мәселені кеңінен қарастырған ғалым Мақсат Тәжімұрат «Шәңгерей. Жасампаздық өмірі» зерттеуінде «Жолаушылар қажы шарапатындағы орыс-мұсылман қыздар училищесінде болады, училище жанындағы мешіт, жатақхана, театр үйін аралап көреді. Сонсоң қажы қабылдауына кіреді. Бұл ретте, жай-күйді түсіндіруге әзірбайжан түркілерінің белгілі қоғам қайраткері, «Мұсылман-иттифағын» бастап құрушы, Думаның неше қабат ағзасы, Тағиев шәкірті, «Кас­пий», «Хаят» газеттерінің шығарушысы Ғалимардан бек Топшыбасовтың көмегі тиген. Нәтижеде генерал «Қазақстанға» жәрдем ретінде мың сом береді (Нұғыман Манайұлы «1300 сом болса керек» дейді, бірақ бұл өсіңкіреп айтатын ел ішінің әңгімесі сияқты). «Хажы...аталық сифатынан ағып шыққан сөздерін айтты, – дейді Ғұмар. – Барлық қазақ атағына...құран шариф ғадие қылды. Амандасып айрылысар жерде «Қазақ баласына менен сәлем – дәулет менікі емес, милләттікі» деген сөзін айтып көзіне жас алды...». Әне, ол заманға милләт, ұлт желімі сондай болған!» деп жазады. Шәңгерей Астрахань гимназиясында, Орынбор кадет корпусында жан-жақты зайырлы білім алған ақын. Шайыр өмірі мен шығармашылығын зерттеуші Мақсат Тәжімұрат Жәңгір хан кітапханасында шет тілдеріндегі 212 кітап болғанын зерделесе, Аслан Жақсылықов ақынның орыс тілімен қатар француз тілін жетік меңгергенін жазады. Бұл жерде Шәңгерейдің бірнеше тілдерді білуі таңғаларлық жағдай емес. «Жәңгір хан. Даңқ пен дақпырт» (Жаңаша көзқарас) еңбегінің авторлары М.Құлкенов, Р.Отарбаев Жәңгір ханның Қазан университетінің құрметті мүшесі болғанын, татар, неміс, парсы, араб тілдерін білгенін нақты деректермен дәлелдей көрсетеді (Қараңыз: «Жәңгір хан. Даңқ пен дақпырт» (Жаңаша көзқарас). А., «Өлке» баспасы, 1992). Ақынның шығармашылық әлемін бағалаудағы ғылыми ізденістер тоталитарлық жүйе қысымына алынғандықтан, таптық танымдағы таяз көзқараспен еш үйлеспейтін өзгеше бітімдегі жойқын мұрасын зерттеу үнемі тұсауланып отырды. 1934 жылы Нұғман Манаев алғы сөзімен жарық көрген өлеңдер жинағы мұрағатта сүрленді. Саяси-идеологиялық қысымға қарамастан Шәңгерей ақындығының әдебиет тарихындағы құндылығын айқындауға М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, З.Ахметов, Б.Ақмұқанова, Х.Сүйіншәлиев, Ы.Дүйсенбаев, М.Мағауин, Ә.Дербісалин ерекше қажыр-қайрат салды. Ақын өлеңдерін кейінгі ұрпаққа жеткізген Фарид Ғатауов еңбегіне де мың тағзым. Қазіргі шәңгерейтануда әдебиетшілер Х.Сүйіншәлиевтің «ХІХ ғасыр әдебиеті» (1992), Мақсат Тәжімұраттың «Шәңгерей. Жасампаздық өмірі» (1998), А.Жақсылықовтың «Образы, мотивы и идеи с религиозной содержательностью в произведениях казахской литературы» (1999) еңбектері ерекше аталады. «Ала ту Абылайдың ала аттансаң, Аламан артындағы біреуі мен» деп жыр­лаған Шәңгерейдің Алаш қай­рат­керлерімен рухани және саяси арнадағы мүдде тоғысуы ұлт­тық мұраттарға ақтық демі таусылған­ша адал бола білген арыс­тар өмірінің жасампаздық тұғырын асқақтатады. Оның азаматтық тұлғасын, поэзиясын Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсын­ұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабайұлы сын­ды Алаш алыптары жоғары бағалады. Осы бір ілкі қасиетті М.Әуезов 1933 жылы «...Бер­тін келе қазақтың оқымысты адамдары шығып, газет-журнал шығар­ған уақытта соларға атсалысады. Ұлт­шыл, байшыл оқығандардың тобын қостап, оларға сыйлы, даңқты болады... Оқыған адамдарға үйлескен, ұғысқан адамы сол кезде кадет партиясына мүше боп жүрген төре – Бөкейханұлы Әлихан. Оны әрі қандас інісі, әрі серігі есепті біледі. Соның жолын құптайды» деп жазған-ды. Шәңгерей «Сені қазақ деп жақсы көрем» деп құрметтеген ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан 1916 жылғы патшаның маусым жарлығынан қан жылаған қазақ баласының көзіндегі жасты қайтып тыямын, майданның қара жұмысындағы қыр перзенттеріне қалайша қол ұшын беремін деп шарқ ұрғаны тарихи шындық. 1916 жылғы аласапыранда ұлт зиялыларын бір тудың, намыс байрағының астына топтастыру­ға күш салған Алаш қайраткері Шәңгерейге ерекше сенім артты. Ұлт үшін атқарылар игілікті істерді өтеудегі, яғни майданның қара жұмысындағы қандастарға қандай да болмасын көмек көрсетуде, азаматтық парызды атқаруда бөкейліктен Шәңгерей Бөкеев Әлихан Бөкейхан назарында болды. Мәселен, «Қазақ» газетінің 1917 жылғы №221 санында Әлихан Бөкейхан «...Төмендегі инабатты адамдар көрсеткен жігіттерді переводчикке аламын» дей келіп, бөкейліктен Шәңгерейді атап, «Қызмет – жұрт үшін, іс – таза жігіттік» деп түйді. Ал «Минск, 15/ІІІ» мақаласында Әлихан Бөкейхан Орынборда ІІ жалпы қазақ құрылтайын шақыру жөнінде үндеу жариялады. Ол қазақ жерінің түкпір-түкпіріндегі елге қадірлі, беделді азаматтарға жеделхат түрінде таратылды. Онда халықты бірлікке бастау, елдікке үндеумен қатар алмағайып дәуірде қазақ жеріне ие болып қалу мәселесінде Алаштың отаншыл азаматтарына үлкен жауапкершілік жүктелді. Шәңгерей есімі арлы да иманды азаматтар шоғырында үлкен ілтипатпен аталады. Сонымен қатар «Қазақ депутаттары» мақаласында Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан қазақ жұртынан депутат болатын 43 азаматтың, яғни А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, А.Бірімжанұлы, М.Жұ­ма­бай­ұлы, Ж.Ақбайұлы, Х.Ғаббасұлы, Т.Құнанбайұлы, М.Тыныш­байұлы, М.Шоқай, Ә.Ермекұлы, С.Асфандияр­ұлы сын­ды ұлт қайраткерлері қатарында Шәңгерей Бөкеевті көрсетеді. «Біздің іздегеніміз Алашқа аты бәйгеден келгені. Тірі болсақ, алдымызда үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса да, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар. Бұл болып тұрған заман Алаштың азаматына зор жүк. Бізде бірлік қылып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт-махаббат жолына түсті. Кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс бере жүретін алдымызда зор шарттар бар! Осыны аңғар, жұртым қазақ!» деп мақаласын тебірене түйген Ә.Бөкейханның ұлтқа қызмет етудегі ерен істері арлы ұрпақты отаншылдық биігіне жетелейтін адас­тырмас мәңгілік темірқазық болып қалады. 1925 жылы 16 мамырда Ахмет Байтұрсынұлына жазған хатында Әлихан Бөкейхан «Біздің Нәзір (Нәзір Төреқұлов – баспа меңгерушісі) Шәңгерейді, Шоқанды, Ыбырайды да (Алтынсары) кітап қылып шығарайық, – дейді. Мен: «Жарайды», – дедім. Мен Шәңгерейді жазбақ болдым» деп ақын мұрасын зерттеп-зерделеуді қолға алғанын әрі мектепке арналып шығарылатын дәптерлердің оң бұрышына Абай, Шоқан, Ыбырай, Ахмет және Шәңгерей суреттері берілетінін жазады (Қараңыз: Тұрсын Жұртбай. «Ұраным – Алаш!...». А., «Ел-шежіре», 2008. 183-бет). Қазақ поэзиясын ғажайып лирикасымен көркемдік-эстетикалық биікке шығарған ақын әлемдік поэзиядағы декаденттік бағыттың қазақ әдебиетіндегі бастауында тұрды. Өнер құдіретін эстетикалық идеал тұтқан Шәңгерей сұлулық үйлесімін жырлап, табиғат жарасымын классикалық үлгіде суреттеуде ұлт әдебиетінде жаңа өрнек салды. Сөз зергері Жүсіпбек Аймауытұлы «Мағжанның ақындығы туралы» зерттеуінде «Қазақ ақындарында Шәңгерейдің суретшілдігі, сөз күші Мағжанға жақын келеді. «Құйрық атып құлия Түлкідей қашқан жымия. Қараңды үзіп барасың, Бізден де қайран дүния!» деп толғайды. Өтіп бара жатқан өмірді бұдан күшті қалай суреттеуге болады?» деп тамсана жазды. Жалған дүниенің таза ұлттық дүниетаным болмысында дөп берілуі, шымыр өрілген өлең шумақтарына шыр айналған қас-қағым өткінші өмірді хас ақынға тән суреткерлікпен қиыстыруы шынайы шеберлікке тән даралықты айқын танытады. Мысалы, «Ұршық» өлеңіндегі «Ағаш едің құрма өскен, Ұршық болдың шуда ескен. Бір қалыпта тұрмақ жоқ, Шығармалық мұны естен» деген өлең өрімі Шәңгерей ақындығына тән көркемдік айшықта безбенделеді. Ақынның «Құйрық атып құлия (Сыршы)», «Өмірдің өтуі», «Жалғаншы жарық дүние!», «Көлторғай», «Таудағы тас ұядан», «Бура санды ақ таңда», «Бұл дүние пәнилығын етеді екен», «Сұңқардай шалықтаған тас ұяның» өлеңдерінде өмір, жаратылыс, адам, табиғат болмысының күрделі әлемі сыршылдықпен өрнектеліп, сан қатпарлы тылсым өмірдің әр алуан жұмбақ әлемі шабыт шалқарында жырланады. Әлемдік әдебиетті соны стильдік ізденістерімен байытқан дарашыл эстет ақындар Фет, Тютчев сарынына ден қойған «күйлі сөздің күштісін айтқан ескек ақынның» (М.Әуезов) сыршыл лирикасында бұла сезім мен қиял заңғарындағы асқақтық, жүрек қылын дөп басар мұң мен шер ғажайып үйлесім тапқан. Сұлу сөздің сиқырына арбайтын сыршыл поэзиядағы адам жанының түпсіз терең сезімін суреттеудегі кестелі өлең керімдігі Мағжан ақынның жанын баурап тамсандырған-ды. Мағжан Жұмабайұлы «Педагогика» еңбегінде «Фантазия – өмірдің гүлді, көрікті болуының түпкі діңгегі... Фантазия әдемілік сезімін тереңдетеді. Біз неше түрлі әдеміліктерден фантазия арқылы ғана ләззат аламыз. Фантазиясыз адам өмірі үнсіз, түссіз бір нәрсеге айналмақ. Мылқау өмірге үн беретін, сақау өмірге тіл беретін, жоқты бар қылатын, бізді арсыға аяқ басқызып, тәңірімен тілдестіретін – сол фантазия. Осы фантазияны қазақтың ең терең сыршыл ақыны Шәңгерей Бөкеев былай деп суреттейді: «Таудағы тас ұядан, Лашындай сарыққан қиядан, Шалқып сөзім шығады, Ойласам, пікір-қиялдан, Аспалап қиял кетеді Шыққан оқтай жая­дан. Жасындай барып жалт етіп, Көк қақпасын ашады. Жарығына алданып, Дидарға қадам басады...» деп тебірене жазады. Шәңгерей лирикасы жан сезімін тербер бейнелілігімен, жүректі толғантар сыршылдығымен ерекше күйге бөлейді. «Адамнан артық ажар, ақыл, айлаң, Ажары ақ бетіңнің асқан айдан, Адасқан арық қудай болдым асық, Айдындай ақ төсіңе, асыл айнам!» («Адамнан артық ажар, ақыл, айлаң»). «Көрдің бе Қатшекейдің асылығын, Жалтақтап еткен ісін жасыруын. Ау, жаным, сүйемісің, сүймеймісің, Сүймесем жоқ-ты саған бас ұруым» («Қатшекейге»). Жастық шақтағы алабұртқан көңілді, алмас қылыштай өткірлікті, кемерінен шалқып асқан шексіз қиялды ақындық қуатпен жырлаудағы, суретті бейнелеудегі шеберлігі ақындық мәдениетінің заңғарлығын асқақтатады. «Бір күнде жас көңілім судай тастың, Тасқындап кемеріңнен шалқып астың, Төрт бұрышын дүниенің көрмей болжап, Қиялмен көк қақпасын барып аштың. Сыйдырып асқар тауды уысыңа, Жүзіне алмас қылыш табан бастың. Күркіреп қара бұлт жасын атса, Отына жетіп барып құшақтастың» («Бір күнде жас көңілім судай тастың»). «Сұңқардай шалықтаған тас ұяның, Болжаған жер қиянын ер қиялым. Мерт болған арыстандай айға шапшып, Қайғылы қайтып болған шер қиялым. Жер-жебір жермен жексен болайын деп Сен тұрсаң кезеңінде паң дүнияның» («Сұңқардай шалықтаған тас ұяның»). Ендігі бір өлеңдерінде табиғат сұлулығына, жаратылыстың әсемдік әлемінің үйлесіміне тамсанып қана қоймай, оның сүреңсіз, сұрғылт, көңіл жабырқатар, жан құлазытар көрінісін бейнелейді. Адам өмірінің өтпелігіне, келте ғұмыр жалғандығына ой тастап толғанады. «Жалғаншы жарық дүние! Бізден де бір күн қаларсың. Піл сауырлы қара жер, Қойныңды ашып, қол жайып, Құшағыңа аларсың!». *** «Бұл дүние пәнилығын етеді екен Бір дәурен өтіп, бірі жетеді екен. Жұрт болар бір күндегі жоқ адамдар, Ескілер бірден бірге бітеді екен. Өзіне халық аузын қаратқан ер, Тіріге өлсе қадірі кетер екен. Өлгенді қадір етсек, қанға рауа, Рухын құрмет қылсақ не етеді екен?! Ханға еріп адам болған туғандары Жылында барып дұға ете ме екен?!» Қазақ әдебиетінің көркемдік-эстетикалық бағытын әлемдік поэзия­дағы жаңашыл ізденістер арнасымен тоғыстыру бастауында тұрған сыршыл шайырдың сөз кестесі мен ой дестесі шеберлік мектебінің шыңына жетелейтін поэтикалық қуатымен құнды. Иә, «Ала ту Абылайдың ала аттансаң, Аламан артындағы біреуі мен» деп рух асқақтығын жырлаған ақын-сұлтан Шәңгерей Бөкеевтің мұрасы туған елімен жасай бермек. Сағымбай Жұмағұл, Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры

7559 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7059

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6133

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3871

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3264

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3218

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3193

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2921

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2909

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы