• Мәдениет
  • 16 Тамыз, 2012

Әнұранымыз әлемді ұйытты

Біз бұдан бұрын Олимпиада чемпиондары атанған спортшыларымыз Александр Винокуров, Зульфия Чиншанло, Майя Манеза туралы жазғанбыз. Әйелдер арасында ауыр атлетикадан 75 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Светлана Подобедова Қазақстан қоржынына төртінші алтынды сыйлады. Жарыс жолына шыққан ол серпе көтеруде 130 келі, ал жұлқа көтеруде 161 келіні көтерді. Осылайша қоссайыста 291 келіні бағындырған ол Олимпиада чемпионы болып қана қоймай, Әлем рекордын жаңартты. Ал 94 келі салмақ санатында жарыс жолына шыққан Илья Ильин болса ұлттық құрама қоржынына бесінші алтын медальді салды. Алғашқы жаттығуда біздің зілтеміршіміз 185 келіні бағындырып, екінші орынға тұрақтады. Оның басты қарсыласы ресейлік Александр Иванов та дәл осы салмақты бағындырған болатын. Алайда оның салмағы Ильядан сәл жеңіл болуына орай бірінші орынға шыққан еді. Серпе көтеру сайысында Ильяның алдын ешкім орай алмады. Ол бұл сайыста Олимпиада және Әлем рекордын жаңартты. Серпе көтеруде біздің зілтемірші 233 келіні еркін көтерді. Қорытынды ұпай – 418. Илья серпе көтеруде Олимпиада рекордын, ал қос сайыс қорытындысында Әлем рекордын жаңартты. Осылайша ол екінші мәрте Олимпиада чемпионы атанды. Бұл салмақта сынға түскен екінші зілтеміршіміз Алмас Өтешев қос сайыс нәтижесінде 395 келіні бағындырып, жетінші орынға тұрақтады. Зілтеміршілеріміз сәтті өнер көр­сеткеннен кейін кезек жеңілатлеттерге келді. Үш секіріп қарғудан жарыс жолына шыққан спортшымыз Ольга Рыпакова алдына жан салмады. Ол Қазақстан қоржынына алтыншы алтынды сыйлады. Үш секіріп қарғудың үшінші мүмкіндігінде біздің спортшы 14,98 метрге секіріп, бірінші орынға шықты. Жарыс жолына шыққан 8 спортшының ешқайсысы да Ольганың нәтижесін қайталай алмады. Бейжің олимпиадасында 15,01 метр секіріп, төртінші орын алған спортшымыздың бұл жолы бағы жанды деуге толық негіз бар. Өйткені биылғы дүбірлі додада ол өткен олимпиадаға қарағанда аса қатты секіре алмады. Әйтсе де, бұның өзі оның алтын алуына еш кедергі болған жоқ. Олимпиадаға дейін Ольга Рыпакова биыл Нью-Йоркте өткен «Бриллиантты лиганың» алтыншы кезеңінде бірінші талпыныстан-ақ 14,71 метрге секіріп, рекорд жаңартып, алтын медаль иеленген болатын. Сонымен қатар Ольга осы лиганың Дохада болған бастапқы кезеңінде де 14,33 метр нәтижемен алтын олжалаған-ды. Грек-рим күресі бойынша 84 келі сал­мақта сайысқа түскен қазақстан­дық балуан Даниял Гаджиев Лондон олимпиадасында өз салмақ дәрежесінде қола медаль жеңіп алды. Гаджиев алғашқы кездесуінде болгар палуанын жеңіп, ширек финалға шыққан еді. Бірақ ресейлік қарсыласынан ұпай санымен ұтылып, қола жүлде үшін екі мәрте белдесуіне тура келді. Әуелі Беларусьтің балуанын жыққан Гаджиев шешуші белдесуде грузин балуанынан басым түсті. Ал еркін күрес бойынша 72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күрескен қазақстандық Гүзел Манюрова қола жүлдені жеңіп алды. Боз кілемдегі бірінші күресінде Манюрова жапондық Кийоко Хамагучиден басым түсті. Ширек финалда ресейлік Наталья Воробьеваға есе жіберді. Одан кейін украиналық Екатерина Бурмистрованы белдесіп, одан айласын асырды. Қола жүлде үшін жерлесіміз қытайлық Вангпен боз кілемде кездесті. Күрес өте тартысты болды. Бірінші кезеңде қытайлық басым түссе, екінші кезеңде қазақстандық спортшы қарымтасын қайтарды. Үшінші кезеңде екі спортшы тең нәтижемен аяқтады. Төрешілер жеребе тастады. Бұл тұста Гүзелдің бағы жанды. Олимпиаданың соңғы күнінде қоржы­нымыз 1 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлдемен толықты. Алдымен Лондон олимпиадасында боз кілемге көтерілген еркін күрес шеберіміз Ақжүрек Таңатаров қола медаль үшін белдесуде түрік балуаны Рамазан Шахинмен күресіп, жеңімпаз атанды. Естеріңізге сала кетейік, 1/8 финалдық белдесу біздің спортшы үшін тартысты өтті. Дегенмен, Ақжүрек украиндық қарсыласы Андрей Квятковскийден екі кезеңде де басым түсіп, ширек финалға жолдама алған еді. Ал, ширек финал белдесуі де барынша шиеленісті өрбіді. Алғашқы кезеңде біздің балуан 3:2 ұпаймен армениялық Давид Сафарияннан басым түсті. Алайда, екінші кезеңде 4:1 ұпаймен алға шыққан армениялықтың жартылай финалға деген ұмтылысы айқын көрініп тұрды. Бірақ намысты қолдан бермеген Ақжүрек үшінші кезеңді өз пайдасына шеше алған болатын. Ал жартылай финалдың бірінші кезеңінде Ақжүрек үндістандық Сушил Кумарға есе жібергенімен, екінші кезеңде таразы басын теңестірді. Дегенмен, үшінші кезеңнің жан беріп, жан алысқан белдесуінде үндістандық балуан Ақжүректің құлағын тістеп қан жоса қылды. Белдесіп жатып-ақ біздің балуан осы жайтты сездіріп, ымдағанымен төреші еш назар аудармады. Осылайша біздің спортшы есе жіберді. Ал қола жүлде алу жолында ол түркиялық олимпиада чемпионы Рамазан Шахинмен белдесті. Бірінші кезеңде ұтылып жатқан Ақжүрек екінші кезеңде белсенділік танытып есепті теңестірді. Осылайша ол Қазақстан қоржынына бесінші қола жүлде сыйлады. Бокстан 69 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық Серік Сәпиев Олимпиада чемпионы атанды. Төрт жылда бір келетін Жазғы ойындарда Серік шашасына шаң жұқтырмады. Естеріңізге сала кетейік, С.Сәпиев Ясухиро Сузукиді ширек финалда, венесуэлалық боксшы Габриел Маэстрені жартылай финалда айқын басымдықпен ұтты. Жартылай финалда ресейлік Александр Замковойды 18:12 есебімен ұтты. Ал финалдық кездесуде Олимпиада қожайыны ағылшындық Фрэдди Эвансқа қарсы кездесу өткізді. Шаршы алаңға көтерілген былғары қолғап шеберіміз британдыққа үш кезеңде де еш мүмкіндік бермеді, қорытынды есеп – 17:9. Ай­қын басымдықпен жеңген қараған­ды­лық боксшы Серік Сәпиев осылайша елі­міз­дің қоржынына 7-ші алтынды салды. Қазақ боксшылары 69 келі салмақ дәре­жесін­де соңғы үш олимпиадада жеңімпаз атанды. Бұдан сегіз жыл бұрын Афиныда алтын­нан алқа таққан Бақтияр Артаев та, Бейжің­де мерейімізді асырған Бақыт Сәрсекбаев та осы салмақ дәрежесінің саңлақтары еді. Бір қуанарлығы, қазақстандық бокс­шы Серік Сәпиев Олимпиаданың техникалық ең шебер былғары қолғап шеберіне берілетін Вэл Баркер Кубогына ие болды. Осылайша ол Кубокка ие болған үшінші қазақстандық атанды. Қазақстандық былғары қолғап ше­бері Марина Вольнова Олимпиада ойын­дарының қола жүлдегері атанды. 74 келі салмақ дәрежесінде жерлесіміз алғашқы кездесуде алаң қожайыны британиялық боксшыны қапы қалдырды. Жартылай финалда ол америкалық Клариса Шилдспен қолғап түйістірді. Финалға берер жолдама жолындағы бәсекеде Марина 15:29 есебімен жеңіліп, қола жүлде иеленді. Ал ерлер арасында 91 келіден жоғары салмақта сынға түскен Иван Дычко жартылай финалда ағылшындық былғары қолғап шебері Энтони Жошуамен кездесті. Жекпе-жектің алғашқы сәттерінен-ақ тартысты басталған кездесуде есеп 4:4 нәтижесімен аяқталды. Ал екінші раундта Дычко Ұлыбритания бокс­шысын соққы астына қалдырды. Алайда, қорғаныс тактикасын ұстанған қарсыласы екінші кезеңнің қорытындысында 9:7 есебімен алға шығып кетті. Ал үшінші раунд­та жерлесіміз белсендік танытқанымен қапталдағы төрешілер боксшымыздың дөп тиген кейбір соққыларын санамады. Нәтижесінде 11:13 есебімен жеңіске жеткен жарыс қожайыны ақтық сынға жолдама алды. Ал 21 жастағы біздің боксшы өз қанжығасына қола жүлдені байлап, Лондон ойындарындағы соңғы кездесуін аяқтады. Ал 81 келі салмақ дәрежесінде жұды­рықтасқан Әділбек Ниязымбетов күміс жүлдеге ие болды. Жерлесіміз финалда ресейлік Егор Мехонцевпен қолғап түйістірді. Шиеленісті де тартысты өткен жекпе-жектің қорытындысында қазылар алқасы қорытынды есеп 15:15, яғни тең түскенін хабарлады. Алайда қосымша көрсеткіш бойынша Мехонцев жеңімпаз деп танылды. Сөйтіп, Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы күміс жүлде түсті. Иә, биылғы олимпиада ел тарихында алтын әріптермен жазылатыны сөзсіз. Бұ­ған дейінгі олимпиадада біздің қоржыны­мыз­ға көп дегенде үш алтын түсетін. Тіпті бір алтынмен шектелген кезіміз де болды. Сонымен Лондон олимпиадасында 7 алтын, 1 күміс, 5 қола олжалап, жалпы командалық есепте 12-ші орынды иелендік. Бұл біздің еліміздің жарқын жеңісі. Нұрлан ҚҰМАР

3049 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5815

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5482

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3220

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2606

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2567

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2546

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2279

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2261

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы