• Руханият
  • 16 Тамыз, 2012

Сыйластықта қызмет атқардық

Мен ардақты азамат Сексенбай Күлімбетовпен қырық жылдай қызметтес, әріптес, қаламдас болыппын. Үнемі бір ниетте жүретіндігіміз де жасырын емес-ті. Жиырмадан енді ғана асқан балаң жігіт облыстық газетке корректор болып келгенде мен осы «Коммунизм жолы» газетінің ауылшаруашылығы бөлімінде әдеби қызметкер болып істейтінмін. Кеңес үкіметінің мықты тұрған кезеңдерінің бірі. Үкімет «гүрілдеп» тұрғанымен баспаханадағы жағдай онша емес-ті. Аптасына үш рет шығарылатын газет беттерінің біраз бөлігі қолмен теріліп, қолмен беттелетін. Линотип кейінірек келді ғой. Мұның өзіне қыруар уақыт кететін. Газет шығарып, «жарыққа» деп қол қою түннің біраз бөлігін алатын. Ал қаулы-қарарлар жарияланатын кездерде келесі таңның атуына ұласатын. Міне, осындай кезеңдерде корректорлар, кезекші редакторлар мен журналистер кірпік қақпастан жұмыс үстінде болатын. Мұны жазып отырған себебім, осындай қиын кезеңдерге Сексенбай төзе білді, шыдамдылық танытты. Ол газет шығаруға жіті қарайтын, қырағы көзді еді. Осындай іскерлігі, жауапкершілігі, әрі журналистиканы ұнатып, «КазГУ»-де сырттай оқитындығы ескеріліп, осы газеттің әдеби тілшілігіне ауысты. Қай жұмыс болса да, баспасөз маңында оңай іс жоғын журналистер қауымы жақсы біледі. Жазылған материалдарыңа да екі шұқып, бір қарамасаң тіпті болмайды. Босаңдау, шұбалаңқы жазсаң оқушы қауым «іскер емес» деп бағалайды. Өткір тілмен, шымыр сөзбен, ұғынықты жазсаң, «О, мына жігіттен бірдеңе күтуге болады екен» деп те жатады. Сексенбай өз материалдарында осы соңғы пікірді көп қолданатын. Секең жөнінде менің білетінім, ол адам жатырқамайтын. Бәрін білгісі келіп отыратын. Кім қайдан келді, қай жерде істейді? Тіпті елі, жері қайдан, қай рудың азаматы еке­ніне дейін біліп отыратыны оның туа бітті қасиеті, тым зеректігі ме екен деп ойлаймын. Ал енді бір сөзінен өтірігі шығып қалатын, құрғақ уәдешіл жандарды жаны сүймейтін. Ондай жандарға теріс қарайтын да қасиеттері барын аңғартатын. Ол батыл, барынша шындықты бетіне айтуды ұнататын. Ағаларын сыйлайтын, құрдастарымен қатты қалжыңдасуды ұнататын. Керек жерінде сыбап та алатын. – Секеңнің қолынан бәрі келеді, – деп біз оның қатты қалжыңдарына мәз болатын­быз. Расында да ол көптің адамы еді. Қо­лынан жақсылық жасау да, «көрермізді» көп айту да келетін. Көбіне айтқан сөзін орын­дайтын, өзгеден де осыны талап ететін. Көптен жұмыс істеп тұрған журналис­тердің облыстық қоғамдық ұйымы 2000 жылдың бастауында тым әлсіреп, жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрды. Ұйымдағы мұндай берекесіздікке тыйым салған С.Күлімбетов болды. 2004 жылдың бастауында одақ мүшелерінің басым көпшілігі шақырылып, жиналыс өткізілді. Осы жиналыста облыстық журналистер ұйымының жұмысын жүргізуге бес адамнан тұратын алқа құрамы, оның төрағалығына Сексенбай бірауыздан сайланды. Филиалдың жауапты хатшылығына осы жолдардың авторы – мені тағайындады. Міне, осы кезеңнен бастап, марқұм Сексенбай екеуміздің арақатынасымыз, пікірлестігіміз бұрынғыдан да жақындай түсті. Берекесі кетіңкіреп қалған облыстық ұйымның жұмыстарын жүргізу нөлден басталды десем артық айтқандық емес. Журналистер тізімі, есеп картасы қайта жасақталды. Қазақстан Республикасы Журналистер одағы басқармасы бекіткен Жарғы мен нұсқаулар негізінде филиалдың жұмысын жүргізу, ескі билеттерді жаңа үлгіде жасалған журналистер билеттеріне алмастыру, тағы да басқа ұйымдық жұмыс­тарды мұқият жүргізуді мен атқарғаным­мен, алқа отырыстарын өткізу, мүшелікке жастарды қабылдау, ұйымның ішкі-сыртқы басшылығы оның тізгінінде болды. Сөйтіп, біз Сәкеңмен аттай сегіз жыл жұмыс істестік. Бір-бірімізге ағалы-інідей болып, ища деспей, сыйластықта қызмет атқардық. Ұмытпасам, 2010 жылдың мамыры ғой деймін. Ол маған: «Ареке, жаздың жайсаң кезі басталды ғой. Екеуміз бір жетіге менің туған жеріме барып қайтсақ қайтер екен?» деді. Мен онымен іссапарға облыс аумағында бірге шыққаныммен, басқа аймақта бірге болмаппын. Келісім бердім. Жүрдек поездың жұмсақ вагонының купесіне орналастық. Алғашқы түскен жеріміз Арал ауданының орталығы болды. Аудан әкімдігінің, аудандық газеттің қызметкерлері күтіп алды. Тура әкімдіктің кең де жарық, ішінде дәмханасы, бильярды, телефоны, теледидары, т.б.демалуға жайлы жағдайлары жасалған резиденциясына орналастық. Қонақжай аралдықтардың сыйлы қонағы болдық. Кешкісін аудан әкімі Нәжмадин Мұсабаев үйіне қонаққа шақырды. Не деген қонақжайлық, мейірімділік?! Нәжмадин ініміздің өзі бастаған отбасы мүшелері аяқтарынан тік тұрып, бізді сыйлады. Көкала шапан жауып, өзі шығарған кітабын ұсынды. – Алланың рақымы жаусын, – деп асқан ризашылығымызды білдірдік. Арал таза, өсіп-ұлғайып келе жатқан қала екен. Бір таңғалғаным, орталық саяба­ғына Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында мыңнан астам боздақтардың есімін гранит тасқа қашап жаздырыпты. Мұндайды басқа аудандардан көрмеген едім. Үлгі аларлық іс қой. Әрине, бұл сапарда Сәкең бірге жүрген әріптес ағасын өзін сыйлайтын, өзгені де құрметтейтін жан достарының дастарқанынан дәм таттыруға апарғандығы сезіліп тұрды. Иманды болғыр Сәкең мені Арыстан деп бір атағанын естімеппін, үнемі «Ареке» дейтін, сыйластықпен қарайтын. Сол сапарымызда Сәкең Қазалы ауданының оңтүстік батысындағы туған жерінде мәңгілікке жатқан ата-ана зиратына бір топ жерлестерімен барып, Құран бағыштады. Бұл оның туған жеріне бала кезінде аунап өскен топырағын басып, саф ауасымен еркін бір демалуына барған соңғы сапары екенін кейін білдік. Өмір деген тым қысқа. Ол кәрі­лік­тен дүние салмады. Бар болғаны зейнет­керлікке енді ғана шыққан. Бойында күш-қайраты мол, жігіт қалпында еді. Ажалға қимас атпалдай азаматтың өмірден өткеніне де жыл толып қалыпты-ау... Қайран Сәкең, қимастай інім болдың. Біз сені бұл өмірімізде ұмытпай айтып, еске алып жүреміз.

Арыстан АЙМАҒАМБЕТҰЛЫ, Ақтөбе облыстық журналистер ұйымының жауапты хатшысы

3137 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5802

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5474

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3212

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2598

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2559

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2537

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2271

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2253

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы