• Тарих
  • 16 Тамыз, 2012

Ұстаз

 Ұрпақтардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына қазақ сөз өнерін оқытатын ұстаздардың қызметі айрықша бағалылығымен ерекшеленеді. Тәуелсіз Қазақстандағы ұлттық сөз өнерін оқыту мен жас ұрпақты тәрбиелеу жұмыстарын тұтастыра жүргізудің үздігі атанған Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның ұлағаты қазіргі республика ұстаздарына өнеге-үлгі мектебі болып отыр.

Қанипа Омарғалиқызының педаго­гикалық еңбек өтілі – ХХ ғасырдың 1968-90 жылдары мен қазіргі ХХІ ғасырдың осы өзіміз өмір сүріп отырған кезеңді қамтиды. 1968 жылы Семей қаласындағы Н.К.Крупская атындағы педагогикалық институттың «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бөлімін үздік дипломмен бітіріп, өмір бойы ұлтымыздың тілі мен әдебиетін оқытумен айналысты. Қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның әлем өркениеті дең­гейіндегі үздік ұстазы боп танылған оның еңбек көрсеткіштері педаго­гикалық мамандық иелері үшін озық инновациялық-технологиялық үздік бағдарлы сипатымен маңызды болып отыр. Ол – республикалық ғылыми-әдістемелік Бітібаеваның атаулы мектебінің және зертханасының жетекшісі. Қанипа ұстаз ұлттық сөз өнері ұлағатын орта мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқытудағы оқу-әдістемелік шеберлігімен жүзеге асырды. Оның пәндері бойынша тек ғана озық үлгірім көрсеткіштерімен білім алған шәкірттері фольклор мұралары мен әдебиет туындыларының көр­кемдік-эстетикалық дүниетанымды тереңдететін тағылымын меңгерді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқытуда – өзіндік жаңашыл ізде­ністерімен, шәкірттердің қабылдау психологиясына айрықша ықпал жасаған инновациялық-әдістемелік жаңашылдығымен оқыту мен тәрбиелеуде үздік нәтижелерге қол жеткізді. 1968-1980 жылдары туған өңірі Тарбағатайдағы ауылында мектепте мұғалім, директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары болып еңбек жолын бастаған ол қазіргі уақытқа дейін мұғалім мамандығының шығармашылық ізденіспен ғана жемісті болатынын дәлелдеді. Педагогикалық еңбек жолының 1980 жылы Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы мектеп-интернатына ұстаздық қызметке шақырылуына жалғасқанына дейін де, одан қазіргі уақытқа ұласқан жылдар белестерінде де – бәрінде де ол сапалы еңбегімен жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудің алдыңғы сапында келеді. Сонау алғашқы еңбек жолын бастаған ауылындағы мектепте ұйымдастырған «Жас қалам» әдеби-драмалық үйірмесі негізінде кіші театр ашқан еді, осылайша пән сабақтары мен сыныптан тыс эстетикалық тәлім-тәрбие ұштасуының озық үлгісін әлі күнге дейін жалғастыруда. Сол алғашқы еңбек жылдарында туған ауданында тұңғыш рет өзі жабдықтаған «Орта мектептер үшін әдістемелік кабинеті» бүкіл аудан мұғалімдеріне зертханалық ғылыми-зерттеу орталығы болған-ды. Аудандық, облыстық, республикалық педагогикалық оқуларда оқу-әдістемелік жұмыстарымен танымал болған Қанипа Омарғалиқызы Кеңес Одағына және шетелдерге танымал көрнекті ғалымдар, академик Ю.К.Бабанскиймен, КСРО Халық мұғалімі Қ.Нұрғалиевпен ғылыми-әдістемелік іс-тәжірибелер бойынша тығыз байланысты болды. Озат ұстаздың қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқыту мен оны адамгершілік-имандылық тәлім-тәрбиесімен ұштастырған іс-тәжірибесі лайықты бағаланды. Педагогикалық үздік еңбек нәтижелері үшін КСРО оқу ісінің үздігі, Шығыс Қазақстан атырабындағы тұңғыш бүкілодақтық Н.К.Крупская медалінің иегері, ал 1990 жылы оған КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілді. Мұғалімдер арасынан Кеңес Одағы бойынша 5-інші, ал Қазақстандағы 1-інші лауреат атанды... Осындай атақтарды иеленген үздік ұстаз туралы «Халықтық білім» («Народное образование») журналының тілшісі Л.Красновский, «Мұғалім газетінің» («Учительская газета») тілшісі С.Синицкая Қанипа Омарғалиқызының сабақ­тарына қатысып, ол дайындаған дидактикалық, көрнекті және оқу-әдістемелік құралдардың мәтіндерді меңгерудегі ықпалын, мұғалімнің теориялық білімінің тереңдігін, шәкірттер білімінің нәтижелерін өздерінің мақалаларында кеңінен қамтып жазып жариялады. Қазақстан Республикасы Тәуелсіз­дігінің өткен 20 жылы ішінде де қазақ сөз өнерін оқытудың, сол арқылы жас ұрпақты тәрбиелеудің үздігі Қанипа Омарғалиқызының іс-тәжірибесімен республикамыздың аймақтарынан орта мектептің, жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлары тәжірибе алмасу үшін арнайы келіп дидарласады. Алыс-жақын шетелдерден (Ресей, Қытай, Түркия, т.б.), Астанадан, Алматыдан келген қоғам қайраткерлерінің, ақын-жазушылардың, ғалымдардың – бәрінің де ғалым-ұстаз еңбек ететін Өскемен қаласындағы дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы арнайы облыстық мектеп-гимназия интернатындағы Қанипа Омарғалиқызының зертханасына келуі дәстүр боп қалыптасқан. Әдіскер ғалым-ұстаздың 100-ге тарта ғылыми-әдістемелік мақалалары, 32 кітабы жарық көрген. Солардың ішінде қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірінен қазіргі кезеңге дейінгі пәндік тақырыптарды оқытудың ғылыми-әдістемелік жүйесіне арналған оқу бағдарламасы, «Әдебиетті тереңдетіп оқыту» атты үш кітаптан тұратын оқу құралдары да уақыт зәрулігіне жауап бере білді. Жоғары оқу орындарындағы педагог мамандарды оқыту үдерісіне арналған «Әдебиетті оқыту әдістемесі, технологиясы» атты екі оқулығы да жоғары және орта білім беру жүйесі сабақтастығын дамытуда аса маңызды қызмет атқаруда. Озат ұстаздың «Қазақ әдебиетін әлем әдебиетімен байланыстыра оқыту» атты бағдарламасы бойынша ашылған авторлық сыныптары да Тәуелсіз Қазақстандағы білім беру жүйесінің әлемдік деңгейге көтерілуінде елеулі орын алуда. Авторлық сыныптарын бітірген шәкірттерінің қатарында 17 филология ғылымының кандидаты, 5-еуі – филология, педагогика ғылымдарының докторы, 70-тейі – облыстық пән олимпиадаларының бас жүлдегерлері, 18-і – республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері. Қанипа апайдың ақын шәкірттері – республикалық, халықаралық мүшәйралардың, «Шабыт» фестивальдерінің жеңімпаздары. Қанипа Омарғалиқызының мекте­біндегі ұстаздар Қазақстан мектептері үшін оқу құралдарын, оқулықтар, әдістеме­лік нұсқаулар жазып, пайдалануға ұсы­нып келеді. Алматы, Ақтөбе, Жезқазған, Өскемен қалаларында хакім Абай, Мұхтар Әуезов шығармашылығын оқыту әдістемесіне арналған халықаралық форум, республикалық, облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция (1994-1995жж), «Әдебиетті оқытудың инновациялық технологиясы» (Тараз, 2003), «Қазақ тілі мен әдебиетін оқытуды технологияландыру» (Өскемен, 2004) атты ғылыми-тәжірибелік конференциялар да оқу-ағарту жүйемізге пайдалы әсерін тигізді. АҚШ-тың Аризона штатының Тусон қаласында болған іссапары (1991) қорытындылары, шетелдердегі (Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Түрікменстан, Ресей қазақтары) қазақтар мектептерінде пайдаланып жүрген оқулықтары, оқу құралдары – саналы өмірін халыққа қызмет етуге арнаған абзал жанның қайраткерлік тұлғасын даралай түседі. Отанымыздың үздік ұстазының Моңғол Халық Республикасындағы Баян-Өлгий өлкесі Білім департаментінің ең жоғарғы мадақтауларының бірі «Даңқты ұстаз» төсбелгісімен марапатталғаны да еліміздің мерейі болып саналады. Даңқты ұстаз Қанипа Омар­ғалиқызы туралы «Қазақтың Қа­нипасы» (Авторлары – Р.Құдай­бергенова, С.Әбішева, Б.Баймұқанова) атты кітабы екі рет (2004,2005) басылып шықты. Сонымен бірге, «Ұстаздың Хан анасы» (Авторы – Е.Қарасаев, 2004) атты тарихи-танымдық кітабы жарық көрді. Ол туралы «Дәуірдің дара ұстазы» кино-очерк (2004) жарыққа шықты. Үздік ұстаз-ғалым туралы осы кезге дейін жазылып жарық көрген 100-ден аса мақалалар, очерктер, ғалымдардың (академиктер З.Ахметов, Т.Кәкішев, педагог-ғалым Ж.Наурызбай, т.б.), ақындардың (Ф.Оңғарсынова, т.б.), әріптестерінің лебіздері – бәрі де ұрпақтарды оқыту мен тәрбиелеуде тынымсыз еңбек ету мен мағыналы өмір сүру ұлағатын танытқан халық перзентінің өнегелі келбетін даралай таныта түседі. Қанипа Омарғалиқызы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында да еңбек етті. Ғалым-ұстаздың жетекшілігімен 50-ге жуық магистрлік диссертациялар, бітіру дипломдық жұмыстары да жазылып – бәрі де сәтті қорғалды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің арнайы бұйрығымен 2009 жылы «Ең үздік ұстаз» атағы, атаулы ғылыми-әдістемелік зертханасы мәртебесі берілген Қанипа Омарғалиқызының еңбек ететін ұжым – қазіргі кезде рес­публикамыз бен алыс-жақын шетелдер үшін танымал орталық. Зертхананың филиалдары облыстың Тарбағатай ауданы Абай атындағы орта мектепте, Ақсуат ауданындағы №2 мектепте де жұмыс жүргізуде. Қазіргі кезде Қанипа Омарғалиқызының республикалық ғылыми-әдістемелік атаулы зертханасында 8 мыңдай дидактикалық, оқу-әдістемелік, көрнекті материалдар жинақталған. Жылына төрт рет осы зертханаға жиналып, ғылыми-әдістемелік семинарлар өткізу дәстүрі – қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін тереңдете, жаңашыл тәсілдермен оқыту ісінде тірек-орталық қызметін атқаруда. Қорыта айтқанда, Тәуелсіз Қазақ­станның жаңа толқын шәкірттерін Отанымыздың өсіп-өркендеу мұраттары қызметіне лайықты етіп дайындауда Қанипа Бітібаеваның үлесі қомақты деуге болады. Алтынарай Тебегенова, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіндегі қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор

10937 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5953

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5572

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3310

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2694

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2657

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2632

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2366

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2351

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы