• Ақпарат
  • 29 Қаңтар, 2009

Шығыста да шырайы кетіп...

«Дидар» – Шығыс Қазақстан облысының аумағында таралатын облыстық басылым. Сан саланы қамтитын газет қазақ тілінің облыс аумағында жандануына да өзіндік үлесін қосып бағуда.

«Тіл тағдыры – ел тағдыры» айдарымен тұрақты беріліп отыратын материалдардың сарыны облыстағы аударма проблемасы, жарнамалар мен маңдайшалардағы қателер, мекемелердегі қазақ тілінің ахуалы, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін білуі, облыстық тілдерді дамыту басқармасының қазақ тілін дамыту аясында атқарып жатқан жұмыстары жайында болып келеді.

Газеттің №147 санында (1.11.2008ж) Айна Есенқызының «Сапалы аударма қажет» атты мақаласы жарық көрді. Мақалада «Казцинк» акционерлік қоғамының базасында өткен «Өскемен қаласының мекемелерінде және кәсіпорындарында мемлекеттік тілді енгізу туралы» семинар-кеңестен көңілге түйген түйіткілдер жайында сөз қозғайды. «Кәсіпорындар аудармашыларының кезедесетін тағы бір кедергісі – салалық сөздіктердің жоқтығы. Терминдердің жүйелі сөздігі жасалмаған. Аударманы әр тілмаш өз шамасына қарай тәржімалағаннан тілдегі қойыртпалық шығып жатыр» деп аударма саласындағы басты проблемалардың бірі – салалық сөздік мәселесін алға тартады.

Ал 29 қарашадағы №162 санында «Зарар дегені зараза ма?» деген шағын мақалада да тәржіма мәселесіндегі орын алып жатқан келеңсіздіктер жайы сөз болған. «...Енді кітапханаға барып, сөздікті ашып қарасам «дезинфекция – зарасыздандыру» деп тұр. Таңырқап біраз ойлансам, сөздің түбірі «зарар», ал ол не нәрсе? Е...е... бұл орыстың «зараза» сөзіне телміріп, еліктеу екен ғой! Сонда қалай, қазақтың «залалы» орыстың «заразасына» дәл келіңкіремей тұр ма?» деп мәселені төтесінен қояды. Иә, аударма мәселесі қай салада болмасын ақсап тұрғандығы шындық.

Өскемен қаласының көшелеріндегі жарнама мен көше атауларындағы салғырттықтар, немқұрайлылықтар кеңінен жазылған. Мысалы, «Қалалық әкімдік назарына» айдарымен берілген материалда Кеңес Одағының Батыры Владимир Мызаға орнатылған тақтайшадағы өрескел қате жайы сөз болса, 11 қарашадағы №152 санында «Рейд» айдарымен берілген «Ұят болмасын деп ойлайтын қожайындар болса ғой» деген мақалада «Тәуелсіздік» деп ресми түрде бекітілген көше атауын беймәлім біреулер өздігінше «проспект «Независимости» деп аударғанын «... «Независимости» сөзінің өзі біздің жалтақтығымыздың салдарынан қосарланып жүргені анық» деп ашына жазады. Осы сандағы «Үйреншікті әдет болып кеткен-ау» атты мақала қазақ тілінің проблемалары хақында. «Елең еткен ешкім жоқ. Демек, қазақша шала-пұла жазыла салғандыққа немқұрайлы қарау тіпті билік басындағылардың да үйреншікті әдетіне айналып кеткен көрінеді» деп өз ойын Менғали есімді азамат білдірген екен.

Басылымның 11 желтоқсандағы санында «Аты-жөнімізді дұрыс жазайық» атты мақалада қазақ азаматтарының азан шақырып қойылған есімдері мен тектерінің дұрыс жазылмау мәселесі сөз болады.

Бүгінде қазақ тілін өз ана тіліндей меңгеріп жатқан өзге ұлт өкілдері көбейіп келеді. Газеттің 25 қазан және 25 қарашадағы сандарында жарық көрген «Мемлекеттік тіл – тірегім», «Тағы да конкурс өтті...» атты мақалаларда осы туралы айтылады. Дәурен Аллабергенұлының «Мемлекеттік тіл – тірегім» мақаласында Достық үйінде өткен өзге ұлт өкілдері арасындағы байқаудағы кемшіліктер мен қуантарлық жайлар сөз етіледі. «Басқа ұлттардың өкілдеріне өзге тілде «бұлбұлша» сайрай жөнелу қиынырақ болса да, мемлекеттік тілді білу қажеттілігін түйсінген орталықтардың командалары біз тізбелеген тапсырмалар аясында бар мүмкіндіктерін сала отырып, қазақ тілін білудегі білімдерін көрсетіп бақты. ...Әйтеуір, тілдерін сындырып сайысқа қатысқандардың бәрінде де мемлекеттік тілді үйренуге деген ниет, талпыныс бар. Жұтаң тартқан көңілге сол медеу болды» деп автор өзгелердің мемлекеттік тілге деген көңілдеріне ризалық білдіреді. Ал Серік Құсанбаевтың «Тағы да конкурс өтті...» мақаласында «Қазақшаң қалай, балақай?» конкурсы жайында сөз болады. Автор қазақша тіл сындырып жүрген өзгелерге қарап: «...өз ана тілінде екі ауыз сөз сөйлей алмай, қымбат көлік мініп ағылып, үлде мен бүлдеге малынып, өзге тілде шүлдірлеп қағынып жүрген өз ұлтымыздың «тірі күйіктеріне» қандай дауа, қандай шара бар, ағайын?» деп күйінеді.

Газеттің №133 санында жарық көрген «Мәдениетке де, тілге де қолдау керек», №152 санындағы «Кеңес келелі мәселе қозғады» атты мақалалардан бұл аймақтағы қазақ тілінің жайы сын көтермейтіндігін аңғардық. «Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілді іскерлік қарым-қатынастың негізгі тілі ретінде қолдану жүзеге асырылмай келеді. Мемлекеттік органдардың құжат айналымына жасалған талдау қазақ тілінде құжат дайындау небәрі 18-20 пайыз ған екенін көрсеткен. Білім беру, денсаулық сақтау, халыққа қызметк өрсету салаларында да тілдің қолданыс аясы өте төмен» екендігі айтылады.

Қайран, ана тілім-ай! Қай түкпірде жүрсең де сол баяғы кемсіту, сол баяғы менсінбеу, сол баяғы тапталу. Облыстық басылымының біршама сандарын парақтап отырып осыны түйдік. Халқымыздың біртуары ұлы Абай мен Шәкәрімдей дана дүниеге әкелген қайран қазақ даласы-ай. Шығыста да ана тілінің шырайы кетіп тұрғаны өкінішті.

Анар Дүйсенбайқызы

4349 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7115

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6158

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3897

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3289

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3244

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3218

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2946

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2933

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы