• Ақпарат
  • 14 Шілде, 2010

Ошақтың үш бұтындай болған одақ

Бұл айдың басы, қалай десе де, аймақ үшін, тіпті әлем үшін Ресей, Қазақстан және Беларусь елдерінің біртұтас экономикалық кеңістігінің ресми түрде жұмыс істей бастауымен ерекшеленді десе де болғандай. Аталмыш жаңалық Астанада өткен Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық кеңесінің мемлекет басшылары деңгейіндегі 27-отырысында паш етілді. Онда мүдделі үш ел басшыларының Кедендік одақтың күшіне енгендігі жөніндегі бірлескен мәлімдемесі болды.

Рас, мұның өзіне жету үшін ұзақ та сындарлы дайындық кезеңінен өтуге тура келді. Жақсылы-жаманды жақтары жіпке тізілді, пайдасы мен зияны салмақталды. Нендей шаралар қарастырылмады, кімдер не айтпады? «Сақтансаң – сақтаймын» деген уәде сөздер де еске алынды. Бұл күй бір бізде ғана емес, қазаны бірленіп, қайғысы ортақтанбақ қалған екі әріптес елдің бастарында да болды. Басқасын айтпағанда, аласыға алтауды аз көріп, бересіде бесеуді көпсінген нарық психологиясы қашаннан бері жыр болып келе жатқан кезекті ЕурАзЭҚ жиынына 5 күн қалғанда белорустар бейнесінде жер астынан жік шығара жаздады да. «Ресми құжаттама күшіне енеді» деп есептелген шілденің 1-ші жұлдызының түнінде әлде жарнамалық мақсат, яки Лукашенко­ның кішкентай елге бітірген үлкен қиқарлығы, әйтеуір Беларусь парламенті Кедендік одаққа қатысты жаман түс көріп оянғандай, кеш қарая шала бүлінді. Әрине, бұл хабар да алғашқыда «ЕурАзЭҚ шеңберінде интеграцияланудың бірінші қадамы есепті Үштік одағының екілікке айналуы мүмкіндігі зор» деген болжамдар легін туғызған болатын. Бірақ Минск тарапы осылайша шу көтергенімен, биік мінберден құзырлы тұлғаларының бірде-бірі жаңағы қаңқу сөзді растап түсініктеме бермеді. Кейіннен Ақордада шағын және кеңейтілген құрамдарда өткен мемлекет басшылары деңгейіндегі отырыстарда да ешкім ауыз ашпады десек, артық айтқандық емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен Беларусь басшысы Александр Лукашенконың бетпе-бет кездесуінде де ол лепес тақырып болып көтерілмеді деуге болады. Батыста кеңінен нақылданатын «өз пайдасын білмегеннен без» деген қағида бұл жерде де үстем болса керек. ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің төрағасы, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев онда әрі шаңырақ иесі, әрі ұйытқы тұлға ретінде түйткілдің осы жақтарын салмақтай келіп: – Ықпалдастықтың келесі кезеңі – біртұтас экономикалық кеңістіктің құқықтық базасын құру туралы мәселе қарқынды пысықталып жатыр. Осыған байланысты Кедендік одақтың құқықтық базасын құру, біртұтас экономикалық кеңістікті қалыптастыру бойынша істелген ауқымды жұмыстары үшін біздің сарапшыларға айрықша алғыс айтқым келеді. Біз біртұтас экономикалық кеңістікті қалыптастыруды жылдамдатуды қалаймыз, – деп мәлім етті. Ал депутаттары тынық күнде толқын тудырып, сөйтіп, көліне қонбақ аққуларын ұшыра жаздаған Беларусь Президенті Александр Лукашенко Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Еуразиялық экономикалық қоғамдастығы және оның аясында Кеден одағын құру туралы бастамаларды көтеріп, оны ілгірлетуге қосқан зор үлесі үшін алғысын білдірді. – ЕурАзЭҚ-тың құрылып, дамуы менің көз алдымда өтті. Бұл саясатта біз ақсақалдармыз. Мен Нұрсұлтан Назарбаевқа ЕурАзЭҚ-ті, оның аясында Кеден одағын құру туралы бастамаларды көтеріп, ілгерілетуге қосқан зор үлесі үшін алғыс білдіремін. Қазақстан Президенті ЕурАзЭҚ аясындағы біздердің қарым-қатынастарымыздың моторы болды, – деді. Ресей Федерациясы Президенті Дмитрий Медведев те бұл ретте әріптестерімен өзіндік қадау ойларымен бөлісті. Оның айтуынша, Кеден одағы қызметінің құқықтық және қаржылық қырларын реттейтін бір топ халықаралық келісімшарттар қабылданды. Көптеген арнайы шешімдер бекітілді. Дей тұрғанмен, алда Біртұ­тас экономикалық кеңістікті құруда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. – Бұл – шын мәнінде пайдалы және қызықты іс. Осыны ескеретін болсақ, біз барлық мәселелер бойынша келісетінімізге сенімдімін, – деді ол. Міне, осы жерде тараптар кездесудің нәтижесіне қанағат­танған­дық білдіріп, қоғамдастық аясындағы көпжақты ын­тымақтастықты нығайта түсу бойынша сындарлы және мақсатты саясатты жалғастыра беретіндігін айтты. Өз кезегінде мұның бәрінің сонау ғасырлар тоғысынан бастау алатынын атап өткен жөн. Тарихқа үңілсек, 2000 жылы Астанада Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан Республикалары және Ресей Федерациясы Президенттерінің қатысуымен Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты құру туралы Шартқа қол қойылған еді. Бұл Шарт, Елбасы тілімен айтқанда, ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер көшбасшыларының ұмтылысын және біздің мемлекеттеріміздің азаматтарының арман-тілегін жүзеге асырған, кең ауқымдағы мемлекетаралық ынтымақтастық мақсаттарға жетудің және міндеттерді шешудің тетігі болуға қабілетті аймақтық халықаралық ұйым – ЕуроАзЭҚ-тың құрылуына құқықтық негіз болды. Мансұр МАМЫРАЙХАН

3040 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5915

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5548

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3286

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2670

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2632

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2608

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2342

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2325

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы