• Руханият
  • 21 Қазан, 2010

Бәдел қажы туралы не білеміз?

Кітаби түрде «Хаж – Бәдел – хаж» деп жазылатын осы сөзді былайғы жұрт жалпақ тілмен «Қажы – Бедел – қажы» деп айта береді. Ал оның нақты мән-мағынасы мен орындалу шарттары жөніндегі түсінігіміз де әрқалай екені белгілі. Одан қалса, діндік сауатымызбен білім-білігіміздің деңгейі әртүрлі болғандықтан, насихат уағыз айтушыларда да бірізділік, жүйелілік болмай жүргенін білеміз. Осы орайда қажылық сапарына дайындалып жүрген дін бауырларыма пайдалы болар деген ізгі ниетпен аталарымнан естіген кейбір әңгімелерді айта отырып, ой бөлісуді жөн көрдім.

Әлқиссасынан бастасам, менің атам Шылбы Көбекұлы Қазақ­стандағы бауырларыма онша таныс болмаса да, Қытайда тұрып жатқан бір жарым миллион қазаққа өте танымал тұлғаның бірі еді. Бірақ бергі бетте хатқа басылған жан ретінде мағлұм болса керек. Айталық, 1978 жылы Алматыдағы «Ғылым» баспасынан басылып шыққан «Қазақ Совет энциклопедиясының» 12 -томында ол кісі (1860-1936) – ақын-жырау, «Әтікей-Нұржекей» дастанының авторы ретінде атап өтілген болатын. Жалпы, Шылбыны Іле өңірін мекен ететін «төрт Қызай, төрт Сама» елі «Шылбы Ағламақұн» немесе «Шылбы қалпем» деп ерекше құрметтей атайды. Бұл жердегі «төрт Қызай, төрт Сама» дегеніміз – Найманның Матай – Аталық атасынан тарайтын «Үш Болаттың» Құтты Болатынан туған Шағыр бабамның Қызай дейтін бәйбішесінен (Бәйдібек бабаның Домалақ ене атанған сүйікті әйелінің қызы) туған төрт баласы – Итеңмен, Меңіс, Бегімбет, Дербістен тарайтын өскен ел. Яғни «Төрт Сама» деген атау Қызай еліне төрелікке қалап алынған Әділ төренің баласы Сама төренің төрт баласынан өрбіген ұрпаққа қаратыла айтылған. Қызай шежіресін таратып айтушы шежірешілер сондықтан «төрт Қызай, төрт Сама» деп қосарлай жазып келеді. Міне, Шылбы атамыз сол төрт Қызай, төрт Саманың жұрт мойындаған заңды дінбасы, былайша айтқанда, хадис-шәріп өкімдері бойынша пәтуа шығарып, билік айтатын мәртебелі адамы болған. Және бір ерекшелігі, ол – дін, шариғат өкімдерін домбыраның сүйемелдеуімен өзі шығарған ән-әуендеріне салып, өлеңмен айтатын болған екен. Күні бүгінге дейін ел арасында «Шылбы ақұн айтқан» дейтін қысқа жырлар айтылып келе жатыр. Енді бастапқы тақырыпқа келсек. Өз басым Шылбы атамның «Қажылыққа кім, қалай барады» деген сұраққа берген жауабы жөнінде бала күнімде әкемнен бе, әлде Жүніс атамнан ба – естігенім бар еді. Толық есіме түсіре алмаған себепті, елге барғанда осы мәселе жөнінде үлкендерден сұрастырып көрсем, әрқайсысы әртүрлі әңгіме айтты. Бірақ түбегейлі дерексіз де емеспіз. Қытайдағы қазақтар шығарған «Іле тарихи материалы» атты жинақтың бір тарауында бұл тақырып хақында да жазылған. Орайында соған сүйеніп айтар болсам, әңгіменің ұзын-ырғасы былай: Қызайдың Есенкелді би атасынан тарайтын 17 рулы елдің бір жуан атасы Солтанкелдіден шыққан атақты бай Естемес 73 жасында Меккеге баруға ниет етеді. Ол үшін қалай дайындалу керек, жолға не алу керек, қай жолмен жүру керек, бір сөзбен айтқанда, жөн-жосықты «біледі-ау» деген адамдардан сұрастыра келе, сол тұста қажы болып келген Нылқы ауданында тұратын бір дүнген қариядан ақыл-кеңес алады. Ол адам өз білгендерін айта келе, «оның мән-жайын жетік білетін шариғат іліміне жетік Шылбыдай ақұн өз еліңде, іргеңде отырған жоқ па» десе керек. Іле-шала алдына жеткен оған Шылбы атам сонда: – Өзім қажылыққа барып парызымды өтей алмадым. Жас болса, келіп қалды. Балалар жас болды. Ал қажылық кімдерге парыз, оны қалай өтеу керек дегенде мен білетін шариғат былай дейді: қажылыққа жұмсар мал-дүние адал еңбекпен келген болуы керек. Барымта, ұрлық, парадан келген байлықпен қажыға барудан пайда жоқ. Мен сіз сондай жолмен мал тауып байыды деп отырғам жоқ. Дегенмен өзіңізге аян ғой. Сол малдың ішінде әртүрлі жолмен келгендері жоқ дей аласыз ба? «Сіз базарлатқан мал ішінде сондай харам малдар болып қалса, ақ жолыңыз кірленіп қалмас па екен?» деген күмәнім бар, – деп кеңес берген көрінеді. Мұнан соң Құдай жолына шын беріліп, қажылық сапарға көңілімен бекінген атақты бай күмілжіп: – Ақұным, сөзіңізге құлдық, жастық желік пен мастық даурықпамен жүрген есер кезде талай жортуылға аттанып, торғауыттардан қанша жылқы айдап алғанымыз Аллаға ғана аян болар. Пендешілікпен алған сый-сияпаттың пара деген жаман аты да болуы мүмкін ғой. Жасым болса 73-ке келіпті. Күнәм, асылығым болмай қалмаған шығар? Ниет қылған соң оны орындауым керек қой, – депті. Атам ойлана келе, мынадай кеңес берген деседі: – Ақсақал, ниетіңіз дұрыс екен, Алла қабыл еткей. Жасыңыздың келгеніне қарамай тәуекелге бел байлапсыз. Бір-екі жыл онша көп уақыт емес, дәм тартса қасиетті қағбаны көріп, парызыңызды өтерсіз. Менің тілімді алсаңыз, малдарыңыздың біразын сатып, оған тұқымдық астық, жетерлік соқа-сайман алдырыңыз да, көктем шығысымен өзіңіз бас болып, соқа ұстап, егін егіңіз, оны диқандармен бірге баптасыңыз, күзде орып, қырмандап қызылдасыңыз. Сосын дайын астықты сатып, жолға керекті алтын, күміс және басқа да керек-жарақ алыңыз. Сөйтіп, қысқа қарай «Алла» деп жолға шығыңыз. Сонда сіз өз еңбегіңізбен, маңдай теріңіз сіңген қызыл дәннің бодауына келген ақ, адал қаражатпен Алла жолына шыққан боласыз деп ойлаймын. Ең сенімді жол осы болар, оған қалай қарайсыз? Менің достық ақыл әрі шариғат жолын білгенімше ұғындыру деп біліңіз... Содан не керек, Естемес ақсақалдың көңілінде күдік бары рас екен, ағынан жарыла шынын айтып, атамның кеңесі бойынша дайындық жасауға келіседі әрі сол кеңес бойынша қызу дайындалып, бір жылдан кейін, шамасы, 1934 жылы қажылық сапарға аттанған екен. Алайда Мединеге барғанда науқастанып қайтыс болған. Сүйегі Мединеге жерленіпті. Қасына ілесіп барған атқосшы інілері Меккеге барып, марқұмның қажылық парызын өтепті. Сөйтіп, Естемес қажы атанып, жылдық асын елінде, бүкіл «төрт Қызай, төрт Сама» баласының қатысуымен дүрілдетіп өткізген. Содан былай қарай Естемес ауылына «қажы ауылы, қажы балалары» деген құрметті атақ орнығып, күні бүгінге дейін айтылып келе жатыр. Ал қажыға ілесіп барып, Меккеге парыз өтеуге марқұмның атынан барған туыстары да «Бәдел қажы» атанып, олар да ел құрметіне бөленген-ді. Мұны неге жазып отырмын? Бәдел қажы туралы ХХ ғасырдың басында қандай айтыс-тартыс басталған болса, ХХІ ғасырдың басында ол тағы да алдымыздан шығып, дұрыс жауап күтіп тұрған сияқты. Шынтуайтында, қажылыққа Алла Тағала тыйған істерден сақтанушы, бұйырған нәрселерін орындаушы, намазхан, салауатты мұсылман болуы, сондай-ақ қажылыққа барып келуге жетерлік қаржысы адал кәсібімен табылуы тиіс деген тұғырлы шарттарға толған адам ғана баруын талап ету керек. Жаңа сөз еткен Естемес бай адам еді. Байлық басында қалай қордаланғаны әрі ол кейін қалай молайғаны бір өзіне аян. Бірақ біздің бүгінгі кейбір небір лас, кәсіпкер жолмен байыған парақорлар мен ұрлық, тонаумен дүние жиған байшыкештердің харам ақшасымен қажы болып жүрген ата-аналарына обал-ақ. Сауабы қаншалық болар екен? Әрине, бәрі Алланың өз қалауында... Әлімғазы Дәулетхан

4515 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5976

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5587

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3325

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2709

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2672

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2647

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2381

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2365

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы