• Ақпарат
  • 21 Қазан, 2010

Саммиттің мүмкіндіктері мол

Еуропалық Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) тарихында осынау беделді еуразиялық ұйымды алғаш рет біздің бейнемізде посткеңестік, тұрғын халқының басым бөлігі мұсылмандар болып табылатын мемлекет басқарып отыр. Міне, сондықтан да шет мемлекеттерде елімізге деген қатынас барынша зерделі, кейбір жағдайларда тіпті объективті емес. Қалай десек те, бүгінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы аса күрделі кезеңге келіп жетті. Өйткені үйреншікті табиғи-климаттық апаттар мен жаһандық қаржы-экономикалық дағдарысымен қатар Орталық Азия аймағын алдымен Бішкекте орын алған сәуір төңкерісі (осы жылдың 6-8 сәуірі), ал артынан ағымдағы жылдың 11 маусымындағы Ош пен Жалал-Абадтағы қырғыз-өзбек қанды қақтығысы сілкіндіріп өтті.

Рас, Орталық Азиядағы жағдай­дың шиеленісуіне аймақтағы заманауи мә­селелердің (лаңкестік, экс­тремизм, сепаратизм, есірткі саудасы, заңсыз миграция, ұйымдасқан қылмыс, контрабанда) жинақталуы ықпал етсе, ол үрдістердің өзі әрі қарай дамып, күн тәртібіне ұлтаралық қақтығыстар түйткілін шығарды. Яғни бұл қатер мүдделер тоғысында жатқан стратегиялық аймағымызға қандай да бір этностық негіздегі кілтипанның алдын алу мен ондай отты ошақтарды тиімді өшірудің әдістерін қалыптастыру міндетін артып отыр. Өз кезегінде осы жағдаят алыс-жақын шетелдерде «Қазақстан ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы ретінде осындай мөлшердегі үлкен жауапкершілікті көтере ала ма, яки, Қазақстанның қол астындағы ЕҚЫҰ жаңадан туындаған қатерлер мен қауіптерге дер кезінде және қажетті деңгейде көңіл бөле алады ма» деген қызығушылық туғызды. Бұл халықаралық қауымдастықтың Ақордаға ЕҚЫҰ-ны реформалау ісінде үлкен үміт артып отырғанын білдірсе керек. Әрине, бұл туралы бұған дейін де, яғни еліміздің төрағалыққа кіріспей тұрған шағында да талай айтылған. Дегенмен ұйымның дағдарысқа ұрынғаны соңғы жылдардағы кездесулер барысында анық аңғарылған-ды. Былайша айтқанда, ЕҚЫҰ біздің төрағалығымызға дейін өз саяси рөлін түсіріңкіреп алды. Ахуал бұл қалпында осылай жалғаса беретін болса, алдағы уақытта ұйыммен есептесетіндер санының да азая түсетіні сөзсіз. Ал ұйымның өзі болса, құрылымдық құрал ретіндегі тиімділігін жоғалтады. Бұл орайда Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы ретіндегі өз міндеттерін орындау мәселесіне келер болсақ, біз сырт көзге, жасыратыны жоқ, аса белсенді ел ретінде танылып жатырмыз және де атқарылған істер тізбегі соған меңзейді. Мәселен, ЕҚЫҰ Парламент Ассамблеясының төрағасы Жоао Сорареш бір отырыста «Қазақстан өзінің ұйымдағы төрағалығын барынша қарқынды жүзеге асыруда» деп атап өтті. Бұл да бір жағынан ұйымның біздің төрағалығымыз кезінде жандана бастағанының бір нышаны деуге болады. Жалпы, дәл осындай көзқарасты ұстанатындығын білдірген ЕҚЫҰ-ның Астана қаласындағы Орталық төрағасы Александр Кельчевский осы жылдың 12 шілдесінде Алматы қаласында өткен жиын­да: «Менің ойымша, Қазақстан – ЕҚЫҰ төрағалығында болған бұрынғы-соңғы елдердің ішіндегі аса белсенділер­дің бірі, тіпті ЕҚЫҰ тарихындағы бірегейі болуы да мүмкін екендігін айтсам, жа­ңалық ашқандай болмаймын. Уақыт белсенді болуды талап етеді. Аймақтың қатерлері барынша белсенді әрекет етуді күтеді» деді. Айтып-айтпай не керек, Қазақ­станның ЕҚЫҰ төрағасы ретіндегі осы белсенді қарекеті ЕҚЫҰ Парламент Ассамблеясының 19-шы сессиясында 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізу тура­лы қарардың қабылдануына ықпал етті де. Мұны асқан мақтанышпен айта аламыз. Сонымен сол құжат бойынша, Қазақстанның Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымның төрағасы міндетіндегі қызметінің ең басым бағыты ретінде 2010 жылы еліміздің бас қаласы – Астанада осы халықаралық ұйымның саммитін өткізуге дайындық жасау қарастырылды. Ол қарарда «ЕҚЫҰ Парламент Ассамблеясы ұйымының мүше-мемлекеттерін ЕҚЫҰ-ның негізгі үш өлшемі бойынша Еуропа мен Еуразиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығай­туға өз үлесін қосатын және де ұйымның жиырма бірінші ғасырдағы Еуропалық және Еуразиялық қауіпсіздік саласында маңызды рөл атқаруына негіз болатын ЕҚЫҰ саммитін 2010 жылы өткізуге шақырады» деп жазылған. Әрине, ЕҚЫҰ саммитінің еліміздің төрағалығы кезеңінде және де өз аумағымызда өткізілуі Қазақстан секілді халықаралық алаңдағы салыстырмалы түрде жас, тәуелсіз ел үшін абыройлы мәселе болып табылады. Бір жағынан, ЕҚЫҰ үшін бұл іс-шараны өткізу қажеттілігі аса зор. Мысалы, 1975 жылы Хельсинки (Финляндия) қаласында әлемнің 35 мемлекеті қатысқан Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі кеңестен бері жоғарғы дәрежедегі мұндай кездесулер ұйымның тарихында бар-жоғы алты рет қана болған. Ең соңғысы – Стамбул саммиті 1999 жылы, яғни 11 жыл бұрын өткен болатын. Сонымен бірге 1990 жылы, ол кезде ЕҚЫК мүше-мемлекеттерінің мемлекет және үкімет басшыларының Париж кеңесінің қорытындылары бойын­ша қабылданған Жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясының мәтіні бойынша «Келесі қадамдарды айқындау аясында мүше-мемлекеттердің кездесуі екі жылда бір рет өткізіледі, бұл аралық мүше-мемлекеттерге өткен оқиғалар бойынша қорытынды жасау, атқарған өз міндеттерін саралау мен ЕҚЫК аясындағы болашақ әрекеттерді қарастыруға мерзім ретінде беріледі» делінген. Осыдан-ақ көріп отырғанымыздай, 1990 жылдарда Жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясының ережелерін мүше-мемлекеттер орындап отырған болса, бертін келе белгісіз бір себептерге байланысты ешбір ресми түсіндірмесіз үдерісті тұрақты түрде өткізу тоқтатылған. ЕҚЫҰ-ның негізгі бір ресми құжатының ережелерін ұжымдық тұрғыда көзге ілмеу дегеніміз – аталынған ұйымның жұмысындағы дағдарыстың айқын көріністерінің бірі болып табылады және де бұл туралы әлемнің әр елдерінің саясаткерлері мен сарапшылары мәлімдеп келеді. Дағдарыстық деңгейдің тағы бір көрсеткіші ретінде ірі державалар басшыларының ЕҚЫҰ-ға өз жауапкершілігі кеңістігіндегі мем­ле­кетаралық қатынас­тарды рет­тейтін механизм ретінде қызығу­шы­лықтарының төмендеуін атауға бо­лады. Бұл жерде мысал ретінде кейбір мем­лекеттердің туындаған мәселелерді шағын топ аясында шешуін келтіреміз. Оған жыл сайын өтетін «Үлкен сегіздік» саммиттері жатады. Сөз жоқ, атышулы 90-шы жылдар ЕҚЫҰ-ның жаңа әлемдік тәртіп жағдайындағы ұйымдастырушылық қалыптасу кезеңі болды. Бұл кезеңнің негізгі қорытындысы – Еуропа үшін XXI ғасырдағы жалпылама қауіпсіздіктің үлгілерінің негізін қалау болды. Зер салар болсақ, 2000 жылдан бастап ЕҚЫҰ үшін бұдан ары даму мен сапалық өсіміне ыңғайлы жағдай туды. Сонымен қатар көптеген маңызды мәселелер бойынша шешім қабылдау шараларының ЕҚЫҰ-ның мүше-мемлекеттерінің Сыртқы істер министрлері кеңесі өкілеттілігіне берілуі де өз кезегінде ұйымның халықаралық қатынастар жүйесіндегі маңыздылығы мен ықпал ету әлеуетін төмендетті. Тағы бір айта кететін мәселе – Кеңес Одағының және ол басшылық етіп келген «социалистік лагерьдің» ыды­рауына және де «қырғиқабақ соғыс­тың» аяқталғандығына қарамастан, халықара­лық алаңдағы әртүрлі мемлекеттер арасындағы саяси бәсекелестік жаңа түрге еніп, мазмұнын өзгертті. Мұндай күрделі жағдайда ЕҚЫҰ бір жағында АҚШ пен оның еуропалық серіктестері, ал екінші жағында Ресей тұрған тартыс-талас алаңына айналды. Сондықтан да соңғы жылдары өткен ЕҚЫҰ саммиттерінің басты тақырыбы Еуропадағы қарапайым қарулы күштер туралы келісімге толықтырулар мен түзетулер енгізуге қатысты болды. Ал жалпыға ортақ қауіпсіздік үлгісін және де, әсіресе, қақтығыстардың алдын алу мен реттестіру тетіктерін жетілдіру үшін бұл әдістерден бас тартып, оның орнына ЕҚЫҰ мүше-мемлекеттері арасында тең құқылық пен сындарлы пікіралмасуға негізделген өзара әрекеттестікті қамтамасыз ету қажет. Бүгінгі таңда Батыс елдері мен Ресей тарапы аталған ұйымдар арасында қауіпсіздік саласына қатысты ұзақ уақыт бойы бұдан артық сұхбаттасу алаңының болмайтынын жақсы түсінуде. Оларға Астананың ұйымдағы белсенді төрағалығы тұсында Қазақстан аумағында ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізу тиімді. Батыс үшін өткізілмек саммит ауған мәселесін түбегейлі шешуде нақты және басты жолдарды анықтауға мүмкіндік берсе, Ресей үшін оның қауіпсіздік саласындағы ұсыныстарын іс жүзіне асыруына және Батыс кон­трагенттерімен тиісті келісімге келуге жол ашпақ. Ағымдағы жылдың 1-2 желтоқ­са­нында Астанада өтетін ЕҚЫҰ-ның саммиті ұйымдағы дағдарыстық жағ­дайды тоқ­татуға, 35 жыл бұрын Хельсинкиде бас­талған үрдісті жандан­дыруға мүмкіндік берері сөзсіз. Жалпы, саммит ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекеттің басшыларының бәріне «сағаттарын теңестіруге» және Ұйымның бола­шақ­тағы маңызды басым­дықтарын анық­тауға бірегей мүмкіндіктер бермек. Нұрлан Сейдін, ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім меңгерушісі,тарих ғылымдарының кандидаты

2919 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6621

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5924

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3667

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3052

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3012

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2988

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2717

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2702

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы