• Руханият
  • 27 Қазан, 2010

Ел сыртындағы емтихан

212121-111 жылда — 7 мектеп

Міне, бес жыл да зуылдап өте шықты. Кеше ғана әуежайдан енді шығып, бөтен әлемге түс­кендей есім кетіп, аузымды ашып, айналаға жалтаңдап қарап тұрған он жеті жасар бала едім. Енді бүгін әбден үйренісіп қалған сү­йікті қаламызбен қоштасар кез де келіп жетті. Қимайсың... Қалай болғанда да, осы қа­лада менің студенттік өмірім өтті емес пе?! Ме­нің жасымның кем дегенде екеуін жасап тас­таған үлкен ағайларымыздан студенттік өмірі жа­йында сұрай қалсаң, тура бір таусыл­мас дастан секілді қып айтып береді. Бұл шақ — cтудент болған адам өмірінің мәңгілік есте сақтар бөлігі. Дегенмен де ел ішінде жү­ріп студент болу мен материктің шетінде, Отан-анамыздан жеті мың шақырым алыста бо­лу­дың айырмашылығы жер мен көктей. Бір қала, 20 миллион қытай, 40 қазақ. Бақандай бес жыл... Осы бес жыл ішінде ел сыртында қан­­шама емтихан тапсырдық. Сабақтың сы­нақ­­тарынан да, өмірдің сынақтарынан да өттік. Өз басым жалпы орта білім алуға кететін 11 жылдың ішінде 7 мектеп, 3 қала ауыстырыппын. Бір сыныпта ары кетсе екі жылдай ғана уақыт өткіздім. Қоршаған ортаға, айналама, сыныптастарыма енді толық үйреніп, бауыр тарта берер уақытта тағы да бір себептер табылып, мектеп ауыстыратын кез келетін. Бұның жағымды да, жағымсыз да жақтары болды. Жағымдысы — пайдасы көп болмаса да көптеген таныс жинадым, жаңа ортаға тез сіңісіп кету, адам тану, тіл табысу әдістерін үйрендім, адамның небір түрін көрдім. Жа­ғымсызы — жинаған таныстарымның саны көп, сапасы шамалы-ақ еді. Кімде-кіммен тіл табыса кетсем де, арақатынасымды ары қа­рай дамытуға, жарастыруға мүмкіндік туа қоймады. Алыстан сермеп не керек, тұрақты достарым аз болды. Достан жұрдай болдым деп отырғаным жоқ. Дос-жарандарым жеткілікті еді, ешқашан жалғыз жүрмедім. Дегенмен «мынау менің ең жақын досым» дейтіндей етене серігім болмады. Ұзақ жылғы астанамыз Алматыда тусам да, алғаш мектеп табалдырығын әке-шешемнің туған жері — Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қаратерең ауылында аттадым. Сол кезден бастап соңғы қоңырау шырылын естігенге дейінгі мекен еткен жерлерімді өсу-өрлеу траекториясы бойынша сызылған диаграммаға теңеуге болады. Қаратерең — Алматы — Қызылорда — Алматы — Астана. Бү­гінде осы траекторияның сызығы мүлдем ұзарып, материк шетіне дейін жетіп отыр. Құдай сәтін салып, тек Қытайдың ғана емес, әлемнің ең дамыған, көркем, алдыңғы қатардағы қалаларының бірі — Шанхайда студенттік өмірімді өткізуге мүмкіндік туды.

Мұқан және мен

Бұрын-соңды шетелге шығып көр­ме­гендіктен, мен үшін бұл бір тәтті түс секілді болды. Жиырма шақты адамнан тұратын топпен келсем де, алғашқы екі-үш күн жалғыздан-жалғыз жүрдім. Оқу орнынан алыс кетпей, жақын маңайды зерттей бастадым. Біз оқыған педагогикалық университет қытай тілін үйретуден ең үздік оқу орны болғандықтан, мұндағы шетелдіктер саны едәуір көп еді. Сондықтан да жергілікті қытайлардың шетелдіктерге көзі үйренген. Бір-екі ауыз ағылшыншасын айтып, өздері-ақ келіп тіл табысып кете беретін. Мектептегі кезімнен ағылшын тіліне жетік едім. Бес-алты жыл оқыған ағылшыншамды тек қазақ апайларыммен ғана емес, шын шетелдіктермен сұх­баттасып іске асырғаныма мәзбін. Өзім­мен-өзім жүріп, кей уақытта айналамда бас­қа да қазақтар барын ұмытып кететінмін. Жал­ғыз емес екенім есіме түсіп, отандастарымды іздедім... Маңайды аралап, жан-жақты зерттеп, жа­тақханаға қарай тарттым. Кіре берісте орна­ласқан диванда менен бойы тапалдау, сәл томпиған біреу шалқиып отыр. Бірден тани кеттім, бізбен бірге ұшып келген сапар­ласым Мұқан еді. Жанына отырып, жөн сұрастым. Әйтеуір әңгімеміз бірден жараса кетті. Ол кезде бізді екі-үш адамнан бөлмелерге бөліп тастаған еді. Сол кеш біраз әңгімелескен соң келесі күні Мұқан мені өз бөлмесіне ша­қырып, көршілестерімен таныстырды. Олармен де тез шүйіркелесе кетіп, мен ауылдан әкелген қазы, ұсақ-түйек кәмпит-пешенейім (печенье) бар екенін айтып, өз бөлмеме шай ішуге шақырдым. Адам өзіне мінез-құлқы сай қатарластарын іздейді ғой, жеңіл ұғыса кеттік. Тек тіл оқуға берілген бір жылдың ішінде ғана онымен анық бірге болатынымды білсем де, алдағы уақытта да арамыздың ажырай қоймасына іштей сеніп отырдым...

Елге барудың чемпионы

Алғашқы уақытта бәріміз бір-бірімізді зерттеумен болдық. Жасыратыны жоқ, әдепкіде әркім өз қырларын көрсетіңкіремей, көп ашылмай жүрді. Барлығы бірінен-бірі өткен данышпан, ақылман болды. Кез келген нәрсеге бола сөз жарыстырып, кәдімгідей дауға айналдырып, әйтеуір өзіңдікін дәлелдегенге дейін тынбайтын едік. Осындай жағдайда Мұқан аузы құрғап, демі бітіп қалса да өз пікірінен таймайтын және оған басқаларды сендірмейінше тоқтамайтын. Кейде онымен дауласу бастала бергенде-ақ «сенікі дұрыспен» құтылатын едік. Мұқан маған ерте есейген секілді көрінген. Аузы тыным таппайтын досым біз бұрын-соңды естіп, тіпті ойланып көрмеген нәрселер жайында әңгіме қозғайтын. Басында-ақ байқағаным, ол бізбен әңгімелесіп отырып та қол телефонына тыным бермейтін. Телефон бастырмаларын үздіксіз тырсылдатып, әлдекімдермен хат-хабар алысып отыратын. Онысы аздай, әңгіме ортасында орнынан атып тұрып, тынымсыз телефонын құлағына басып, ұзап кететін. Мұндай қылықтарына қарап, мен оның оқудан басқа да біраз тірліктері бар екен деп ойлайтынмын. Бірақ әлі жақын араласа қоймаған соң бітпей жүрген шаруасы не екенін сұрамап едім. Кейіннен білдім. Бітпей жүрген шаруасы — қыз-қырқынның жайы екен. «Мен болашақта әйелімнің көзіне шөп салмауым керек, сол себепті жас кезімде қыздарды көріп қалғаным дұрыс». Бұл Мұқанның үнемі аузында жүретін сөзі болатын. Бойы шамалы-ақ, бірақ тілі өткір Мұқан біз танысуға апталап, айлап бата алмай жүретін қыздарды екі-ақ минут уақыттың ішінде айналдырып, оншақты минуттан кейін «о-ха-ха-лап», келесі кездесетін жерін келісіп отыратын. Өз арамызда Мұқанды «Елге барып қайтудан чемпион» атайтынбыз. Қазақстан­ға барып қайту туралы ой санасына сап ете қалды ма, сол сәттен-ақ себеп іздеп, амал қыла бастайтын. Әр барып қайтқан сайын бір болашақ жарын белгілеп келеді. Елге, қызына жеткенше асығып жүреді де, қайта оралғанда жаңа махаббат сезімін арқалап келетін. «Баяғың қайда?» — деген сұраққа сәл жы­миып, бір көзін қысып қана үнсіз жауап беретін еді. Жалпы, бұл досымның жастайынан көпті көргені, әлеуметтік жағдайы да жоғарылау екені сырттан-ақ байқалып тұратын. Дегенмен маған Мұқанның бойындағы ең ұнай­тын қасиеті — оның қарапайымдылығы еді. Небір дөкейлердің балаларындай көкірегін ешқашан кермейтін. Сыйластыққа келгенде адам талғамайтын. Ұқыпты, қарапайым, тәрбиелі, сөзге жүйрік, шешен, ақкөңіл және достыққа өте адал болды.

«Дабао» мен «ганмао»

Сөзге өте шешен Мұқан досым жеңілдікпен беріле салғанға да көнбей, артынан әйтеуір бірдеме қосып айтып қалатын. Әрине, табандылық – жақсы қасиет. Бірақ бұл қасиетінің өзіне жағымсыз тиетін жақтары да болды. Бір күні тамақтанып келейін деп университет маңындағы ұйғыр ресторанына барғанбыз. Лағман мен палауға тойып алып, үйге қайтар бетте Мұқан бір бөлмеде тұратын Ержан деген досымыздың өтініші бойынша өзімен бірге бір тәрелке палау алып кеткісі келді. Қытай тілінде тағамды үйге алып кетуді «дабао» дейді. Мұқан сол «дабаоны» меңзеген оймен сұқ саусағымен палауды нұсқап, «ганмао» деп қойып қалды. «Ганмао» — қытай тілінен аударғанда «тұмаурату» деген мағынаны білдіреді. Мұның нені меңзегенін түсінбеген қызметшілер аң-таң болып, бір-біріне қарайды. Оған қиналатын Мұқан жоқ, үсті-үстіне саусағын шошайтып алып, «Ей, мынау... ганмао деймін», — деп үздіксіз қайталайды. Жан-жағына қарап: «Мыналар неге мөлиіп тұр, давай, тезірек-тезірек», — деп әлгілерді тықсыра түседі. Бейшара қызметшілер әлі де түк түсінер емес. Сәлден соң досымның көңілсіздене бастағанын байқап қалған біреуі бәрін енді ұққандай, «Оһ, тұра тұрыңыз» деп, әрі қарай зыр жүгіріп кетті. Мұқан мәз, екіншісіне: «Міне, мы­нау түсінді, ол — молодец, ал сен — молодец емессің... Өз тіліңді білмегенің қалай?!» — деп мырс-мырс күліп қояды. Бір кезде әлгі қызметші қолына бір кесе ыстық сорпа ұстай келіп, Мұқанға ұсынады. Ол сорпаны менің бейшара досым тұмауратып қалған екен деген оймен әкелгені сөзсіз. Мұқанның қабағы түйіле түсті: «Әй, сорпаның не керегі бар маған? Міне, мынау ганмао!». Қызметшілер енді шынымен саса бастады. Не істерін білмеген екеуі әкімшісін шақырып келуге кетті. Ол кезде тілді енді үйрене бастаған біз Мұқанға: «Әй, мүмкін басқа сөз шығар», — деп қоямыз. Ол: «Мен Қытайға келер алдында тілді оқи бастағанмын. Жақында ғана сөздіктен қарағам, дауласпаңдаршы менімен», — деп бізді беттетер емес. Бұрын көптеген шетелдіктерге қызмет еткен тәжірибелі әкімші көмекке келді. Ымдап, саусақпен көрсетіп, әйтеуір өзімізше түсіндіріп жатырмыз. Қайта-қайта «ганмао» деп қоямыз. Сәл ойланыңқырап қалған ол тырқылдап күле бастады. «Мүмкін «ганмао» емес, «дабао» шығар?!» — деді. Мұны естіген Мұқанның бір сәтке түрі өзгеріп кетті де, сәлден соң маңдайын ұрғылап, ол да әлгінің күлкісіне қосыла кетті. Жағдайды дер кезінде реттеген әкімші кейіннен бізге: «Әй, сол кезде қастарыңда менің болғаным қандай жақсы болды. Әйтпесе, мына екеуі маған: «Бір мейман тамағымыз ауру малдың етінен жасал­ған деп шағымданып жатыр» деп үрейленіп келген еді», — дейді.

Ирелеңдей қашқан иероглиф

Жалпы, сабақ үстінде қытай тілін үйрену барысында бізге аса көп қиындық туған жоқ. Алғашқыда жатпай-тұрмай оқумен болдық. Ұранымыз тек біреу ғана: Оқу, оқу және оқу... Азанғы сағат сегізден түскі он екіге дейін сабақ. Он екіден бір жарымға дейін үзіліс. Кешкі беске дейін тағы да сабақ. Ол аз болғандай, кешкі сабақ бітісімен тез-тез тамақтанып алып, кітапханаға жүгіреміз. Тас қараңғы болғанға дейін иероглиф жаттаймыз. Басында қызық көрінген бұл әдет кейіннен шаршатып, жалықтыра бастады. Қытай университеттерінде жатақханасы тар, бөлмелестері көп студенттердің сұрауы бойынша арнайы аудиториялар белгіленіп қойылған. Мұндай аудиториялар тәулік бойы ашық тұрады. Иероглиф жазып отырып, сол бөлменің ішінде ұйықтап кеткен кездеріміз де болды. Қысқасы, сабаққа бар ынтамызбен кірістік. Жас ағзаға түскен шамадан тыс жүк кейбіреулеріміздің психикамызға да әсер еткен секілді. Бір күні Асқар мен Жаныс деген екі досым бөлмелерінде түн ауғанша иероглиф жазады. Бір бөлме, екеуден-екеу... Шытырлап аударылған кітап беттері мен иероглиф бейнелерін қайталап, ақ қағаз бетімен ирелеңдей жүгірген қаламсаптың дыбысынан басқа дыбыс жоқ. Тым-тырыс. Бір сәтте Асқар орнынан ұшып тұрып: «Қой, болды, тезірек жату керек!» — дейді. — Өй, не болды, әлі бір сағаттай жазамыз деп келісіп едік қой, — дейді Жаныс наразылық білдіріп... — Иә, келісуін келістік. Бірақ бұлай болмайды. Жаңа ғана екі минуттай біртүрлі күй кештім. Бір кезде бір иероглиф жыбырлай бас­тады. Оның артынан қалғандары да қозғала берді. Сосын иероглифтердің бәрі ирелеңдей қашты. Енді бір минуттай отырсам, мен олармен сөйлесе бастауым мүмкін. Басым орнында тұрғанда тезірек жатып, дем алайын... Дәптеріңе қарап ал, иероглифтерің қозғалмай тұрғанда сенің де дем алғаның дұрыс... — Мәс-саған!.. Шынымен де сұмдық екен. Болмайды, жатсақ жатайық...

Пушкин болудың пайдасы

Қытай тілі — қандай ынтаңмен оқысаң да жүз пайызға мең­герілмейтін тіл. Асқар достым бар күшін салып оқыса да, тіл бірден бері­ле қоймады. Тіл игерілмей жатыр, бірақ сынып барысында жиі өткізіліп тұра­тын бақылау сынақтарын тапсыру – міндет... Асқарды шашының бұйралығына қарап, өз арамызда «Пушкин» деп атаушы едік. Сол Пушкиніміздің бір күні аудитория жанында көңілсіз тұрғанын байқап, қасына жақындадық. — Қалайсың, Пушкин? Көңілсізсің ғой, Пушеке?! — Аманшылық... Қазір бір маңызды бақылау болады. Таң атқанға шейін отырдым, ұққаным шамалы. Тоқсанның қорытынды бағасына әсер ететін сынақ. Апай қатаң, есіктен кірерде қалтаңа дейін тексереді. Шпаргалкаларымды қалай алып өтерімді білмей тұрмын. Тек қалам мен өшіргішке ғана рұқсат етеді. Біз оған беретін көмегіміз болмады. Өйткені Шанхайға екі топ болып келгенбіз. Асқар оншақты баламен менің тобымнан бір айдай уақыт бұрын жеткен еді. Оқу бағдарламасы бойынша да бір айға озып кеткен-ді. Оның арқасынан қағып, жігерлендіретін бір-екі ауыз сөз айтудан басқа нәрсе қолымыздан келмеді: — Бекерден-бекер Пушкин емессің ғой. Пушкин өте ақылды болған жоқ па?! Әйтеуір, бір жолын тауып тапсырарсың... Асқар сәл үндемей, ойланып тұрып: — Иә, рас, мен Пушкинмін ғой... Ур-ра, таптым! Енді ойым оңынан шықсын деп тілеңдер. Екі сағаттан кейін көрісерміз... — деп қуана дауыстады. Біз түкке түсінген жоқпыз. Екі сағаттан кейін Асқарымыз сынақтан шықты. Бас­тапқыдай емес, көңіл-күйі мүлдем өзгеше. Әлсін-әлсін ыржиып қояды... Жүзіне ұялаған күлкісіне мұқият қарасаң, бір қулықтың ізін байқайсың. Мәселе былай болыпты. Біз Пушкин екенін есіне салғанда, оның көз алдына өзінің образы келе қалыпты. Шағын бұтаға ұқсап, қап-қалың, бұйра болып өскен шашы ойына түседі. Содан соң құрақ-құрақ қағаздың бетіне түнімен жазған шпаргалкаларын кішкентай орама етіп, нығыздап алып, бұйра шашының арасына сүңгітіп жіберіпті. Бөлмеге кіре берісте апайы шынымен тек оның екі қалтасын ғана қағып, жайғасатын орнын сілтеп жібергеннен кейін жанына жоламапты. Ойланып отырған кейіпке түскен Асқар басын қасыған болып, шағын орамаларды бір-бірлеп шығарып алыпты. Сөйтіп, Пушкиніміз бақылау жұмысынан тоқсан па­йыздан жоғары балл жинап, сынып ішіндегі ең жоғары нәтижені көрсетіпті. Апай қат­ты риза болғанға ұқсайды. «Кейде сендердің «Пуш­кин» дегендерің мазаққа ұқсап, жыныма тиетін. Кәдімгідей ызам келетін. Енді бүгін осы келемеждеріңнің пайдаға асып отыр­ғанын қарасайшы» деп қалжыңдап қояды...

«Сиыр» мен «сауыншы»

Дегенмен өмірлік тәжірибеде дәріс үстіндегідей сәттілік бола бермейді. Алғашқы жылдары ойымыздағыны жеткізе алмай, жаңылып қалатын кездеріміз талай рет болды. Бір күні Ақыл мен Диас деген жолдастарым «сиыр етін жеуіміз керек» дегенді түсіндіру үшін тек ауыздарын ғана емес, түгел денелерін қимылға келтіргені бар. Бірде-бір иероглиф танымайтын екеуі қытай асханасына барады. Мәзір бетіндегі суреттерде бейнеленген қаптаған қызыл еттің қайсысы шошқаныкі, қайсысы басқаныкі екенін айыра алмай, ұзақ қарап тұрады. Бір сәтте Диастың басына керемет ой келеді. «Айтып түсіндіре алмасақ, көрсетеміз! Ақыл, көмектесші!». Екеуі орындарынан тұрады. Әдепкіде мұның ойын түсініңкірей қоймаған Ақыл Диастың қимылын бақылап отырады. Бір кезде Диас екі қолының сұқ саусақтарын төбесіне қойып, сәл еңкейіп, «му-му» деп мөңірей бастайды. Оның ойын енді ғана түсінген Ақыл еңкейген Диастың қапталына отыра қалып, сауыншының қимылын жасайды. Қытайлар бірін-бірі түртіп шақырып алып, тырқ-тырқ күліп: «Мыналарды қара!» — деп, саусақтарымен нұсқап көрсетеді. Рольге әбден кіріп кеткен достарым сол сәтте жасап тұрған қылықтарының талайды көрген қытайлар үшін де ерсі екенін енді аңғарып, оларға қосылып күледі. Бір сәтке ыңғайсыз жағдайға түссе де, екеуі әйтеуір бір амалын тауып, сонша қиыншылықпен қол жеткізген сиыр етін армансыз жеп, тыңқиып тойып алып, жатақханаға бет алыпты. Балалардың бұл қылығы кешірімді еді. Жаңа ғана келген, оңы мен солын, түсі мен өңін әлі ажырата алмай жүрген жастар емес пе?!

Аңдамай сөйлеген «атқыштар»

Келгенімізге екі-үш ақ күн болған кез еді. Сол бір ұйқылы-ояу күндердің бірінде сабақтан келе жатып, Таңат деген жолдасымды кезіктірдім. Таңат бір топ баламен бірге бізден бір ай бұрын келген болатын. Амандасып, жөн сұрасып болған соң Таңаттың бетінде жеңіл жымиыстың тұрғанын байқадым: — Иә, не жаңалық? — Ой, бүгін бір «прикол» болды. — Не қылған «прикол»? — Бүгін Рауан... Жағдай былай болыпты... Рауан — Тараздың баласы. Достар ара­сындағы лақап аты да осы болатын. Зу-зу етіп бар шаруасын лезде бітіріп жүретін. Басқаларға қарағанда мінезі мүлде ерекше жігіт. Күніне мың құбылады. Түске дейін қос аяққа қонып алып, тап-тақыр асфальтқа шырт түкіріп, көше жаргондарын судыратып отырса, түстен кейін кәсіби терминге толы саяси тілде экономика, саясат жайында өз пікірін, логикалық көзқарастарын айтып, пікірталас жүргізуге дайын тұратын. Сол Рауан соңғы күндері ұйқысы қашып, сабаққа үнемі маужыраған күйде келіп жүріпті. Мұны бірінші күннен-ақ байқаған апайы маужырауының себебін үнемі сұрай беріпті. Рауан болса «жай, ұйықтай алмадымнан» басқа ештеңе айта алмаған. Бір күні мұғалім: «Сабақтың жүріп жатқанына бір ай болды, маған сенің шала жауабың керек емес! Толық жауап бер, сен не себепті түнде ұйықтай алмадың?». Сонда Рауан қолына орысша-қытайша сөздікті алып, он секундтай үңіліп алып, тап-таза қытай тілінде: «Менімен бір бөлмеде тұратын көршімнің үй жануары түнімен жағымсыз жел жіберумен болды, сол себепті ұйықтай алмадым», — деп әлі ешкім үйрете қоймаған сөздерді пайдаланып, өте сауатты жауап беріпті. Сол күннен бастап апайы Рауанға бағдарламадан тыс сөздерді оқуға тыйым салыпты. Осындай күлкілі жағдайларға түсіп қалғандарымызды өз арамызда «атқыш» деп атайтынбыз. Алғашқы уақытта «атқыштар» қатарын Аслан досым бастап жүретін. Аслан — Ақтөбе қаласының перзенті. Ең бас­тысы, ол — өз қаласының мықты патриоты. Бәріміз бас қосқанда, басым бөлігіміз Алматыдан болғандықтан туған қаламыз жайында жиі әңгімелесетін едік. Сондай басқосуларда Аслан біразға шейін үндемей отырады да, Алматының Ақтөбеге ұқсас жері айтыла бастағаннан-ақ іліп әкетіп, өзінің туған қаласын насихаттай жөнелетін. Ол Ақтөбедегі қазақ-түрік лицейін бітірген. Орта мектептің өзінде жүргенде шет тілінде білім алып үйренген Аслан үшін қытай тілін оқу оңай болар деп ойлайтынбыз. Алайда бұл ойымыз теріске шықты. Бірнеше тіл меңгергеннің қолайлы да, қолайсыз да жақтары болады екен. Аслан кей кездері қай тілде сөйлеу керек екенін шатастырып алушы еді. Бір күні асханада кезекте тұрған Асланды бір қытай мұғаліміміз арқасынан қағып қалып: «Ни хао!» — деп сәлемдесіпті. Қандай ойда болғаны белгісіз, күтпеген жерден ұшырасқан мұғалімге Аслан: «О, мархаба! Насылсыңыз?» — деп түрікше сәлем қайтарыпты. Әдепкі уақытта ақтөбелік досым үнемі осылай бірдеңені шатастырып жүретін. Бір күні моншада әжетхана іздеп жүріп, монша қызметкерлеріне: «Маған әжетхананы сілтеп жіберіңіздерші», — деудің орнына «Маған әжетхананы әкеп беріңіздерші», — дегені бар.

Ақкөңіл Аслан, жанашыр Жаныс

Айта берсе, қызығы көп Асланның. Салмағы жүз келіден асқан кезде біз осылай кете берсе оның бір күні жарылатынын айтып, «Тамақ жеп семіріп, жастай «фигураңды» құрта бермей, осы бастан өзіңді қолға алсайшы», — деп қажайтынбыз. Осы сөз қатты батып кетсе керек, бір күні азанғы сабақ басталысымен-ақ бәрімізді кешкісін бірге жүгіруге үгіттеді. Оны тек салмағы өзімен шамаласып қалған Жаныс досымыз ғана қолдады. Түстен кейінгі дәрістеріміз аяқталысымен бірге барып тамақтанып алдық. Кафеден шығып, балалармен қаланы аралап, серуендеуге аттандық. Ана екеуі сол жерде қалды. «Қазір жүгіреміз. Сендер қыдырып келем дегенше бір-екі килограмға жүдеп қалармыз», — деп қалжыңдап қояды. Кеш бойы қыдырып, жатақханаға орал­дық. Асланның бөлмесіне кіріп келсек, Жаныс екеуі киімдерімен кереует үстінде жатыр. Пыр-пыр ұйқы. Бастарында қалың спорт телпегі, аяқтарында кроссовкілері, әбден пысынап терлеген. — Жарайды бұл балалар! Бағанадан бері жүгіріп, шаршап келіп, бірден құлаған ғой... Жақында келген болар, терлеріне шейін қатып үлгермепті, молодцы! — деп қоямыз біз сүйсініп. — Өй, қайдағы... — деп ішке жаңа ғана кірген Асланның бөлмелесі Ержан сөзі­мізді бөліп жіберді. — Бағана тамақтанып бол­ғаннан кейін үшеуміз жатақханаға келдік. Бөлмеге кірісімен, Аслан жанығып жинала бастады. Барлық спорт киімдерін киіп алды. Сәлден соң орамжапыраққа ұқсап Жаныс та келді. Содан соң «Іштегі тамақ басылғанша сәл дамылдай тұрайық», — деп, біраз уақыт отырды. «Бос отырғанша әуен тыңдайық», — деп музыканы қосты. Мен жуынып ала­йын деп душқа кіргенде ол екеуі екі кереуетке жайғасып, музыка әуеніне ілесіп, бір-бірімен сырласып, баяу үнмен әңгімелесіп жатқан еді. Душтан шықсам, екеуі де сол жатқан күйі ұйқыны соғы-е-еп жатыр... — Е-е-е, біз терлегендеріне қарап... — Іш киіммен жүретін бөлмеде қалың «спортивкамен» жатса, терлемей қайтсін? Ең болмағанда, осы терлегендерінің арқасында бір нәтиже шығатын шығар...

Қоштасуға асықпайтын қала

Өз арамызда Асланды «Әлемдегі ең ақкөңіл адам» дейтінбіз. Бірге өткізген бес жыл ішінде талай жағдайға ұшырадық. Неше түрлі нәрсені бастан кешірдік. Қуанышты да, өкінішті де сәттер болды. Аслан осындай жағдайлардың бірде-біреуінде шеттеп көрген емес. Салмағы менен екі есе ауыр болса да, басқа іс түскенде менен он есе жылдам еді. Ішкен асын жерге қойып, ұша жөнеледі. Сабақта отыр ма, ұйқыда жатыр ма, мейлі, қай уақытта да дос үшін жанын пида етуге даяр. Кейде оның қарнынан нұқып қалып: «Әй, жасыңа жетпей мынауың не? Құртпайсың ба, қарныңды? — деуші едік. Сонда ол: «Қой, бұл менің қарным емес, осы кезге дейін жинаған «авторитетім», — деп қоя салушы еді. Басқасын қайдам, әйтеуір жеке басым үшін ол — дос, адам, ба­уыр, ер-азамат деген ұғымдарды қай жағы­нан қарастырсаң да, соның бәрінің өлшемдері­не толық сай келетін нағыз «авторитет». Ол — достық деген түсініктің беделін көтере алатын жігіт. Бүгінде оқуымызды бітіріп, өмірдің келесі белесіне көтерілдік. Енді жаңа тіршілік басталды. Оқуымыздың соңғы жылының басында сенер-сенбестей көңіл-күйде жүр­дік. Достарымызбен жиі жиналып, ертеңгі күндеріміз, алдағы жоспарларымыз жайында әңгіме-дүкен құрамыз. Ол кезде оқу бітісімен бірден әркім өз ауылына аттанып, жан-жаққа тарап кететін секілді көрінетін. Бірақ бізге Шанхаймен қоштасу оңайға соқпады. Диплом қорғауымыздан екі ай бұрын қалада «Шанхай Экспо – 2010» атты бүкіләлемдік көрме ашылды. Ол көрмеге біздің Қазақстан да қатысты. Еліміздің Премьер-министрінің өзі келіп, тұсаукесер рәсімін өткізді. Мен, Аслан, Сәкен – үшеуміз сол көрмедегі біздің мем­лекетімізге тиесілі павильонды тама­ша­лауға әлем­нің түкпір-түкпірінен келген шетел­дік және жергілікті қонақтарға еліміздің жетістіктерін өз аузымыздан таныстыруға мүм­кіндік алдық. Тағы біреулер оқуларын жал­ғастырып, білім деңгейін көтеру үшін Шан­хайда қалды. Мен магистратураға түстім. Ақыл мен Диас елге кетті. Қысқасы, бас жүл­десі бақыт болып табылатын өмір деген бәйгеге қосылып, әркім өз бағына сай ат қосуға аттанды.

Біз әлі кездесеміз

Мен әзірге елден жырақта, Қытай елінде студенттік күндерімізді бірге өткізіп, бір тілім нанды бөліп жеген Мұқан Мүсимхан, Ержан Мұстафин, Асқар Аюбаев, Аслан Қалабаев, Жаныс Темірғалиев, Ақыл Айтөлен, Диас Есдәулетов, Таңат Смайыл, Рауан Әбдікә­рімов, Сәкен Спанов сынды достарым туралы ой толғадым... Ертең қайдан шығамыз, кім боламыз, бәрі жұмбақ... Ендігісін уақыт көрсетер. Құдай жеткеріп, енді бір жиырма-отыз жылдан кейін бәріміз кездесе кеткенде алдымда ірі шенеунік, майталман кәсіпкер, танымал өнер иесі, тәжірибелі директор... тағы басқалар тұрса, таңғала қоймаспыз. Мейлі, бірге оқыған достарым кім болса, сол болсын. Бәрінің де амандығын тілеймін. Бірақ ұза-а-ақ жылдан соң жүздессек те мен бір қарағаннан-ақ баяғы ақкөңіл Асланды, сөзге жүйрік Мұқанды, ойлы Ақылды, алғыр Диасты, спортшы Сәкенді, тапқыр Асқарды, пысық Рауанды жазбай тани кетер едім деп ойлаймын.

Дәурен ОМАРОВ 1988 жылы Алматы қаласында туған. 2005 жылы Астана қаласындағы Жамбыл атындағы №4 мектеп-гимназияны, биыл Шанхай қаласындағы Шығыс Қытай Ғылым және технологиялар университетін бітірді. Мамандығы — инновациялық технологиялар менеджері. Қазақ, орыс, қытай және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Шанхайда оқитын студенттер арасында құрылған қазақ тілді КВН командасының белсенді мүшесі болды. Оқуға түскеннен бастап Дәуреннің әртүрлі басылымдарда қытайтануға арналған мақалалары жиі жарияланып тұрады. Ол студент бола жүріп, республикалық «Айқын» газетінің Қытайдағы тілшісі қызметін қоса атқарып келеді. 2008 жылы жас қаламгердің «Ерте тұратын ел» атты алғашқы танымдық-деректік кітабы жарық көрген. Жуырда автордың «Мерекесі мол мемлекет» атты екінші кітабы баспадан шығады. Дәурен қазір Шығыс Қытай Ғылым және технологиялар университетінің магистратурасында оқып жүр. Ол бұл мақаласында өзінің елден жырақта өткен студенттік өмірі туралы баяндайды.

Шанхай

3331 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6296

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5753

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3493

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2875

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2837

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2816

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2546

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2531

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы