• Тарих
  • 17 Қараша, 2010

Дүние, шіркін... өтеді бір күн

d0bad0b0d180d0b0d182d0b0d0b5d0b2Биыл қазақтың ғазиз ғалымы, жазушы Мұхамеджан Қаратаевтың туғанына – 100 жыл. Ел көлемінде басталған игі шара Алматыда жалғасты. Абай атындағы академиялық опера және балет театрында қайраткерге арналған салтанат өтті. Мерейтойға Мұхаңның інісі Нариман Қожаспаев, келіні Жәмила Қаратаева, немерелері Санжар, Сәкен, Нағима, Нейла Қаратаевалар құрметті қонақ ретінде қатысты. Кештің ашылу салтанатында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов мерейтойға келген барша қауымды құттықтады. Одан кейін Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин жазушының белгісіз қырлары мен адамгершілік қасиеті жайлы айтты. Сыр өңірінен келген Ержан Уайысов сыншының туған жері Қызылорда облысының Шиелі ауданы екендігін, бұл өңірде көптеген дарынды тұлғалардың дүниеге келгендігін тілге тиек етті. Серік Қирабаев, Шериаздан Елеукенов, Сейіт Қасқабасов, Сәкен Иманасов, Сәбит Досанов, Бауыржан Жақып сөз сөйлеп, естеліктер айтты. Жұртшылық Құрманғазы атындағы мемлекеттік оркестр өнерпаздарының өнерін тамашалады.

– Мақалаңа рахмет, Құлбек! Өзі өмірде жоқ үлкен тағдырлы адам жайында жазыпсың. Сауапты іс. Мұхамеджан ағамыз отызыншы жылдары Сібір айдалып, азап көргені жайында мемуар жазған депсің ғой. Жары Мархума туралы повесть жазған мені Сібір мемуары қызықтырып отыр. Бірінші рет естуім. Келіні Жәмила да білмейді-ау, Мұхамеджан ағамыздың мемуар жазғаны жайында ештеңе демеген еді. Табыла қалса, маған оқуға беруге қалайсың? – Кітап оқитын ұрпақ қалған болса. Мына мақала көзіне түсіп, оқыса, Мұхамеджан Қаратаев ұстазымыздың жан азасы түрінде жазылған ол шығармасы табылар. Қолыма тиіп жатса, оқуға Сізге берейін. Телефондаған – нәзік жанды, қайсар қаламгер, аяулы Шәрбану Бейсенова. Әңгіме «Егемен Қазақстан» газетінде (22 шілде, 2010 ж.) жарияланған «Дүние, шіркін, дүркін-дүркін, өтеді бір күн...» аталатын менің мақалам туралы. Онда біз қолқалап, Мұхаң өмірінің соңғы сәттерінде өзінің Сібірде айдауда болған өмір кезеңінен мемуарлық повесть жазғаны жайында айтқан едік. Аманаттай шығарма дерегі бірсыпыра кісіні қызықтырған секілді. Бұл жайлар мені Мұхамеджан Қаратаев – мемуарист ретінде дербес ойландырды. Толғандым.

Бәлкім, Абайдың қарасөздерінің мемуарға қатысы бар. Тек қалыпты мемуар емес. Жанр атауы ол кезде қазақ сахарасына жетпеген. Шәкәрімде мемуар ұшқыны бар. Іздеген кісі табады. Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Сұлтанбек мемуар жазып үлгермеді. Мұстафа Шоқайда мемуарлық жолақ бар. Өкініш орнын аз да болса қиын-қыстау сәтте қасында болған жан жары Мариям Шоқайдың жазбалары толықтырады. Тимирязев академиясын бітірген алғашқы қазақ азаматы Садықбек Сапарбеков мемуарлық толымды кітап жазғанын іні-шәкірттері Б.Кенжебайұлы, Ә.Тәжібайұлы айтар еді. Өкініші – қолда жоқ. Кітап болып басылмады.1937 жылы тәркілеген. Жоқ содан бері. Сәкен, Ілияс, Бейімбет...Ілияста өмірбаяндық жазбалар кездесе­ді. Сәкен мемуары – жанрдың төлбасы саналады. Кім білсін? Бұл кеше. Бүгін ше? Бүгінде өкініш орнын толтырар қуаныш көп. Мемуар – әдебиеттің іргелі, көшелі бір бай жанрына айналып қалыптасты қазақ әдебиетінде. Әр ел, әр елде мемуарлық жүйелі дәстүрлер қалыптасқан. Әрбір отбасы, әрбір әулеттің өз мемуарлық жазбалары болатынын қайтерсің! Шынында, кісі қызыққандай емес пе?! Өзге халықтарға тән осындай әдеби, жанрлық марқаю түп-түгелімен болмаса да ептеп қазақ әдебиетіне де келіп, байырқаланып жатқан жайы бар. Бұл күнде қазақ мемуары өз алдына бір жүйе, қызықты әдебиет болып бой түзеді. Әсіресе, жазушылар жазған мемуарлық шығармалар бір жүйе бізде. Айталық, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин, Ә.Тәжі­баев, Т.Әлімқұлов, С.Шаймерденов, М.Әлімбаев, Т.Кәкішев, З.Қабдолов жазған мемуарлық роман, повесть, эссе бар қазақ әдебиетінде! Бұл күнде мемуар эпикалық тыныс алып марқайып қана қойған жоқ, ол іштей байып, жанрлық балапан бұтақтарға жүлгеленіп, балақтанып кетті. Айталық, бұл күнде қазақ әде­биетінде шеберханалық сырын ашатын эссе секілді ішкі жанрлық бұтақтары өсіп-жетілді мемуардың. Мұның өзі уақтылы назар аударып, жинақтап, зерттеп жүрмегеніміз болмаса, өз алдына үлкен бір әдеби үдеріске айналып үлгерді деген сөз. Мемуардың осы сан алуан формада, ішкі жанрлық жүйелер бойынша сала-сала болып дамуы­на атсалысқан жазушы, ғалымдарымыз бірсыпы­ра. Сол бірсыпыраның бірі – академик Мұхамеджан Қаратаев. Мемуар жазу үшін кісіге машақатты да мағыналы өмірбаян, үлкен тағдыр керек. Қиын тағдырлы жаннан ғана қызықты мемуарлық шығарма тумақ. Мұхамеджан Қаратаев кім? Мұхамеджан болып туып, Мұхаңдық биігіне қалай көтерілді ол? Біріншіден, Мұхамеджан Қаратаев – қазақ Кеңес әдебиетінің балаң кезеңінен атсалысып, онымен бірге өсіп, біте қайнасқан аға буын өкілі, үлкен қайраткері. Екіншіден, Мұхамеджан Қаратаев – бұралаң соқпақты, ауыр жолды кешіп өткен тағдыры күрделі қа­ламгеріміздің бірі. Үшіншіден, Мұ­хамед­жан Қаратаев өмірбаянына үңіле бастасақ, оның өмірі Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан Ғылым академиясы, Қазақ энциклопедиясы секілді белгілі бір ұлттың мәдени, әдеби, ғылыми қасиетті үш шаңырағының қалыптасу, өрлеу, қажет болса, құлдырау кезеңдерімен егізқатар өрілген екен. Бұл – Сәбит Мұқановша айтқанда, «ет пен сүйектен жаралған» бір жұмырбасты жанның өмірбаяны үшін аз шаруа емес. Демек, Мұхамеджан Қаратаев бұған дейін көп жолды кешіп өтті, сол жолда көп-көп адаммен дәм-тұздас болды, өмірдің көп сырын көңіліне түйіп жетті тәуелсіз бүгінге! Соның баршасы Мұхаңа мемуарлық шығармаға қол артуға ырық береді. Ырық бергені несі? Ұзақ жолда көргені мен көңілге түйгені Мұхаңды мемуар жазуға міндеттейді. Өйткені ол өзінің ғана жан сыры емес, осы жолдардың біразын бірі ұстаз, бірі тұстас, бірі аға, бірі замандас, бірі іні болып бірге жүрген, қанаттас ғұмыр кешкен аға буын қазақ зиялыларының да сыры. Қажет болса, олардың біразының айтып үлгермеген, жазып қалдыруға тағдыр мұрсатана бере қоймаған қымбат қазына-байлығы шығар. Демек, Мұхаң талай аптал азаматтың айтылмаған сөзі, жазылмаған сыры, олардың кейбірінің аманат-ойларын арқалап, кейінгі ұрпақ­қа жеткізуші. Демек, Мұхаң – талай-талай айдау мен қорлау жолдарынан аман келіп, қара жерді тірі басып жүргені үшін де, сол жолдардан оралмаған азаматтар үшін де жауапты адам. Демек, Мұхамеджан Қаратаев жай мемуарист емес, жүгі ауыр, бір өзі бірнеше азаматтың аманатын арқалаған мемуарист. Қыл-қысқасы, қазақ әдебиетінің бір қайраткері М.Қаратаевтан біздің мемуарлық шығарма күтуіміз қандай заңдылық болса, оның мемуарлық шы­ғармаға қол артуы соншалық табиғи құбылыс! Ал бұл міндеттерді мемуарист қай жанрда (ішкі жанрды айтамыз), қай дәрежеде атқарды? Міне, енді мәселенің осы жағына келейік. «Жалын» баспасынан ғалым-сын­шының «Көргенім мен көңілдегім» деп аталатын кітабы ілгеріде жарық көрді. Кітаптың жарық көрген мерзімі – «1982 жыл» деп айқайлап тұр! Бірақ бұл қалың еңбек бір жылдың ғана жемісі емесі хақ. Біздіңше, Мұхаң бұл кітапты алдымен өмірде жазды... Өмірде жазғаны қалай? Алдымен, өмірде ол осынау жолды жүріп өтті. Жай жүріп өткен жоқ. Дүниені әнге бөлеп туды, айналасын қуанышқа бөлеп, ес жиып өсті, білім қуып, тәуекелді қадам жасап, қияға қанат қақты, сарылып отырып, білім нәрін жиды, қайраткерлікке араласты, қате басты қадамды, уақыт қателігінен, шалыс басқан қадамнан ұзақ жылдық азапты, кісі төзгісіз ауыр мехнатты бастан кешті, қайта оралды мынау сәулелі өмірге, ағартушылық қызметке араласты, дұшпандары қайта «көрсетті» – қайта ұсталды, Сібір айдалды, тағы азап, қан-қасап «көсем» И.В.Сталин өліп, әупірім-тәңірмен жарық күнге қайта шықты, ғылымға араласты, самғап академиктік биікке көтерілді... Ал енді ойлап көріңізші, бұл бір кітап болғанымен, бір адамның бала шағынан басталатын бүкіл ғұмыры. Және анау-мынау адамның пешенесіне жазыла бермейтін, жазылсын деп тілемейтін иір-қисық ауыр жол, үлкен тағдыр. Куә болып отырғанымыздай және оның бәрі – алдымен тап осылай өмірде жүріп өткен ауыр жол. Өмірдегі әрбір қуаныш пен қайғының, бейнет пен сордың, азап пен ләззаттың әрі тәтті, әрі кермек дәмі бар осынау кітапта! Алайда мәселе Мұхаңның мемуар жаз­ғанында емес, қалай жазғанында ғой. Мұхаң мемуарды қалай жазды? Мемуар жазамын деп қазақ зия­лыларының басына бұлт үйірілтіп алу – болған қазақта. Мемуар жазамын деп саясат ырқын­да кетіп, болмағанды болды деп, өзін кірлетіп алу – болған қазақта. Мемуар жазамын деп не тарихи сипаты жоқ, не уақыт сыры жоқ, өзін-өзі мақтаумен масқаралыққа бару – ол да бар қазақта. Ал Мұхаң ше? М.Қаратаев мемуарист ретінде қандай қырынан көрінеді? Қандай шығарманың қалай жү­зеге аспағы, асылы, мақсаткерлікке бай­ланыс­ты. М.Қаратаев мемуарға қол ұр­ғанда әуелгіде қандай мақсат көздеген? Мемуарист айтады: «Мына тұста жеке басымның естеліктеріне қатысты бүгінгі есейген, ержеткен қазақ совет интеллигенциясына ең алғаш рухани дамуда ықпалы болған оңды үлгі, өнегесімен ұстаз ретінде тәлім-тәрбие берген аға буынның ардақты есімдерін атап өтуді жөн көрдім. Атағанда жалпы түрде емес, нақты түрде атау және тұтас алып емес, жеке өз басымның қарым-қатынасыма байланысты үзік-үзік әсе­рім түрінде алу... Мақсат, ниет біреу-ақ. Сол ұстаздардың жарқын бейнелеріне тамшыдай болса да деректі мағлұмат қосып, олардың саңлақ ескерткіш белгілеріне бір кірпіш болса да қосу, сөйтіп, олардың халыққа, ғылымға, мәдениетке қажет, қадірлі образын толық тануға сеп тигізу. Құдай бір нәрседен сақтасын: естелік жазып отырып, өзім туралы ұстазым: «Сен үлкен ақын боласың», «Ғалым боласың», «Сен үлкен талант иесісің», – деп еді деген секілді көпірме сөздерді ұялмай-қызармай қыстырудан сақтасын...» (4-бет). Міне, авторлық мақсат! Біз де оның мемуарына осы мақсат өресінен қалай шықты деген сұрақ өзегімен қараймыз. «Ұядан қияға», «Қос қанат», «Арман асуы», «Арман азабы» мемуаристің жарық дүниеге келген сәтінен әдебиет сыншысы болып қалыптасқанға дейінгі өмір кезеңін баяндайды. Аталған жазбаларында М.Қаратаев мемуарист-публи­цист ретінде көрінеді. (Табиғатында ме­муар – публицистикалық сипаттағы жанр). Автордың мемуарлық бұл жазбалары – өзара желілес, сабақтас дүниелер. «Менің соқпағым Телікөлдегі қыстауы мен Арқадағы жайлауының аралығы жеті жүз шақырым жерге түйемен жететін көшпелі ауылдың жон даласынан бас­талды» (6-бет), – деп бірінші жақтан баян­далатын бұл мемуарлық жазбалар автордың бала шағынан болашағына қалай қадам жасап, арман асуларынан қалай асқаны хақында тартымды баяндап береді. Өмірбаяндық жазбалардың алдымен дерегі мол. Мол дерек жинала келе туындыгердің өмірбаянын қызықты өріп шығады. Атасы Қаратайдың қадір-қасиетінен бастап, жоқшылықта күн кешкен әке тағдыры, халыққа індет болып жаппай келген обадан арашалаймын, елді емдеймін деп құлаған жандармен бір жүріп, оба жұқтырып, опат болатын аяулы ана – Бибісара бейнесі, жетім бала­ның ілім-білім іздеу жолдары, нағашысы Ахмет ишан, оның баласы Мұстафа, революционер Деевтің қазақ арасында өткен өмірі, атаман Шайтановтың ауылға бүлік салуы, оқудан кенжелеген баланы қамқорлығына алатын Әбдиев Бейсембай, аяулы ұстаз Высоцкая, Баталов, академик Тарле, профессор Пиксанов, өзінің студенттік, аспиранттық, жазушылық ортасы осы мемуарлық жазбаларда әдемі көрініс беріп өтеді. Жо­ғарыда айтқанымыздай, мемуарист өз өмірбаянын баяндап отырып, өзін-өзі қызықтаудан сақтанғандықтан да тым тартыныңқырап сипаттайды өсу жолдарын. Соның әсерінен де мейлінше созымды, бояу араластыра көркем жеткізуге мүмкіндігі бола тұра қысқа қайырып отырады. Соның өзінде автордың бұл жазбаларында қазақ сахарасының қилы-қилы суреттері, уақыт бедері бар. Көр­кем деталь, штрихтар қаламгердің мол мүмкіндігін көрсетеді. Мұхаңның мемуарлық жазбаларын оқып отырып, автордың өзгеге ұқсамас, өзгені қайталамас әрі ауыр, әрі қызықты өмір­баян белестеріне куә боламыз. Сол үшін де оқушылық бейілмен авторға дән риза боламыз. «Бұл өңір (Телікөл) түйе көрінбейтін ну қамыс пен қызыл жыңғылға толы. Қыста малға пана – сол. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанында Қарабай бай Аягөз жаққа қашарда Айғыздың туған жермен қоштасып: «Балталы, Бағаналы ел, аман бол, Бақалы, балдырғанды көл, аман бол, – дейтін көлі, тарихи деректерде және Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романында үш жүздің бас қосып, тасқа таңба басқан көлі – осы Телікөл». «Ауылымыз Телікөлдегі қыстауда екі-үш ай ғана аялдайды. Бес шақырым жерде нағашы атам Ахмет Оразаев салдырған мешіт пен мектеп бар еді. Мұны Ахмет Оразаев Бұхарада оқып, хатыр шат алып келгеннен кейін салдырған деседі. Бір қабат қызыл кірпіш үйдің үлкен бөлмесінде Ахмет имамдық етіп, намаз оқытса, екінші қанатында татар молдасы жас балаларға сабақ жүргізеді. Намазға жұрт әрбір жұмада жиылады. Басқа күндері татар молдасы сабақ жүргізеді. Екі қыс сол сабаққа бес шақырым жерден тиіп-қашып қатысып, арабша шала-шарпы хат таныдым, әптиектен бірен-саран аят жаттадым. ...Бұл 1920 жылы еді. Мен онға енді ғана шыққанмын». «...сені қалайда оқытам. Ендігі жылы өзім Ақмешітке апарып, қолымнан ор­налас­тырам. Буының сәл қата түссін, есің кіре түссін, сен де дәрігер боласың», – деуші еді. Апамның уәдесі менің сенімімді күшейтіп, алдағы жылдың тез жетуін іштей асыға армандаймын». «Мұнда бір жазға айналғанда елге оба ауруы келді. Анам Бибісара Бұхарада Ибн-сина медицинасынан сабақ алған дәрігер әкесінен үйренген тәуіптігі бар еді. Ауырған жұртты емдеп жүріп, өзі ауырып, қайтыс болды». «Әкем Қожаспай Қаратайдың жеті ұлының қарашаңырақта қалған кенжесі екен. Қаратай шешен, пысық кісі болыпты. Ахмет ишан оны атқосшы етіп, Меккеге ертіп барыпты. Сондықтан Ахмет ишан өзіне еңбегі сіңген серігі Қаратайдың баласы Қожаспайға кіші қызы Бибісараны берген. Қаратай атам менің екі жасымда дүние салыпты. Көп ұзамай оның жеті ұлының жетеуі де кедейленіп қалған көрінеді. Шиеттей жетім балаларын асырау енді Қожаспайға да тым ауыр тиіп, тұралап қалады да, мен шешем өлген 1922 жылы бір қыс нағашымның қолына көштім. Онда тағы бір қыс оқып, Ибраһим Сейфутдинов дейтін татар мұғалімнен сабақ алдым. Орыс әріптерін, төрт амал есеп үйрендім». «Тығылмаған – жалғыз менің шешем және әлгі Әбіш ағам. Келгендер Колчактың Солтүстіктен Оңтүстік жаққа қашып келе жатқан әскер тобы екен. Бастығы – атаман Шайтанов деген. Ауылды тінтіп, алай-түлей етті». «Қожаға, қайтпаймын үйге, – деп қа­сарысып отырып алдым. – Менің оқы­ғым келеді». «Мұғалімнің аты-жөні Әбдиев Бейсембай екен. Хал-жағдайыма әбден қанғаннан кейін ол кісі ойламаған жерден: – Олай болса, менімен бірге Жаңа­қорған станциясына жүр, – деді. Сөйтіп, осы бір ақкөңіл, қайырымды кісінің етегінен ұстап, Жаңақорғанға келдім. Мені ол интернатқа орналастырып, бірден үшінші класқа әкеліп отырғызды». «Орынбордағы медицина техникумы мен малдәрігерлік техникумның даярлық бөліміне ересектер алынатын болыпты. Наркомпростың оқушылар қабылдайтын өкілі Біләл Сүлеевке арыз бердім де, Орынборға жүріп кеттім». «Жазушылар алда, 1934 жылы май айында болатын республикалық съезге, августа болатын Одақтық съезге жан сала дайындалуда. Сол дайындық шараларының бір түрі – қалайда әдебиет газетін шығару болды. Өлкелік комитет жазушылардың ұсынысын қолдаған, бірақ әлі не үй, не штат жоқ. Бар болғаны – жалғыз корректор. Сондықтан Жазушылар одағының ұйымдастыру комитеті бастығы Ілияс Жансүгіров болып, Сәкен, Бейімбет, Мұхтар, Ғабиттің қажырлы кө­мегімен газеттің алғашқы нөмірлерін әзірше айлық алмай-ақ шығаруға ұйғарды. Редакторлығына Ғабит Мүсірепов, жауап­ты хатшылығына мен тағайындалдым». «Талаптан тәуекел пайда болады екен де, тәуекел тағдыр қайығына мінгізеді екен. Ақылға салса, менің өз басым Ленинград сияқты қалаға алыс ұзап оқитын ешқандай жағдайым жоқ еді, неге десеңіз, жатақханада тұратын әйелім мен балам бар. Оның үстіне әйелім жүкті. Кәрі әкем Қожаспай екі жас баласымен, кіші анамызбен подвалда тұрады. Өзі КазПИ-дің қарауылы. Мен жүрерде ол қатты ауырып қалды. Москваға барғаннан кейін үшінші күні хабар алдым: әкем қайтыс болыпты. Не істеу керек? Қайтып барсам, қатарымнан қаламын. Қалмадым. Осы күні ойласам, оным ақымақтық екен. «Әкесі өлсе де қайырылмаған» дейтін оң­бағандық осы ма деймін ішімнен». «Басқосудың бастамашысы көбіне Пе­дагогикалық Ғылымдар академиясында оқитын Төлеген Тәжібаев, Герцен атын­дағы пединститутта оқитын Темірғали Нұр­тазин, тағы басқа институттардан Батырбек Бірімжанов, Нұрмолда Күзембаев, Әділше Аяпбергеновтер болатын». «Осы жиналыста қала басшыларының (Ленинград. – Қ.Е.) жиырма төрт жастағы маған сеніп баяндама жасатуы және оның тұжырымының ертеңіне «Ленинградская Правданың» бетінде жариялануы ме­нің өмірімде ешқашан ұмытылмайтын, әрқашан мақтан етіп, медет тұтатын сәт деп білемін». «Ақыры кезегім келгенде осы теріс, осы кемшілік деген пікірімді бет-жүзіне қарамай, әркімге қатысты айтып шықтым. Тіпті өзімнің бастығым, өзімнің қамқорым Сәбеңе де байқамай тиісіп кетіппін. Ол не десеңіз, Сәбеңнің «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті: ұлтшылдық, байшылдық дәуірі» дейтін монографиясындағы кейбір ағат айтылған деп білген пікірлерім еді. Бұдан үш жыл бұрын аға жазушының «Екпінді» повесіне жазған «Сырттан пішкен тон» дейтін мақаламда да кемшілігін сынап кеткенім бар. Бірақ оны ақкөңіл Сәбең елемеген кісі сияқты еді. Мына жолы тағы да қымсынып қалған едім, алайда «Құдай оңдап», ол кісі қорытынды сөзінде менің айтқан сын пікірімді дұрыс деп кетті. Бұдан артық әділдік, шыншылдық болар ма? Осы күнге дейін таңғалам, тәнті болам сонысына!.. Абай жөніндегі теріс позициясы үшін қаттырақ сыналған Ғаббас Тоғжанов та, азын-аулақ сын ұшқыны тиіп кеткен Бейсембай Кенжебаев пен Әмина Мәметова да ештеңе деген жоқ. Тек лирикалық өлең жинақтарын шарпып сынаған Жұмағали Саин мен Есмағамбет Ысмайылов қана сәл дызалақтады, бірақ бұл насырға шапқан жоқ». Жетім баладан академикке дейін жеткен жолдың ұзына бойына осы бір үзіктер арқылы көз жіберсе де кісінің көзі талай нәрсеге жетеді. 1910-1937 жылдар аралығында қазақ даласында болып жатқан өзгерістер, қазақ елі бастан кешкен ауыр жағдайлар, сол ауыртпашылықты тасты жарып шығар шынардай қинала жүріп өсіп келе жат­қан сыншы Мұхамеджан Қаратаевтың тағдыры көз алдыңа елестейді. Қазақ балалары үшін мектеп, медресе салдырып, татар оқытушысын алдырған нағашысы Ахмет Оразаев қандай қамқор, қандай халықшыл?! Айта кетелік, Ахмет Бай­тұрсынұлына жәрдем етіп, «Қазақ» га­зетін шығарысатын – осы Оразаевтар! Елге келген обаға қарсы тұрамын, елді емдеймін деп опат болатын Бибісара ана қандай аяулы?! Арғы тегі түрік Колчак әскерінің қазақты талауы, қанауы қандай жанға тиеді десеңізші! Қазақ даласына жеткен жаңалық атаулы қазақ ұлтының пешенесін бірден ашып жібере алмағаны көрінеді. Қазақстан Жазушылар одағының құрылуы, «Қазақ әдебиеті» газетінің жарыққа шығуы... – бәрі-бәрі Мұхамеджан Қаратаевтай қиын тағдыр кешкен адамның көзімен шежіреленіп отыр. Тағылымды. Оу, Мұхамеджан Қаратаев 1937 жылдың қара құйынына ұшыраған кісі емес пе? Ол жөнінде жұмған аузын ашпағаны ма? Олай етсе, мемуар тұтастығына, шыншылдығына нұқсан болмас па? Алдымен, мемуарлық шығарманың сексенінші жылдары жазылғанын еске алайық. Сексенінші жылдары «итжеккен» аталған Сібірге екі дүркін айдалып, жүрекшайлықты болып оралған Қара­таев түгілі, әріптестерін айдатып, қама­тып жіберген «жүрекжұтқандардың» өзі 1937 жылдың қасіретін айта алған жоқ. Атылып кеткен аяулы алашордалық­тарды ақтап ала алған жоқ. Төбесінде – «кәпірдің» айбалтасы, төсқалтасында коммунистің қызыл билеті. Мұндай жағдайда Мұхамеджан Қаратаев қайдан айтсын 1937 жылдың қасіретін?! Шындай айтуды уақыт көтермепті. Шым-шымдап айтуға қалай Қаратаев? Сүйек­тен өткен сұмдықты шым-шымдап айтыпты. Мемуарлық шығарманың бір тарауының «Арман азабы» аталуы да соны байқатқандай. Өкініші – «Арман азабы» тарауында сыншы жылап отырып айтқан 1937 жылдың қасіретін беретін сахналар қысқарып кетіпті. Оны біз тараудың құлағы кесіліп құнтиған, мұрны кесіліп шұнтиған пошымынан, сосын кітаптың өн бойында айтылатын «аса қадірлі кісіден амалсыз ажырап қалғандағы қайғы-қасіретім жөнінде атүсті болса да «Арман азабы» дейтін тарауда бірсыдырғы жазып өткенмін» (55-бет), – секілді сілтеме сөйлемдердің ізімен жүріп, салыстырып қарағанда көзіміз жетті. Жоқ. Қысқарып кеткен. Сонда да болса қағып-қағып астарлап айтып, ишаралап кететін сыр бар екен. «Осыдан кейін екі жылға жетпей оның (Саттардың. – Қ.Е.) қайтыс болғанын естідік. Алматыдан өзінің аурулығын айтып жазған екі хаты, өкінішке қарай, сақталған жоқ. Сақталмаған нәрсе жалғыз ол емес, әрине». «...кездейсоқ оқиғаның салдарынан көп жыл әдебиет ортасынан қол үзіп қалды. Былтыр ғана сүйген жары Софьяға үйленіп, сәнді семья құрып, нәрестелі болған еді. Одан да қол үзді. Махаббат қарызына берік Софьяның баласы өлгеніне қарамай, күйеуін іздеген қиямет сапары – өз алдына «жыр». Жиырма жылға жуық жарық көрмей, шыңдалмай, томаға-тұйық қалыпқа түскен талант семіп қалуы да мүмкін еді. Бірақ, бақытқа қарай, олай болмапты», – деген Х.Есенжанов туралы толғанысы немесе Жамбыл туралы толғанысындағы: «Ол кездегі жазу-сызуым, диссертациям – бәрі құйынға ұшырап кеткен ғой. Ой, Жаратқан-ай, не ғажап, басқа дүниемнің барлығы ғайып болғанда осы бір әлдеқалай мен жазып алған Жамбыл өлеңі сол күйінде, сол «Савой» қонақүйінің штампы бар блокнот қағазда сақталыпты», – деп мұң­да­на, «Осыдан кейін көп ұзаған жоқ, Мұ­қаңдармен көпке дейін көріспес сапарға мен де аттандым. Сегіз жылдан кейін сәлем бере кіргенімде, ол енді оқырманға танымал болған «Абай» трагедиясы мен «Абай» романының авторы екен», – дегендей өкінішке толы тебіреністерінде селкем-селкем күйінде бұқпантайлай айтылады екен. Оны, әрине, 1937 жылдың ойранын жақсы білетін біз түсінерміз-ау, кітаптан жырақ өсіп келе жатқан бүгінгі бейқам ұрпақ аңдап, аңғарып оқи алар ма, тіпті оқыр ма? Абайлап, аңғарып оқыған кісі академик Мұхамеджан Қаратаевтың ме­муар­лық шығармасынан өмірдің 1937 жылғы ауыртпашылығынан өзге де қазақ ұлты тағдырына қатысты көп мәлімет, бірсыпыра тағылым алары хақ. М.Қаратаевтың екінші бір жүйе мемуарлық жазбалары – «Портреттер» аталады. Олар «Қайран Жәкең», «Сәкен аға», «Биаға», «Дала жұлдызы», «Мұрат мұхиты», «Халық қалаулысы», «Саңлақ ғалым», «Ағайынды Жұбановтар», «Қа­ныш», «Талант пен тағдыр», «Саттармен ұшырасқан сәттер» аталады. Бұлар – автордың өмір жолында бірі ұстаз, бірі тұстас, келесісі қанаттас дос болып тағдыры тоғысқан аяулы жандар, қазақ әдебиеті мен өнерінің, қазақ ғылымының біртуар нар тұлғалары хақында. Жанрлық жағынан алғанда, бұлар – естеліктер. Қазақ әдебиетінде мемуардың естелік формасы аз емес. Әйтсе де, Мұхаңның өзінің көргені, өзінің түйгені олардың ешқайсысын қайталамайды. Басып айтар, батып айтар бір жай – қай естелікте де автор өзінен бұрын өзіне ықпалы болған аяулы адамдар жөнінде, олардың ауыр да ғибратты ғұмыры жөнінде шынайы баяндауға тырысып бағады. Бұл орайда мемуарист мәдениетіне қызығып қарайсың, мерейленіп қарайсың. Естеліктер бірін-бірі қайталамайды, бірін-бірі толықтыра түседі. Сонымен қатар бұл естеліктер автор өмірбаянымен телқабыс баяндалады. Естеліктер сериясын қызықты етіп тұрған бір жай – оның мол дерекке құрылатыны. Бірер мысал келтірейік. Айталық, Жамбылдың баяғы Кенесары жорығын жырлайтын Нысанбай жыраумен кездесуі Мұхаң естелігі арқылы мәлім бізге. Әйтпесе, Грузиядан қайтып келе жатқан Жамбылмен жазушы И.Эренбургтің жол бойы сөйлесіп, блокнотына үздіксіз жазбалар түсіріп оты­руы – Мұхаң ғана куә болған қызықты дерек. «Осы күні ойлайтыным», – дейді мемуарист, – Эренбургтің архивінде содан бір із қалмады ма екен деймін, бірақ білуге қол тимей жүр» (52-бет). Әдемі емес пе? Мұхаң барар-бармас Эренбург архивін ақтаруға, ал кейінгі буын жамбылтанушылар үшін бұл тың дерек көзі ғой. Ендігі бір дерек орайы мынадай: қазақ әдебиетінің аға буын өкілдері өздерінің шығармашылық шеберханасын ашып үлгермей кеткені мәлім. Ал Мұхаң өз естеліктерімен әрі аға тұтқан, әрі қатарлас, қанаттас жүрген сол аяулы азамат, қалаулы қаламгерлердің ла­боратория­сына кілт есепті қызық деректер келтіріп отырады. «Бір күні», – дейді мемуарист автор, – Ілекеңнің (І.Жансүгіров) «Құлагер» поэмасының кітап етіп дайындаған вариантын оқып, пікір алыстық. «Социлистік Қазақстанда» өткен күзде жарияланған варианты бойынша айтылған пікірлерді ескеріп, автор көп жөндеулер енгізіп, көп толықтырған екен» (61-бет). Әрі қарай қазақ поэзиясының бір асыл нұсқасына қай қаламгердің қандай пікір айтқанын баяндайды. Сөйтеді де: «Бірақ, не керек, «Құлагердің» бұл варианты сақталған жоқ» (62-бет) деп шерлі күрсініспен тәмамдайды. Заман­дас ақын-жазушылар шығармашылығына кілт іспетті дерек, шеберханасына енгізе сөйлеу! «Сөйлеушілер Майлинді шаруа жазушысы ма, жолбике жазушы ма деп бас­тарын қатырды. Ал оны пролетариат жазушысы деген сөз ешкімнің аузына түскен жоқ, өйткені ол кездегі тұрпайы түсінік бойынша, жазушы пролета­риат жазушысы атану үшін міндетті түрде жұмысшы табын жазу керек. Осы күні күлкі болатын әлгі сықылды топас түсінік ол кезде ұялмай-ақ айтылып жатқанда, Б.Майлинге қарадым да отырдым. Ол сөйлеушілер өзін неше саққа жүгіртіп жатқан кезде, үн жоқ, төмен қарап, күлімсіреп, саусағымен шашын шиы­румен әуре. Бейімбеттің шеберлігі жайын сөз еткен біреу оны «Қазақтың Чеховы» деп еді, Бекең жақтырмаған пішін білдіріп, жұрт тарқарда Өтебай Тұрманжановқа (Бұл да Бекең мінезді ақын еді) дауысын шығармай: «Чеховтың ауылы алыс қой бізге», – деді». «1934-1935 жылдың қысталаң қысы өтті. Май айында біз Алматыдағы мәдениет құрылысының І съезіне шақырылдық. Содан кейін жазғы каникулымызды осында өткізуге қалдық. Бірақ қайда, қалай өткіземіз? Хамза Есенжанов екеуміз «Қазақстан» баспасымен келісіп, бас­тауыш мектептің ІІІ класы үшін ана тілі оқулығын жазбақ болдық. Қайда жататынымызды көп ойланған жоқпыз. Дәл шарт жасаған кезде баспада болған Бейімбет Майлин мен профессор Құдайберген Жұбанов бұл мәселені оңай шешті: тауда, «Каменское плато» курортының қа­сында екеуі екі киіз үй тігіп жатыр екен. Бейімбет мені, Құдайберген Хамзаны үйіне жатқызбақшы болды. Қырық күн бір үйде жатып, бір дастарқаннан ас ішіп, Бекең­мен де, семьясымен де етене араласып, жақын болып кеттік. Осындай ішкері тілектес, сырлас жағдайда, байқауымша, өте сирек кездесетін тамаша адам: кішіпейіл, қарапайым, мейлінше адал, ақпейіл, сезімтал, ерекше еңбеккер. Жаздыгүнгі режимі мынадай: таңертең мен оянғанда Биаға ұйықтап жатады. Киіз үй ішінде дөңгелек столдың үстінде араб әрпімен әдемі жазылған қолжазба жатады. Бұл қалай десек, Биаға түні бойы жазып, оны таза көшіріп барып, таң алдында ұйқыға кіреді екен. Сағат он бір-он екі шамасында шайдан кейін тауға жөнеледі де, сағат екі-үш кезінде бір сағат жатып дем алады. Төрт-бес шамасында бізбен және қаладан келген достарымен бірге түстік тамақ­қа отырады, әңгімелеседі, газет, журнал қарайды немесе көрші курортқа барып кино көреді, түнде қайтып келіп жұмысқа отырады». Молырақ алынған үзін­діде Б.Майлин мен Қ.Жұ­бановтың ұлт қамын ойла­ған ұлы қамқорлығы көрінеді. Хамза мен Мұхамеджанды қырық күн қабатына алып, үйіне түсіріп, еңбекке баулуы ғажап. Қазіргі қайраткерсымақ қолынан осындай қамқорлық келер ме?! Әй, қайдам? Ол үшін ұлт қамын ойлайтын ұлттық рух керек қой. Сонымен қатар осы үзікте М.Қаратаевтың Биағаны адам ретінде, қаламгер райында жақыннан бақылауы байқалады. Тіпті жұмыс ырғағына дейін әдемі айтып отыр емес пе?! Қысқасы, М.Қаратаевтың осы екі жүйе мемуарлық жазбаларының қайсысы да – автордың ғана өмір жолын баяндаумен шектелмей, бүкіл қазақ Кеңес әдебиетінің өсу-өркендеу жолынан мол мәлімет берерлік, аяулы тағдырлар ха­қында сыр шертерлік қызықты дүниелер. Қазақ мемуаристикасын мол дерекпен толықтыратын шынайы туындылар. Адам баласы алғы буыннан қалған тәжірибені өміріне тұтынады. Сөйте жүріп, өзі де тәжірибе жинақтайды. Ал жинақталған тәжірибені тарихта қалды­ру – әрбір зиялы адам міндеті. Ал жеке адамдардың іс-тәжірибесі, өмірбаян тәжірибесінен тарих құралады, тарихтан ғибрат таралады. Демек, мемуар – тарихқа барар жол. Тарих шындығын без­бендейтін таразы. Осы пікірді М.Қа­ратаев естеліктері мен жазбаларынан туындата айтамыз. Қазақ әдебиетінде академик Қажым Жұмалиев, профессор Бейсембай Кенжебаев, журналист Жүсіпбек Арыстанов жазып қалдырған қызықты мемуарлық жазбалар бар. Біз әдебиетші, журналистердің мемуарын ғана айтып отырмыз. Бұл дәстүрді академик Зейнолла Қабдолов, Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев сынды сындарлы әдебиетшілер сәтті жалғай білді. Ал Мұхаңның мемуарлық жазбалары – сыншы, ғалымдар жазып қалдырған, жазып жүрген мемуаристиканы мол деректермен толықтыратын, қайталанбас қызықты дүниелер. Қиын тағдырдан туған қызықты мемуарлық шығармалар. Ал ендігі бір айтар мәселе – М.Қаратаевтың мемуарлық жаз­ба­ла­рының қайсысы да 1938 жылдың қара құйынына дейін көсіле, шешіле, шерлене сөйлеп келеді де, кілт тоқтайды. Әрі қарай неге жазылмады, неге жалғанбады бұл мемуарлық жазбалар? Біз осы жайларды сұраудай алға тартып: «Ендігі тілек, мынау жария заманда, автор өзі қиналып өткен қиын жылдардың шындығын жазса. Бұл – кісінің иманы қасым болып отырып жазылатын тақырып (Орыс әдебиетінде көптеп жазыла бастаған тақырып). Міне, осы тақырыпты өзіңіз жылап оты­рып жазыңыз, Мұха. Оқушыларыңыз жылайтындай етіп жазыңыз, Мұха! Ал ол мемуарлық шығармалар жалғасын жазу үшін Құдайым Сізге қуат берсін!» – деген тілек айтқан едік. Өйткені оның және оның замандастарының бастан кешулері адам баласына тілемейтін ауыр жағдай, қанды қасірет еді. Өйткені бұрын өзінің мемуарлық жазбаларында шым-шымдап айтар сырды айдындандырып айтар, бұрын «кезінде кінәсіз кінәлі болғандар жөнінде Ақаңның көзқарасы ағасы Құдайбергенге қандай кіршіксіз болса, басқамызға да сондай таза еді» дегендей, түйетайлылау айтылған жайлар ашынып айтар, арылып айтар шынайы сырға айналар деп білгенбіз.

Құлбек Ергөбек

8671 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6592

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5908

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3651

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3035

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2996

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2972

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2701

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2686

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы