• Ақпарат
  • 17 Қараша, 2010

ЕҚЫҰ-2010: тарихқа жазылар табысты жыл

Қазақстанның тарихи қауырт кезеңді атқарып келе жатқанына да жиырма жылға жуықтады. Бұл кезеңнің жүгі де, салмағы да ауыр болды. Бүгінгі таңда толқымалы күй кешпей отырған заман да, қоғам да, ел де жоқ. Жан-жағымызда жанартау секілді буырқанып, соғыс өрті өршіп, шиеленіскен жағдайдың құрбаны болып отырған елдер қаншама. Мемлекеттік тұтастығы шайқалған елдер тыныштығын әлі таба алмауда. Мемлекетте болып жататын оқиғаларға қарапайым халықтың еш кінәсі жоқ. Елге керегі – орнықты да жайлы, тыныш өмір. Мемлекет осы тыныштықтың кепілдігі болуы тиіс. Кіммен дос болу керек, кіммен жақындасып, кімдерден іргені аулақтау ұстаған дұрыс – осының бәрі, сайып келгенде, ұлтты сақтаудың кепілі.

Сарыарқаның төсінде «саммит» деген атпен өткелі отырған халықаралық маңызы зор іргелі жиынның халыққа берері де, еліміздің одан күткені де көп. Бұл Елбасының ат төбеліндей аз ғана халықты айдай әлемге таныта түсуінің тағы бір батыл қадамы, ақылға құрылған амалы болса, ішкі-сыртқы тығырықтан шығу үшін, алыс-жақын елдермен бірлесіп шешім іздеу үшін таптырмас құрал да. Әсіресе, бұл Қазақстанның сыртқы саясатына қанат бітіреді. Жаңа соқпақтарға жол ашылады. Бүкіл әлем халқы санасатын жана тұрпатты ұлттың іргесі беки түсуіне игі ықпал етпек. Бүкіләлемдік дағдарыстан өз хал­қын қажытпай, жүдетіп-жадатпай, аман-есен алып шығу үшін әр мемле­кет өзінше жоспар құрып, өз қарымына қарай әре­кет етіп жатыр. Әрине, тұр­мыс тауқы­метін әлі де сезінгенімен, бая­ғы қытай­дың ала қабын арқалайтын қазақтың өмірі артта қалды. Мұндай ауыртпалық­тар­ды Кеңес Одағының құрамында бол­ған елдердің бәрі де бастан өткерді. Бірақ қиындықтан олардың бірі өте алса, бірі өте алмады. Сырттағы Ауған­стан мен күйіп тұрған Кавказ жағдайын ысырып қойғанда, Орта Азияның өзіне ғана көз жүгіртсек, Тәжікстан трагедиясы, қырғыз көтері­лістері, өзбек гастарбайтерлері, сыртқы әлемнен тұмшаланған түрікмен тұр­ғын­дарын алайық, қазақтың өміріне қызығатын жағдайда отыр қазір. Сол 90-жылдары басталған даму тежелісі, ушыққан дағдарыс ақыры осыған әкелді. Қазақ елі мемлекеттілікке нұқ­сан келтірген мұндай қиындықтарды ай­налып өтті. Бастысы – ел іргесі тыныш, халқы бүтін. Масылдық психологиядан арылып, өз бетінше тірлік етуге дағдылана бастады. Қазақстан дамуының үшінші сатысында ірі-ірі инновациялық-инвестициялық жо­ба­лар жүзеге асып жатыр. Еуропа ел­дері мен ЕҚЫҰ он тоғыз жыл бойы Қазақстанның даму үдерісін, елі­міздегі саяси, экономикалық және әлеу­меттік жобалардың қалай жүзеге асып жатқанын зерттеп, бақылап отырды. Бұрынғы посткеңестік республи­калар аумағындағы бірден-бір көп ұлтты мемлекет бола отырып, ұлттық тұтастық пен татулықты үндестіріп, қауіпсіздігін сақтап отырғаны оларды қатты қызықтыратыны сөзсіз. Әлем Қазақстанға бекер көз тігіп отырған жоқ. Қазақстанды тығырыққа тірелген мемлекеттерді қиыншылықтан шығарудың бір тірегі болады деп үміт артып отыр. Ауғанстандағы соғыс пен есірткі дамуы тек Еуропаны ғана емес, дүниежүзі халқын алаңдатады. Таяу Шығыс елдерінің экономикалық дамуы мен саяси-демократиялық үдерістерден артта қалуы қауіп тудырады, осыған сәйкес олардың заңнамалық деңгейі де өте төменгі дәрежеде. Осы Таяу Шығыс елдеріне таяқ тастам жерде орналасқан Қазақстанның даму деңгейінің айырма­шылығына һәм артықшылығына мән бере отырып, ЕҚЫҰ осы аймақтарда­ғы қиыншылықтарды жеңіп шығуға септігі тиер деген сеніммен еліміз төра­ғалығына нық сеніп отыр. Бұрын әлем­дік қоғамдастық Ауғанстанды «лаң­кестік ошағы» деп қарастырып келгені өтірік емес, ал қазір басқаша қырынан танығысы келген сипат байқалады. Ауғандық жастардың еліміздің жоғары оқу орындарында білім алуы үшін қа­зына-қордан 50 миллион теңге бө­лінетіні туралы ақпарат жағымды жаңалық қана емес, көршілес елдің жағ­дайын оңалтуға ұмтылған нақты қадам ретінде қабылданды. Сонымен бірге ауған шекарашылары мен полиция қызметкерлерін еліміздегі жаттығу орталықтарында тәжірибеден өткізу де ұсынылып отыр. Бұған қоса, Ауғанстанға жасалған көмек шарасы ретінде 2,5 миллион доллар және бөлініп, ол ішкі жолдарын жөндеуге, мектептер мен ауруханалар салуға жұмсалатын бол­ды. Қазақстан төрағалық алдында күн тәртібіндегі басты мәселесі бойын­ша нақты жұмыстар жүргізді. Қазақ­стандағы секілді жүздеген этнос өкілі емес, өз арасындағы аздаған халықтың арасындағы кикілжіңді шешуге күші жетпей отырған елдерге осылайша үлгі болды. Жуырда Вена қаласында өткен ЕҚЫҰ-ның Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі форумында сөз сөйлеген Ирландияның сыртқы істер министрі Майкл Мартин былай деп мәлімдеген еді: «ЕҚЫҰ-ның Астана­дағы саммиті, ең алдымен, қауіпсіздік саласындағы халықаралық қызметтің тиімділігін арттыруға оң әсер етеді, сондай-ақ ұйымға мүше-мемлекеттерге аймақтағы сенім шараларын жүзеге асы­рудағы негізгі міндеттерін айқын­дап алуға таптырмас мүмкіндік береді». Бұл дипломаттың айтуынша, он бір жылға таяу үзілістен кейін бір үстелдің үстінде басқосу ЕҚЫҰ-ның одан әрі дамуына және жетілуіне жаңаша сер­пін береді. Ал Литва Республикасының Сыртқы істер министрі Аудриониус Ажубалистің пікіріне құлақ қойсақ, коммунистік Қытайды да, капиталистік дүниенің алыбы АҚШ мемлекетін де, кеше ғана өзін билеп-төстеген Ресей­ді де стратегиялық әріптес деңгейіне көтерген – Нұрсұлтан Назарбаев. Сырт ел «сыншысының», яғни сыртқы істер министрінің сөзіне қарағанда, Қырғызстандағы қанды қырғынның зар­дабының азаюына мұрындық болған да – Қазақстан Президенті. Осы елдегі азамат соғысының өрті тұтануына тосқауыл қоя білген еңбегін ешкім де теріске шығаруға талпынбас. Бұл жерде Қазақстан өзінің іс-әрекетін ЕҚЫҰ-ның Венадағы орталық штаб-пәтерімен, БҰҰ-мен, ЕО-мен, Ресеймен, АҚШ-пен, Германиямен және өзге де елдер­мен үйлестіріп отырды. Қырғызстандағы күрделі жағдай кезеңінде Қазақстан делдал рөлін жемісті атқара алды. Себебі Қазақстан айыр қалпақ ағайынмен туыс, шекаралас ел ғана емес, осы елдегі ең ірі шетелдік инвесторлардың бірі болып табылады. Сондықтан ондағы тұрақтылық пен дамуға да біздің еліміз өте-мөте мүдделі. Көп ұлтты еліміз өркениет әлеміне ұлтаралық келісім мен үйлесімнің өзгеше үлгісін көрсетіп келеді. Бұл әншейін айтыла салатын мақтангерші­лік сөз емес, еңбекпен, термен келген үздіксіз жұмыс нәтижесі. ЕҚЫҰ-ға кіретін мемлекеттер өзгеге сыншыл көзбен, күдік аралас көңілмен қараған күннің өзінде Қазақстанның дәл осы шындығына күмәнсіз сенері сөзсіз. Нұрбек МЕДЕТБЕК

2820 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7154

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6176

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3917

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3308

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3262

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3236

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2964

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2951

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы