• Мәдениет
  • 24 Қараша, 2010

Қазақ мүддесіне қызмет еттік...

d0b0d0b1d181d0b0d182d182d0b0d180d0bed0b2Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің магистратура және PhD докторантура институтының саясаттану және әлеуметтік-экономикалық пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Раушанбек Борамбайұлымен сұхбат

Әбсаттаров Раушанбек Борамбайұлы еңбек жолын 1958 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының Ленин атындағы совхозында жүргізуші болып бастаған. Онан кейін білім және ғылым жолында өрлей отырып, талай белді қызметтер басында қайраткерлік етті. Олардың кейбірін атап өтер болсақ, 1971 жылдан 1988 жылға дейін С.М.Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, доценті қызметтерінде жұмыс істеді. 1988-1990 жылдары ол партия жұмысында болды, сонымен бірге ҚазМУ-дің доцентін бірге атқарды. Ал бергі 1991 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтының саясат әлеуметтануы және философия кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан Республикасының Президент Әкімшілігінің кеңесшісі, 1997 жылдан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің саясаттану және әлеуметтану кафедрасының меңгерушісі, 2000-2002 жылдары сол университеттің тарих факультетінің деканы болып жұмыс істеді, 1990 жылдан саяси ғылымдарының кандидатына және докторы ғылыми дәрежесін беретін диссертациялық Кеңестің мүшесі, қазіргі кезде сол Кеңестің төраға орынбасары қызметін қоса атқарады, Оңтүстік Корея, Түркия, Жапония, БАЭ, Мысыр, Ресей, Украина, Белоруссия және т.б. елдердің университеттері мен ғылыми орталықтарында ғылыми баяндамалар жасап, лекциялар оқыған, 50-ден астам халықаралық ғылыми конференцияларда ғылыми баяндамалар жасаған. Ол саяси ғылымдарының 18 кандидатын және 3 ғылыми докторын даярлады. Осы кезге дейін сегіз тілде 32 монография, кітаптар, оқу құралдары, кітапшалар және 500-ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік мақалалар жариялады, олар тек біздің елімізде ғана емес, сонымен қатар таяу және алыс шетелдерде кеңінен танымал. Ол тәуелсіз Қазақстан Республикасының саяси ғылымдарының негізін салушылардың бірі және этносаясаттанушылардың, этноәлеуметтанушылардың қазақстандық ғылыми мектебінің және еліміздегі салыстырмалы саясаттанудың іргетасын қалаушы болып табылады.

Фарабимен көзімді ашқан едім... – Раушанбек Борамбайұлы, сізді ел негізінен белгілі ғалым-саясаттану­шы ретінде таниды. Бір сөзбен айтқан­да, ғалымдықпен атағыңыз шықты. Қала берді, ғылым саласындағы ерекше еңбегіңіз үшін «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісімен екі рет марапатталған айтулы тұлғалардың бірісіз. «Өмірі ғылыммен өрілген» деп сіздей жандарды айтса керек. Ендеше, әңгімемізді ғылымға келу жолыңыздан бастасақ. – 1962 жылы Тарас Шевченко атындағы Киев мемлекеттік университетінің философия фа­культетіне түсіп, оны 1967 жылы бітіріп шықтым. Одан соң аспирантура мен докторантураны тә­мамдадым. Ал университетте оқыған кезде, дәлірегі, үшінші курстан бастап ғылыми үйірмеге қатысқан едім. Сонда оқуға деген ынтам бұрынғыдан артып, іздене түстім. Сөйтіп жүргенде, бізге Дмитриченко деген пәлсафашы-ғалым «Орта ғасыр философиясы» деген пәннен дәріс оқыды. Ол өз сабақтарының бірінде «ертеде Қазақстан жерінен әлемге белгілі, Аристотельден ке­йінгі ойшыл, философ Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби деген ғұлама шыққан. Фараби араб әлемінде ең жоғары құрмет пен даналық мәйегіне көтерілген» деді. Елең ете қал­дым. Шынымды айтсам, бұрын бұл есімді естімеген едім. Сұрастырсам, өзіміздің жанымыздағы Шымкент облысының Отырар деген қаласы­ның тумасы екен. Таңғалып, кәдімгідей ойға кеттім, сондағы мақтанышымды айтып жеткізе алмаспын, сірә! Өзге студенттердің арасында төбем көкке жетіп, әкем тіріліп келгендей, осы тақырыптың соңына шырақ алып түстім де кеттім. Содан бабамыз туралы қол жетер жердегі барлық кітаптар мен деректерді қарап шықтым десем, артық емес. Кейіннен ойдан ой туып, дипломдық жұмысымды әл-Фараби мәселесіне арнадым. Еңбегім «Әбу Насыр әл-Фарабидің әлеуметтік көзқарастары» деп аталды. Сол жылы «Фарабидің саяси және әлеуметтік көзқарасы» тақырыбында орыс тілінде Киевтегі беделді журнал­дарға бірінен соң бірін 4 мақала шығардым. Онымен қоймай, 2 қазақ тіліндегі мақаланы Қазақстандағы басылымдарға жөнелттім. Сол кезде әл-Фарабиді жаңадан Ақжан Машанов деген ақсақал зерттеп жүр екен. Ал дипломдық жұмысымды қорғаған соң факультет басшылығы мені сонда қалдыру қамына кірісті. Осылайша аспирантураға да ілігіп кеттік. Обалы не, аспирантуралық жұмысыма да осы тақырыпты «қорғап шық» дегендер болды, бірақ мен Фараби бабамыздың мұрасын араб тілін жетік білмейінше игере алмасымды түсіндім. Ал қолдағы орыс және ағылшын тілдеріндегі мағлұматтармен әл-Фарабиді тү­бегейлі зерттеу мүмкін емес екен­дігіне көзім жетті. Бәрін айт та, бірін айт, осындай жағдайға байланыс­ты басқа тақырып алдым. Алайда Фараби тақырыбынан әлі күнге қол үзбей келемін. Міне, осылай. Менің ғылымдағы көзімді ашқан – өз бабамыз Фараби данышпан еді. Осының өзі жақсылықтың жоралғысы екен. Арғы тағдырым дөңгелеп ала жөнелді. Жалпы, мен ешқашан «ғылыммен айналыссам» деп ойламап едім. – Біз сіздің партия қызметінде, керек десеңіз, тәуелсіздік алған алғаш­қы жылдары Президент Әкімшілігі­­нің кеңесшісі де болғаныңызды білеміз. Талай жылдар оқу-ағарту саласында да тер төктіңіз. Қазақ ұғымымен айтқанда, бармаған тау, баспаған беліңіз жоқ. Сол іс басында жүріп көрген-білгеніңіз хақында не айтар едіңіз? – Кандидаттықты қорғап, көп­теген қиындықтардан соң, Қа­зақстанға оралдым. Бұған сол кездегі Білім министрінің көмегі зор болды. Қысқасы, ендігі өмірім Алматыда жалғасты. Онда аға оқытушы болып қызмет еттім. Доцент болдым, сосын партияда жұмыс істеудің де сәті түсті. Түскенде де күрделі кезеңге, Желтоқсан оқиғасынан кейінгі дүм­пулі кезге тап болдым. Несін жасырайық, қазақ ұлтынан шыққан кадр ретінде сезіктенушілер көп болды. Ұлттық қарым-қатынас секторы меңгерушісі қызметін атқар­дым. Әрине, қазір айту оңай, онда да жүріп барынша қазақ мүдде­сін алып шығуға тырысатынбыз. Ал Президент Әкімшілігінде қызмет еткендегі басты сіңірген еңбегім ретінде мен өзім казачествоны ты­ныштандыруға атсалысқаным дер едім. Өздеріңіз білесіз, бір жылдары елімізде казактардың дүрлігуі қатты болды ғой. Сол мәселені шешу жолдары маған тапсырылып, әбден зерттеулер жүргіздік. Ол ойымызды қалай жүзеге асырдық, бұл енді жарияға айта беретін мәселе емес. Сауалыңызға және жауап берейін, «ұстаздық ету» дейсіз, оның да ащысы мен тұщысын татып келеміз. Ондағы басты жемісті тұсым – өте көп шәкірт тәрбиелегенім болса керек, алымды да арынды, еліне тұлға болған шәкірттерді шапанымнан шығарғаным. Мен күшті болсам, сол шәкірттеріммен күштімін. Олар­дың арасынан ғалым болғандарын айтпағанда, қаншама министр, облыс әкімдері, тағы басқа лауазымды тұлғалар шықты. «Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға». Әлі де шәкірт тәрбиелеп жатырмын. – Бүгінгі қоғамдағы жастарға қатысты өзіңізге ұнайтын идея қандай? – Құптайтын да, құптамайтын да идеялар көп. Соның ішінде оң көзқарасым тұрғысынан замана тамырын дөп басқан, Елбасымыздың «бәсекеге қабілетті болу» идеясын ерекше атар едім. Өзім де күнде жас­тармен дидарласып, сұхбаттасып жүрмін. Қазақ жасына бәсекеге қабілетті болу керек. Оны өздері де түсінеді. Өзім де студент кезімде маған қарап, «қазақтар дарынсыз халық екен» демесін деп талаптандым. Ұлтымыздың атына кір келтірмеуге тырыстым. Одақтағы өзге ұлт өкілдерін шаң қаптыру қамында болдым. Бұл страте­гиям нәтижесін бермеді емес, берді де. Ал қазір қазақ жасына жағдай жасалуда. Еуростандартпен шенескен бағдарламалар мен шетелдерге оқу жолдары ашық. Әрине, білікті, білімді болсаң ғана. Ғылы­ми еңбек қорғаудағы PhD тәсілі де алдағы уақытта өзін ақтайды деген сенімдемін. Бұл да сол – еліміздің бәсекеге қабілетті болу жолындағы бұлқынысының көрінісі. Рас, онда да аздаған түйткілдер бар, бірақ бұлардың уақыт өте келе шешімін табары кәміл. Ал өзіміз ел ертеңі үшін, қазақ ғылымын өрлете береміз. «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» – Сіз 1959 жылдан 1962 жылға дейін әскер қатарында қызмет еттіңіз. Онда тіптен бөлімше командирі, взвод командирінің орынбасары, взвод ко­мандирі қызметтерін де атқар­дыңыз. «Әскерді көрмеген – өмірді білмеген» демекші, әскер қа­тарын­дағы жылдар сізге не берді, жалпы, өміріңізге оң әсері болды ма? – Менің осы деңгейге жетуіме, азамат болуыма, елімнің патриоты болып қалыптасуыма әскер зор үлес қосты. Мен әскерде болғанда Кавказда, оның ішінде – Әзірбайжан, Гүржістан мен Армения аумағында қызмет еттім. Бүгін қарап отырсам, бүкіл өміріме оңды ықпал еткен барша қабілеттерім сонда қалыптасыпты. «Тәртіп, барша жеңістің анасы» деп Суворов айтқандай, сонда сарбаз ретінде қайралған тәріздімін. Жалпы, ауылда жүргенде әскери командир болу деген үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Бәрі табиғи түрде өтті. Алғашқы жылы бөлім командирі болсам, үш айдан соң взвод командирінің орынбасары шеніне жеттім. Ал бұл дегеніңіз – офицерлік шен деген сөз. Бір қызығы, әскердегі сардарлар, әсіресе, Ұлы Отан соғысын көрген әскербасылар қазақ ұландарын жақсы көретін. Неге десеңіз, олардың пікірінше, қазақ жігіттері әскерге бейім-дүр. «Батыр, адал халық, таза көңілмен қызмет етеді» деп жатқандарын талай естідім. Сондықтан да олар қазақ жастарын қызметке тартып, өсуіне жағдай жасайтын. Маған да сөйтті. Әскердің мерзімі біткесін, оқуға түсуіме де ат­салысқан – солар. Бұл – менің өмірлік мектебім. Менің тұлға ретін­де қалыптасуым әскерден басталды. – Өзіңіз Сыр өңірінің перзентісіз. «Сыр өңірі – жыр өңірі» деп жатамыз. Бұл жағынан қандай өнеріңіз бар? – Мен енді ғалым ретінде қоғамға танылдым. Ал жас кезімде өлең жазатын дағдым болған-ды. Қанымда бар дей де аламын. Маған қазаққа белігілі ақын әрі жырау болған Тұрмағамбет Ізтілеуов ағайын болып келеді. Біздің ауылдың адамдарына әншейін таяқ берсең де, оны сабалап, домбыра ғып тартады. Ал өзім ондай қырымды да­мытпасам да, ән мен күйді құлай сүйем. Дегенмен спортқа жақсымын де­сем де болады. Бала кезімнен аудан көлемінде жүгіруден және бокс­тан чемпион болып едім. Онымды әс­керде де жалғастырдым. Кейін студент болып жүріп дәрежелі альпинист те болып көрдім. Ол куәлігім үйде сақтаулы. Бүгінде де жүгірумен айналысамын. – Отбасыңыз және оның мүшелері туралы да аз-кем айта кетсеңіз? – Жұбайым Меруерт – математика ғылымдарының профессоры, қызым Майя мен күйеу балам Дамир бизнес­пен айналысады. Ұлым Марат – заң ғы­­лымдарының кандидаты, мемлекеттік құрылымда жауапты қызметкер, тағы бір ұлым Ғалымжан – заңгер, саясаттанушы. Бәрі осы ғылым саласынан сусындады. Жалпы, немересі көп бақытты аталардың бірімін десем де болады. – Жасыңыз өмірдің жетінші белесіне келіп отыр. Өмірден не түйдіңіз? Кейін­гіге бағыт-бағдар боларлық үлгілі сөз болсын... – Иә, «өзге емес, өзім айтам өз жайымда» деп әндеткендей, 70 жас аз жас емес. Жалпы, өмірден алған сабағым һәм жастарға да айтарым, қолыңнан келсе жұртқа жақсылық жаса, сосын еліңе қызмет ет. Сонымен қатар шәкірт даярла. Айталық, біздің салада шәкіртсіз ғалым – тұл ғалым. Ұрпақсыз өткен адам сияқты. Сондықтан да қай салада жүрсең де осы қағиданы басшылыққа алған ләзім-ді. Ал өз өміріме келсем, бүгінгі жеткен жетістіктерімнің бәрі менің ұжымыма, ортама байланыс­ты екен. Қайда болмайын, қайда жүрсем де, ортам жақсы болыпты. Таумен жүрсең тау боласың, төбе­лер­мен жүрсең, тау болсаң да төбе боласың. Ортаңа қарай өсесің, ортаңа қарай өшесің, ер болуың да, жер болуың да сонан. Сол себепті де ортаңа абай бол дегім келеді. Қазір де, Құдайға шүкір, айналам нұрланып тұр. Өзім жұмыс істейтін кафедрамның өзінде ғылыми атағы жоғы жоқ. Ұжымдастарымның 70 пайызы дерлік – докторлар мен кандидаттар, профессорлар. Мұның өзі ынталануыма, серпілуіме түрткі болып отырады. Бұдан бөлек, жаңа айтып өткенімдей, отбасым, өмірлік қосағыммен жолым болды. Ол маған жағдай жасады, түсінді, ғылыммен еркін шұғылдануыма жол ашты. Жетістіктің бір ұшы отбасынан да дейтінім содан. Әскерилерше айт­қанда, тылым дұрыс болды. Ал тылы дұрыс әскер майданды жапырмағанда не істейді? Тәубе, шүкір! Ел-жеріміз аман, Елбасымыз есен болсын! Алладан жатсам, тұрсам тілейтінім – сол. Абылай МАМЫРАЙХАН

3208 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6235

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5723

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3462

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2845

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2807

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2785

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2516

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2501

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы