• Ақпарат
  • 24 Қараша, 2010

Жол қалпына келтірілсе...

Кезінде мал шаруашылығын өсірумен аты шығып, республикадан тыс жерлерге де танымал болған Шұбартау өңірі 1997 жылы аудан ретінде қысқарып, Аягөз ауданының құрамына енген болатын. Атакәсіптің тізгінін ұстап, малмен күн көріп отырған жұрттың көбі атақонысында қала берді. Бүгінгі күні бұл өңірде 104 мыңнан аса ұсақ мал бар.

Шұбартаулықтарды қазіргі таңда алаңдатып отырған үлкен мәселе, ол – жол мәселесі. Аудан орталығы Аягөзбен байланыстырып тұрған тас жолдың тозығы жеткелі қашан?! 1970 жылдары салынған бұл 342 шақырымдық «Қарағанды-Аягөз-Боғас» тас жолы соңғы 25 жылда күрделі жөндеу жұмыстарын көрген жоқ. Бұл көп нәрсе­ге кедергі болуда. Жергілікті жұрт қолындағы малын саудалап, оның ет-майын өткізу үшін қалаға шықса да, жол­дың нашарлығынан кейде орта жолда қаңтарылып қалған көліктің ішінде қалады. Сөйтіп, табан ақы, маңдай термен тапқан-таянғанын ұқсата алмай, одан әрі шығынға батады. Оны айтасыз, шұрық-тесік жолда селкілдеп ауруханаға жеткенше шаршап-шалдығатын ауыр науқастар мен босануы қиын болғасын орталыққа жөнелтілген қыз-келіншектердің жағдайы айтпаса да түсінікті. Аягөзден жеңіл көлікпен 2,5-3 сағатта жететін Баршатас ауылына бүгінде 4,5-5 сағатта ойдым-ойдым, шұқыр жолдың азабын тартып, оның үстіне көлігіңіз ертеңінде-ақ техникалық ақауларын қайта жөндемесең жүрмейтіндей болып, әрең жетесіз. Шұбартау өңірінің болашағын да осы жол мәселесімен бай­ланыстырмасқа лаж жоқ. Өйткені жақында ғана шеткі ауылдардың бірі – «Жорғаның» есігіне құлып салынды. Себебі белгілі: жол қатынасының қиындығынан сыртқы әлемнен сырт қалған ауыл тұрғындарының бірі қалаға, бірі жақын маңдағы ахуалы тәуірлеу ауылдарға көшіп кеткен. Бұл ауыл жайында осы өңірдің тумасы, талантты жазушымыз М.Мағауин: «Менің кішкентай балалық шағым әйгілі Жанақ ақын «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында жырға қосқан Жауыр, Жорға тауларының етегінде... мол суы шымыраған абат қонысында өтті» , – деп жазған еді. Қаншама тарихты ішіне бүккен абат жердегі, Жорға тауының етегіндегі аядай ауыл осылайша картадан өшті. Тозығы жеткен тас жолдар қалпына келтірілсе, сол арқылы газет-журналдар уақтылы жеткізіліп, телекоммуникациялық байланысы айтарлықтай жанданса, айрандай ұйып отырған ауыл атақонысын тас­тар ма еді?! Халықтың ендігі тілегі де сол – жолдың қалпына келтіріліп, әлеуметтік, мәдени өмірдің жаңа заманға сай ырғаққа түсуі. Аягөзден Шұбартауға қарай шығар жолдың 10 шақырымына ғана жаңадан асфальт төсеп, сосын жылы жа­уып қоя салу кімге керек? Осы бір он шақырымнан кейін өшіп қалатын радионың үні мен ұялы телефон байланысын айтсаңызшы. Әрине, ел аумағындағы кейбір елді мекендердің иесіз қалуына әртүрлі жағдаяттар әсер еткені сөзсіз, десек те, атакәсібін нәсіп қылып, ертеден-ақ малдың қыр-сырын ерекше білетін бұл елдің жұрты кір жуып, кіндік кес­кен жерін тастап кетпегендерімен, өзінің томаға-тұйық қоңыр тіршілігін тоқтатпаса екен деп тілейсің. Ләйлә Темірбекқызы

2369 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7034

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6121

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3859

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3251

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3207

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3181

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2909

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2897

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы