• Мәдениет
  • 02 Желтоқсан, 2010

Төрт құбыласы түгел ауыл

d0b0d183d18bd0bb1Төлеби ауданындағы шалғайда орналасқан Жоғарғы Ақсу ауылдық округіне, негізі, екі елді мекен қарайды. Солардың бірі – Сарқырама елді мекені, бейнелеп айтқанда, байдың ырымалды бәйбішесі сияқты сонау келмеске кеткен кеңестік кезеңнің бар жақсылығын көрген. «Көгілдір отын» сол кезден кірген. Ұжымшардың орталығы болған соң әлеуметтік нысандардың көпшілігі осында салынды. Мал фермаларына қажетті жаңа құрал-саймандар Сарқырамаға жеткізілетін. Жол жөндеу де алдымен осы елді мекеннен басталатын. Облыс және аудан орталығынан қатынайтын қоғамдық автокөліктер міндетті түрде бірінші Сарқырамаға соғып, кейін екінші Мәдени ауылы жаққа қарай жолға шығатын. Алда-жалда жүргізушілер ерінсе, бұрылыстан жолаушыларды тастап кететін кездері де аз кездеспейтін. Мүмкін көшесі тоз-тоз болған ауылға айдап келуге автобустарын аяйтын шығар. Айтты-айтпады, бар қамқорлықтан қағажу қалған Мәдени ауылы жасаусыз келін боп түскен жанды көз алдымызға жиі елестететін. Көршілес елді мекен табиғи газбен екі қолдарын ыстық суға малып отырғанда, малдың тезегін тамызық қылып, қолы жеткендер көмір жағып, жарлы-жақыбайы айналадан ағаш отын шауып, қыстап шығатын, әйтеуір. Қазір қос ауылдың әлеуметтік жағдайы теңеліп қалды. Теңестірген -Тәуелсіздік. Бұған жұрт дән риза.

Тіршілік толқынының же­тегінде жүріп білмейді екенмін, етегінде асау арынды Ақсу өзенінің бойында орналасқан қос ауылға жолымның түспегеніне біраз жыл болыпты. Өзгерген ауылдың келбетін көз көріп келеді. Үлкен жолдан оңға бұрылған соң сол жақ қапталда «Ата­мекен» корпорациясы» ЖШС-ның түйеқұс фермасы орналас­қан. Ежелден төрт түлік баққан ата- бабамыздың кешегі ұрпағына қызыл империя «бесінші түлік» деп талпақ танауға да күтім жасатып қойды ғой. Оған қарағанда африкалық құсқа ауылдағылар бауыр басып та қалған секілді. Осы өңірдің тумасы Шерім Төлтебаев деген азамат осылайша айды аспанға шығарып отырған жағдайы бар. Мәдени ауылына жақын­дай бергенде «Ақсай» өндірістік кооперативінің қырманына кө­зіңіздің түспеуі мүмкін емес. Тұрар Жақыпов басқаратын ша­руашылық – жекешелендіру же­лінен шайқалмай сақталып қал­ған аудандағы агроқұрылымдардың бірегейі. 60 шақты үйге пана болып отырған кооператив жыл са­йын астықтан, мақсарыдан береке­лі жинап, аудан бойынша көш бастап та жүр. Жуырда өткен «Алтын күз» мерекесінде жоғары көрсеткішке жеткені үшін «Ақсай» шаруашылығының ауыспалы туды жеңіп алып, бағалы ескерткіш сыйлықпен марапатталғанын жақ­сы білемін. Төраға жыл сайын сабантой өткізіп, еңбек бәсекесінде көзге түскен озаттарды көтермелеп отыруды әдетке айналдырған. Жеңімпаздарға жылқы, қара мал, қой жетектетіп жіберетіні бар. Ала көктемнен қоңыр күзге дейін еткен еңбегінің еленетінін білетін малшы мен диқан қауымының жұмысқа деген құштарлығын сосын байқап көріңіз. Бұдан бір-екі жыл бұрын ойдым-ойдым болып жататын ұзындығы 1,7 шақырым шығатын көшеге асфальт төселіпті. Шарбақ жағалай сары түске боялған, үлкен құбырлар тартылған. Былтырдан бері мәдениліктер көгілдір отынның қызығын көріп отыр деген сөз. Осылайша көптен күткен армандары жүзеге асқан сыңайлы. Мәдениде 215 үй бар. Барлығы 1300-ден астам адам тұрады. Ауыл орталығындағы қос қабатты мектеп былтыр пайдалануға беріліпті. Заманауи талапқа сай салынған білім ошағы 250 оқушыға арналған. Мектепке тәжірибелі педагог Шірінбек Есболов басшылық жасайды. Төбесі көкпен таласқан мұнарасы бар ғимарат имандылық ұясы іспетті. Мешітке қариялармен қатар жастар да көптеп келеді. Ауызсудың азабын мәдениліктер тартудайын әбден тартқан еді. «Жол картасының» аясында түйткілді мәселенің түйіні тарқатылды десе де болады. Аудандық бюджеттен 15 млн. теңге бөлініп, екі ауылға төрт сорғы қойылып, әрбір үйге ауызсу жеткізілген. Рас, ол Ақсу өзенінен алынады. Өйткені ұңғыланған жерден су шыққан емес. Сөйтіп, тұрғындар өзен суын ауызсу ретінде тұтынады. Бұған да шүкіршілік етеді халық. Көп жылдан бері күтімсіздіктен құлауға айналған клубқа арнайы қаржы бөлінген соң күрделі жөндеуден өтті. Бұл күндері оны мәдениет ошағы ретінде кез келген қонағына ұялмай көрсете алады. Кезінде үйіргелік телімдеріне еккен бау-бақ­шасы мен егініне су жеткізе алмай, жеміс ағаштары мен көкөнісі қурап кеткен тұрғындардың көңі­лі өткен жылдан бері жайланған­ға ұқсайды. Ауылдан шыққан кә­сіпкерлер өзара ынтымақ қылып, ортадан техника шығарыпты. Асар әдісімен біткелі тұрған тірлікке билік өкілдері едәуір қаржы бөліп, демеп жіберген жайы да бар екен. Тау түкпіріндегі Төңкеріс елді мекенінен келетін ағын суға ауыл тұрғындары осылайша қол жеткізіпті. ФАП та халыққа мінсіз қызмет көрсетіп жатыр. Бұл ауылға сымсыз телефон да жеткен. Сайрамбай Орымбаев ақсақал биыл 90 жастың төріне шықты. Ұлы Отан соғысының ардагері, 2-топ­тағы мүгедек. Айтатын жерде пікірін іркіп қала алмайтын жан: – Шынында да, бұдан екі-үш жыл бұрын ауылымыздың мұқтажы мол еді. Жетіспейтін нәрсе көптұғын. Бәрі біртіндеп шешіліп жатыр. Әсіресе, келіндерге рахат боп қалды. Қонақ келсе, самаурын көтеріп, ошақ жағалауды қойды. Не дейміз? Алдымен, Елбасымызға рахмет! Одан қала берді, облыстың, ауданның басшыларына алғыс айтамыз. Батыр Көшербай баламыз көп еңбек сіңірді, – деді қария батасын беріп жатып. Тұрар Жақыпов, «Ақсай» ӨК төрағасы: – Ынтымағы жарасқан ауылдың берекесі де мол болады. Біздің халық несібесін жерден теріп, мал бағып табады. Істеймін деген жанға жұмыс жетеді. Кооперативтің орташа жалақысымен отбасыны асырауға әбден болады. Шаруашылықтың салыққа, бюджетке қарызы жоқ. Жылына миллиондаған теңгемен пайдаға шығып жүрміз. Өкінішке қарай, мал бағуға, техника игеруге жастар жиі келе бермейді. Мені кейде осы мәселелер ғана толғандырады. Есентай Ағыбаев, ауыл тұрғыны, зейнеткер: – Ауылдың ажары кіріп қал­ды. Халық қуанып жатыр. 2 ұл, 7 қыз өсірдім. Құдайдың мұнысына да шүкір. Мұның бәрі тәуелсіздіктің арқасы екенін жұрт жақсы біледі. Патша тағында, ел орында болсын деп тілеймін. Шынында да, бұл арманы жоқ ауылға ұқсайды екен. Проблема жоқ болғаны ма? Тұрғындармен сөйлесуді ары қарай жалғастыра бердім. Жасамысы да, жасы да ризашылықтарын жасырмады. Асқар Сайрамбайұлы – көкірегі ояу, санасы сергек жігіт. Бұрын ауылдық округте бас маман қызметін атқарған: – Армансыз ауыл кемде-кем шығар. Жасыратыны жоқ, Мә­дениде өзекті мәселелер толық ше­шімін тапты десе де болады. Көлік қатынасы жолға қойылды. Өзге аймақтарға қарағанда бізде ұсақ агроқұрылымдар тез іріленіп жатыр. 90 шаруа қожалығы біріктірілді. Олар бірігіп тірлік жасау тиімді екенін түсініп отыр. Енді мектеп интернетке қосылса, нұр үстіне нұр. Бұл арман емес шығар. Қалыпты жұмыс барысында шешілетін мәселе деп есептеймін, – деп ойын түйіндеді жігіт ағасы. Көнелеу автокөлігімді кері бұрып, қайтуға бекіндім. Клуб жаққа өттім. Күндіз ешкім көзге шалынбады. Тұрмысы түзелген, түтіні түзу ұшқан ауыл жастарымен ұшырассам деген ой аяқастынан қылаң берді. Кейбір қақпалары ашық үйлердің есігінің алдында қос машина назарға шалынады. Ауылдың ортасына таман топталып тұрғандардың тұсына тежегішті бастым. Арасында танитыным да бар болып шықты. Қысқа амандық-есендіктен соң олардың бос уа­қытында немен айналысатынын білгім келген. – Қазір көкпарға шығамыз. Қаласаңыз, бізбен бірге жүріңіз... Көп ұзамай Саңлақ жазығында атқа қонғандардың қарасы молая түскенін аңғардым. Бұл кезде арманы жоқ ауылдан ұзап бара жатыр едім. Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ Оңтүстік Қазақстан облысы

3830 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6984

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6098

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3837

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3228

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3184

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3159

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2887

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2875

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы