• Ақпарат
  • 19 Ақпан, 2009

ШИЗОФРЕНИЯ

(Банкирдің әңгімесі) Пәленің бәрі өзімнен басталды, жайыма жүрмей, банкир боламын деп нем бар еді. Мамандығым экономист болатын, әйелім екеуміз бірге оқығанбыз, соңғы курста үйленіп, бірер жыл өтер-өтпестен екі ұлдың әкесі боп шыға келдім. Сол жылдары халықтың жағдайы нашарлап, біраз мекеме жабылып, елдің бәрі есінен тана жаздаған, солардың қатарында біз де жұмыссыз қалдық. Қарап отырып аштан өлеміз бе, амал жоқ, институтта бірге оқыған досым екеуміз Қытайдан арзанқол киім-кешек әкеліп сатуға кірістік, алғашында осыны өзімізге ұят санап, таныстарымыз кездесе қалса бетімізден отымыз шығып, тұра қашардай болып жүруші едік, кейін бойымыз үйреніп кетті. Сөйтіп жүріп сауда-саттықтың қыр-сырын меңгеріп алдық, сатушы жалдап, өзіміз жабдықтаумен ғана айналысуға көштік. Содан кейін Түркиядан, Араб Әмірліктерінен тауар таситын болдық. Жас емеспіз бе, шындап кіріссең жұмыстың жаманы да, қиыны да жоқ екен, көп ұзамай шаруаны дөңгелетіп әкеттік, екі жыл өтпей жатып қаланың қақ ортасында өз дүкеніміз болды, сөреде тұрып қалған сапасыздау тауарларды әмбебап базардағы сатушыларға өткізе саламыз. Жағдайымыз түзелген сайын таныстарымыз да көбейді, беделіміз де артқан сияқты. Ақша шіркін адамға желік бітіреді екен, енді өзімізді керемет іскерміз деп санап, біртіндеп бұл тірлігімізді қомсына бастадық. Содан не керек, бір күні жеке банк ашсақ қайтеді деген ойға қалдық. Қайнағам қалалық полициядағы басшылардың бірі болатын, соның таныстарын жағалап жүріп, мемлекеттің кепілдігімен қомақты несие алуға келістік те тәуекел деп бұл шаруаны да қолға алдық. Банктің директоры өзім, әлгі досым орынбасар, әйелім қаржы бөлімін басқаратын болды. Қайнағамның таныстары сөзінде тұрды, көп ұзамай шотымызға ол кезде қиялдауға да қорқатындай қомақты қаржы түсті. Сол күні кешкісін қайнағам үйіне шақырды, балаларды үйде қалдырып, әйелім екеуміз барғанбыз. Шай ішіп, тамақ жеп болған соң жеңгеміз ас үйге кетті де қайнағам әңгімесін бастады. Тік мінезді адам болатын, мәселені төтесінен қойды. - Шотыңа біраз қаржы түсті, бірақ соның қайдан келгенін ұмытпа, - деді нығарлай сөйлеп. - Ана досыңа да ескертіп қой, бұл ақшаның өз орны бар, тек менің айтқаныммен ғана жұмсайтын боласыңдар. Мұндайды күтпеген басым не айтарымды білмей құмығып қалдым. Әйелім де аң-таң. Бір-бірімізге жалтақтап қарап қойып отыра беріппіз. - Әлде бар жұмысты өзіңнің пысықтығыңның арқасында жүргізіп келдім деп ойлап па едің? Есіңде болсын, ақшаның сыбдыры мен тиынның сылдыры айшылық жерден естіліп тұрады. Шекарадан тауар өткізгенде, оның құжаттарын ресімдегенде басқалардай емес, сенің шаруаң еш кедергісіз орындала қалатыны неден деп ойлаған жоқсың ба? Елдің бәрін торғайдай шырылдатып, қояндай қалтыратқан неше түрлі бандиттер сенің дүкеніңе неге жоламайды? Ал, толып жатқан тексерушілер мен бақылаушылар айында-жылында бір келіп, онда да не жұмысыңнан, не есеп-қисабыңнан мін таппай кете беретіні неліктен деп ойлайсың? Өйткені, сен менің қорғауымдасың! Сұрыңа қарамай тәкаппар екеніңді бұрыннан білетінмін, сондықтан көңіліңе келіп қалмасын деп өзіңе айтпастан, сыртыңнан қорғап жүрдім. Енді міне, небір қасқа мен жайсаңның қолы жетпей жүрген несиені алып бердім, ол ақшаны кім пайдаланғанында не шатағың бар, атағы мен абыройына ие болатын сен емессің бе! Қайнағамның бүйтіп сыздана сөйлегенін бірінші рет көріп тұрмын, мен ғана емес, туған қарындасы - әйелімнің де көзі бақырайып кетіпті, ұясынан шыға жаздап тұр. Еміс-еміс есіме түсті, әлгі тексерушілер бірер рет қайнағама сәлем айтқан, таныстары шығар деп мән бермей қоя салғанмын. Бірақ, осыншама зілденетіндей жазығым жоқ еді, әлде мол ақшаны көрген соң біржолата бұқтырып, дегенінен шықпайтындай етіп қоймақ па? Не дегенмен, жақын туысымын, осының бәрін адам сияқты түсіндіруіне болады ғой. Бұл қай басынғаны! - Қайнаға, сіздің беделіңізге күмәнім жоқ, бірақ өзіміз де жұмысты адал істеп жүрміз, салығын уақытылы төлейміз, қандай да бір кінә тағып, ілік табатындай сылтау бере қоймаған шығармыз. - Бұл үшін сылтаудың керегі жоқ, - деп кесіп тастады ол. - Жайыңа жүрмей, ақша табамын деп ұмтылғаныңның өзі жетіп жатыр. Егер тыныш өмір сүргің келсе - ақшаға жолама, жоладың ба - сылтау табылады. - Ал, сонда қалай күн көреміз? - деп сұрадым қитығып. - Ешкімге жалынбай, бала-шағамды өз күшіммен асырамақ болғаным үшін жазықтымын ба? - Сен сияқты пысықайлар саусақпен санарлық қана, - деді қайнағам мысқылдай күлімсіреп. - Ал, жалпы халық қара нан мен қара суды қорек етіп отыр. Солардан нең артық еді? Әлде сен істеген сауданы олар істей алмайды дейсің бе? Істейді, тіпті сенен асырып жіберуі мүмкін. Бірақ, олардың сыйынары да, сүйенері де жоқ. Тәуекел деп кірісіп кетсе тапқан-таянғанын екі көзін бақырайтып қойып тартып алады, қарсыласса талқанын шығарып, тентіретіп жібереді. Тіптен, өлтіріп тастауы ғажап емес. Одан қалса тексерушілер тағы бар, олармен де бөлісуге тура келеді. Сонда өзіне не қалады? Күн көріске жетер-жетпес тиын-тебен ғана. Көнбеске шарасы жоқ. - Заң бар емес пе? - дедім мен абдырап. - Полиция бар. - Сол полицияның бір дөкейі алдыңда тұр, - деді қайнағам кекетіп. - Бірақ, оның да тамағы бітеу емес, бала-шағасы бар, сен сияқты туыстары да жетіп жатыр. Жазылмаған заң дегенді естіген шығарсың, біреуден алсаң - біреуге бересің, онсыз өмір жоқ, тек сен сияқты көрсоқырлар ғана бәрін өз еңбегіммен тауып жүрмін деп ойлайды. Әйелімде үн жоқ, ағасын қазір көргендей аңтарылып қалыпты. Әрине, неше түрлі былық-шылық пен қылмыс атаулының өршіп тұрғаны рас, бірақ, соның бәрі кейбір әріптестеріміздің сан алуан қулық жасап, біреулерді алдап соғуға, тиісті төлемдерді төлемей кетуге тырысқаннан тапқан зауалы болар деп ойлайтынбыз, бұл жайында өз арамызда талай әңгіме айтылған. Ондай пәлеге тап болмау үшін ешкімнің ақысын жемейміз, ешқандай төлемнен жалтармаймыз деп келісіп, барынша осы бағыттан таймауға тырысып жүргенбіз. Ал, қайнағамның айтып тұрғаны мынау... Осының бәрі рас болғаны ма сонда? Мойындағым келмейді-ақ, бірақ сөзінің жаны бар екенін сезіп тұрмын, әйтпесе тиісуге сылтау іздеген адамның табатыны рас қой. Құп дейік, сонда бұл қандай шарт қоймақ? - Шарт мынау, - деді ол бұрынғыдан бетер нығыздай сөйлеп. - Қиялдауды қойып, айналаңа көзіңді ашып қара, бірер тиын таптым деп талтаңдауды қой. Мен араласпасам мұндай несиені ешқашан ала алмайтыныңды ұғын. Бұл ақшаны сен алған жоқсың, сенің банкіңнің атынан мен алдым. Сондықтан оның қожайыны да мен. Қайда жұмсап, кімге қанша беретініңді өзім шешемін. Менің рұқсатымсыз бір тиын жұмсамайсың. Түсінікті ме? Мектеп оқушысына айтқандай нығарлай сөйлегені жыныма тиіп кетті. - Олай болса, сол банкті түгелімен сіздің атыңызға өткізе салмаймыз ба? - дедім тікірейіп. - Содан кейін бәрін бізсіз-ақ шеше бересіз. - Оттама! - деп жекірді қайнағам. - Тапқан екенсің ақымақты! Осы уақытқа дейін бір рет келіп рахмет айтуды білмеп едің, енді аузың аққа тиген соң қырсығып тұрсың ба?! Қыбыр етуші болма! Айтқанды істейсің, әйтпесе қаңғытып жіберемін! Бұл өмірге бекер келіппін деп өкінетін боласың! - Неге? Әлде мені дұшпан көріп тұрсыз ба? Жақыннан жау тапқаныңыз қызық екен! - Жау болмасаң айтқанды тыңда, - деді қайнағам екі көзі өңменімнен өтердей тесірейіп. - Өстіп шошаң ете қалатыныңды білгенмін, сондықтан еш бүкпесіз турасын айтып тұрмын. Кейін түсінбеп едім деп бұлғақтамауың үшін. - Бірақ, қаңғытып жіберемін деп қорқытқаныңызға жол болсын. Сонда қарындасыңыз бен екі жиеніңіз қайда қалады? Жарайды, мені бөтенсіген болыңыз, маған жаныңыз ашымайды екен, жақсылықты білмейтін топаспын, алдағы уақытта да сенуіңіз қиын, бірақ олардың не жазығы бар? - Олардың да, сенің де жазығың жоқ. Және сені бөтенсіп тұрған жоқпын, өйтіп жалаңды жаппа. Бұл - бизнес! Ал, бизнесте аяушылық деген болмайды. Саған осыны түсіндірмекпін. - Адал бәсекеге түсуден мен де қашпаймын, ұтылған адам өз талайынан көреді. - Ха-ха! Кімнің алдында кісімсіп отырсың өзің! Адал өмір сүргің келеді екен ғой? Шынымен адал болсаң осы несиені аларда неге менің таныстарымды жағаладың? Алдағы жұмыс жоспарыңды жасап, өткізе салмадың ба? Үкіметтің кепілдігін адалдықпен алып па едің? Кеше ғана қапшықтап киім-кешек тасыған саудагерге осыншама ақшаны ұстата салғаны адалдығыңа сенгеннен бе? Бұл үшін қанша адамды ресторанға апарып, қанша күн қонақ қылдың? Жұмыс іздеп алдыңа жылап келген қанша қызды сол көкелеріңнің қойнына салып бердің? Осының бәрін істеген кім еді? Сен бе, басқа ма? Адал болсаң сол кезде қайда қалдың? Боксшылардың тілімен айтқанда, мұнысы белден төмен ұру болатын. Кіммен қалай сөйлесу керектігін, қайсысы қай ресторанды ұнатып, қандай тамақ ішетінін, қыздарды қалай көндіруге болатынын - бәрін осы қайнағамның өзі үйретіп еді. Қолыма ақша тисе бәрін жуып-шая жатармын, әлгі қыздарға да көмектесермін, оған дейін төменшіктей тұруға тура келеді, жасы үлкен, қызметі жоғары адамдарды құрметтегеннің не айыбы бар деп ойлағанмын, қателескен екенмін! Әйелім бақырайып қарап қалыпты. Әрине, қайнағамның қыздар туралы айтқанын жақтырмай қалды. Көше кезген қыздарға жеңгетай болуға арланбаған ба деп ойлап тұрған шығар. Бірақ, менің не кінәм бар? Қол-аяғын байлап апарған ештеңем жоқ, қалай көнсе де өздері келісті ғой! Жоқ, бұл үшін жазықты бола алмаспын! Ал, қайнағам әйелімнің алдында осыны әдейі айтып тұр, мен туралы пікірі өзгерсін деген айласы болар. - Не ойлап отырғаныңды білемін, - деді қайнағам тыжырына қарап. - Бірақ, өткен іске өкінбе деген бар. Одан ештеңе өзгеріп кетпейді. Өзіңді ақ, мені қара қылып шығаруға тырыспай-ақ қой. Ертең кеңсеңде бол, бір жігітті жіберемін, енді не істейтіндеріңді сол түсіндіреді. Тағы да ескертемін - өз білгеніңмен әрекет етемін деп бірдеңені бүлдіріп жүрме. Мұндай ақшаны орнымен жұмсай алмайсың, кейін қайтаруға да шамаң жетпейді, қарызыңды қалай өтеріңді білмей басыңмен қайғы болып кетесің. Айтқанды тыңда, нұсқаған жолмен жүр. Сонда қасқыр да тоқ, қой да аман, бәрі жақсы болады. Ал, қайтыңдар енді. Сүмірейіп үйге қайттық. Әйелімде үн жоқ, іштей мені жек көріп қалды ма, әйтеуір үн-түнсіз төсек салып, өзі залға барып жатты. Түнімен ұйықтай алмай дөңбекшіп шықтым. Ертесіне әлгі жігіт келді, ішінде не жатқанын кім білген, бірақ сырт қарағанда мін таға алмайсың, мұздай киінген, тәрбиелі, білімді, оқыған азамат екені бір көргеннен байқалып тұр. Қолында портфель, онысының іші толған қағаз, ананы шығарады, мынаны суырып алады, білмейтіні жоқ, Салық кодексін өзі жазған ба дерсің, балаға сабақ үйреткен мұғалімдей алдағы бес жылдың ішінде не істеп, не қоятынымызды түгел ежіктеп берді. Не қостауға, не қарсы шығуға батылымыз бармай біз отырмыз. Түске дейін соның лекциясын тыңдадық. - Бұл қалай? - деді досым түскі үзілістің кезінде. - Біреудің қол астына өткенбіз бе, әлде кеңесші жалдап алғансың ба? Жоспарымыз басқа емес пе еді, мынауыңның айтып отырғаны біздің жобамызбен мүлдем қабыспайды ғой! Амал жоқ, қайнағамның қойған талабының ұзын-ырғасын айтып беруге тура келді. Әйелім өз кабинетінде отырған, әңгімеге араласқан жоқ, шай қайнатып қойған екен, соны ішуге шақырды. Үшеуміз үн-түнсіз шайымызды сораптап отырмыз. - Ия, қалай шештіңдер? - деді әйелім бір кезде. - Томсырайып қалыпсыңдар, әлде ана жігіттің айтқаны көңілдеріңе қонбады ма? - Қонар еді, егер оның сөзі біздің ойымызбен ұштасып жатса. - деді досым. Өзі екеумізге барлай қарап қояды. - Үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген ауқымды-ауқымды жобалар ұсынады, техникалық-экономикалық негіздемесін сықитып жасап қойған. Бұл алдын-ала дайындалған және жан-жақты байланысы бар адамның ісі. Менің түсінгенім бойынша, бұл жігіт біреудің атынан сөйлеп отыр. Байқаймын, енді өз бетімізбен жұмыс жүргізе алмайтын сияқтымыз, тек солардың бұйрығымен ғана жүріп-тұратын шығармыз. - Сияқты емес, дәл солай, - дедім мен. - Бірақ, соған қалай келісерімізді білмей отырмын. Өз бетімізбен өмір сүріп, бір жұмысқа бел шешіп кірісеміз бе деп едік, азат басымызды темір ноқтаға өзіміз апарып тыққан екенбіз. - Бұл маған да ұнап тұрған жоқ, дегенмен өздерің шешіңдер, үйімде тып-тыныш отыр едім, жұмысқа шақырған өздерің, керегің жоқ деп қайтарып жіберсеңдер де өкпелемеймін, - деді әйелім мұңайып. - Сені қойшы, бұл жерде сенің атқаратын қызметің елеусіздеу ғой, несие менің атыма алынған! - дедім өрекпіп. - Алайда, сол ақшаны біз емес, қайнағам болса да бөтен адамның билеп-төстейтіні жаныма батып тұр. Ал, егер аш құлақтан тыныш құлақ, қамқорлығыңа рахмет, несиең де өзіңе, банкті сендерге өткізейік, тек бізден аулақ жүрсеңдер болды деп қош айтыссақ қалай болады? - Несиені кері өткізе алмайсың, бұл үшін айыппұл төлейтініңді ұмытпа, соның өзіне шашың жетпейді, - деп ескертті досым. - Әрине, орынбасар алып, құжаттарға қол қою құқығын соған беруіңе болады. Бірақ, банк үшін жауапкершілік бәрібір өз мойныңда қала береді. Құрылтайшылар жиналысын жақында ғана өткіздік, Жарғы бойынша банк директорын жыл сайын өткізілетін жалпы жиналыста ғана қайта сайлауға болады. Егер... - Егер тосын жағдай болып қалмаса. - Ия. Құдай ондайдың бетін аулақ қылсын, өзіміз де ешкіммен ерегіспей, тыныш жүруге тырысайық. Мен былай ойлап отырмын - қамқоршымыз бөтен адам емес, біреуіңе аға, біреуіңе қайнаға, сендерге жамандық ойламайтын шығар? Өзі беделді, қолы да, құрығы да ұзын, ондай адаммен істес болуды талай пысық армандап жүр. Өз жоспарымыз бар еді деп кергімей, солардың айтқанын істеп жүре берсек қайтеді? Бұған қалай қарайсыңдар? Қалай қараушы едік! Өзімдікі деп құрған мекемең мен ар-ұятты ысырып қойып, әлдекімдерге жалпаңдап жүріп алған несиең іс жүзінде басқа біреудікі болып шықса, түк көрмегендей жүре беруге дәтің қалай шыдамақ? Досымның айтқаны көкейге қонады, бірақ былтырдан бері бізге де кәдімгідей көкірек біткен, көндіге алсақ жақсы, бір күні шамадан тыс үрген бүйендей тарс етіп жарылып кетпесек неғылсын! Осы қауіп көпке дейін сейілмей қойды, күндіз жұмыста, кешке үйде берекем қашып, түн баласы ұйқыдан қалдым. Банк директоры деген құр атым ғана, құжаттарға қол қойып, мөрімді басып беремін де тып-тыныш отырамын, жұмыстың бәрін әлгі жігіт жүргізеді, оны атқарушы директор етіп қызметке алдық, досым соның қасынан шықпайтын болды, әйелімнің не істеп жүргенін мүлдем білмеймін, білгім келіп жүргені де шамалы. Жұмысқа барғандағы бітіретінім - күнделікті газеттерді ақтару, негізінен, жаңалықтарды оқимын, кешкісін үйге келемін, тамағымды ішіп, теледидар қараймын, бірақ не көріп, не тыңдап отырғаным есімде жоқ, мәңгіріп жүріп жаттым. Бір көңіліме келгені - басқа емес, сүйіп қосылып, тар төсекті бөліскен, екі баламның анасы, шығарда жаным бөлек деп жүрген әйелім де ағасының сөзіне ұйып қалыпты. Әлде қанына тартқаны ма екен, әйтеуір бір күні ұйқыға жатар кезде оның да ойы осыған саятынын білдім. - Ағамның айтқаны дұрыс емес пе, қалай ойлайсың? - деді ол қитығып қала ма деп секемденіп тұрғанын жасыруға тырысып. - Ол бізге шынымен жамандық ойламайды, ал, сенің мінезің қызба, мұны өзің де білесің. Мүмкін сол кісінің айтқанымен жүріп көрерміз? Көңіліңе жақпай жатса кез-келген уақытта бас тартуыңа болады ғой. - Жоқ, ол кезде кеш болады! - дедім қайнағам екеуміздің ешқашан ортақ тіл таба алмайтынымызды білдірмек болып. - Мүмкін ол шынымен жақсылық ойлап жүрген шығар, бірақ, маған ондай жақсылықтың керегі шамалы. Мен оның қолбаласы емеспін, туысым екен деп айтқанына көніп, айдағанына жүре алмаспын. Өз ақылым өзіме жетеді. Бір өкініштісі, осы несиені алып берген сол екені рас, енді бұл ақшадан құтылғанға дейін өз бетіммен ештеңе істей алмайтын болдым. - Бәлкім соның керегі де жоқ шығар? Жалғыздың үні шықпас демей ме. - Мен жалғыз емеспін, қасымда сен барсың, досым бар, бірақ ағаңның қыстырылғаны ұнамайды маған, досым екеуіңді менен бөліп әкетуге тырысып жүр. - Қойшы, ондай ойы жоқ, оның үстіне, біздің қолымыздан не келеді? - Ау, басында несие аламыз деп әңгіме көтерген кезде екеуің де құлшынып шыға келген жоқ па едіңдер? Егер ағаң араласпағанда қазір үшеуміз қат-қабат жұмыстың астында қалатын едік, мұндай бөстекі әңгіме де болмас еді, ешкім желкемізден төніп, басқан қадамымызды аңдып отырмас еді. - Жұмыс қазір де жетіп артылады, тек өзің қырсығып жүрсің, - деді әйелім томсарып. - Ал, біз үшін бәрі қызық, мен де, досың да жұмысқа ынты-шынтымызбен беріліп кеттік. - Өйткені, екеуің де қарапайым орындаушысыңдар. Ал, менің бар ойым, арманым, жоспарым, бүкіл идеям адыра қалды! - дедім күйініп. - Ағаңның залымдығы сонда, бәрін ойластырып, келісіп, кесіп-пішіп қойғаннан кейін жоспарымыздың тас-талқанын шығарды. Мұндай ойы бар екенін сол кезде неге айтпаған? Мүмкін бәрін ақылдасып істер ме едік. Оның дегені болар, біздікі болар, әйтеуір қазіргідей, алдыңа қойған асты тартып әкеткендей қиналмас едім ғой. Бөтен біреу болса бір сәрі, жақыныңның қиянат жасағаны жаныңа қатты батады екен! - Бұл қиянат емес, бар пәле сенің алдын-ала ескертіп қоймады деп өкпелегеніңде, - деді әйелім нық сеніммен. - Ағам айтқандай, шынымен тәкаппарсың. - Сұрыңа қарамай де. - Мәселе ешкімнің сұрында емес, ортақ іс үшін менмендікті баса тұруға болады ғой, осыны түсінгің келмейді. Қырсығып жүрсің. Құдайым-ай! Жанымды түсінер жақыным деп жүрген халал жарыңның жазықсыз күйдіргенінен ауыр не бар екен, сірә! Онсыз да күйзеліп жүрсем, жығылған үстіне жұдырық деген осы. Жаңа ғана манаурай бастаған сияқты едім, ұйқым шайдай ашылды. - Жаным-ау, не айтып тұрсың? Әлде менің алдымда ағаңды ақтап алмақсың ба? Ақтай алмайсың оны, ол маған шынымен қиянат жасап жүр. Ештеңеге араласпа, ұсынған қағазға қолыңды қойып, мөріңді басып жүре бер дейді. Дәл қазір сөйтіп те жүрмін, басқа амалым жоқ, әйтпесе жауығып кетуден тайынбайды. Ал, мен ешкіммен жауласқым келмейді, оның үстіне, туған қайнағаммен! Өйткені, сен барсың, балаларым бар, сені ағаңнан, балаларды нағашысынан қалай айырмақпын? - Қойшы, жауығып несі бар, жай айтқаны шығар. - Олай емес, мен де адам танимын, оның кім екенін осы іске бастап кіріскен кезде-ақ білгенмін, бірақ бізге озбырлық көрсетпес деп ойлап едім, қателесіппін. Оған жақыны не, жаты не - бәрібір екен. - Заңсыз іске итермелеп жүрген жоқ қой сені. Әзірше айтқанын істей бер, осы несиеден құтылған соң өз бетіңмен жұмыс істерсің. Қайтесің енді? - Оған дейін-ақ бір пәлеге ұшыратып тына ма деп қорқамын, содан күдіктеніп жүрмін. Әзірше айналысып жүргеніміз заңға қайшы емес, бірақ май шелпекке аузы бір тигесін құнығып алмасына кім кепіл? Осыны ойладың ба? - Жарайды, қойшы, ондайға барып жатса біз де адамбыз, айтармыз оған. - Айтқаныңды тыңдай қойса жақсы ғой. - Тыңдамаса сол кезде көрерміз. Қойшы енді, тынышталшы, сенен басқа нәрсе сұрайын деп едім. - Ия, сұрай бер. - Өткен жолы... Ағам бір қыздар туралы айтып еді ғой, сол рас па? Әй, әйелдер-ай! Қызғанышпен бірге жаралғансыңдар-ау сендер. Бұл сұрақтың астарында не жатқаны белгілі, әуелі өзің құшқан шығарсың деген күдік. Сүйіп алған жарымның садағасына тати ма екен олар! Бірақ, мұны қалай айтарсың? Дүниеде әйелдің көңіліне күдік кірмесін, кірді ме - бәрін анықтап алмай ешқашан көңілі көншімейді. Ал, егер адал екеніңді дәлелдей бастасаң арылмас пәлеге қалғаның. Сондықтан, мұндай әңгімені пышақкесті тыйып тастаған дұрыс. - Жоқ, өтірік. - Өтірік болса сонда неге айтпадың? - Қайнағаммен сөз таластырмақпын ба! Сен де қызықсың. Ағаң таныстырған адамдарды бірнеше рет ресторанға апарғаным рас, түсте де, кешке де ең беделді деген мейрамханаларға ертіп барып, ішіп-жемге тойғызып жібергенім бар. Бірақ, қойнына қыз салдың дегені жалған, ондайға бармайтынымды білесің ғой. Әйелім біраз уақыт үнсіз қалды. Тезірек ұйықтап қалса жақсы болар еді, қайдағы жоқты қайдан тауып алды өзі! Жоқ, әлі ұйықтамапты. - Бірдеңе айтайын ба? - Айта бер. - Егер сол әңгіме рас болып, тіптен, сол қыздарды өз қойныңа алсаң да соған бола ренжімес едім. Міне, жаңалық! Әлде алдаусыратып, шынымды айтқызбақ болған қулығы ма? Мұны дереу анықтап алу керек. - Неге? Әйелдік намысың бар емес пе? - Бар, әрине. Бірақ, оларда жоқ, мәселе сонда. Қызықты қара! Бұл қайдан шыққан пәлсапа? Әйелдерде дос болмайды, олар тек өздері сүйген еркектерге ғана жан-тәнімен беріледі деуші еді, сол сөз расқа шыққаны ма? Шынымен әйел атаулының бір-біріне жаны ашымай ма? Бұл қалай? - Ал, сонда қызғаныш сезімі қайда қалады? - Қызғануға татымайды олар. Бірер күндік ермекке бола қызғанып нем бар. Егер екеумізді ажыратып, сені тартып әкетпек болып жатса - әңгіме басқа. Бірақ, бұл үшін оған сен ғашық болуың керек. Ал, біз ондайды сезе қоямыз. Қызғаныштың не екенін сонда көресің. - Апырмай, ә! Қорқытпашы мені! - Басқа біреуге ғашық болып көр, қорқытқаным ба, басқа ма - сол кезде білесің. - Жаным-ау, сен тұрғанда кімге ғашық болушы едім, тек өзің суынып кетпесең болды. Ағаң екеуің бірігіп, үйден қуып шығарсыңдар онда. - Жоқ, біз өлеңде айтылғандай, бір құласақ қайтып көктемейтін қайың сияқтымыз, өмірде бір-ақ рет ғашық боламыз. Бірақ, басқа әйелді менен артық санасаң - намысымды қорлағаның сол болады. - Бірақ, кейбір әйелдер бірнеше рет күйеуге тиіп жүре бермей ме! - Олар ешкімге ғашық болып көрмеген, құмарлық пен ғашықтықты ажырата алмайтын бейшаралар. - Ондайлар көп пе? - Аз. Үйленгенімізге он жылдан асты, осы уақытқа дейін бұдан осындай әңгіме шығады деп күтпеп едім. Бұл өмір не болып барады өзі! Қойнымда жатқан әйелімнің қандай адам екенін, ой өрісі, шама-шарқы қанша екенін осы уақытқа дейін білмей келгенмін бе? Ғашықтықтың не екенін қайдан біледі бұл? Қарай көр өзін! Шашын шұнтитып қысқартып тастап еді, ақылы ұзарып шыға келгенін көрмейсің бе! Ертесіне жұмысқа барып, әлгі қыздардың біреуін шақыртып алдым. Екіншісі сол көкелеріміздің бірінің қарамағына ауысып кеткен, мынау бізде менеджер болып жұмыс істейді. Аққұбаша келген, әдемі, денесі нәзік болғанымен жұп-жұмыр, мінезі ойнақы, ақ шабақтай шоршыған, еркектің көзіне оттай басылатын тартымды қыз. Ішінде не жатқанын кім білген, сырт көзге жайнаң қағады да тұрады. - Сәлеметсіз бе, ағай. Шақырттыңыз ба? - деп күлімсіреп кіріп келді. - Кел, отыр. Ия, халің қалай? - Жақсы. - Үй-іші аман ба? - Үй-іші болғанда... Аға-жеңгемді айтасыз ғой? Шүкір, аман-есен жүріп жатыр. Әке-шешеміз ауылда екенін білетін шығарсыз, олар да аман. - Ал... Өз жағдайың ше? Жұмыс, жалақы дегендей. - Бәрі жақсы, бәріне ризамын. - Сенен сұрайын дегенім... Жеңгең екеуің өзара жақсы ма едіңдер? - Жеңгем?.. Ә, сіздің үйдегі жеңгеймен бе! Әрине! Алтын адам ғой ол. - Жоқ, ол әлгі... Сенен күдіктеніп жүрген жоқ па? - Неге күдіктенеді? Ондай себеп те жоқ қой. - Ия, әрине. Дегенмен... Осы банкті ашып, несие алардың алдында... - Өткен күнде белгі жоқ дейді ғой, ағай. Оның бәрі әлдеқашан ұмытылған жоқ па. Мен сіздің айтқаныңызды орындадым, сіз де сөзіңізде тұрдыңыз, басқа не керек маған? Ал, жеңгеміздің мінезі орнықты, байсалды адам, тек басым бос болғаны үшін ғана күдіктенбейтін шығар. Әлде... - Жоқ, менің ойлап тұрғаным... Жалпы, тұрмысқа шығатын ойың жоқ па? Қыз сылқ-сылқ күледі. Өзі әзілге ұста, әңгімелескенде кім-кімнің де іші-бауырына кіріп кетеді, ежелгі танысындай жақын тартып, баурап әкететіні соншалық, қалай шүйіркелесіп кеткеніңді өзің аңғармай қаласың, тура жапонның гейшалар мектебін бітіріп келген дерсің. - Қайда асығамыз. Жаспыз ғой әлі. - Жас болғанда... нешедесің өзің? - Он сегіздемін. Тағы да рахаттана күліп алды. Төрт құбыласы түгел, жағасы жайлауда, бұл өмірде реніш-күйініш, қайғы-қасірет дегеннің болатынын қаперіне алмайтын нағыз бақытты адам. - Жарайды. Тек жеңгеңе сыр білдіріп алма деп ескерткенім ғой. Бұрын үйде отыратын, қазір ол да қасымызда, абай болғанымыз жөн. - Менен қам жемеңіз, ағай. Сыныңыздан өткен шығармын деп жүрсем... Әлгі сөзіме ренжіп қалған жоқсыз ба? Қыздың жасын сұрамайтынын білмеуші ме едіңіз? Жалпы, университетті бітіргеніме бес-алты жыл болды, бірақ әзірше тұрмысқа шығуды ойлаған емеспін. Жібі түзу жігіт кездесіп жатса етегінен ұстап айырылмас едім, ондай адам кездесе қойған жоқ. Өзіңіз екінші әйел етіп алмасаңыз. - Қой! Ондайды айтпа! Бұл не дегенің?! Тағы да күлкі. Жанарынан бөтен ойдың нышаны байқалмайды, қалжыңдап отырған болар, шын көңілден сылқылдай күледі. Не деген мұңсыз адам! - Шошып кеттіңіз ғой. Қазір өзін-өзі сыйлайтын қалталы адамның тоқал алмағаны сөкет көрінеді, ондайларға не ауру, не әйелінің айтқанынан шыға алмайтын мәнжубас деп қарайды. Мұны білетін шығарсыз? Тоқал алу үрдіске айналып бара жатқаны рас, дегенмен, дәл осының айтқанындай болмаса керек. Қайнағамның ескерткеніндей, бұл да жазылмаған заңға айналып кетсе амал жоқ, бірақ әзірше ондайға жете қоймаған сияқты. Жағдайымыз енді ғана түзеліп келе жатыр, қалталылардың қатарына ене қоймаған шығармын. Оның үстіне, банктің де, ақшаның да шын қожайыны мен емеспін, туған қайнағам болса да бөтен адам, қайдағы тоқал? Сау басыма сақина тілеп алатындай не көрініпті! - Айтпақшы, досым бар емес пе, отызды орталап қалса да әлі күнге бойдақ жүр, соған неге тиіп алмайсың? Қыздың байсалды қалыпқа түскенін алғаш рет көрдім, томпақтау ерні жиырылып, қарлығаштың қанатындай екі қасы түйісе қалды, соның өзінде маңдайы теп-тегіс, бір әжім жоқ. - Құдай сақтасын одан, ағай, не айтып отырсыз! Басымнан алтын құйса да тимес едім оған. Сұйық адам ғой. - Сұйығы қалай? - Қызық екенсіз, қасыңызда жүрген досыңыздың кім екенін білмейсіз бе? Бас пайдасы үшін туған анасын сатып жіберуден жүзі жанбайтын кәззаптың өзі емес пе! Сіз оның жылпостығын пайдаланып жүрген шығар десем. - Апырмай, ә!.. Солай ма? - Досыңызды жамандады деп өкпелеп қалмаңыз, ағай, өз пікірімді айтқаным ғой. Тек өзі естіп қойып жүрмесін. - Қой, қарағым, сөз таситын әдетім жоқ, қайта пікіріңді ашық білдіргенің үшін ырзамын саған. Жақсы, бара бер, жұмысыңа ықтиятты бол. - Сізді ұятқа қалдырмаспын, ағай, маған алаңдамаңыз. Сау болыңыз. Қыз шығып кетті, темекімді будақтатып мен отырмын. Ішім алай-түлей, жұрттың бәрінен алданып, ақыр аяғы айдалада жалғыз өзім қалғандай күйінішті сезім бойымды билеп барады. Банк аштым - оны басқаратын басқалар, несие алдым - оның бір тиынына билігім жүрмейді, досым деп сеніп жүрген адамымды сырты бүтін, іші түтін мүттәйім етіп шығарды. Бұл қалай? Жалпы, осы қыздың сөзіне сенуге бола ма өзі? Қызметке қабылдашы деп ертіп әкеліп таныстырған досым емес пе еді оны? Сол үшін айтқан рахметі мынау болса... Тоқта, тоқта. Оған қандай рахмет айтқанын қайдан білесің? Жолсапарға бірге алып шығып, кейде шабытың оянған сәттерде жұмыстан кейін, тіптен жұмыс уақытында оңаша бөлмеге апарып жас қыздың құшағынан тоят тапқаныңа мәз болып жүре бердің, ал, басқа уақытта ше? Кешкісін үйіңе қайтасың, ол екеуі бойдақ, қайда барса да өздері біледі. Ммм... Осы сен қызғанып отырғаннан саумысың? Қой, есіңді жи. Бала емессің, шаға емессің, білдей бір банктің бастығысың, басы алтын, арты күміс болса да күні үшін кім көрінгеннің төсегі болып жүрген қайға емес пе ол! Соның жамандағанына бола қаншама өткелектен бірге өткен досыңнан күдіктенейін дедің бе? Жұрттың айтқанына сене берме, өзіңнің де басың бар, сөзге еретіндей төменетек әйел емессің, тіптен, әйелдердің де өсекке еретіні кемде-кем. Бұл өмірде бәрі табылады, бірақ шын дос табу қиын. Егер досыңнан айырылсаң, қайтадан жарастық табамын деп ойламай-ақ қой. Сенімнің нәзік шынысы бір шытынаса болды, енді қайтып бүтінделеді деп үміттенбе, оның жарықшағының қырлары өткір келеді, әрдайым көңіліңді тырнайды да тұрады, еске алсаң болды, қанды шеңгелін батыра түседі. Екінші жағынан... Досымның жылпос екені рас, керек болса жүзіктің көзінен өтіп кетуге бар, бұған талай рет көзім жеткен. Бірақ, маған опасыздық істеп көрмеп еді... Ойланшы әлі де. Жоқ, ондай иттікке бармас, бекерге жазғырма оны. Жан дегендегі жалғыз досыңнан күдіктенсең, өзің кім болғаның? Азаматтығыңа сын емес пе! Жетер, сабаңа түс. Жігітсің ғой, адамды сөзіне емес, ісіне қарап бағалауың керек. Ал, сен әлдебір себеппен араларыңа от салғысы келген бір әйелдің сөзіне бола өз-өзіңді қинайсың. Доғар, кәне! Бірақ, пенде шіркіннің көңілі бір бұзылса қайтадан түзеле қоюы қиын екен, бұған сол күні-ақ көзім жетті. Жұмыстан кейін үйге барсам әйелім әлі келмепті, екеумізде екі машина, жеке шопырымыз бар, бір мекемеде отырсақ та үйге әркім өз көлігімен қайтатын, алғаш рет кешігуі. Әуелі бұған мән берген жоқпын, киім ауыстырып, жуынып-шайынып, тамақ ішуге төменге түссем, үстел басында екі балам шоқиып отыр, әйелім жоқ. - Ау, шешелерің қайда? - Білмейміз, жұмыстан келген жоқ. - Неге? Хабарластыңдар ма? - Жоқ. Келіп қалатын шығар. Дереу телефон соқтым. Жұмыста екен. Есептік жыл қорытындысын шығарып жатырмыз дейді. - Қасыңда кім бар? - Досың екеуміз. - Қашан қайтасың? - Көп кідірмеспін, жұмысты бір ыңғайлаған соң қайтамын, маған қарайламай тамақ іше беріңдер. Е, жарайды. Үшеуміз үн-түнсіз тамақ іштік, балалар өз бөлмесіне кетті, қызметші әйел үстел үстін жинастырды, шайды сораптап мен отырмын. Бір сағат өтті, екі сағат өтті, әлі жоқ. Қайтадан телефон соқтым, ешкім көтермейді. Күзетшіге хабарлассам, әлгінде шығып кеткен дейді. Қайтеміз енді, күтейік. Балконға шығып, темекі тарттым, сәлден соң есік алдына досымның машинасы келіп тоқтады, әйелім түсіп, қолын бұлғап қоштасып жатыр. Мен де төменге түсіп, есік алдынан қарсы алдым. Әйелім көңілді, беті қызарып кетіпті, аузынан шарап иісі шығады. - Ау, сен жұмыстан келдің бе, рестораннан шықтың ба? Өзің көңілдісің ғой? Әйелім мәз-мейрам, құндыз тонын шешіп қызметшіге ұстата салды да мойныма асыла кетті. Жоқ, шарап емес, коньяк ішіпті, иісі танауымды жарып кетті. - Ой! Құттықтап қояйын сені! Табысымыз жүз пайызға жетіп жығылды! - Рас па? - Рас! Ұзын-ырғасын есептеп шықтық, енді Кореядағы әріптестеріміздің бухгалтерлік есебін күтеміз, бірақ оларға сенуге болады, Құдай қаласа ақшаның астында қалғалы тұрмыз! - Онсыз да кешіп жүрген жоқсың ба сол ақшаны! Енді астында қалуың жетпей тұр еді. Ақшаның емес, басқаның... Әйелімнің түсі бұзылып кетті. Көзі бақырайып, бір қадам кері шегінді де мені жаңа көргендей тесірейе қалды. - Не?! Не айтып тұрсың?.. Сен мені... - Неге біреудің машинасымен жүрсің? Өз машинаң қайда? Әйелім сол ежірейген күйі шегіншектеп барады, алдында тұрған мен емес, әлдебір құбыжық па дерсің. Ерні дірілдеп, даусы тарғылдана шықты. - Шопыр сұранып кеткен, кіші баласы ауырып қалыпты, әйелі сонымен бірге ауруханада жатыр, балаларға қарайтын адам жоқ, тамақ пісіруім керек дегесін өзім қоя бердім. - Ал, коньякты қайдан ішіп жүрсің? - Кабинеттегі тоңазытқышта толып тұрған жоқ па! Ісіміздің табысты болғанын атап өтейік деп досың екеуміз бір-бір рөмкеден ішкенбіз. Онда тұрған не бар? Екі көзі жапақ-жапақ етеді, жанарынан таңданыс пен қорқыныш қатар сезіліп тұр. Кілт бұрылып, залға өттім де диванға құлай кеттім. Әйелімнің жатын бөлмеге көтерілген дыбысын естіп жатырмын. Сол жатқаннан таңертең бір-ақ тұрдым. Түске жақын кабинетке досым кірді, қолында бір бума қағаз, тексеріп шық та қолыңды қойып бер дейді. Қарамастан қолымды қоя салдым. Әрі-бері сөзге тартып еді, мен ыңғай бермей қойғасын көп кідірмей шығып кетті. Қайтарда әйеліме қоңырау шалдым. - Үйге қайтасың ба, әлде тағы да жұмысың бар ма? - Бар, бірер сағат кідіретін шығармыз. - Шопырыңды қоя бердің бе? - Ия. - Досымның машинасымен қайтасың ғой? - Бәрібір емес пе! Сенбесең өз машинаңды жібер. Керек десең шопырың да кабинетке кіріп, қасымызда отырсын. Не дейсің маған! Дауысы қатқыл, ашуланып қалыпты. - Кешкі асқа күтпейміз ғой сені? - Жоқ, өздерің іше беріңдер. - Жарайды. Кешкі тамақты ішкен соң балалардың өз бөлмесіне кетуін күттім де тез киініп далаға шықтым. Көлігімді қоя бергенмін, такси ұстап жұмысқа қайтып келдім. Күзетшілер таңданып қалған сияқты, бірақ үндеген жоқ, кілтімді алып кабинетіме беттедім. Не істесем екен? Олардың бөлмелері екінші қабатта, менің кабинетім олардан жоғары. Балконға шығып қарағанмын, досымның кабинетінде жарық жоқ, демек әйелімнің бөлмесінде болды. Бірақ, ол қарсы бетте орналасқан, қалай баруға болады? Көздеріне түсіп қалмауым керек, онда бәрі бекерге кеткені. Балконда шылым шегуге арналған орын бар еді, соған барып көрейін, мүмкін баспалап төмен түсудің реті келіп қалар. Балконымыз ғимаратты тұтас айналып жатқан терраса болатын, жақтауы белуардан келеді, әр кабинеттің балконы жеке-жеке бөлінген, басыңды созып қарай аласың, бірақ бірінен екіншісіне өту мүмкін емес. Арадағы қабырғаның шеткі қырын жалпақ етіп қалаған, құшақ жетпейді, қыры да жұмыр әрі жылтыр, қолың тайғанап тұрмайды. Енді қайттім? Дәлізбен барып есіктен тыңдасам ба екен? Кеңседе тағы біреулер қалған болып, көріп қойса ұят-ау. Сөйтіп бір шешімге келе алмай, әрі-сәрі болып тұрғанымда әйелімнің балконына біреу шықты. Бұл қайсысы? Ол мені көре алмайды, ал, еңкейіп қарасам, мен оны көруім мүмкін. Бір қолыммен жақтау темірден ұстап созыла бергенім сол еді, қолым тайып кетіп балконнан ауып түстім. Қабырғам солқ ете қалды. Жан-дәрмен қол-аяғымды ербеңдетіп, қолыммен тіреп қайтадан көтерілмек болғаным есімде, сөйтіп жатқанда салмағым ауып кетсе керек, қалай құлап түскенімді білмеймін, есімді ауруханада бір-ақ жидым. Абырой болғанда, өткен жазда аулаға шырша отырғанбыз, ауланың қарын сол шыршалардың түбіне жинатып қойғанмын, сондай үйіндінің үстіне құлап аман қалыппын, әйтпесе мүрдем кетуім ғажап емес екен. Екі қабырғам қираған, миым да шайқалыпты. Ауруханада жатқаныма екі айдан асты, кеудемді гипстеп тастады, бір палатада жалғыз өзім, күтімім жаман емес, теледидар қойған, тоңазытқышта тамақ толып тұр, жуынатын жері, дәретханасы - бәрі ішінде. Гипс сауыт кеудемді қысады, отырып-тұруым қиын, соған көмектесу үшін арнайы бір санитар бөлген, қимылдасам болды, кіріп келеді. Бір қызығы, палатаның терезесі темір торлы, есігі үнемі жабық тұрады, дәрігерлер мен туыстарым келгенде ғана ашады. Күніне екі рет терезені ашып, желдетіп қояды, сол кезде тынысым бір кеңейіп қалады. Күн аралатып әйелім, демалыс сайын балаларым келіп тұрады. Бір рет досым, екі рет қайнағам келді. Банктің жұмысы дүрілдеп тұр дейді. Емдеуші дәрігерім көзілдірігінің үстінен сүзіле қарайтын бір дәу қара, көп сөйлемейді, соңғы келгенінде қайнағам екеуі палатаның арғы шетіне барып күбірлесіп тұрған, «шизофрения» дегенін құлағым шалып қалды, мұны неге айтты екен? Жалпы, жағдайым жаман емес, аурухана деген аты болмаса, анау-мынау курортқа бергісіз, рахаттанып жатырмын. Темекі тартқызбайтыны ғана жаман, осыдан аман-есен жазылып шықсам, бір қорабын бір-ақ тартпасам ба! Ақпан, 2009 жыл. Тел: 229-30-50 (үй). 8-701-602-55-47.

3839 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7198

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6195

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3936

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3327

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3285

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3254

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2982

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2970

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы