• Руханият
  • 24 Ақпан, 2011

Мартбектің мәрттігі

d0bcd0b0d180d182d0b1d0b5d0ba1985 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түскеннен кейін танысып, қоян-қолтық араласып, достасып кеткен талай ақ жүректі жігіттердің ішінен мен үшін Мартбек Тоқмырзаның орны ерекше еді. Қашан көрсем де жүзі жарқырап, көзі күлімдеп жүретін Мартбектің біреуге қабақ шытып ренжігенін немесе өкпелегенін өмірімде көрмеппін. Аяулы да абзал досымызды қара жердің қойнына тапсырғанымызға да тура бір жыл толыпты. Өткен жылы туған-туыстары мен достары Мартбектің басын көтеріп, күмбез тамын тұрғызды. Мартбек, Мақсат және мен – үшеуміз арамыздан қыл өтпейтіндей дос болдық. Мақсат та Қарағандыдан. Соқталдай жігіт екенімізді ұмытып кетіп, кейде көшеде келе жатып бір-бірімізбен алысып алатынбыз. Екеуі де қайратты. Күшім жетпейді. Олармен алысқанымда қайта-қайта жеңіліп қаламын. Күш бермесе де, есесіне Құдай маған қыршаңқы тіл берген. Көшеде келе жатып оларға «сендер ауылдан келген мәмбетсіңдер. Бұл ауыл емес, қала. Қалада әдеп сақтап, жан-жағыңа қарап жүру керек» деген сыңайдағы екеуінің намысына тиетін ауыр сөздерді айтып, қыршып аламын. Олар да қарап қалмайды. Бөлмелеріне барғанымда маған білдірмей, ескі шұлықтарын, жыртық көйлектерін сөмкеме салып жібереді. Шіркін-ай, несін айтасың. Ол заманның өзі бір дәурен екен-ау! Басымыздан бір ұшқан қарлығаш-дәуреннің бәрін еске ала бермей, енді тілге тиек етпек болған негізгі әңгімеме көшейін. Оқу жылы аяқталуға жақын қалған мамыр айының ортасы еді. Қаланың баласы болған соң, менің қалтамда ылғи да ақша жүреді. Жатақханада тұратын студенттер секілді бүгін стипендияның басына су құйсам, ертең қалай күн көремін деп сарыуайымға салынуды білмеймін. Әкем – ақын. Ол уақыттағы ақын-жазушылардың табысы министрдікінен анағұрлым көп. Қалада қыдырғанымызда көбінесе ақшаны мен төлеймін. Мартбек пен Мақсат ондайда менің көңілімді аулауға тырысады. Бір күні мен университетте оқитын бір сұлу қызбен танысып, кешкі киноға шақырдым. Лекция аяқтала салысымен киноға билет алмақ болып, қалтама бақандай жиырма бес сом салып, университетке келдім. Ол кезде студенттердің стипендиясы – қырық сом. Жиыр­ма бес сом – мол ақша. Бір жырғап қалуға әбден жетеді. Іш пыстыратын КПСС тарихының лекциясы болған соң, көзіме ұйқы тығылып, қалғып-шұлғып кете беремін. Қасымда отырған Мартбек пен Мақсатқа көз қиығымды салып едім, екеуі жымың-жымың етіп, күліп қояды. Лекция аяқталған соң Мартбек екеуміз далаға шықтық. Мартбек көзі күлімдеп маған бір қарады да, мен күтпеген салмақты әңгімені бастады. – Әбеке, сен менің ең жақын досымсың. Бірақ көшеде қыдырғанда, тамақ ішкенде ақшасын ылғи да сен төлейсің. Маған бір жерден мол ақша келіп еді, енді сол жақсылығың үшін сені де сыйлап жібергім келіп отыр. Сабақ біткен соң кафеге барып, Мақсат үшеуміз бір жақсылап көңіл көтерейік. – Хоп, келістік. Тимирязев көшесінің бойында бір үлкен мейрамхана болатын. Мартбек пен Мақсат мені сол сыраханаға алып келді. Даяшыны шақырып, тамақтың неше түрін алғызып, мені әбден тойғызды. Шөліміз қанғанша сыра іштік. Уақыт өтіп барады. Мен сағатыма қарап, тықырши бердім. Сол кезде Мартбек менің бір жаққа асығып отырғанымды сезіп, ақшасын өзі төлеп, таксиге отырғызып жіберді. «Арман» кинотеатрына келіп, билет сататын кассаның алдына барып, қалтама қолымды салғанымда жүрегім су ете қалды. Бақандай жиырма бес сом ақшам қалтамда жоқ. Маңдайымнан ащы терім бұрқ ете қалды. Не істерімді білмей әбден састым. Таяу маңда тұратын, жағдайымды түсіндіріп, ақша сұрап алатын туыстарым да жоқ. Абырой болғанда, шақырған қызым аяқастынан суық тиіп қалып, ауырып, киноға келе алмады. Ертеңіне университетке барсам, Мартбек досым сылқ-сылқ күледі. Сөйтсем, жағдай былай болған. Лекцияда қалғып отырғанда қалтамдағы ақшам түсіп қалады. Мұны көрген Мартбек оны қақшып алып, өз ақшама өзімді сыйлап, мені мейрамханаға апарып, «жомарттық» жасайды. Не деген жындылық десеңізші! Амангелді Кеңшілікұлы, сыншы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мартбек Тоқмырза Аты жоқ  әңгіме …жиналыс көп. Әртүрлі. Партия­лар­дың. Ұйым­дардың. Әкімдердің. Әркімдердің. Бә­рінде өзекті мәселе… Жиналыс журналисті жа­рылқайды. Жаңалықпен. Жалықтыратын да сол. …мына жиналыс өзгеше. Мүлдем бөлек. Жиналғандар – еркектер. Тақырып – әйел. Президиумда жасамыс отыр. Шашы бурыл. Қабағы сәлең. Бұл жерге зорлықтың күшімен келгендей. Күрсіне береді… «Бұл – өзекті мәселе. Кеңесіп келіспей болмайды». Жиналыстың мәнін жасамыс осылай түсіндірді. «Пікір айтуды бастайық», – деді ол сәл үнсіздіктен кейін. Мінбеге жұқалтаң жігіт шықты. Шашы сирек. Құлағы біраз бар екен. Шамалы жөткірініп тұрып сөйледі: – Әйелім оңбаған. Ішкіш. Қой десем өзімді боқтайды. Төбелеседі. Мас болып келіп балаларды ұрады. Өте тәрбиесіз жан. Залдан біреу жылап жіберді. Өксіп отыр. Жұрт оған ошарылды. – Не болды? – деді президиумдағы. – Анамды сағындым. – Қайтыс болып па еді? – Тірі. – Ауылда ма? – Қарттар үйінде. – Қайтесің енді… Әр жерден әлгіні қоштаған­дардың қорсылы естілді. Жұ­қалтаң бір стақан су ішті де, «болдым» деп мінбеден түсті. Қараторы, орта бойлы көтерілді: – Менікі ақшаға тоймайды. Қанша тапсам да қанағат жоқ. Үйдегінің бәрін төркініне тасиды. Президиумдағы түртіп алып отыр. Қабағын түйіп, басын шайқап қояды. Анау кетіп, келесі келді мінбеге. Ұзынтұра. Жағы суалған. Қоңқиған мұрын үстінде – көзілдірік. Салалы саусақтарын сыртылдатып тұрды да, көзілдірігін шешті. Қалтасынан орамал алып көзін сүртті. Көзілдірікті қайта киді. – Менде тұрақты дос жоқ. Туыстарым да келмейді үйге. Өзім де… Қысқасы, қатынас қайын жұртпен ғана. Мен осыны айтайын деп… Адымдап барып орнына отырды. «Енді мені тыңдаңыздар!» – деді президиумдағы. – Отасқанымызға отыз жылдан асты. Бала жоқ. Жаратқан Ием бермеді дей алмаймын… Ит асырап отырмыз. Біз соның папасы мен мамасымыз. Байқап отыр­сыздар, бәрімізде проблема бар. Қайтсек болады? Қандай амал бар? «Ұйым құрайық!». Залдан біреу дауыс­тады. «Орынды ұсыныс», – деді тағы біреу. – Мен қолдаймын деп жиналысты жүргізуші оң қолын көтерді, – дауысқа салайық. Жұрт қол көтеріп жатыр. Қозғалған жоқпын. – Түгелге жуық қолдады. Ұйым қалай аталсын, – деп президиумдағы жұртқа сұрау салды. «Әйелдерінен қағажу көрген еркектер қауымдастығы болсын», – бағанағы жұқалтаңның ұсынысы. – Парламентке өтініш жасаймыз. Заң қабылдату керек». Мен қолымды көтердім. Сөйлеңіз дегенді жүргізіп отырған ишарамен білдірді. Орнымнан тұрдым. – Ұйым әйелдерінен қағажу көрген ез еркектер қауымдастығы аталсын. – Президиумдағы орындығын сықырлатып қозғалақтай берді. – Сіз кімсіз өзі? – Дауысы қатқылдау шықты. – Журналиспін. – Кім жіберді? – Бастық. – Жаз деді ме? – Жазам. Айтыңызшы, кім кінәлі осыған? – Қоғам. – Қоғамға кім кінәлі? – Сіз барыңыз… Әр жерден «кетсін», «шығарып жіберу керек» деген ашулы дауыстар шықты. – «Сіз бізге бөгет жасап отырсыз». Жүргізуші орнынан тұрып, есікті нұсқады. Шығып жүре бердім… Автобуста кісі көп. Кондуктор кіжініп сөйлеп жүр. Қасыма келді де, «за проезд» деді. Қазақ әйел. Төледім. Терезеден сыртқа қарадым. Қар жауып тұр. Бір топ әйел жол тазалап жүр… Редакцияға келдім де, кабинетке кіріп, есікті кілттеп алдым. Жазу керек. Қалай? Көргендерімді, естігендерімді ой елегінен өткізіп отырмын. Көз алдымда өңшең мұңды бейне. Құлақта ызың… Орнымнан тұрдым. Отырдым. Ерсілі-қарсылы жүрдім. Тоқтай қалдым. Қолымнан қаламым түсіп кетті. Жоқ, мен мұны жаза алмаймын… *** Зерттелмеген жанр Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан бай мұрамыздың бірі – халық ауыз әдебиеті. Осы ауыз әдебиетін талай ғалымдарымыз көз майын тауысып зерттеді және әлі де зерттеп жүргендері қаншама. Әйтсе де бұл сала ғалымдарының бір әттеген-айы бар екенін айтуға тиіспін. Ол – ауыз әдебиетінің керемет жанры өсекті елемей жүргендері. Ешбірінің ойына кіріп шықпайды. Сондықтан да мен осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат етіп, аталған жанрды жан-жақты зерттеген едім. Енді соны жамағат назарына ұсынғанды жөн көрдім. Ауыз әдебиетіндегі мақал-мәтел, аңыз, ертегі сияқты жанрлар қатарында өсектің де өзіндік орны бар. Оған анықтама берер болсақ: жүрген жерін өрт тигендей ойрандап өтетін, түймедей нәрсені түйедей етіп көрсететін, төбелес пен бітпес даудың дәнекері болатын өте өткір жанр. Халқымызда «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» дейтін мақал бар. Бұл жерде түсіне білсек, өсектің рөлі жайында айтылып тұр. Шынында, өсек шапшаңдығымен ерекшеленеді. Пошта атаулы болмаған ерте заманда ел арасында өсекшілердің тәп-тәуір беделі болған. Енді осы өсектің туу жолдары жайында айтайық. «Өсекті әйелдер арасындағы ерекше дарын қасиетке ие таланттары ойдан шығарып өрбітеді» дейді кейбір білгіштер. Бұл пікірдің есі дұрыс дей алмаймыз. «Жел болмаса шөптің басы қозғалмайды» деген мақалды халқымыз еріккеннен айтпаған. Демек, өсек ойдан шығарылмайды. Сөзіміз дәлелді болуы үшін мысал келтірейік. Бір шенеунік пен әйелінің арасында мынандай әңгіме болған екен: – Жаным, жақында сенің қыз­метің жоғарылайтын болыпты. – Е, оны кім айтты саған. Бастық па? – Кетші әрі, сенің бастығыңмен кездесіп жүр дейсің бе? Ауылда әйелдер сөз қылып жүр. – Е, соларды қойшы. Мен жоғары жақта біреуден естіген екен десем. Расында да, көп ұзамай әлгінің қызметі жоғарылап кетіпті. Енді бірде әйелі үйіне жылап келіпті: – Ойбай, сен сотталатын болыпсың. – Оны қайдан естідің? – Әйелдер айтып жүр. – Олар оттамасын! Расында да, шенеунік шамалы күндерден кейін сотталып кетіпті. Бір күні түрмеге келіп, әйелі: «Жаным, жақында босайсың. Түрменің бастығы айтты» десе, әлгі байғұс «Әй, оны қойшы, одан да ауылда әйелдер не деп жүр, соны айтсаңшы» деген екен. Ал енді осыдан кейін өсекке сенбей көрі­ңіз. Өсек айта білудің өзі – өнер. Кейбіреулер теориялық жағынан оқып-біліп алмай, өсекке ерте араласып кетеді. Содан барып жанрдың беделіне нұқсан келеді. Әрбір өсекқұмар әйел өсекті түрлендіріп отырады. Сол арқылы олар шеберлігін байқатады. Осы түрлендірудің негізінде бір ғана өсектің бірнеше нұсқасы пайда болатынын көреміз. Мәселен, ол мына мысалдан анық аңғарылады. Алғашқы нұсқа. Бықияш пен Бопыр әңгімелесіп отыр екен, жандарынан өтіп бара жатып, «жазған хат» деген сөздерін естіп қалдым. Түрленген нұсқасы. Бықияш пен Бопыр әңгімелесіп отыр­ғанда пәленше жандарынан өтіп бара жатып, «жазған хатымды алдың ба» дегенді Бопырдың өз аузынан естіпті. Екінші түрленген нұсқасы. Бықияшқа Бопыр «Мен сені сүйемін, бұл фәниден қол ұстасып бірге өтейік деген хатымды алдың ба?» депті. Оны пәленше жандарынан өтіп бара жатып естіп қалыпты да, түгеншеге айтыпты. Міне, байқап отырсыздар, әрбір өсек­шіден өткен сайын өсек түрлене түседі. Ал, шындығында, Бықияш пен Бопыр Абай аталарының «Татьянаның Онегинге жазған хаты» деген өлеңін оқып отырған екен. Құрметті жамағат! Өсектің өркендеп келе жатқаны сондай, қазіргі уақытта еркектер қауымы да бұған қатты қызығушылық таныта бастады. Бұл, әрине, өте қуанарлық жайт.

3971 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6402

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5819

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3561

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2946

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2905

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2882

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2613

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2597

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы