• Руханият
  • 01 Шілде, 2021

«АҚЫЛ-ОЙДЫҢ АЙНАСЫ»

Abai TV ойлы көрерменнің айнымас досы

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы құрамындағы «Abai TV» мәдени-ағарту телеарнасының ашылғанына 1 жыл толды.  Аз уақыт ішінде теленарықтан елеулі орын алған жаңа арнаның мақсат-міндеті туралы жоба жетекшілерінен пікір сұраған едік. 

Ләззат ТАНЫСБАЙ,

«Қазақстан» РТРК» АҚ

Басқарма төрайымы:

Корпорация құрамындағы жаңа «Abai TV» арнасының ашылуы елде коронавирус пандемиясы өршіп тұрған кезеңмен тұспа-тұс келді. Ол кезде барлық телеарналар үшін, тіпті күнделікті эфир шығарудың өзі қиындық тудырып жатты. Жаңа арнаның жұмысының жолға қойылуына Корпорацияның барлық бөлімдері атсалысты. Бастапқыда бағдарламалар кестесінің көп бөлігін «Алтын қордағы» құнды жобаларымыз, «Qazaqstan» телеарнасының, бұрынғы «Мәдениет» арнасының осы бағытта жасалған бағдарламалары құрады. Бір жыл ішінде эфирдің 95 пайызы жаңа жобалармен толықтырылды. Мұрағаттағы ескі, бірақ көрермен әлі де көргісі келетін хабарлар алдағы уақытта да тұрақты түрде шығып отырады. «Abai TV» арнасы қазір тәулігіне 17 сағат эфирде. Біржылдық телеарна үшін кестені осынша сағат толықтай дерлік түпнұсқа хабарлармен толтырудың қаншалықты ауқымды жұмыс екенін әріптестеріміз жақсы біледі. Эфирге кәсіби жүргізушілер болмаса да, өз саласын жетік білетін, ­мамандарды шақырдық. Тарихшы Асылбек ­Бисенбаев, Ерлан Сыдықов, әдебиет өкілдері Жүсіпбек Қорғасбек, Қали Сәрсенбай, музей ісінің маманы Гүлмира Шалабаева, тіл маманы Шерубай Құрманбайұлы, әнші-композитор Елена Әбдіхалықова, Айгүл Қосанова, ұзақ жылдан кейін белгілі тележүргізушілер Светлана Коковинец, Флюра Мусина, Назира Бердалы да көрерменмен «Abai TV» арнасы арқылы қауышты. Осылайша, бір жыл ішінде өзіндік бағыты, көрермені бар арна қалыптасты. Арнаның ашылуына, жұмысының жоғары деңгейде жолға қойылуына Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, ­Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида ­Балаева тікелей атсалысып келеді. Әр жаңа бағдарламаны көріп, пікір білдіріп, кеңес айтып отырады. Еліміздің зиялы қауым өкілдері де жанашырлық танытып, бағдар беріп, қажет кезінде әлі де кеңестерін аямай келеді. Арна атауына келгенде Дәурен Абаев ұлы ақынның мерейтойы жылында ашылып, атын иеленген арнаның ғұмыры да ұзақ болуы тиіс деген ой айтып, «Abai» атауын ұсынған болатын. Өнердің түрлі салаларындағы мамандар мен жаңа есімдер үшін «Abai TV» арнасының үлкен медиаалаңға айналғанына қуаныштымыз. Алдымызда телеөнімдерді мазмұндық, жанрлық тұрғыдан байытып, техникалық сапаны арттыру міндеті тұр. Себебі балет, спектакль, опера қойылымдарын түсіру үшін кәсіби машықтан бөлек, техникалық база қажет. Дайындаған деректі өнімдерімізді әлемдік медианарықта сұраныс тудыратындай деңгейге көтеру мақсатын қойып отырмыз. Ендігі межеміз – осы. «Abai TV» бұл тек «Қазақстан» корпорациясының емес, отандық телевизияның, қазақ телеиндустриясының жаңалығы мен жетістігі. Бір жылдық мерейтоймен ­барша әріптестерді құттықтаймын!

 

Азамат КЕҢЕСҰЛЫ,

«Abai TV» телеарнасының

директоры:

«Abai TV» телеарнасының ашылуы салиқалы, салмақты контентті аңсаған көрермен үшін айтулы оқиға болды. Ұлы Абайдың атымен аталған соң жауапкершілігі де зор. Мазмұнды бағдарлама жасау да оңай шаруа емес. Шығармашылық ұжым классикалық концертті, спектакль, опера, балет қойылымдарын сауатты түрде түсіру үшін көп іздену керек екенін түсінді. Яғни телеарнадағы режиссура, редактура және сценарий жазу барысы салалық телевидение талаптарына қарай икемделді. Бір жылда өнер саласындағы бұған дейін түрлі себептермен көпшілік назарына ілінбей жүрген, айтары бар мамандар көрерменмен қауышты. Аз уақыт ішінде өнердің сан саласы біздің объективтеріміздің нысанасына ілікті. Заманмен бірге өнер де түрленіп келеді. Олардың ішінде заманауи қазақ музыкасы да бар. Телеарна ашылғалы жас музыканттар да насихаттала бастады. Олардың ішінде дарынды өнерпаздар өте көп. «Есімдер», «Сана», «Z-Zaman», «Әндіground» сияқты жобалар өскелең ұрпақтың жарқын өкілдерінің тынымсыз ізденістерін жеткізіп келеді. Телеарнада көрерменді облыстардағы мәдениет ошақтарымен, ондағы шығармашылық ұжымдармен тұрақты түрде таныстырып отыратын бағдарламалар да бар. Арна ашылғалы 80-нен астам жаңа жоба эфирге шықты. Көлемі 1000 шаршы метрден асатын арнайы студия жабдықталды. «Күміс көмей», «Күй керуен», «Сарасөз», «Руханият», «Абайдың жолы», «В поисках истины» сынды жобалар сол студияларда түсіріліп, көрерменге жол тартқан еді. Көрермендер «Abai TV» арнасынан әлемге танымал көркем, деректі фильмдерді қазақ тілінде көре бастады. Яғни қазақ көрермендері үшін әлемдік мәдениет жауһарлары ана тілімізде ұсынылды. Бұл үрдіс әлі де жалғаса бермек. Арна «ақыл-ойдың айнасы» ұранымен теленарыққа қосылған еді. Бүгінгідей дүрбелең дүниеде әр адам өзінің ақиқатын, ақ жолын осы «Abai TV» арнасынан табады деп сенемін.

Жаңылхан АСЫЛБЕКОВА,

Бас продюсер:

Телеарна жұмысын әлемдік пандемия жағдайында ұйымдастырудың ауыртпалығы өндірісте жүрген мамандарға аса қатты сезілді. Бірақ мұндай мүмкіндік екінші қайтара болмайтынын білген соң, білек сыбана кірісіп кеттік. «Abai TV» арнасының Алматыдағы ұжымы алғаш түсірген ауқымды жоба – «Күміс көмей» дәстүрлі музыкалық-танымдық жобасы. Жүргізушісі музыка саласын жетік білетін маман, әнші Айгүл Қосанова, режиссері Айнаш Тұрсынбекова, сценарийін жазған Назгүл Сарыбаева, продюсері Дария Қихымбаева. Қатаң карантин жағдайында барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, өнім дайындау үлкен жауапкершілікті талап етті. Бірақ күн-түн демей жұмысқа кірісіп кеттік. Одан кейін жазушы, журналист Жүсіпбек Қорғасбек жүргізетін «Үркер» әдеби-танымдық бағдарламасы, жазушы, журналист Қали Сәрсенбай жүргізетін «Руханият» рухани-танымдық бағдарламасы, ғалым, өнертанушы Гүлмира Шалабаева және танымал тележурналист Светлана Коковинец жүргізетін «Вечные ценнос­ти» бағдарламалары, белгілі журналист Дархан Әбдік жүргізетін кино туралы «Соңғы муза» бағдарламасы, Қарагөз Сүлейменова жүргізетін «Сарасөз» бағдарламасы және өзім жүргізетін «Ұмытпаймыз» бағдарламасы, қоғам қайраткері Асылбек Бисенбаевтың «В поисках истины» бағдарламасы, күйшілердің қатысуымен «Күй керуен» күй шеруі және арнаулы даталарға арнайы жобалар, «Қазақ радиосына 100 жыл» роликтер топтамасы түсіріліп, эфирге жол тартты. Бұған қоса, Алматыдағы театрлардың қойылымдары да көрермен назарына ұсыныла бастады. Аталған хабарлардың аз уақытта дайындалуы «Қазақстан» телерадиокорпорациясында қызмет істейтін білікті мамандардың арқасы. Әсіресе Алматы қаласы филиалының Бас операторы Махмуд Айекеев, дыбыс режиссері Сапар Бақыраданов, бас техник Бекболат ­Молдабек, бас бейнеинженер Данияр Сейдахметов бастаған әріптестердің еңбегі орасан зор. Аталған хабарлар көрермен көңілінен шығып жүр. Оған әлеуметтік желілердегі жазылған пікірлер мен Корпорация басшылығы атына атына жолдаған хаттары дәлел. «Abai TV» телеарнасының Алматыдағы шығармашылық тобы әр апта сайын тележобалардың көрілу барысына мониторинг жасап, кем-кетіктерін түзеп, ескеретін жерлерін қайта қарап, жетілдіріп отырады. Осындай шаруаларды ретке келтірумен қатар, бағдарлама түсіруге де атсалысатын продюсер-редактор Әлия Сабдалинаға, басқа да әріптестерімізге айтар алғысымыз шексіз. Көрермен – төреші. «Abai TV» арнасы – әлі талай рухани қазынамызды байытатын, тың жобаларымен көрермендерін қуантады деп сенемін. Бұл – телеарнаның алып медиакеңістікке алғаш қадамы ғана.

Гүлнәр САЛЫҚБАЙ,

Бас редактор:

Халықаралық Абай жылында «Abai TV» арнасының дүниеге келуі – еліміздің рухани-мәдени өміріндегі үлкен жаңалық. Мәдениеттің барлық саласы көрініс тапқан арна эфирінен музыка, бейнелеу өнері, театр, әдебиет, кино туралы бағ­дар­ламалар көрерменмен табысқанына, міне, бір жыл болыпты. Олардың ішінде сырт­қы өніммен қатар, ішкі өнімдер де бар.

Бір жыл көп уақыт емес. Алайда «теңіздің дәмі – тамшыдан» деген. Аяғын апыл-тапыл басқан, бір жастағы сәбиді көз алдыңызға елестетіңізші. Жығылып-сүрініп жүріп, жүгіруді үйренбей ме.

Жаңа ашылған телеарнаға былтыр шілденің басында жұмысқа шығуым керек еді, ертең деп отырған кезде коронавирустың кесірінен ауруханадан бірақ шықтым. Сонымен, бас редакторлық міндетіме тамыздың аяғында кірістім. Жұмыс аз емес. Абайдың атымен аталуы арнаға да, онда қызмет істейтін бізге де үлкен жауапкершілік жүктейді. Мен бағдарламалардың мән-мағынасына, тіліне жауаптымын. Қазақтың жазба әдебиетінің басында тұрған ұлы Абайдың атымен аталған арнаның бас редакторы болған соң, тілдегі қателіктермен шама-шарқымызша күресіп келе жатқан жайымыз бар. «Abai TV» арнасын ойлы, рухани дайындығы бар көрермен көреді деп ойлаймын. «Егемен Қазақстанда» жарық көрген мақаласында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бізде әр қазақтың төрінде домбыра тұрсын дейтін ұғым бар. Сол секілді бұдан былай әр шаңырақта Абайдың кітабы тұруы тиіс. Өйткені Абай – қазақтың бет-бейнесі, бренді» деген еді. Біздің тату-тәтті, еңбекқор ұжым Абайдың кітабымен қатар, «Abai TV» арнасы да қазақ шаңырағының қадірлісіне айналса екен деп тілейді.

Мәдениет арнасы шөл даладағы көгал сияқты болуы керек. Қоғам материалдық жаққа қарай бұрылып кеткен заманда халықтың рухани шөлін қандырып, көңіліне көрік беруі керек. Ұлы Хакім атындағы телеарна болашақта бүкіл елді қамтып, рейтинг деп аталатын өлшем шыңына шығар, шықпас, бірақ қашанда рухани дамуды мақсат тұтатын, ойлы көрерменнің айнымас досы болып қалары сөзсіз. «Abai TV» алдағы уақытта да атына лайық болады деп сенемін.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК,

 «Үркер» бағдарламасының жүргізушісі:

Үйімде «Abai TV» телеарнасы қосулы тұрады», «Abai TV» телеарнасының ана хабары ұнады, мына хабары ұнады», «Abai TV» телеарнасы шаңырағымыздың шам­шырағына айналды». Бір жыл бұрын осы сөздердің бірі де жоқ еді. Қысқа мерзімде мұндай абыройға ие болу оңай емесін әркімнің іші біледі. Арнаның бірден атына заты сай болып шыққаны Абай атамыздың аруағына деген құрметтің биіктігінен деуге болады. Екіншіден, көзге көрініп жүрген хабар жүргізушілерден басқа, осылардың барлығын ұйымдастырып отырған ұжымның кәсібилігі мен жанкештілігінен десек артық емес.

Өзіме «Руханият» хабарының алқа-қотан отырысы ұнайды. Қалекеңнің өзіндей етек-жеңі кең хабарға көп дүние сыйып жүр. Ал «Ұмытпаймыз» хабары ұрымтал тұстан тиеді. Ұмытылмауға тиісті тұлғалардың аты аталып қалғанының өзі неге тұрады. Сол сияқты, «Сарасөзді» дара сөзге ұластырған төрт жүргізушінің әрқайсы бір-бір жобаға татырлық тұлғалар екені тағы бар. Әсіресе ән-күйді әдемі сауыққа айналдырған, ұлттық өнер туралы бағдарламалар көрерменге көбірек ұнап жүр. Солардың арасында өзім жүргізіп жүрген «Үркер» хабары да жақсы атаққа іліккен сияқты.

«Үркер» туралы әлеуметтік желіде де, басқа жерлерде де жылы пікір көп айтылады. Кітаптың атын естіп, авторын көріп, талдауын тыңдаудың әсері бөлек екенін байқадық. Хабардың мақсаты – жазушыны сынау емес екенін де еске салғымыз келеді. Бірақ кейде астарлы, кейде ашық пікірталастар болып қалады. Бұл кітаптың мазмұнын аша түсу үшін керек. Әйтпесе негізінен талантты авторлар мен лайықты шығармаларды ғана таңдаймыз. Олар Үркер шоқ жұлдыздарының шоғырындай аз да, көп те емес. Санаға сәуле түсіретін мұндай хабарлардың керек екенін біз емес, көрермен айтып жүр. Бір кітап ­туралы экраннан кемі екі-үш жазушының қатар пікір білдіруі бұрын-соңды болған да емес. Кейбір қызығушылық тудырған сауалдарға автордан қолма-қол ­жауап алу да кітапқұмар көрерменге көп әсер береді. Бір сөзбен айтқанда, жазушыны оқырманмен жүздестіру дәстүрі ұмытылып бара жатқанда сол міндетті осы хабарда қолға алғандай күй кешудеміз. Бәрінен бұрын «Түрлі шоулардың тасасында қалып қоямыз ба?» деген қорқынышымыздың орнын үлкен сенім басқанына бек қуаныштымыз.

Гауһар ТӨЛЕКБАЕВА:

редактор:

Арна пандемия кезінде өнер ордалары мен көрермен арасындағы алтын көпір қызметін атқарып, бір жылда телевизиялық үлгіде дәстүрлі және классикалық концерт­терді, спектакльдерді, опера және балет қойы­лымдарын түсіріп, үздіксіз көрсетті. Тек бір «Сарасөз» бағдарламасында Қырымбек Көшербаев, Мырзатай ­Жолдасбеков, Несіпбек Айтұлы, Ханбибі Есенқара, Қойшығара Салғара сынды 140-қа жуық белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінен, мәдениет саласының танымал өкілдерінен сұхбат алынып, қоғамдағы рухани-мәдени құндылықтар, адамзаттық мәселелер ­сараланды. Бүгінде Нұртөре Жүсіп, ­Елена Әбдіхалықова, Қарагөз Сүлейменова, Ерлан Сыдық, Нәзира Бердалы тізгінін ұстаған «Сарасөз» – көрермен көп іздеп, тұшынып тыңдайтын бағдарлама. Тұрсын Жұртбай, Асан Омаров, Серік ­Негимов, Шәкір Ыбыраев сынды ғалымдар Абайдың ар-намыс ілімі, әділет,еңбек, ғылым-білім жайлы ойларын саралап, теледәріс оқыды. Жуырда тіл тазалығына, сөйлеу мәдениетіне арналған «Сөзтаным» атты жаңа ақпараттық-танымдық жоба көрерменге жол тартты. Танымал тіл маманы, ғалым Шерубай Құрманбайұлы жүргізетін бұл бағдарлама күнделікті сөз қолданысымыздағы қателіктерді түзеуге ықпал етеді. Тарихи жадыны жаңғыртуға бағытталған «Архивтегі аманат», «Дәуір даналары», алматылық әріптестер әзірлеген «Күміс көмей», «Вечные ценности», «Ұмытпаймыз» – бүгінде көрермен көзайымына айналған бағдарламалар.

Бірде «Сарасөзге» сұхбатқа келген сәулетші, елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков ағамыз «Abai TV» арнасы жайлы: «Елдің еңсесін тіктеп, рухымызды көтерді, арна Covid-19 жайлаған күрделі кезеңде ұлттың иммунитетіне айналды» деген еді. Шынында да, арна жұмысы аптамен, аймен өлшенбейді. Бұл – алысты көздейтін, жемісін араға жылдар салып беретін арна. Оның жемісі – елдің интеллектуалдық деңгейінің өсуімен, адамгершілік құндылықтардың асқақтауымен, көкжиегінің кеңейіп, рух және сана биіктігімен өлшенеді. Бұл бізге, жұмысын жанкештілікпен, өнер мен мәдениетке деген ізгі махаббатпен атқарып жүрген журналистерге қанат бітіріп, шығармашылық шабыт сыйлайды.

Елена ӘБІХАЛЫҚОВА,

«Сарасөз» бағдарламасының

жүргізушісі:

«Abai TV» арнасы ұлы Абайдың қайшылыққа толы тағдыры секілді, індеттің індеп тұрған уақытында дүниеге келді. Әлемді жайлаған індет адамзат баласына руханияттан құнды һәм терең ештеңе жоқтығын дәлелдеді. Руханиятты сөз ету тек ән мен жыр төңірегінде ғана болмаса керек-ті. Адам баласының қалайда адам болып қалу жолында ой әлемі, таным кеңістігі, тағлым мұраты, білім байрағының алар орны ерекше. Әсіресе атом заманы мен гендік инжинерия дәуірінде Жер-Ананың құрып кетпеуі мен аспан астындағы ақыл иесінің азып-тозып, мақұрым болып, жоғалып кетпеуі үшін руханияттың кемел болуынан асқан құтқарушы жоқ. Тіпті дін де рухани кеңістіктің орнын толтыра алмас еді… «Abai TV» арнасы – еліміздің ақпарат саласындағы кең тынысы, соны соқпағы, салиқалы саясаты. Бар-жоғы бір жыл көгілдір экраннан қаншама бағдар, салалы сөз, салмақты пайым айтылды. Бүгінгідей дүние аумалы-төкпелі болып тұрғанда ұлттық болмысты сақтап, сындарлы сәттерден сетінемей өтерге тап осы «Abai TV» сынды арна ауадай қажет. Бір жылдығы құтты болсын!

1672 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6006

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5607

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3346

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2729

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2692

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2668

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2401

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2386

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы