• Тарих
  • 22 Шілде, 2021

ҚУҒЫН-СҮРГІНДЕР: СИПАТЫ МЕН ЕРЕКШЕЛІКТЕРІН ЗЕРДЕЛЕУГЕ КІРІСПЕ

Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіндердің сипаты мен ерекшеліктерін зерделеу үшін алдын ала белгіленген уақыт ауқымы шеңберімен шектелмей, мәселені мейлінше кең және терең қарастырған жөн. ­Осындай көзқарастың тиісті зерттеулер жүргізу ­барысына елеулі жәрдемін тигізеріне күмән жоқ, сол себепті әңгімені еліміздің өткені жайындағы кей пайымдардан бастайық...

1

Қазақ халқын құрайтын ру-тайпа бірлестіктері ғасырлар бойы ғұндардан, көк түріктерден бергі ежелгі мемлекеттік құрылымдар құрамында жасап келген. Түрк қағанаты, Шыңғыс хан қағанаты, Жошы Ұлысы (Ұлығ Ұлыс, Алтын Орда), Ақ Орда құрамында тіршілік кешкен замандарынан кейін, өмір сүру кеңістігі, шаруашылығы мен тұрмыс салты, тілі, діні, ділі бір болғандықтан, 1456 жылы тарих сахнасына «қазақ» деген өз этностық атауымен шыққан да, 1465  жылы  тарихи атамекенінде Қазақ Ордасы, Қазақ Хандығы делінетін өзіндік дербес мемлекеттік  шаңырағын көтерген (2015 жылы 550 жылдығы тойланды). Содан бері қазақтың күллі рулық-тайпалық бірлестіктері жаңа сапада – мемлекеттің өзіндік құрылымын түзген азаматтық қауым институттары деңгейінде дамыды. Қазақ Хандығы дербес ту тіккелі бергі әр кезеңде ел ағалары байырғы Шу, Қозыбасы, Ұлытау өңірлеріндегі ордаларын, көне Созақ, Сығанақ, Сарайшық, Ташкент, Түркістан қалаларын астана етіп, халықтың тыныс-тіршілігін Қасым ханның «Қасқа жолы» (ХV-ХVІ ғғ.), Есім ханның «Ескі жолы» (ХVІ-ХVІІ-ғғ.), Тәуке ханның «Жеті жарғысы» (ХVІІ-ХVІІІ-ғғ.) сынды заңнамалық құжаттармен  реттеуді жолға қойды.

Алтын Орда сынықтарының бірінен қазақ хандығынан көп кейін бой көтерген орыс патшалығы тез дамып, күшті құрылымға айналған. Қуатын көрші елдерге түрлі жолмен танытып келе жатқандықтан, оған арқа сүйеуге тырысу Қазақ Ордасы тарапынан 16-шы ғасырда-ақ қозғалған еді. Мәселен, қазақтардың Мәскеу мемлекетіне мойынсұнуы керектігі және онымен әскери одақ құру қажеттігі жайында тұңғыш рет 1594 жылы орыс тұтқынындағы ханзада Ораз-Мұхаммед пен Тәуекел ханның елшісі Құл-Мұхаммед арасындағы әңгімеде көтерілген. Содан, Тәуекел ханнан тиісті тілек-хат алғаннан соң, Федор Иванович патша 1595 жылғы 28 наурызда қазақтарды Мәскеу мемлекетінің бодандығына қабылдағаны туралы Тәуекел ханға, оның ұлдары Шаһмұхамед пен Күшік сұлтандарға грамоталар жібереді. Ол өзін, тіпті басқа титулдарымен қоса, қазақтардың да патшасымын деп атай бастайды.

Бірақ ол жолы қазақ хандығының орыс мемлекетіне кіріптарлығы бодандық грамотадан әріге тереңдемейді. Бұндай әңгіме содан бір ғасыр өткеннен соң ғана, ХVІІІ ғасырда, шын мәжбүрлік ахуалда қайта көтеріледі. Оған негізінен тарих сахнасына жаңа әрі күшті көшпенді мемлекет ретінде Жоңғар хандығы шыққандығы, оның жайылымдық кең жер-су аумақтарын иелену үшін бірден өзіндей көшпенді көршісіне қырғидай тиіп, үздіксіз шабуыл жасауға кірісуі, іштей бағзы Шыңғыс хан империясын жаңғырту секілді үлкен істі армандауы, сөйтіп Қазақ хандығымен қырқысуын ондаған жылдар бойы тоқтатпағандығы, оған қоса  елдің терістігіндегі олардың қалмақ туыстарынан, сондай-ақ казактар қауымы мен башқұрттардан төнген қатер себеп  болды.

Қазақ елін 1680 жылдан билеп отырған Тәуке хан мемлекетінің ұдайы Жоңғариямен соғыс жағдайында болуы себепті, орыс патшалығымен жақындасу, онымен әр салада тату қарым-қатынаста болу ­жолын қарастырады. Бірінші Петрге сауда-саттықты, достық қатынасты жаңғырту туралы 1694 жылы хат жазады. Сонымен бірге ол жалпақ Қазақияны басқаруды оңтайландыру мақсатымен, географиялық жағдайға байланысты құрылған үш жүзге  өзінің наместниктері ретінде жеке билер тағайындайды. Сосын, жан-жақтағы көрші елдер тараптарынан дұшпандық әрекеттер жасау ықтималдығы арта түскен сонау дәуірде, Ұлы Далада жайылып жатқан алып мемлекетіндегі басқару құрылымын одан әрі жетілдіруді көздейді. Тәукенің саяси творчествосының жемісі сол, қажеттілік туған аумақта шұғыл әскери шешім қабылдап,  қорғаныс ­шараларын жасауға қауқарлы, мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ете түсетін жедел іс-әрекетке бейім жүйе құрады. Сөйтіп, билер арқылы басқарылып келе жатқан аумақтардың дербес қуатын арттыруға тиіс  әскери-әкімшілік басшылықты – әр жүзге өз ханы сайлануын қош көреді.

Содан, жалпықазақ ханы Тәукенің көзі тірісінде, объективті түрде үш аймақты жайлап тұрған үш жүзге үш хан сайланады. (Мұны тарихшылардың көбі қазақ хандығы үшке бөлініп ыдырап кетті деп есептейді, іс жүзінде бұл жайт алып мемлекеттің басқарылуын уақыт талабына сай оңтайландыру жолы еді). Тарихи дереккөздер мәліметтеріне қарағанда, 1703 жылы Орта жүз бен Кіші жүздің бір бөлігіне Қайып, 1710 жылы Кіші жүз бен Орта жүздің бір бөлігіне Әбілқайыр, 1712 жылы Ұлы жүзге Абдолла хан болып сайланған. (Абдолла хан қайтыс болған соң, Ұлы жүзді  1720  жылдан  1740 жылға дейін оның баласы Жолбарыс хан, одан беріде бірер мезгіл Төле би басқарды). Жалпықазақ ханы Тәуке қаһан 1715 жылы дүние салды. Одан кейін жалпықазақ ханы (қаһан, бас хан) сайланған жоқ, бірақ мемлекеттің бірлігі, біртұтастығы Тәуке ханның саяси шығармашылығы нәтижесінде, заман талап еткен жағдайда қажетті түрде жетіле, дами отырып, сақталды.

Сол 1715 жылдан бастап Орта жүз билеушісі Қайып хан барлық кіші хандардың ішіндегі хандық өтілі әрі жасы үлкен болғандықтан, басты хан, яғни аға хан ретінде мойындалған. (Орыс-қазақ байланыстары құжаттарынан оның орыс мемлекетінің көмегін алуды көздегенін көрсететін біраз қатынас қағаздарын көруге болады). Қазақ хандарының ішіндегі бірінші тұлға, аға хан Қайып 1718 жылы бақталастарының қастандығынан қаза тапты. Сонда қазақтың аға ханы лауазымына Қайып хан таңдалған тәрізді қасиеттерімен сай кеп тұрған Кіші жүз ханы  Әбілқайыр баһадүр 1719 жылдан аға хан мәртебесіне ие болды. Оның ордасы сол жылдан бастап, халықты «Ақтабан шұбырындыға» ұрындырған 1723 жылғы алапат жоңғар шапқыншылығы басталғанға дейін, қазақ астанасы Түркістанда тұрды.

 

 

 

Тәуке ханның үлкен ұлы Болат сұлтан 1718 жылдан Орта жүз ханы болды. «Ақтабан шұбырынды…» апаты кезінде, әлде оның қарсаңында – 1723 жыл шамасында өмірден өтті. Оның орнына Орта жүзге оның інісі, Тәуке ханның баласы Сәмеке сұлтан хан сайланды. Ол қайтыс болғаннан кейін, 1739 жылы, Орта жүздің  Сәмекеге  дейінгі  билеушісі  болған Болат ханның үлкен ұлы, Тәуке ханның немересі Әбілмәмбет сұлтан Орта жүз ханы тағына отырғызылды. Әбілқайыр ханның 1748 жылы қаза табуына байланысты, Әбілмәмбет сол жылдан аға хан санатында жүрді. Көп жылдар Абылай сұлтанның қамқоршысы болды. Әбілмәмбет хан өлген соң, 1771 жылы Абылай Орта жүздің және Ұлы жүздің бір бөлігінің ханы, сонымен бірге аға хан – сол кезгі ресми тілмен айтқанда: «күллі ханларның ағласы қылыб» (И.Ерофеева) сайланды.

2

Орыс-қазақ қарым-қатынастарының жаңа кезеңіне назар аударайық. Бұл кезең Әбілқайыр хан есімімен тығыз байланысты. Ол 1710 жылдан 1730 жылғы тұтас қазақ айбынын асырған Аңырақай жеңісіне жеткенше жоңғарларға қарсы азаттық қозғалысын, Отан соғысын жүргізіп, қанды шайқастарда қазақ жасақтарын басқарған адам. Әуелде Әбілқайыр баһадүр 1709 жылы башқұрт ханы болған-тын. Ол сол башқұрт тағынан 1710 жылы елге шақырылып, Қарақұмда өткен Кіші жүз бен Орта жүздің бір бөлігінің бас адамдарының құрылтайында Кіші жүздің тұңғыш ханы болып сайланды. Бұл оған жеке ерліктері мен қолбасшылық асқан дарыны, ақыл-ойының ерекше зеректігі және ұйымдастырушылық қабілеті үшін көрсетілген құрмет әрі сенім еді. Сол Әбілқайыр хан қазақ еліндегі барлық кіші хандар ішіндегі ірі беделіне сәйкес, жоғарыда айтқанымыздай, 1719 жылдан қазақтың аға ханы болды.

Аға хан ретінде, Әбілқайыр баһадүр «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» апатында Қарақұм өңірінен жасақ жиып, шұғыл батыс шекараға аттанды. Сөйтіп, шығыстан дүлей шапқыншылық жасаған жоңғар басқыншыларына – өздерінің туыстарына – олардың тереңнен ойлаған жоспарының орындалуына іс жүзінде қолдау көрсету мақсатымен қазақтарды батыстан күйретуді көздеген қалмақ агрессиясының алдын алды. Сосын оңтүстікке құйғытып, қазақ астанасы Түркістанды маңындағы ондаған қалашықтармен бірге жоңғар әскерінің оккупациясынан азат етті. Бірақ ұстап тұра алмады, күш тең емес еді. Сонда ол 1726 жылы барлық кіші хандар, сұлтандар, батырлар, билер, ел ішіндегі басқа да бас адамдар құрылтайын шақырды. Сол құрылтайда аға хан Әбілқайыр баһадүрге біріккен қазақ қолдарының жоғарғы командашысы – бас қолбасы мәртебесі берілді. Бас қолбасы бірден үлкен ұйымдастырушылық жұмысты қолға алды. Қазақ жасақтары 1727-1730 жылдарғы шайқастарда жеткен ірі жеңістердің бәрі аға хан, бас сардар Әбілқайыр баһадүрдің жоғарғы қолбасшылығы нәтижесінде, соның арқасында жүзеге асты.

1730 жылдың көктеміндегі Аңырақай жеңісінен кейін Әбілқайыр хан  жоңғарлармен  бітім  жасасты. Содан соң  батыс  және  батыс-терістіктегі шекараларға жаңа шабуылдар жасау арқылы қатер төндірген дұшпандармен арақатынасты ретке келтіруге аттанды (бұл белес Аңырақайда ешқандай да хан сайлауы болмағанын растайтын жаңа ғылыми дәлелдер алға тартылған осы уақытқа дейін «Әбілқайыр өзін үш жүздің ханы етіп сайламады деп өкпелеп, майдан даласын тастап кетті» деген жалғандықпен бұрмалап түсіндіріліп келді). Сол жылғы мамырда Әбілқайыр ханның жазғы ордасына жиналған Кіші және Орта жүз сұлтандарының, батырлары мен ру-тайпалар билерінің, басқа да бас адамдарының құрылтайында орыс патшалығы үкіметімен келіссөз жүргізу мәселесі талқыланды. Сонда Ресейдің қоластындағы қалмақтар мен башқұрттардың, сондай-ақ орыс казактарының қазақ еліне шабуылдарын доғартуды көздейтін бітім жасау жөнінде шешім қабылданған. Соған сәйкес Әбілқайыр хан орыс патшайымы Анна Иоанновнаға хат жазып, Петербургке арнайы елшілік аттандырды.

Одан әрі «орыстардың Орта Азияға сауда қозғалысын жүргізетін жол салу үшін, Ұлы Петрдің ұтқыр сөзі бойынша, ортаазиялық елдер мен халықтарға апаратын «қақпалар мен кілтке» қол жеткізу, яғни қазақ ордаларына ие болу қажет («овладеть киргиз-кайсацкими ордами»), тіпті бұл үшін миллион сом ақша жұмсауға тура келсе де» (В. Витевский) деген ­жоспарды жүзеге асыруды көздеген жұмыстар жүріп жатты. Бірінші ­Петрден көзі тірісінде  «...қазақтардан орыс қоластына қарағысы келетіндігі туралы бір жапырақ қағазды қайткенде қолға түсіру» жөніндегі тапсырмасын алған тілмәш Мәмет Тевкелевтің дипломатиялық іс-әрекеттері мен айлалы үгіті бар, Әбілқайыр ханның патшайымға жазған хатын Сыртқы істер алқасында істейтін әлде Тевкелевтің, әлде сонікі секілді пиғылдағы өзге тілмәштің орыс мүддесіне орайластырып тәржімалағаны бар, бір жылдай қасында болған Тевкелевке сенген, қуатты орыс мемлекетінің протектораты санатында болудың жалпақ Қазақ елін бір орталыққа бағындырылған мықты хандыққа айналдыруға жәрдемі тиеді деген Әбілқайыр ханның өз үміті бар – орыс-қазақ қатынастарының қилы амалдарға толы  жаңа кезеңі  басталады.

Қазақ оқығандарының бірқатары әлі күнге дейін «қазақ халқын Ресей патшалығына бодан еткен – Әбілқайыр хан» деген қасаң көзқарасты ұстанады. Ал орыс тарихшылары Әбілқайыр ханды «орыстардың қас жауы» және «Орынбор өлкесінің Бірінші Петрі» атанған генерал-губернатор Неплюевтің «жеке дұшпаны» деп таныған. Әрі өлкені отарлау жұмыстарын жүргізуге үкімет Әбілқайыр хан өлтірілгеннен кейін ғана кірісе алды деп есептеген (іс жүзінде солай – империяның протекторатты өз ­отарына айналдыру әрекеті қазақтың мемлекеттілігін, хандық билік құрылымын  біржола жойып, қазақ жерін басқару тәртібін алғаш тұжырымдаған 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы жарғы», 1824 жылғы «Орынбор қазақтары туралы жарғы» атты құжаттардан басталды).

Бұл орайдағы өте танымды деректер тарихшы Витевскийдің генерал Неплюевтің өмірі мен қызметін зерттеген әйгілі төрт томдық монографиясында бар (В.Н. Витевский. «И.И. Неплюев и Оренбургский край в прежнем его составе до 1758 г.». 1-4-тт. г. Казань, 1897 г.). Дегенмен, қазақтарды Ресейге Әбілқайыр хан өз еркімен қосты деп айту отарлаушы өкіметке тиімді еді, бұл патша әкімшілігінің содан бері жоспарлы түрде жүргізген қанды жорықтарын, түрлі репрессиялық шараларын бүркемелеуге пайдаланған қолайлы тәсілі болатын.

3

Сонымен, Ресей империясы ХVІІІ ғасырдың 30-шы жылдары айла мен арбау әдістерін шебер қолдана отырып, Қазақ хандығын протектораттыққа алуға көндірді де, сол ғасырдың аяғына қарай алдамшы протектор болудан асып, қазақ жерін өз құрамына күшпен қосып алуға кірісті. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Орта Азиядағы қазақтар мекендейтін Әулиеата, Мерке, Түркістан, Ташкент, Ақмешіт, т.б. қалалар мен өңірлерді әскери күшпен жаулады. Оңтүстік өлкедегі қазақ жер-суы мен халқын құрамына күшпен қосып алып, қазақтың хандық құрылымын, дәстүрлі басқару жүйесін, мемлекеттілігінің нышандарын толығымен жойды. Отарлаушыларға қарсы көтерілген ұлт-азаттық қозғалыстарының бәрін қан-жоса етіп тұншықтырды.  1867 жылы Жетісу, Сырдария облыстарын басқару жөніндегі ереже, 1868 жылы Орынбордың далалық облыстарындағы және Батыс Сібір генерал-губернаторлығындағы аймақтарды басқару жөніндегі ереже бекітілді.  1886 жылы «Түркістан өлкесін басқару жөніндегі ереже» қабылданды. Түркістан генерал-губернаторлығының орталығы Ташкентке орналасты. 1891 жылы «Дала ережесі» қабылданып, Дала генерал-губернаторлығының орталығы Омбы болды. Қазақ жер-суын империяға, оның әкімшілік бөліністеріне сәйкестендіріп, жекелеген губерниялар мен облыстарға бөлшектеп қосып алу осылай аяқталды.

Мұстафа Шоқай кезінде тура атап айтқандай, мылтық кезенген орыс солдатының артында ұдайы соқа сүйреткен орыс мұжығы ілесіп жүретін. Яғни ішкі губерниялардағы 1861 жылғы реформадан кейін өрістеген аграрлық шиеленістердің себепкерлері ретінде шаруаларды жаңа жерлерге қоныс аударту саясаты кең қолданылған. Соның негізінде крепостнойлықтан (құлдықтан) азат болғанмен, жер тапшылығынан жаңа қиыншылыққа ұшыраған жұртты көшіріп әкеліп қазақ жеріне орнықтыру арқылы, патша өкіметі басып алған аумақтарын орыс жеріне айналдырып жіберуді басты мақсат етті.

Ресей империясы отарлаудың ең қатыгез де арсыз, репрессиялармен астасып жатқан мейлінше зымиян түрімен шұғылданды.

Бұл жұмыстың мүлдем қарқындата жүргізілгені сондай, күллі қазақ жер-суы мемлекет меншігі деп жарияланды. Соның негізінде қазақтардың шұрайлы жерлері үкімет тарапынан қилы материалдық көмектермен қамтамасыз етілген орыс қоныс аударушылары үшін озбырлықпен тартып алына бастады. Бұл шараларға қарсы жергілікті халықтың көтерілуі мүмкін екенін ескеріп, олардың толқуларын болғызбау мәселесін 1901-1906 жылдары Дала генерал-губернаторы болып істеген генерал-лейтенант Н.Н.Сухотин мұқият назарда ұстады. Оның бұл тараптағы нұсқауларының ішінде «көшпенді халық тарапынан қарсылық-жаулық әрекет бой көрсетуі ықтималдығына орай шаруаларды оқ-дәрілі қарумен жабдықтау» шарасы да қарастырылған ­болатын.

Халық рухани қыспаққа түсірілді, мешіттер салуға тыйым салынып, шіркеулерді көбейту және жергілікті жұртты шоқындыру әрекеттері орын алды. Бұл ретте отарлаушы кірмелердің озбырлығы әдетте шектен шығып жататын. Ондайға шыдамаған көзі ашық азаматтардың бірі 1905 жылдың басында «өзін және өзінің мұсылмандық ар-ожданын, мұсылман дінін ғайбаттағаны үшін» патшалықтың билік органдарына шағынады. Ақмола священнигін жауапқа тартуға тырысады. Сонда оған Омбы діни консисториясы (мекемесі) қайтарған жауап, ондағы биік дінбасы Архипастырьдың: «Бетімен кеткен  жалақор  қазақ  өзінің  Түркияда  емес,  православиелік-христиандық Ресейде тұратынын ұмытқан екен. Ғарызы қанағаттандырылмасын» деп түсірген шешім-бұрыштамасы отардағы ахуалдың ащы шындығын анық бейнелейтін.

Империя үкіметі, өз отарындағы қазақ халқы ішінен билікке берілген сенімді орындаушы-қызметшілерін әзірлеу үшін, болыстарға арнайы квоталар бөліп, балаларды орыс мектептерінде оқытуға  мәжбүрледі. Қазақ қыздарына болашақ аналар ретінде ерекше үміт артып, «өз отбасыларына орыс мәдениетін енгізуді қамтамасыз етеді» деген есеппен, олар үшін арнайы оқу орындарын ашты.  Семей облысының әскери губернаторы қызметіне 1903 жылы тағайындалған генерал-майор А.С.Галкин облыстағы чиновниктерге Дала генерал-губернаторы берген нұсқауларға қосымша хат жазды, онда империяның негізгі мақсатын былай тұжырымдап, ықтиятты түрде орындауды тапсырды: «Өз тарапымнан мынаны ұсынамын: барлық тұрғындармен, ұлттарын ажыратпай, әрдайым заң негізіндегі қарым-қатынаста болу қажеттігі ешқандай да естен шығарылмасын, әрқашан және барлық жерде орыс аты мен орыс мүддесі жетекші орында тұруға тиістігін әрдайым есте тұта отырып, туземдіктермен қатыс-байланыстарда айрықша бекем болу керек. Облыста бізде бірінші орында – казактар және олармен бірге крестьяндар мен мещандар, ал екінші орында туземдіктер тұруға тиіс, өйткені бір үлкен отбасының мүшелері ретінде бәрі тең болғанмен, алайда бір ошақ басында да ағалар мен інілер, үлкендер мен кішілер бар».

«Аға халық» жайында ұзаққа кеткен ұғымды жаппай санаға сіңіру осылай еске салынып, түп-мақсат мүлдем айқын етіп сабақталды... 

«Біздің барша қызмет бабындағы жұмысымыздың бағдарламасына жалпы мына қарапайым көзқарасты салған жөн: біз орыс элементі әлі де әлсіз, енді-енді ғана енгізіліп келе жатқан Азияда өмір сүріп отырған жоқпыз, біз азиялық көне ғұрыптар мен әдептер әлі де уақытша сақталып тұрған орыс облысында өмір сүріп келеміз, ал әлгілердің тағдырына тек қана бір-ақ жол қалмақ: не – жалпыимпериялық, азаматтық үлгіде сіңісіп кету, не – жойылу.

Туземдіктер бізді жақын болашақта, тіпті мұсылман дініне сенетін болып қалса да, кәдімгі орыс шаруалары жасалатын материал ретінде ғана қызықтыруға тиіс. Сондықтан да оларды орыс атымен аталатынның бәріне аса қатаң құрметпен қарайтын рухта ұстау керек. Олардың бұған бағынбауды ойға алатындары бола қалса, ондайлардың қайғылы тағдыр кешеріне күмән жоқ: олар яки жер-сусыз қайыршы боп қалып, өліп таусылады, яки Россия олардан ат-құйрығын үзеді.

Мұның бәрін әрдайым миыңда ұстау қажет, бірақ бұл тақырыпқа артық-ауыс әңгіме қозғай бермеген жөн...»

Бұл, әрине, империяда көптен жүргізіліп келе жатқан барша өзге текті халықтарды жаппай орыстандыру саясатын эмиссарлар тарапынан пысықтап,  жалғастырудың бір көрінісі болатын. 1764 жылы Екінші Екатерина генерал-прокурор князь Вяземскийге жолдаған құпия кеңеснамасында былай деген еді: «Кіші Россия, Лифляндия және Финляндия оларға берілген артықшылықтар арқылы басқарылатын провинциялар болып табылады, осы тәртіпті кенеттен бұлардың бәрінен бастарту арқылы бұзу өте әдепсіздік болар еді, алайда оларды бөтен елдер деп атау да, сөйтіп олармен қарым-қатынасты осындай негізге құру да қателіктен де гөрі, одан зорырақ болып саналады, дұрысын айтқанда, ақымақтық деп атауға болады. Бұл провинцияларды, сондай-ақ Смоленск провинциясын аса жеңіл тәсілдермен мынандай дәрежеге жеткізу керек – олар орыстанатын болсын және орманға қарап ұлыған қасқырдай болғанды қойсын. Бұған қол жеткізу өте оңай, бұл үшін сол провинцияларда [билікке] парасатты адамдар сайланса болғаны; Малороссияда гетман болмайтын кезде, қандай лауазымды адам жасалса да, гетман атының өзі де жойылып кетуіне қол жеткізуге тырысу ләзім». 

Самодержавиенің алып империяны жаппай орыстандыру пиғылы күллі қанаушылық, езушілік істерімен қосылып, халық наразылығын туғыза берді және ол уақыт өткен сайын тек үдей түскен еді. Семей әскери губернаторы осы орайда Қарқаралы үйезінің бастығы Б.А.Оссовскийдің ақпараты жайында 1905 жылы Дала генерал-губернаторына: «...неліктен екенін, штабс-ротмистр Оссовский өз рапортында, өзінің жеке бақылауына сүйеніп, даланың мазасыз күйге енгенін хабарлайды, қазақтар Россияда болып жатқанның бәрін мұқият бағып отыр, қырға көрші облыстардан, тіпті Бөкей ордасынан әркімдер келуде, олар үстіміздегі жылғы 18-ші ақпандағы аса жоғарғы рескриптті өз қалауларынша түсіндіруде және барлық үкімет жарлықтарын көпе-көрнеу бұрыс талдаумен айналысуда...» деп хабарлайды. Үкіметтің қазақ жеріндегі эмиссарлары тектен-тек сескенбеген еді...

4

ХХ ғасыр басынан империяда жалпы революциялық және мұсылман қозғалыстары пайда болған-ды.  Отаршыл үкіметтің қыспақтарына орай туып отырған мақсат-міндеттерді талқылау үшін Көкшетау қаласындағы дін қызметшілері 1902-1903 жылдары қазақ оқығандарын бас қосуға шақырды. Үкіметтің құпия полициясы, әрине, олардың әрекеттерін тез әшкерелеп, репрессиялық шаралар қолданды. Ел-жұртты тіксінткен сол оқиғадан қазақтың жалпымұсылман ұмтылысымен үндескен, өркениетке сай, бүгіндері Алаш атымен аталатын  ұлт-азаттық қозғалысы да бастау алды.

Бірінші орыс революциясы мәжбүр еткен патша билігінің шегіністері  – халықтың мұң-мұқтажын айтып үкіметке тілек-хат жолдауына мүмкіндік берген патшаның 1905 жылғы 18 ақпан рескрипті, діни төзімділік жайындағы 17 сәуір пәрмені – жер-жердегі қазақ оқығандарын петиция науқанын қыздыруға құлшынтты. Сонымен бірге алғашқы демократияшыл қайраткерлердің бірі Бақытжан Қаратаев батыс өлкенің бір топ белгілі адамдарынан құралған депутацияны бастап Петербургке барды. Патша сарайына емін-еркін кіріп-шығатын генерал Ғұбайдолла Жәңгірханұлы Шыңғысханның көмегі арқылы, императорды бала мұрагердің (цесаревичтің) туған күнімен құттықтау желеуімен, ІІ Николайдың қабылдауына кірді. Монархқа қазақ халқының рухани мұқтаждықтарын өтеуге және құрылғалы жатқан Мемлекеттік думаға өкілдерін жіберуге пұрсат беруін сұраған тілектерін жеткізді.

Осы 1905 жылғы 17 қазанда ар-ождан бостандығы, сөз бостандығы, жиналыстар өткізу еркіндігі, одақтар құру еркіндігі және жеке адамның бас бостандығы, яғни жеке басқа қолсұғылмаушылық секілді саяси құқтар мен бостандықтарды жария еткен  манифест шықты. Патшаның осы «Мемлекеттік тәртіпті жетілдіру туралы» манифесінің тарихи маңызы зор болатын. Бұл маңыздылық бұрынғы тәртіпті бұзып, заң шығару бастамасын сол уақытқа дейінгі жеке-дара құқықты болып келген монарх пен халық өкілдерінің қатысуы арқылы жаңадан құрылмақ заң шығарушы орган – Мемлекеттік дума арасында  бөлісуді заңдастыруында жатқан еді.

Зиялылар «император халыққа бостандық сыйлады, конституция берді» деп қуанған 17 қазан манифесін жергілікті билік жұртшылықтан жасырды. Бұған наразылық көрсеткен халық, мәселен, Қарқаралы үйезінде іс жүзінде республикалық режим орнатты, патшаның Қазан Манифесіне сай осылай болуы тиіс деп санап, аңсаған құрылымын біраз уақыт бойы ұстап тұрды. Нілді мыс кенішінде шетел капиталына қарсы Орыс-қазақ одағы ұйымдасты.  Орал қаласында тұңғыш қазақ саяси партиясы құрылды. Қазақ елінде болашақ саяси құрылымдардың осындай прообраздары Бірінші орыс революциясының алғашқы ­жылында жасалған-ды.

Жергілікті билік Мемлекеттік думаның тұңғыш шақырылуына қазақтардан депутаттар сайлау жұмыстарына кедергі жасап бақты. Нәтижесінде сайлау науқаны кеш жүргізіліп, сайланған депутаттар Петербургке Дума жұмысын бастап қойғаннан кейін ғана жетіп жатты. Семей облысынан сайланған Әлихан Бөкейханов Питерге Мемдума таратылған күні ғана келіп үлгерді. Ал Ақмола облысынан сайланған Шәймерден Қосшығұлов «орыс тілін білмейді» деген облыстық комиссияның бекіп үлгермеген сылтауы салдарынан астанаға мүлдем барған жоқ.

 Қазақ азаттық қозғалысын дамытушы қайраткерлер ұлт мүддесі үшін парламенттік жолмен күресуге белсене қатысты. Бес жылға сайланып, 72 күн ғана жұмыс істеген 1906 жылғы І Мемлекеттік дума мінберінен Торғай облысынан келген депутат, Мемдума мүшесі Ахмет Бірімжанов сол шақтағы аса өзекті мәселемен шұғылдану үшін құрылып жатқан Аграрлық комиссиядан «сайлау кеш өткендіктен әлі жетіп үлгермеген қазақ-депутаттар үшін орындар бөлінуін» талап етіп сөйледі.  102 күн жұмыс істеген 1907 жылғы ІІ Мемлекеттік думада Семей облысынан сайланып келген депутат, МД мүшесі Темірғали Нұрекенов пен Орал облысынан сайланған депутат, МД мүшесі Бақытжан Қаратаев мінберге шықты («Стенографические отчеты Государственной думы, 1906-1917, Парламентская история России начала ХХ века»). Нұрекенов Ертіс бойындағы жұмыссыз, ­босып жүрген қазақтарға жәрдем беру мәселесін көтерді. Қаратаев үкіметтің орыс шаруаларын қазақ жеріне қоныстандыруда жергілікті жұрттың атамекенін, шұрайлы жер-суын тартып алып жатқанын әшкерелеген, переселен саясатын сынап, қазақтың жер-суын қорғаған атақты сөзін сөйледі. Ол қазақ облыстарынан келген Мемдума мүшелерін бастап, үкімет басшыларында, Халық бостандығы партиясының орталық комитетінде болды, парламенттік комиссияларда белсенді жұмыстар жүргізді. 2-ші Дума да тарқатылып, қазақтар сайлау және сайлану құқтарынан айрылған соң, 3-ші МД Мұсылмандар фракциясы арқылы қазақ халқын жерге орналастыруды көздейтін заң жобасын талқылауға өткізуге тырысты. 

2-ші МД мүшесі Шәймерден Қосшығұловтың Дума қабырғасында демеушілік жұмыстарға белсене қатысуымен татардың «Үлфат» газетіне қосымша ретінде «Серке» газеті шығып, екінші нөмірі тұтқындалды да, билік тарапынан мүлдем жауып тасталды. Сол жылы Троицкіде «Қазақ газеті» жарық көрген еді, ол да өкіметке жақпай, тез жабылып қалды.

5

1905-1907 жылдары революциядан кейін қазақ қайраткерлері негізінен оқу-ағарту саласына күш салды. Жұрттың мұң-мұқтажын ұлттық басылымдар беттерінде қозғап жүрді. Әуелі Ордада (Ханская ставка), одан Оралда екі тілде «Қазақстан» газеті (1911-1913), Троицкіде «Айқап» журналы (1911-1915), Орынборда «Қазақ» газеті (1913-1918) шығып тұрды.

Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде, 1916 жылғы 25 маусымда,  Дала және Түркістан өлкелеріндегі бұратаналарды майданның қара жұмысына алу жайындағы патша жарлығы ұлт-азаттық көтеріліс өртін тұтатты. Өлкелерге үкімет жазалаушы әскери күштер шығарып, қарсылық ошақтарын қарулы күшпен басты. Орын алған заңсыздықтар 4-ші Мемдума мәжілісінде қаралды.

Батыс майдандағы солдаттарға жәрдем беру мәселелерімен шүғылданатын «Земгорсоюз» құрамында Әлихан Бөкейханның тікелей іс-әрекеті арқасында Өзге тектілер (Бұратаналар, Инородческий) бөлімі ашылды. «Қазақ» газетінің ұйымдастырушылық жұмыстары нәтижесінде қазақ оқығандары әр тараптан Минскіге аттанып, осы бөлімге келді де, көтеріліс басылған аймақтардан майданның қорғаныс құрылыстарын салуға алынған жұмысшыларға қызмет көрсетуге атсалысты.

Осында олар Ақпан революциясын қарсы алды. Осы жерден, Әлихан Бөкейхан бас болып, қазақ еліндегі елдік істерде көзге түсіп жүрген оқыған азаматтарға 1917 жылғы 15 наурызда маңызды жеделхат жолдады. Онда бостандық таңы атқаны қуана хабарланды. Құрылтайшы жиналысқа (Учредительное собраниеге) делегат етіп сайлауға лайық азаматтарды таңдай беру керектігі, ескі қазақы кикілжіңді қойып, ел тағдырын тереңнен ойлау қажеттігі айтылды. 

1917 жылғы Ақпан революциясы империя тарихындағы аса зор, дәуірлік оқиға болатын. Монархияның құлауы отарланған халықтар үшін ұлттық азаттыққа шығудың жақсы мүмкіндіктерін туғызған-ды.  Жарқын болашақ жайындағы қуанышқа толы арман-қиял мен тәтті үміт тұнған көңіл күйді іс жүзінде самодержавиенің күйреуі орнатты. Жер-жерден  Петроградқа халықтың шат-шадыман ахуалын тұжырымдап алғыс айтқан, шынайы азаттық, теңдік, ағайындық орнауынан үміттенген жеделхаттар түсіп жатты. Зерттеушілердің ізденістеріне қарағанда, Санкт-Петербургтегі Орталық мемлекеттік архив қорларында құлаған империяның түкпір-түкпірінде өткен жиналыстардан, түрлі қоғамдар мен бірлестіктерден, әртүрлі халық өкілдері мен жеке адамдардан жолданған мыңдаған жеделхат бар. Қазақтар мекендейтін алып аумақты да толқытқан жалпыға бірдей шаттық жайын бейнелейтін сондай жеделхаттардың бірімен танысып көрелік...

1917 жылғы 5 сәуірде Петроградтағы үш адрес­ке: Мемлекеттік дума Төрағасына, Министрлер Кеңесі Төрағасына, Мемлекеттік дума Мұсылман фракциясының Төрағасына жолданған жеделхатта былай делінген:

«Түркістан. Түркістан қаласы мен оның төңірегінен жиналған қалың қауымның жиналысында шаттана сөйленген сөздерден кейін жұрт бірауыздан:  бүкіл Ресейдегідей, күллі мұсылман халықтарының шынайы құрметі мен толық сеніміне ие халық өкілдерінен құрылған жаңа халықтық үкіметке қарсы алу сәлемін және құттықтау жолдауға қаулы етті. Қазіргі таңдағы  салтанатты тарихи сәт біздің жүрегімізді ашық та жарқын болашағымызға деген сенімге лық толтырды, Ресейде ағымдағы сәтте алға шығарылған бірлесулі халық бостандықтарының тезірек жүзеге асырылуын және ескі үкімет тұсында ұлы Ресейдің өгей баласы саналған  мұсылмандар үшін қойылған шектеулердің жойылуын нәсіп ет деп Алла Тағалаға  жалбарынамыз. Түркістан өлкесінде, Қазақ даласында және Кавказда болған оқиғалар кезінде ескі үкіметтің мұсылмандардың жаны мен тәніне салған жарақаттарын жаңа үкіметтің жазып-дұрыстауын зор үмітпен сарғая күтеміз.  Бүкіл Ресей тәрізді бір ортақ тілекке бірігіп-қосылған мұсылмандар жаңа үкіметті қолдауға бекем бел буып отыр. Біз жаңа үкімет мүшелерін, жасалған өзгерістің барлық қаһармандарын және солар арқылы жаңа Ресейді  бірауыздан және қуанышпен құттықтаймыз. Жаңарған, еркін, біртұтас және тең құқықты Ресей жасасын! Мұсылман жиналысының уәкілетті төрағасы Садық Өтегенов». («5/IV-1917. Петроград. Три адреса: Председателю Государственной думы, ­Председателю Совета Министров, Председателю мусульманской фракции ­Государственной думы.

6

Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы мақсатты түрде қарқындай дамыды. Барлық қазақтар мекендейтін облыстарда 1917 жылғы сәуір, мамыр айларында қазақ съездері өткізіліп, қазақ атқару комитеттері сайланды. Шілде айында Орынборда  алғашқы жалпықазақ съезі өтті. Желтоқсандағы ІІ Жалпықазақ съезінде Алаш (Қазақ) автономия­сы, оның орталық үкіметі («Алаш-Орда» Халық Кеңесі) сайланды. Ресей империясы ХХІ ғасырда мүлдем жойған қазақ мемлекеттілігі осылай, ХХ ғасырда,  1917 жылғы 12 (25) желтоқсанда қайта жаңғырды. Алдағы уақыттарда елдегі өзге ұлт өкілдерін бауырына тарта отырып, біртұтас қазақ ұлттық мемлекетін жасап шығу міндетін жүзеге асыру керек-тұғын. «Алаш-Орда» Халық Кеңесіндегі 25 портфельдің 10-ын орыс және басқа ұлттар өкілдеріне беруді, яғни Алаш үкіметі құрамында қазақ халқынан 15 министр және орыс пен басқа ұлттар өкілдерінен 10 министр болатынын съезд арнайы атап көрсеткен болатын.

Алайда Ресей Республикасында әскери төңкеріс жасап, билікті қолына алған большевиктер бұрынғы империя аумағындағы халықтарға азаттық әкелеміз деген жалғандыққа жақын ұранды жалаулатып, бұрынғы империяның ұлттық бірліктерге ұйысқан сынықтарын қызыләскер күшімен қайта жинастыруды қолға алған-ды. Ол құлаған патшалық империяның орнына, іс жүзінде, қатаң орталықтандырылған жаңаша тұрпатты советтік империя құрумен шұғылданған еді. Қоқанда шаңырақ көтерген Түркістан автономиясы мен оның үкіметі большевиктер тарапынан 1918 жылғы ақпан айында құлатылды, қала қаусатылып, халқы қырғынға ұшыратылды. Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери-революциялық комитет 1920 жылғы 5 наурыздағы қаулысымен  «Алаш-Орда» үкіметін біржола жойды, Батыс Алашорда басшыларын Мәскеуге жіберіп, оларды қазақ еліне совет өкіметі әбден орныққанша қайтармау жайында шешім шығарды.

Кеңес үкіметінің ұлттық құрылымдарға қарсы жасаған бұл әрекеттері болашақ саяси репрессиялардың басты сипатын айқындады. Бұл жайында алдағы уақыттарда толығырақ әңгімелейміз.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымының кандидаты,

Репрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі

мемлекеттік комиссия мүшесі

4842 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7200

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6197

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3937

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3328

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3286

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3255

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2983

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2971

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы