• Руханият
  • 29 Шілде, 2021

АЛАШШЫЛ АЗАМАТТАР ТӘРБИЕЛЕГЕН

Ана құдіретінің қадірі мен қасиеті мынау жалған дүниеде ешбір құндылықпен таразыланбайтыны анық. Міне, Ана құдіретінінің шексіз де, шектеусіз қасиетін дана халқымыз ғалам тіршілігінің құнарлы көзі, тіршілік төрі аталған қара жерді – Жер Ана, Қазақ тілін – Ана тілі деп дүниенің бастауын да Ана есімімен қатар атаған. 

Сонау Кеңестік кер заманда Қазақ халқының ана тілі – қазақ тіліне сына қағып, қазақ тілінің тынысын тарылтып, тамырын солдырған тұста болашақ ұрпақ ана тілінен алыстай түссе ұлттық болмысымыз бен құндылықтардан, қазақ тілінің бай қолданысынан мүлде ажырап, ұлттың тілі жойылса түбі өзінің де жойылуына қауіп төнерін біліп, ана тілінің қызғыштай қорғаушысы болған Роза Салықбаеваның да сол кезеңдегі ұлтқа,  тілге деген сүйіспеншілігі мен қажырлы еңбегі ерен екені даусыз. Ана тілінің саф алтыны, кәусар бұлағы бастау алатын ауыз әдебиет пен жыр-дастандарды оқушыларына жата-жастантып оқытқан, қазақ тілі мен әдебиет пәніне оқушылардың зейінін аударып, қызығушылығын оята түскен қазіргі Үлкен-Қаратал ауылының Қазақстан мектебі, сол кездегі С.М.Киров атындағы 8 жылдық мектебінде Роза Сейітжанқызының 45 жылдық ұстаздық жолындағы ұлағатты еңбегі ел жадында жыл өткен сайын жаңғырып, тарихи танымдық кезеңге айналып келеді.

Роза Сейітжанқызының балалық шағы қазақ даласына төнген жаппай ашаршылық зұлматпен тұспа-тұс келді. Одан кейінгі Алаш зиялыларының қуғын-сүргінге ұшырауы, Қазақ ұлтына, ана тіліне жанашырлық танытқан азаматтарды «Халық жауы» атап, жазықсыз оққа байлау секілді саяси қасыретті көрген Роза апай қалай да қазақ ұлтының болашағы, ана тіліне, оның болмысына аянбай тер төгіп еңбек етуді іштей міндет етіп, сол жолда айқын мақсатқа жетуді мұрат тұтқаны анық. Қазақ ұлтының болашағы үшін күрескен зиялы қауымның бірі қалмай атылып, енді бірі итжеккенге айдалып жатты. Бұндай аласапыран заманда қаршадай қыздың қолынан келері тек қана ұлттың болашағына саясатпен емес, біліммен қызмет ету болатын. Осы жолда қиын да болса шалғайдан суырылып шығып жоғары оқу орнына түсіп, қазақ тілінің тағдырына араша түсіп ұрпақ тәрбиеледі. Роза Салықбаева сол жылдардағы Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтқа қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығына оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтап, ұлы жолдағы мұратына аянбай еңбек етуде Үлкен-Қаратал ауылының С.М.Киров атындағы 8 жылдық мектепте мұғалім мамандығы арқылы ұмтылды.

Роза апай Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангер, Үлкен-Қаратал ауылының С.М.Киров атындағы мектептің химия және биология пәнінің мұғалімі,  ұлағатты ұстаз Оразбай Есдәулетовпен шаңырақ көтеріп, ұстаздар әулеті 8 бала тәрбиелеп өсірді. Қазақ халқының өнері мен әдебиетіне, мәдениеті мен білміне үлес қоссақ деген ұстаздар әулетінің ұрпақтары ана мен  әкенің үмітін ақтай білді. Бұл жолда, әрине, отанасы Роза апайдың еңбегі орасан зор. Тілге шешен, терең білімді,  жаңашылдыққа құмар Роза апай   ұлтымыздың бүгіні мен болашағына, әдебиеті мен таным тағдырына жемісті қызмет етуді өзінің отбасынан, балаларынан бастауды мақсат етті. Бүгінгі таңда Есдәулетовтар отбасының ұрпақтары Қазақстанның түкпір-түкпірінде әр саланың майталман мамандары. 

Ұлықбек Есдәулетов – Роза апайдың мақтан тұтқан оқушыларының бірі әрі ұлы. Анасының тәрбиесі мен ұстазының білімін бойына сіңіріп, бүгінгі таңда қазақ халқының айтулы ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Қазақстан Мемлекетік сыйлығының, Қазақстан журналистика академиясының «Алтын жұлдыз», Ресейдің «Алтын Есенин» медалінің, «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Ұлықбек Оразбайұлының бар жетістігі мен жемісті еңбегі анасы әрі ұстазы Роза апайдың қажырлы еңбегі, қазақ әдебиетінің тұнығынан сусындатқан, талапты шәкірті әрі баласының рухани шамын жаққаны мен ұядағы тағаны мықты тәрбиесінің арқасы.

Қазақ өнеріне Роза апайдың қосқан сүбелі үлесі балаларының еңбегі.  Бағдат Есдәулетова мен Рүстем Есдәулетовтың орны ерек қой. Ана жолын музыка саласының ұстаздығымен жалғастырған, сазгер-ақын, қаламгер Бағдат Оразбайқызының 60-тан аса әнге жазылған әуендері мен өлеңдері қазақ ән өнеріне қосқан сүбелі үлесі деп білеміз. Жиырма жылдан аса уақыт бойы Зайсан қаласындағы балалар музыка мектебінде жас таланттарға сабақ берді. Қаншама өнерлі шәкірт тәрбиеледі. Облыста мәдени салада басшылық қызметтер жасады. Сонымен қатар ғылыми қызметпен белсене айналысты, халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысты, «Адамның руханиятын қалыптастыру» тақырыбында мақалалар циклін жазып, басып шығарды.   Еңбектері бағаланып ҚР Құрмет грамоталарымен, ҚР Президентінің «Алғыс хатымен», «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл» және «Қазақстан Республикасы мәдениетінің үздігі» медальдарымен марапатталды.

Егеменді Еліміздің театр және кино өнерінде құйрықты жұлдыздай жарқ етіп сөнген Рүстем Есдәулетовті өнер сүйер қауым әрі шығыстық жұртшылық ерекше құрмет тұтады. Жасындай жарқ еткен Рүстем қысқа ғана ғұмырында бір ғасырлық іс атқарған жас дарын иесі.  Режиссер, театр және кино актері, ақын, драматург – Рүстем облыстық Жамбыл атындағы драма театрының директоры әрі бас режиссері қызметін атқара жүріп, қазақ ұлттық сахна өнерінің дамуына елеулі үлес қосты. Ол басшылық еткен ұжым бірнеше рет халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанған.

Рүстем Оразбайұлы көпшілік өнерсүйер ағайынға талантты актер ретінде де танылған. Көпшілік көрермен мен кино мамандарының жоғары бағалауына ие болған, танымал «Лаве» фильмінде басты кейіпкерлердің бірін ойнаған. «Шәкен жұлдыздары» кино-фестивалінде «Бес тиын» көркем шығармасы үшін арнайы марапатқа ие болды. Қазақ әдебиетіне де өзіндік үлесін қосты. «Бөрінама» атты жыр жинағы жарқ көрді. Жасындай жарқ еткен Рүстем мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері атанды. Қысқа ғана ғұмырында қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосқан дара тұлға Рүстемнің еңбегі әлі де жоғарыдан бағаланып, ардақталатынына сенімдіміз. Тағдыры тым қысқа болды, марқұмның халқына берері әлі де ұшан-теңіз еді.

Білім мен ғылым жолында әрі қазақ тілінде қазақ журналистикасын, баспа ісін дамытуда Қазақстанға танымал ғалым Айтмұханбет Есдәулетовтің де еңбегі орасан зор. Ана мен әке жолын үлгі тұтып, ана тілі қазақ тілінде кенжелеп жатқан қазақ журналистикасы мен баспа ісін жаңа бағытта дамытып, мықты мамандар даярлап шығуда  Еуразия ұлттық университетінің баспасөз және баспа ісі кафедрасының доценті, филология ғылымының кандидаты Айтмұханбет Оразбайұлының ғылыми жаңалықтары мен зерттеулерінің орны бөлек. 

Роза Сейітжанқызы балаларын қалай жақсы көріп тәрбиелесе, мектептегі оқушыларын одан бетер жақсы көріп тәрбиелей білді десек артық айтқандық емес. Роза Сейітжанқызының шешендігі мен біліктілігіне, ұстаз алақанының мейірімі мен даналығына куә болған сан мыңдаған шәкірттері әлі күнге дейін сол кезеңдерін сағына еске алады. Роза Сейітжанқызы 45 жыл табан аудармай шағын ғана Үлкен-Қаратал ауылындағы С.М.Киров атындағы 8 жылдық мектепте қызмет етті. Шағын ауылдан Алашқа аты мәшһүр ұлдарды тәрбиелеп шығарды. Қалам ұстаған оқушылары Зайсан атауын әлемге танытты.             

Оқушыларының ішінде әр шығармасында кейіпкеріне Роза апайдың есімін қойып, қазақ әдебиетіне соның ішінде жасөспірім мен балалар әдебиетінің тұғырлы тұлғасына айналдырған, ­туындысымен Зайсан ауданын  әлемге танытқан оқушысы, рухани шәкірті ­Марат Қабанбай еді. ­Марат Қабанбай Роза апайдың оқушысы. Алғаш өлең жазғанда талабын ұштап, әдебиет әлеміне жетелеген де мұғалімі. Қабанбай қатардағы журналистен, редакторлыққа дейін өсіп, еліміздегі алдыңғы қатарлы газеттерде өзінің дарыны мен білімінің арқасында еңбек етті. Әдебиет әлемінде Мартин Андерсен-Нексе атындағы халықаралық сыйлықтың, Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы сыйлықтарының иегері атанды.  Оқушысының бойындағы қасиетін танып біліп, рухани көзін ашып, таланты мен талабын бір аранаға тоғыстырып, алғашқы қадамына себепші болған ұстаздың ерен еңбегі екені анық.

Қазақ әдебиетінің тағы бір шоқ жұлдызы, есімі ғылым мен әдебиетте қатар аталатын, Роза Сейітжанқызының шәкірттерінің бірі - Асқар Егеубаев. Бала Асқардың оқушы кезінде оның бойындағы қабілеті мен дарынын байқаған ұстазы Роза апай алғашқы тырнақалды туындылары мен өлеңдерін аудандық «Достық» газетіне бергізіп, бала ақынның әдебиет әлеміне деген қызығушылығын қалыптастырды. Ұстазы нұсқаған жолды таңдап, бойындағы талабы мен талантының арқасында Асқар Егеубаев Қазақстанға танымал ақын, ­аудармашы, сыншы, филология ғылымының докторы атанды.

Бұл біз танып, білген ұлағатты ұстаз  Роза Сейітжанқызы Салықбаеваның бір топ шәкірттері ғана. Роза апайдың Республикаға танымал, ғылым мен білім саласында, мәдениет пен әдебиет саласында табысты еңбек етіп жүрген шәкірттері қаншама. Саналы ғұмырын білім саласына арнаған ардагер ұстаз Роза Сейітжанқызы мемлекет тарапынан өз уақытында жоғары бағалана білді.

«Алты Алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімдікі» деген М.Жұмабаев. Мұғалім алдынан білім алып, қазақ қоғамына жанашыр, қайраткер, ақын болып, тарихи тұлғаға айналған Мағжанның өзі ұстаз еңбегін жоғары бағалап, сөзден мәңгілік ескерткіш тұрғызды. Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті, Елбасы Н.Назарбаев «Ұстаз мәртебесін көтеруді», «Рухани жаңғыртуды», қиын кезеңдерде Білім ­саласына қажырлы еңбек еткен тұлғаларды өскелең ұрпаққа насихаттап, өнеге етуді тапсырса, осы бір киелі ұғым мен саналы істі жаңғыртып, ұстаз мәртебесі мен беделін арттыруда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та біршама ұлағатты істерге бастамашы болып отыр. Шығыс Қазақстан ­облысы Зайсан ауданында Роза Салықбаева қажырлы еңбек еткен білім ордасы, М.Қабанбай, А.Егеубаев, Ұ.Есдәулетов сынды ұлт мақтаныштары білім алған мектеп сонау кеңестік идеологиялық атаудан әлі арылар емес. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында кеңестік қиын кезеңде ұлттық идеологияны білім саласында балаларға өте сауаттылықпен сіңіріп, ана тілі қазақ тілінің жойылып кетпеуіне жол бермей, ұлттық болмысты әдебиет әлеміне қалыптастыра білген ұлағатты ұстаз – Роза Сейітжанқызы Салықбаеваның есімі ұстаз рухының құрметіне 45 жыл еңбек еткен Үлкен-Қаратал ауылындағы «Қазақстан» орта мектебіне берілгені заңдылық. Аудан халқы да, ауыл халқы да бұл жолда бірнеше рет ұсыныс білдіріп бастама көтерген ­болатын.  

        Еркебұлан ЗАҒЫПАРОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

1434 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7041

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6125

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3863

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3256

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3211

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3185

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2913

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2901

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы