• Руханият
  • 05 Тамыз, 2021

ЖҰЛДЫЗЫ ЖОҒАРЫ ЖҰМАБЕК-ЖЫР немесе әкімдерді әкіреңдетпеген ақын туралы

Жүрек пен ақыл

Жетпісінші жылдардың екінші жартысы мен сексенінші жылдардың басында өз тұстастарынан дарынымен дараланып, рухани орта мен әдебиет сүйер әлеуметке кең танылған ақындардың бірі – Жұмабек Мұқанов болатын. Шалғайдағы Шардарадан шыққан шайыр бала бесігінен уызына жарыған, ата көрген, әке көрген, солар арқылы халық ауыз әдебиетіне қанып өскен. Қазақстанның әр түкпіріндегі аға буын қаламгерлер шығармаларынан бөлек, Орта Азия елдеріндегі ақын-жыраулар ­поэзиясымен де жете таныстығынан сөз өнеріне ынта-ықыласы ерекше болған. Өйтетін де жөні бар. Егер ақ тауды айырып, қара тауды қайыратындай қарқынын сезінбесе, тілімен тас жарарына сенбесе, әдебиет әлеміне жас кезінен жасқанбай аттай алар ма еді? Қабілетіне күмәнді, шабытына шүбәлі болса «Өлеңге» деп қаламға серт беріп, былай деуге батылы барар ма:

Жөңкілмесе соны ізбен көшім менің,

Оу, өлеңім, сен мені кешірмегін.

Тірі жүрсем табармын соқпағымды,

Амалым жоқ, үзілсе тосын демім.

 

Араздықтың бұлты да торламасын,

Арамызда шекара орнамасын.

Азабыңнан қаймығар жан емеспін,

Қорғаласа – жасықтар қорғаласын.

 

Жанар болсаң – мен сенің кірпігіңмін,

Жамау болсаң – сондағы жыртығыңмын.

Бұлт болсам – сен өзің нөсерлетші,

Атылатын оқ болсаң – мылтығыңмын.

 

Қуансақ та біз бірге қуанайық,

Суалсақ та біз бірге суалайық.

Жүректерде жалын боп үрленейік,

Өлер болсақ екеуміз бірге өлейік!

«Тіл-көз» деген өлеңінде жырлары газет-журналдарда ертеден-ақ жарияланып жүрген бозбала ақын өзін сақтандырмақ болған үлкендердің ырымынан да ықпапты. Тіл-көз тиетіндей ақын болсам ғой деп армандайтынын қайтерсің?!

Жұмабектің жас кезіндегі мұндай өлеңдері көп-ақ екен. «Өзіме» деген өлеңінен де жырдың жолына, сөздің соңына түскен кездегі арманын аңғарасың.

Ол да замандас қаламдастары сияқты қолтаңбасы қалыптасқанша ізденіс кезінде көбіне Төлегенше тебіренеді («Көктемді аңсау»). Мұқағали мен Меңдекешті жырлағанда да: «Қалдырған әсер көп маған...» дегеніндей, аға ақындарынан алған әсерін анық аңғартады. Сірә, жас кезінде жазғандары болар, «Менің махаббатым» өлеңінде де Айбергенов ықпалы бар. «Биіктік», «Арман» сияқты арнауларынан оған еліктегенін байқауға болады. Сондай-ақ Төлеген ақынның «Апаларым» өлеңінің ізімен, соның сарынын сақтай отырып жазылған «Інілерім» деген өлеңіндегі ойлары қорғасындай оп-оңай балқып, дайын қалыпқа құйылып түскен.

Неге екенін, мені Жұмағамның «Хош, жиырма!» деген өлеңі өзгеше ойландырды. Бір оқығанда екі-үш рет қайталадым. Алдыңғы өлеңдеріндегі өзі айтпақшы, сыршыл, жыршыл жас, аз уақытта ақыл тоқтатқан азаматқа айналып шыға келгендей болды.

Басқа арнамен мен енді қозғаламын,

Ағалыққа ұмтылып сөз бағамын.

Үлкендердің мен енді тонын кием,

Шешіп тастап жейдесін бозбаланың...

Ерте есеюге асыққан адамның әдетте жүрегін ақылына еріксіз бағындырып қоятыны бар. Ал ақын үшін болашақта бұл тәуелділіктің өкініші ауыр болуы мүмкін. Өйткені бұлақ көзін ашқандай өлең-жырдың қайнарын кеңітудің орнына, керісінше, көкірегіңдегі тегеурінді толқынды саналы түрде тежеп, бөгегеніңдей ғой...

Есенғали мен Темірхан

Е.Раушанов пен Т.Медетбекті Ж.Мұқановпен тек географиясы мен биографиясы ғана байланыстырып қоймайды. Олар – әдеби шығармашылық жолдары да қатар өрілген замандас қаламгерлер.

Келешекте классикке айналмақ жас ақын Есенғали Раушановтың 1980 жылы «Бастау» деген тұңғыш жыр жинағындағы «Солмашы, жауқазыным (Жұмабекке)» деген өлеңін оқыған жанның жүрегі елжіремей қоймас. Онда бала кезінен бірге өскен арманшыл, қиялшыл жастардың қоңыр қаздардай жұп жазбай жүрген күндері көз алдыңызға келеді:

Дарияның бойы еспе құм еді,

Естелік еді бұл да бір.

Сәуірдің бұлты көшкелі бері,

Сескеніп еді қырда гүл.

 

Қырдағы гүл... ол – жүрегің еді,

Түнеріп еді қырат бел.

Сыр толқындары біледі мені,

Біледі мені.., сұрап көр.

 

Ауламызда өскен бар еді ­шынар,

Айту да қиын тілменен.

Көрші қыз, рас, әдемі шығар,

Көркем ғой бірақ жыр деген...

Алғашқы махаббаты өлең-жырға ауып, баяғы бала махаббаты – көршінің көркем қызынан да жырақтап жүрген күндерінде қос қоңыр қаздың бірі дертті екенін біліп, сыңарына сырын айтыпты. Оған қосыла қайғырып-қапаланған сол кездегі жиырма жасар жігіттің аппақ көңілді достық тілегі шығар, бәлкім, науқас жүрек иесінің одан кейінгі өмірінің қырық жылға дейін ұзара түскені...

Жұп жазбай самғап келеді қаздай,

Ертерек ұшқан қос көңіл.

Шерлі жан едің, шеменің аздай,

Өлеңнің дертін қосты өмір.

 

Жар етіп жанған жас қылықты арман,

Жалт беріп кетті болып мұң.

Мен сонда сенің бастығып қалған

Өр дауысыңнан қорықтым.

 

Жалғыз жүрген соң жағалауда әман,

Жалығыпсың-ау, соны ұқтым.

Мен сонда сенің жаңа лаулаған

Қиялдарыңнан қорықтым.

 

Көрінсе деп ем көшің ілгері,

Жосыла түсіп жолдарың.

Хатыңды ашарда осы күндері

Дір-дір етеді қолдарым.

 

...Ұзатып салдым жанарымменен,

Жазықсыз, бейқам қаздар-ай.

Жазира қырға жаралы үнменен

Жалғыз ұшуды жазбағай!

1978 жылы жазылған осы өлеңде айтылғандай, жаралы үнмен жазира қырға қырық жылдан кейін қаңқылдап жалғыз ұшқан қаздың сапары – дос қазасы үшін еді... Бір-біріне: «Мені тастап кетуші болма!»  деп қол алысып, сөз байласқан ақындардың уағдасын ақыры Жұмабектің жаралы жүрегі бұзып кете барған...

Жұмабек «Бақытқа барар жолда» деген диалог-өлеңінде қазан айының қараңғы бір түнінде аурухана палатасындағы екі сырқаттың (соғыс ардагері мен жас жігіт) сырласуын хатқа түсіріпті. Жоғарыдағы сұрағыма содан жауап тапқандай болдым. «Элегия» өлеңінен ақынның ауруханадағы ахуалын сезіндім. Ал енді «Сырқаттан соң» деген өлеңі – Есенғали досына жауабы сияқты...

Қуанышты да, қайғыны да ақылынан бұрын жүрегімен қабылдайтын ақынның жанын ақыннан артық кім ұқсын?! Ақынның мінезін ақыннан артық кім танысын?! Жұмабектің жанын ұғып, мінезін білетін рухтас ағасы, Көк түріктер сарынын жаңғыртқан әйгілі ақын Темірхан Медетбек сол үлгісімен інісіне жазған жанашырлық жырында ескертетіні бар:

Жұмабек!

Бірде бәріне төзетін

Кеңсің, байсалсың.

Бірде басыңды кессе де

Қайтпайтын қайсарсың!

 

Енді бірде

Құмырсқа шаққан адамды да

Жылан шаққандай аяп жүресің!

Ал кей кезде бәрінен безініп,

Қағынан жеріген құландай

Саяқ жүресің!

 

Сені түсіну қиын!

Кейбір кездерде

Болмайтын нәрсеге де

Бордай езіліп құлап тұрасың!

Бірақ сен тіресетін кездерде

Бүгіліп, иілуді білместен

Сексеуіл сияқты

Күтір-р етіп бір-ақ сынасың!

Бәсе, Жұмабек ақынның сексеуілді жиі жырлап, көп айтатыны – табиғатының жақындығынан да бұрын, жанымен ұқсастығынан екен ғой. Бұл туралы тағы да таратыңқырап жазармын. Өлеңді еріксіз бөліп жібергенімді байқамай қалыппын. Ары қарай:

Ондай кездерде

Айналаңды алақұйын етіп,

Жындай қуырып кетесің.

Орай да борай соғып,

Құмдай суырып кетесің!

 

Абай бол!

Жұлдыз боп көгімнен

Ағып кетпеші!

Өз отыңа өзің өртеніп,

Жанып кетпеші! –

депті. Айтудай-ақ айтқан ғой. Түбінде өз отына өзі өртеніп кетерін өзінен бұрын өзгелер білген екен де. Ғапыл-дүние! Пәруана-пенде! Сексеуіл-тұлға!

***

«Айтамыз біздер ақын деп – адамды шоқ боп маздаған. Ақынға керек ақыл көп, асаулық керек аздаған...» Қадыр Мырза Әлидің осы сөзін Жұмабек інісі өзіне қағида қылып алғандай. Асаулығын тежей алмаса да, ақылын арттырып барып, жаралы жүрегінің қабынуын басқан ақын шығармашылығы «Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталуы тиіс» деген Мұқағали Мақатаевты да растап тұрғандай. ­Шынында да, махаббатпен басталған Жұмабек жырлары жылдар өте парасатты поэзияға ұласыпты.

«Әкім мен ақын дос болса...» деп басталатын әлқиссасы – халықтық нақыл сөздер үлгісінде термелеп айтылған толғау сияқты. Ал оның жалғасы ретінде «Есін жиғызса есті өлең...», «Ақындар өмір көшінде...» сияқты екінші, үшінші өлеңдерінде алдыңғы ойлары айшықтала түседі.

Келесі «Әкім кетті... Әкім келді...» деген өлеңі, басқаны білмеймін, мені бейжай қалдырмады:

Әкім кетті...

Әкім келді...

Ой, тобам!

Араздасам ба?

Арпалысам ба қайтадан?

«Дат! Дат, тақсыр!» – деп

Қаламсабым қарап тұр.

Шамамды мың сан байқаған,

Шалабымды талай шайқаған.

...Шалқасынан шаршап жатыр Шардарам,

Мен қалайша жай табам?!.

«Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады» деген Ата Заңның белгілі баптарына сеніп, ел мен жерге жанашырлықтан сыни материалдарын батыл жазып жүрген журналистің есіл уақыты түрлі деңгейдегі соттардың табалдырығын тоздырумен де өтті-ау. Жә, өлеңге оралайық:

...Хақ Тағалам қанағат пен сабыр берсе...

Ел де – тыныш...

Мен де – тыныш...

Ол – тыныш...

...Төрімдегі ақ семсерге қараймын,

Махамбеттің басын кескен – сол қылыш!

«Қауіп қайдан болса, қатер – содан». Бүгінгі қару – баспасөз ғой. Оның үстіне «Ықыластар» да өз әріптестері арасынан шығып жатты. Сексеуілді сексеуілмен ұрып сындырмақ болған әкім-қаралардың айдап салуымен, солардың сойылын соғып, сөзін сөйлеп жақтаушылар мен ақтаушылардың және Жұмабектің өзін даттаушылардың қарсы мақалалары да іле-шала жазылып жатты. Ақпараттық таластар бойынша қоғамдық сараптама орталығының мамандары автордың кейбір мақалаларының мәтініндегі әр сөзіне дейін шұқшия талдаған кездері болды. Мақаланы қойып, қарсы жауаптарында өлеңдеріндегі оқшау ойлары үшін кінәлауға тырысып бақты. Одан ығатын, одан бұғатын Мұқанов қайда?! Батырдың бес қаруы сияқты бесаспап қаламгерлігімен қасарысудан қайтпайтын. Өз кезегінде ол да сараптамалық мақалаларымен, журналистік зерттеу репортаждарымен, басқа басылымдардағы сұхбаттарымен, ашық хаттарымен, өлеңдерімен оппоненттерін үсті-үстіне төпелеп, ақпараттық соққымен есінен тандыратын.

Сондағы ең көп жазатын негізгі мәселесі – Шардараның шешімі табылмай шиеленіп қалған өзекті проблемалары. Оны өлеңдерінен де оқи аламыз. «Беймаза кезең, беу, дүние...» деп бебеулеген бәйітінде тоқыраған ауылдың, дағдарған қауымның, күйі кеткен кезеңдегі күйбең тірлігін қаз қалпында көз алдыңа елестетеді.

Шарт сынасың да шамырқанасың,

Ақтарып тастап дамыл табасың... –

деп, жазып болғаннан кейін ғана жүгі жеңілдегендей, көңілі жайланады.

Қашан да халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүретін Жұмабек Сейілханұлының қайраткерлік тұлғасын таныған жазушы, Қазақстанның Құрметті журналисі Захардин Қыстаубайұлы «Сайланбаған депутат» деген тақырыппен мақала жазып еді («Қазақ әдебиеті», 07.10.2016). Мұндай жылы лебіздер оның көзі тірісінде-ақ аз айтылған жоқ. Өмірден өткен соң жылы сөздер мен ыстық лебіздер жаңбырша жауды.

Ақындық пен азаматтық

Жалпы Жұмабек жырларында, әсіресе ­зайырлы қасиет иелері жайлы жазғанда тірінің мерейі үшін өлінің үрейін құрметтеу дәстүрге айналған. «Қарабура әулиенің асында», «Бабалар рухына тағзымында», «Абай ескерткішіне мұң шағуында» сөзбен сыйынып қана қоймай, сол асты ұйымдастыру шараларына тікелей атсалыса жүріп, ұлы тұлғалар ескерткішінің бой көтеруіне себепші болып, сондағы әсерлерімен де бөліседі.

«Жаңаөзен жарығым-ай» атты азалы зарында 2011 жылы әлеуметтік әділетсіздікке төзбей, ақ-адал ақысын талап еткені үшін қырғынға ұшырап, саясаттың құрбаны болып кеткен қыршын жастар мен құқы тапталып, сергелдеңге салынған қаралы қауым үшін қабырғасы қайысып тұрып қайғырады. Осы қан-қасап пен қиянатқа қатысы бар шенділер мен шекпенділерді 2013 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Жадымдасың, Жаңаөзен!» кітабын алып, оңашада болса да, мұқият оқып шығуға шақырамын! Ондағы ашынған ақындардың еттен өтіп, сүйекке жетер сөздерінен ар азабын сезініп, шын өкінсе, әріптестері мен ізбасарларына сабақ болар ма еді деген ізгу ұсынысым бар. Жұмабек ағамның жүрегі бар жанды ойландырмай қоймайтын жыры да солардың қатарында!

Автор экология мәселелерін де назардан тыс қалдырмаған. «Сексеуіл қашып барады адамдардан» деген өкінішті өлеңі – соның дәлелі. «Бақылау мен жанашырлықтың жоғынан, есепсіз пайдаланудан Қызылқұм алқабында сексеуіл, жүзген, жыңғыл, тағы басқа бұталар мен өсімдіктер сиреп барады. Ғалымдар адамдардың қатыгездігі мен жауапсыздығынан таяу болашақта бұл өңірде алапат құм көшкіні басталатынын болжап, алаңдаушылық білдіруде» дегенді газеттен оқып, сары уайымға салынады.

...Сексеуіл қашып барады қарайламай,

Айбалтаны сілтедік абайламай.

Тірегінен айырдық Қызылқұмды,

Жүрегі жоқ қатыгез адамдар-ай!

Нәпсіге нәубет болған надандар-ай!

Қандай ауыр айыптау?! Ақыннан осыны тілеп алғандар осылай осып айтпауға мүмкіндік қалдырмай, ашып айтуға мәжбүрлеп тұр ғой. Басқа тұрғындар үшін бұл – көмірді қымбатсынып, отын ретінде пайдаланып жүрген халықтың қалыпты қарекеті, ал табиғат ресурстарын қорғаушылар үшін – броконьерлік болар. Ақын үшін – опырылған әр бұтағы мен діңінен қопарылған әр түп сексеуіл – тамырларын суырып, жүрегін жұлып жатқандай жан түршіктірерлік жағдай.

Мен Жұмахаңның сексеуіл тақырыбын бекер таңдап алып отырған жоқпын. Ақынның бойында да сексеуілге тән қасиеттер бар. Ол – Маңғыстаудың түлейінен туған түлек. Орта Азия мен Оңтүстік өңіріміздің де құмды, шөлді, сортаң, тақырларын жерсіне алған, табиғатынан төзімді жаратылыс иесі. Үнемі ұйтқи соққан желден құм көшкінін тоқтатуға, жан-жануарлар мен жәндіктердің паналауына ыңғайлы өсімдік сияқты – Жұмабек ағамыз да айналасына қамқор, жақындарына қорған бола білген жанашыр азамат. Жұмабектің де сексеуіл секілді морт сынатынын, әп сәтте өртеніп кетуге бейім тұратынын сөз басында Темірхан Медетбектің мінездемесінен білдік. Ыстығы көмірден қалыспайтын сексеуіл шоғы сықылды Мұңал Шоғы Жұмабек те қызуқанды қылығымен от пен шоқ сияқты өмірден маздап өтті. Жылуы әлі біразға дейін басылмайтынын да білеміз...

Ж.Мұқановтың тағы бір таңдайқата тақырыбы – саз өнері мен сөз өнері һәм өнер иелері ­туралы. Оның «Татьяна Бурмистрова шырқаған ән», «Он төртінші соната», «Ойпырмай, мынау әннің керімін-ай» сияқты өлеңдері «әсем ән мен тәтті күйге» тамсанудан туған. Жырақта жүрсе де әдебиет алыптары Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оңғарсынова екеуімен Жұмабек інісіндей жақын араласқан қаламгер жоқ шығар. Ардақты ағасы мен аяулы апасы рухтас бауырының барлық бастамаларына үн қосып, ақыл-кеңестерін беріп келген екен. Сондай-ақ Ханбибі Есенқарақызы ақынмен де қатты сыйласқаны бірнеше арнауларынан белгілі. Әнші, композитор досы Лесбек Амановқа жазған өлеңінде автор өз жайын да жыр қылып, сыр қылып ақтарады.

Поэзия мен публицистика

Өлеңдеріндегі әр алуан тақырыптарындағыдай, журналист Ж.Мұқановтың басқа кітаптарының да бағыттары әртүрлі. Жаңаөзенде мектеп оқып жүрген кезімде менің қолыма тұңғыш тиген – «Ширек ғасыр шежіре» деген атпен 1994 жылы құрастырылып шыққан Шардара тарихы туралы шағын кітапша еді. Ол жинақтың шыққанына тағы ширек ғасыр өте қойыпты. Бөлем Шәудірбайұлы Айбек «Ағаңның кітабы» деп сыйлаған болатын. Содан бастап, әр жылдары жарыққа шыққан Жұмабек ағамыздың барлық туындыларын оқып келемін.

Тауда туып, таста өскен, ағайыннан басқа өскен тағдырлы жан, Ресейдің көрнекті саяси тұлғасы, мемлекет және қоғам қайраткері жайын­да «Губернатор Аман Төлеев» деген кітабы оқырманның сұранысына байланысты бірнеше рет қайта басылған (2003).

Туған жері Өзбекстанның Самарқанд облысына қарасты Нұр Ата өңіріндегі Әйтеке би жатқан бейітіне бірнеше рет ғылыми, көпшілік экспедициялар ұйымдастырған ағамыз «Әйтеке би» қорын құрып, қоғамдық қызметтер де атқарған. Ұлы бидің басына еңселі ескерткіш орнатып, «Әйтеке бидің ақ жолы» атты жинағын шығарыпты (2009).

Түрлі жанрдағы жазбаларын қамтитын «Шағалалы Шардара» кітабы да жерлестерінің құнды жәдігеріне айналып үлгерді (2009).

Өзінің ата тегі туралы ғана емес, тұтас бір арыс елдің тарихи деректерін қамтитын «Шоғы ­батыр» (2010), одан да ауқымды «Мұңал Ата» (2015) кітаптары жарық көрді.

Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлы өмірден өткен күннен бастап, үш айдың ішінде «Жүз күндік жалғыздық» (2016) атты кітап жазып шығып, марқұмның жүз күндік садақасында таратылды.

2017 жылы жалпы еңбектерінің таңдамалы жинағы жарық көрді.

 Газет-журнал материалдарынан бөлек телевизиялық жобаларға да атсалысып, «Әйтеке бидің ақ жолы», «Шардара – алтын бесігім» деректі фильмдеріне сценарий жазған. Ол өмірінің соңында «Абыздың жары» (Ә.Кекілбайұлының зайыбы ­Клара Жұмабайқызымен сұхбат) атты бірнеше бөлімді телехабарлар дайындап эфирге ұсынды.

Шардарада бір өзі бір одақ болып қызмет етіп, әдебиетте де, журналистикада да шеберлік мектебін қалыптастырып кеткен қаламгердің ізбасарлары барда, әр аймақтағы көзкөргендері – замандас-қаламдастары барда, талғамы биік оқырманы барда оның өміршең өлеңдері мен өнегелі мұрасы болашаққа жалғаса бермек. Жыл сайын дәстүрлі түрде аудандық «Жұмабек Мұқанов оқулары» әдеби байқауы ұйымдастырылып келеді. Түлеп ұшқан мектебінде музей-көрмесі жасақталып, арнайы кабинет ашылыпты. Ақын бейнесі ауылына ескерткіш болып орнатылмақ. Уақыты келгенде көшеге есімі де беріліп, өзіне дейінгі даңқты тұлғалардың қатарын арттырып, алыстаған сайын асқақтай ­бермек.

Бақтыбай ЖАЙЛАУ,

Yessenov University «Өлкетану» ғылыми-зерттеу орталығының меңгерушісі,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

АҚТАУ

 

1963 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7245

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6223

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3964

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3354

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3313

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3282

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3009

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2998

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы