• Руханият
  • 07 Қазан, 2021

ДАЛА ҰЛЫ БОЛМАЙ, ХАЛЫҚ ТА ҰЛЫ БОЛМАЙДЫ

Қазақ отбасы – «демографиялық мектептің үлгісі». «Бір бала – бар мен жоқтың арасы, екі бала – екі көздің қарасы, үш бала – іздің қалған жобасы, төрт бала – төрт көзің түгел болғаны, бес бала – белің биік болғаны, алты бала – алты жұрттың иесі, жеті бала – жеңісіңнің жемісі, сегіз бала – сер-салдықтың сағасы, тоғыз бала – толғандықтың белгісі, он бала – оңнан күніңді тудырар, он бір бала – солдан айды тудырар, он екі бала – жауыңды оңбай тоздырар, он үш бала – бақ жұлдызыңды жандырар», – дейді.
 Қазақ – «Ұлың – өзің, қызың – көзің» деп, ұл мен қызын өмірінің ұлағатына балаған. Қазақ баласын бақытына балайды. «Балалы үй – базар, Баласыз үй – қу мазар» деп өмірінің мәнін баладан табады. Осы тамаша дәстүрдің арқасында сонау көктүріктер заманында көп бала тауып, көп болып бірігіп, ұлы дала төсінде әлемді бағындырған ұлы мемлекетін құрды. Атыраудан Анадолыға дейінгі ұлан-асыр даланы ат тұяғымен дүбірлетті. Жарты әлемді уысында ұстады. Қазақтың осы батырлық тарихы күллі адам баласына аңыз болып тарады. Біздің бүгінгі демография тақырыбын қозғауымызға осындай көп ой түрткі болды.
Белгілі демограф Мақаш Тәтімов екеуміздің шығарған «Дербестігіміз – демографиямызда» атты еңбегімізде осы мәселе жайлы егжей-текжейлі жазылды.

1909 жылғы Ресей деректерінде Қазақстанда тұратын қазақ ұлтының саны 6 миллионнан асады. Ол «Өзбекстандағы өзбектің санынан көп» деп мәлімет берген. Қазақтың ұлы ғалымы А.Байтұрсынұлы бұл мәліметті өзі бас редактор болған «Қазақ» газетінде жариялағаны белгілі.

Ал мені толғандырып отырған маңызды мәселе, кейінгі 30 жылда өзбек халқы күрт өсіп, 35 миллионға жетті. Ал Қазақстанда тұратын қазақтың өсу қарқыны, өзбек­пен салыстырғанда тым баяу. Өзбек ұлтының тез өсуінің көп себептері де бар. «Өзбекстанда тұрған төрт қазақтың екеуі өзбек ұлты болып жазылып кетті ме?» деп ойлаймын. Ресей, Ауғанстан, Татарстан, Тәжікстан, Моңғолия, Түркия және тағы басқа мемлекеттердегі қазақтар да ұлтын өзгертіп жіберуі мүмкін. Әкесі басқа, не шешесі өзге ұлт болып туғандар бар шығар. Бүгінгі Түркияның 80 миллионға жетіп отырған жан санының ішінде қанша қазақтың түрік болып жазылып кеткенін бір Алла ғана біледі. Егер олардың бәрін қоссақ, бүкіл дүниежүзіндегі қазақтар саны 45 миллионнан асып түсуі ғажап емес.

Біз «Демография қоғамдық қорын» құрып, Тәтімов мырзамен бірге зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Бірлесіп демография тақырыбында ғылыми мақалалар мен кітап жаздық. Онда халық санағына қатысты көп мәліметтер жиналып жарияланды. Қыруар қызмет атқарылды.

Бұл маңызды жұмысты әлемдік аренаға көтеру үшін қандастарға арналған «Демографиялық халық даму» агенттігін» құрып, 44 мемлекетте өмір сүріп жатқан қандастарымызды елге алып келуге жұмыс істеуіміз керек. Сыртқы көші-қон саясатын тыңғылықты атқарғанымыз абзал. Бұл Қазақстан демографиясы үшін, шетелдегі қандастарымыз үшін де аса маңызды рөл атқарады. Біз алдағы мыңжылдықтарға ғылыми тұрғыдан жүйелі жоспар жасап, әлемдік геостратегиялық ұлы саясат ұстанғанымыз жөн. Өйткені бабалардан аманатқа қалған жерімізді көзіміздің қарашығындай қорғауымыз керек.

 Қазақтың демографиялық депрессияға ұшырауы Қазақстанның нарықтық экономиканы жедел қабылдауынан туындағанын бәріміз білеміз. 1991 жылы еліміз тәуелсіздік жариялаған жылы мыңдаған аграрлық ауылдар мен үлкен фермалар, елді мекендер болды. Ол фермалар тұтас КСРО-ны астықпен қамтамасыз етті, халықтың әл-ауқатын көтеріп тұрды. Сол мыңдаған елді мекендегі шаруа қожалықтары мен үлкен фермаларды жекешелендіріп таратып жібердік. Көп шаруалар жұмыссыз қалды. Жұмыссыз шаруалар басқа облыстарға қоныс аударып жатты. Кей елді мекендер бос қалды. Халық тұрмысы төмендеді. Күтпеген тосын өзгеріс, бір жағынан халықтың демографиялық мінез-құлқына әсерін тигізді. Екіншіден, әр отбасының кіріс- шығыны артты, материалдық жағдайы төмендей бастады. Сол себептен туу, өсудің саны азайды.

 Біз демографиямызды өсіреміз десек, таратып жіберген елді мекендерді қайта қалпына келтіруміз керек. Халықты жаппай жұмыстандырып, материалдық жағдайын жасап, көп­балалы дәстүрді дәріптеп, мемлекеттік «Ана мен бала» қаржы қоры меке­мелерін құрғанымыз абзал. Ата-бабадан аманат болып қалған қасиетті жерімізге ие болудың бірден-бір жолы – тек қана халық демографиясын өсіру. 2050 жылы 80-90 миллионға жетуге талпыныс жасауымыз керек.

Мен, бұл болжамды бекер айтып отырған жоқпын. Біз аумалы-төкпелі уақыт­тың өтпелі кезеңінде отырмыз. Уақыт сынағындағы саяси өзгерістерді бастан кешіп келеміз. Сондықтан жер тағдыры – ел тағдыры. Біз тек көбею жолымен ғана жеріміз бен елімізді аман сақтап қаламыз.

Демек, тарихи статистикаға жүгінбесек болмайды. 1994 жылғы әлемдік халық санағында жер шарындағы адам саны 7 миллиардқа жуықтағаны анықталды. Ал Қазақстан тәуелсіздік алған 1991 жылы елімізде 16 миллион халық болса, 2021 жыл ( 30 жылда) 19 миллионға әзер өсті. Үш миллионға ғана көбейдік. Бұл өте аз көрсеткіш. Жер бетінде 207 мемлекет бар болса, территориясы жағынан Қазақстан 9 орында тұр. Ұлан-ғайыр територияны, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қазақтың саны кемінде 100 миллионға жетуі керек. Ол үшін қазақ халқының демографиялық белсенділігін арттырып, көп бала тууға шарт жағдай жасау саясатын ұстану керек. Бұл уақыт күттірмейтін ұлт пен жердің, мемлекет пен халықтың тағдырына қатысты маңызды мәселе. Бұл бірінші кезекте тұратын мемлекеттік саясатқа айналуы керек.

Әлемдегі дамыған мемлекеттер ­демография ғылымын ең маңызды орынға қояды. Демография ғылымы маңыз­ды орынға көтерілмейінше, ұлт сапасы мен саны көтерілмейді. Мемлекет қауіпсіздігі қамтамасыз етілмейді. Өйткені мемлекеттің бірінші байлығы – халық.

 Ол үшін:

 1. Жұмыссыздар санын азайтып, көптеген өндіріс орындарын ашып, халықты жұмыспен қамту шараларын іске асырумыз керек. Халықтың әл - ауқаты жоғарылаған сайын демографиялық даму да өсе береді.

 2. Мемлекет бойынша төленетін жалақы мөлшерін көтеруді ойлас­тырған жөн. Отбасын асырауға жетпейтін жалақымен, көп бала туу саясатын жүзеге асыра алмаймыз. Қазір елдегі әр саланың мыңдаған мамандары шетелге қоныс аударып жатыр. Бұл халық санының кемуіне әсерін тигізіп қана қоймай, мінез-құлқына да ықпал етеді.

 3. Қала, облыс, аудан, ауылдық жерлерде көптеп қолжетімді үй салып, жастарға жеңіл несие беріп, олардың бас­паналы болуына жағдай жасауымыз керек.

 4. Халықтың көкейкесті пікірін тыңдауымыз қажет. Қазақстан терри­ториясындағы орысша және маңғол­ша жер атауларын, облыс аттарын (географиялық атауларды) қазақ тіліне ауыстырып, бір күнде шешім қабылдаған дұрыс. Петропавл, Павлодар және тағы басқа атауларды ауыстырсақ, халықтың көкейінде жүрген көп түйткілді шешкен болар едік. Сонда халықтың атамекенге сенімі арта түсер еді. Қазақ жерінің географиялық атаулары сонау сақ, ғұн дәуірінен бері қалыптасқанын ескерген жөн.

5. Қазақ тілін мемлекеттік саланың барлық іс-қағаздарында қолданысқа кіргізіп, тіл мәртебесін көтеруіміз қажет. Қазақ тілінің лексикасын одан ары дамытып, ғылыми терминдер мен халықаралық тілдегі атау сөздері қазақ тіліне бейімдеп жасау, тілдік қорымызды одан ары байытып, тіл ғылымын жаңа деңгейінде дамытуымыз керек. Бұл – халықтың үлкен тілегі.

Тіл – ұлттың жаны мен қаны, ары мен намысы. Тіл мәселесі халықтың психологиясына оң әсерін тигізеді. Демографиямыздың өсуіне де оң ықпал жасайды. Халық үкіметке сенетін болады.

 6. Қала, облыс, аудан, ауыл орталық­тарында осы заманға сай, техникалық аппараттармен толық жабдықталған емханалар мен перзентханалар, балабақша, мектептерді көптеп салып, халықтың денсаулығына, балалардың алаңсыз білім алуына кепілдік жасауымыз тиіс. Дене шынықтыратын Спорт залдарын көбейтуіміз керек. Салауатты өмір салтын танытатын танымдық, денсаулыққа бағытталған телеарналар ашудан тыс, шетелде тұратын қандастарымызға арналған салт-дәстүрлерді кеңінен үгіттейтін телерадио қажет. 24 сағат қазақ тілінде хабар жүргізіп, халықтың рухын көтеретін, өмірге жігерлендіретін, дәстүрімізді дәріптейтін, экономика, эстетика, ғылым- білім тақырыптарын кеңейтіп, ұрпақтың көкірек көзін ашуымыз керек.

Қытай мен Ресейде бір ғана денсаулыққа бағытталған алуан тақырыпты қамтыған жүздеген арналар бар. Қазір халықты, ­жастарды тәрбиелеудің негізгі көзі осы телерадио арна болып тұр. Біздің елде бұл жағы жеткіліксіз.

 7. Қытайда жан саны бір жарым миллиардтан асты. Олар үш бала тууға рұқсат берді. Әрі үш бала туғандарға он сегіз жасқа толғанша жәрдемақы беріп, демографияның кеміп кетуіне алаңдауда. Қытайға қарағанда, біздің жан санымыз теңізге тамған тамшыдай ғана. Қазақстанның 100 миллион халықты асырай алатын тұрақты жер байлығы бар. Алла тағала бізге ұлан-ғайыр жерді нәсіп етті. Дербес мемлекет етті. Ата-бабадан мәңгілік мұра болып қалған жерге ие болу үшін, өркендеп өсуіміз керек.

 Ресеймен – 7000, Қытаймен – 1500, Өзбекстанмен – 1200 шақырым шекарамыз бар. Басқаны айтпағанда, осы ұлан-ғайыр шекараны қорғау үшін де қаншама әскер керек екені айтпасақ та, түсінікті жай.

 9. Әлемдегі 44 мемлекетте осыдан ширек ғасыр бұрын 5 миллионнан астам қандастарымыз тұратыны анықталған. Қазір олар өсіп, шамамен он миллионға жуықтаса керек. Олар атажұртына, қазақ мемлекетіне ниет етсе де көшіп келе алмай отыр. Бұл Қазақстан мемлекетінің көші- қон саясатындағы ең маңызды мәселе .

 Қазақстан мен Қытай мемлекеті арасында отыз жыл өтсе де дұрыс көші-қон саясаты жасалған жоқ. Тек еңбек шартымен келетіндерге ғана жол ашық. Басқа да мемлекетте тұратын қандастарымыз да халықаралық көші-қон келісімі заңының жоқтығынан атажұртқа қоныс аудара алмай отыр. Олар атажұртына келсе, біздің демографиямыздың өсуіне орасан зор ықпал жасар еді.

 10. Қазақстандағы экологиялық орта бұл халық денсаулығы мен санының өсуіне орасан ықпал жасайтын ең маңызды фактор. Арал теңізі сынды тартылып бара жатқан, өзен-көлдерді ғылыми жолмен қорғап, сақтап қалудың жолдарын қарастыруымыз керек. Ауыз су әлемдегі ең үлкен мәселеге айналып отыр. Енді елу, жүз жыл өткенде жер бетінен бір ұрттам таза су табылмауы болжануда. Сондықтан жарамсыз суларды тазарту технологиясын жасап, болатын апаттың алдын алуға бүгіннен бастап кірісу керек. Дамыған елдер жоспарлы түрде жүз, мыңжылдықтарға ғылыми жобалар жасайды. Бұл біздің де қолымыздан келеді. Осындай идеялар жүзеге асса, халық санының өсуіне бірден-бір әсерін тигізеді.

Қазақстанда 16 облыс, 3 қала, он мың­­даған ауыл бар. Осы елді ме­кен­дерде тазалыққа мән беру жағдайы өте нашар. Ауылдық жерді айтпағанда, үлкен қалалардың айналасы қоқысқа толып кеткен. Оны залалсыздандыратын, қоқыстарды жоюға мемлекеттік мекеме­лердің шамасы келмей отыр. Бәрі қаржы­ның жоқтығына налиды. Халық шалғай ауылда жарамсыз суды ішуге мәжбүр.

11. Көп балалардың мүгедек болып тууы, ақыл-есінің дұрыс болмауы осындай нашар тұрмыстың салдарынан екені бірден көзге ұрып тұр. Сондықтан ауыз су, жасылдандыру, қалалы жердегі шіріген жерасты су құбырларын жаңалап, айнала толған жарақсыз қоқсықтарды дер кезінде залалсыздандыру керек. Ал біз оны өртеген боламыз. Оның зәрлі ысы ауаны былғап, маңында отырған ауыл адамдарын жазылмас дертке ұшыратып жатыр. Сондықтан экология мәселесі аса маңызды мәселе. Семей полигонының зардабынан әлі айыға алған жоқпыз.

Дамыған Еуропа елдері жарамсыз қоқысты залалсыздандырып, одан пайдаланатын заттар өндіре бастады. Бізде оның бірі де жоқ деуге болады. Ел жасағанды біз де жасай аламыз. Оған құлық жоқ, құлық болған күнде істеуге рұқсат жоқ. Рұқсат болса, қаржы жоқ. Мәселенің ең негізгі түйіні осы жерде. Біз осы мәселеге тұтас халық жұмыла бірлесіп, мемлекет көлемінде байтақ дала мен экологияны қорғауымыз керек. Ұлы дала болмай, ұлы халық та болмайды. Демография да өспейді.

 12. Қазір дүниежүзінде алмағайып саясат жүріп жатыр. Әлем тыныш емес. Адамның жер шарына төндіретін қаупі де орасан зор. Бұл адам писихологиясына өте үлкен дәрежеде ықпал етуде. Әр адам, әр отбасы, мемлекет те алаңдауда. Бұл да халық санының өсуіне әсер етеді.

 13. 1991 жылы 29 тамызда Семей полигоны жабылды. Кеңес Одағы 40 жыл ішінде полигонда ядролық қарудың кем дегенде 468 сынағын өткізді. Полигонға жақын маңдағы елдімекен тұрғындары әлі күнге дейін радиацияның әсерінен зардап шегіп келеді. Тұқым қуалау ауруы жалғасуда. 2020 жылдан басталған әлемді жайлаған пандемия зардабы да халықтың тұрмысына үлкен әсер етті. Писихологиялық өзгерістерге душар етті. Ауған мәселесінің түйіні әлі шешілген жоқ. Сондықтан Қазақстанның астанасын жылы жаққа Түркістан, не Тараз қаласына ауыстырудың да маңызы бар. Астана ( Нұр-Сұлтан қаласы) өз уақытында мемлекеттік және халықаралық үлкен саяси мақсатын атқарды. Қазақ жері – ұлтанды жер. Күллі түркі халқының қара шаңырағы. Қазақстан Ресеймен тарихи тұрғыдан жақын, достық қарым-қатынаста. Бір-біріне қауіп төндірмейді. Ресейде орыс халқынан кейінгі демографиялық дамуды түркі тілді қандастарымыз ұстап тұр. Олар екі арадағы мықты берекенің дәнекері деуге болады.

 Ал Қытаймен Абылай хан дәуірінен бері қарай да берекелі стратегиялық ­саясат ұстанып келеміз. Біз оның үстіне айналасын түркі жұрты қоршап отырған Түркістанға астананы көшірудің геосаяси жобасын жүзеге асырсақ, «айналамызды таспен емес, доспен қоршаған» қорғанды мемлекетке айналып, баба өсиетін ақтаған боламыз.

 14. Қазақстан аграрлық және мал шаруашылығы саласындағы мемлекет. Бүкіл ТМД мемлекеттерін астық, ет, сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп келді. Қазір дүние жүзінде азық-түлік мәселесі ең үлкен проблемаға айналды. Ал Қазақстанда азық-түлік таза табиғи қалпын сақтап қалды. Бұл халық денсаулығы мен демографиясын көтеруде, экономикасын жақсартуда өте маңызды рөл атқарады. Сондықтан Қазақстанның барлық облыстарында, таза азық-түлік өндіру қоймасын құрып, оны заңмен қорғап, жұмыссыздықты ­жойып, халықтың материалдық жағдайын аз уақытта көтеруге болады. Басқа да, зауыт - фабрикаларды іске қосып, өндіргіш күшті барынша дамтуымыз керек.

 Сондықтан әңгіменің тоқ етері, халық демографиясының өсуі мемлекеттің бірлігін нығайтады. Қоғамдық экономиканың даму қарқынын өсіреді. Қауіпсіздігіміздің бекем болуын дәлелдейді. Ұлт рухының жаңғырғанын көрсетеді, дамыған елдермен бәсекелестігімізді білдіреді. Сондықтан демографиялық дамуға бүкіл ел болып, жұмыла кірісуіміз қажет. Бір ауыз сөзбен айтқанда, тез қарқынмен көбейуіміз керек. Сонда ғана ұлы даланың еркін қожасына айнала аламыз.

Жұматай ӘЛИЕВ,

философия ғылымының

докторы, профессор

 

1541 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7221

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6207

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3947

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3338

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3296

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3265

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2993

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2982

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы