• Руханият
  • 28 Қазан, 2021

ТҮРІКМЕНСТАН САПАРЫ ТАБЫСТЫ БОЛДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан басшысымен келіссөз барысында металлургия, машина жасау, мұнай-химия, азық-түлік және фармацевтикалық өнеркәсіп, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде, ең алдымен, ұн мен бидай тасымалдау көлемін ұлғайтуға әзір екенін айтты.

Сондай-ақ газ саласындағы өзара тиімді ынтымақтастық жаңа қарым-қатынасқа жол ашатын болды. Атап айтқанда, Қазақстан түрікмен газының импортын едәуір ұлғайтуға дайын.

Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде аймақтық ынтымақтастық мәселелерін талқылау барысында бірқатар маңызды бастама көтерді. Қазақстан Президенті сауда-экономикалық әлеуетімізді жан-жақты жүзеге асыру мақсатында жыл сайын өңіраралық форум өткізуді ұсынды.

– Осындай жұмыстың нәтижесінде Маңғыстау облысы мен Балқан уәлаятының шекарасында автокөлік жүгі терминалының шекарааралық саудасының арнаулы аймағын құруға болар еді, – деді Президент.

Кездесуге қатысушылар көлік-транзит саласындағы өзара ықпал­дас­тық­тың перспективасын талқылады.

– Бұл бағыттағы негізгі міндет – ­«Қа­зақстан – Түрікменстан – Иран» ­ма­гистра­лін толық іске қосу. Тасымалданатын жүк көлемін арттыру үшін елдеріміздегі та­рифтік саясатты оңтайландырудың және жүк тасымалына қойылатын талаптарды жақсартудың маңызды екені атап өтілді. Каспийдегі Ақтау, Құрық және Түрікменбашы айлақтарының арасындағы логистикалық ықпалдас­тық бойынша зор мүмкіндік бар, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан бағыты бойынша жаңа автожолды іске қосу үшін Қарабұғаз шығанағы арқылы өтетін көпір құрылысына қатысты түрікмен басшысының бастамасын қолдап, перспективасы бар бұл жобаны бірлесіп жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруға әзір екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түрік­менстан Президентін келер жылы Қазақ­станға мемлекеттік сапармен келіп қайтуға ша­қырды. Қазақ­стан Президенті «Битарап­лык» орденімен марапатталды. Мемлекет басшысына Жоғары марапатты Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов табыс етті.

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық ынтымақтастық қазақ-түрікмен көпжақты байланыста­ры­ның негізгі өзегі саналатынын еске салды.

– Жаһандық пандемияға байланысты екіжақты тауар айналымы біршама төмен­дегенімен, биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша өзара сауда-сат­тықтың өсімі 30 пайыздан асқаны байқалады. Әрине, бұл біздің мүмкіндіктеріміздің шегі емес. Сонымен қатар энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салалары бойынша өте мол резервіміз бар, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесінің 2022 жылы Түрікменстанның Қазақстандағы Мәдени күндерін өткізу туралы ұсынысын қолдады. Мемлекет басшысы жалпы құны 130 миллион доллардан асатын тауардың 60 түрі бойынша Түрікменстанға тасымалданатын өнімдерді ұлғайтуға Қазақстанның дайын екенін жеткізді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Түрікменстанға мемле­кеттік сапары барысында ел басшысы Гурбангулы Бердімұхамедов Ашхабадта қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлын ұлықтауға ұсыныс жасады. Түрікменстан Прези­дентінің пікірінше, Абайдың мүсіні екі халық­тың жоғары адамгершілікке негіз­дел­ген рухани бағдарын, сондай-ақ елдеріміз арасындағы достық пен ынтымақ­тастықтың шынайы көрінісін айғақтайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы толық қолдап, ризашылығын білдірді.

– Абайдың қасиетті түрікмен жерінде ұлық­талуы – барша қазақ халқы үшін ақ­жол­тай жаңалық, – деді Қазақстан Президенті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша екіжақты келісімдерге қол қойылды. Жалпы Мемлекет басшысының Түрікменстанға сапары өте табысты болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ашхабадқа мемле­кеттік сапарының соңында Түрікмен­станның Тәуелсіздік монументіне гүл шоғын қойды. Қазақстан Президенті дәстүр бойынша Түрікменстанның жүргізіп отырған бейбітшілік, достық және тату көршілік саясатын білдіретін құрметті қонақтар аллеясына тал екті. «Қасиетті Отан» музейінде Мемлекет басшысына Екінші дүниежүзілік соғысындағы әскери оқиғалардың макеттері мен жер сілкінісінің экспонаттары таныстырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев құрметті қонақтар кітабына қолтаңбасын қалдырды.

Б.БЕЙСЕНҰЛЫ

 

1085 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5813

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5481

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3219

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2605

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2566

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2545

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2278

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2260

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы