• Руханият
  • 23 Желтоқсан, 2021

ЖАПЫРАҒЫН ЖАЙҒАН БӘЙТЕРЕК

Аштық пен қуғын-сүргін, соғыс пен тың игеру кезеңіндегі қиыншылықтардан аман-есен өтіп, бүгінде артына өлмес өнеге, өшпес із қалдырғандардың бірі – Роза Шайханқызы. 1929 жылы оқыған зиялы қазақ отбасында дүние есігін ашқан талдырмаш қыз ғұмыр жолында қаншама қайғы-қасіретті бастан өткізді. 

ҚУҒЫНҒА ТҮСКЕН ӘУЛЕТ

2022 жылдың қаңтар айында Роза Шайханқызының фәниді тәрк еткеніне де он жыл толады екен. Өмірінің соңғы жылында ол ата-анасын, ата-бабасын еске алып, туған-туыстары мен достарын жинап, репрессияның құрбаны болған зиялы әулеті жайлы ұзақ әңгімелеп отырар еді.

Әкесі Шайхан Мұстафин Қара­ғанды облысы Қарқаралы ауылдық кеңесінің уәкілетті өкілі болып қызмет атқарған. Шайханның әкесі Абдулхаим Мұстафаұлы діни сауаты жоғары имам әрі Троицк қаласында екі жылдық дәрігерлік оқуды бітірген зиялы жан еді.

1937 жылы 11 қарашада ­Шайхан үлкен ағасы Шаяхзаммен бірге тұтқындалады. Шайхан артынша атылып, ағасы 10 жылға Сібірге жер аударылады. Небәрі сегіз жасында әкесіз қалған қаршадай қыз шешесі Қалкеннен алған тәлімі бойынша өмір бойы әке ұстанымына адал болып өсті. Анасы Қалкен Мұқашева Қарқаралы округі аға сұлтанының орынбасары, болыс Көпбай Есетаевтың немересі еді. Басына түскен тағдыр тәлкегінен «халық жауының отбасы» атанса да, кішкентай Роза қиындықтарды елемей, аштыққа төтеп беруді, кедейлікті ұмытып алға ұмтылуды, өмір қандай болса да тек қана жақсылықты ойлауды үйренді.

Жарының тағдырынан хабарсыз Қалкен болса қолына емізулі нәрестесін алып жолдасын абақты мен соттан іздеді. Сол жылы қыста бұрын-соңды болмаған қатал да қақаған аяздан суық сүйектен өтіп, Қалкен қатты науқастан есту қабілетінен айырылады. Арада бір ай өткенде олар Шайханның Қарағандыда атылғанын біледі. Жұрт болса «халық жауының» үйіне кіруге қорқатын. Сондай ауыр күндердің бірінде ауыл тұрғынының үлкен арбамен үйіне отын әкеліп тастаған қайырымды ісі Розаның есінде өмір бойы сақталып қалды. Соның арқасында бұлар қаһарлы қыстан аман-есен шыққан болатын.     

Келесі жылы күзде анасының туысы оларды оңтүстікке – Шу стансасына көшіріп, 1946 жылға дейін сонда өмір сүреді. Роза ауру анасы мен екі кішкентай сіңлісін көріп, қандай да жолмен күн көру керектігін түсінді. Сабақтан кейін әртүрлі жұмыс істей бастайды: егіндікте шөп шабу, көкөніс суару, су әкелу және тапсырыс болған жағдайда анасының тіккен бұйымдарын станцияға апарып сатуға кіріседі. Шу стансасына Ресейден, Украинадан, Белоруссиядан және басқа облыстардан көптеген эвакуацияланған адамдар көшіріліп келген-ді. Олар жергілікті тұрғындардың үйіне қоныстанады. Бұлардың екі бөлмесінің біріне варшавалық отбасы – балалы әйел қоныстанады, ал көрші үйге Украинадан келген еврей отбасы жайғасады. Роза оларға заттарды азық-түлікке қайдан айырбастауға болатынын айтып көмектесіп, түскі асы мен кешкі асын бөліседі. Кешке қарай көшеге шығып, соғыстың қашан бітетінін, үйге қай кезде оралатыны жайлы солармен бірге ұзақ әңгімелесетін. Янфече есімді поляк қызы әдемі Варшава қаласы жайлы айтып, Розаны қонаққа шақыратын. Поляктар ілтипаты, мейірімділігі мен қолдауы үшін қазақ отбасын жақсы көретін. Өйткені Қалкен оларға киім тігіп, шұлық пен қолғап тоқып, қолынан келгенше көмектескен еді. Соғыс аяқталып, босқындар үйлеріне кетіп, Розаның отбасы әкесінің әпкесі тұратын Қарағандыдағы Үлгі ауылына оралады. Роза бірден жұмыс істеуге кіріседі, ал сіңлілері София мен ­Венера интернатта оқып, екеуі де мектепті медальмен бітіреді. Роза болса осында сүйген жарын жолықтырып, тұрмысқа шығады.

Шағын отбасында 1948 жылы тұңғыш ұл Бауыржан, бір жарым жылдан кейін екінші ұлы Қазыбек, артынша қыздары Дана мен Сәуле өмірге келеді. Жары Құрманғали Айтжанов аудан орталығы Колхозное кентіне МТС (машина-трактор станциясы) бухгалтері болып ауысады. Құрманғали ешқашан жақындарына, достарына көмектесуден бас тартпайтын мейірімді де көпшіл жан еді. Ол 1942 жылы 17 жасында әкесінің соңынан ерікті түрде соғысқа аттанып, 1944 жылы сәуірде Ленинград түбінде ауыр жараланады. Аяғына оқ тиген жауынгерді аман алып қалу үшін батпақ пен орман арасына сүйреп апарған сол бір теңдессіз шайқас өмір бойы есінде сақталды. Ал аз ғана жол қалғанда фашист оғы бұның білек тұсына тиіп, өзі де жарақат алады. Ол соғыс ­туралы еске алуды ұнатпайтын, себебі өртенген ауыл, қираған қала мен қолын кескеннен кейінгі ауыр азап жадында жатталып қалған еді. Ол соғыстағы жан аямас қызметіне орай «Ерлігі үшін», «Ерен ерлігі үшін» медалін, 2-дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденін алды. Сонымен бірге ол жақсы маман болатын. Мүмкін, көпті көріп, көп нәрсені түсінгендіктен солай болған шығар. Педагогикалық институттың ­математика факультетінде оқыды. Бірақ соғыстан мүгедек боп қайтқандықтан, тамақты өзі ­дайындау қиынға соғып, қаржының да тапшылығына ­байланысты күн көруі ауырлап, екінші курсында ауылға оралады. Роза оны жақсы түсінетін. Сол үшін де үйде екі адам үшін жұмыс істеп, қарапайым үй салуды және сауатты ­маман болуды армандайтын. 

 

ЕҢ АЛҒАШҚЫ ҰСТАЗ

1955 жылы Роза Шайханқызы туыстарымен бірігіп саманнан үй салуды бастайды. Сол кезде небәрі 25 жаста болатын. Қанша көмектескісі келсе де мүгедек жары оған қол ұшын бере алмайтын еді. Сондықтан да Роза ерлердің жұмысын өзі істеді: сазды илеп, саман блоктарын құйып, кептіріп, іргетасын көтеріп, үй тұрғызады. Нәзік жанды бола тұра, ауыр еңбекке қарамай, ол өз үйінің қабырғасын өзі қалады.

Роза Шайханқызының үйінде  ­«Дружные ребята», «Пионерская правда», «Комсомольская правда», «Юность», «Простор», «Техника ­молодежи», ­«Наука и жизнь» секілді газет-журналдар мен жергілікті қарағандылық газеттерге жазылу үрдіске айналған еді. Аптасына екі рет балаларынан нені жаңадан үйренгенін, нелер ұнағанын үздіксіз сұрап отыратын. Осындай отбасылық ұстазы бар балалар үшін бұл уақыт – олардың өміріндегі ең құнды кезең болды. Роза қазақ тарихын, әдебиетін оқығанды ұнататын. Сондықтан ыңғайлы сәтте «Қазақ әдебиеті» газетін қолына алып, ­отбасында кешкі ас кезінде Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Зейін ­Шашкин, Әбділда Тәжібаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы әңгімелейтін.

 

ҚАРЖЫГЕР-МАМАН

Роза Шайханқызы еңбек жолын 17 жасында бастап, атқару комитетінің қаржы басқармасының әлеуметтік сақтандыру бөлімінде есепші, есепшінің көмекшісі, құрылыста, саудада материалдық-техникалық базаның есепшісі, кейінірек жетекші есепші болып жұмыс істеді. Ол үнемі оқып, біліктілігін арттырып отырды. Сондықтан да өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарады. «Әртүрлі салалардағы бухгалтерлік есептің әр түрін сауатты жүргізу керек» деп нақтылап отыратын. Роза 36 жасында Целиноград қаржы-экономикалық техникумына түсіп, 40 жасында оны үздік бітіріп шықты. Мемлекеттік емтихандарда оған институтта одан әрі оқуға кеңес берілді. Бірақ ол кезде бұл мамандық Алматыда болатын және отбасында үш студенттің болуы қаржылық жағынан да оңай емес еді. Оған аймақтық ақпараттық-есептеу станциясында жұмыс істеуге тура келді. Ол бұнда облыс бойынша ағымдағы есеп ақпаратын жинау үшін станция жаңадан ашылған кезде келеді. Әйтсе де, кеңсе жабдықтары жеткіліксіз болғандықтан, есептер мен қорытындылар әрқашан дәл бола бермейтін, кейде кешігіп қалатын. Жабдықтарды орнатуға облыс қажетті қаражатты бөле алмады. Бір қуанарлығы, сол кезде Алматыда ақпараттық-есептеу станцияларының қызметі жөнінде республикалық кеңес өтіп, оған Роза басшысымен бірге қатысады. Алматыдағы басшылықтан құрал-жабдыққа ақшалай қаражат бөлуді сұрауға мүмкіндік туды. ААЕС басшысы жас маман болғандықтан және ол бұйрыққа бағынбағаны үшін жазалануы мүмкін екенін ескеріп, өзі тәуекелге барып Төрағаның қабылдауына кіреді. Оның өтінішін мұқият тыңдағаннан кейін Төраға ағым­дағы тоқсанға олардың стансалары үшін жабдық сатып алуды енгізеді. Келесі тоқсаннан бастап ААЕС қызметі жолға қойылды. Роза қажырлы еңбегі үшін  жоғары органдардың Алғыс хатта­рымен, медальдарымен марапатталды.

 

ЖАС МАМАНДАРДЫҢ ТӘЛІМГЕРІ

Роза Шайханқызы өз үйінен түлеп шыққан жас мамандардың тәлімгері де бола білді. Үлкен ұлы Бауыржан сол кездегі Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын жылу энергетикасы мамандығы бойынша тәмамдап, 1971 жылы еңбек жолын Шахтинск қаласындағы Тентек ЖЭО-дан бастады. Ол цехтағы ең қарапайым инженер-жабдықшы қызметін атқарып, 2 айдан кейін бөлімге ауыстырылды. ­Бауыржан әр нәрсені тиянақты, асықпай істегенді құп көретін. Түсініктеме беріп, қажетсіз сұрақ қойғанды ұнатпайтын. Бәрін өз ой-елегінен өткізіп, үнемі талдап-таразылап отыратын. Әріптестері де оны сапалы жұмысы үшін құрметтейтін. Роза ұлының жұмысына ылғи да қызығушылық танытып отыратын еді.  Кейін оған жас маман ретінде пәтер берілгенде, қоныс тойына барып, әріптестерімен сөйлескеннен кейін ұлының кәсіби қасиеттері туралы олардың қаншалықты жылы сөйлегеніне өте риза болды. ­Бауыржан 25 жылдан астам Шахтинскідегі Тентек жылу электр станциясында жұмыс істеді. 1997 жылы кезекті жоспарлы тексерулердің бірінен кейін комиссия оған Астанадағы Энергетика министрлігінде мониторинг және лизинг бөлімінің бастығы қызметін ұсынады. Бұл кезең жас тәуелсіз мемлекеттің қалыптасу жылдарындағы ауыр сынақ кезеңі болатын. ­Бауыржан Құрманғалиұлы зейнеткерлікке шыққанға дейін 15 жылдай энергетика саласында жауапты қызметтер атқарды. Әрі отбасындағы тәрбие қағидаларына адал боп қалды.

Екінші ұлы Қазыбек кез келген мәселеде үлкен жауапкершілік танытатындықтан, анасы оның жұмысына сенімді еді. Қазыбек Целиноград инженерлік-құрылыс институтын үздік бітіріп, 1973 жылы Қарағандыға жұмысқа келді. Розаның өзі де құрылыс ұйымында жұмыс істегендіктен, ұлымен ұзақ әңгімелесетін. Ол ұлына кеңесші, көмекші әрі аудитор бола білді. Қазыбек Құрманғалиұлы еңбек жолын ЖПБ (жол-пайдалану басқармасы) құрылысының шебері болып бастап, Теміртау, Шахтинск қалаларында прораб, басқарма бастығы, 2004–2006 жылдары Қарағанды қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметін жалғастыра отырып, кейінгі жылдары Қарағанды қаласындағы «Энергия» ЖШС директоры болды. Ол, ең алдымен, өз анасының алдында ойша есеп беріп отыратын.

Дана мен Сәуле анасының айтқан ақыл-кеңесін екі етпей, үкілі үмітін ақтап өсті. Үлкен қызы Дана анасының айтуымен Қарағанды политехникалық институтына түсіп, оны үздік бітіріп, 27 жыл құрылыста инженер-экономист, 15 жылдан астам жоғары оқу орындарында еңбек етті. Ол «Алма-Ата культбытстрой» тресінің жетекші экономисі болып қызмет атқарды. Сол кездердегі қажырлы еңбектің арқасында М.Әуезов атындағы Қазақ драма театры, Қазақ мемлекеттік циркі, Оқушылар сарайы, Н.Сац атындағы драма театры, 25 қабатты «Қазақстан» қонақүйі, Аппараттық-студия сынды көрікті жерлер бой көтерді. Алматыда кешенді ТВ салынды. Бұл қала құраушы нысандардың құрылысын трест 70-жылдары – екі, кейде үш ауысыммен жүргізді. Құрылыстың барысы, ай сайынғы есеп пен атқарылған жұмыстардың актісі қала басшылығының назарында, бақылауында және сараптауында болды. Бұл нысандардың көптеген құрылысшылары кейін келе елімізге танымал кәсіпқойлар мен мемлекет қайраткерлеріне айналды. Одан кейінгі жылдары Дана «Қазоргтехсельстрой» институтында, «Промдорстрой» тресінде, Алматы энергетика және байланыс университетінде жұмыс істеді. Құрметті еңбек демалысынан кейін ағасы Бауыржан Құрманғалиұлымен бірге Алматы энергетика және байланыс университетінде мұқтаж отбасылардан шыққан студенттер үшін атаулы стипендияның құрылтайшысы болды.

Ал үйдің кенжесі Сәуле болса әрдайым отбасындағы ең белсендісі болатын. Әкесі Сәуленің қалың аудиториямен диалог-дебатты қорықпай, ұялмай жүргізе алатынын үнемі мақтан етіп айтатын. Бұл оның табиғатында бар қасиет еді. Сәуле Қарағанды кооперативтік институтын 1976 жылы бітіріп, анасының өтініші бойынша Ульяновский кентіне аудандық тұтынушылар одағының бухгалтері болып жұмыс істеуге келеді. Кейін Қарағандыда (Шахтинск қ.) қоғамдық тамақтану комбинатының есеп және есепке алу бөлімінің бастығы, кәсіпкер болып зейнеткерлікке шыққанға дейін жұмыс істеді.

 

ОТБАСЫНЫҢ АР-ОЖДАНЫ

Роза Шайханқызы басынан кешкен қиындыққа қарамай, қайсар да қайырымды мінезінің арқасында өз отбасының ар-ожданы әрі абыройы бола білді. Жолдасы Құрманғали 50 жасында сырқаттан қайтыс болды. Ал Роза болса өмірінің соңғы күндеріне дейін өз ұстанымында өзгеріссіз қалды. Немерелері өмірдің негізгі мәні неде екенін көріп, түсіне білуі үшін абыроймен жұмыс істеу, ар-ожданға сай адами әрекет ету қағидасын қатаң сақтады. Отбасында балалар қазақы салт-дәстүрді құрметтеп, үлкенді сыйлап, ілтипат танытатын. Жазғы демалыста ауыл-ауылға барып, қарияларға, ағайын-туысқа көмек қолын созатын, ал есейген соң олардың істеріне қызығып, қолдап, көмектесіп, қонаққа шақыратын. Ақылман анасының тәлімін алған балалар да оның көңілін қалдырмауға тырысатын еді. Сондай анадан тәлім көрген балалар өз ісінің білікті маманы болып жетілді. Бүгінде олар үлкен әулетке айналған. Тоғыз немересінің алтауы ірі компанияларда инженер, программист, зерттеуші, экономист, заңгер болып жұмыс істейді және алтауы да шет тілін меңгерген, екі немересінің ғылыми дәрежесі бар.

Алып шынардай жайқалған әулеті барда Роза Шайханқызының есімі ешқашан ұмытылмақ емес. 

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

 

674 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5809

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5479

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3217

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2603

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2564

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2543

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2276

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2258

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы