• Руханият
  • 10 Қаңтар, 2022

ӘБІШ ПЕН МҰҚАҒАЛИ

Қазақ жазушыларының әдебиет табалдырығын өлеңмен аттамағаны кемде-кем. Жаратылысынан ақындық нұрына шомыла туғандығынан болар, Әбіш те поэзия ауылына бала жасынан қоңсы қонды. Өлең кітаптарын қолынан тастамай жүріп оқыды, өзіне ұнаған мықты ақындардың кітаптарын жинады. Университеттің екінші курсының соңына таман тұңғыш өлең кітабы – «Алтын шуақ» одақтың поэзия секциясында талқыланып, баспаға ұсынылғанда әлі жиырма жасқа да тола қоймаған кез еді. Қазір есіме түсіп отырғаны, қуанышын бөлісіп маған жазған хаты да бар еді, кімнен көремін, ұқыпсыздығымнан болар, іздегенде табылмады. Өлеңдері жайында, курстас достары, студенттік өмірін сөз ететін тұстары бар еді. Қазір саусақ сорғандай ­болып отырған жайым бар. Амал қанша. Кейіннен білдік, кітаптың басылуға тиісті авторлар тізіміне енуі мен сызылуы үш рет қайталаныпты. Кінәсі – жас болғандығы, партия, Ленин туралы өлеңдердің жоқтығы. Жинақ біраз қысқартылып, 1962 жылы Қазақстан мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан (қазіргі «Жазушы») шықты. 
Әбішті Алматыдағы шығарма­шы­лық орта, басқа да өлең құмар жұрт­шылық ақын ретінде, баспасөзде үзбей жарияланып тұрған өлеңдерінен, 1960-61 жылдары шыққан «Жырға сапар», «Жас дәурен» жинақтарына енген шығармаларынан да білетін. Өлең сүйгіш оқырман жақсы қабылдады, аға буын әдебиет білімпаздары мен жас сыншылар назарына ілігіп, ауыз тұшытарлық ойлары бар, суреткерлігі айшықтай өрілген жас ақынды таңдаулылар қатарына қосып, мақала жазды, жылы-жылы лебіздер білдірді. Курстас досы Мұхтар Мағауин «Әбіш екеуміз» деген естелігінде сол кезде-ақ «Әбіш поэзиясы қазақ өлеңдерінің жоғары деңгейіне жеткендігін, үлкен баспасөзге жол ашылғанын» жазады.

Ал Әбіш сол жылдары өлең мен әдеби сынды қатар алып жүрді. Алпысыншы жылдары газет-журнал­дарда («Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» /«Жас Алаш», «Социалистік Қазақстан» /«Егемен Қазақстан»)жариялана бастаған сын мақалалары, әдеби көркем толғаныстары мен әдеби-сын очерктерінің барлығы да өлең туралы болатын. 1961 жылы «Лениншіл жастың» 30 тамыздағы санында поэзияның сол кездегі үні мен тақырыбын талдайтын «Замандас тағдыры», «Қазақ әдебиетінің» 27 қазанындағы санында «Жастар поэзиясындағы азаматтық әуен» мақалалары, «Өзіміз жайлы ойлансақ» (1962 ж.), «Дәстүр мен дәуір» (1963 ж.). «Өнегелі өлең» (1963 ж.), «Ой биігіне» (1963 ж.), «Жырдағы адрес – жүрек» (1964 ж.), «Өзекті жарып шыққан өршіл өлең» (1966 ж.), «Өлі жандарды» Пушкин неге жазбаған?» (1967 ж.), «Жыр мерейі» (1967 ж.), «Жүректен жүрекке» (1968 ж.), «Өлең көқжиегі» (1968 ж.) т.б. «сиқыр сазды, наз жырдың» (Әбіштің сөзі) өзекті проблемаларын қозғайтын тақырыптары соны, мазмұны терең, ауқымы мол, тілі көркем де құнарлы сыни пікірлерге жалғасты. Сол жылдары сыншылық тізгінді жас та болса қолына алып, осынша еңбектің жазылуына, ең әуелі, Әбіштің ақындығы «кінәлі». Ол өлеңді сүйді, оның халық санасын ізгілік пен сұлулыққа тәрбиелеп, жаңғыртудағы орны мен атқарар міндетін терең түсінді. Бұларға қоса Әбіштің өзі сүйген өнердің бүгіні мен ертеңіне бейжай қарай алмайтыны да бар. Сын мен ­поэзияны қатар алып жүргеніне, ақынжандылығына, бала кезінен бауыр басқан өлеңнен қол үзбегеніне, жүрек сыры мен жан тебіреністерінен туған өлеңдерінен тұратын, 1999 жылы 60 жылдығы қарсаңында «Арыс» баспасынан шыққан «Дүние ғапыл» жыр кітабы да куә бола алады.

 «Өлең көкжиегі» Әбіштің әскерде қызмет етуінен бұрын жазылды, бірақ «Жұлдызда» үш жылға жуық жатып, 1971 жылы әскерден оралғаннан кейін жарық көрген шығармасы.

Бір жағдай есіме түседі. 1970 жылы жазда Алматыға келдім. Бастапқы кездегідей емес, демалыс сайын болмаса да, арагідік үйге келіп тұрады екен. Мен барған күні үйге келді. Алдын ала хабарласпап едім, қуанды.

Біраз отырып әңгімлестік, сөз арасында әскерге кетер алдында «Жұлдызға» беріп кеткен Қадыр, Жұмекен, Мұқағали, Төлеген мен олардан кейін поэзияға келген бір топ жас таланттар жайында сөз қозғаған көлемді әдеби очеркінің журнал қоржынында шыға алмай жатқанын айтып қалып еді...

Әбіш бұл төртеуінің есімін қазақ өлеңінің ұшар биігінде самғатты. Алдыңғы үшеуі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары.

 Әбіш бұл өмірден жүз аударғанша әрқайсысы қазақ өлеңінің арнасын ашып, сағасын кеңейте түскен ­Фариза Оңғарсынова, Темірхан Медетбеков, Ақұштап Бақтыгереева, Есенғали ­Раушанов, Несіпбек Айтов, Жұматай Жақыпбеков, Иран-Ғайып, Меңдекеш Сатыбалдиевтерге, басқа да ауыз тұшытып, сезім сергітер өлеңдермен көріне бастаған көптеген жасамыс және жас әріптестеріне көркемдігі келіскен мақалалар арнап, пікір-лебізін білдіріп отыратын сергек қалпынан ауытқымады. Өзінің жерлес інілері Светқали Нұржанов, Сабыр Адаев, Мырзағали Іңірбаев, Ғалым Әріпов, Айтуар Өтегеновтер де көз қырында болды.

 «Шідер үзген жыр дүлдүлі, айтулы ақын» (Әбіштің сөзі) Мұқаға­лидың алапат талантын алдымен танығандардың бірі – «Бой түзеп, босқа кетпей сауықпенен, Боз қырау босағасын ­тауыпты өлең, Жаман жыр жазғанымда Ақ таяғың, Арқамда ойнай ма деп қауіптенем» деп аяқталатын, ақынның өзі арнау жазған Әбділда Тәжібаев болса, екіншісі – «Қарлығашым, келдің бе?» жыр кітабын «бірде-бір жаман өлеңі жоқ» деп бағалаған Әбіш Кекілбаев еді.

1968 жылы наурыз айында ақынның өлеңдері мен поэмалар жинағы – «Қарлы­ғашым, келдің бе?» кітабының сүйінші данасын өзімен 1961–1962 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бірге істеген Әбіштің үйіне барып: «Әбіш! Дей алдым ба, бірдеңе, демедім бе?! Дей алмасам боғымды жегенім де. Өкпе-назым, қайғым мен қуанышым, Тұрса бәрі жарады өлеңімде» деген қолтаңбасымен анасына беріп кетеді.

 Әбіш Мұқағали өлеңдерімен бұрыннан таныс, іштей дайындығы да бар. Қадыр, Жұмекен, Зейнолла (Серікқалиев), Оразбек, Асқарлармен бастары біріге қалғанда әдебиет ­жайында әңгіме бастап, поэзия ауылына ауысқан сәттерінде Әбіш Мұқағали өлеңдерін жиі-жиі есіне алып отыратыны есімде.

Әбіш Кекілбайұлының жоғарыда біз тізбелеген поэзия жайындағы туын- дыларына Мұқағалидың таныс екені де даусыз. Сыйлас ақындар «Қазақ әдебиетінде» бірге істеген жылдарында қазақ өлеңі жайында әңгіме-дүкен құрып, сырласқан да болар. Шығармашылығы жайында қазақ баспасөзінің жұмған аузын ашпауын бір бұзса, Әбіш бұзар деген үмітпен қарлығашын өзі әкеліп бергені ақын үшін сәтті қадам болған-ды.

 1995 жылы «Жалын» баспасынан «Мұқағали» деген естелік кітап жарық көрді. Республикаға белгілі көптеген ақын-жазушылар мен өнер қайраткерлерінің естеліктері енгізілген. «... Біз осылай танысып едік» деген ұлы сазгер Нұрғиса Тілендиевтің жазбалары да бар екен. «Мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген көлемді дүниелері мен шағын өлеңдерін жас ақындардың жаттап алып, айтып жүргенінен де хабардармын. Бірақ, неге екенін кім білсін, сол жылдары Мұқағали поэзиясының табыстары туралы ешкім мандытып ештеңе жаза алмады-ау деймін. Иә, дәл солай. Тек Әбіш Кекілбаев ініміз тәуір дүние жазды дегенді естідім. Пендеміз ғой...», – депті.

Мұқағалидай «айлапат нар тұлғалы, қылдырықтай сезімді» (Әбіштің сөзі) ақынның поэзиясын талдап, бағалау әдебиеттің теориялық мәселелерін жан-жақты меңгерген, шалқар білімді эстет сыншыға кез болғаны да сәттілік. Ал мәселенің түйіні, біздің ойымызша, оның өлеңге қоятын жоғары эстетикалық танымы мен талғамы ақын шығармаларымен қабысып үндесуінде жатса керек.

 Қолтаңбалы кітап оқылды, ­ойынан шықты, ұнатты. Көпшілікті елең еткізген «Айтып кеткен ақында арман бар ма?» деген көлемді әдеби сын мақаласы жазылды. «Лениншіл жастың» («Жас Алаш») жауапты хатшысы Сейдахмет Бердіқұловқа беріп кетеді. Сол жылдың қараша айында газетте «Жүректен жүрекке» деген атпен жарияланады. Тақырыптың неге өзгергені бізге белгісіз. 1999 жылы Әбіштің «Өлке» баспасынан шыққан 12 томдық шығармалар жинағының 10-томында бұл сын мақала «Айтып кеткен ақында арман бар ма?» деген тақырыппен берілген.

 Сыншы жалынды жырдың иесі Мұқағали Мақатаев туралы сөзін оқушы қауымға әуелі лирикасымен танымал болғанымен, кейіннен «тарихи алып тұлғалардың поэтикалық портреттерін жазған үлкен эпикалық тыныстың ақыны ретінде білгенімен бастап, «поэмаларының өзінде оның лириктігі жеңіп отыратындығы, ақынның ұзақ-ұзақ толғауларында ара-тұра шалқымалары, өмір жайлы, азаттық жайлы, махаббат жайындағы тебіреністері оқушы көңілін мол әсерге бөлеп кететінін» сөз етеді, ашық бояулы, анық үнді, іргелі талант екенін айтады. Ақын өлеңдерінен үзінділер келтіре отырып, Мұқағали лирикасының құрылым ерекшеліктеріне талдау жасайды.

 «Азаматтық – ақынға, өлеңге сырттан таңылатын жанама қасиет, жанама сипат емес. Азаматтық – өлеңнің, өнердің табиғи болмысы, Азаматтық – ақындықтың ең түп табиғаты» екендігіне тоқталып, «күллі дүниенің мұңын мұң қылып, күллі дүние қуанышын қуаныш қылу – тек суреткерлердің, ақындардың ғана қолынан келетін қасиет екенін, сол күлліадамзаттық, күлліқоғамдық мұң-мүдде суреткердің өз мұң-мүддесімен табыса, қабыса түскен сайын шығарма да соғұрлым шынайы, соғұрлым өрелі бола түспекші» деген тұжырымының Мұқағалиға да тән екеніне оқушы назарын аударады. Ақынның жан сыры – өлең арқылы ақиқат табудың, қоғамның өрелі шындығын ашудың тиімді жолы екенін, Мұқағали Мақатаевтың лирикасы осыған құрылғанын айтады.

 «Ойлы жас»! Өлең менің сырласымдай, Сырлассам да құмарым жүр басылмай, Айтып кеткен ақында арман бар ма, Жүрегінің түбіне кір жасырмай» деген өлең шумақтарын келтіріп, «ақынның шыны да, сыры да осы, «бұл оның азаматтық ары­ның сөзі, суреткерлік кредосы» дей келіп, күллі болмысқа осы кредомен үңілген ақынның «өз өмірбаянын жазып қоймай, біздің өрелі тұрғыла­сымыздың, зор адамгершілік иесі замандасымыздың рухани шежіресін жасағанына» ден қояды.

М.Мақатаев азаматтықты, ең алдымен, адамгершілік деп ұғады екен. Әбіштің пайымдауынша, содан да ­болар, оның жырлары адам болмысының сан сәттерін жіті зерттеп, дәл байқаған суреттерге толы екен. Дәлелге және ақын жүрегінің нұры мен талантының қуатына көз жеткізу үшін өлеңдерді бұзбай, жармай, толық келтіріп отырады. Өйткені Әбіш оларды шын мәніндегі асқақ азаматтық дауысқа ие жырлардың қатарында санайды және олар «бір ғана кісінің оқшау күңіреніс-тебіренісі емес, біздің замандастарымыздың рухани өресін, сезім байлығын, ізгі тілеу, ақ ниетін жарқырата ашқан жалынды жырлар» деп жалғастырады пікірін.

 Сондай-ақ Мұқағали – адамдар арасындағы, өмірдегі, табиғаттағы жарастық пен келісімнің жыршысы. Оның туған ауылына, Алатау табиғатына, сүйген жарына, аяулы әжесіне, балаларына, достарына, сағы­нышты махаббатына, баршасына арналған өлеңдері шын тебіреністен, шын шабыттан, шын күйзеліс пен шын қуаныштан, шын сағыныштан туған жырлар екенін, ал бірінші беттен басталып, соңғы бетіне дейін созылған бояу әлемі мол, толғаныс-тебіреністері барынша табиғи «Қарлығашым, келдің бе?» жинағы айда-жылда бір ұшырасатын аса сиректің бірі» екенін айтады.

Мақалада «ақын лирикасы да шын мәніндегі асқақ азаматтық дауысқа ие», «олардың (өлеңдер) бояу әлемі мен әуен сазын да өз көкірегінің толғаныс-тебіренісі жасаған», «бәрі де адамның өз дем, өз тынысындай шынайы, табиғи». «Оның адамдар туралы жырлары құдды тірі клеткадай үзіп-жұлғанды көтермейді» деген сияқты бұрын естіле бермейтін сөз тіркестері жиі кездеседі. Бұлар – сыншы ақынның бұла талант ақынды танып, білу барысындағы ойлы оралымдары. Ақын-сыншының ақынды зерделеп тануы осындай-ақ болар.

 Әбіш мұнымен тоқтап қалған жоқ, араға айлар, жылдар салып, әлсін-әлі М.Мақатаев шеберлігін еске алып отырады .

2015 жылдың таразы айының соңғы он күндігінде Кендірліде отбасымызбен бірге демалған кезімізде Әбішпен соңғы жүздестік. Көңілді жүрді. Жастық шағымызды есіне алып, қадау-қадау ұмытылмас сәттерді бүге-шүгесін қалдырмай, қолмен қойғандай етіп Әбіш сөз бастайтын.

«Әбіш Кекілбаев энциклопедия­сына» материал дайындап жүрген кезіміз, Әбіш одан хабардар, екеуден-екеу қалғанда менің бұдан бұрын айтқан бірқатар сұрақтарыма түсінік бере кетіп жүрді. Соларға қоса, Мұқағалимен алғаш бір топ ақын болып Талғарға барғанда кездескенін (жергілікті оқырмандарының сұрауы бойынша), әдебиет, поэзия жөнінде пікірлескенін, оның арғы-бергіден мол білімі мен өзіндік ой-пікірі, талғам-таразысы жайында әңгімелеп, «Сыйластығымыз, сырласуымыз осылай басталған-ды», – деп еді.

 «Қарлығашым, келдің бе?» ­жө­ніндегі мақала шыққаннан кейінгі ақын қуанышының төркіні – сын­шының ақжарма ақынның айтқысы келгендігін дөп басуында, екіншіден, өз өлеңдеріне 30-дан аса ән жазған Нұрғиса ағамыздың қынжыла жазғанындай, Әбіштің мақаласы мерзімді баспасөздің Мұқағали ақын туралы орныққан тым-тырыс қалыпты бұзғандығында жатқан болар деп топшылаймыз.

 Кезінде «Жұлдыз» журналының редакторы болған Тахауи Ахтанов­тың «пікіріңді айтып, жазып жібер» деп қолқалауымен Фариза Оңғар­сынованың «Мазасыз шақ» жыр кітабының қолжазбасын оқиды. Кейіннен «Фариза» деген мақала жазылады. Сонда мынадай жолдар бар. «Қашан бітіргенше, басымды алмай оқи бердім. Оқи бердім. Бұған дейін бастан-аяқ өңкей мінсіз өлеңдерден тұратын жыр кітабы да болатынын алғаш рет Мұқағалидың «Қарлығашым, келдің бе?» деген жыр жинағын оқығанда шинелімді сүйрете жүріп, «Лениншіл жасқа» жолдаған мақаламда айтып едім. Мақатаевтың асқар таудай даңқы сол кітаптан басталып еді. Мұқағалидың қандай қуанғанын, артынша демалыс алып келгенімде досым Асқар Сүлейменов екі үйімізді жабағы сойып, қонаққа шақырғанын, сол отырыста ешкімге көрсете қоймаған жаңа жыр дәптерін оқып беріп, Асқар екеуміздің сол күнгі түні бойы Желтоқсан көшесін «Қазаққа тағы бір ұлы ақын туды» деп алабұрта кезгенімізді қалай ұмы­тар­сың?!» («Сыр десте» 4-том, 39-бет).

 «Қарлығашым, келдің бе?»-ні талдағанда Мұқағали өлеңдерінің өмірге келу табиғаты жайын сөз ете отырып, «Адам болмысының санасы шабандап, тілі күрмелген күйзеліс сәті мен естен адасардай қуаныш сәтінде, жайдағы сөзден кенеу табылмай, сырлы сөз, сиқырлы сөз іздегенде, жүйе-жүйкеңнің бәрін діріл жайлап, көмейден емес, рухың мен сезіміңнің бұған дейін байқалмаған бір тұңғиық түбінен шымырлап шыға келетін нағыз ақындық сөз деген осындай болар-ды», – деп тебіренеді Әбіш.

Әбіштің поэзия жайындағы еңбек­терінің көлемі мен мазмұны тұтаса келісім тапқан, төгіліп тұрған бейнелі тілі арқылы айтылатын терең ой- толғамдарға толы шығар­маларының бірі, көп көңілінен шыққан еңбегі – «Қарлығашым, келдің бе?» мақаласы поэзия туралы сөз қозғаған сыншыларға сабақ боларлық дүние екендігі де дау тудырмайды.

Әбіш Мұқағалидың ақындық талантын алдымен танып, қара орман қалың оқырмандарға алғаш осылай таныстырған еді.

Көп жылдардың жүзі болды, баспасөзде жарияланған Әбіш шы­ғар­малары және олар жайында жазылған сын-пікірлерді жинап жүретінім бар еді. Солардың арасынан 1988 жыл­дың 20 қаңтарында «Лениншіл жас» газетінде жарық көрген «Алтын қалам­ды ардақ ақын» деген мақаласы табылды.

Мұқағалидың күнделіктері жайында жазылған. Сөз арасында айта кетелік, күнделік 1999 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Қарасаздан ұшқан қарлығаш» кітабында жарияланыпты. Өз архивімді ақтаруыма осы мақала себеп болған-ды. Мұқағалиды еске ала келе, күнделіктен алған әсерін Әбішше толғай отырып, өзі үшін Мұқағали мен Жұмекен, Төлеген мен Меңдекештің орны бөлек екенін, бірақ олар көптің көңілінен орын тапса да, соны сезінбей кеткенін өкінішпен айтып, «Мұқағалидың өз халқына ­деген уыз махаббаты, тұнық сезімі оның поэзиясының тұма бұлағы екенін» мадақтайды. Оның халқына ғашық екенін растап, «шын ғашықтың сыры еріннің ұшында ғана емес, жүрегінің түкпірінде жатады» дей келіп, оған куә – өлеңдері, оған куә осы күнделігі», – деп тұжырымдайды.

Әбіш сырлас ағасының жауқазын жырларына қайта-қайта оралып отыруына жоғарыда сөз болғандардан басқа «Егемен Қазақстан», «Мұқағали» журналы, «Қазақ әдебиеті» газет­терінде 2012 жылы жарияланған «Бұл ғалам сенің титтей жүрегіңде не болып жатқанын қайдан білсін?!», «Адамзаттың ақыны», «Хантәңірінің етегінде немесе Тянь-Шань эскиздері» мақалалары айғақтайды. «Арыс» баспасынан шыққан Әбішке арналған көп томдық тұлғалық энциклопедиясында бұл мәселе жақсы ашылған.

Әбіш жалпы поэзия жайында сөйлеп, жеке ақындар өлеңдері ­туралы жазғанда Мұқағали Мақатаев шығармашылығын еске алып отырады екен.

Оның төрт аяғын тең басатын сұлу жүрісті жүрекжарды жырларын мысалға алып, оны үлгі ретінде ұсы­натын кездері де аз кездеспейді.

«Күн тұтылған бір әлем жүрер іште...» деген сын мақала ақын ­Тыныштықбек Әбдікәкімовтың «Таң шолпан» жинағында жарияланған ­«Ырауан» кітабына арналған. «Бұл менің бұрын-соңды көрмеген де, естімеген де қаламгерім. Өлеңдері көзіме, дәлірік айтсам, көңіліме оттай басылды. ­Ойыма қай-қайдағы оралды. Көз алдыма нелер келіп, нелер кетпеді?..» деп бастап, «Өзі өлеңдерінде Мұқағали сөздерін көп қыстырады екен. Бірақ жаны дүлей болғанмен, жырларында жортаққа ұрынбайтын, жорғасынан жаңылмайтын Мұқағалидың бастан-аяқ жайма-шуағы жоқ» деп жазыпты. («Сыр десте», 4-том, 221-бет.)

Осы мақаланың тағы бір жерінде «М.Мақатаев қазақы қара өлеңнің мүмкіндіктерін тауыса меңгеру арқылы да ұлттық поэзияны салихаландыруға болатындығын дәлелдейді» дейді.

«Хантәңірінің етегінде немесе Тянь-Шань эскиздері еске түскенде» ­(«Егемен Қазақстан» газеті, 24 ­маусым, 2015 ж.) мақаласында Мұқағали Мақатаев пен Еркін Ібітановтың өмірлерінен сырға беріле сөз саптап, екеуінің қалам қарымының ұқсайтын да, ұқсамайтын да тұстарын салыстырады.

Ә.Кекілбайұлының анасы Айсәуле Қожабай келіні ер азаматтардың майданда жүрген кезінде шыңырау шахтаға түсіп, көмір қазған кісі. Көктемгі ауа райының құбылып тұратын бір күнінде бала Әбіш көбік қарда жалаңаяқ, жұмыстан қайтатын мамасын ұзақ күтіп қалады. Тұла бойын суық қамап, мешел болып, өкпеге салқын тиіп қатты ауырады. Көрер таңды көзімен атқызған түндері көбеймесе, азаймады. Сырқаттың беті бері қарамаған соң, Таушық ауылының терістік бетіндегі (Маңғыстау ауданының бұрынғы орталығы) Қапы туының езуіндегі әулиелерге түнетеді. Үйге келіп жатқасын Әбіштің жазғанындай, «Айқасыпты кірпігім, ұйықтап кеткем, «құр» етіп, Үй сыртында кісі тұр... көкшіл шапан, сұр етік... Бып-биязы күлгені... Оң жақ үзік түргені... Шып-шырайлы жанары... Шыра-дай жарық нұрлы өңді»: «Қорықпа, дейді, Қошақан!», Мен келіп тұрған Құдаймын...». Шырт ұйқыда жатқан бала Әбіш сыртқа жүгіріп, науқасынан құлан-таза айығып кеткендей сезінеді. Әбіш өз басына түскен осындай ауыртпалықты Жазушылар одағы орналасқан үйдің үшінші қабатындағы «Қазақ әдебиеті» газетінің қоңырқай бөлмелерінің бірінде» алпамса ақынға сыр ғып айтып береді. «Түс пен жору» өлеңіндегі алпамса ақын – Мұқағали Мақатаев болса, талдырмаш жігіт – Әбіштің өзі. Болған жайды тыңдап отырған ақын «қоңыр даусы күмбірлеп, қайтарып еді калима», «Байқа» деген, бауырым, түскен ғой көктің назары... Сарқылмас, – деген, сауығың... баянды екен базарың... Көл-дария көкем  ғой... тарылмайтын сағасы-ай! Жоруың жақсы екен-ғой... Аузыңа май, ағатай!» деп аяқталады өлең.

Әбіш Кекілбайұлының сөз болып отырған өлеңі 1999 жылы жазылған, әуелі «Қазақ әдебиетінде», сол жылы «Арыс» баспасынан шыққан «Дүние ғапыл» жинағында жарияланды.

Еш пендеге қылдай қиянаты жоқ екі ұлы қаламгер сыйластығының бір көрінісі ғой бұл. Шіркін, Алла Тағала өлшеп берген азғантай тірлікте сыпайы сыйластыққа не жетсін!

Лебен СӘДУАҚАСҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі

АҚТАУ

 

829 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7059

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6133

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3871

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3264

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3218

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3193

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2921

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2909

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы