• Ақпарат
  • 06 Сәуір, 2011

Күлмесханды күлдірген күлкішілер

(Соңы. Басы өткен санда) – Хы-хы, – дей беріп, аузын екі саусағымен жартылай жаба сөйледі. – Сонда моншада өткен ғой жиылыс? Ә? Х-хы, ә? – Әлбетте, – деді Темкең. – Әу, өне бойына сабын жаққан жүнді қаралардың ішінен қалалық кеңестің моншаға кезексіз жұртты кимелей кірген өкілін ешкім танымаған ба? – Қайдан танысын, шеттерінен аналарынан жаңа туғандай тырдай жалаңаштар ғой. – һо-һо, – деп күлкісін және жасыра қойды Күлмесхан. – Хан ием күлді екен деп ойламаңдар, әсте күлген жоқ, – деп кеудесін баса кеңкілдеді уәзірі. Енді Темкең Бейімбет Майлиннің «Шал мен қызын» оқыды: Қарағым, бері кел, қасыма, Иыққа отыршы, иыққа асыла. Сен үшін күні-түні қайғырып Ақ кірді сақал-мұрт, шашыма. Күлмесхан уәзіріне сыбырлап жатыр: «Мына найсап мені сынап отырғаннан сау ма, ей?..» – Тсс... – деді уәзірі сақтанып, – соңын тыңдайық. – Күмпиіп теріңе сыя алмай, Отырсың мені әлі қия алмай. Балаңдай адамға сөз айтып, Аппақ боп сақалың ұялмай. – Сөзім қалды жалғыз ауыз, өтінем, Бір сүйдірші мына ақша бетіңнен. – М-мыналар мені с-ынап отырғаннан сау ма, соңғы тоқалым менен тура 40 жас кіші еді, – деп Күлмесхан уәзіріне мұңын шағуға шамасы келмей күліп жіберген еді. – Хан ием күлді деп жүрмеңдер, ол күлген жоқ... – деп уәзір тағы да құрақ ұшты. – Тағы қандай сайқымазақтарың бар? – деді Күлмесхан мұртын ширатып. Сахнада – қасқа басты Асқар Тоқмағамбетов. «Желіккен жеңгейлер» – Кәне, сілтеп жібер, көрелік... – Түнімен қорылдап түсте тұрады, Кейде сағат үште тұрады. Екі сағат жуынып жүреді, Үйдің апшысын қуырып жүреді. ... Кесе де сынады, шәйнек те сынады, Есік, терезе, әйнек те сынады. Жиырма-отыз сом қасына керек, Қырық-елу сом шашына керек. Он-он бес сом тырнаққа керек. Шашының кудрясы бар, Жағатын пудрасы бар, Одеколон, духиі бар, Бізөкше туфлиі бар. Мойнында тағы түлкісі бар, Үш жүз сом сөмкісі бар, Айнасы мен тарағы бар, Толған бөлек-салағы бар. Қалап жүріп қалпақ алады, Онысы бір күнде-ақ салтақ болады. Өйткені біресе шекесіне киеді, Біресе желкесіне киеді, Біресе төбесіне киеді. Бір баласын нұқып қалады, Бір баласын түртіп қалады. Бірін-біріне соғады, Бара-бара іріге соғады... – Астапыралла, мұндай әйелден сақтасын, – дей беріп, Күлмесхан және күліп қойып еді. – Бұл жай езу тартқаны ғой, – деп уәзірі тағы да оққағарларына көз салды. Кезек Шона Смаханұлына тиді. «Мысық уәж» – Көрші едің, – деп, – қымбатты! Бейнеттеніп оны да әкелмейсің тыстан. Сүтті сылп-сылп ішіп, Пыр-пыр етті мысық. Сен де мендей болар ең Жүрсең егер, әрине, Құйрығыңды қысып. – Ха-ха, – дей беріп еді бас уәзір, Күлмесхан оның аузын алақанымен және баса қойды: – Ой, шірік неме, хан күлмей, уәзірдің күлгенін қайдан көрдің, түге! – Сонымен мені шын күлдіре ал­майтындарыңа көздерің жеткен шы­ғар, тойсаңдар қойсаңдар қай­теді, – дей беріп еді Күлмесхан. Бас уә­зірі де «Иә, қойсаңдар», – деп қайталады. – Қоймаймыз, күлдіреміз. Күлкіміз жалғаса береді. Кезекте оспа тілді Оспанхан тұр... Оспадар сөздің қамшысы, Сатираның жаршысы – Оспанхан Әубәкіров! – деді Темкең. Күлмесханның шүңірейіп, ұясының тереңіне жасырынған көздері жыпылықтап кетті. Жеп отырған жаңғағын столға лақтырып жіберді. «Ей, әлгі «Жетісуға» отау тіккен Оспанхан болмасын...» – Таяуда ғана Стамбулда болып, Әзиз Несинмен кездескен едім, – деді де, оның «Ақыреттен келген хаттарын» өз тәржімесімен оқи жөнелді. Әнгіменің орта тұсына жетпей-ақ Күлмесхан қалай күлгенін сезбей қалды. – Болды! Болды! Күлмесхан күліп қойды! – деп Үмбетбай мен Ғаббас дауысын қаттырақ шығарған еді. – Шатпа, күлген жоқ! – деп бас уәзір тағы да шыжбалақтай бастаған-ды. – Күлгенім рас, бірақ бұл Оспанханның өз шығармасы емес, Әзиз Несиннен ғой, – деп Күлмесхан тағы да сылтау таба қойды. – Ендеше, басқасын оқиық. «Жетісуға» отау тіккен Осекеңнің өз сықағы: «Қоян» Осы қоянның жүрегі Жүрек пе, әлде ішек пе? «Тәйт» десең талып қалады, Соның өзінде Қоқанға барып қалады. –Оһо...һа...Ха-ха-ха! – деп Күл­месхан көзінен жас шыққанша күліп алды. – Күлгеніңізді мойындайсыз ғой? – Мойындаймын, бірақ бір-ақ рет күлдірді, Оспанхан сендер айтқандай мықты болса және күлдірсін! – деді Күлмесхан. «Соқырішек хикаясы» – Өліп тірілдім, Әйтеуір, Алла сәтін сап Кетіп барып бұрылдым. – Біраз кескен болар? – Кескенің не, сойды ғой. Аяғымды тұсап алды. Сала құлаш пышақ алды. Қарнымды қақ айырды, Өкпемді жұлып былай қойды, Бауырымды алып былай қойды. Бір кезде бір жуан қыз Қолында таяқтай жуалдыз Қарнымды қайып тігіп жатыр. – Сонда ішіңнен не тапты? Бір асым ет тапты, Бір шүйке жүн тапты, Бір уыс құм шығыпты, Көрдіңіз бе, тіршілікті! *** Мәселе былай ғой, Рас, дәрігер сыңай ғой. Ал мынадай бөспеге, Мықты болсаң шыдай ғой. Әу бастан-ақ мырс еткен Күлмесхан күле-күле ішегі түйілгендей қызарақ­тап кетті, ішін сипап: – Астапыралла, менің де соқырішегім шықпаса игі еді, – деді. – Шықпайды, шықпайды, күлкіңізді тыйыңыз, хан ием, – деп бас уәзір қарнын оның сипап жатыр. – Күлдірем деп әуре-сарсаңға түскен сықақшы сарбаздар, – деді Күлмесхан. – Сәуір айында қар еріп, күн жадырап, жастардың махаббаты мықтап дүрлейтін кезі ғой. Махаббат жайлы жазғандарың бар ма? – Бар, бар! – Сөздеріңді бөлейін, әнеу күні біреу: «Мен ақынмын, «Махаббат» деген өлеңімді тыңдаңызшы» деп төсін соға мақтанды-ай кеп. – Оқи қойшы, кәне, – дедім. Ол оқи жөнелді: О, махаббат, Саусаң – сиыр, Мінсем – ат, Ішсем – тамақ! Міне, өлеңінің түрі. Күліп жібере жаздап Құдай сақтады. Ал Оспанхандарың махаббат жайлы айта отырып, күлдіре алар ма екен? – Күлдіргенде қандай. Алдияр! – Кәне, әуселесін көрейін! Оспанхан мұрнын пышылдатып «Кездейсоқ махаббат» аталатын сықағын оқи жөнелді. – Кеше кешкілік, Екі қыздың әңгімесін естідік. – Әй, бір кісі маған сөз айтты. – Аты-жөні кім екен? – Какой-то Жұмекен. Институт бітірген, Видимо доцент, Но, орысша сөйлесе Сплошной қазақбайский акцент. Отырсам бақылап, Қызметі зор. Алатыны – бес мың сом оклад! Квартирам бар дейді центрде, Говорит «жарымай жүрмін кемпірге!» Паркке бардық потом. – Биледіңдер ме? – Куда с таким животом?! (Күлмесхан екіқабат әйелдей жуан қарнын сипап қойды). Өзі сондай толстяк, Как Шекспировский Фальстаф Да такой он чудак Мұрны шулап Прямо мойныма асылды. Ерні кусок ет секілді, Мойнымнан тістемек секілді. Көзін жұмып алған Мен оны итеріп кеп жібердім. Ол омақа асып, кекіріп жіберді. Көзін шақшита зекіріп жіберді. Артынан тез жадырап: – Қарындас, шошымайық, Давай, екеуміз қосылайық! – деді. – Ну и дура! Қосылсақ қосылайық, Бірге жосылайық демедің бе? Әу, айырылып қалма, Саған осы лайық! – Конечно, сама солай дедім. *** О, махаббат, Соншалық оңай ма едің? – Ха-ха-ха, – деп Күлмесхан кеу­десін селкілдете күлді. Қол орамалымен көз жасын құрғата беріп, мына Оспанхандарың осал емес екен деп лажсыз мойындады. Уәзір де үнсіз ләм-мим демеді. Ол да күлгенін жасыра алмады. Бір сәт сүріне-қабына Садықбек Адамбеков келді. – Бәріңізден кешірім сұраймын, Арыс станциясынан ат терлетіп зорға жеткенім. – Уақа емес, сенің күлдіретіндей нең бар? – деді Күлмесхан. – Бар, Құдай жоқтан сақтасын, – деп Садықбек сыдырта жөнелді: –Уау, қырау қабақ Күлмесхан, Сатираны білмес хан, Қытықтайын мысқылмен Күліп-ап күлдім демесең Осында келдің неге сен? Шымкенттің ашық сотына, Іс қозғатам үстіңнен. Жағымпаздық жасаған, Жағаласам уәзірмен. Коррупция деп әділ сот, Үкімін айтар қазірден. Тыржиып мені білмесең, Ыржиып қасқам күлмесең, Кәне тура қазірден Абақты жаққа әзірлен. – Алдияр, тақсыр, күле салмасаң мына Садықбектің түрі жаман, пәлесіне тап болармыз, – деп құлағына сыбырлады уәзірі. Садықбек алақтай берді, хан көзі жалақтай берді. – Кү-л-генім рас, күл-ме-генім өт-ір-ік, – деп Күлмесхан ыржақтай бас­тады. Садықбек одан әрі қылжақтай бас­тады. – Езу тартқаным көбірек болға­нымен, мықтап тұрып бір-ақ рет күлдіріңдер. Жұп болсын, күлдіргіш болсаңдар және күлдіріңдер, – деді Күлмесхан. – Түу, нысапсыз екенсіз, ендеше, экранға қараңыз, – деп енді бейне­таспаны көрсетті Темірбек. Домбы­раға қосылып айтатын Мырқым­бай Тырқымбайұлы екен, «нақ-наққа» баса жөнелді: – «Сөйле десең сөйлейін сөз келгенде, е-һау, Киер көйлек шаруа бөз келгенде, тамаша-ау. Денің сау ма, құдаша-ау? Тобылғыны түбінен қазып алдым, былқ-былқ, Бөдененің етінен азық алдым, сылқ-сылқ. Абай, қыздар, абаубақ, Тырнамақтай туайтақ, Қыр басында қыз ойнақ, Күндіз – жиын, түнде – ойнақ, Екі манақ... нақ-нақ. – Ой, ішегім-ай, ха-ха-ха, һо-һо-һо, қой, екі рет күлдірдіңдер, көк көз Көпен рас айтқан. Сатирашыларға дауа жоқ екен, мен жеңілдім, – деді Күлмесхан. – Енді «С» әрпінен ұзын сөйлем құрап берсең, сексен мың теңге сыйлық беремін, – деді Күлмесхан. «Жарайды» деп желкесін қасынып алды да, Қожакеұлы кірісіп кетті: «Сарыағаштағы спрайт сіміргіш Сәрсенбай сарттың сары сәбізін сасытпай сегіз сомнан сатқан Сұлутөрдің серісі Сансызбай Сарғасқаевқа сын садағын саптанған сатирашы сарбаздардан сансыз сәлем!..» – Бәрекелді! Сендерге дауа жоқ екен. Күлкі күндерің құтты, денсаулықтарың мықты болсын! – деп Күлмесхан сый-сияпат ұсынып, сатириктерді шығарып салды. Мыңбай Рәш

6622 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5968

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5582

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3320

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2704

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2667

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2642

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2376

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2361

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы