• Ақпарат
  • 13 Сәуір, 2011

Қазақстанның төрағалығы және араб әлеміндегі саяси ахуал

Ислам Конференциясы Ұйымы 1969 жылы 25 қыркүйекте Марокконың астанасы Рабаттағы мұсылман мемлекеттерінің басшылары бас қосқан конференция нәтижесінде отаршылдық пен нәсілшілдікке қарсы күрес пен әлеуметтік, экономикалық, саяси салалардағы мұсылман елдерінің ынтымақтастығын қамтамасыз ету және Палес­тинаны азат ету Ұйымына қолдау көрсету мақсатында құрылған болатын. ИКҰ қазіргі кезеңдегі мұсылман елдерінің ресми үкіметтерінің басын біріктіріп отырған ықпалды халықаралық ұйым болып саналады. Оның құрамында қазір 1,5 млрд. астам халық бар. Оған 57 мемлекет мүше. ИКҰ құрамына халқының негізгі бөлігін мұсылмандар құрайтын Қазақстан 1995 жылдан бері мүше болып келеді.

ИКҰ-ның жетекші органдары мемлекет басшыларының саммиті болып табылады, ол төрт жылда бір рет өткізіледі және бұл ұйымның ең жоғарғы органы саналады. Ұйымның штаб-пәтері Джидда қаласында орналасқан. Саммит аралығында ИКҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері жылына бір рет жиналады және әр жылда мүше мемлекеттер кезекпен оған төрағалық етеді. Биылғы жылдың маусымынан бастап біздің еліміз осы беделді ұйымның тізгінін ұстайды. Қазіргі таңда ИКҰ аясында шешімін таппай келе жатқан кедейшілікпен күрес, білім беру мен денсаулық сақтау саласын дамыту, адам құқықтары, әйел теңдігі сияқты әлеуметтік мәселелермен қатар ғы­лым және технологияны дамыту, эконо­мика­­лық ынтымақтастық, көші-қон, аза­мат­тық соғыстар, дінаралық қатынастар сияқты салалардағы өзекті мәселелер ұйымға Төрағалық еткелі отырған елімізге үлкен жауапкершілік жүктейтіні анық. ИКҰ құрамында Ислам даму банкі, ғылым, білім және мәдениет мәселелерімен айналысатын ИСЕСКО, Ислам даму қоры және т.б. маңызды құрылымдар бар. Ондай тетіктерді шешімін таппаған мәселелердің түйінін тарқатуға бейімдеу біздің елдің дипломатиясының назар аударатын саласы болуы шарт. Біздің еліміз Төрағалық ету мерзіміне тұспа-тұс келіп отырған қазіргі араб елдеріндегі қалыптасқан халықаралық жағдайлардың шиеле­ністі оқиғалары жауапкершілік жүгін еселей түсетін түрі бар. Бірақ ұйымға мүше елдердің Қазақстанға деген ықылас-пейілі, Елбасының зор беделі көптеген мәселелердің оңды шешімін табуына мүмкіндік туғызады деген үміт бар. Елімізде көптеген ұлт пен дін өкілдерінің бейбіт, ауызбірлікте өмір сүріп отырғаны әлемнің назарын аударып, оның тәжірибесіне тамсандырып қана қоймай, әлемдік қауымдастықтың ол елмен ақыл бөлісуге, тәжірибе алмасуға да ынталы боларына сенеміз. ИКҰ-ға мүше мемлекеттердің көбі Солтүстік Африка мен Таяу және Орта Шығыс аймағында орналасқан. Өкінішке қарай, ИКҰ аймағы көптеген уақыт бойы халықаралық лаңкестік пен радикалды Исламның белең алып отырған ошағына айналып отыр. Өткен жылдың желтоқсан айынан Мағриб аймағындағы Тунисте басталған саяси толқулар мен халықтық көтерілістер тізбегі бүгінгі таңда барлық ИКҰ-ға мүше Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс аймағындағы араб әлемін шарпыды. Әлем назарын өзіне аудартып, халықаралық қауымдастықты дүрбелеңге салған араб елдеріндегі көтерілістердің себеп-салдары да сан түрлі. Бүгінгі таңдағы араб әлеміндегі орын алып отырған саяси толқулар астарын тек ішкі не болмаса тек сыртқы күштердің әсерінен іздестіруге болмайды. Араб әлеміндегі оқиғаларға әрбір елдің өзіне тән ішкі себептерімен қатар, әлемдік аренадағы күштердің өзгерісі мен жаһандану үдерісімен байланысты сыртқы факторлар да ықпал етіп отыр. Ең алдымен, бұл оқиғалардың ішкі себептеріне тоқталар болсақ, 2011 жылдың басынан тізбектеле жалғасқан араб елдеріндегі төңкерістер мен толқулар халықтың бірнеше ондаған жылдар бойы қордаланған саяси-экономикалық, әлеуметтік мәселелерді шешуге деген ұмтылысы мен тығырыққа тірелген тұйықтан шығуға деген талпынысынан туындап отыр. Бұл толқулардың ерекшелігі тек қана әлеуметтік ахуалы күрделі елдерді ғана емес, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жағдайы жоғары елдерді де қоса өз шырмауына алуында болып отыр. Көтерілістер мен толқулардың басталуына түрткі болған себептер әр елде әртүрлі. Мәселен, Египетте елдің ауыр әлеуметтік-экономикалық жағдайы; Тунисте Бен Али мен Тараблуси әулетінің экономикаға монополиялық бақылау орнатуы; Ливияда Киренаикадағы сепаратистік көңіл-күйдің артуы; Бахрейн, Оман, Сауд Арабиясы мен Иракта сүнниттер мен шииттер негізіндегі текетірестік; Йеменде жылдар бойы орын алып отырған азаматтық соғыс және т.б. Әрине, өз кезегінде бұл оқиғаларға ықпал еткен барлық араб әлеміне тән ортақ факторларды атап өту керек. Қазіргі араб қоғамында харизматикалық көсемдерге бас иіп, патернализм дәстүрінде тәрбиеленген ұрпақпен қатар, авторитарлық жүйеге көндіккісі келмейтін, білімді және сауатты жастардың қатары қалыптасты. Осы жаңа буын өкілдері азамат ретінде өз мемлекеттерінің мәселесін шешуде билік басындағылардың шешіміне ғана бас июге қарсылық танытуда. Мұндай қарсылықты көңіл күйдің белең алуына ең алдымен ел ішіндегі жастар арасындағы жұмыссыздық (Египетте – 42,8%, Тунисте – 30,4%, Сирияда – 24,4%) пен халықтың басым көпшілігінің кедейшілігі (Йемен­де – 41,8%, Алжирде – 22,6%, Марок­­кода ­– 19%) түрткі болып оты­рса, екіншіден, экономикалық саланы белгілі бір әулеттердің «ықпалды аймақтарға» бөліп алуы, биліктегі жемқорлық пен араб елдерінің «мұрагерлік республикаларға» айналуы себеп болып отыр. Осы орайда араб әлеміндегі жаңа биліктегі Ислам факторының үлесі қандай болмақ деген заңды сұрақ туындауы сөзсіз. Алдымен, исламдық фактордың артуы ай­мақта антиамерикалық және ан­тиизраильдік ұстанымдарды арттырады. Бұл өз кезегінде аймақтағы күштер балансын өзгертуі мүмкін. Қазірдің өзінде америкалық «Үлкен Таяу Шығыста» Иран мен Түркияның ықпалы артып келе жатқаны бай­қалады. Америкалықтардың аймақ­тағы шахмат тақтасындағы қателік­терін дер кезінде пайдаланып отырған ирандықтар «антиизраильдік майданда» басты ойыншыға айналып отыр. Ал Тель-Авив пен Түркия арасындағы салқындық Эрдоганның араб әлемімен байланысын түзеуге жол ашып отыр. Таяу Шығыс елдеріндегі шие­леністердің салдарлары әлемдік өркениеттердің қақтығысына, халық­ара­лық бейбітшілік пен тұрақтылыққа қауіп төндірерлік дағдарысқа әкелуі мүмкін. Осындай күрделі халықаралық жағдайдағы күн тәртібіндегі бірінші кезектегі мәселе өркениеттер үндестігі болуы шарт. Осы орайда Қазақстанның өркениеттер үндестігі аясында жүргізіп отырған саясаты, жоспарлы жұмысы халықаралық саясатта өркениеттер үндестігіне жол салып, жаңа әлемдік тәртіптің құрылуына бастама болар мүмкіндіктерге ие. Талай ғасырлар бойы түрлі өркениет­тер тоғысында өмір сүрген қазақ халқы басқа халықтардың мәдениеті мен дініне құрметпен қарап келген. Егеменді еліміздің 20 жылдық тәуелсіздік тарихында да діни-этникалық мәселелердегі сенімділік мен төзімділік ұстанымдары басты мемлекеттік қағидат болып келеді. Қазақстан­ның діни-этникалық мәсе­ле­лер­дегі мол тәжірибесі халық­ара­лық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланып, еліміздің әлемдік деңгейдегі беделінің артуына бірден-бір себепкер болып келеді. Өткен жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, биылғы жылдың маусымынан Ислам конференциясы ұйымының Сыртқы істер министрлігінің кеңесіне төрағалық етуі елімізге деген халықаралық қауымдастықтың білдірген сенімі екені сөзсіз. Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Ислам Конференциясы Ұйымының басты мақсат-мүдделері ортақ. Өйткені екі ұйымның да көздегені – әлемдегі қауіпсіздік пен халықтар арасындағы ынтымақтастық, экономикалық-эко­логиялық қатерлерді тізгіндеу, адам құқығын сақтау және ксенофобиямен күрес жүргізу. Осы тұрғыдан алып қарағанда, халықаралық қауымдастық Қазақ­стан­ның ИКҰ СІМК-дағы төрағалығы кезеңінде араб елдеріндегі саяси толқулардың салдарын жоюға қар­сы бағытталған іс-шараларынан кү­тер үміті көп-ақ. Еліміз Батыс пен Шығыс арасындағы өркениеттер үн­дестігін жалғастырар сарабдал саясат жүргізіп, сара жол табуы шарт. Бұған біздің мемлекетіміздің жылдар бойы жинақтаған дипломатиялық тә­жірибесі мен халықаралық арена­дағы беделі көмектеседі деп үміттенеміз. Нұржамал Алдабек, тарих ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінің деканы

3073 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы