• Ақпарат
  • 31 Тамыз, 2023

БАБЫРНАМА

 Қазақ және қазақылық һәм алаш жайында

 

Қазақ туралы жазған тағы бір жәдігер – әйгілі «Бабырнама» кітабы. Бұл кітаптың авторы – Зәһиреддин Мұхаммед Бабыр (1483–1530). Ол өз еңбегінде көріп, естіген, оқығандарын және 1493–1529 жылдар аралығындағы тарихи оқиғаларды жылнама түрінде қамтып, өшпес мұра етіп қалдырған. «Бабырнаманы» түркі тілінде жазған. Еңбек өте құнды болғаны үшін парсы һәм әлемнің өзге тілдеріне аударылып келеді. Бұл кітаптың тілі жеңіл, түсінікті болуымен қатар мазмұны маңызды тарихи оқиғаларға, философиялық-дидактикалық ойға, көркем образды бейнелеу сөздерге өте бай. Бабыр қарапайым сөздер мен терең ойлар арқылы тілдің құдіретін көрсетіп әрі беделін асырып отырады. Сондықтан ойы бар, жаңалығы бар құнды туындыларды әрбір халық өз тіліне аударып алуға мүдделі болатынын көрсетеді.
 

Бабыр қазақ жұртын, қазақылық терминін және қазақтың саяси, мәдени кеңістігін тамаша суреттеп, баяндап берген. Сондай-ақ қазақтар арасында қолданылып келе жатқан «алаш» сөзі жайында еңбегінде өзек еткен. Сондықтан күмәнсіз қазақ тарихы мен мәдениетіне елеулі үлес қосқан. Мәселен,  Бабыр «Алашы» () атауының шығу себебін де өз еңбегінде жазғанын атап кеткен жөн. Ол Сұлтан Әбусаид мырза әулеттері туралы былай жазған: «Сұлтан Маһмұд ханнан кіші баласы Сұлтан Аһмет хан еді, ол Алшы ханға мәшһүр-дүр». Алшы аталу себебі жайлы: «Қалмақ пен моғол тілдерінде өлтіргішті Алашы деген. Қалмақты неше қайта басып, қалың жұртын қырғаны үшін Алашы депті, көп қолданыла келе Алшы болып тұр», – деген./1-14/ 
 

Алаш атауын осы себепке байланысты болжаған Бабыр – «алаш» сөзінің шығу түбірін алғаш зерделеген ғалым. Қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғай алу үшін 1917 жылы құрған партиясының аты «Алаш» болған. Және партияның һәм «Алаш Орда» үкіметінің төрағасы болып Әлихан Бөкейханұлы (1866 –1937) сайланды. Әлихан «алаш» сөзінің мән-жайын білгісі келіп тағы бір майдандас Алаш қайраткері Халел Досмұхаммедұлынан (1883 –1939) «алаш» сөзінінің қалмақтар арасында қандай мағынада қолданатынын сұраған. Өйткені Халел қалмақтармен жақындау болып, қарым-қатынас болғанға меңзейді. Хәлел «алаш» не сөз? Атты жазбасында былай: «Қазақтың» 12 нөмірінде  «Оқшау сөз» жазған  «Қыр баласына» жауап: Орал облысында Уральски казачи воинскаға қараған қалмақтар бар, «Қыр баласының» өтініші бойынша, «алаш» деген қалмақ тілінде сөз бар ма? Мағынасы қазақша не болады? дегенімде қалмақтар айтты: «Қалмақ тілінде  «алаш» деген сөз бар, қазақша мағынасы – өлтіргіш, аямаушы, жаугер» деп. «Алаш» деп қалмақтар жақтырмаған орында айтады. Жаны ашымай хайуанатты көп өлтіре беретін аңшыларды да қалмақтар  «алаш» деп атайды. Доктор Халел Досмұхамедұлы», – деп жазған. /10-39/. Халел Досмұхаммедтың әңгімесіне қараған Бабыр заманын ғасырлар уақыт өтсе де, Бабыр алаш () сөзінің мән-мағнасы, этимологиясы  туралы айтқан пікір XX ғасырда өмір сүріп жатқан қалмақ қауымының арасында Бабыр жазған мағнасы дәл келіп, қолданыста келе жатқанын байқатады. 
Бабыр Қазақ хандары Әдік Сұлтан мен Қасым ханды былай еске алады: «Өзгеден кіші, тағы бір қыздан үлкен Сұлтан Нигар ханым еді. Оны Сұлтан Маһмұд мырзаға ұзатқан-ды. Мырзадан Сұлтан Уайыс атты бір ұлы болды. Оның әңгімесі осы тарихта келтіріледі. Сұлтан Маһмұд мырза өлгеннен кейін Нигар ханым ұлын алып, ешкімге хабар қылмай Ташкентке, ағаларына барады. Шейбани хан Ташкент пен Шаһрохие қалаларын басып алғанда Нигар ханым он-он екі моғол нөкерімен қашып, Әдік Сұлтанға барды. Бірнеше жылдан соң Әдік Сұлтанға тиді. Ол Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы нәсілінен, қазақ сұлтандарының бірі болған. Әдік Сұлтаннан екі қызы болды. Бірін Шейбан Сұлтандарына және бірін Сұлтан Саид ханның ұлы Рашид Сұлтанға берді. Әдік Сұлтаннан соң Қазақ ұлысының ханы Қасым хан болды. Әңгімелерге қарағанда, Қазақ хандары мен сұлтандарының арасында ешкім ол ұлысты Қасым хандай берік қолға алып билеген емес. Ерікті әскері үш жүз мыңға жуық болған. Қасым хан өлген соң Нигар ханым Қашғарға, Сұлтан Саид ханның қасына келді»./1 -14/ 

Бабырдың Қазақ хандығы жайын жақсы білгенін жоғарыдағы әңгімеден байқауға болады.
 «Бабырнама» кітабының түпнұсқасы түркі тілінде өте түсінікті, жеңіл, қысқа сөйлемдермен жазылған. Бабыр тілін бүгінгі заманда бізге жатсындырған екі себеп бар: біріншісі – арадан ғасырлар өткендігі, екіншісі – осы уақыт аралықта түріктектес халықтардың жазу графикасы үш  рет ауысты. Әрине, өз халқының қалауы емес. Бәлкім түрік халықтар арасында тілінің бір-бірінен алшақтатып, олардың жан дүниесін, ортақ мәдениетінің ортақ өзегін жою болды.  Мәселен: түркілер араб, латын, криллицаға ауысып, өзгеше таңбалармен түсінік кеңістігі өзгерген сайын психологиялық болмысы да өзгере берді. Оған айғақ бірі нанға алма деп жазса, енді бірі-нон, олмо деп жазды. Сөйтіп, екеуара тілдерінен өзгеше дыбыс-тар шыға бастады. Соның салдарынан екі жақ та Бабыр  тілінен алыстай берді. Оның мөлшерін бұйырса «Бабыр сөздігін» аяқтаған соң есепке алып, зерделелей бастауға мүдделіміз.  
Бабыр Қазақ хандығын жақсы білген. Оған Қасым ханға берген бағасы дәлел. Оған: Сұлтан Нигар ханымды «Сұлтан Әдіктен соң қазақ ұлысының ханы Қасым ханға тиді. Әңгімелерге қарағанда қазақ хандары мен сұлтандары арасында аталған ұлыста ешкім Қасым хан билеген кеңістікті өз билігіне ала алмаған. Оның жауынгерлерінің саны үш жүз мыңға жуыққа жеткен еді.» – деп баға берген. /1.14/ 

 Бабырдың Қасым ханға ондай баға беруі – аса маңызды һәм шындықтың тарихи мәйегі. Өйткені біріншіден, Бабыр патша – Қасым ханның замандасы, екіншіден, Бабыр негізін қалаған тарихта теңдесі жоқ ұлы империя жүздеген жылға жалғасып, адамзат мәдениеті мен руханиятына баға жетпес жәдігерлер қалдырған тұлға ретінде Қасым ханға берген бағасының айрықша мәні бар. Сол себептен Қасым ханның Қазақ хандығындағы ерекше орнына тереңірек көңіл бөліп, зерделеуге тиіспіз. Оның бір айғағы Қасым хан қыпшақ даласын түгелдей Қазақ хандығының иелік етуіне жол ашты.
Бабыр аталған кітабында «қазақ» сөзін түрлендіріп, әртүрлі мағынада қолданған. Мәселен: «еркіндіксүйгіш», «халықшыл» сынды ұғымдарға сыйдырып пайдаланған. Солардың бірсыпырасы мынадай: 

«Екінші қыз менің анам Құтлық Нигар ханым еді. Көбінесе қазақлықтарда таққа таласып бүлік шыққанда менімен бірге еді».
Бұл сөйлемде анасы Құтлық Нигар ханымның автормен қазақлықтарда бірге болғанын ескерсек, Бабыр анасын қарақшылық пен барымта жасауға өзімен бірге алып жүрмесі анық. Сондықтан «қазақ+лық» аталған мәтінде орталық биліктен шеттеп, еркін жүрісті меңзейді. Бұл жайт үш себепті орын алуы мүмкін: бірі – таққа таласқан қарсыластың қуатты болуынан даланы пана тұтып, қашқын күйде жүруі. Екіншісі – орталық билікке бағынғысы келмейтіндер далада аң аулап, сәтті уақытын күтіп тіршілік ете тұруы. Үшіншісі – болмыс-табиғаты қалалық тіршілікті сүймейтін жандар, қазақылық өмір салтын ұстанады. Олар – даладағы еркін өмірді қалайтын адамдар. Мұндай жайттар «Тарих-и Рашиди» кітабында да жазылған.
Бабыр тағы да әкесінің әмірлерін таныс­тырып баға берген тұсында «қазақ» сөзінің тіркесін былай қолданған: «...Тағы бірі Қасымбек еді. Қаушын (ру) еді. Бұрынғы Әндіжан қосынының бектерінің бірі еді. Асанбектен соң менің жанымда билік иесі болды. Өмірінің соңғы кездерінде билігі мен беделі артты және өксімеді. Мәрт кісі еді. Бір мәрте Касан өңірін шапқан өзбектің артынан барып жайпап тастаған. Омар Шейх мырза қасында қылыш сермеп жүрген-ді. Иасы кешіті (өткелі) ұрысында да жақсы шабысты. Қазақлықтарда Мәсша тауынан Сұлтан Маһмұд ханның қасына бармақ ниетін қылғанда Қасымбек айы­рылып, Хұсрау шаһ қасына кетті. Бұл мәтінде «қазақ+лық» сөз тіркесі «еркін өмір салтындағы далалық» деген ұғымды білдіреді. Бұл адамдар өмірден шаршап-шалдыққанда жайлауға барып демалып, бой жазған жағдайды меңзейді. Екінші жағынан түркілер қаншалықты қалада тұрса да далаға, оның еркін өміріне сағынышы жоғалмаған. Сондықтан «Бабырнама» кітабын өзге тілдерге аударма жасаған аудармашылар «қазақлық» сөзін «барымта» деп бір сарында аудара берген. Бұл – бір сөздің түрленіп, бірнеше мағынада қолданғанына көңіл бөлмегеннен туындап отырған жайт. Өйткені «қазақлық» тіркесін барлық жерде «барымта» деп тәржімаласақ, Бабыр патша барымтаға барып жүрген болса, оның есімі ұлы патша қатарында ұлы барымташы деген атпен де танылар еді. Барымта жасау – Бабыр табиғатына жат қылық.
«Қазақылық» тіркесін Бабырдың мына сөйлемінен қарайық. Онда: «...Тағы бірі Уәйіс Лағәри еді. Самарқандтық Тоқшы елінен еді. Омар Шейх мырза қасында соңғы кездерде өте жақын жүрген еді. Менімен бірге қазақлықтарда жүретін. Ақыл-парасаты жақсы еді. Біршама бүлікшіл еді», – деп жазған. Бұл мәтінде де «қазақлық» барымташылық мағынадан алыс тұр. Себебі олжасы жоқ бұл қандай барымташылық? Бабыр барымтаға шыққан болса қай жерге барымта жасап, қандай мал-мүлікті олжалағанын бір рет болса да айтар еді. 
Бабыр Сұлтан Ахмет балаларының жайын жазғанда «қазақлық» сөзін тағы да қолданады. Онда: «...Үшінші қызы Айша Сұлтан бегім еді. Бес жасында Самарқандқа келгенде маған атастырған еді. Соңыра жорықтарда Хожәндқа келді, алып едім (үйленген едім). Самарқандты екінші рет алғанда біргәне қызы болып еді, неше күн соң тәңірі рақметіне барды. Ташкенттің бүлігінен бұрынырақ әпкесінің түрткісімен менен шықты (ажырасты)». Бұл мәтінде «қазақ+лық» сөзі «жорықтар» дегенді меңзейді. Бәлкім, партизандық тұтқиылдан жасалатын жорықтар болып тұрған. 
Бабыр осында Айшаның жалғыз қызы болғанын «біргәне қыз» деп береді. Бабыр Сұлтан Әбу Саид мырзаның балалары жайын айтқанда: 
 
«Үшінші Қазақ бегім еді», – деп жазды. Бабыр кітабының тағы бір тұсында «Қыпшақ» деген жазылады. Онда: «Хұсрау шаһ еді, ол түркістандық қыпшақтан дүр», – делінген.
Осы Қыпшақ тайпасы кейінгі тарихта қазақ халқының құрамындағы бір ру болып аталады. Сол кезде қазақ халқынан бөлек тарихнамаларда аты аталып жүрген ру-тайпалар кейін қазақ құрамына енгенін көреміз. Бұл жайтты дерекпен зерделесек, «қазақ» сөзінің этимологиясын анықтауға септігін тигізеді. Ал Түркістан түркі тайпаларының біртұтас ел болғандығының атауы еді. Өйткені тарихшылар Түркістан атауын тілге тиек еткенде түркі елін меңзейді. Сондықтан Қазақ елі тарихи Түркістан кеңістігінің бір бөлігі болып, жаңаша атаумен тарихи арнасында өз елдігін атажұртында жалғастырып келеді.
Бабыр еңбегінде 1496 жылғы оқиғаларды баяндағанда «қазақ жігіттер» деген тіркесті қолданған:


«Төлен қожа моғолды екі-үш жүз қазақ жігіттермен жорыққа аттандырдық». Бұл мәтіндегі «қазақ жігіттер» сөз тіркесіне зер салғанда «қазақ» сөзі «партизандық іс-қимылға шыңдалған ерікті жауынгер» дегенге саяды. Бабыр «қазақ» сөзін осы мағынада қолданғанын кітаптың тағы бір тұсында көреміз: 

«Төлен қожа атты барынның ер, бетке ұстары қазақ жігіттерден еді. Әкем Омар Шейх мырза жанашырлық қылып еді, қазір де жанашыр болып жүр. Мен өзім тәрбиелеп, бек қылып едім. Ғажап ер және қазақ жігіт еді. Жанашырлыққа лайық еді».
Бабыр біз негізге алған түркі тілінде жазылған «Бабырнама» кітабының 86 және 88 - беттерінде де «қазақ+лық» тіркесті қолданған. Сонымен бірге моғол ұлысы туралы өз көзқарасын білдірген.

Онда: 

– «Менің анамның қасында мың бес жүз, екі мыңға жуық моғол ұлысынан бар еді. Тағы һисардан Әмзе Сұлтан, Меди Сұлтан және Мұхаммед дұғлат. Олармен бірге де соншалық моғол келіп еді. Қашанда жамандық пен бұзақылық моғол ұлысынан болатұғын», – делінген. 
Осы тұста моғол ұлысына қатысты Бабырдың берген бағасына тоқтаған себебіміз: ол моғол, қазақ, тағы басқа ұлыстарды бір-бірінен ажыратып, оларға өз көзқарасын анық білдіріп отырған. Мұнда Бабыр өзінің моғол еместігін нақтылап тұрса да, еуропалық ғалымдар оның Үндістанда құрған империясын Моғол империясы деп атағанының жөні жоқ екенін көрсетеді. Оларға Бабыр империясын Моғол империясы деудің не қажеті болған? Екінші мәселе – парсы және түркі тарихшылары Шыңғыс хан мен оның ұрпақтарын «моғол» деп жазады. Ал қазақ ғалымдары оны моғол, моңғол, монғұл, моңғұл, тағы басқа түрлендіріп жазып жатады. Оны қалай түсінеміз? Тарихта бір шындық бар. Ол жаулаушы ел ұдайы жаулап алған жергілікті күшті елдің құрамына еніп, ассимиляцияға ұшырап, сол елдің болмысының бір бөлшегіне айналып отырған. Еуропалықтар, арабтар, парсылар һәм түркілер осындай тарихи процестерді басынан өткізіп, талай рет өзге ұлыстарды өз құрамына енгізіп, бойына сіңіріп отырды. Сондай заңдылық негізінде Түмен Балтабасұлы (1884 –1957): «Бұл жерден кімдер кетіп, кім қалмаған?! Қара жер қаза жетсе кімді алмаған?! Қызылбас, Қытай, Қыпшақ, Қырым, Қырғыз, Айладыр алтау болса, Қалмақ жетеу – Ерлерден ертедегі қалынған жер», – деп жырлағандай, қазақ халқы да жеті жұртты өз бойына сіңіріп келді.
Бабыр тағы бір әңгімесінде: 

«Әндіжанда қыстаудан жаудың кісісіне еш зарары мен зияны тимес, бәлкім, ұрлық пен қазақылықпен бірге күшейіп кетулерінің ықтималы бар», – деген еді.

Сондай-ақ: 

«Сол қыстауда болғанда Құдайберді Тоқшыға мейір-шапағат көрсетіп, бек қылып едім. Ол екі-үш рет қайта барып Тәнбәлдің қарсылығын басып, басын кесіп алып келген. Әндіжан мен Ош өңірінде де қазақ жігіттер әииарлықпен тынбай шабуылдап, жылқыларын айдап, кісілерін өлтіріп, қатты әлсіреткен болатын». Бабыр жоғарыдағы үзінділерде «қазақты», «әииар» сөзімен балама сөз етіп қолданған. «Әииар» сөзіне парсы түсіндірме сөздіктерінде былай анықтама берілген: «әииар – шапшаң, батыр, зерек, епті, жасампаз және сиқыршы адам. ІХ ғасырда керуен жолын кесіп, алған олжаларын халық игілігіне жаратып жүретін мәрт, жауанмәрт, жауынгер, батыр». Жақып ибн Лейс Саффар есімді әииар 868–878 жылдары әииарлар топтарының қолдауымен Бағдаттағы халифаға қарсы шығып, Иран мен Ауғанстан аймақтарындағы Кабул, Герат, Керман және Фарс территориясын халифатқа бағынбайтын дербес, өз билігіндегі ел деп жариялады. Сөйтіп, Иранның шығыс өңірінде орналасқан Сис-танда Зәрәнж қаласын астана етіп, алғаш рет халифаттан тәуелсіз саффари үкіметін құрды.
Бабыр өз шығармасында «қазақ» сөзін молынан қолданып, лексикалық мағынасын зерттеп-зерделеуге зор мүмкіндік береді. Оның еңбегінде кездесетін «қазақ» сөзінің тізімі әрі қарай жалғаса береді. Тек қана осы тұста Бабырдың айтқан ойынан ой туып, бір ұрымтал сөздің реті келіп тұр. Бабыр Үндістан елін жаулап алғандығы туралы айтқанда, ол елдің өткеніне біраз көз жүгіртіп, кітабында былай жазған: 

«Әзіреті Рәсул заманынан бұл тарихқа дейін жүздеген патшадан үш кісі Үндістан уәлаятын жаулап, салтанат құрған. Бірі – Сұлтан Маһмұд Ғазналық және әулеттері Үндістан мемлекетінде ұзақ уақыт патша тағында отырған. Екіншісі – Сұлтан Шаһабеддин ғури мен айналасындағылар көп жыл бұл мемлекетте патшалық құрды. Үшіншісі мен дүрмін». Бабыр осы мәліметті бере тұрып, Үндістан тарихына шолу жасап, пікір білдіреді.

Онда ол: 

«Бірақ менің ісім ол патшалардікіне ұқсамайтын, не үшін десек, Сұлтан Маһмұд Үндістанды жаулап алды, Хорасан тағы оның билігінде еді және Харезм шекаралас Сұлтандар оған бағынышты болған. Самарқанд патшалығы оның қол астында еді. Ерікті әскері екі жүз мың болмаса да, өзі бір жүз мыңды құрайтын. Әрі жаулары ражалар еді. Бүкіл Үндістан бір патшалық емес-ті. Әрбір ража бір уәлаятта өз басына патшалық құрған еді». 
Бабырдың әңгімесіне мұқият зер салғанда бүгінгі біртұтас Үндістан атты ірі мемлекеттің түркі патшаларының сол елге жасаған жорықтары әрі өктем саяси билігінің арқасында ражаларын біріктіріп құрған бір ел екендігін байқаймыз. Дәл осылай Қытай, Ресей, Мысыр және мұсылман Таяу Шығыс, Еуропа елдерінің біртұтас ел болып бірігуіне түркі билеушілері әсер етті. Бабыр мен Әмір Темір ұрпағымын, сол үшін күресіп жүрмін демеді. Ол түркімін деген сыңай танытып түркі әдебиетінің теориялық еңбегін жазды, түркі тілін дамытып, сол тілде прозалық, поэзиялық шығармалар жазды. Сол себепті оның өмірлік жетістіктері мен шығармалары барлық түркітектес халықтың ортақ қазынасы іспеттес. «Түркілік» ұғым барлық түркітектес халық үшін тарихи-саяси һәм рухани-мәдени тұрғыдан маңызы зор екендігін қазақ ғалымдары кеңестік дәуірдің өзінде терең ұға білген. Сол үшін де өз тұжырымын жасап жариялаған. Әрі 1967 жылы жарық көрген «Ертедегі қазақ әдебиеті хрестоматиясы» атты оқу құралына енгізіп, тарихи батыл қадам жасаған. Олар: «Қазақ халқының құрамына енген рулар ерте замандарда Орта Азия мен Қазақстанды, оңтүстік-шығыс Сібірді, орта және төменгі Еділді, Каспий жағалауларын мекендеген; кейін әзірбайжан, түрікмен, қарақалпақ, өзбек, қырғыз, ұйғыр, хакас, башқұрт, татар халықтарының құрамына енген ру-тайпалармен аралас, көршілес өмір сүрген. Сол себепті ертедегі қазақ тайпаларының тарихы да, оның әдебиеті де осы тайпалардың экономикалық, әлеуметтік өмірімен тығыз байланысты. 
Ерте уақыттарда арғы-бергі тарихтарда аталатын скиф, ғұн, қаңлы, сақ, сармат, алан, қарлұқ, хазар, оғыз, құрман – бәрінің шыққан тегі бір. Олар – ерте замандарда Қытай мен Рұм (Византия) аралығын мекендеген түркілер. Түркі, моңғол ру тайпалары үнемі бір орында, әуелгі мекен еткен жерінде отыра бермеген. Кейде өзара жауласып, соғысу салдарынан, кейде басқа жақтан келген бөтен тайпалардың жорығы салдарынан да бір жерден екінші жерге, бір өлкеден екінші өлкеге көшіп, мекендерін жиі өзгертіп отырған. Әсіресе Александр Македонскийдің жорығы, ғұндардың қоныс аударуы, арабтардың жаулап алуы, моңғолдардың шабуылы, онан кейінгі түрлі жаугершіліктер әлгі тайпаларды жойқын қырғынға ұшыратып отырды.
Кейін қазақ халқының құрамына енген ру-тайпалардың бірқатары біздің заманымызға дейінгі IV ғасырда Сырдарияның орта, жоғарғы ағысын, ал I ғасырда Ыстықкөл төңірегін мекендеген. Біздің заманымыздың алғашқы ғасырларында Шу, Талас, Қаратау, Сарысу алабын, VII-VIII ғасырларда Орталық Азия мен оңтүстік-шығыс Сібір территориясын, X-XIV ғасырларда орта, төменгі Еділ және Каспийдің шығыс, солтүстік, батыс жағалауларын мекендеген». Бұл тұжырым қазақ халқының тарихи әрі түркілік санасының өшпестен жаңғырып келе жатқанын көрсетеді. 
Сондай-ақ қазақ өнерін зерттеуші фольклорист ғалым Ақселеу Сейдімбек (1942–2009) әу бастан қазақтың түркі тарихымен сабақтас екендігін жазған. Ол: «Түркілік мәдениет әлдекімнің қалап-қолдауын немесе мүсіркеуін қажет ете ме? Ол тарихи бар ақиқат емес пе? Тарихи ақиқат құбылысты кемел ғылыми зерде ғана жеріне жеткізе тани алса керек. Өкінішке орай, әзірше әрісі шығыстануда, берісі түркологияда шешімін күткен проблемалар шаш-етектен», – деп ой түйіп, тұшымды жауап іздейді. Содан ол «Қазақ әлемі» атты этномәдени пайымдау еңбегін жазды. Онда қазақ тарихы мен өнерін түркілік тарих һәм өнерімен бір кеңістікте, бір қайнардан сусындағанын дәйектеп, дәлелдей түседі.
Біз «қазақ» сөзінің шығу тегіне зер салып, зерттегенде Абай Құнанбайұлының пікірін де ескергеніміз жөн болар. Абай: «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» әңгімесінде көп жайтты айтқан. «Есте жоқ ескі мезгілде, маңғұлдан бір татар аталған халық бөлінген екен. Қытайлар «татан» деп жазды. Асыл түбі қазақтың – сол татар. Осы күнде де қазақтың төре нәсілдері өзін-өзі біз татармыз деп айтысады. Онысы біз келімсек емес, түпсіз емес, таза тұқымбыз деген орынға айтылады, татардың кім екенін білгендігімен айтқаны емес», – деген пікіріне қарағанда Абай Нәдір шаһ Афшар (1100 –1160 һижри қәмәри, 1688 –1748 милади) заманында өмір сүрген тарихшы Әбуасан ибн Мұхаммед Әмин Гүлістане жазған «Можмәл-от-Тәуарих» атты кітабын оқығанға ұқсайды. Өйткені Абай алыстан сермеп, «қазақ» сөзінің тарихын VІІ-VІІІ ғасырларда Ислам дінінің түркі даласына келуімен ұштастырып, маңғұлдан шыққандығына тоқтаған.
Ескерту: «Қазақ» сөзі әуелі әскери бір топқа берілген. Сосын бір саяси одаққа теңелген. Соңында арнаулы бір қауымның есіміне айналған», – деп жазылған «Исламдық қауымдастықтар тарихы» атты кітапта. 
Түйіндеп айтқанда: Бабырнама түркі тарихы, тілі, мәдениетінің айқын болмысын көрсете алатын сарқылмас қазына. Сол себептен бабырнаманың түсіндірме сөздігін дайындауды жұмыс жоспарымызға енгзіп отырмыз. Бабырнама сөздігі дайын болған соң түрік халықтарының (қазақ, өзбек, қырқыз, османлы, әзірбайан, түрікмен, татар, ұйғыр, құмық, қарашай, сібір түріктері тағы басқалары Бабырдың түркі сөздерінен қаншалықты үлес алғанын анық көрсете алады.  
 

Ислам Жеменей,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Тұран-Иран» 
ғылыми-зерттеу орталығының 
директоры, филология 
ғылымының докторы

Пайдаланылған әдебиеттер: 

1. Заһиреддин Мұхаммед Бабыр, Бабырнама. Баспаға дайындаған: Һедаятолла Һедаят, Ауғанстан, Мазар Шәріп, «Ұлықбек мәдени қоры» баспасы, 1387 (2008).-550 бет. 
2. Заһиреддин Мұхаммед Бабыр. Бабырнама, орыс және өзбек тілдеріндегі аударма бойынша ықшамдалған аудармасын жасаған: Байұзақ Қожабекұлы. «Атабек» баспасы, Алматы, 1993. - 447 бет. 
3. Мырза Мұхаммед Қайдар Дұғлат, «Тарих-и-Рашиди». Текстологиясын жасаған, түсіндірмесін жазған: Ислам Жеменей, «Сенім» баспасы, Тараз Мемлекеттік университеті, 2014. 
4. Мырза Мұхаммед Қайдар Дұғлат, «Тарих-и-Рашиди». Текстологиясын жасаған, түсіндірмесін жазған: Ислам Жеменей, «Оғыз хан» баспасы, Теһран, 2020. - 1 кітап. - 230 бет.
5. Мырза Мұхаммед Қайдар Дұғлат, «Тарих-и-Рашиди». Текстологиясын жасаған, түсіндірмесін жазған: Ислам Жеменей. - «Оғыз хан» баспасы, Теһран, 2020. - 2 кітап. - 655 бет. 
6. Мырза Мұхаммед Қайдар Дұғлат, «Тарих-и-Рашиди». Текстологиясын жасаған, түсіндірмесін жазған: Ислам Жеменей. - «Оғыз хан» баспасы, Теһран, 2020. - 781 бет.
7. Мырза Мұхаммед Қайдар Дұғлат, «Тарих-и-Рашиди». Парсы тілінен қазақ тіліне аударған, түсініктеме жазған: Ислам Жеменей. «Қазақ университеті» баспасы, Алматы. - 1-кітап. - 367 бет. 2-кітап. - 450 бет. - 2020 ж. 
8. «Тарих-и-Рашиди әдеби әлемі», Алматы. 2009. - 200 бет.
9. Заһиреддин Мұхаммед Бабыр энциклопедиясы. Ташкент, 2017.- 687 бет.
10. «Қазақ» газеті, -Алматы, «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998, 560 бет.

1131 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6430

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5830

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3572

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2957

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2917

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2893

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2624

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2608

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы