• Ақпарат
  • 14 Қыркүйек, 2023

«Зафарнама» шығармасындағы қазақ сөзі мен тарихы

Кез келген ел өзінің тарихын зерттеуде үш дерекке жүгінеді. Олар: археология, жазба дерек және фольклор (салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ауыз әдебиеті...). Ал қазақ ғалымдары тарихи-әдеби зерттеулерде археология мен ауыз әдебиет немесе фольклор саласында айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Оған археологиялық зерттеулерде «Алтын адам», «Сақ қорғандары» тағы басқа тарихи мұраларға жаңаша қарап, зерделеп тұжырымдар жасауы дәлел. Сондай-ақ ауыз әдебиетіндегі мұраларымыздың М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтынан «Бабалар сөзі» деген атпен 100 том болып жарық көруі оған айғақ. 
 

Ал қазақ тарихы мен қазақтың түркілік тарихына қатысты араб, парсы және түрік тіл­деріндегі жазба деректерін тікелей түпнұсқадан қазақ тіліне аударып, талдау жасау жұмысы кенже қалған сала. Өйткені археология және фольклор салалары кеңестік дәуірден зерттеу нысанасына ілінді. Бірақ шығыс тілдеріндегі қазақтың ежелгі, ортағасырлық, қазақ хандығы дәуірлері саяси және әдебиет тарихы орыс ғалымдардың аудармалары және олардың аналитикалық талдауларының нәтижелері негізге алынып, қазақ тарихы мен әдебиеті жазылып келді. Бұл себептен қазақ тарихы және тілі екі кемшін тұсын өзімен бірге қазіргі уақытқа дейін мойнына жүктеп келеді. 1. Орыс тілінде тарихи мәліметтерді пайдаланғанда жер-су, адам аттарын орысша транскрипциямен жазып, қолданысқа енгізеді. Мәселен: Тутлук Темур (Тұтлық Темір), Малик Хусайн (Мәлік Үсейін), Хаджи Барлас (Қажы Бірлес) сынды есімдердің жазуының ауытқуынан ол сөздердің этимология және мағынасынан алыстап кетеміз. Бұл үрдіс әсіресе қарапайым оқырманның қазақы санасын улайды. 2. Ендігі бір кемшін тұсы, шетел аудармашысының немесе зерттеуші ғалымның өзінің көздеген мақсаты бар. Сол үшін ол қазаққа қатысты сөздерге қызыға бермейді. Мәселен, «Зафарнама» кітабының орыс тіліндегі аудармасында жер-су, адам аттарының сандық көрсеткішінде (индекс) «қазақ» сөзі адам есімдері немесе жағрафиялық жер-су есімдері тіркелмеген. Ал түпнұсқалық парсы тіліндегі нұсқасында қазақ сөзі анық жазылған. Осыған орай қолда бар жазба деректерде тұңғыш рет «қазақ» сөзі анық жазылған шығарма «Зафарнама» кітабы екендігін айтқымыз келеді. 
Жалпы алғанда тарихи жазбалардағы берілген мәліметті әр халықтың тарихи шындығын тек қана сол халық тілімен ұға аламыз. Мәселен, «Зафарнама» парсы тілінде жазылса да, «Ел» (), /1-320/ және «елші» () | /1-326/, «тышқан жыл» () /1-206/ сөздері түріктерге оның ішінде қазақ үшін түсінікті. Аталған кітаптағы ондай түркі сөздері парсы тілді оқырманға түсінікті бола алмайды. Немесе «олжа» () /1.581/ сөзі түрік халықтары арасында қазақ пен қырғызға көбірек ұғымдырақ. Өйткені олжа сөзін өзге түріктер қолданбайды. Сол себепті қазақ сөзі және қазақ тарихы, жағрафиялық атауларын дұрыс аудару үшін жазба деректерді қай тілде болса да, қазақ тарихына қатысты болса міндетті түрде түпнұқадан қазақ тіліне аудару керек. Ол үшін санасы орысша транскрипциямен уланбаған аудармашы болу керек. Олай болмаған жағдайда қазақ тілінің дыбыстандырудағы әуені мен дыбыстық үйлесімін бұзады. Археология, фольклор, жазба әдебиет, яғни үш саланың өзіндік ерекшелігі бар. Оның құпиясы бүгiнгi сол елдің тілімен шешіледі. Яғни, оның рәмізiн тек қана ана тілінде ұға алады. Сол себептен әр саланың дерегін ана тілде сөйлету тарих құпиясын ашып беруге көмектеседі. Ал біз жазба дерек саласы бойынша, деректерін қазақ тілінде сөйлетуді арман тұтамыз. Тарихи шындықты тану үшін өз тілімізге жүгінуді қажетсіндіреді. Осы орайда қазақ сөзіне, мәдениетіне, тіліне және тарихына қатысты жазған «Зафарнама» атты шығарманы білгеніміз жөн. Біздің ұсынысымыз мектеп, жоғары оқу орындарының тарих, әдебиет, тіл саласының мұғалімдері, ұстаздары, зерттеушілері, ұлтын сүйер қаламгер, ақын, қалың қауым осы мақаланы негізге алып, ортақ әңгімеге өзек, дәріс беруде көмекші оқу құралы ретінде пайдаланса, құба-құп болар еді. 
 «Зафарнама». Авторы: Шарафеддин Әли Йәзди. Әкесі – Шейх Қажы Йәзди. Иран жеріндегі Тәфт қаласында туған. Туған жылы белгiсiз. Бұл еңбегін 1424-1425 жылдар арасында парсы, түрік тілдерiндегi деректерге және сарайдағы құжаттарға сүйене отырып жазған. Шығармасын Фарс аймағында әкім болған Ибраһим сұлтанға арнаған. Себебі, Ибраһим Әмір Темір әулетінен тараған Шаһрохтың ұлы билеуші ретінде әдебиет пен өнерге, тарихшы ғалымдарға қамқор болған. Әли Йәзди Ибраһим сұлтанның жанында қызмет жасаған. Ибраһим 1435 жылы өмірден өткен соң Сұлтания, Қәзвин, Рей, Құм аймақтарында билік құрып отырған Шаһрохтың немересі Мырза Сұлтан Мұхаммед Шарафеддинді өз сарайына шақырып алды. Сұлтан Мұхаммед 1445-1446 жылдары Шаһрохтың сырқаттанып жатқанын ғанибет санап ағайындары және Әли Йәздидің үгіттеуімен оған қарсы бүлік шығарып, Хамадан, Исфаһанды жаулап алып, Шираз қаласын қоршауға алады. Шаһрох бұл жағдайды естіген соң, ауырып жатқанына қарамастан астана Гераттан бүлікті басу үшін Ширазға қарай аттанады. Бұл хабарды естіген Сұлтан Мұхаммед қоршаудан бас тартып, Лорестан өлкесіне қашып кетеді. Шаһрох ат басын Исфаһанға бұрып Сұлтан Мұхаммедтың жақтастарын талқандап жазалайды. Әли Йәзди айыптылар арасында болса да, бағына қарай өлімнен құтылады. Өйткені оны Шаһрох баласы Ұлықбекке (1394-1449) тапсырады. Ұлықбек те оны Герат қаласына жер аударады. Әли Йәзди Гератта шығыстың жеті жұлдызының бірі, сопы ақыны Әбдіраһман Жәмимен (1414-1492) жолығып танысады. Олар кездескенде екеуі арасында мынадай әңгіме өтеді. Жәми сопылық тұрғыдан одан өмір мен өлім туралы пікірін сұрайды. Бірақ Йәзди талай оқиғалардан үрейленіп қалғандықтан оның сауалына жауап бермейді. Сол үшін Жәми оны сөкеттейді. «Сен осынша іліміңмен айтулы ғалым бола тұра неге әкімдердің мадақтаушы қызметін атқарып жүрсің?»  – дейді. 
1447 жылы Шаһрох шаһ қайтыс болған соң Әли Йәзди Гераттан туған жері Тәфтке қайта оралып, дәруішханада қоныстайды. Содан өмірінің соңғы күніне дейін сол жерде тұрақтап тұрады. Әлішер Науаи (1441-1501) алты жасында ата-ана­сымен Иракқа бара жатып, 1447 жылы Тәфтте аялдағанда дәруішханада тоқтап, Әли Йәздиді көргенін «Таңдаулылар жиынында» () атты кітабында жазған. Әбдіразақ Самарқанди (1413-1482) тарихшы, ақын) онымен Ирактан Хорасанға сапарында 1452 жылдың тамыз айында Тәфтта дидарласып, біраз уақыт дәруішханасында тоқтағанын () кітабында жазған. Әли Йәзди 1454 жылы Тәфт қаласында қайтыс болып, дәруішхана ауласында жерленген. Тәфт Иранның Йәзд провинциясының оңтүстік батысында орналасқан қала. Шарафеддин Йәзди өз заманының аса ірі ғұламасы, аты кеңінен танылған ұстаз, «Зафарнама» сияқты тамаша тарихи туындының авторы және философия, астрономия, әдебиет, сопылық ілімнің теоретик білгірі ретінде көптеген шығармаларымен ғылыми ортада аса үлкен құрметке ие. 
«Зафарнаманың» жазылу барысы: Шарафеддин Әли Йәзди бұл кітапты Әмір Темірдің төртінші ұлы Шаһрохтың (1377-1447) баласы Ибраһим Сұлтан­ның тапсырмасы бойынша жазған. Әмір Темірдің өмірі (1336-1405), тегі, кісілігі, өрлеу мен күйреу кезеңін өзінен бұрын жазылған «Зафарнама Шами» атты еңбекті пайдаланған. Кітап авторының айтуына қарағанда, Ибраһим Сұлтан Әмір Темір туралы бір кітап арнайы жазылу керектігін ойға алып, 1419-1420 жылдары хатшылар Темірге қатысты жазған парсы, түркі тілдеріндегі барлық естелік, жазбаларды жинақтап, өзіне тапсырылсын» деп бұйрық беріпті. Ол жиылған барлық құжаттарды тексеріп, зерделей бастады. Жиналған жазба деректерді ауызша айтылған әңгімелермен сәйкестірген соң оны Шарафеддин Әли Йәздиге тапсырып, қарап шығуын сұрады. Содан өз пікірін Ибраһим Сұлтанға білдіріп, «соның негізінде кітапты жазуға кіріссін» деген рұқсат алған. Кітаптың Әмір Темірдің негізгі тарихы жазылатын кезде түркі, парсы тіліндегі жазылған Темірге қатысты қара сөз және өлең түріндегі дастан, хикаялар империяның барлық өңірлерінен жинақталды. Жинақталған деректермен танысу үшін үш топ құрылды. Оның екі тобы құжаттарды түркі, парсы тілдерінде оқи алатын нағыз жетік мамандар болды. Ал бір топ бақылаушы, тыңдаушы болды. Сараптамашы топ Әмір Темір туралы оқылған естеліктер мен жазбаларды мұқият тыңдап, тарихи оқиғаларға куә болған айтушылардың әңгімелерімен сәйкес келмеген жағдайда Ибраһим Сұлтанға жеткізіп, әңгіменің анық-қанығын білу үшін арнайы жаңа топ құрып, оларды басқа қалаларда тұратын Әмірдің замандастарына барып, жолығып, сұрастырып, мәліметті толықтыруға кірісетін еді. Осылай күдікті мәлімет жан-жақты қарастырылып, соңғы тұжырымды Ибраһим Сұлтан өзі саралап, қорытындылаған соң кітаптың негізгі бөліміне енгізуді бұйыратын еді. Міне Әли Йәздидің қалам тартқан бұл еңбегі Ибраһим Сұлтанның саралауынан өткен мәліметтерді қамтыған. Сондай-ақ тарихта болған барлық оқиғалар, жер-су аттары, елдімекендердің арақашықтығы нақты тексерілген соң жазуға енетін еді. Осылай кітапқа берілетін мәліметтер әсіресе Әмір Темірге арналған екінші бөлімін қатаң бақылап отырған Ибраһим Сұлтан екен. Сонымен бірге Шарафеддин Әли Йәздиден кітаптың тілі айқын, түсінікті, қарапайым болу керектігін сұраған. Әсіресе берілген мәліметтер деректі һәм дәйекті болуына мұқият назар аударып отыруын тапсырған. Сондықтан автор берілген мәліметтерді Ибраһим Сұлтанның бақылауында дайындалған деректі жазбалардан ауытқымауға тиіс еді, ешбір мәліметті көркемдікке құрбан етпеуге тиіс болды. 
Міне осылайша Шарафеддин Әли Йәздидің «Зафарнама» атты шығармасы Әмір Темірдің мақтаулы өмірлік баяны көптеген шынайы дәйек пен дерекке негізделіп дайындала келе хатқа түсіп, кітап болып жарық көрді. 
Кітаптың мазмұны: «Зафарнама» шығармасы Түркістан кеңістігіндегі 1334-1405 жылдар аралығында болып өткен тарихи оқиғаларды қамтиды. Шығарма екі бөлімнен тұрады: Бірі – бастапқысы Темірдің шежіренамасына арналған. Бұл бөлімде түрік тайпалары­ның тарихы және Шыңғыс хан ұлда­рының билік жүргізген төрт ұлысы туралы. Екіншісі –негізгі бөлім, мұнда Әмір Темірдің өз тарихын қамтыған. 
 «Қазақ» сөзі ортағасырлық парсы, түркі тіліндегі жазба деректерде қай уақтан, қандай мағынада қолданылып келген? Сұраққа жауап іздегенде, қолда бар жазба деректерге қарағанда, әзірше алғаш рет қазақ сөзін тарихшы Шарафеддин Әли Йәзди парсы тілінде жазған «Зафарнама» кітабында анық, дау тудырмайтын етіп көрсеткен. Кітаптың кіріспе бөлімінде түрік тайпаларының пайда болу тарихы, Шыңғыс ханның төрт ұлының билігінің тарихы, Түркістан мен көршілес елдердiң 14-ғасырдың бірінші жартысындағы саяси ахуалы және сол кездегі ру-тайпалардың кіші билеушілері, аймақтарды әмiрлiктер мен сұлтандықтарға бөлшектеп таққа талас-тартысы жазылған. Сондай аласапыран кезде Әмір Темір саяси сахнаға шығып, түрік тайпаларын бір орталықтан басқару жүйесіне енгізіп, ұлы мемлекет құрғанын айтқан. Сонымен қатар, жанама түрде қазақ хандығының құрылу барысы жүріп жатқанын байқауға болады. Біз аталған кітапта Әмір Темiрдiң Түркістанда ру-тайпалық шашыраңқы биліктерді біріктіріп, монғолдардың қалғандарын саяси биліктен алыстатып, Батыс Түркістаннан қуып шығып, ұлы мемлекетке айналдырғанын көреміз.
Зафарнама кітабының маңызы: Шарафеддин Йәзди бұл еңбекті жазуда аса сақ болған. Өйткені жазу барысында мүмкіндігінше бұрынырақ жазылған шынайы жазба деректер мен Әмір Темірдің бұйрығымен хатшылары жазған тарихи оқиғалардың айқын құжаттарын бір-бірімен ұштастырып, салыстырып Әмір Темірдің ең толық тарихын жазып мұра етіп қалдырған. «Зафарнаманың» тағы бір маңызды тұсы – бұл еңбек жазылған кезеңде көптеген атақты тарихшылар тарапынан негізгі әдебиет ретінде қолданылды. Мәселен, Мирханд Мұхаммед Хавандшаһтың ұлы (1433-Бәлх, 1496-Герат) жаратылыстан, пайғамбарлар, патшалар, халифалар тарихын Әмір Темір ұрпағы Сұлтан Үсейін Байқара (1438-1506) заманына дейінгі кезеңді қамтыған «Рауза-т-Сафа» () кітабын жазғанда пайдаланды. Бұл тарихнаманы Мирханд қайтыс болған соң жиені Хандмир жалғастырып Сұлтан Үсейін Байқара заманынан 1532 жылы тарихи оқиғаларды қосып түгендеді. Бұл көлемді кітап өзінен бұрын араб, парсы тілдеріндегі жазба деректерді пайдаланғаны үшін құнды. Бұл еңбек бірнеше рет Иран, Үндістанда жарық көріп, маңызды жазба деректердің қатарында ғалымдар тарапынан жоғары бағаланды. 
«Зафарнама» кітабын тағы бір әйгілі тарихшы Ғияседдин Хандмир (1475-1534) гераттық тарихшы 1520-1524 жылдары парсы тілінде жазған «Әбиб-әс-Сейір» () кітабын жазғанда пайдаланды. Бұл еңбек гераттық уәзір қожа Әбиб деген кісінің атымен «Әбиб-әс-Сейір» атанды. Бұл тарихи туынды Иран мен Түркістан тарихын қамтып жазғаны үшін өте бағалы. Бұл еңбек Иран елінің аңыздарымен астас пишдадиян патшалығы заманынан Шаһ Исмаил (1487-1524) таққа отырған 1501-1524 жылдардағы тарихи оқиғаларды қамтиды. «Зафарнама» кітабын негізгі әдебиет ретінде тарихшы Мыра Мұхаммед Қайдар Дұғлат (1499-1501) Кешмирде парсы тілінде 1542-1546 жылдары жазған «Тарих-и-Рашиди» атты шығармасында молынан пайдаланған. Анығын айтқанда, «Зафарнамадан» он жеті тарау «Тарих-и-Рашиди» еңбегіне енген. 
Шарафеддин Йәздиден бұрын 1403 жылы қайтыс болған тарихшы, жазушы, әдебиетші, ақын Тәбриз қаласының тумасы Низамеддин Шами Әмір Темірдің тікелей тапсырмасы бойынша оның жеңістері туралы «Зафарнама шами» атты еңбек жазған. Шарафеддин Йәзди оның кітабын алып пайдаланған болса да, өз еңбегі егжей-тегжей толығырақ жазылған шығарма болған үшін көбірек зерттеуші ғалымдар назарына ілігіп жүр.
Зафарнамадағы қазақ сөзі мен тарихына қатысты оқиғалар: «Зафарнама» мәтінінде қазақ сөзі былай хатталған: «Сарбұға мен Әділшаһ Қамареддинге қосылған соң оны алдап, пасықтық iске ұштай түскені үшін оның жан дүниесiндегi кек оты одан әрі лаулай түскендіктен, Қамареддин жорыққа шығып, Әндіжанға бет алды. Сонда Қазақ һәзаресi () «мыңдық қазақ» әмірзада Омар Шейхтан бас тартып, оған қосылды» (1: 329 бет) осы мәтiнде қазақ сөзінде һәзаре тiркесі бар. Һәзаре парсы тiлiнде мыңдық деген мағынаны білдіреді. Сондықтан «мың қазақ батырынан топтасқан қосын» деп болжауға болады. Екіншіден, қазіргі кезде Ауғанстанда «Һазара» тайпасы бар. Олар өздерін «қазақпыз» деп айтып жүр. Бірақ олардың басым көпшілігі шийттік мәзһабта екен. Осыған орай бұл тіркестің қандай жағдайда айтылғаны ойландырады. Сондай-ақ қазақ сөзi шамамен 1363-1375 жылдары Әмір Темір мен дұғлат тайпасынан болған әмiр Қамареддин арасында болып жатқан шайқастар кезiнде тiлге тиек болып хатқа түскен. 
«Зафарнама» кiтабында екiншi рет қазақ сөзi Әмір Темір Ташкентке барып, кейін қазақ уалаятына қарай шабуыл жасағанын жазады. Ол оқиға былай әңгіме болады: «Ол Ташкентке қарай бет алды. Ол уалаятты әділет пен игiлiк нұрына және кешірімділік пен алғысқа бөледі. Ол мекеннің тұр­ғындары бұдан бұрынырақ алдарына келіп, мойынсұнып сый-сияпат алып, шапағат шашқан назарына ілігіп, қан мен үрейден аман қалған-ды. Тағдыр үкімінің ағысы iске асты: әскерлер оларға мүлдем тиiспесін, һәмде азды-көп зиян келтірмесін. Содан әлем тұрғындарына - халыққа жақсылық пен жамандық жеткенде олардың iстерi мен амалдарының жазасы екендiгi мәлiм болсын. Мына аятқа сай: «кiм iзгi iс iстесе, өзi үшін. Жамандык істесе де өзі үшін...» (41 сүре, 46 аят) болмақ. Саһиб Қыран ол жерден өтіп, Қазақ жұрты уалаятына () жорық жасады. Жеңімпаз жанкешті әскерлері биік тауларда тұрған адасқандардың барлығын жамандықты өртеушi семсердiң жемтігіне айналдырды. Қазақ жұтұр елiн () тонады. Мал-мүлiк пен олжалар қолға түсті» (1: 581 бет). Бұл мәтiнде қазақтың аймағы мен елi сөз болады. Бұл оқиғалар 14-ғасыр аясында орын алған. Жоғарыдағы екі тіркесте: 1. Қазақ жұрты уалаяты 2. «Қазақ жұрты елі» деп жазылған. Сонда бұл айтылған қазақ жұртының елі, тұрған уалаяты қайда болғанын зерттеп, зерделеу керек емес пе? Өйткені бұл жерде «жұрт» сөзі: ел, халық мағынасын білдіреді. Оған «қазақ жұрты» сөз тіркесінен кейін «уалаят» және «ел» сөздері тіркелген. 
Мырза Мұхаммед Қайдар Дұғлаттың «Тарих-и-Рашиди» еңбегінен 125 жыл бұрынырақ жазылған «Зафарнама» кітабына қарағанда, қазақ сөзі мен тарихы, қазақ хандығы құрылған 1465 жылынан әлдеқайда ертерек айтыла бастап, қолданысқа енген. Яғни тарихтың терең қатпарларында жатқанын байқатады. Өйткенi жерді иелену мен ел болу ұзақ уақыт аралықта қалыптасып, өзге елдерге таныла бастайды. Сол себепті 1465 жылы Қазақ хандығы құрылмастан бұрын қазақ халқы қалыптасу процесін өткізіп, халықтық сипатқа ие болуға ұмтылыс жасап жүрген кезеңдi бастан кешірген сияқты. Шарафеддин Йәзди меңзеп отырған қазақ елiнде қалалар болған. Олар түрлі шабуылдың кесірінен 16-17 ғасырларда ойран болғанын да тарихи жазбалардан оқи аламыз. Бұл тақырып жеке зерттеу объектісі бола алады.
Шарафеддин Йәзди еңбегінің тағы бір тұсында: «...олардың аттарын алып, мың кiсiнi қос атпен жедел түрде жүріп отырып, Хожәнд өзенінен өтіп, «Қазақ жолы» () арқылы Самарқанға бет алды» (1: 975 бет). Бұл сөйлемде қазақтың өз атауымен территориясы бар болғанын анық байқауға болады. Алайда тарихшы ғалымдардың кітапта аталған «Қазақ жолы» деген тіркеске көңіл бөлiп, оның тарихи мәніне сараптама жасап, ой бiлдiрсе, қазақтың сөзінің де, өзінің болмысын да тарихи кеңiстiкте орнын айқындауға бір табан жакындай түсер едік. 
«Зафарнама» кітабында қазіргі қазақ территориясында орналасқан қала, ауыл, елдімекендер туралы да тиісті мәліметтер берілген. Әмір Темір әдебиет, өнер, бақ пен гүлзар, әсем құрылыс салдыруға өте ынтық болған. Оның мұндай қасиеті өзінен кейінгі ұрпақтарына жұғысты болған. Оның айғағы Сұлтан Үсейін Байқара, Ұлықбек, Зәһиреддин Мұхаммед Бабыр мен оның әулеттері Түркістан, Ауғанстан, Үндістанда мұра қалдырған көркем ғимараттар, бақтар, тамаша ғылыми еңбектер, әдеби шығармаларын айта аламыз. Анық мысалы ретінде қазақ топырығындағы Қожа Ахмет Йасауи мазарында тұрғызған әсем кесенені тілге тиек ете аламыз. «Зафарнама» кітабында бұл жайында былай: «Әмір Темірдің мүбарак көлігі Сейһун өзенінен өтіп, Аһәнгеранның маңындағы Женас ауылының қоналқасына еніп, сонда қыстауға тура келді. Сол мекенде қысқы үйлерді қамыстан тұрғызды. Әзірет Саһиб Қыран Ясы ауылына Шейх Ахмет Иасауи зияратына бет алды. Шейх Ахмет Имам Әбу-Қанафия ұрпағынан еді. (Алла тағала оларға риза болғай). Сонда оның мүбарак мазарына ғимарат салып, кесене тұрғызуға бұйырды. Ол кесенеге мұнара тұрғызып, ішкі жағын жүз отыз кез, сыртқы қалыңдығы шамамен қырық бір кез болады деп болжанды. Ал оның биіктігі құрылысы біткен соң, өзіне сәйкес бола жатар десті, қабырғасы мен күмбезі төсеніш таспен сәнделіп, кесененің қақпасы жеті темірден қайнатылып жасалған болсын.. Кесененің ортасында қауызының ішкі жағы да құрамында жеті темірі бар материалдан жасалсын, мазардың сырты мәрмәр таспен қаптау үшін Тәбриз қаласынан әкелініп, қашалсын және нақыштар мен жаңаша бейнелермен көркемдетілсін. Жұмыстың аяқталуына жауапты Маулана Ұбайдолла Сәдір болсын деп үкім шығарды. Сондай-ақ ғимараты бір жылда аяқталсын»,-/1-608/ бұйрық берді» деп жазған. Әмір Темірдің бұл көрегенділігі қазақ топырағына өшпес жәдігер болып, бүгінгі таңда Ясы ауылынан Түркістан қаласына айналып, қанат жайған түріктер мен мұсылмандардың рухани астанасы болғанына куәміз. 

«Зафарнама» кітабындағы тағы бір аса маңызды мәлімет, Тоқтамыс пен Әмір Темір арасында болған байланыстар болмақ. Өйткені Тоқтамыс хан Төлеұлы (1350-1406) Алтын Орда мемлекетінің ең соңғы қуатты ханы бола тұра Түркістандағы саяси ұстанымы айқын болмаған үшін өзінің Алтын Орда хандық тағы мен Мауароннәһрда ұлы державаға айналған Әмір Темір империясын да балталады ма? Әлде қателік Әмір Темір саясатында болды ма?» деген сұраққа жауап табуға «Зафарнамада» берілген мәліметке назар аударып саралауға кіріссек, нақтырақ болжап, талдауға  көмек бере алады. 
Тоқтамыс ханның әкесі тақ таласы кесірінен өз бауыры Өріс ханның қолынан қаза тапты. Сол үшін Тоқтамыс хан 1378-1379 жылдары Әмір Темірді паналап, оның көмегімен Алтын Орда мемлекетінің батысындағы жартылай бөлігін Өріс ханның қолынан тартып алып, Сығанақта Ақ Ордаға тақ құрды. Ал 1380 жылы Руське жорық жасаған Көк Орданы басқарып отырған Мамай Мәскеу князы Дмитрий Иванұлынан Күлік шайқасында жеңіліп қалады. Оның әлсіреген күйін көрген Тоқтамыс хан Алтын Орданың Көк Орда хандығы бөлігін де өзіне қосып алып 1380 жылы Алтын Орда мемлекетін толықтай өзіне қаратады. 1380-1395 жылдар аралығында ұлы ханға айналады. Ал Мамай болса, сол жылы қазіргі Феодосияға қашып, сонда генуялық саудагерлердің жасаған қастандығынан қаза табады. Енді Тоқтамыс ханның саяси сахнада осы биіктікке жеткен жолдарын «Зафарнама» еңбегінен оқып көрейік. «Зафарнамада»: «Әмір Темір Қошқар мекенінде болғанда Тоқтамыс Оғлан Өріс ханнан үрейленіп, оның қолдауына үміттеніп, оған қарай бет алғанын естиді. Әзірет Саһиб Қыран түмен әмірі Темір Өзбекке оны зор құрмет-ізетпен қарсы алуға бұйрық береді. Өзі шат көңілмен Ұниағу жолымен қайта оралып, Өзкентте тоқтайды. Және ол жерде жолға шығып, бақыт пен жеңіс сезіммен Самарқанға жетеді. Сонда түмен әмірі Темір Тоқтамыс Оғланды алып келеді. Әмірлер, сарай қызметкерлері оны әзірет Саһиб Қыранға алып барғанда Әмір Темір оның қадамын ізет және құрметпен қарсы алып, патшалық әдеп бойынша оған қошеметті барынша аямай көрсетті. Барынша сыйлады. Оны орналастырған соң  той рәсімін жасады, сосын молынан алтын, гауһар берді, шапан кигізді, белдік, қару, қамшы, ат, түйе, шатыр, даңғыра, байрақ, төрт түліктен, тағы басқа әсем, бағалы бұйымдар оған және жанындағыларға сыйлады. Өлең:
Бергендерін тілге тиек етіп, қаламға алсаң да сыймас,
Оған ынтық пен құрмет үшін ұлым деп атаған да мыс.  
Үлкен жүректі Саһиб Қыран шексіз жомарттықпен Сайран мен Сығанақ уалаятын Тоқтамыс Оғланға тарту етті.»,- /1-334/. Бұл мәлімет бойынша Әмір Темірдің риясыз дархан қолдауымен Тоқтамыс Өріс хан әскерін жеңіп, хандық тағына бастапқы қадамын жасады. 


Ислам ЖЕМЕНЕЙ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, 
«Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, 
филология ғылымының докторы, профессор

353 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6405

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5820

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3562

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2947

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2906

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2883

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2614

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2598

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы