• Ақпарат
  • 28 Қыркүйек, 2023

«Зафарнама» шығармасындағы қазақ сөзі мен тарихы

(Жалғасы. Басы №37 санда)

Тоқтамысты Әмір Темір Өріс ханның алғашқы шабуылынан қорғап қалды. Бірақ Тоқтамыс екінші рет тағы да Әмір Темірдің қолдауына жүгінуіне тура келгенін «Зафарнамадан» оқи аламыз. Онда: «Тоқтамыс сыйға алған қалаларда әбден орныққан соң, Құтлық Бұға Өріс ханұлы қалың қолмен оған қарай жорық жасады. Осылай екеуара шайқас басталды. Екі жақ аса ыждаһаттылықпен ұрысуға кірісті. Бұл соғыста Құтлық Бұғаға оқ тиіп жарақаттанды, соның салдарынан қаза тапты. Соған қарамастан Тоқтамыс жеңіліске ұшырады. Сосын оның елі тоналды, өзі де әзірет Саһиб Қыранның (яғни Әмір Темірге) жанына қашып барды. Мәртебелі Әмір Темір оны бірінші рет қарсы алғанынан да артық ілтипатқа бөледі. Оған құрметпен патшалық салтанатқа лайық барлық сый-сияпатты көрсетіп қайтарды. Тоқтамыс Сайранға жеткенде Өріс ханның үлкен ұлы Тоқта (Тоқия) және жошы әулетінен шыққан бірнеше шаһзада, Әлі Бек тағы басқа біраз беделді әмірлермен қосын жасақтап, Құтлық Бұғаның кегін алуға оған қарай бет алғаны өлеңмен берілген:
Кекке толы бір жүрек болған қосын,
Тоқтамыс Оғланға қарай бет алған.
Әскердің қалың қарасы 
құрт-құмырсқадай,
Тау шыңы, қырына, 
жапан даласына өрлейді.
Кек алу майданына толқындатып 
келгендей,
Толқып келе жатты дауылдаған теңіздей.
Тоқтамыс Оғлан қосынын сап түзетіп, қарсы алдынан шыққан соң соғыс басталып кетті. Шайқас басталысымен Тоқтамыстың әскері жан-жаққа бытырап қаша бастады. Тоқтамыс та қашып, Сейһун өзенінің жағасына жетті, жанына қауіп төнген соң көйлегін шешіп тастап, өзенге қойып кетті. Сол мезетте Қазаншы баһадүр оның ізіне түсіп, өзеннің жағасында оған жетіп, оның қолын балтаның соққысымен жарақаттады. Алайда Тоқтамыс өзеннен жүзіп арғы бетіне өтті, жалаңаш, жапа-жалғыз орман ішіне кіріп, құм-топырақ жерге барып құлады. Сол мезетте бір ғажайып оқиға болды. Әзірет Саһиб Қыран Едіге Барласты Тоқтамысқа «мемлекеттің істерінде ер мінез және батыл болсын, жаулардың шабуылына тойтарыс берерде сақтық шараны қолдансын, өз деңгейін саралай білсін» деп насихаттау үшін онымен жолығуға жөнелткен еді. Содан ойламаған жерден әмір Едіге кездейсоқ сол түнде әлгі орманда түнеп қалғанда, бір ыңылдаған наланы естіді, жан-жағына назар салып қарағанда Тоқтамысты жалаңаш, жаралы, естен танып жатқан күйде көрді. 
Жеделдетіп оған жетіп, қамқорлықпен жарақатына ем жасап, ауқат, сусын, киім-кешектен барын алға қойып, шамасы келгенше өз міндетін бар ынта, көңілмен орындап, оны әзірет Саһиб Қы­ранға алып келді. Ол кезде әзірет Бұхарада қоныстап тұрған еді. Әмір Темір Тоқтамыс жағдайынан хабардар болған соң патшалық ілтипатын қайталап, барлық құрметті аямады. Оған салтанат пен табысты қайтадан бұрынғыша қалпына келтірді. Осы аралықта жошы ұлысының әмірлерінің бірі, маңғыт руынан шыққан Едіге Өріс ханның жанынан қашып келіп: «Өріс хан әскерлерін жинап, қосынымен осы жаққа бет алды, ол Тоқтамысты қайтарып берсін деп талап қоюда екен», – деген хабар жеткізді. Осы хабар жетісімен Өріс ханның елшісі Кебек Маңғыт пен Төлеужан да жетіп келіп, Өріс ханның талабын Әмір Темірге жеткізді. Өйткені: «Тоқтамыс менің баламды өлтіріп, сіздің уалаятқа қашып кеткен. Сол үшін сіз менің жауымды маған тапсырыңыз, әйтпесе соғыс мекенін белгілеп, соғысуға дайын болып келіңіз», – деп хабарын жеткізді. Әзірет Саһиб Қыран патшалық ұстамды тілімен: «Ол мені паналағаны үшін, мен оны сізге тапсырмаймын», – деп жауап қайтарды. Өлең:
Қай кезде де жан қайғысы мен 
кінәлі уайымнан,
Бұл шаңырақты пана тұтып келген 
жан болған.
Егер жан кетсе де, оны саған бермеспін,
Оның азар да безер болуын қимаспын, 
Соғыс ашам десең дайын тұр 
құрал-сайман.
Менің атымнан Өріс ханның құлағына 
жеткізгейсіз,
Теңіз құсын жауын-шашыннан 
қорқытпаңыз.
Менің батырларымның кәсібі 
шайқас екен,
Олар соғыс даласын мекен еткен 
арыстан екен.
Жауынгер өз кәсібінен 
үрейленіп шегінбес,
Ызаға енген арыстан да 
өз адымынан кері кетпес. 
Әзірет Саһиб Қыран Өріс ханның елшілерін қайтарып жіберген соң, бар ынтасымен әскерін жасақтауға кірісті. Әмір Жәкіні астанасы Самарқанды қорғауға қалдырды. Ал шағатай ұлысын түгелдей жинап, ұлу жылының (Түріктің он екі жылының бесінші жылы – ұлу. Қазақша мүшелдік жыл санау тышқан жылынан басталады. Одан ары қарай кезекпен сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз келіп отырады) соңына қарай Өріс ханмен соғысқа жиналды. 
Қалың қолдың іс-қимылының 
көптігінен,
Жер қозғалысы көбірек болды 
аспаннан.
Әскер, ат пен сауыттың көптігінен,
Жарқыраған күн қараңғы 
түнге айналған.
Қосынның оң қолы жартылай 
зақымданған,
Олардың наласы тау мен 
қырға жаңғырған.
Риза жүрек қосынды құрмет тұтқан,
Өздері сый көргенін жақсы білген.
Шөл даланың қиыршығы саналатын,
Бірақ патша әскерін санай алмаған.
Жеңімпаз әскер атанған қосын Сейһун өзенінен өтіп Отырар жазығында аялдаған соң, қарсы жақтан Өріс хан жошы ұлысының барлығын жинап Отырардан жүз қырық төрт шақырым қашықтықтағы Сығанаққа жетіп тоқтап жайғасты. 
Қосынның саны есептен тыс болған,
Жаһанның жиектен жиегін 
бұлттай қаптаған. 
Ыза мен ашудан жүрек те кекке толған,
 Қайнаған ыза-кек осылай өшпенділік 
тудырған.
Замана бүліктің шаңын бәсеңдеуін және кектің жалынды отын басуын қалап, бұлтты аспанға үйірді. 
Қатты аяз суықтан бәрі қатып қалды, жан-жақтан ағылған сел суынан мұхитқа айналды. Су бұршақ болып, жер шарында меруерттей шыр айналып жүрді. Ауаның соншалықты суып кеткенінен жануарлардың дене мүшелері мүлдем жұмыс істемей үсіп кетті. Бұл жағдай шамамен үш айға созылды. Әлгі бір-біріне қарсы тұрған айбарлы екі қосын буы жоқ теңіздей бір-бірінің қарсы алдында тұрған, бірақ бірде біреуінің қит етіп қозғалуға шамасы болмаған еді. Әзірет Саһиб Қыран Герат патшасынан қашып өз алдына келген Барақ Темір, Қытай Баһадүр, Мұхаммед Сұлтаншаһқа: «түнделетіп жауға шабуыл жасаңыз», – деп бұйырды. Олар оның бұйрығы бойынша бес жүз жауынгермен жорыққа аттанып кетті. Түнгі мезгілде жол-жөнекей Өріс ханның баласы Темір Мәлік Оғланбек жолығып қалды. Онымен бірге үш мыңнан аса әскер болған еді. Сол түні екі жақ таңға жуыққа дейін шайқасып жатты. Өлең:
Миы үрейге лық толды, жүрек кекке,
Жүрек қан жылады, қаннан гүл шығады.
Қан сулатқан семсер ұшы шынықты,
Шыңдалған жүрек жайдақ алаң болады. 
Жеңімпаз әскер уәдесінде тұрып жеңіске жетті, жауларын күйретіп, қаһарына ұшыратты. Елші Бүғабайдың қолының қуаты мен ептілігінен Темір Мәлік Оғланды жаралады. Сол шайқаста нағыз айбат көрсеткен әмір Жарақ Темір мен Қытай Баһадүр шейіт болды. Жеңімпаз қосын жеңістен кейін қайтып барған соң әлемді билеушінің жарлығы бойынша Мұхаммед Сұлтаншаһ барлауға шығып, бұйрыққа сәйкес бір кісіні ұстап алып келді. Әмір Мүбәшер де барлау шаруаға бекітілді. Ол да бір кісіні ұстап алып келді. Одан жағдай сұрастырылғанда қарсы жақтан Ұлық Сатқын мен Кебек Сатқын екі баһадүр жүз кісімен бірге барлап қайтуға мына жаққа жөнелтілгені анықталды. Осы аралықта Ақтемір баһадүр, Алладад Отырарда болған және қосынды тамақтандырып жүретін еді. Сол кезде қаланың сыртында барлауға келген бір топ бүлікшімен кездейсоқ жолығып қалған еді. Ақтемір баһадүр қаһарлы билеуші Саһиб Қыранға арқа сүйеген болып батылдана оларға лап берді, соғыс басталып кетті, жаудың басым көпшілігі талқандалып қаша бастады. Шайқастың тізгінін қолға алып, алға қарай қашып бара жатқан жаулары оң жақтан сап түзеп атысқа оқтала бергенде оларға жете сала, кек алуға қыннан семсерді жалаңдата шығарып, шабуылды үдетті. Арасынан атағы шыққан екеуін құлатып, әскерін күйретті. Ал аттары шыдас бергендер жанын аман алып қалып, өздері жар мен арықтарға тығылып жасырынып жатты. Ақтемір баһадүрдің немере бауыры Кебекші Жұртшы кіші Сатқынды өлтірді. Ал үлкен Сатқынды Үндішаһ тұтқындап тірідей Саһиб Қыранның алдына алып барды. Сөйтіп Өріс ханның әбден талқандалғаны мәлім болды. Содан өз орнына Қаракебекті қойыпты. Саһиб Қыран Үндішаһқа ілтипат көрсетіп, патшалық шапағатпен мерейлендірді. Мүбәрак пейілмен жауға қарай бет алды. Жау шебіне жеткенде Қаракебек де кетіп қалыпты, ол аймақта қарсылас жаулардан қалған ешкім болмаған соң, бақпен сәттілікпен ол жорықтан қосынымен қайта оралды. Кеш жазығында өзінің құт ордасына аялдап, сонда жеті күн тоқтады.
Әлемді жаулаушы Саһиб Қыран Өріс ханмен соғысуға бел буып, көлігіне мініп Тоқтамыс Оғланды алға жіберіп, шығарып салды. Өзі бар жылдамдықпен күндіз түні бір тынбай ат үстінде отырып, он бес тәулік жүріп дүйсенбінің таңында Жейран Қамысқа жетті. Жау елі хабарсыз жайбарақат отырғанда, жеңімпаз әскер оларды тонап, көптеген олжаны қолға түсірді. Оның ішінде ат, түйе, қой және құлдар бар-тұғын. Бұл кезде сәтті оқиға болған еді. Өріс хан қайтыс болып, оның орнына үлкен ұлы Тоқтақия отырған еді. Ол да осы арада әкесінің ізінен кете берген еді. Әзірет Саһиб Қыран бұл ретте Тоқтамысты қуаттап, барлық жұмыстарын ретке келтіріп, қыпшақ даласын түгелдей және жошы ұлысын оған тарту етті. Әрі оның салтанатты хандығына керекті барлық аспаптарды даярлап, жеңіске қажет нәрселерді дайындап, реттеп берді. Сондай-ақ оған «Оғлан» есімді ақ боз ат сыйлады. Оның сиқырлы аяғының от ұшқындары жылдамдықты оттай жаңғыртып, желдей әлемді шарлайтын еді. Өлең:
Көңілде ойлағаныңнан жеңілірек
алға шабады,
Ақылдының ойынан да асырып 
жол табады. 
Жүйрік болғандарды алға жібермейді,
Секеңдеп қашқандар онан құтылмайды.
Әмір Темір осындай атты Тоқтамысқа тарту етті де былай деді: «Бұл атпен қашқан жауға жете аласың, ал сен онымен жаудан қаш­қаныңда ешкім саған жете алмайды», – деді де Самарқан жаққа қарай бет алды, сәттілік пен бақытқа бөленіп Қып­шақ даласынан қайта оралып жылан жы­лының басында () пат­шалық тағына отырды. Әзірет Саһиб Қыран астанасына оралған соң, қарсы жақта Темір Мәлік хандық таққа отырған. Ол қалың қолмен Тоқтамысқа қарай бет алып, онымен қарсыласып, кескілескен шайқасқа кірісті. Тоқтамыс хан жеңіліске ұшырап, әзірет Саһиб Қыран оған тарту еткен атпен қашып жанын аман алып қалды, аса көп тауқымет көріп жалғыз атымен бір өзі әзіретке жетті. Әзіреттің алдын ала болжай алатынының арқасында анау даңқты ат шаһзаданың құтылуына себеп болды. Әзірет Саһиб Қыранның патшалық ілтипаты Тоқтамыс Оғланның жағдайының жасалуына ауды. Жылан жылы () 1377-78 жылдарда Тоқтамыстың салтанатты патшалық негіздерін реттеді. Тоқтамыстың жанына сарайдың беделді әмірлері: Түмен Темір өзбек және оның ұлы Бақты Қожа, Ауренгтемір, Ғияседдин Тархан, Ники Қошынды ертіп Сығанаққа жөнелтіп оны хан көтерді. Әмірлер бұл бұйрыққа бағынды. Тоқтамысты аталған датада хандық таққа отырғызды, тиісті дұға-тілектің іс-шарасының рәсімін орындады. Оған «әумин» деген тілектестік сөз жаудырды», – деп жазған Шарафеддин Әли Йәзди «Зафарнама» кітабында.  
 Зафарнамада берілген мәлімет бойын­ша Тоқтамыс бастапқы жылдары Әмір Темірдің тікелей қолдауымен Өріс хан билік еткен Ақ Орданың ханы болып таққа отырды. Содан кейін 1380 жылы Мамай Мәскеу князы Дмитрий Иванұлынан Күлік шайқасында жеңіліп қалған еді. Мамайды тағынан құлатқан соң Көк Орда хандығын да өзіне қаратып Тоқтамыс Алтын Орда мемлекетін толық биледі. 1380-1395 жылдар аралығында ұлы хан атанды. 
 Енді Әли Йәздидің келесі әңгімесінде Әмір Темір мен Тоқтамыс ханның соңғы қарым-қатынасына арналған бөлігін жазбастан бұрын француз ғалымы Рене Гроссенің (1885-1952) «Дала империясы» атты зерттеуінде айтқан қорытынды ойына тоқталайық. Онда: «Тоқтамыс бұл кезге дейін Әмір Темір үшін әлсіз, ұсақ одақтас болған еді. Енді мына Алтын Ордаға иелік еткен соң бойын мен-мендік билеп, шенталаптық түйсігі ояна түсті. Орал өзенінің батысында Алтын Орда мен қыпшақ хандығы бұрын өздеріне бағынышты болған еді. Енді орыстардың бүлігін басуға олармен алысып жатқан еді. Тоқтамыс осы жағдайды пайдалана отырып Дмитрий мен Мамай арасындағы қақтығысқа от құюмен болды. Оның ниеті қыпшақ даласын иемдену еді. В.Бартолдтың есебі бойынша 1378 жылдың көктемінде Тоқтамыс Сығанақтан аттанып моғол билеген Ресейді жаулап алуды ниет етті. Бұл шайқас бірнеше жылға созылды. Сол арада Алтын Орда билеушісі Мамай орыс княздарының шабуылына тап болды. Осылай орыс князы Дмитрий 1380 жылдың 8 қыркүйегінде «Күлік» мекенінде Мамайды жеңіліске ұшыратты. Тоқтамыс оңтүстік жағынан Мамайға шабуыл жасап, Азов теңізінің маңында болған шайқаста оны күйретті. Бұл шайқас Украинаның Мариуполь аймағында Калка немесе «Калимус» өзеніне жақын жерде болған. Мамай Қырымның жартылай аралындағы «Каффа» қаласына қашты. Жанайлар оны оңдырмай өлтірді». 
Зерттеушілер арасында «Күлік шай­қасы» жайындағы мәліметке күдікпен қарап, ондай шайқас болмаған дейтіндер бар. Осыған орай қаламгер Әшірбек Аман­гел­дінің (1955-2020) «Көзқарас» атты кіта­бынан «Күдігі көп күлік шайқасы», – атты тарауын оқығандарыңызды жөн көреміз. 
«Мамай қазасынан кейін Тоқтамыс бос қалған Алтын Орданың хандық тағына отырды. Осылайша билік территориясын Жошының бағындырған кеңістігінің шекарасына жеткізді. Сөйтіп өз астанасы «Сарай» қаласынан Сейһун мен Днестр өзендері арасындағы байтақ далаға үкімін жүргізді. Тоқтамыс өзінің қол жеткізген сән-салтанат пен күш-қуатына арқа сүйеп, орыс князьдарынан дәстүр бойынша қыпшақ ханына құрмет пен ізетін бұрынғы қалпына келтіруін талап етті. Орыс князьдары да 1380 жылғы «Күлік» шайқасының жеңісінен нәр алып, мақтан сезіміне бой алдырып, масаттанған күйде Тоқтамыстың талабына бейжай қарады. Тоқтамыс 1381 жылы орыс князьдарына шабуылдап, халқын қанға бояп, қалаларын отқа орады. Сузданль, Владимир, Юрил, Можайск қалаларын тонады. 1382 жылдың 13 тамызында Мәскеуді жаулап алып, түгін қалдырмай тас-талқанын шығарды. Литвания тұрғындары орыстарға көмектескісі келіп, майданға қарай бет алғанда Украинадағы «Полтава» маңындағы шайқаста оңбай жеңілді. 
Сөйтіп Тоқтамыс күтпеген жерден қыпшақ хандығының бұрынғы сән-салтанатын қалпына келтірді. Алтын Орда мен Ақ Орданың бірігуін қамтамасыз еткен және Мәскеу билігін әлсіретіп, күйреткен Тоқтамысты бірі – екінші «Батый», бірі – жаңа «Берке» деп баға беріп жатты. Тоқтамыстың істері маңызға ие болып, үлкен жаңғырыққа айналған себептерінің бірі – Шыңғыс хан әулеттері Қытайдан қуылды, екіншіден Ирандағы Елхан билеушілері саяси сахнадан кетті. Түркістан тоз-тозы шығып, ыдырай бастаған еді. Сондықтан Шыңғыс ханның даңқты тұқымынан тек қана Тоқтамыс саяси билік тізгінін ұстап тұрған еді. Содан ол өзін моғолдың (моңғол) шен сәулетін жаңадан тірілткен тұлға деп санайтын. Тоқтамыс үшін атасы Шыңғыс ханның жаһанды жаулаушы үрдісін бастауы табиғи құбылыс еді. Осындай ой оны Мауреннахр мен Иранды жаулап алуды қиялдауға итермелегені күмән тудырмайды. Әрине бұдан жиырма жыл бұрын ол елдерде ішкі бүлік, талас-тартыстар болып жатқан кезде ондай ойын іске асыруы мүмкін еді. Бірақ қазіргі кезде бірнеше жылдан бері Мауреннахр мен Иран билігінің тізгіні аса қуатты, айтулы саяси тұлғаның қолында еді. Және оның көмегі мен қолдауының арқасында Тоқтамыс асқақ билікке қол жеткізіп, саяси сахнаға көтерілген еді. Ол кісі әлбетте Әмір Темір еді», – деп саралап қорытынды айтқан Рене Гроссе, «Зафарнама» кітабының мәліметін негізге алғаны анық. 
 Тоқтамыс Өріс ханға қарсы екі рет жеңіліп қалып Әмір Темірді паналап, оның көмегімен хандық таққа отырған соң және Мамайдың саяси сәтсіздігінен Алтын Ордаға толық билігін жүргізгеннен кейін Мәскеу князын да жойып, Мәскеуді де өз уысында ұстаған соң марқайып, «Мен Шыңғыс хан ұрпағымын, ал Әмір Темірдей түрік текті қарадан қандай кемдігім бар?» деген ой оны билеген болар, Иран мен Оңтүстік Кавказдағы Әзірбайжанға көз тігіп, Шыңғыc хан әулеттерінің бұрынғы билеген елдерін қайтаруым керек деген қиялға беріліп, Әзірбайжанға 1382-1410 жылдары Сұлтан Ахмет Жалайыр билеп тұрған кезде және 1385-1386 жылдары жорық жасап, Шерван жолымен жүріп Тәбриз қаласын жаулап, моғолдың ежелгі әдеті бойынша тонап, мол олжаға кенелді. Бірақ кейін Сұлтан Ахмет Жалайыр Әзірбайжанды Тоқтамыстың қолынан қайтарып алып, өз тағына отырды. 
Осындай аласапыран кезде Әмір Темір 1386 жылы Иранды жаулап алған соң Әзірбайжанды да өзіне бағындырып империясының бір бөлігі етті. Тоқтамыс Әмір Темірдің бұл ісіне өкпелеп, оның бәсекелес жауына айналды. Әмір Темірге қарсы іс-әрекет жасауды саяси-әскери қимылына енгізді. Осылайша Тоқтамыс екі шындықты жүрегі мен санасынан шығарып тастады. 1. Әмір Темірдің қолдауы мен көмегін ұмытып кетті. Әйтпесе оның хандық таққа отыруы екіталай еді. 2. Әмір Темір бұл кезде әлемді жаулаушы ретінде ұлы саяси-әскери тұлғаға айналғанын мойындап, есепке алуы керек болатын. Енді Тоқтамыстың Әмір Темірге бұндай жетесіз іс-әрекетін «Зафарнама» кітабынан оқып көрейік. Онда: «Замана әйгілі жеңімпаз Әмір Темірдің күш-қуаты, сән-салтанатын көре бастады және оған толық тойтарыс беру бәсекелестің көңілді жүзіне уайым-қайғы сызығын түсірді. Сол жағдайда Мауреннахр жақтан он жеті күнде елшінің хабары жетті. Онда бүлік шығып, Тоқтамыс хан тағы бір рет опасыздық пен уәдесіздіктің топырағын өз дәулетінің маңдайына шашып, ауыр қолын Мауреннахрға жөнелтіпті. Ол жақта оқиғалар былай өрбіп жатты. Тоқтамыстың алға шыққан қолын Бекжарақ Оғлан, Елнығмыс Оғлан, Исабек, Сатқын және басқа әмірлер басқарып Сығанақтан өтіп, Сайрамға келіп, ол жерді қоршап алуға кіріскен еді. Ол жердің қорғалуы Қожа Ақботаға тапсырылған еді. Ол жауға тойтарыс беруге қарсы тұрды. Қарсыластар қаншама тырысып, ерлене шайқасса да, түк те жасай алмады. Әндіжан әкімі әмірзада Омар Шейх сол аймақтан әскер жинап, оларға қарсы шығып, тойтарыс беруге жолға шықты. Ал әмір Сүлейман шаһ, әмір Аббас да Самарқанда қалған әскерді тәртіпке келтіріп жолға шығуға ниет етті. Ол үшін Самарқандты басқарып, қорғауға әмір Лағыл Тағай Бұға барластың бауыры мен Ақтемір баһадүрдің ұлы Шейх Темірге тапсырып, өздері жауға қарай бет алып, әмірзада Омар Шейхқа қосылды. Олар бірігіп Сейһун өзенінен өтіп, Отырардың отыз шақырым қашықтығында орналасқан Шуқалақ даласының шығысқа қараған жағында сол жылдың күзінде екі жақтың қосыны бетпе-бет келіп, сап түзеді. Әскердің оң қолы, сол қолын тәртіпке келтіріп бір-біріне шабуыл жасап, соғыс басталды. Өлең:
Шабуылдың дауылынан 
соғыс оты лаулады,
Ажал үлесі жандарды тонауға 
мұрша тапты.
Бұл соғыста өлгендердің 
саны соншалықты,
Ажал өлгендердің көптігінен 
өзі-өзінен қажыды.
Өлтіру мен шайқастың қобалжу ұшқындары түнгі мезгілге дейін жалғасын тапты. Омар Шейх батырлық пен ерлікте замананың кемелденген бірегейі болғандықтан найзағайдай зуылдап, дауылдың жылдамдығындай майданда жау әскерінің дәл ортасынан өтіп, арғы жағынан шығып жүріп әскерлерінің көзінен таса қалғаны үшін сарбаздары оны көре алмай үрейленіп, жеңіліске ұшырап, жан-жаққа тарап кетті. Әмір Аббас ұрыс барысында садақ оғынан жараланды. Әмірзада Омар Шейх сәнді бағының арқасында жаудың арасынан аман-есен құтылып, Әндіжанға қарай бет алып, қайтадан шашырап кеткен әскердің басын қосып жинады. Сол арада әзірет Саһиб Қыранның сый-сияпаты мен жақсылығын көрген ерқұныт тайпасынан болған әмірзада Қажы-Бекұлы Аңға-Тұр оның барлық игіліктерін ұмытып, уәдесін аяқ асты етіп ауыр қолмен Моғолстанның Сайрам мен Ташкент үстінен келіп, әскерлерінің пасық қолы уалаятты тонауға ұзатылды. Әмірзада Омар Шейх бұл оқиғадан хабардар болған соң, Өзкент қосынын даярлап Хожәндке келіп сонда: «жаулар Хақшемен жолынан Әндіжанға бет алды, дереу олардың жолын бөгеттеп тастауға қайта оралыңыз», – деп бұйырды. Олар Әхсикет өзенінің яғни Сейһун жағасынан жаудың қарсысына келіп, екі жақтан өткелдерге аялдап, сап түзеді. Бірнеше күн өзеннің ең шеткі жағасына бір-біріне қарсы тұрып, өзеннің жоғары жағына барып, сәтті уақытты күтіп жүрді. Бір түні Аңға-Тұр қулық жасап, аялдаған жерінде мың адамды қалдырып: «әр жер, әр жерден қалың от жағылсын» деп бұйырды. Ал өзі болса қалған әскерлермен өзеннің жоғары жағына қарай бет алып, жылдамдықпен жүре келе өзеннен өте алатын өткел тауып, өзеннен өтіп әскерін жасақтады. Оны әмірзада Омар Шейх қарсы алды. Екі жақ бір-біріне жақындай түсіп, бетпе-бет келіп соғыс басталып кетті. Өлең:
Әлем көтерілген тозаңнан 
көрінбей кетті,
Ерен ерлер өздерін де көре алмай кетті. 
Өліктердің қанынан жазық пен 
тау малынды,
Екі жақтың өлгендерінің 
көптігінен ағылды.
Әмірзада Омар Шейх ерлене ынта көрсетті, жаудың көптігі шектен тыс болғаны үшін ат тізгінін Әндіжанның қамалына қарай бұрды. Аңға-Тұр қосынымен оның ізіне түсті. Оған жеткенде қаланы жан-жақтан орап, қоршауға алуға кірісті. Шаһзаданың бақыт жасының қайраты оянып, мәрттік рухы әрекетке бастап қамалдан сыртқа шығып, жарқыраған семсері, тәуекел еткен басымен жаудың айбынына бет алып, соғысқа ұласты. Өлең:
Екі қосыннан күркіреп шыққан гүрілі,
Көк аспанның құлағын басты шуылы. 
Семсер жаңғырығы, 
найзаның жалт-жұлты,
Басты айналдырып, 
тізгінді қолдан алды.
Айбалта мен садақ оғының жарасы,
Қан толқынын кең далаға жайды. 
Жете әскерінің саны аса көп болды, шаһзада сарбаздары оған қарағанда кем болды. Соған қарамастан Омар Шейх асқан батырлықпен жаудың әскеріне лап беріп, арыстандай күркіреп дұшпанның жігерін найза-семсермен жарып жіберіп жүрді. Осы жағдайды көрген Тәуекел баһадүр семсерін жалаңдатып, шабуылға кірісіп, шаһзаданың атының тізгінін қолға ұстап соғыс майданынан сыртқа алып шықты. Сол кезде Аңға-Тұрда онда тұруды жөн көрмей, қайтып кетті. Кәпірстан жолын бетке алды. Әмірзада Омар Шейх қосынын оның ізінен жөнелтті. Шамамен үш күн бойы олардың ізіне түсіп, тобына ілесе алмай артта қалған көптеген жете әскерлерін жоқ қылды. Әмір Сүлейман шаһ, әмір Аббас және қосынның әмірлерінен Теміртас, Барат Қожа, Сүйініш Темір тағы басқалары Шуқалақта болған шайқаста жеңіліп, күйзеліп қайта оралғанда олар Самарқан қаласын қорғауға кірісіп, ел-жұртты қамалға кіргізіп, Теміртасты Термезді қорғауға жөнелтті. Сол аралықта жаулар жетіп келіп ауылдарды тонап, тұрғындарды өлтіріп жатты. Жаудың кейбір топтары Бұхараға бет алып жатса, Тоқтамыс әскерінің бір бөлігі Хорезм жолымен келіп Бұхараға жеткенде ол қаланы жаулап алуды ойлады». Осылай Тоқтамыстың әлемді жаулап алам деген көкірегінен туған «Әмір Темірдей түріктің мендей хан тектіден қандай артықшылығы бар» деген пиғылынан, оның әскерлері Мауреннахрды қан мен өртке бөлеп, кескілескен талас-тартыс, қақтығыстары жалғасын тауып жатты. 

420 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6391

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5813

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3555

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2938

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2898

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2876

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2607

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2591

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы