• Ақпарат
  • 12 Қазан, 2023

«Зафарнама»

(«Жеңіс кітабы») шығармасындағы қазақ сөзі мен тарихы

Тоқтамыс ханның әскері Мәуеренәһрге аяқ басқанда Бұхараға шабуыл жасап, жаулап алғысы келді. Оның бұл іс-әрекетін Ширазда жорықта жүрген  Әмір Темір естігенде Тоқтамысты екі рет басына қара бұлт төнгенде өлімнен аман алып қалып, басына бақ қондырып, астына тақ сыйлаған жаннан  бұндай қиянатты күтпегендіктен, көңіліне ауыр тиді. Тоқтамыс Әмір Темірдің Мәуереннаһрде жоқтығын  білген осы сәтті пайдаланып Бұхараны басып алмақ ниетінде болды. Оның бұндай қылығы «өзі жоқтың көзі жоқ» дегендей ақылға қонымсыз іс еді.  Өйткені Бұхараға жорық жасау оның саяси қателігі іспеттес еді. Соның салдарынан Тоқтамыс пен Саһиб Қыранның арасындағы жауластық одан әрі тереңдей түсуіне қатты әсер етті. Тоқтамыстың Мәуеренәһрге жорықтарын Әли Йәзди «Зафарнама» кітабында: «Олар қаланы қоршап алу үшін қала сыртын төңіректеп жүрді. Ал қаланың ішіндегі Тағай Бұға Барлас, Елтіміс Қошын қамалды нықтап бекітіп, қорғап һәм қарсы ұрысуға дайын болғандықтан, бірге соғысқа ерлене кірісті, шайқас ұзақ уақытқа созылып жалғасып жатты. Қарсылас дұшпан Бұхараны жаулап алуға әлі жетпеген соң амалсыз оны қоршап тұрудан бас тартты. Есесіне Мәуеренәһр уалаят­тарын ойрандауға кірісті. Зәнжир Сарайды () өртеді, оған айтатұғын уәждері Кейхұсрау Хатланидің ұлы Сұлтан Маһмұт Қаршы мен Хәзардан өтіп Тән ауылы мен Амударияға дейінгі жерді шабуылдаған еді.  Сол аралықта әмір Аббас Шуқалақ шайқасында садақтың оғынан жарақат алып, қайтыс болған еді. «Шын мәнінде біз Аллаға тәнбіз және оған қайтамыз».  Бақара сүресі, 156 аят», – /1-404,405/ деп жалғастырды.

«Бұхара оқиғалардың хабары Ши­раздағы әзірет Саһиб Қыранға жетті. Ол әмір Осман Аббасты отыз мың даңқты батырларымен бірге жедел түрде барынша тездетіп жүріңіз деген бұйрықпен Йәзд жолынан Самарқандқа жөнелтті. Шираз үкіметін шаһ Шожаһтың немере бауы­ры шаһ Иәһиаға тапсырды. Исфаһан билігінің тізгінін шаһ Шожаһтың үлкен ұлы Сұлтан Мұхаммедке берді. Керманды шаһ Шожаһтың бауыры Сұлтан Ахметке аманат етті, Сиржан мен қамалын шаһ Шожаһтың шөбересі Сұлтан Әбу-Ысқаққа сыйға тарту етті. Бұл тағайындаулардың бәріне жекелеп жарлық шығарды, мөр басылды. Бұл жарлықты мәртебелі Сейіт Шәріп Жоржаниға тапсырып, астана қаласы болған Самарқандқа жеткізуге бұйырды. Сондай-ақ шаһ Шожаһтың ұлық әмірлерінен әмір Әлаеддин Инаққа басқа да бір топ ақсақалдар, мәртебелі шенеуніктермен сол жаққа бару міндеттелді. Әрі бір топ өнерлі шеберлер, кәсіпкерлер отбасы мүшелерімен сол жаққа көшсін деп бекітті. 
Әзірет Саһиб Қыран ()  1388 жылының мұхаррам айының соңына қарай Самарқандқа қайтуды шешті. Атқа қонды, мүбарак бағы, жеңістің ізеті, дәулеттің асқақтауымен жолға шығып, Әмір бөгетіне жетті. Сол жерде Әбәрқу әкімі палуан Мүһәззәб Хорасаниға жаушы жіберді. Ол: «қаланы күзетсіз қалдыру жөн болмас. Егер қарауыл табылса дереу қарсы алуға барып, тағзым етемін», – деп жауап берді. Әлемді жаулаушы әзірет Саһиб Қыран Тәукел Бауыршыны жөнелтті.  Мүһәззәб оны қарсы алуға атқа қонды.  Және бақытты әмірлерімен мәртебелі әзіреттің құзырына барды.  Сөйтіп, жеңіс туы Әбәрқуға жеткенде Мүһәззәб барын салып қызмет етті. Әл-қуаты жеткенше бағалы жібек маталар, сый-сияпат жасады. Сондықтан патшалық ілтипатқа бөленді. Әзірет Саһиб Қыран Әбәрқуды жарлық бойынша оған тапсырды. Ол жерден тездетіп Исфаһан мен Тақта Полға жүріп кетті. Өлең: 
Бекеттен бекетке жедел жүріс,
Бақыт жақын, жеңіс үзеңгілес.
Әскерінің тозаңынан ауа қарайған,
Біркелкі таң мен шам, күн мен түн.
Жаһанда түні күнінен ажырамас болды,
Аспан мен жұлдыз дегенің жоқ сияқты. 
Әмір Темірдің жеңіс туы желбіреп Мәуе­рен­нәһрға келе жатқан хабары тарағанын естіген жаудың аяғы жерге тимей қашу жолын таңдады. Олардың бір тобы Хорезмге ат басын бұрды. Тағы бір бөлігі қыпшақ даласына қарай бет алды. Әмір Темір жеңіс туын желбіретіп Жейһұн өзенінен астанасы Самарқандқа жетіп аялдады. Содан Құдадад Үсейни, Шейх Әли баһадүр, Омар Табан және тағы басқа әмірлер бұйрық бойынша түн демей, күн демей қашып кеткен жаулардың ізіне түсті. Сөйтіп, оларды Пилән аймағына дейін қуып, жауды кек семсерінің соққысымен жойды. Жеңімпаз әскерлер жеңіспен қайтып оралды. Әзірет Саһиб Қыран әскері ұдайы жеңіс туын көкке көтеріп жүрген еді. Олар барлық жерде, барлық уақытта жауды күйретіп, талқандауы дағдыға айналған еді. Сол себептен Шуқалақ мекеніндегі Тоқтамыс ханның әскерінің аз ғана үстемдігі мүбарак Әмір Темірдің көңіліне ауыр тиді. Содан аталған шайқасқа қатысқан әмірлерді ша­қырып, жиналуын бұйырды. Оларды соттап соғыстың қалай өрбігенін тексеріп, зерделеді. Өлең:
Соғыс күні болған әскерлерге бұйырды,
Майданда ерленгенге бақыт сыйлады.
Әйел сияқты орамал таққандарды,
Қалада жаяу жүргізіп мазақ қылды. 
Ерлікпен көзге түскен жай әскерді,
Әмірлердей баға беріп, аялады. 
Барат Қожа Көкілтас жеңімпаз батыр әскерлердің салты бойынша мәрттік пен ерлігімен көзге түсіп жүретін еді /1-406/. Бірақ бұл шайқаста немқұрайлылық танытты, сол үшін Әмір Темірдің пәрменімен сақалы қырқылды, және қатаң сөгіс алды, үстінен су құйып басына жаулық тағып абыройын төкті. Ал майданда ерлігімен көзге түскен Көже Мәлік жаудың ізіне он үш жауынгерімен түсіп Хожәнд өзенінің жа­ғасында Йәхжал () мекенінде Аңға Тұрдың үш жүз кәпірлеріне күтпеген түнгі шабуыл жасап, Хожәнд әмірлері мен сол маңайдан тұтқындалған адамдарын кәпірлердің қолынан құтқарды. Сөйтіп, оларды өз елдеріне қайтарды. Сондай көрсеткен ерлігі үшін оған сый-сияпат берілсін деген бұйрық шықты, әрі оған арнайы ілтипатпен «тархан» атағы да берілді. Сондай-ақ әмірзада Омар Шейх те соғыс майданында аса батылдық пен батырлық көрсеткені үшін ең жоғары патшалық ілтипат пен марапатқа ие болды.
Ұлу жылы () әзірет Саһиб Қыран жаратылыстың падишасының жәрдемі және қалауымен жол тізгінін Хорезм жаққа қарай бұрып, Әкри Жар мекенінде аялдады. Сол жерде Көже Оғлан мен Темірқұтлық Оғлан екеуі бірге Тоқтамыс ханнан бас тартып әзіреттің сарайын паналаған еді. Әзірет оларды Шейх Әли баһадүр мен Шейх Темір баһадүрге қосып салт бойынша алдыңғы шепке жөнелтті. Олар Бағдат өзенінен өтіп, Әбд Қожаны қарауылдыққа (­) жіберді. Ол жүйрік атына отырып жолға шықты.  Жол жөнекей Елнығмыш (­) Оғланның шо­пандарынан бір кісіні ұстап алып келді. Одан жаулардың жағдайын сұрады, сосын Саһиб Қыранның алдына жіберді. Әзірет одан жаудың жай-жапсарын білген соң ол ме­кеннен аттанып, Жәдрис ­­(­) сайына жетті. Ол жерде бағына орай дұш­­паннан бір адамы қашып келіп хабар берді. Ол: «Елнығмыш Оғлан мен Сүлейман Соп  хан тағын таңдап Хорезмді тастап, Тоқ­тамыс хан жаққа қарай қашып бара жатыр», – деп хабар жеткізді. Әзірет Саһиб Қыран әмірзада Мираншаһ, Мұхаммед Сұл­таншаһ, Шәмседдин Аббас, Үшқара баһадүр, Игі Темір, Сүйіншік баһадүрді олардың ізінен жөнелтті. Қуғыншылар бұйрық /1-407/ бойынша Құмкент пен Қыр жолынан аса жылдамдықпен жүріп, жау­ларға жетіп, олардың көбісін қаһарлы семсермен өлім құштырды. Олардан шексіз олжа қолға түсіріп жеңіспен қайта оралып мүбарак әскеріне келіп қосылды. Әзірет Саһиб Қыран бірнеше күн Хорезмде аялдады. Сонда қала мен уалаяттың барлық тұрғындары көштің басын Самарқан жаққа бұруға тиісті жарлыққа () қол қойып жариялады. Хорезм қаласында жау­дың халқымен қарым-қатынасында жаман­дық­тың тұқымын егістігіне сеуіп жұт, әурелік, жойылу, ойрандық жемісін берді. Өлең:
Саһиб Қыран Хорезмге келгенде,
Жау жан сақтайын деп қашқанды.
Әмірге ел соғыспай-ақ берілді,
Тұрғындарына оған көнуді бұйырыпты.
Әзірет Саһиб Қыран жаудың жасаған бассыздығы мен көзсіз батырлығынан қаны қайнап, ішінде қастандық шұғыласы лаулап тұрған еді. Хорезмде жеңіс туын желбіретіп жаудың салтанатты қырманын өртеп жаны тыныш тапты. Әзірет жаратушының құптауы, желбіреген жеңіс жалауымен Самарқандқа қарай бет алды. Бақ пен бақытқа бөленіп салтанатты тағына отырды. Әзірет Әмір Темірдің мүбарак тегінің табиғаты әділет пен елді аялау болғандықтан, бар ынтамен күш-қуатын жұмсап қалаларды абаттандырып, ғибадатқа жүрегін жұмсартуға жұмсайтын еді. Тағдырдың ізгі әскерлерінің арқасында жаудың кек пен ызасынан пайда болған күйініш жойыла бастады. Бұл әлемді жаулаудағы басты зәру нәрсе халықтың қамын жеу деген мемлекеттің мүддесін қорғауға мемлекеттің саясатынсыз мүмкін болмайды. Сондықтан Әмір Темір Хорезмнің отыз жылдық қи­ран­дысын жоюға патшалық ілтипатына ілініп (­­­­­­­­­­­­­­­­­­) 1391 жыл­дың соңына таман қыпшақ даласының жо­ры­ғынан қайтып келе жатқан кезде Қошын Женгіұлы Мұсакені Хорезмді абаттандыруға сол жаққа жөнелтті. Шыңғыс хан билігіндегі мемлекеттерді балаларының арасына бөліп беріп жатқанда Қаан ауданын Шағатай ханның ұлысының үлесіне берген еді. Мұсаке () сол ауданға қамал тұрғызып, абаттандырды, қазіргі кезде Хорезмнің көркем мекені.
Әзірет Саһиб Қыран Хорезмға қарай  тәңірінің қалауымен бақыттанып бет алды. Мұхаммед Миркенің () інісі Әбіл-Фәтһ үкіметтің сарайынан /1-408/ жиреніп қашып шықты. Содан таңдатып жүріп, өзін шөл далаға жеткізді. Лалым баһадүр Қошын бұл жағдайдан хабардар болған соң ізіне түсті. Жол-жөнекей ат пен әскер жиып тоқтаусыз жүріп Һесарәк мекенінде оған қуып жетті. Сол кезде Әбіл-Фәтһ сексеуіл ағашының астында ұйықтап жатқан еді. Лалым одан бардың қадірін білмей бұндай жағымсыз іс-әрекеттің себебін сұрағанда ол былай: «ағам Мирке бүлікші болып біреуді маған жіберіп шақыртты. Мен де сол себепті қашып шығуды таңдадым, оның жанына бара жатқанмын», – деп жауап берген. Лалым баһадүр оны ұстап, қолын байлап атқа отырғызып, ол жерден қайтып оралды. Сол кезде әмірзада Омар Шейх сонда жетіп қалған еді, Лалым болған оқиғасын айтқан соң әмірзада жағдайдан хабардар болып, дереу бұл хабарды Хорезмдегі әзірет Саһиб Қыранға жеткізді. Сөйтіп, бар жылдамдықпен Самарқандқа қарай бет алды. Оқиғаның нақты ақиқатын анықтай бастады. Мұхаммед Мирке әзірет Саһиб Қыранмен жақын жекжаттық байланысы бартұғын, өйткені Мирке сарай анасы Сұлтан-Бақыт бегіммен некелі еді. Және әзіреттің қолдауымен Хәтлан уалая­ты һәм сол аймақтың елін тұтастай қол астында ұстап отырған еді. Құран аятының мына: «Адам шын мәнінде бағынбайды, тәкаппарланады» (сүре-96, аят-6) үкіміне қарағанда адамда қанағат болмайды, сән-салтанаттан тәкаппарланады, ақыл көзі бақыт пен тура жолды көре алмай қалады. Содан мүмкін болмайтын арманға  беріледі, үстемдік құрып, өзі дербес болуды ойлайды. Оған әртүрлі уәж айтып: «кімде кім бұндай іс жасамайды, сен де жасама!», – десе де,  тыңдамады. Өлең:
Кісі жасамаған істі сен де жасама,
Бұл дәл саған сиқырлы жол бола ма?!
Соры болған бұл жолға басын байлап, нақ қарсы болуға бел буған Мирке Самар­қандқа жетіп қалған еді. Бүлікші ол жерден қайта оралып, Қәһлеғадан () өткенде Хәтлан әскерлері Термез уалаятын аямастан тонады. Сол кезде қаланы қорғау міндеті Теміртас мойнында еді. Теміртас Абажы Сопының ұлы, Ақ Бұғаның бауыры еді. Ол қаланың бас қарауылы ретінде барлық көшелерді жауып тастап, жаман ниетті шапқыншылардың зиян келтіруінен сақтап қалды. Әмірзада Омар Шейх бұл жағдайдан хабардар болған соң Самарқан жаққа беттеді, Елғыриғашта () аялдады. /1-409/ Әскерлерді жинап, жасақтады, сөйтіп Миркенің ізіне түсті. Ал Мирке өз қауымын жинап, әзірет Саһиб Қыранның арнайы нөкерлері Дад-Мәлік барлас пен Ақтемір баһадүрдің үйіне түсіп, жауыздықпен мал-мүлкін аямай тонаған. Және сол жердегі арнайы жабдықталған қару қоймасын ашып, түгелдей қару-жарақ, соғысқа арналған құрал-саймандарды алып, оңбағандар мен бұзақыларға таратып, оларға ат пен киім-кешек те берген. Оңбаған тойымсыз, ақылға қонымсыз ойымен қарсы шығуға бел буып асаушылық жолды таңдап, соғысуға табанды түрде дайындалыпты. Өлең:
Сән-салтанатқа соншалықты алданған,
Күннің өзі көз алдында 
ұшқындай көрінген. 
Адам дүниенің алданышты құралдарына алданып шындықтан ғапыл қалады, өйткені өткінші мүлік ұдайы қалушы мүліктің құптауымен жүзеге  асатынын байқамайды. Сондықтан перғауынның сиқыры Мұсаның аса таяғына қарсы қауқарсыз қалады. Алайда әмірзада Омар Шейх жақындап келді. Сонда Құранның мына: «Сол-ақ екен, әлгі асатаяқ бар сиқырларды жойды» (сүре-7, аят-117) аятына сәйкес Атакенің ілтипатының құпиясын жарыққа шығарды. Әзірет Саһиб Қыранның бақ-дәулетінің қуаты жаулардың біріккен шоғырын жайратып салды. Ізгі істердің әскерінің келе жатқанын білген жаулар жан-жаққа бытырай бастады. Ал Миркенің тәкаппарлық пен менсінбеушілік отының қызуы көтерілген менмендік желі де шығып, мысы басылды. Осылай күйреп, сүмірейіп Вәхш өзені арқылы Тас Көпіріктен өтіп Хәтлан жаққа қарай қашты. Шаһзада (әмірзада Омар Шейх) бар жылдамдықпен ізінен жолға шықты. Һисар (Хисар) арқылы Тиркәни Қыпшығай () жолынан Вәхш өзенінің жағасына жетті. Өзеннен жүзіп өтті. Мирке дәулетінен бас тартып, шаһ Жалаледдиннен қолдау үмітімен соған қарай бет алып, Дәрваз шатқалына барған еді. Саһиб Қырандай әлемді жаулаушы әзіз жан ешқашан одан бас тартпаған еді. Енді қай сарайдың есігінің алдына барса да, ізет көрмей жүр. Мәртебелі, киелі жаратқан шексіз ілтипат көрсетіп оны құрметке бөлеген еді. Ал кімде-кім нығметтің қадір-қасиетін білместен оған қарсы болып кетсе, қорлық пен күйреуден басқа миуасын көре алмас. Әрине, шаһ Жалаледдин Миркенің үміт көкірегінен итерді. Оны қамалға кіргізбей қойды. Өйткені оның анық білетіні замананың дәулетсіз қашқындарын қолдау мен құрметтеу бақытсыздық пен сорлылықтан басқа берер жемісі жоқ екені еді /1-410/.  Мына айтқандай, өлең:
Әкенің менің дұғамнан рухы 
нұрға толғай,
Маған қариялық дара үгіт айтқан еді.
Дәулетсізден қашып жүр 
зуылдаған найзадай,  
Отан дәулеттілер иесінің ауылынан 
болады ғой!
(Бұл жерде дәулетсіз дегеннен игі-жақ­сы­ның және жақсылықтың қадірін білмей жүр­ген жандарды меңзейді автор. И. Жеменей) 
Мирке Дәрваз шатқалынан зиянға ұшырап қайта оралып келе жатқанда  жанындағы көптеген нөкерлері оның қызметінен бас тартып жан-жаққа тарап, өз бастарын алып  кете берді. Жеңімпаз әскер тау мен қырда, оң мен солда, алды-артынан іздеп, жан-жаққа шапқыласа да, Миркеден ешқандай із таба алмады. Сондықтан әмірзада Омар Шейх Хәтландағы Қыпжығақ () мекенінде орналасқан Миркенің Ақсарай ғимаратына келіп түсті. Онда бұл оқиғаның әбігерлік тікені қай уақытта алынып тасталып, бақыт даңғылы артқан дәулеттің мәртебесі өсе беруіне өткел болар деп күтіп тұрды. Өлең:
Істің сәтті бағыты соншама 
қалауынша болды,
Саһиб Қыранның бағына істері 
тура жолға түсті.
Кездейсоқ бірде Арық Омардың ұлы Осман бірнеше нөкерімен Самарқандқа бара жатқан. Ботаты () асуынан өтіп, бұлақ басына жеткен еді. Бір қараса аттардың ізі бар, байқаса іздері жолдан шығып кеткен екен. Әзірет Саһиб Қыранға қашанда тәңірінің шапағат пен жәрдемі болып келгеннен бе!?  Османның ойына сарт етіп: осы аттардың ізі қайда барады деген түйсікпен өзі және жанындағы нөкерлерімен аттардың ізіне түсті. Бірнеше белестен өткен соң, Мұхаммед Миркені төрт нөкерімен бірге малдас құрып отырғанын көрді. Аттарын жайлауға жайып жіберіпті. Дереу оларды жан-жағынан қоршап алды. Осман шауып кетіп жайылып жүрген аттарды тауып алып қолға түсірді. Сосын тұтқындап, бәрінің қол-аяғын байлап әмірзада Омар Шейхқа хабаршы жіберіп болған жайттан хабардар етті, оны өзімен ертіп жолға шығып шаһзада (әмірзада Омар Шейх) жаққа қарай бет алды. Мұхаммед Миркені дүйсенбі күні шаһзаданың ымдаған нұсқауымен  жол-жөнекей жазаландырды. Оның інісі Әбіл-Фәтһқа да Самарқанда ағасының шәрбатынан таттырды. Бұл жаза осы дүниеде де ғибрат боларлық айқын іс болатыны мәлім болды, тағдырдың соңы болады, нығметке күпірлік еткендерді аса тауқыметті азап күтеді.  «Кімде-кім нығметтерге күпірлік етсе, рақымдының қарғысына ұшырап ауыр азапқа душар болады», – деген. Бұл келеңсіз жайттан тыныш тапқан әмірзада Омар Шейх Самарқандқа қарай бет алды. Ол жерде әзірет Саһиб Қыранның бақыт дастарқанын дайындауға кірісті», – /1-411/.  Мұхаммед Миркенің де таққа таласып, билігінің кеңістігін кеңейтіп Әмір Темірге қарсы шығуы сол кездегі Түркістандағы ішкі тартыстардың бір көрінісі. Ал Қыпшақ даласы мен Кавказдағы Тоқтамыс ханның Әмір Темірге тек қана әлемді жаулаушылық пиғылынан туған әрекеттері болғаны анық. Өйткені жаулап алған елдерді не үшін, қай мақсатта жаулап жатқандығының стратегиясы анық емес-ті. Ол әлгі билікқұмар тұлғалардың саяси санасының нақты қай межеге жетуінің айқын еместігі еді. Ал Әмір Темір: 1. Ішкі шағын билік иелерін өзіне бағындырып бір жүйеде орталық билікке бағындыру болды; 2. Түркістан мен қыпшақ даласынан моғолдарды биліктен алыстатып түрік билігін орнықтыру болды; 3. Сондай-ақ Түркістан өлкесін абаттандыру, көркем ғимараттар салғызып өркениетті Ел қатарына қосу еді; 4. Түркістан халқының рухани дүниесін әдебиет пен өнерді дамыту арқылы байытып, биік белестерге жетелеу еді; 5. Ұрпақ тәрбиесіне, салт-дәстүрге ерекше мән беріп көңіл бөлуі оның ұлы мақсаттарының бірсыпырасы еді. Әли Йәзди біраз шегініс жасап Миркенің бүлікшілік жасап жүрген кезінде оған еріп, басқа да қарсы белсенді әмірлердің де саяси сахнада пайда болғанын әңгімеге арқау етеді. Автордың Әмір Темірге қатысты бәсекелес әмірлердің оқиғасын баяндап беруін аса құнды тарихи мәлімет деп қабылдаған жөн. Өйткені сол кездегі Түркістан мен Алтын Орда мемлекетінде жүріп жатқан тақталастық екі ұлы державаның әбден әлсіреуіне жол ашқанын саралауға мүмкіндік береді. Бұл оқиғалардың тізбегі кітапта былай жалғасады: «Мұхаммед Мирке бүлікші болып Самарқандтан қайта оралғанда әмір Жаһаншаһ бұйрық бойынша Бұрылтай, Тайхан, Әпердінің толық қосынымен Құндыздан мүбарак әскерінің ордасына қарай бет алған еді. Бәлхқа жеткенде әмір Жәдігер барлас Бәлх пен сол аймақтың бар әскерін жинап, оларға қосылып, бірге жолын жалғастырды. Бара жатқанда жол-жөнекей Бұрылтай ойынан ауып бүлік шығарды, Әмір Темірге қарсы бүлікші болып, кері қайтты. Әмір Жаһаншаһ бұл жағдайды баяндап, сарай жаққа хабар берді  Ал әмір Жаһаншаһтың өзі Қожа Жүсіп Ұлжайтыұлы, Бұрылтайдың інісінің баласы Жұнейд, Бәлх қаласының әскер басшысы Пір Әліназды жанына алып олармен бірге жедел түрде Бұрылтайдың ізіне түсті. Түнгі мезгілде Бәғланда (Бағлан: Ауғанстанның солтүстігінде орналасқан уалаят И.Ж) оларды қуып жетті. Дәм-тұзы біткен олардың үй-жайын талқандап тонады. Дәл сол оқиға болып жатқан кезде Мирке де бүлік шығарды деген  хабар да келіп жетті. Әмір Жаһанша Һисар (Хисар) уалаятында аялдап тұрған жерінде жеңімпаз әскерін жинап, жасақтап Мирке тұрған жаққа қарай бет алды. Қожа Жүсіп өз әскерін жинау үшін Арһәнг ( – Арһәнг сөзінің жазылуы шытырман болғаны үшін оқылуы қиын болды. Дұрыс-бұрыс оқығаныма күдігім бар. Ауд) жаққа бет алды. Пір Әліназ Бәлхқа қарай жол тартты, ол жерден қалған әскерді алып келіп Жейһұн өзенінің жағасында бас қосуға келісті. Жаһаншаһ өзен жағасына жеткенде сал жасады, барлық әскерлерін жүзіп өзеннен өткізіп, судың арғы бетіне тоқтады. Түн мезгілі болғанда Жұнейд пен бауыры Байәзид және Әли Акбар Бұрылтайдың немере бауырлары қарсы шығып, бүлікші топқа қосылып түнгі шабуылға кірісті. Олар үш мың атты жауынгер болған. Әмір Жаһаншаһ жанында алпыс ер қалған еді. Олар бақ қонған Саһиб Қыранның ғажайып дәулетіне арқа сүйеп ешқандай әлсіздік танытпай, үрейленбей жеңіс сыйлайтын жаратқанға тәуекел етіп, сондай аз ғана адаммен өзен жақты арқасына алып қалқан және торларды беттеріне қорған қылып, қарсыластардан өздерін қорғап, жауға тойтарыс беріп жатты. Қарсыласқан екі жақтан жауған оқтың салдарынан соғыс майданы сол бір қараңғы түнде жұлдызға толған аспанға айналды. Семсер мен найзаның тудырған қорқынышты дауыстарынан жауын­гер баһадүрлердің жан-дүниесі абыржып, үреймен астасып жатты. Өлең:
Семсер азғырған махаббаттай 
жүрекке қонды,
Жебе жарқылдаған сәуледей боп 
көзге түсті.
Гүрзі шоқпар болып төстің 
қақ маңдайынан,
Даланың жайлаған төрінде 
темірші соққан.   
Сол кезде Қожа Жүсіп бір нөкерін өзеннің жоғары жағынан қолына шырақ беріп өзенге енгізіп жөнелтті /1-412/. Ол әмір Жаһаншаһқа былай: «ерлікпен табандылық көрсетіп, шыдауыңыз керек. Біз соғысқа дайын болып сіздің жәрдеміңізге келе жатырмыз»,– деп хабар жіберген. Әмір Жаһаншаһтың әскерлері жауға қарсы Ескендір бөгетіндей табанды бекем тұрған еді, мәрттей ерлік танытып жатты. Қожа Жүсіптің хабарын естіп, арқалары жылынып, білектерінің қуатына қуат қосылды. Пір Әліназ нағыз ер деген жүз жауынгермен сол түні өзен суынан жүзіп өтіп, оларға қосылып, бірге шабуылға кірісті. Олар барлық ынта және нағыз мәрттік рухпен шайқасып жатты. Таңғы арай көктің жиегінен көріне бастағанда жеңіс таңының хабаршысы болып, Саһиб Қыранның бақыты үрлене бастады. Және жаудың соншама қалың әскерінің болғандығынан бұлардың әрбір жауынгерінің алдында  жиырма әскері бола тұра түнделетіп алдарынан қаша бас-тап, жан-жаққа бытырап кетті. Қашқын жаудың әскері өзеннен өтіп Бағланға қарай қашты. Сөйтіп, «Соғысуға талпыныңдар. Егер араларыңда табанды жиырма кісі болса, екі жүз адамды жеңіп кетеді» (сүре: 8. Аят: 65) Құранның аятына сәйкес келеді. Жеңімпаз әскер шабуылға шығып, ізіне түсіп олардың көптеген жауынгерін өлтірді. Әмір Жаһаншаһтың  жеңіске ұя болған қосыны Құндызда аялдады. Бұрылтайдың ел мен тайпасы Үндікеш асуынан өтіп, Кабулға кетті. Әбусаид қарабет бауырларының бүлікші болғанын естіп әзірет Саһиб Қыраннан қаншама көп жақсылық пен ілтипат көрген болса да, «су ішкен құдығына түкіргендей» нығметтің қадірін білмей күпірлік етіп өз табиғатына сай Әмір Темірге қарсы шығып бүлікші топқа қосылды. Осы арада аяқ астынан Әбусаидқа қас болып жүрген Ақ Бұға Бису () түрмеден қашып бостандыққа шыққан еді. Әзірет Саһиб Қыран бір кезде Ақ Бұғаны тұтқындап, Моғолстанға және Алтай () маңына қудалаған еді. Ақ Бұға сол аралықта түрмеден қашып келе жатқанда тағы оны ұстап алып тұтқындап, Хорезмде мәртебелі тақ иесінің алдына алып барған болатын. Әмір Саһиб Қыран бүлікші болған Әбусаидтың хабарын естіген соң, Ақ Бұғаға патшалық ілтипат көрсетіп, оны қамаудан босатсын деп бұйрық берді. Және бису елі мен ұлысы () оған тарту етілсін деп оны әмір Жаһаншаһтың жанына жөнелтті. 
Жеңімпаз Саһиб Қыран Хорезмнен өзінің салтанат тағының қонысына бақытты көңілмен қайта оралғанда Рамазан Қожа және басқа да баһадүрлерге бірнеше қосынды басқартып, әмір Жаһаншаһқа көмектесуге жөнелтті. Әрі оған: «қай жер болса да,  жаудың барған жерінде олардың ізіне түсіңіз», – деп пәрмен берді.  Әмір Жаһаншаһ мен Қожа Жүсіп Құндыз бен Бағланнан бастап қарсылас /1-413/ жаулардың ізіне түсті. Олар Үндікеш пен Кабулдан өтіп Ләман мекенінде Жұнейд пен Әбусаидты қуып жетті. Олардың ел мен ұлысын () тонады. Бірақ Жұнейд пен Әбусаид өз жанын олардың қаһарының соққысынан аман алып қалып, Синд жаққа қашып үлгерді. Бұл жағдайдан хабардар болған әмір Ақ Бұға Гераттан ат басын бұрып, олардың қашқан жеріне бет алды. Әмір Сейфәл Қандаһари сондағы әскерлерді жинап жол үстінде әмір Ақ Бұғаға қосылды. Олар бірге талай асулар, ормандардан өтіп, босып жүрген ол бақсыздарға жетіп алып, жолдарды жауып тастады. Өлең:
Саһиб Қыранға жауласуға бара жатқан болсаңыз,
Жерден бәле шығарып, көктен бәле жаудырған боласыз.   
Олар да жанын уайымдап амалсыз соғысуға кірісті. Шайқасып көптеген әскерлері қаза тапты. Өздерінде азын-аулақ қалған заттары да түгелдей тоналды. Жұнейд, Бәйәзид, Әбусаид әрең дегенде жанын аман алып қалып Үндістан жаққа қашып Делиге бет алды. Жеңімпаз әскерлер көңіл қошымен мол олжаға кенеліп, өздерінің қоналқасына қайта оралды. Өлең:
«Азаматын сыйлаған Саһиб Қыран патшаның әскері,
Қай жерге барса да, олжалы болып қайтып оралады», – /1-414/ деп баяндаған Әли Йәзди Әмір Темір заманында Түркістанда Тоқтамыстан өзге де ішкі аймақтарында таққа таласып жатқан көптеген мүдделі әмірлер бір-бірімен бәсекеге түсіп жүргенін өз кітабында егжей-тегжейлі баяндап беріп келеді. Өйткені сол кезде Түркістан ішкі тақталастық кесірінен әбден қажыған еді. Мәселен, Тоқтамыс хан, Едіге батыр, Мамай Алтын Орда мемлекетінің баянды саяси билігін нығайтудың орнына бір-бірімен билікке таласып әлсіретіп жатты. Олар өзара түсініспеушілікті саяси парасатпен шешудің орнына бір-бірімен қырқысып, Қыпшақ даласының күйреуіне һәм Мәуереннаһрге дейін жөнсіз жорықтар жасап «қотыр үстіне шиқан» болып жатты. Оған  Елнығмыш Оғлан мен Сүлеймен Сопы,  Бұрылтай, Жұнейд, Әбусаид, Бәйәзид билік тағына таласы айғақ. Олар жалғыз жаулаушы болғанды арман еткендей еді. Сондықтан Алтын Орда мен Түркістан арасында байыпты саяси қарым-қатынас орнамады. Содан түрік елі көп зардап шекті. Оның ауыр іздері қазірге дейін толықтай жойылған жоқ. Бұл дәуірдің тарихи сабақтары кез келген түрік елінің  саяси тұлғаларына өнегелі дәріс бола алады. Түрік елі ешқашан сыртқы жаулардан жеңілмеген, тек қана ішкі алауыздық оларды жауға жем қылған. Өйткені сыртқы жаудан гөрі ішкі жаудың соққысы әлдеқайда күйретуші қуатқа ие. Оның анық-қанығын алда Тоқтамыс пен таққа таласқан саяси көсемдерден байқай аласыз. 

Ислам ЖЕМЕНЕЙ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «Тұран-Иран» 
ғылыми-зерттеу орталығының 
директоры, филология ғылымының докторы, профессоры

729 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6416

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5825

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3567

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2952

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2911

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2888

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2619

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2603

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы