• Ақпарат
  • 30 Қараша, 2023

«Зафарнама» шығармасындағы қазақ сөзі мен тарихы

Бұл жер әлемінен бір адам тап болмайды,
Жаңа адам үшін басқа әлем жасамалы.
Тұр аяққа Самарқандтан келетін түрік үшін,
Бақыт иісі келе жатыр ескен самалынан. 

Иран елі Әмір Темір заманында әр аймақта пайда болған түрлі саяси бәсекелестердің салдарынан саяси дағдарысқа ұшырады. Сол үшін ел ішінде жаулап алу, таққа талас барлық өңірлерге жұқпалы кесел сияқты жайылып кеткен еді. Ешбір аймақтың басқарушы әкімі орталық үкіметке бағынғысы жоқ тұғын. Шын мәнін айтқанда, мемлекетті басқаратын орталық билікте жоқ тұғын. Иранның сондай ешбір ұлы саяси немесе империялық мақсатта қоя алмайтын майда-шүйде жауынгерлік сипаттағы көсемсымақтары елді әбден әбігерге салғандықтан, Иран халқы елді біріктіретін ұлы көсемді армандаған екен. Сол жылдары мұсылман жұртын біріктіріп біртұтас орталық үкімет құруды мақсат еткен Әмір Темірдің даңқы жер шарын айналып, Иранның әйгілі ақыны Хафиз Ширазидың құлағына да шалынған. Содан халқының армандаған саяси ұлы көсем осы Әмір Темір болатынына үміт артып, жоғарыдағы бір шумақ өлең жолдарын оған арнап жырлапты. Мен бұл шумақта тілге тиек болған «Мұлиан» Бұхара маңындағы өзен есімін «бақыт» баламасымен ауыстырдым. Бірақ мазмұнына зиян келмеді. Өйткені Рудакидың Мұлиан өзені жайындағы жыры «бақыт» мағынасынан алыс емес. Айтайын­­­ дегенім, Әмір Темір заманында Алтын Орда, Қыпшақ мемлекеті, Мәуеренәһр және біртұтас Түркістан елі де аймақтық арзан саяси бәсекелестіктің отынан өртеніп жатты. Әмір Темір сенген Тоқтамыс ханның жаугершіліктен басқа ұлы мақсаттарға, мемлекет құру, оның халқының ынтымағын қамтамасыз ету саясатынан неғұрлым ұзақ болғандығынан күш-қуатынан тыс ұдайы елдің саяси басқару жүйесін жетілдірудің орнына өзге өлкелерді жөнсіз бағындыру мақсатымен жорықтарға бекінген Тоқтамыс хан Әмір Темірдің ойынан шықпады. Өйткені Тоқтамыс хан саяси білімі таяз әмірлер мен надан уәзірлерінің кеңесіне құлақ асып, іс жүзінде басшылыққа алып жүрді. Содан ауқымды саяси өріске шыға алмай Алтын Орда мен Түркі елін орны толмас қасіретке душар қылып кетті. Тоқтамыс хан Терек өзені жағалауындағы шайқаста ойсырап жеңіліс тапқаннан кейінгі ахуалы сүргін түрде жалғаса берді. 
Әли Йәзди Әмір Темір мен Тоқтамыс хан­ның саяси-әскери қақтығысын былай жал­ғастырады: «Әзірет Саһиб Қыран Тоқтамыс ханның ізінен жорыққа шығу жайындағы әңгіме», Әмір Темір мен Тоқтамыс хан арасындағы болып жатқан оқиғаға қайта оралады. Онда «Әлемді жаулаушы Саһиб Қыран кейінгі жорығында шектен тыс мол мал-мүлікті олжалаған еді. Әмір Темір бұндай мол байлықты Әғрақ жерінде қалдырғысы келмей өзімен бірге алып жүрді. Әғраққа бұдан бұрынғы соғыста қапыда атынан құлап мүбарак қолы жарақат алған соң өз ұлы әмір­зада Мираншаһты басқаруға сонда қал­дырды. Ал әмір Жәдігер барлас пен әмір қажы Сейфеддинді әскер жасақтап, тездетіп Тоқ­тамыс ханның ізінен қуа бастады. Олар бар шап­шаңдықпен түн демей, күн демей оның ізін қуып, шауып жүрді. Тұраты () деп аталатын жерде Еділ () өткеліне жет­кенде әзірет Саһиб Қыран қызметінде болған Қойыршақ Өріс ханның баласына 
() /1-571/ мүбарак қосындағы бір топ өзбек баһадүрлерді оған қосып берді. Осылай Қойыршаққа патша тағына отырудың алғы шартын жасады. Және иығына алтынмен зерделенген шапан жауып, беліне алтын белдік байлады. Содан Еділ өзенінен өткізіп Жошы ұлысының хандық тағын оған тапсырды. 
Жошы тегінен болған шаһзада бұйрық бойынша өзеннің арғы жағына өтіп, бытырап кеткен қосынның әскерлерін жинап жасақтау­ға кірісті. Сонымен, игілік жолындағы әскерлер дұшпанның ізінен Өлік 
() қамалына дейін барып, оларға жетіп, көптеген әскерін өлтірді. Сол күні қайтып шегінгендердің ажалы семсердің соққысынан болды. Және өзеннің арғы жағында Еділдің қанішер суы олардың жан алушысы болды. Жаудың басым көпшілігі тұтқынға түсті. Әрі аз ғана бөлігі өздерін өзенге сүңгіп Еділдің арғы жағына жүзіп шықты. Тоқтамыс хан хандық атағын, үй-ішіндегі бар затын, көрінетін және жасырған жинаған дүниесін қалдырды. Өйткені жанын уайымдап біраз әскерлерін жанына алып Болор орманына қарай қашып кетті. Осылай Тоқтамыс хан жау күйретуші арыстандардың қолынан аман-­есен құтылып шықты. Әмір Темірдің жеңімпаз әскері өзеннің бергі жағынан бірінші жорық жасаған даласына қарай өзеннің арғы жағына өтті. Бұл рет жеңісті қосын ол жерлерді әбден тонап, тағы да қыпшақ даласының бірталай бөлігін талан-таражға салды. 
Әмірзада Мираншаһ әмірлермен бірге Әғрақтағы Құрай өзенінің жағасында қалған еді. Онда Әғрақты тыныштандырып, Саһиб Қыранның қосынының артынан барып Жол Құлық () және Азу Құлық ()мекендерінде мүбарак ордасына қосылды. Саһиб Қыранның бұл құт жорығында көптеген аяулы шаһзадалар, жеңіс сыйлаушы ұлық әмірлер әзіретпен үзеңгілес болып келе жатқан еді. Сондықтан мемлекеттің мүддесін ойлап, сақтық шараға көңіл бөлу керегін ойға салды. Содан уәжіп саналған бұйрық шықты. Сөйтіп, әмірзада Пір Мұхаммед Шейх бес мың атты әскермен Шираздағы патша сарайына қайтып баруға тиіс болды. Әмір Шәмседдин Аббас болса, үш мың жауынгері және оның қосынының құрамында болған Ғияседдин тархан патша астанасы Самарқанд жаққа бұйрық бойынша беттеп, суыт жүріп кетті. Олар Дербенттен өтіп, Әрдебилге жеткенде Тәбризден: «Қара Жүсіп түрікмен бар түрікмендерді жеңіп қайта жиналып, Алатау маңында бүлік шығаруға ниетті екен» деген хабар жетті. Дегенмен әмір Шәмседдин Аббас пен Ғияседдин тархан Самарқанд сапарын жалғастыра берді. Бірақ әмірзада Пір Мұхаммед өзінің әмір Саид барлас, Бекеш, Дәулетқожа, Тәуекел баһадүр сынды әмірлерімен Тәбризге келіп, сол аймақтағы барлық әскерлермен бас қосып жиналды. Мираншаһ пен шаһзадалар Тәбризде қалған еді, оларға Тәбриздегі Сейіт Аһмет Түрік пен Шалық та қосылды. Кәдімгідей көзге түскен айбатты қосын қарсыластарды бағындырып, қарусыздандырды. Негізгі қосын Хуи қаласына жеткенде Түрік пен Шалық әскерлерімен оларға қосылды. Сол кезде Қара Жүсіптің қарауылы Қара шатқалда () деген хабар жетті. Әмірзада Жауанбақыт оларға қарай жорық жасап, ел жаулаушы тұлпарымен көлеңке түсіргендей Қара шатқалға енді. Содан Қара Жүсіп түрікпеннің қарауыл әскері қашып, Қара Жүсіп аялдаған Балық бөгеті (Бәнд Маһи) мекеніне оның жанына барды. Қара Жүсіп олардың айтқан хабарын тыңдап, игілік әскердің табандылығынан рухы әлсірей түсіп, әлсіздік танытып, үрейлене қашқын күйге түсіп, қашып кетті. Әмірзада Пір Мұхаммед оның ізінен қуа бастады. Бөгет шатқалға қарай бет алды. Әззетдин күрд өзінің сарбаздарымен сол мекенде әмірзада Жауанбақыт қолына қосылды. Шаһзада Мираншаһ үш күндік жолды жүріп сонда аялдады. Сол жерде әмірлер мен жауынгерлерді Қара Жүсіптің ізінен жөнелтті. Олар үш аялдама жол жүргеннен кейін аялдады, әмірлер Уник тұрағына дейін барды. Бірақ Қара Жүсіптің ізін таба алмай қайтып оралды. Сейеди күрд үш мың жауынгерімен Балық бөгетінің тоғанында әмірзада Жауанбақытқа қосылды. Әмірзада Пір Мұхаммед ол жақтан қайтып кетті, Тәбризден өтіп Сұлтанияға келді. Ханзада оған сый-сияпат көрсетіп той () жасап, шапан жапты. Содан кейін Шираз жаққа қарай бет алды».
Әли Йәздидің осы әңгімесіне назар салсақ Тоқтамыс хан тағы да Әмір Темірдің құрығынан құтылды. Бірақ сергелдең тіршілігі әрі қарай жалғасты. Әсіресе, бұл рет Тоқтамыс хан өзінің саяси өмірінің бастапқы кезеңіне қайта оралғандай болды. Өйткені бұл рет Әмір Темір Тоқтамыс ханның бұрынғы жауы Өріс ханның баласы Қойыр­шаққа қыпшақ даласының билік тізгінін қолына ұстатты. 
Өріс ханның қудалауымен сергелдең күйге түсіп Әмір Темірдің жәрдемі, қолдауымен Ақ Орда мен Көк Орданың тізгінін бірге өз қолына ұстап, Алтын Орданың тұтас билік тағына отырған Тоқтамыс хан Мәскеу князын да өзіне бағындырған еді. Мәскеуді қарамағына іліндірген ол қаланы ойрандамай гүлдендіріп, далалық кең тынысты рухын отырықшы мәдениетпен дәмдес еткенде жаңа өркениеттің қақпасын ашар еді. Тоқтамыс хан қалаларды абаттандыру, қоғамды мәдениет пен өнерге баулудың орнына тек қана төстеп билеп отыруды мақсат еткендіктен, ендігі жерде өз пейілінің құлына айналып кете берді. Ол бірде өз бағына қарсы іс қыла бастаса, енді бірде «су ішкен құдығына түкіріп» Әмір Темірге қарсы күресін тоқтатпай сергелдең күйге түсіп саяси қаңғыбасқа айналды. Одан қанша ел-жұрты зардап шеккенін есептей алудың өзі қиын шаруа екені анық. Біз бүгін арадан 638 жыл өтсе де, өкінішпен Тоқтамыс­тай жауынгер ханның саяси сауатсыздығына күйініп, өкініш білдіріп отырмыз. Тоқтамыс ханның саяси көрегенсіздігі Алтын Орда мен Қыпшақ даласы мемлекетінің іштей ыдырап кете беруінің хабаршысы болды. Тоқтамыс хан туралы бірде бір бастапқы тарихи әдебиеттер және кейінгі зерттеулер болымды пікір айтпаған. 
 Осымен Әмір Темір мен Тоқтамыс ханның арасындағы байланыстар зафарнамада жалғасады. Өткенде Тоқтамыс хан Әмір Темірге қарсылық көрсете алмай жанын шайқас майданынан аман-есен әрең құтқарып орманға қарай қашып құтылған еді. Енді «Әзірет Саһиб Қыранның жорыққа бұйрығы» атты әңгімеден бастасақ: «Жеңімпаз туын желбіреткен жаһанды жаулаушы Саһиб Қыран жошы ұлысы мен орыс өлкесін иеленуді мақсат етті. Ол әр істі барлық ынтасын жұмсап аяғына дейін жеткізбейінше көңілі толмай, риза болмайтын еді. Ол Тоқтамыс ханды жеңіп, қуғынға ұшыратып, қалың қолының әскерлерін өлтіріп, жазаландырған соң оған қарасты барлық елдер мен уалаяттарды басып алуды қалады. Сондықтан ол аймақтың бар қауымын, мал-мүлкін тартып алып, қаһарына ұшыратып, жойып тастағысы келді. Сол ниетпен Жошы ханның оң қолы ұлысына қарай бет алды. Ол үшін кең байтақ далада Ұзей өзені жаққа қарай бет алды. Бұл жорықта әмір Османды алдыңғы шепке қарауыл етіп тағайындады. Ол қосынның алдына шығып 
(), ерлікпен жолға шықты. Ұзей өзенінің жағасына жеткенде Менкермен мекенінде Бек Жарақ Оғлан () мен сонда болған кейбір өзбек ұлысын тонады. (). Олардың басым көпшілігін үй ішімен тұтас­тай ұстап алды. Содан тіпті бірде бір аттысы да жанын аман алып шыға алмады. 
Тас Темір Оғлан мен Ақтау () қашып, Ұзей өзенінен өтіп өздерінің жауы болған Һермедай () ұлысына барғанда, олардың хәлі тоналған мен тұтқынға түскендерден де бетер болды. Ол жерден түмен Ақтау () қашып Рұмға кетті. Онда Асыра Жаға () даласына қоныстанды. Әзірше сонда аялдады. Әзірет Саһиб Қыран Ұзей өзенінен қайтып оралып бақыт әуенін орысқа бұруды бұйырды. Жақсылық тағдырдың әскерлері Бек Жарақты 
() тағы да Тон өзенінің жағасында орап алып, өзенге жеткізбей қанын ағызды. Ал артынан келе жатқан әскерлер қарасу маңындағы қалалар, ауылдарға жеткенде барлық тұрғындарын ішкі және сыртқы жағынан тонады. Бек Жарақ Оғлан әбден әлсіреп бейшара күйге түсті. Содан амалсыз, үрейленіп отбасы, бала-шағасын бәленің шенгеліне тастап бір ұл баласымен қашып, араларынан шығып кетті. Жеңіске ұя болған әскер оның әйелі, бала-шағасы, жақын-жуығын түгелдей әзірет Саһиб Қыранның жанына алып барды. Әзірет Саһиб Қыран оларға шатыр, баспана берілсін деп бұйырды. Және оларға әр түрлі құрмет көрсетті. Төрт түліктен, маталар, түрлі тауарлар, түрлі сәнді бұйымдарды молынан сыйға тартты. Өзі де көңілді, тыныш Бек Жарақ Оғланның ізінен адам жөнелтті. Әмірзада Мираншаһ пен Жаһаншаһ баһадүр және басқа да түмен мен мыңбасы әмірлері өз әскерлерімен қайтып келіп жошы ұлысының оң жағына жорық жасап оларға жетті. Бек Қожа тағы басқа әмірлерді әрі ол қолдың барлық ұлысын өлтіріп немесе тұтқынға алды. Осылайша, олардың өмірін ауыз мұрнынан шығарды. Сондай-ақ Сарай және Урус пен Урусшықты да тонады әрі бар ұлысы мен өлкесін өз уысына алды. Олардың болжап қиялдайтынынан тыс көптеген мал-мүлкін иеленді. Сонымен бірге басқа да олжалар оған қосылды, есепсіз төрт түлік малдарын да алды. Сұлулығы көркіне сай әйел мен қыздарын тұтқынға алды. 
Әзірет Саһиб Қыран орыс қалаларының бірі болған Мәскеуге қарай бет алды. Ол маңға жеткенде жеңіске пана болған қосын ол уалаяттың тұтастай қаласы мен даласына жорық жасады. Барлық әмірлер ол жерді тас-талқан етіп, жеңді. Мұндай аса бағалы, қымбат тауарлардан басқа әмірзада Мұхаммед Сұлтан да қарауыл құйыншы 
() қауымын да тонады. Тағы басқа қарсы шыққан тайпаларды мәселен, Көрпеқа, Бірлан, Жүргүн, Келші қауымдарын да жеңімпаз әскер шөл далаға сергелдеңге салып, әуре болғандардың бәрін тонап, көптеп мал-мүлік, бұйымдарын олжалады. Олардың әйел-қыз­дарын тұтқынға алды. Өлең:
Не айта аламын пері жүзді 
орыс арулардан,
Гүлге бөленген гүлді орыстың 
сәтен киген.
Саһиб Қыран тағдыр күшінен қуат алып, ол жерден Бал Шымкенге қарай бет алды. Одан Азақ () қамалына жеткенде әмірзада Мираншаһ онымен бірге болған әскерлер Тон өзенінің жағасында жауларды ұстап алып, оларды тонады. Одан әрі мүбарак қосынына қосылды. Содан шыққан жарлық бойынша тиісті бұйрықты орындап Азақтағы мұсылмандарды мұсылман емес жұрттан ажыратып, босатып жіберді. Ал барлық дінсіздерді жиһад семсерінен өткізді. Үй-жайларын тонап, өртеп жіберді. «Біз қаншама елді мекенді жермен-жексен етіп, күлін көкке ұшырдық», – сай /7-сүре, 4-аят/ көрінді. 
Әли Йәздидің берген мәліметіне қарағанда Тоқтамыс хан өзінің әл-қуатына қарамастан және өрісті саяси көзқарасы болмағандығынан өзінің әуре-сарсаңға түсуімен бірге қаншама бейкүнә ел-жұрттың обалына қалғанын байқауға болады. Өйткені Тоқтамыс ханның жақтаушы күштері Әмір Темірдің әскери қуатына жеңіліп қалған жайттарда Саһиб Қыран оларға кең пейіл танытып, маңдайынан сипап, сый-сияпатын беріп босатып отырғанына куә боламыз. Бірақ «ымға түсінбеген дымға түсінбейді» кейпінен шыға алмаған Тоқтамыс хан «қотыр үстіне шиқан» шығарып, Алтын Орда, Қыпшақ даласының өртке орануына жол ашып, Түркістанды қажытты. Қазақ даналығы «жақсыдан шарапат, жаманнан пәлекет» дегендей Тоқтамыс хан өлгенше қатесінен қайт­пастан, өзінің шенқорлық шеңберінен шыға алмай атүсті саясатын жалғастыра бергенін алда көре аламыз. Әмір темір талай жерге шабуыл жасап, талай елдімекендерді күл-талқан етіп, талай жұртты тонап келе шеркеш пен қазақ жұртының да тас-талқанын шығарды. «Әзірет Саһиб Қыран ол жерден өтіп, қазақ жұртының 
() уалая­тына жорық жасады. Жеңісті пана тұтқан жанкешті әскерлер биік тауларды қоныс тепкен адасқандарды түгелдей бұзақылық болмысын өртке орайтын семсердің жеміне айналдырды, қазақ жұртын талан-тараж етті. Содан аса көп мөлшерде құнды дүниелерді қолға түсірді. Молынан бал қолға тиді. Ол мекеннен Құм бұғазына () жетті. Сол мекенде қыстауын өткізді. Мәмқәты () және қары құмық () уалаятының тұрғындары мойындап, бас иіп бағынып, пенделік жасауға пана беруші сарайының табалдырығына келіп, пенде болу мен бағыну рәсімдерін орындады. Осылайша патшалық ілтипат пен мейірге бөленді. Сондай аралдар арасында көптеген мекендер болды. Ол мекендердің жұрты өзендерге қатты сеніп, оны өздеріне қорған етіп қойған екен. Оларда бағыну мен қызмет етуді қабылдаудан бас тартқан болатын. Оларды «балықшылар» 
() дейтұғын. Әзірет Саһиб Қыран оларды күйрету үшін бір топты жорыққа жөнелтті. Қыс мезгілі болғандықтан, өзендер екі кезден аса қалыңдау мұз болып қатқан. 
Жауынгерлер мұз үстінен өтіп, ол аралды тұтастай шабуылдап, жаулап, бағындырып алды. Және олардың мал-мүлкін тонап, тұрғындарын тұтқынға алды. Осылайша табыс пен жеңісі қайта оралып, мүбарак қосынға қосылды» деп әңгіме еткен Әли Йәзди Әмір Темірдің әскері Тоқтамыс ханнан кек алуға оның ізіне түсіп, талай елдімекенді ойрандауға жол ашқанын байқауға болады.
«Әзірет Саһиб Қыранның Қажы Тархан мен Сарайда жеңіс туын тігуге шабуылдауға бұйрық берген әңгімесі: «жарқын айдай Қажы Тархан мен Сарайды әзірет Саһиб Қыранның пендесіндей оның бұйрығын орындайтын әскерлері жаулап алынуға кіріскен еді. Бірақ ол жердің басшысы қарсы екенін байқап, жағдайды мәртебелі тақ иесіне жеткізді. Содан мәртебелінің шешімі бойынша ол жерді ойрандап, күйретуге кірісті. Сөйтіп, Ағрәқтағы әмірзада Мұхаммед Сұлтан мен әмірзада Мираншаһ және әмір Қажы Сейфеддин тағы басқа әмірлерді сонда қалдырды. Сосын өзінің мүбарак ниетімен жорыққа шықты. Сол қыс аса суық болды. Қар қалың болды. 
Бақытты тағдыр иесі әскерлер қарды таптап жолға шықты, ауыл-аймақтан кезең-кезең өткен әзірет Саһиб Қыран Қажы Тархан маңына жеткенде әмірзада Пір Мұхаммед Жаһангир, әмір Жаһаншаһ, әмір Шейх Нұреддин, Темір Қожа және Ақбұғаны әскерлерімен Сарай жаққа жөнелтті. Таң сәріде аз ғана таңдаулы адамдармен аттанып, Қажы Тарханға жорытып, онда жансыз-жандыны талан-тараж қылды. Ол жердің әкімі Мұхаммедиді өзеннің мұзының астына батырып балықтарға жем етті. Жеңісті пана тұтқан қосын Еділ «Ател» () өзенінің мұз болып қатқан суының үстінен өтіп Сарайды басып алып, өртке орап өртеді. Мал-мүлкін алып, ол өңірдің көшпенділерін түгелдей то­нады, тұрғындарын айдап, алып келді. Сарайды ойрандауы Тоқтамыс ханның батылы жетіп Шінжір Сарайды () тал­қандағанының есесі еді. Әзірет Саһиб Қы­ран осылай кек алуының себебі – ол Фарс пен Иракта жорықта жүрген заманда олар Мәуренәһрді бос көріп шабуыл жасап «Шінжір Сарай» атымен мәшһүр болған ханның Қәзан Сұлтан сарайын тас-талқан еткен еді. Енді бұл Сарайдың да осылайша астаң-кестеңі шықты. Әзіреттің бұйрығы бойынша әмірзада Пір Мұхаммед Жаһангир және басқа әмірлер Сарай жаққа кеткендер Еділ өзенінен мұз үстінен өтіп, Сарай ішіндегі және сыртындағы өңірдің әр жерінде қалған елін тонаумен бірге оларды тұтқынға алып, Саһиб Қыранның алдына алып келді. Саһиб Қыран бұдан соң қосынын алып қыстағына қайтып кетті. Сол жылы ауа-райын өте суық болуына орай жеңімпаз әскерлердің әлсіреп қалуына себеп болды. Сонда көптеген төрт түлік мал қырылып қалды. Астықтың жетіспеушілігі шектен тыс болды. Үш келі тары, жетпіс динар көпегі, бір бас сиыр жүз динар, бір бас қой екі жүз елу динарға да табылмай жатты. Патшалық қайырымдылық жасалып Қажы Тархан мен Сарайда олжаланған астық тағы басқа бұйымдар, мал-мүліктер әскерлерге тарту етілді. Оның барлығын жаршылар оларға бөліп таратты. Соның арқасында кейбір жаяу әскерлер атқа қонды. 
«Әзірет Саһиб Қыран осы жорығынан қайтып бара жатқандағы әңгіме» Саһиб Қыран қыпшақ даласы, солтүстік қалаларды мәселен хәзәр даласының барлық мемлекеттері, Жошы ұлысының оң жағы мен сол жағы тағы басқа солтүстіктегі аймақтарды теңдесі жоқ бір жаугершілік әрекет жасап жаулап алды. Оның әскерлері сол аймақтардағы Үкек, Бажыр, Орыс, Шеркеш, Башқыр, Мәкіс, Балшымкен, Қырым, Азақ, Қоян, Алан барлығын олардың төңірегіндегі аймақтарын қоса шабуылға ұшыратты. Аталған өлкені түгелдей жаулап, толық үстемдік құрды. Жаулардың тірі қалғандары үй-күйсіз әуре-сарсаңға түсіп, жан-жаққа бытырап босып кетті. Әзірет Саһиб Қыран 798 (1395) тышқан жылында Бұғарқұм қыстауынан бақытты күйде жолға шығып Дербент пен Әзербайжан жаққа қарай бет алды». Әмір Темір жорығының артында опасыздық, сая­си надандық, тойымсыздық, ашкөздіктің ойрандаған қалалар, жетім қалған балалар, арманда кеткен ерлер мен арулар, бүршік ата алмаған көктемнің гүлдеріндей тапталып тарихтың зары мен өкінішіне айналып қала берді. Әмір Темір Тоқтамыс ханның пәрменсіз іс-қимылының салдарынан Мәуеренәһр, Кавказ, Қыпшақ даласында қаншама қанды шайқастар орын алды. Содан Әмір Темір оның опасыздығының кегін аламын деген уәдесін орындап, шабуылдаған қыпшақ мемлекетінің Азия-Европа арасындағы сауданың күре тамыры іспеттес өлкенің тас-талқанын шығарғаны соншалық, әлі күнге дейін соққының ауырлығының зардабы толық емделмей келеді. Тоқтамыс хан себепші болған бұл пәлекетінен кейін күйзеліп, рухы күйреп қашқын, бір босқын күйге түсіп, сергелдең болды. Мысырдағы мәмлүк патшасына да барды, одақтас болғысы келді, бірақ ең соңында Әмір Темірден кешірім сұрап, оның кешіре алатын уәдесін бойына демеу етті. Бірақ Әмір Темір берген уәдесін орындай алмады. Өйткені өмірі қысқарды, бұл дүниемен 1405 жылдың ақпан айында қоштасты. Әмір Темір жетесіздердің тақталасы кесірінен түрік–мұсылман мемлекетін құрып, орталық үкіметке бағындыру арманы өмірден өлімге ұштасты. 
Әмір Темір Иран, Анадолы, Ирак, Үндістан елдеріне талай рет жорық жасады. Бағынбаған елдер мен қала тұрғындарына аса қатал саясат жүргізді. Тоқтамыс хан да барынша қаталдықта одан қалыс қалған жоқ. Әмір Темір жорық жасаған елдерінің тұтастығына, мәдениеті мен әдебиетіне оң әсер етті. Оған Ирандағы саяси ахуал, және парсы әдебиетінің жаңа өріске өрлеуі Әмір Темірдің білім мен ғылымға, өнер мен әдебиетке іңкәрлігінен туындаған нәтижелер еді. Әмір Темір аса парасатты әскери қолбасшы да бола білді. Әрбір жорығында бағынған елдер мен қалаларға мүлдем тиіспеді. Сондықтан жаулаушы ретінде ақылға салып, бағындыру мақсатына көнгенге мейір шашты. Тоқтамыс хан жоғары деңгейде әскери қолбасшы бола білді, Әмір Темірдің көмегімен Алтын Орда мемлекетін толық басқарды, Мәскеу князын толықтай бағындырды. Бірақ жетесіз саяси санасының кесірі Түркістан-Қыпшақ мемлекетінің ғасырларға созылатын, орны толмас қасіретке ұшыратты. Әмір Темір руханиятқа ықыласы оның Йәсі ауылындағы Қожа Ахмет Йәсәуи мазарына арнап кесене ғимаратын салғызды. Оның шарапатының арқасында бүгін бұрынғы Йәсі ауылы Түркістан қаласы атанып бүкіл түркітектес елдердің рухани астанасына айналды. Бүгін Түркістан қаласы Қазақстанның мақтан ете алатын рухани көркем қаласына айналып келеді. 1336 жылы Кеш немесе Шаһр-Сәбз қазақша айт­қанда, Жасылқалада дүниеге келген Темір отыз төрт жасында Мәуеренәһрді тұтастай өзіне қаратып, Самарқанд қаласын Астана етіп бекітті. Бүгінде Самарқанд Өзбекстанның тарихи көрікті қаласы сипатында жыл сайын миллиондаған саяхатшы көз құмарын қандырып, тарихи санасына сәуле шашады. Отыз алты жыл билік тағында отырғанда араб, парсы, түркі тарихшылары, қаламгерлері, ақындары, ғалымдар мен өнер адамдары оны мақтап, оған таңдана қарады. Сол үшін Әмір Темір жайлы әдебиеттер жеткілікті және тарихты зерттеуші қауым күні бүгінге дейін Әмір Темірдің жан-жақты қырын зерттеуден жалыққан емес. Оның әлі талай ашылмаған сыры бар екеніне сенім бар. Оның және ұрпақтары Түркістан, Ауғанстан, Иран, Үндістанда мәдениет, әдебиет, тарих, математика, астрономия, құрылыс, қалаландыру тағы басқа адамзат тіршілігіне қатысты жасаған игіліктері ұшан-теңіз. 1336–1370-нші және 1370–1405 жылдар оның өмірінің екі ғажайып кезеңі. Әмір Темір жетпіс бір жасында Отырарда қайтыс болды. Оның мәйітін кейін ұрпағы туған жері Кеш қаласына алып барып жерледі. Сондай-ақ Отырар мен Түркістан арасындағы жазық оның әскери жорықтарында қоналқасы болған. Әмір Темірдің саяси-әскери іс-қимылы тікелей қазақ хандығының саяси сахнада пайда болуына негіз қалады. Өйткені Алтын Орда Мәскеу княздығында өзінің тегеурінді қуатында ұстап отыра алмаған Тоқтамыс хан әуре сарсаңға түсіп, Алтын Орда мемлекеті ұлы мәртебесін қайталай алмай күйрей бастады. Әмір Темірдің қолдауымен Өріс хан немересі Барақ ханның да 1426 жылы билігі құлаған соң «XV ғасырдың 30-70 жылдарында орталығы Төменгі Еділ бойында болған Алтын Орда біржолата ыдырады да, оның бөлшектенген орнына бірнеше жаңа мемлекеттер пайда болды, олар: Қырым хандығы, Қазан хандығы, Астрахан хандығы, Сібір хандығы, Қазақ хандығы, сондай-ақ басқа да бірқатар саяси бірліктер – Үлкен Орда (Еділ мен Днепр арасындағы далада), Ноғай Ордасы (орталығы Жайықтың төменгі ағысы өңіріндегі Сарайшықта) болған еді». Сондықтан Алтын Орда мемлекетінен бастау алған Қазақ хандығы мемлекеті Алтын Орданың жалғыз саяси мұрасы болып келеді. Бұл тарихтың өкініш пен қуаныш атты құбылысы адамзат тарихының тәжірибелік көрсеткіші іспеттес. «Ырыс қайда барасың, ауызы бірге барамын» деген бабалар даналығы. 
Түйін: Әмір Темір үш ұстанымды берік ұстанған: а) түрік-мұсылман халықтарын саяси бір орталыққа бағындыру, ә) мемлекеттің баянды болуына тіл мен дін бірлігін қамтамасыз етіп, салт-дәстүрін сақтап қалу еді. Бұл бағытта ұрпақтарының еңбегі де ұшан-теңіз. Мәселен, Үсейін Байқара (1438–1506) өзі Гератта патшалық тақта отырған 1470–1506 жылдары түрік халықтарының тілі мен әдебиетіне асқан махаббатпен қарайтын Әлішер Науаи (1441–1501) замандас досына мемлекеттің қоғамдық-мәдени, тіпті саяси тізгінін еркін түрде іс-қимыл жасауына мүмкіндік беріп тапсырды. Соның арқасында түркі тілінің өрісі кеңейді. Баласағұн заманындағы түркі тілінің даму процессі алғашқы баспалдағы болса, Үсейін Байқараның тікелей қолдауымен Науаи түркі тілінің екінші тарихи өркендеу белесінің негізін қалады. Содан түркі тілі өлмес бағытына беттей берді. Сондай-ақ Әмір Темір мен ұрпақтары Түркістанның дін бірлігіне де қол жеткізді. б) Әмір Темір ғылым, мәдениет, әдебиет, өнер, құрылыс, абаттандыру салаларына ерекше мән беріп жүретін. Және балалары мен ұрым бұтағы оның жолын жалғастырды. Үндістандағы Агра қаласындағы «Тәж Маһал», Ауғанстандағы «Бабыр бағы» тағы басқа ғажайыптары оған дәлел. 
Жалпы Әмір Темір мен ұрпақтары 1370–1857 жылдар аралығында патшалық тақтың иесі болды. Ал бұл ғасырларды екі кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезеңі – 1370–1526 жылға дейінгі аралықты қамтиды, екінші кезеңі – Үндістандағы бабыри империясы құрылған 1526–1857 жылдарды қамтиды. Ал Тоқтамыс хан тарихшылар мен зерттеушілер жадында екі сипатта танылып, тарих керуеніне ілесіп келеді. Бірі – Әмір Темірдің қолдауымен Алтын Орда мемлекетінің билік тізгінін толықтай қолында ұстап тұрғаны, екіншісі – Алтын Орда тағына хан болған соң Әмір Темірге қарсы шығып, оған қарсы жорықтар жасап, шайқастарға кірісіп таяқ жегенге тоймай түптің түбінде қаңғырып кеткенін тарих беттерінде хатқа түсіріп жәдігер етіп қалдырды. Бұл жазба Әмір Темірдің Тоқтамыс ханмен саяси-әскери қатынастарын жазба деректер және зерттеуші ғалымдардың еңбектерін негізге алып хатқа түсті. Ал Әмір Темір Иран, Ирак, Үндістанға және тағы басқа елдерге жорықтары, саяси ұстанымдары, себеп-салдары бөлек әңгіме. 
Түсініктеме: 1. Урус-Солтүстік Кавказдың Шешенстан Республикасында орналасқан қала. 2009 санақ бойынша 50638 халқы бар. 2. Қажы Тархан () бүгінгі Астрахан. 3. Жол Құлық () және Азу Құлық 
() түркі тіліндегі жер, мекен аттары зерттеліп, зерделенуге тиіс сөздер. Сонда бұл сөздердің дұрыс оқылуы қамтамасыз етілді. 

Ислам ЖЕМЕНЕЙ,
әл-Фараби атындағы 
Қазақ ұлттық университеті 
«Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу 
орталығының директоры, 
филология ғылымының докторы, 
профессор

708 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6464

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5845

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3587

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2972

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2932

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2908

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2639

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2623

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы