• Ақпарат
  • 14 Желтоқсан, 2023

«ТАРИХ-И-РАШИДИ» ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ МӘЙЕГІ

Шет тілдерден қазақ тіліне енген сөздердің дыбыстандыру жайы:
Қазіргі уақытқа дейін қазақ әдебие­тінде адам және жер-су аттарын жазу мен айтуда бірізділік болмай келеді. Оның себеп-салдарын анықтау үшін қазақ әдебиетін Абайға дейінгі ауыз әдебиеті және Абайдан кейінгі жазба әдебиеті дәуірі деп қарастыруға болады. Себебі бірінші дәуірде қазақ тіліне шет тілдерден енген адам, жер-су аттары айтылуы әртүрлі болып қолданылды. Мәселен «» есімі: «Мұхаммед», «Мәмет», «Мәмбет», «Мағамбет», «Махамбет» сынды түрленіп айтылды. Ал екінші дәуірде кириллицаға көшкен соң қазақ оқымыстылары адам, жер-су аттарын орыс тілінен көшіріп, орысша транскрипциямен бере бастады.
Әр ұлттың өзіне тән дыбыстық физиологиясы бар. Сондықтан әр ұлт өзіне тән фонетика заңына сай дамып, жетіледі. Яғни әр ұлттың тілінің қорғану механизмі бар. Бірақ қазақ тілі кеңестік дәуірде адам, жер-су аттарын орыс тілінен көшіріп, орысша транскрипциялап дыбыс­тандыру заңын бұзып, тілді таза сақтау қорғаныс жүйесін әлсіретіп келеді. Бұрын қазақ тілі шет тілден енген сөздерді өзінің дыбыстандыру заңдылығына бағындырып айтатын еді. Мәселен, «» сөзі пар­сышада «Морварид» деп айтылып, оқылса, қазақ тілінде «Меруерт» делінді. Мәселен, «» және «» есімдері: «Асан» немесе «Қасан», «Үсен» не «Құсан яки Қосан» болып айтылды. Ал кеңестік дәуірде қазақ тілінің дыбыстандыру заңдылығы саналы түрде әдейі өзгертілді. Онда «Асан» мен «Қасан» есімдерінің орнына орысша айтылуына еліктетіліп «Хасан» дей бастады. () «Айдар» немесе «Қайдар» орнына орысша «Хайдар» деп жаза бастадық. Әр ұлттың тілі таза болып қалуының бір факторы – сол тілдің фонетикалық заңына бағыну.
Қазақ тілінің екінші проблемасы – грамматикалық ережеге көңіл бөлу қажет. Кеңестік дәуірде қазақтың шығыс­тану саласы толықтай жабық күйде болды. Сол себептен қазақ ғалымдары ортағасырлық араб жазуының негізінде қолданыста болған араб, парсы және түркі тілдерін үйренуден ажырап қалды. Сондай жағдайда орыстілді шығыстанушы-ғалымдардың еңбегінің арқасында «Түркістани», «Фараби», «Тарази» сынды ғалымдардың атын ести бастады. Ондай лақап есім алғандар өздерінің туған өл­кесін ұмыттырмау үшін әдейі қойған. Мә­селен: Түркістан өлкесінен екенін білдіру үшін «-и» (ی) жұрнағын 
(ی + ) = (Түркістан+и) жалғады. Сонда «-и» жұр­нағы араб-парсы тілдерінде мекенге қатыстылықты білдіреді. Қазақша айтқанда, «түркістан+дық» болып шығады. Кеңестік дәуірде «Дулат» деген лақап есім сондай үлгіге сай «Дулат+и» болып жазылып кетті. Ол кезде Қазақстанда шығыстану аяққа нық тұра қоймаған болатын. Адам немесе ру-тайпалардың атына «-и» жұрнағы жалғануы қазақ тілінің грамматикалық заңына сай келмейді. Қазақтан «қай рудансың?» не «қай елденсің?» деп сұрағанда, «Мен дулаттықпын», – демейді. Сондықтан қатыс­тықты білдіретін «-и» (ی) жұрнағын қолдану ана тіліміздің ережесіне қайшы. Ал жер-су, мекен аттарына қазақ тілінде де жұрнақ қолданылады: «-дық». Мәселен, «Мен тараздықпын». Демек, «тараз+и» сол «тараздық» ұғымымен сәйкес.
Кейін осы ізбен «Тарих-и Рашиди» еңбегінің авторы «Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати» болып айтылып әрі жазылып кетті. Бұл 1989 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыс­тану факультеті шығыстанушы-ғалым Әбсаттар Дербісәлінің бастамасымен ашылғанға дейін қалыптасып кеткен. Мұндағы «Хайдар» мен «Дулати» қазақ тілінің дыбысталу заңы мен грамматикалық ережесіне сәйкес емес. Дұрысы – «Қайдар Дулат», яғни толықтай «Мырза Мұхаммед Қайдар Дулат».
«Тарих-и Рашиди» кітабының авторы еңбегінде өзі жазғандай, туған атасының толық атын алған: «Мырза Мұхаммед Қайдар». Ал оны атасымен шатастырып алмау үшін достары қысқартып «Мырза Қайдар» деп атап кеткен. Автор кітабында «Дулат» лақап аты туралы мүлде сөз қозғамаған. «Сонда «Дулат» атауы қайдан шықты?» деген сұрақ туындайды. Оның жауабын табу үшін ізденіп, дерегіне жеткен болдық. Бабыр империясының үшінші патшасы Акбар шаһ (1542–1605) тұсында жарық көрген «Мыңжылдық тарих» () еңбегін жазуда авторлар «Тарих-и Рашидиді» дереккөз ретінде пайдаланған. Мырза Қайдардың есімі көп кездесетін болған соң, оның тайпасын көрсетейік деп шешім қабылдаған кітап авторлары. Сөйтіп, автордың тайпасының атауын қосады. Содан бастап «Мырза Мұхаммед Қайдар Дұғлат» деп қолданысқа енеді. Кейін Еуропа ғалымдары да «дұғлат» лақабымен қосып атады. Ш. Уәлиханов жазбаларында «дұғлат» деп жазады. Осы орайда мына жайтты айтқанды жөн көремін: Мырза Қайдар өзінің бесінші атасы Құдайдаттың дұғлат тайпасынан екенін жазады. Демек, түпнұсқада «дұғлат» тайпасы деп айтылып, жазылады. Әлемнің барлық шығыстанушы ғалымдары және Шоқан Уәлихан оны «дұғлат», – деп жазған. Өйткені түркінің жазба әдебиеті оғыз түркілердің диалектісімен жазылып келген. Сол үшін «дұғлат» деп айтылып, жазылады. Ал қыпшақ диалектісінде «дұғлат» дулат деп айтылып, жазылады. Сондай-ақ, оның тағы бір мысалы: Абай Құнанбайұлы орнына Абай Құнанбайоғлы деп айтады. Яки олар «доған» десе біз «туған» дейміз. Бұндай мысалды көптеп келтіруге болады. Сондықтан тіліміздің тазалығын сақтау үшін оның дыбыстандыру заңына көңіл бөлінді. Орысша «Хайдар» демей «Қайдар немесе Айдар» деп қолдану жөн. 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығында жарық көрген басылымда автордың аты-жөні «Мырза Мұхаммед Қайдар Дулат» деп көрсетілді. 
Ел-жұрт «Дулати» деп айтқанымен, ғылыми немесе көпшілік жазбаларда «Дулат» деп дұрыс атап, кейінгі ұрпаққа үйреткен жөн. Әсіресе, дулат – түркілер тайпасының тарихи аты. «Тарих-и Рашиди» кітабының авторы еңбегінде «дұғлат тайпасы» деп жазған. Шетелдің зерттеуші ғалымдары «Дулати» деп айтпаған және жазбаған. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті осы маңызды мәселеге көңіл бөліп, «Тарих-и Рашиди» кітабы авторының аты-жөнін айтылған уәждерге сәйкес «Мырза Мұхаммед Қайдар Дулат» деп аталуын тиісті мамандармен комиссия құрып, олардың кеңесі негізінде бекітіп берген жағдайда бір ізге түсерін қамтамасыз етер еді. 
Түйін сөз: 1. «Тарих-и-Рашиди» кіта­бының авторы: «Мен достар ара­сында Мырза Қайдар атпен таныл­ған едім», – деп жазған. () /3.285/. Өйткені оған атасының «Мұхам­мед Қайдар», – атын берген соң, оны ата­сы­мен шатастырып алмау үшін достары «Мырза Қайдар», – деп атап кеткен /6.151/. 
Мырза Қайдар кітабында: «Әкем әмір Құдайдад менің үлкен атам екенін» айтты. /6.166/ және: «Ол дұғлат тайпасынан екені» айтылады /6.199/. 
Бабыр империясының үшінші патшасы Акбар шаһ (1556–1605) бұйрығы бойынша «Мыңжылдық тарих» 
() еңбегі 1585 жылы жазыла бастайды. Кітап авторлары «Тарих-и Рашидиді» дереккөз ретінде пайдаланған. Мырза Қайдардың есімі көп кездесетін болған соң, оның тайпасын көрсетейік деп шешім қабылдаған. Сөйтіп, Мырза Қайдар қайтыс болғанынан елу жыл кейін оның тайпасының аты лақап есімі болып қосылады. Содан бастап Мырза Қайдардың атына «Дұғлат» (дулат) лақап есімі тұрақты қолданысқа енеді.
Сондай-ақ «мырза» сөзі жәй атақ және құрмет-мәртебе үшін айтылады. Сол оны кіші әріппен бастап жазуға болады. Анығын айтқанда: кітап авторының атасы «Мұхаммед Қайдар» болған үшін достары оны «Қайдар» деп атаған. Ал «мырза» сөзін құрмет үшін қосып айтқанда: «Мырза Қайдар» болып шығады. 
«Тарих-и Рашиди» еңбегінің мазмұны мен маңызы: «Тарих-и Рашиди» еңбегін Мырза Мұхаммед Қайдар Дулат парсы тілінде 1542–1546 жылдары Кашмирде жазған. Энциклопедиялық шығармада XIV ғасырдың бірінші жартысынан бастап XVI ғасырдың орта шеніне дейінгі Орта Азия, Тибет, Иран, Үндістан, Ауғанстан және т.б. аймақтардағы тарихи-саяси оқиғалар баяндалады. Еңбек авторының мақсаты: Шыңғыс ханның ұрпағы - Тоғлықтемір ханнан бастап, оның соңғы нәсілі Саид хан мен оның баласы Рашид ханның саяси тарихын жүйелеп беру.
Кітапта Шағатай, Жошы әулеттері, Әмір Темір және Ирандағы билік құрған Шейх Сәфи династиясы арасындағы сая­си тартыстар мен шайқастар және оның салдары туралы мәліметтер беріледі. Сонымен бірге Орта Азиядағы түркінің саяси құлашының Қытай мен Үндістанға дейінгі кеңістікке созылғанына куәлік береді. Қазақ елінің тарихындағы саяси бастауларға негіз болған себептер жайлы сөз қозғап, Қазақ хандығы 1465 жылы құрылған деп жазғаны – аса маңызды мағлұмат. Мұны тарихшылар дерек ретінде қарастырады. 
«Тарих-и Рашидиде» қазақ халқының көшпелі мәдениеті шынайы суреттелген. Бұл еңбекте көрсетілген бұрыннан қолданыста келе жатқан түркілердің ондаған сөзі тіл мамандарын да бей-жай қалдырмайды. Аталған жайттар еңбектің тарихи құндылығын арттыра түседі. Тарихи маңыздылығымен бірге кітаптың әдебиет және география ғылымдарына қосқан үлесі де бір төбе. Ал сопылық әдебиеттің дүниесімен етене танысу үшін бұл еңбек – баға жетпес туынды. Қысқасы, «Тарих-и Рашиди» – тарих, әдебиет, тіл, география, философия, психология, елтану, дінтану салаларына берері мол шығарма ретінде өте құнды еңбек. Ғасырлардың қойнауынан жеткен құнды кітапты оқыған кез келген ізденуші өміріне сарқылмас рухани, ғылыми нәр алары хақ. 
Қазақ тіліндегі аудармалары ­жайында:
«Тарих-и Рашиди» шығармасының парсы тілінен қазақ тіліне тұңғыш рет аудармасы 2003 жылы жарық көрді. Бұл аудармада адам, жер-су аттары орысша транскрипцияланды. Сондай-ақ автордың аты-жөні, лақап аты қате жазылып кеткен. Әрі еңбектің толық аудармасы емес. 
«Тарих-и Рашиди» шығармасының парсы тілінен қазақ тіліне екінші рет аудармасы 2015 жылы «Қазақ хандығының 550 жылдық мерей тойына арналған» нұсқасында автордың аты-жөні қазақша дыбыстандырылып, бірінші нұсқаның қателігі түзетіліп берілді. Адам, жер-су аттары қазақша таңбаланып жазылды. Сондай-ақ бастапқы нұсқаға қарағанда шығарманың толыққа жуық мәтіні тәржімаланды. Тек бір тарауы сопылық трактатқа қатысты уақыттың аздығынан тәржімаға ілінбеді. 
«Тарих-и Рашиди» шығармасының парсы тілінен қазақ тіліне үшінші рет аудармасы 2022–2023 жылдары қатарынан жарық көрген ең толық нұсқасы. Бұл нұсқа әлем тілдеріндегі ең толық нұсқасы болуымен ерекшеленеді. Екіншіден, бұл нұсқада «Тарих-и Рашиди» шығармасы­ның қазақтың тарихына, әдебиетіне, дініне, тіліне, территориялық ауқымына тағы басқа қатысты тұстарынан барынша түсініктеме беруімен де өзгешеленеді. Өйткені бұл соңғы аударма нұсқасы Тәжікстан, Өзбекстан және А.Ғаффарифәрдтың Лондондағы қолжазбаларының негізінде жасалған текстологиялық еңбектің толық аударма нұсқасы болып саналады.
Үшіншіден, «Тарих-и Рашидидің» күні бүгінге дейінгі жасалған аудармалары, қолжазба нұсқалары, текстологиялық еңбектері және кітаптың пайдаланылған қайнарлары һәм оны дереккөз ретінде қолданған өзге еңбектер де көрсетілді. Төртіншіден, кітапта қолданылған түркі өлеңдері мен көне түркі сөздеріне де тоқталып, түсінік берілді.
Мырза Қайдар өз еңбегін «Тарих-и-Рашиди», – деп атауының үш түрлі себебі бар деп жазады:
 Біріншісі, Тоғлық Темір хан ислам дінін мәулана Әршәдеддиннің арқасында қабылдады. 
Екінші бір себебі Тоғлық Темірге дейін-ақ исламды Барақ хан, одан кейін Кебек хан қабылдаған еді. Алайда осы хандар дәуірінде моғол ұлыстарында ислам дами алмай құлдырап, жаһаннам ылдиына бет алды. Ал дәулетті Тоғлық Темір хан бақытты моғол ұлысын ислам жолында толықтай алға жетелеп отырды. Бұл тарихтың бастапқы беттеріне осы әңгіме арқау болғандықтан «Рашиди» есімімен бекітілді.
Үшіншіден, моғол хандарының соңғысы Әбдірашид хан болғандықтан, бұл тарих соның атына арнап жазылады. Осы үш себептен бұл тарих «Тарих-и Рашиди» деп аталып отыр.
«Тарих-и-Рашидидегі» тарих екі дәптерден тұрады:
Бірінші дәптер Тоғлық Темір ханның өмірінен басталып, бүгінде хан тағы оның атымен сәнделіп тұрған Әбдірашид ханның әңгімесіне тоқталады.
Екіншісінде мен пақырдың өмірі және өзбек, шағатай, тағы басқа хандар мен сұлтандардың көрген-білген, сондай-ақ солардың тарихынан немесе өз замандастарымның оқиғалары баяндалады.
«Тарих-и Рашиди» еңбегінің өзге тілдердегі аудармалары жайында:
Түрік тіліне алғаш тәржімасы тарихшы һәм аудармашы Мұхаммед Садық Қашғари (1725–1849) тарапынан жасалды. Бұл аударма Қашғар әкімі Юнес Тәжібек ибн Ескендербек ибн Әмин Қаженің бұйрығы бойынша қолға алынды. Бұл аударма толық болмаса да түркі тіліндегі тұңғыш аударма болды. Аударманың қолжазба нұсқасы: Мәскеудегі Азия халықтары институтының шығыс әдебиеттер бөліміндегі қолжазба қорында №С569 (590 о) сақтаулы тұр.
«Тарих-и Рашиди» еңбегінің тағы бір түркі тәржімасын Мұхаммед Нияз Ахунд Ниязи 1253 һижри жылында (1837–1838) Хотән әкімі Мұхаммед Әзиз Ванг бұйрығымен жасаған еді. Оның қолжазбасы жоғарыда аталған қолжазба қорында № D 0192 сақтаулы.
Мұхаммед Нияз ибн Әбдіғәфур «Тарих-и Рашиди» бірінші дәптерін 1837–1838 жылдары Хотән әкімі Мұхаммед Азиз Ванг пәрменімен өлең мен қара сөз етіп түркі тілінде тәржімалағанын зерттеу­ші ғалымдар растайды. Бұл нұсқа да өзге нұсқалар сияқты толық емес. Нұсқасы: № 120 (590 oe). Мұхаммед Нияз түркі тіліне аударған деген болжаммен тағы бір нұсқа: №D 121 (590 of) санмен сақтаулы.
1747 жылы тәржімаланған «Тарих-и Рашиди» аудармасының тағы бір шағын нұсқасы: № C 570 (590 of) санымен белгіленген. Оның 1322 һижри (1904–1905) жылында Қажы Жүсіп ибн Молла Ашур халифам ибн Құрбан Суфи ибн Дәулет Суфи көшіріп жазған нұсқасы бар.
Сондай-ақ Ресей Ғылым академиясы, Санкт-Петербург қаласындағы Шығыс­тану институтының қолжазба қорында «Тарих-и Рашиди» түркі тәржімаларының толық және толық емес жеті қолжазба нұсқасы бар делінеді.
Парсы тілінен тікелей түркі тіліне аударылған толық нұсқасы Өзбекстанның Ташкент қаласындағы Әбу Рейһан Бируни атындағы Шығыстану институтының қолжазба қорында № 10191 // II нөмірімен сақтаулы тұр. Ресей мен Өзбекстан қолжазба қорларындағы аталған түркі тіліндегі нұсқалар әзірше бір-бірімен салыстырып, артықшылық пен кемшіліктері, бір-бірінен айырмалары сарапқа салынып, текстологиясы жасалған жоқ. «Тарих-и Рашидидің» парсы және түркі тілдеріндегі қолжазба нұсқаларының текстологиялық жұмыс­тары қолға алынып, канондық нұсқасын дайындау ғылыми тұрғыдан маңызы зор жоба екенін ескергеніміз жөн.
Ағылшын тілінде тұңғыш рет 1895 жылы жарық көрді. Бұл аудармада Британия мұражайындағы үш қолжазба нұсқасы, Кембриж университетінің қорындағы бір қолжазба нұсқасы, сондай-ақ түркі тіліндегі екі аударма нұсқасы пайдаланылды. Оны Эдвард Денисон Росс тәржімалап, Иранның Хорасан және Систан аймақтарында бас консул болған ­Н.Елиас аталмыш аудармаға көлемді алғы сөз, һашийе (кітаптың жиегіне түсініктеме жазу) әрі қосымшалар жазып ғылыми һәм танымдық құнын арттыра түсті. 
Сонымен қатар Түркістан, Тибет, Кашмир территорияларының картасын дайындап кітапқа енгізіп, еңбектің тарихи бағасын жоғары деңгейге көтерді. Бұл еңбек кейін 1988 жылы қайта басылды. 1991 жылында тағы да Деһли қаласында баспадан шықты. Бұл басылымында аталған карта алынып тасталған делінеді.
Біздің қолда бар мәліметтерге қарағанда ағылшын тіліне толықтай екінші рет W.M. Thacrston тәржімалады. Бұл аударма Британия мен Ресей (Санкт-Петербург) қолжазба нұсқалары негізінде жасалды. Сөйтіп 1996 жылы Гарвард университеті атынан жарық көрді.
«Тарих-и Рашидидің» парсы тіліндегі Өзбекстан қолжазбасын қазақ тіліне алғаш рет И. Жеменей аударды. Аударма 2003 жылы Алматыдағы «Тұран» баспасынан жарық көрді. Сондай-ақ осы жолдардың авторы «Тарих-и Рашидиді» парсы тілінен тікелей қазақ тіліне аударумен қатар тұңғыш рет оның «ғұмырнамалық әдеби шығарма» екендігін анықтап, профессорлар: Әбсаттар Дербісәлі, Мекемтас ­Мырзахметұлының ғылыми кеңесшілігімен 2007 жылы Әдебиет және өнер институтының академик Серік Қирабаев төрағасы болған ғылыми кеңесінде сәтті қорғап шықты. Аталған докторлық диссертация сол жылы «Мұхаммед Қайдар Дулат – тарихшы, қаламгер» деген атпен Алматының «Зерде» баспасынан жарық көрді. «Тарих-и Рашиди» екінші рет Қазақ хандығының 550 жылдығына орай толығырақ қазақша транскрипциясымен «ҚАЗақпарат» баспасынан шықты. Осы жолы «Тарих-и Рашиди» қолжазбаларының өзбек, тәжік және Лондон нұсқаларының ортақ мәтінін жасаған соң толық аударылып, қазақ тілінің транскрипциясымен басылмақ. 
Эдвард Денисон Росстың (Eduard Denison Ross) ағылшын тіліндегі аудармасының тарихқа қатысты тұстарын Осман Каратай түрік тіліне тәржімалады. Ол аударма 2006 жылы Стамбұлда «Selenge» баспасынан шықты.
Өзбек тілінде «Мұхаммед Қайдар Мырза – Тарих-и Рашиди» деген атпен Ваһаб Раһманов пен Янглиш Эгамова аудармасымен Ташкенттегі «Шарқ» баспасынан 2010 жылы жарық көрді.
Түркі тіліндегі аудармасы «Мырза Мұхаммед Қайдар Аязи – Тарих-и Рашиди» деген атпен Аманбек Үсейінбекұлы Жалиловтың алғы сөзі, түсініктемесі бойынша баспаға дайындаған нұсқасы Ташкенттің «Өзбекстан» баспасынан 2011 жылы жарыққа шықты. Оны парсы тілінен түркі тіліне қожа Мұхаммед Шәріп 1837–1838 жылдары аударған.
Ұйғыр тілінде Мұхаммедтұрды Мырза Аһмет баспаға дайындаған нұсқасы «Мырза Мұхаммед Қайдар көреген – Тарих-и Рашиди» атымен 2011 жылы Үрімжінің «Шынжаң халық баспасынан» жарық көрді. «Тарих-и Рашидидің» бұл басылымына Молла Мұхаммеднияз Бенни Әбділғәфурдың түркі тіліне аударған нұсқасы негізге алынған. Оның қолжазба нұсқасы Санкт-Петербург қолжазба қорында № C.0759 нөмірімен сақтаулы тұр. 
«Тарих-и Рашиди» шығармасының текстологиясы:
«Текстология, мәтінтану (латынша textus – байланыс, байлау, кездеме, logos – сөз, ғылым) – әдебиеттанудың шығарма мәтінін қолжазбамен, түпнұсқамен салыс­тыра тексеретін саласы. Текстологияның екі өзекті мәселесі бар: бірі – ғылыми, екіншісі – практикалық мақсат. Текстология «текстің туу сыры», «Текстің тұрақтану тарихы», «текстің басылу түрлері» деген үш бөлімнен құралады.
«Текстология 1917 жылдан кейін ғана библиографиядан бөлініп шығып, методология тұрғысынан танылды. Текстология терминін ғылыми айналымға Б.М.Томашевский енгізді (1920). Батыс әдебиеттануында бұл ғылым саласы «мәтіннің сыны» деп аталады (Р.Бентли, Ф.Вольф). Текстология мәтінді тарихилық тұрғысынан қарастырып, оның шынайылығын анықтайды. Текстологияның басты міндеті авторлық мәтіннің нағыз, дәл нұсқасын айқындап, ешбір қоспасыз, қатесіз жария­лау болып табылады. Текстология әдебиет теориясы мен сынының тарихымен, мәтіннің қайта қалпына келтірілуімен тікелей байланысты. Көркем шығарманың түпкі мәтінін анықтауда тексеру тәсілдері пайдаланыла отырып, қосымша нұсқалар мен басылымдар зерттеледі. Текстология бұрын тек мәтіндерді тексеріп, жарыққа шығару үшін пайдаланылса, текстолог маман Д.С.Лихачев мәтіндерді жарыққа шығару оны тәжірибеде қолданудың бір ғана саласы деп таныды. Текстология библиографиямен, түпнұсқа туралы іліммен, палеографиямен, археографиямен байланысты шығармашылық психология­сын зерттеуге сүйенеді. Кейде Текстология «автор еркіндігі» деген ұғыммен байланыста қолданылады. Транскрипция, пунктуация, мәтіннің абзацқа бөлінуі, басқа тілдерден енген сөздер, автордың қолтаңбасы, т.б. мәселелер мәтінтануда айрықша қызмет атқарады. Кеңестік әдебиетте автордың еркінен тыс редакторлық жұмыс нәтижесінде мәтіннің өзгеріске түсуі (цензура) немесе автордың өзінің қатысуымен қайта қаралуы (автоцензура) қалып алды. Мұндай жағдайда мәтіннің ең алғашқы нұсқасы не қолжазбасы зерттеуге негіз бола алады». 
Осы мақсатта «Тарих-и Рашиди» еңбегінің парсы тіліндегі қолжазбаларына үш рет текстология жасалды:
1. W.M. Thacrston алғаш рет Ресей (Санкт-Петербург) қолжазба нұсқасына текстология жасады. Аталған еңбек 1996 жылы Гарвард университетінің атынан жарық көрді. Бұл текстологияда ешқандай индекс немесе түсініктеме жазылмаған. Бұл текстологияның практикалық пайдасы «Тарих-и Рашиди» қолжазбасының Петербург нұсқасымен танысып, өзге қолжазбалармен салыстыруға мүмкін бола алады.
2. Доктор Аббасқұли Ғаффарифәрд Лондон және Теһран қолжазбаларын қарастырып, текстологиясын 2004 жылы жарыққа шығарды. Бұл нұсқа өте құнды еңбек. «Тарих-и Рашиди» Денисон Росс тарапынан ағылшын тіліне тәржіма болып1895 жылы жарық көрген еді, аталған аудармаға Иранның Хорасан және Систан аймақтарында бас консул болған Н. Елиас көлемді алғы сөз жазған. Ғаффарифәрд оның алғы сөзін ағылшын тілінен түгелдей парсы тілінде аударған. 3. Сондай-ақ адам, жер-су аттары, терминдер мен Құран аяттарына молынан түсініктеме жазып, еңбектің саяси-тарихи кеңістігін барынша кеңейтіп, айқындата білген. Сол үшін Ираннан шыққан бұл текстологиялық нұсқаның орны өзгеше екенін айтқан жөн. 
4. Ислам Жеменей Тәжікстан қолжазбасын негізге ала отырып, Өзбекстан қолжазбасы мен Аббасқұли Ғаффарифәрдтың Лондон нұсқасы текстология­сын қатар салыстырып, жаңа текстологиясын жасады. Ол еңбек 2014 жылы Таразда жарық көрді. Осы текстологияның толық жаңа нұсқасы Теһрандағы Табатабаи университетінің түрколог-ғалымы Беһруз Бекбабаи екеуіміз жазған алғы сөзбен 2019 жылы шықты. Ал биыл яғни 2022 жылы қос автордың «Тарих-и-рашиди» шығармасының сараптамалық талдауы-атпен жаңа еңбегіміз парсы тілінде Теһранда және Алматыда жарық көрді. 
Бұл текстологиялық нұсқаның аталған екі басылымнан өзгешелігі мынада: 1. Иран нұсқасында ағылшын нұсқасы бойынша түсініксіз сөз деп «қоналқа» 
(), /6-118/ «сауын» () /6-118/ сөздерін мәтіннен шығарып тастаған. Менің текстологияда аталған екі сөзді қалпына келтірдім. 2. Шығармадағы түркі өлеңдерін парсы, қазақ тілдеріне аудардым. 3. Еңбектегі түркі сөздерінің жеке сөздігін жаздым. 4. Қазақ тарихы, әдебиеті, тілі, діні, салт-дәстүріне қатысты тараулар жазып көлемді кіріспе бердім. 5. Парсы тіліндегі қазақ тарихына қатысты алты тарауды бүгінгі парсы тілінде сәйкес оңай оқылуын қамтамасыз етіп бердік. Сонымен бұл текстология нұсқасының басты міндеті қазақ тарихы мен мәдение­тін өзге елдерге таныстыру болды.

Ислам ЖЕМЕНЕЙ,
әл-Фараби атындағы 
Қазақ ұлттық университеті, «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу 
орталығының директоры, 
филология ғылымының 
докторы, профессор

462 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6395

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5816

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3558

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2942

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2901

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2879

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2610

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2594

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы